Адалдық пен арамдық


АДАЛДЫҚ ПЕН АРАМДЫҚ
Адалдық пен арамдық. Бұл аффектілер арасында арыстан мен айғырдай айырмашылық азайғаны азайған, есесіне егіз қозыдай ұқсастық белең алғаны алған. Дәлелді даладан іздеп керегі жоқ, дәлел әркімнің өз санасында жымыңдаған харам ойларда жатыр. Қай ісіміздің күнәға, қай ісіміздің игілікке жататынын айырып болмайтын иллюзиясы басым қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Байқай білсеңіздер, адамдардың жан дүниесінде ізгілік пен жауыздық қосылып қана қоймай, олардан «гармониялық жіптер» тоқылып, өрмекшінің ұясы салынып жатыр. Ізгілік жауыздықтан бір саты биік тұра алмай қалды. Сол ұяның «құрылысы» біткен соң, адам жан дүниесіне «шыбын-шіркей, құрт-құмырсқалардың шіріктері» жайғасып алады. Сосын, адам болмысында жиіркенішті (егер жиіркене білсек) жыртқыштық қасиеттер өрмекшідей өрмелеп, сайран салып жүреді. Бұның соңы қауіпті жағдайларға әкеліп соқтыруы әбден мүмкін . . . Толстой «Әлемде зұлымдық жоқ. Зұлымдық атаулы өзіміздің ішімізде» дегенін еске салсақ, келешекте осының бәрі қалай қалпына келерін елестете алмай тағы қиналамыз . . .
Қазіргі қоғамда жазалауға сұранып тұрған жағымсыз құбылыстар жетіп артылады.
Адамдардың пейілі тарылды. Дүниеқоңыздық, жемқорлықтың дәуірі жүріп жатыр. Жемқорлық демекші, бізге Иван Грозныйдың қатаң үкімі, 1 Петрдің «өлім жазасына кесуі» секілді қан қақсатар қатаң жазалаулар қажет емес те шығар. Бізде қылмысты жарияға жар салып айту ғана бар. Жазалау жоқ. Қазір билік органдары, соның ішінде кедендік қызмет атқарушылар, үлкенді-кішілі әкімшіліктегі қызметкерлер, салық комитетіндегілер, басқа да мекемелер ашықтан ашық сыбайлас жемқорлықтың өрісін кеңейтіп жатыр. Адамдардың санасына осының «екі дүниеде де кешірілмес күнә» екенін сіңіретін идеология жоқ болып отыр. Сол идеологияны жасайтын Ғарифолла ағаның (Ғ. Есімов) сөзімен айтсақ, «үй танымайтын, ел танитын» парасаттылар тапшы. Қарапайым мысалмен айтқанда, бізде осы «тойымсыздық» дейтін жалбырап өскен шашты қырқып тастайтын қолына қайшы ұстаған «шаштараз» жетіспей жатыр. Анау-мынау шаштараз емес, шашының ұшын ғана жұқартып алып қоймай, аямай қырқып тастайтын «шаштараз» жоқ. Сондықтан да жеу жағынан бірнеше жылдық тәжірибесі бар небір «профессионалдар» еш алаңсыз мәртебелі қызметтерде жүр. Келешекте олардың жолын қуатын жас өскіндер жетіліп жатыр. Қоғам тіпті бартерге (саудагерлердің тілімен айтқанда айырбас) айналып кетті. Бір қолымызбен аламыз, бір қолымызбен береміз. Өміріміздің кезеңдері бартер заңдылығына кәдімгідей бағынышты. Қоғамда күніге кездесетін жайсыз құбылыстар осы адамгершіліктен жұрдай жандардың оспадарлығы, өгіздей қара күшін өз дегеніне жұмсауы. Адами ізгілікті аяққа таптап, қолынан келгеннің қонышынан басып қалуға өлермендікпен ұмтылуы. Бұндай адамдарға «сен сондайсың» деп кінәлау тағы жоқ. Себебі, оларға кінә тағу өте ауыр. «Мені құртқан Көкшолақ» деп, ақталуға әзір. Шектен тыс өзімшіл, дүниеқұмар адамдар Наполеон, Шыңғысхан, Македонскийлер секілді қанқұмар, кім көрінгеннің басын шауып, аяусыз ұрып-соғатын қатігез адамдар емес. Сондықтан болар миллиондаған адамдардың кеңірдегін жұлып, қанға бөктірген әлгі тирандардай тарихта қара әріппен есімдері жазылып қалмайды. Конституциямыздың өзінде де адамгершілігі жоқ адамдарды жазалайтын заң жоқ. Бұлардың қауіптілігі сол, өзгелерге өздерінің осы дертін жұқтырып, теріс моральдық принциптердің қоғамда Алпамыстай жедел өсуіне жағдай туғызуда. Өздеріне шектеу қоймайды. Өзгелердің көзқұртына, кумиріне айналып үлгерді.
Адамдарды абсолютті түрде жауыз, не мейірімді деп бөлуге болмайды. Осы екі қасиеттің біреуі ғана бір адамның жан дүниесінде берік орнығуы мүмкін емес. Бұл өзі таразының екі жағы сияқты, экономиканың қарыштауы бар, адам жан дүниесінің былғануы бар. Материялдық жағдайдың жақсаруы бар, адамгершіліктің құрдымға кетуі бар . . . Есейе келе адамгершіліктен жылан жалағандай ада-күде болған адамдар туралы айтсақ, Гегель мен Поппердей бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «идеялар шайқасына» тап боласыз. Бұл өзі түсініксіз парадокс . . .
Кезінде ұстаздарымыз «Өмірде әрқашан адал болып өтіңдер» дейтін. Бірақ олардың осы сөздері абстрактілі бірдеңкеге ұқсап естілетін. Адал болудың түптеп келгенде не екенін, адал адамдар деп кімдерді атайтынымызды, жалпы «адалдық» ұғымының нендей құдіреттілігі барын жіліктеп түсіндірмейтін. Мүмкін өресі жетпеген шығар. Түсінбеген соң, оқушылар бұл мәселеге «көп мылжыңның бірі, көп қиялдың жұрнағы» ретінде қарап, қолдарын бір-ақ сілтейтін.
Жаратылысынан белгілі дәрежеде адал, адамгершілігі мол адамдарды көз алдымызға елестетіп көрейік. Сіздіңше, олар қандай адамдар? Әркім әртүрлі суреттейтіні хақ.
Иә, ізгі қасиеттердің фундаменті жастық шақта қалануы керек. «Арыңды жастан сақта» дейміз. Ар сақтау демекші, нарықтың өлшеміне салсақ, жастық шақ арды сақтаудың орнына базарға шығарып саудалауға өте ыңғайлы жас болып кетті. Жас адамдардың орнықты өмірлік бағдарламалары қазығын қалағанға дейін, нешетүрлі ретсіз құрылған мейірімсіз жүйелерге, негативті әсері бар келеңсіздіктерге, былайша айтқанда «тағдыр сындарына» міндетті түрде кезігеді. Олар қоғам майданына араласқаннан соң, бүлдіршін ойлары қоршаған ортаның бүлдіргіш ниеттерінен «таяқ жейді». Таяқ жеп қана қоймай, бүлдіргіш ниеттердің құлақ кесті құлына айналып үлгереді. Минус шексіздікке қарсы тұра алатын плюс шексіздігі, арамдыққа қарсы қайсарлығы, таза ойларының «өміршеңдігі» майы таусылған шамдай өлімсірейді. Неге? Себебі айналасында азғын адамдар көп. Жо-жоқ, олар туа бітті азғын емес шығар, бір данышпанның сөзі бар ғой, «Адам міндетті түрде зұлым емес. Ол өзінің өсуі мен дамуына қажетті жағдайлар жоқтығынан зұлым ойға батады»-деген. Демек, олар да адал болып қалғысы келген бір кездері, бірақ түрлі себептермен аудсайдерлікке шығып кетті. Бұл келеңсіздіктің нақты себептерін жетпіс жылдық тарихы бар кеңестік идеологиядан іздеу аз секілді. Рас. Талай жылғы зобалаң халқымыздың рухын ойсыратып-ақ жіберді. Жеке мүдде, жеке өмір, жеке тіршіліктің барлық перспективалары қаланды. Дегенмен, егемендік алғаннан кейінгі бірнеше жылдарда біздер ішкі жанымызды ол кездегіден бетер ластап алдық қой деймін.
Әлгі аудсайдерлерге қайта оралайық. Олардың «ашкөз» пікірлері салтанат құрды. Соның салдарынан жаппай тенденцияға айналған идеология, ретсіз құралған қоғамдық жүйе жаны таза жас адам сана-сезімін желкесінен алып, жерге ұрды. Ұрып жатыр . . . Әлі талай ұрады да . . . Азғындар, кешіріңіздер, сыпайылап айтқанда, «аудсайдерлер» өздерінен кейінгілерге естіген құлаққа жағымды, әрі жеңіл позиция ұсынады. Ол қандай позиция дейсіз бе? Олар айтады, «егер өміріңді жеңілдеткің келе ме, мамыражай ғұмыр кешіп, екі аяғыңды жылы суға малып өткің келе ме, ол үшін біріншіден, ізгілік, адалдық, кеңпейілділіктен құралған утопиялы ой структураңды бұзуың керек. «Жомарттың қолын жоқшылық байлайды. Адалдың жолына нарықтық заман заңы кедергі жасайды. Сен мақсаттарыңа жетуің үшін ештеңеден қайтпауың керек. Қолыңнан келсе араныңды аш тағы асап қал. Жеп қал. Сонда сені жұрттың бәрі сыйлайды. »-дейді. Жас адам ызадан жарылардай боп, әлгілермен қызылшеке айтысады. «Бұларың дұрыс емес. Адал ақымен жетпеген жетістік адам өмірін жақсарта алмайды» - дейді. «Аудсайдерлердің» бұған қарсы пәлсафасы дайын. «Адал ақымен араманына жеткен адам бар болса, көрсетші, кім ол? Адал ақымен өмір сүремін дейтіндер мынадай коррупционный заманда тек қана аштан өледі»-дейді. Ал керек болса!
Күндерден күндер өткен соң, жас адамдардың іштегі «арам ниетке қарсы радикалды оппозициясы» қоғамда жаппай билік құрған түсінік-ниеттерге қарсы төпеп беруге қауқарсыздық танытады. Өзгелердің ойын дұрыс деп қабылдайды. Сосын, бірнеше «операциядан» өткен не сау емес, не ауру емес, делқұлы ақылы амалы таусылған соң, оның көзқарасын түп-тұқиянымен өзгертіп тынады. Өзгелер секілді жеу үшін, байлық, дүние жинау үшін өмір сүруге бел байлайды. Дақ түспеген ойлардың кірленуі таза болмыстың ластануына апаратын баспалдақ. Сол баспалдақтар оны бірнеше табыстарға жетелеуі мүмкін. Табыстың көздері көрінгенде игілікке деген баяғы сүйіспеншілігін қалай «лақтырып» кеткенін өзі білмей қалады. «Алтын көрсе періште бәрібір жолдан таяды» дейміз де, осы құбылыстарды құдды бір маңдайымызға жазылған тағдырдай мойынсұнамыз. Адамдардың ізгілігін, мейірімділігін оятатын негізгі үлгілер, аспектілер әлі жасалған жоқ. Қоғам күресуге асықпайды. Себебі «Москва бір күнде салынған жоқ» дейді. Бірақ «күресеміз» деп келе жатқанымызда қаншама жылдар жылжыды. Есептесек, бір Москва түгілі бір Американы тұрғызып қоятындай-ақ уақыт өтті! Бірақ сол баяғы үрдіс үлкейіп келеді. Жеудің неше түрлі платформалары жасалып, оның келешекте қалай тиімді жүзеге асатынын жоспарлап, басекеңдер мен «болашақ байлар» қанағатсыздықтың «символы» болуға құлшына кірісіп кетті. Олардың түсінігінше, адам «ақшаның шырын балын соры-ы-п, жеке мүддесін орындау үшін» өмірге келеді. Жеке мүдде демекші, бұл тақырып философтардың талай ғасырлар бойы зерттеу обьектісінен түспей келген тақырып. Адамгершілік категориялары бұзылғаны бүгін ғана емес. Капиталистік қоғам қатынастарды заттық тұрғыда сипаттап, шешпекші болғандықтан, бұл категориялар біраз қиыншылықтарға ұшырады. Содан бері қиыншылықтардан арылған емес. Дегенмен бір тоқтамға тіреледі, «жеке мүдделер сайран құрған заманда ортақ тірлік атаулы жесірдің күйін кешеді». Тәрбие де осал. Ата-аналар «қанша қиыншылық көрсең де адамның ала жібін аттаушы болма» дейтін ұлағатты сөздерді баласының миына құюы керек еді. Бұрындары ата-бабаларымыз би-шешендердің, ақын-жыраулардың ұстараның жүзіндей өткір нақыл сөздерін айтып, тәрбиелеген. Кеңес үкіметінің өзінде коммунисттер сөзі мен ісіне адал болуды көздеді. Қанша «жерден алып, жерге салсақ» та сол кездегі тәрбиенің өзімен жылап көрісетін жағдайға жеттік. «Распутиннің мынадай сөзі бар. «Егер біздің заманымызда жас Пушкин өмір сүріп, бірақ ол ардақты күтушісі Арина Радионованың өлең-жырларынан, ертегілерінен нәр алып тәрбиеленбесе, керісінше, ол сахнадағы күні-түні ән айтатын жалба-жұлба киімді актрисаның барылдаған даусын естісе, онда ол Пушкин емес, Дантес болып өсер еді»-депті. (Ә. Нысанбаев)
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz