Денсаулық сақтау мекемелерінің қаржылық қызметін басқару


Денсаулық сақтау мекемелерінің қаржылық қызметін басқару
Емдеу-профилактикалық мекемелерінің қызметін басқару жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде олардың қаржы ресурстарын басқару жүйесін қараймыз. Емдеу мекемелерінің қаржысын басқару - бұл алға қойылған мақсаттарға жету үшін емдеу-профилактикалық мекемелерінің ресурстарын қалыптастыруға және оларды орынды пайдалануға бағытталған өзара байланысты іс-қимылдардың кешені болып табылады.
Денсаулық сақтау саласында қаржылық менеджмент күрделі, емдеу мекемелерінде әлі толығымен қолданылып үлгермеген басқару жүйесі болып саналады. Алайда бұл жүйені денсаулық сақтау мекемелеріне толығымен енгізу медициналық мекемелердің нарықтық жағдайдағы өмір сүру қабілеттілігінің артуына тікелей әсер ететін фактор болып табылады.
Кез-келген басқа саладағы қаржылық менеджмент сияқты денсаулық сақтау саласындағы қаржылық менеджмент те басқаратын (басқару субъектілері) және басқарылатын (басқару объектілері) жүйешелерді қамтиды.
Денсаулық сақтау саласын қаржылық басқарудағы басқарылатын бөлімге, яғни басқару объектілеріне емдеу мекемелерінің әртүрлі көздерден түскен қаржы ресурстарын, емдеу мекемелерінің нарықтағы әртүрлі субъектілермен болатын қаржылық қатынастарын, сондай-ақ қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижесінде пайда болатын қаржылық көрсеткіштерді жатқызуға болады.
Денсаулық сақтау саласындағы қаржылық менеджменттің басқаратын бөлігіне, яғни басқару субъектілеріне емдеу мекемелерінің қаржы менеджерлерін (қаржы мамандарын) жатқызуға болады
Егер емдеу-профилактикалық мекемелерін нарық жағдайында еркін қызмет ететін кәсіпорын ретінде қарайтын болсақ, қаржы менеджерлері сол кәсіпорынның қаржылық қызметін жүргізетін басқару органының субъектілері ретінде қаралады. Осы орайда қаржы менеджерлерінің функционалдық міндеттеріне төмендегілерді жатқызуға болады:
емдеу мекемесінің қаржылық қызметін ұйымдастыру;
емдеу мекемесінің қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді жоспарларын жасау;
емдеу мекемесінің негізгі және айналым капиталын басқару, олардың құрылуын және орынды пайдаланылуын ұйымдастыру;
денсаулық сақтау мекемесінің қаржылық қызметінің жағдайына және көрсеткіштеріне талдау жасау;
емдеу мекемелерінің медициналық қызметтерді тұтынушылармен және медициналық қызметтер нарығындағы басқа да субъектілермен болатын қаржылық есеп айырысуларын ұйымдастыру;
денсаулық сақтау мекемелерінің қаржы-несие жүйесімен (мемлекеттік бюджет, сақтандыру компаниялары, коммерциялық банктер, салық органдары, зейнетақы қорлары, лизингтік компаниялар және т. б. ) болатын қаржылық есеп айырысуларын жүзеге асыру;
емдеу мекемесінің несиелік саясатын жүргізу;
медициналық мекемеге капитал тарту мақсатында жүргізілетін инвестициялық саясатын жүзеге асыру;
емдеу мекемесінің бухгалтерлік есебін жүргізу және қаржылық құжаттармен жұмыс істеуді ұйымдастыру;
денсаулық сақтау мекемесінің қаржылық қызметіне үнемі бақылау жасап отыру. [1]
Аталған функционалдық қызметтерді жүзеге асыру үшін емдеу мекемесінің қаржы менеджеріне үлкен кәсіби біліктілік қажет. Ол үшін қаржы менеджері қаржылық менеджменттің негіздерін, емдеу мекемелеріндегі бухгалтерлік есепті, денсаулық сақтау саласындағы салық салу ерекшеліктерін, денсаулық сақтау саласының экономикасын, медициналық сақтандыру ерекшеліктерін және банк ісі, инвестициялық қызмет, бюджеттік қаржыландыру, мемлекеттік тапсырыс пен мемлекеттік сатып алу, кеден ісі туралы заңдылықтарды білуі қажет.
Қаржы менеджерлері, яғни қаржылық менеджменттің субъектілері басқарылатын жүйеге, яғни басқару объектілеріне әсер ету үшін белгілі бір элементтердің көмегімен жұмыс істейтін қаржылық механизмді пайдаланады.
Қаржылық механизмді қолдану арқылы қаржылық менеджменттің объектілеріне әсер ету үшін қаржы менеджерлері әртүрлі қаржылық әдістерді қолданады. Бұл әдістердің негізгілеріне қаржылық жоспарлауды, қаржыландыруды (мемлекеттік бюджет немесе ерікті медициналық сақтандыру компаниялары арқылы, сондай-ақ ақылы медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру арқылы), несиелеу мен инвестициялауды, сондай-ақ салық салуды жатқызуға болады. [2]
Кез-келген қаржылық қызметтің түрлерін жүзеге асыру үшін қаржы менеджерлерінің басқару операциялары белгілі бір нормативтік-құқықтық және ақпараттық базалармен қамтамасыз етілуі тиіс. Емдеу мекемелірінің қаржылық қызметінің нормативтік-құқықтық базасын Қазақстан Республикасының Президентінің денсаулық сақтау саласының қызметін реттейтін заңдары мен жарғылары, денсаулық сақтау Министрлігінің емдеу мекемелерінің қызметтерін реттеуге бағытталған үкімдері, ережелері, нормалары мен нормативтері құрайды. Ал ақпараттық базаны қаржылық-экономикалық, құқықтық және басқа да бағыттардағы деректер құрайды.
Енді жоғарыда атап көрсетілген емдеу мекемелерінің қаржы менеджерлерінің функционалдық міндеттеріне толығырақ тоқталып көрейік.
Қаржы менеджерлерінің ең негізгі міндеті медициналық мекеменің қаржылық қызметін қамтамасыз ету, яғни мекеменің қаржы ресурстарын тиімді жұмылдырып, орынды пайдаланылуын ұйымдастыру шараларын жүргізу және соның нәтижесінде медициналық қызметтердің сапасын арттыру. (Сызба 1)
Сызба 1. Денсаулық сақтау мекемелерінің қаржылық қызметін ұйымдастырудың негізгі бағыттары
Кез келген кәсіпорындағы сияқты емдеу мекемелерінде де қаржы-шаруашылық қызметті жүргізу сол мекеменің активтерін басқарумен байланысты. Емдеу мекемесінің активтерін өз кезегінде ұзақ мерзімді активтер және ағымдағы активтер деп екі топқа жіктеуге болады. Ұзақ мерзімді активтерге мекеменің негізгі капиталын жатқызатын болсақ, ағымдағы активтер денсаулық сақтау мекемесінің айналым капиталын құрайды. Осыған орай, қаржы менеджерлерінің біліктілігін талап ететін қызметтің бір бөлігі емдеу мекемесінің негізгі және айналым капиталын басқарумен байланысты.
Медициналық мекеменің негізгі капиталына мекеменің ғимаратын, емдеу процесінде бірнеше жылдар бойы қолданылатын медициналық техника мен құрал-жабдықтарды, аппараттарды, құрылғыларды, қөлік құралдарын және басқа да жабдықтарды жатқызуға болады. Емдеу мекемелерінің негізгі құралдары медициналық қызмет көрсету барысында бірнеше жылдар бойы қолданылып, өздерінің құнын біртіндеп, тоза отырып, медициналық қызметтердің құнына амортизациялық төлемдер түрінде қосады.
Қаржы менеджерлері медицина мекемесінің негізгі құралдарына баға берген кезде көрсеткіштердің төмендегідей 2 тобын қолдана алады:
негізгі капиталдың сапалық жағдайына баға беретін көрсеткіштер (тозу, жарамдылық, жаңару, істен шығу коэффициенттері) ;
негізгі капиталдың пайдаланылу тиімділігін сипаттайтын көрсеткіштер (негізгі құралдардың қор қайтарымдылығы, қор сыйымдылығы, медициналық персоналдың еңбек процесінің негізгі құралдармен жабдықталу көрсеткіші)
Емдеу-профилактикалық мекемесінің айналым капиталы - бұл мекеменің медициналық қызметтерді көрсету үшін қажетті қорларды құруымен, сондай-ақ қызмет көрсету процесінде шығындарды аванстаумен байланысты болатын ресурстары. Негізгі капиталдан айырмашылығы айналым капиталы медициналық қызметтерді көрсету процесіне 1 рет қана қатысып, өзінің құнын көрсетілетін медициналық қызметтің бағасына толығымен қосады. Материалдық өндіріс саласынан айырмашылығы емдеу мекемелерінде дайын өнімнің қорлары болмағандықтан, айналым капиталын нормалау өндірістік кәсіпорындарға қарағанда әлдеқайда қиын болып келеді. Сондықтан, нормаланатын айналым капиталы ретінде тек медициналық қызметтерді көрсету үшін қажетті материалдар мен емдеу мекемесінің болашақтағы шығындарын ғана атауға болады. Жалпы, емдеу-профилактикалық мекемелерінің айналым капиталының құрылымын төмендегі сызбадағыдай етіп көрсетуге болады. (Сызба 2)
Сызба 2. Денсаулық сақтау мекемесінің айналым капиталының құрылымы
Жалпы өндірістік салада кәсіпорындардың жұмысының өнімділігін анықтау үшін олардың айналым капиталының пайдалану тиімділігін анықтайтын көрсеткіштер кеңінен қолданылады. Енді сол көрсеткіштерді өндірістік емес саланың субъектілері болып табылатын емдеу-профилактикалық мекемелерінің айналым капиталын басқаруда қолданып көрейік.
Емдеу мекемесінің айналым капиталын басқару оны тиімді пайдаланумен байланысты. Айналым капиталының пайдаланылуының экономикалық тиімділігін анықтауда көптеген көрсеткіштер қолданылады. Солардың бірі - емдеу процесіне тікелей қатысатын және тікелей қатыспайтын айналым капиталының ара қатынасы. Айналым капиталының неғұрлым көбірек бөлігі медициналық қызмет көрсету процесіне тікелей қатысатын болса, онда емдеу мекемесінің айналым капиталы соғұрлым тиімді пайдаланылады деген сөз.
Медицина мекемесінің айналым капиталын пайдалану интенсивтілігін сипаттайтын көрсеткіш ретінде айналым капиталының айналымдылық жылдамдығын атауға болады.
Айналым капиталының айналымдылық жылдамдығы өз кезегінде төмендегі көрсеткіштерді қамтиды:
айналымдылық коэффициенті немесе айналым саны медициналық қызмет көрсетуден түскен соманың сол медициналық қызметті көрсетуге қажетті материалдардың орташа мөлшерінің сомасына қатынасы арқылы анықталады.
бір көрсетілген медициналық қызметке кететін айналым капиталы айналымдылық коэффициентіне кері шама болып табылады, яғни бұл көрсеткіш бір медициналық қызметке кететін материалдардың орташа құнын сол қызметті көрсеткеннен түскен түсімге бөлу арқылы анықталады.
айналым капиталының бір айналымының ұзақтығы айналым капиталының пайдаланылу мерзімінің айналымдылық коэффициентіне қатынасы арқылы анықталады.
Қаржы менеджерлерінің функционалдық міндеттерінің келесі тобы денсаулық сақтау мекемесінің қаржылық қызметінің жағдайына және көрсеткіштеріне талдау жасаумен байланысты. Жалпы нарықтық экономикада еркін қызмет ететін субъекті ретінде емдеу-профилактикалық мекемелері де өздерінің қаржылық қызметінің нәтижесін көрсететін қаржылық есептеме жасауы керек.
Қаржылық есептеме - бұл шаруашылық субъектісінің белгілі бір уақыт мерзіміндегі қаржы-шаруашылық қызметі және оның қаражаттары мен міндеттемелері туралы ақпараттар жиынтығы болып табылады. Емдеу мекемелері де кез-келген шаруашылық субъектілері сияқты қаржылық есептемені төмендегі қолданушылар үшін жасауы керек:
емдеу мекемесінің қаржылық жағдайы туралы сол мекеменің акционерлеріне, инвесторларына, несиегерлеріне ақпарат беру үшін;
мекемеге капитал тарту мақсатында болашақ инвесторлар мен несиегерлерге ақпарат беру үшін;
емдеу мекемесінің қызметіне қаржылық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік және мемлекеттік емес органдарға мекеменің қаржы-шаруашылық жағдайы туралы ақпарат беру үшін;
Шаруашылық субъектілерінің қаржылық есептемелері негізгі 3 нысанды қамтиды. Оларға бухгалтерлік баланс, шаруашылық субъектісінің қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы есебі және ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есебі жатады.
Бухгалтерлік баланста шаруашылық субъектісінің активтерінің құрылымы мен олардың құралу көздері сипатталады. Активтер өз кезегінде жеке меншік көздер мен қарызға алынған қаражаттардың есебінен құралады.
Шаруашылық субъектісінің қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы есебінде оның қызметінің нәтижелерін сипаттайтын барлық көрсеткіштер туралы деректер көрсетіледі. Атап айтқанда, тауарларды сатқаннан немесе қызметтерді көрсеткеннен түскен түсім, тауарларды өндіріп, сатумен немесе қызметтерді жүзеге асырумен байланысты барлық шығындардың топтары, табысының түрлері, шаруашылық субъектісінің таза табысы, оның бөлінуі толығымен қаржылық есептеменің осы нысанында көрсетіледі.
Қаржылық есептеменің келесі нысанында, яғни шаруашылық субъектісінің ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есебінде оның қызметтерінің барлық түрлерін (негізгі, инвестициялық, қаржылық) жүзеге асырумен байланысты келіп түскен немесе шыққан ақша қаражаттарының мөлшері көрсетіледі.
Қаржылық есептемені көп жағдайда мемлекеттік бюджеттен басқа кіріс көздері бар, сондай-ақ негізгі қызметпен қатар қаржылық және инвестициялық қызметтерді де жүзеге асыратын емдеу мекемелері жасайды.
Медицина мекемесі нарықтық экономиканың еркін қатысушысына айналып, медициналық қызмет көрсетумен қатар инвестициялық, қаржылық қызметтермен де айналысу үшін еліміздің емдеу мекемелерінің ұйымдық-құқықтық нысанын өзгерту қажет, дәлірек айтқанда, емдеу мекемелерін акционерлендірудің қажеттілігі өте жоғары деп есептеймін. Бұл емдеу мекемесіне қосымша кіріс көздерін табуға, инвесторлар тартуға, құнды қағаздар нарығының еркін қатысушысы болуға және басқа да шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Енді кез-келген шаруашылық субъектісінің қаржылық жағдайына талдау жасағанда қолданылатын қаржылық коэффициенттерді емдеу мекемелері үшін де қолданып көрейік.
Өтімділік коэффициенті. Бұл коэффициент мекеменің қысқа мерзімді міндеттемелерін өтей алу мүмкіндігін көрсетеді және оны анықтау үшін емдеу мекемесінің қысқа мерзімді активтерін (ақша қаражаттары, дебиторлық қарыз, материалдық құндылықтар т. б. ) қысқа мерзімді міндеттемелерге бөлеміз. Өтімділік көэффициенттерінің өзі өз кезегінде қысқа мерзімді қарыздарды жабуға бағытталатын ағымдағы активтердің өтімділік дәрежесіне қарай ағымдағы өтімділік коэффициенті, жылдам өтімділік және абсолютті өтімділік коэффициенті болып 3 топқа жіктеледі. Ағымдағы өтімділікті анықтау кезінде емдеу мекемесінің қысқа мерзімді қарыздары оның ағымдағы активтерінің есебінен жабады. Жылдам өтімділік коэффициентінің ағымдағы өтімділікке қарағанда талабы жоғары, яғни бұл кезде қысқа мерзімді міндеттемелерді өтеу үшін емдеу мекемесі өтімділігі неғұрлым жоғары активтерді, яғни ақша қаражаттары мен дебиторлық қарызды пайдаланады. Абсолютті өтімділік коэффициентін анықтау кезінде қысқа мерзімді қарыздарды өтеу емдеу мекемесінің өтімділігі жоғары активтерінің, яғни ақша қаражаттарының есебінен жүзеге асырылады.
Қарыз коэффициенті. Бұл көрсеткіш емдеу мекемесінің ұзақ мерзімді қарызын өтей алу мүмкіндігін сипаттайды және мекеменің міндеттемелерінің жалпы активтердегі үлес салмағын көрсетеді. Қарыз коэффициентін анықтау үшін емдеу мекемесінің ұзақ мерзімді қарызының сомасын активтердің жалпы сомасына немесе жеке меншік капиталдың (акционерлік капиталдың) сомасына бөлеміз.
Қамтамасыз етілу коэффициенті. Бұл коэффициент емдеу мекемесінің қаржылық тұрақтылығын көрсетеді. Оны анықтау үшін емдеу мекемесінің жеке меншік айналым капиталын қорлар мен шығындардың сомасына бөлеміз.
Тиімділік (рентабельділік) коэффициенті. Бұл коэффициент емдеу мекемесінің қызметінің пайдалылығын көрсетеді. Емдеу мекемесінің негізгі қызметінің рентабельділік көрсеткішін анықтау үшін медициналық қызметтерді көрсетуден түскен таза табысты сол қызметтердің құнына бөлеміз. Егер емдеу мекемесі медициналық қызмет көрсетуден басқа да қызметтердің түрімен айналысатын болса, онда инвестициялардың, жеке меншік капиталдың, жиынтық капиталдың рентабельділік көрсеткіштерін анықтауға болады. [1]
Қаржы менеджерлерінің функционалдық қызметінің келесі түрі шаруашылық субъектісінің инвестициялық саясатын жүргізумен байланысты. Емдеу-профилактикалық мекемелерінің қызметін жетілдіру үшін қосымша қаржы көздерін тарту мақсатында олардың инвестициялық қызметін дамытудың маңыздылығы өте зор.
Жалпы денсаулық саласына тартылатын инвестицияларды келесі топтарға жіктеуге болады:
инвесторлардың түрлеріне қарай:
а) мемлекеттік бюджеттің қаражаттарының есебінен жүзеге асырылатын мемлекеттік инвестициялар;
б) шет мемлекеттердің, шетелдік банктердің, компаниялардың, кәсіпкерлердің қаражаттарының есебінен жүзеге асырылатын шетелдік инвестициялар;
в) отандық жеке меншік фирмалардың, кәсіпкерлердің капиталының есебінен жүзеге асырылатын жеке инвестициялар.
салыну объектілеріне қарай:
а) өндірістік инвестициялар (жаңа объектілер салуға бағытталған және бұрынғы объектілерді қайта жөндеуге, кеңейтуге, техникалық қайта жабдықтауға бағытталған) ;
б) интеллектуалдық инвестициялар (интеллектуалдық өнімдерге, ноу-хау, ғылыми жобаларға салынатын инвестициялар) .
Бұл жерде ескере кететін мәселе, мемлекеттік инвестор үшін денсаулық сақтау саласына инвестициялар салған кезде пайда табу факторы негізгі анықтаушы фактор болып есептелмейді. Ал жеке инвестор үшін, керісінше, инвестициялық жобаға салған ақшаны қайтарып қана қоймай, сол жобадан пайда табу негізгі мақсат болып табылады. Осы орайда мемлекет пен жеке (соның ішінде шетелдік) инвесторлардың мүдделерін біріктіру үшін денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобасын дамытудың маңыздылығы зор болып табылады. Соған байланысты жеке және шетелдік инвесторларды денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық маңызы зор инвестициялық жобаларды қаржыландыруға мемлекет тарапынан ынталандыру шараларын ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен жүзеге асырылатын инвестициялардың белгіленген мөлшерін жеке меншік денсаулық сақтау секторына бағыттау сияқты мемлекеттік шараларды жүзеге асыру қажет. Мемлекет денсаулық сақтау саласында қолайлы инвестициялық климат жасаған жағдайда ғана денсаулық сақтау саласы инвесторлар үшін ашық нарыққа айналып, медициналық қызметтерді өндірушілердің өндірістік және интеллектуалдық әлеуетін жаңартуға ынталары пайда болады.
Денсаулық сақтау мекемелерінің қаржы менеджерлерінің келесі функционалдық қызметі мекеменің әртүрлі қаржылық операцияларын жүргізумен байланысты. Сол операциялардың бірі - лизингтік операциялар. Бүгінгі күні емдеу мекемелері үшін лизингтік операциялардың маңыздылығы зор, өйткені еліміздің медицина мекемелерінің көпшілігі қымбат бағалы медициналық техника мен құрал-жабдықтарды лизингке алады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz