Қазақтың ақын-жазушылары


Абдолла Асылбеков
1896 жылы сол кездегі Ақмола уезінің Нұра болысында, Құндызды өзенінің бойындағы Кеңқияқ алқабында, Қарасуда (қазіргі Қарағанды облысы, Осакаров орталығы Сұңқар селосының маңында) дүниеге келіпті.
А. Асылбеков ауылда ашылған бірінші басқыш татар медресесіне оқуға түсіп, оны 1913 жылы бітіріп шығады. Осы оқуын одан әрі жалғастыру үшін он жеті жастағы Абдолла бір саудагерге жалданып, оның жылқысын айдасып Орынборға барады. Онда Хұсайын атына ашылған медресеге түседі. Алайда, мұнда небәрі төрт-бес ай ғана оқыған Абдолла "қазақ татар жастарын дінге, патша үкіметіне қарсы үгіттеп, ұйымдастырғаны үшін" медреседен қуылады.
Содан 1914 жылы Қызылжарға келген Абдолла осындағы мұғалімдер даярлайтын қазақ мектебіне түсіп оқиды. Алайда, "саяси сенімділігі" жайлы шартты үш ай мерзім ішінде кепілдік тапсыра алмағандықтан бұл мектептен де шығарылады. Ақыр соңында ол өз еліне келіп, осы Нұра болысындағы ауыл мектебіне мұғалім болып орналасады. 1916 жылы патшаның маусым жарлығына байланысты қазақ халкының дүбірге толы ұлт-азаттық қозғалысы бұрқ ете түскені мәлім. Ал бұл қозғалыстың барысы, оның жеңіспен аяқталуы оның айналысындағы басқалар сияқты Абдолланың өзінің де қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуына жағдай жасаған еді. Ақпан революциясы аяқталғаннан кейін А. Асылбеков өзін біржола революция ісіне арнаған болатын. Одан көп ұзамай-ақ, 1917 жылдың мамыр айында жиырмадан енді ғана асқан жас жігіт большевиктер қатарына еніп, өзінің бұдан кейінгі тағдырын елімен берік байланыстырды.
Классик жазушымыз С. Сейфуллин өзінің "Тар жол, тайғақ кешу" атты тарихи-мемуарлық романында А. Асылбековтың революциялық өсу жолын жан-жақты суреттеген. Осы туындымен танысқанда Сәкеннің серігі бола білген А. Асылбековтың осы күнгі Қарағанды облысының негізгі бөлігі енген Ақмола губерниясының Ақмола уезі жеріндегі 1916-1919 жылдардағы тарихи қозғалыстарды баяндаған.
Көп жайларды қаһарман күрескердің - А. Асылбековтың өзі - қолы сәл ғана босаған сәттерде жазып, жеке кітап етіп бастырып шығарған, журналда жариялаған (бірақ белгілі себептермен алпыс жылдан астам уақыт бойына қайыра баспа бетін көрмеген) "Біздің де күніміз туды", "Октябрь күнінде" атты шағын повестерінде айтады.
Ақпан революциясынан кейін А. Асылбеков С. Сейфуллинмен бірге Ақмолада Кеңес өкіметін орналыстырып, "Тіршілік" газетін шығаруды ұйымдастырады. Колчактар оны тұтқынға алып, "Аннековтың азап вагондарында" зарықтырады. 1919 жылы түрмеден қашып шығады. Азамат соғысы жылдарында ол Қиыр Шығыстағы Приморск армиясының полк комиссары болады.
1921 жылы Қазақстанға қайтып келеді. Ақмола губерниялық партия комитетінде жұмыс істейді. 1922-1925 жылдарда ол РК (б) П қазақ облыстық комитетінің хатшысы және білім бөлімі меңгерушісі. 1926 жылы Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясына оқуға түсіп, оны бітіргеннен кейін жауапты қызметтерде болады.
А. Асылбеков алғашқы қазақ совет публицистерінің бірі. Оның мақалалары мен очерктері "Тіршілік", "Еңбекші қазақ", "Советская степь" газеттері мен "Қызыл Қазақстан" журналында жарияланып тұрды.
1921 жылы "Біздің де күніміз туды" деген публицистикалық повесі жарияланды, бұл шығарма қазақ совет әдебиетінің алғашқы қарлығаштарының бірі еді. 1930 жылы "Ауылды советтендіру" ("За советизацию аула") атты кітабы екі тілде өз алдарына басылып шықты.
Қазақ халқының адал ұлы А. Асылбеков Сталиннің 37-38 жылдардағы қуғын-сүргін қудалауына ұшырап, "халық жауы" атанды. "Қарағанды ісі" бойынша "ашық процесс" жасалған А. Асылбеков бастаған жеті адамның алтауы (Асылбеков, Нұрсейітов, Ғатаулин, Ордабаев, Ізбасаров, Шамсутдинов) үй мүлкі қатталып, ату жазасына кесілді де, жетінші адам (Баймолдин) үй мүлкі қатталып, тергеу-сот орындарына "көмегі" ескерілгендіктен, он бес жылға бас еркінен айыруға кесілді… Сөйтіп, елім деп еңіреген, елінің басына күн туғанда "етегімен су кешкен" А. Асылбеков бастаған есіл ерлердің жүректері соғуын осылайша тоқтатқан еді…
1991 жылы 30 сәуір айында Қарағанды облысының "Құндызды" ауылына А. Асылбековтың аты берілді.
Кері қайту
Әбітай Атығаев
1912 жылы 5 желтоқсанда Қарағанды облысы, Ақадыр ауданында туған. Қарқаралы қалысында орта мектепте оқыған. Одан соң Алматы қаласына келіп, "Социалистік Қазақстан" газетінде корректор, әдеби қызметкер, әдеби хатшы, аудармашы болып сегіз жылдай жұмыс істеген.
Ал 1959 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейінгі аралықта "Жазушы" баспасында аға редактор болған. Осы баспада істеген жылдарда Ә. Атығаев оннан аса роман, повестерді қазақ тіліне аударды.
Л. Соболевтің "Үшінші лек" деген әңгімелер жинағын, француз жазушысы Л. Буссенардың "Қаһарман капитан" атты романын, неміс жазушысы Г. Белльдің "Қайда едің, Адам?" деген романын, татар әдебиетінің ірі өкілі Ғ. Ибрагимовтың "Біздің күндер" атты романын, А. Мұсатовтың "Дөң басындағы үй", О. Ковяковтың "Тұнжыр Вангур", Клушанцевтің "Айға сапар", М. Зверевтің "Ақ марал" атты повестерін аударған. Бұл шығармалармен бірге Ә. Атығаев шетел жазушыларының, орыс классиктерінің т. б. бір талай өкілдерінің әңгіме, очерктерін қазақшаға аударып, бірнеше жинақтарды жеке-жеке кітап етіп шығарған.
Ә. Атығаев 1985 жылы қайтыс болды.
Кері қайту
Өтен Ахметов
1938 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында теміржолшы отбасында туған. Осында сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін, Жезқазғанға келіп, 1956-1958 жылдар аралығында шахтада жұмыс істейді, әрі кешкі жұмысшы жастар мектебінде оқып, он жылдық білім алып шығады.
Ө. Ахметов 1958 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, оны ойдағыдай бітірген соң, 1936-1967 жылдары Жезқазған облысы, Жезді ауданының Қарсақбай поселкесінде қазақ орта мектебінде тарих және қоғамтану пәндерінен сабақ берді. Ал, 1967 жылдан бастап Ө. Ахметов журналистік қызметте болған.
1973-1982 жылдары телевизия және радио хабары жөніндегі облыстық комитеттің бас редакторы қызметін атқарған.
1982-1987 жылдар аралығында "Орталық Қазақстан" газетінің Балқаш қаласы бойынша меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, одан соң редактордың орынбасары, ал 1993 жылы Ө. Ахметов - Қарағанды телерадиокомпанияның председателі болды.
1997 жылы "Азия Транзит" газетінің бас редакторы болып уақытша қызмет атқарған.
Ө. Ахметовтың шығармашылық тұңғыш еңбегі Балқаш кен металлургия комбинаты туралы очерк-кітапша, "Алыптың адымы" 1968 жылы "Қазақстан" баспасынан жарық көрді, одан кейін "Адам болғым келеді" (1975), "Алтын арқау" (1977), повестері, "Қоңыр үй" (1982), "Заңғар" (1988) романдары шықты. "Қазақтелефильм" студиясы түсірген "Қарқаралы қыздары" деректі телевизиялық фильмі сценарийнің, "Темірқазық", "Студенттер", "Құрыш пен қоңыз" пьесаларының авторы.
Кері қайту
Әлжаппар Әбішев
Қазақстанның халық жазушысы, белгілі драматург Ә. Әбішев 1907 жылы 15 қазанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының бұрынғы Жамбыл атындағы шаруашылықтың Аспантау деген жерінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген.
Мектеп есігін кешірек ашқан Ә. Әбішев 19 жасында ғана бірінші басқыш ауыл мектебін бітіріп, жиырма жасында яғни, 1927 жылы үш айлық мұғалімдер қурсында оқиды.
Одан кейінгі жазушы жолы өз бетімен оқып білім көтеру, үздіксіз қажымай-талмай еңбектену, іздену арқылы бойындағы әдеби дарынын ұштау, жетілдірумен жалғасты. Бұл шын мәнінде ерлік еді.
1927 жылдан бастап Ә. Әбішев сауатсыздық жою курсының мұғалімі болып істейді. Жазушылық қызметін Қарағанды кен орындарында шахтер болып істеп жүрген кезінде бастайды. Шахтадан кейін "Қарағанды пролетариаты" газетінде әдеби қызметкер болып істейді де белсенді тілшісі атанады. Ә. Әбішевтің "Үйінді" атты бірінші әңгімесі мен очерктер жинағы 1936 жылы басылып шықты. Бұл шығарма Қарағанды шахтерлерінің қажырлы еңбектеріне арналған. 1935 жылдан бастап Ә. Әбішев "Лениншіл жас" /қазіргі "Жас алаш"/ газетінің бөлім меңгерушісі, "Әдебиет және искусство" /қазіргі "Жұлдыз"/ журналында жауапты хатшысы, редактордың орынбасары болды.
Сол кезде жазушы "Отан үшін" (1937 ж. ), "Отан атынан" (1938 ж. ), "Жолдастар" (1940 ж. ) атты бірнеше пьесалар жазып драматург ретінде көзге түсті. Оның 1938 жылы жазған "Армансыздар" атты пьесасы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерлісіке арналған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында "Төлеген Тоқтаров" (1942 ж. ), "Саржан" (1945 ж. ) әңгімелерімен бірге "Ана" атты бір актілі пьеса жазды. 1945 жылы жазған "Жас түлектер" атты романында Қарағанды кеніштеріндегі соғыс кезіндегі жастардың өмірі мен қажырлы еңбегі суреттеледі. 1942 жылы жазган "Бір семья" деген пьсасында жазушы совет адамдарының семья құру және адамгершілік мәселесін көтереді.
Сол қырқыншы жылдардан бастап жазушы проза және драматургия жанрында жемісті еңбек еткен. Ә. Әбішевтің өз сөзімен айтқанда: "Өмірінің соңғы жылын арнаған" және бір кесек шаруасы бар. Ол-қазақтың белгілі композиторы, әнші-ақыны Мәди өмірін зерттеу, сөйтіп, әдебитімізде, өнерімізде, Мәдиге лайық ескерткіш жасау. Қазір әуелде жоспарлаған трилогияның екі кітабы "Найзағай" (1969 ж. ), "Мәди" (1977 ж. ) жарық көрді. Сол романдар негізінде "Мәди" және "Мәдидің соңғы шайқасы" атты пьесалары республикалық және облыстық театрларда ұзақ жылдар бойы қойылып келеді. Жерлес жазушының шығармашылығында драматургия саласы орын алды, ол 30-дан астам пьеса жазды. Олар республика театрларының репертуарларынан көп жыл түспей келді. Ә. Әбішев кейінгі жылдары "Айтпай кетті демеңдер", "Аманат" деген естеліктерін кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде жазып кетті.
Ә. Әбішев осыдан төрт жыл бұрын, 90 жасқа толғанда Елбасының тікелей тапсырмасымен өзінің туған жері Қарқаралы өңірыне келіп, елдің жағдайын коріп, біліп, кіндік тамған Аспантаудың баурайындағы ата қонысына аунап, анасының басына құран оқытып қайтқан еді.
Жазушы "Октябрь революциясы", Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, "Құрмет белгісі" ордендерімен және медальдарымен марапатталған.
Республикамыздың тәуелсіздік алған соң Президентіміздің пәрменімен Ә. Әбішев алғашқылардың бірі болып "Халық жазушысы" (1985) құрметті атағына ие болды.
Қазіргі қазақ әдебиетшілерінің аға ұрпағының игілікті еңбектері көңілге жылы сезім ұялатады. Дәл осы ағалардың жуан ортасында, бәлкім, алғы шебінде халқының танымал талантты Әлжаппар Әбішевтің жүргені, оның есімі ілтипатпен аталары ақиқат.
24 тамыз 2001 жылы Қазақстанның халық жазушысы, қазақ әдебиеті ақсалдарының бірі, жерлесіміз Ә. Әбішев 94 жасқа қараған шағында фәниден бақиға өтті.
Кері қайту
Журналист, жазушы, ғалым
Әмен Махатұлы Әзиев
1927 жылы 6 маусымда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданынданындағы бұрынғы “Оян” дейтін ауылда дүниеге келген. Оның балалық шағы, есейіп ер жетуі атақты Сарқұлжа мен қара орманды Кент тауларының маңдарында Жамбыл және Қ. Аманжолов атындағы ауылдардарда өткен. Қарағандыда, Қарқаралыда. Ақтоғайда оқыған. 1950 жылы Қазақстанның мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін, республикалық “Лениншіл жас” /қазіргі “Жас алаш”/ газетінде, Ұлттық ғылым академиясының тіл және әдебиет институтында қызмет істеген. 1952 жылы Қарағандыға ауысып, еңбек жолын облыстық “Советтік Қарағанды” /қазіргі “Орталық Қазақстан”/ газетінде бастайды.
Жалын атқан жиырма бес жасында жұмысқа құлшына кіріседі. Өндірісті өлке туралы өндірдіп мақала, очерктер жазғаны да осы тұс. Қатардағы тілшіден редакцияның жауапты хатшысына дейін көтеріліп, 1961 жылдан Қарағанды телевизия студиясының директоры болып қызмет атқарып, журналистік, қаламгерлік өнерін шындайды. Күнделікті өмір құбылыстарына, әсіресе, жастар тәрбиесіне жете қөңіл аударған Ә. Әзиев кейінгі жылдарда бірқатар әңгіме-очерктер жазды.
Жазушының “Достық күші”, “Құтқару”, деген әңгімелері “Жұлдыз” журналына басылды. Милиция өміріне арналған “Алтыншы операция”, “Ошаған”, “Ар оянасы” очерктері облыстық газетте жарияланды. Бұл очерктер 1965 жылы “Өтелген өкініш” деген атпен жеке кітап болып шықты. Міне, журналист енбегінің күрделі де қым-қуат қиыншлықтарына қарамстан осы жылдары көркем шығармалар жазып, қазақ повесі туралы филология ғылымдрының кандидаты ғылыми дәрежесіне диссертация қорғайды. Кейін ҚарМУ-де, ҚаПТИ-де доцент, профессор міндеттерін атқара жүріп, шығармашылық жолындағы басты еңбегі-Орталық Қазақстанда түсті металлургия өндірісінің пайда болуы және даму тарихын зерттейді. Бұл еңбекке ол өзінің жиырма жылын сарп етеді. Соның лайықты жемісі ретінде қазақ және орыс тілдерінде “Қазыналы Сарыарқа” “Сокровища Сары-Арки” деген құнды монографиялар жариялап, докторлық диссертация жазады, профессор ғылыми атағын алады.
Ә. Әзиевтің әдеби қызметі елуінші жылдардың аяқ шенінде басталды. Жазушы қазақтың ұлттық парасаты, интернационализм және халықтар достығы жайында көп жазды. Ол он бес кітаптың авторы.
Қырық жыл созылған шығармашылық қызметінде Ә. М. Әзиев “Өтелген өкініш” (1965 ж. ), “Шапақ (1968 ж. ), “Оянған ар” (1972 ж. ), “Шұғыл тапсырма” (1980 ж. ) повестері, “Жез таулар” (1977 ж. ), “Мыс ошағы” (1980 ж. ), “Медный пояс” (1991 ж. ), “Жер жарасы” (1994 ж. ) романдары, “Есіл ару” пьесасы (1983 ж. ), “Қазыналы Сарыарқа” (1978 ж. ), “Сокровища Сары-Арки” (1986 ж. ), “Қазақ повесі” (1989 ж. ) атты монографиялары жарық көрді. Ол әдебиет және тарих ғылымдарымен де жеткілікті айналысты. Көп жылдар студенттерге дәріс оқыды.
Ә. М. Әзиев жиырма бес жыл бойы зерттеген “Орталық Қазақстанда түсті металлургияның пайда болуы және дамуы” атты докторлық диссертациясы оған тарихтың көптеген құпиясын ашты. Соның нәтижесінде ол өзінің ең күрделі де көлемді екі туындысы - “Мыс ошағы” және “Жер жарасы” романдарында отызыншы жылдарда өріс алған ауыр индустрияның қазақ даласына тигізген кесапатын асқан шеберлікпен, тарихи тұрғыда, барынша нанымды бейнелеп шықты.
1968 жылы "Есіл ару" атты пьесасы Қарағандының облыстық драма театрының сахнасында қойылды.
1997 жылы ол өзінің жетпіс жылдық мерейтойында туған жері Қарқаралыға сапармен келді. Бұл сапарда жазушыға қаланың құрметті азаматы атағы берілді.
Әмен Махатұлы Әзиев 2003 жылы 4 сәуірде қайтыс болды.
Кері қайту
Төкен Әлжантегі
1953 жылы туған. Жазушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі (1995), Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері (1998), халықаралық "Сорос - Қазақстан" қорының "Қазақстан әдебиеті - 2000" конкурсының жеңімпазы (2000), Қарағанды облысы әкімінің "Жыл жазушысы 2000" сыйлығының иегері.
Еңбек жолын Ақадыр аудандық "Ақадыр таңы" газетінде тілшіліктен бастап (1974), аудандық, қалалық, облыстық газеттерде түрлі жұмыстар атқарған.
"Армысың, ару кун!" (1987), "Ашық сабақ" (1991), "Қым-қиғаш тіршілік"(2000), "Ақ-қараның арасы" (2002), "Жартастан жеткен жаңғырық" (2003) атты прозалық кітаптардың авторы.
Т. Әлжантегі шығармалары ҚР Жазушылар одағының әдеби жыл қорытындыларында Асылбеков С., Дәдебаев Ж., Мекебаев А., т. б. да жазушы, сыншылар тарапынан жақсы бағаланған.
Кері қайту
Журналист, жазушы, Қарағанды қаласының құрметті азаматы
Жайық Кәгенұлы Бектұров
1912 жылы 10
маусымда Ақмола уезінің Моншақты болысында (қазіргі Астана облысы, Алексеев ауданы, “Үрпі” ауылы) туған. 1928 жылы ҚАССР-нің Халық ағарту комиссариатының мұғалімдер курсын бітірген соң, Атбасар қаласында мұғалім болған. Ол 1934 жылы Қазақ коммунистік университетін, ал 1955 жылы Қазақтың мемлекеттік университетін бітірген.
Ж. Бектұров 1932-1937 жылдары комсомол қызметінде болған, 1937-1939 жылдары республикалық “Лениншіл жас” жастар газеті редакторының орынбасары, “Социалистік Қазақстан” газетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары міндеттерін атқарған.
1939-1940 жылдары Жамбыл облыстық газетінің жауапты редакторы, ал соғыс басталғанда дивизиялық газетінің редакторы болған.
1942 жылы мамыр айында Ж. Бектұров қамауға алынып, КСРО НКВД-сінің айрықша кеңесінің шешімімен РФСР Қылмысты істер кодексінің 58-ші бабымен сырттай он жылға кесіліп, Солтүстік Оралға жер аударылды. Жабылған жала тек қана 1955 жылы ҚазССР Жоғарғы сотының Президиумының шешімімен күшін жойып, ал 1989 жылы түбегейлі ақталды. Жайық Кәгенұлы елеуінші жылдары педагогикалық қызметте болды. 1958 жылдан бастап 1989 жылғы қыркүйекке дейін ол Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Қарағанды облысаралық бөлімінің жауапты хатшысы болды.
КСРО Жазушылар одағының, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Бүкілодақтық географиялық қоғамының мүшесі, партия мен еңбек ардагері Ж. К. Беқтұровтың қоғамдық және әдеби өмірдегі еңбегі оған атақ-абырой әкеліп, жұртшылықтың құрметіне бөледі.
Публицист Ж. К. Бектұров өзінің ауқымды да бейнелі сөздерімен Орталық Қазақстанның көптеген фактілері мен тарихи оқиғаларын көпшіліктің жадында қалдырды.
Ол республиканың әдеби ортасында кеншілер өлкесінің қалыптасуы мен дамуының, оның орталығы - Қарағандының шежіресін жазушы ретінде белгілі.
Ж. К. Бектұров өзінің шығармашылық және ұйымдастырушылық таланты арқылы облыс пен республиканың мәдени өміріне үлкен үлес қосты. Ол Қарағанды және Қарағанды облысының энциклопедиясын жасаушылардың бірі болды.
Оның көп жылғы әрі тынымсыз еңбегі көптеген үкімет наградаларымен марапатталған. 1977 жылы “Жол жоралғысы” деген кітабы шықты. Бұл жинаққа қаламгердің Ы. Алтынсарин, Ш. Уалиханов, Г. Потанин, қобызшы-жыршы Н. Атабеков жайлы тарихи-көркем очерктері енгізілген. Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін қажымай жинап, бастырудағы еңбегі өз алдына бір сала. Ж. Бектұров Абай, Сәкен, Бейімбет, Саттар, Әбділдә, Тайыр, Ғабиден, Зейін және өзге де қазақ ақын-жазушылары жайында көптеген сын мақалалар жазған. Жазушы басқа ұлттар әдебиетінің озық үлгілерін қазақ оқырмандарына танытуда көп жұмыс тындырды. Ж. Бектұровтың өрнекті тілімен қазақшаланған Г. Серебрякова, Петефи, Дефо, Гашек, Л. Пантелеевтің шығармаларын оқырмандар жылы қабылдаған. Облыстық “Орталық Қазақстан” газетінің бетінде жазушы Азия, Африка елдері қаламгерлерінің бірнеше әңгімелерін аударып бастырған. Кейінгі жылдары, яғни 1991 жылы “Өткел” өлеңдер жинағы, ал 1997 жылы “Қазақстан” баспасынан “Таңба” атты кітабы жарық көрді. Бұл кітап еліміздің шежіресіне қара таңба болып басылған отызыншы-қырқыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің алапат ашы шындығы жайында, сол нәубеттің құрбаны болған тұғырлы тұлғалар, талайлы тағдырлар жайында баян ететін туынды. Мұның жарық көруінің арасы 40 жылдай уақыт созылған екен… Сол қырғынның өзі де куәсі болған, кезінде жазықсыз танылған кесірінен жапа шегіп, жалынды жастық жылдарын айдауда, азап лагерьлерінде өткізген ардагер жазушының аталмыш романы авторы іспеттес қилы қияметтерді бастан кешіріп барып, кейінде ғана оқырмандарға жол тапқан. Жалпы бұл шығарма азап лагеріндегі өмірді қазақ әдебиетінде бейнелеген тұңғыш еңбек. Сол жылы Медицина ғылымының докторы, профессор М. Әлиакпаровтың “Жайық мінген қайық” кітабы Қарағанды қаласының “Қазақстан” баспасынан шыққан. М. Әлиакпаровтың бұл кітабы Ж. Бектұровтың тар жол, тайғақ кешулерге толы өмір өткілдеріне арналған. Автор мен кітап кейіпкері арасындағы сырлы сұхбатта зұлмат жылдардың зобалаңы, қазақ халқының басына қолдан жасалған нәубет зардабы бүкпесіз баяндалады. Сонымен қатар кітапқа жасы сол кезде сексен беске келсе де қаламы қолынан түспеген Ж. Бектұровтың сталиндік зұлматты ашық әшекерелейтін бірқатар поэмалары мен өлеңдері енгізілген.
1998 жылы 26 наурызда сексен алты жасқа қараған шағында журналист, жазушы, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Ж. К. Бектұров өмірден өтті.
Кері қайту
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz