Бостандық пен құқық кепілі


Пән: Құқық, Криминалистика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 12 бет
Таңдаулыға:   

Бостандық пен құқық кепілі

Еліміздің Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия атына сай адам құқықтары жөніндегі алғашқы мамандандырылған ұлттық мекеме болып табылады. Ол құрылғалы бері адам құқықтарын қолдау мен қорғаудың қоғамдық және мемлекеттік тетіктерін күшейтуде, осы саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен әзірлеуге атсалысуда, әрі адам құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесуде, еліміздегі азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен дамуына, адамның және азаматтың құқықтарының халықаралық стандарттарға сәйкес қорғалуында және жалпы адам құқығы саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруда биік нәтижелерге қол жеткізілуде. Осы орайда, комиссияның қызметі мен рөлі туралы кеңінен әңгімелеп беру үшін оның төрағасы Сағынбек ТҰРСЫНОВҚА жолығып, бірқатар сұрақтарымызға жауап қайтаруын өтінген едік.

- Сағынбек Тоқабайұлы, сіз Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі еуропалық елдердегі алғашқы елшілерінің бірі болдыңыз және әрине, осы елдердегі адам құқықтарына қатысты ахуалдар өзіңізге етене таныс екені анық. Ендеше, айтыңызшы, осы құқық қорғаудың еуропалық стандарттары біздің мемлекетімізге сай келе ме?

- Он екі жыл ішінде Еуроодақтың он екі елінде Төтенше және өкілетті елші болып қызмет істедім және жоғары деңгейдегі он екі сапарды ұйымдастыруға қатыстым. Әрине, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында және БҰҰ-ның Венадағы штаб-пәтеріндегі барлық халықаралық ұйымдарындағы еліміздің өкілі ретінде Еуроодаққа қатысатын мемлекеттердегі адам құқықтарына байланысты жағдайды кеңінен біліп отырдым.

Еуропа құрлығындағы ең көне өңірлік ұйым Еуропа кеңесі екендігі белгілі. Оның мүшелері 1953 жылы 3 қыркүйекте күшіне енген Адам құқықтары мен оның негізгі бостандықтарын қорғау туралы Еуропалық конвенцияны қабылдаған болатын. Сөйтіп, кейін мұның қабылданғанына 25 жыл өткенде оған Еуропа кеңесінің барлық мүшелері қатысатын болды. Ал Еуропалық конвенцияның құндылығы бекітілген құқықтар мен бостандықтарда ғана емес, сонымен қатар оны атқарудың айрықша, өміршең және дамушы тетіктерін жасауда деп түсінген дұрыс.

Әрине, адам құқықтарын қорғау саласындағы жалпыға ортақ мойындалған еуропалық стандарттар біздің еліміз үшін де тартымды, өйткені біз ЕҚЫҰ-ның мүшесіміз. Олардың кейбіреуін біз Комиссия қызметінде пайдалануды біртіндеп енгізіп отырмыз. Бірақ, бұл жағдайда ұлттық заңнамамыз бен құқық қолдану тәжірибесінің ерекшеліктерін де ескеретін боламыз.

- “Дипломатия - мүмкіндік өнері” дейді ғой, сіздің кітаптарыңыздың бірі де солай аталады. Ал адам құқықтарының мәнісін қандай формуламен айқындауға болады және оларды қорғауда дипломатиялық өнер қалай пайдаға асуы мүмкін?

- Қазіргі замандағы адам құқықтары - жалпыадамзаттық мәдениеттің қуатты бөлігі. Ал дипломатия мемлекетаралық қатынастарды қалыптастыруда ғана емес, адам құқықтары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуда да шешуші рөл атқарады. Қазіргі қолданылып жүрген адам құқықтарын қорғаудың халықаралық әмбебап және өңірлік тетіктері нақ осы дипломатиялық өнердің арқасында сәтті әзірленген. Адам құқықтарының мәнісін түйіндей келгенде айтарым, адам құқықтары - ең жоғары тұрған құндылық, сондықтан оны құрметтеу, сақтау және қорғау - мемлекеттің міндеті.

- Елімізде осы түйінді іске асырудағы Сіз басқаратын Комиссияның рөлі қандай?

- Ең басты міндет - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының адам құқығы туралы салиқалы саясатын іске асыру болып табылады. Сондықтан әрбір адамның өз құқықтары мен бостандықтарын іске асыру мен қорғаудағы жеке белсенділігін ешқандай да төмендетпестен, сонда да болса қоғамдық және жеке бастың мүдделерінің қажетті теңдестігін қамтамасыз ете отырып, қажетті алғы шарттарын жасайтын мемлекеттің айқындаушы рөлін мойындауымыз қажет. Сондықтан да Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия құрылған болатын. Комиссия қызметінің негізінде Мемлекет басшысына оның маңызды функциясы - адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болу функциясын атқаруына жедел және жүйелі көмек көрсету жатыр. Демек, еліміздегі азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен дамуында, адамның және азаматтың құқықтарының халықаралық стандарттарға сай қорғалуында, жалпы адам құқығы саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруда комиссияның атқарар рөлі зор демекпін.

- Азаматтардың өз құқықтарын қорғау үшін Адам құқықтары жөніндегі уәкілге ме (омбудсмен), әлде аталған комиссияға жүгінгені дұрыс па?

- Бұл жерде, ең алдымен осы екі институттың функционалдық айырмашылықтарын айыра білу қажет. Біздің елімізде жалпыға ортақ танылған Париж қағидаттарына сәйкес адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелердің екі түрі: Мемлекет басшысы жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыс істейді.

Комиссия - әлемде жұмыс істейтін адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелердің барынша көп тараған түрлерінің бірі. Оның қызметінің негізгі нысандарының бірі кеңес ретінде Мемлекет басшысына, Үкіметке, Парламентке және кез келген мемлекеттік органға адам құқықтары саласындағы ұсынымдар мен баяндамаларды ұсыну. Ол шын мәнісінде ел Президентінің адамның құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретіндегі қызметін қамтамасыз етеді және Мемлекет басшысы мен азаматтық қоғам арасындағы “көпір” бола отырып, адам құқықтарының жүйелі түрде бұзылуы мәселелерімен шұғылданады, консультативтік және ағартушылық функциялар атқара отырып, адам құқықтарына байланысты мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарын айқындайды.

Ал омбудсмен институты өздерін мемлекеттік билік органдары мен оның лауазымды тұлғалары, басқа да ұйымдар тарапынан болған әділетсіз іс-әрекет құрбаны санайтын жеке адамдардың бұзылған құқықтарын қорғау үшін құрылған. Өзінің мәртебесі бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл нақты адамның бұзылған құқықтарын қорғайтын өзіндік халықтық адвокат болып табылады, атап айтқанда халықаралық стандарттарға сай айтатын болсақ, омбудсменнің негізгі тікелей міндеті - азаматтардың арыз-шағымдарын қарау болып табылады.

- Сонда да болса адамдар Комиссияға көбірек шағымданады ғой?

- Адамның және азаматтың құқықтары тек заңмен ғана шектелетінін есіңізге сала кетейін. Еліміздегі әрбір адамға мемлекеттік органдарға және лауазымды адамдарға өтініштер, арыз-шағымдар жазуға Конституция кепілдік бергендіктен, Комиссияға келіп түскен азаматтардың арыз-шағымдарын қарау міндетіміз. Соған орай, жыл сайын Комиссия хатшылығына 1000-нан астам азаматтардан жазбаша шағым хаттар келіп түседі. Келіп түскен арыздар Комиссияның тиісті ұсынымдарымен не болмаса қорытындыларымен уәкілетті мемлекеттік органдарға: прокуратура, сот, орталық және жергілікті атқарушы билік органдарына мәні бойынша қарауға жіберіледі.

Конституция қағидаларына, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілер нормаларына сәйкес еліміздің азаматтары, шетел азаматтары, оралмандар, азаматтығы жоқ адамдар, ұйымдар өз құқықтарын қорғау үшін заңда белгіленген тәртіппен Комиссияға шағымдануға құқылы. Тек Адам құқықтары жөніндегі комиссия қарау тәртібі, негізінен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамамен, қылмыстық іс жүргізу және азаматтық іс жүргізу заңнамаларымен шешілетін азаматтардың шағымдарын қарамайтынын атап өткім келеді.

Өткен жылдың өзінде ғана Комиссия азаматтардың 49 шағымын бақылауға алды. Олардың ішіндегі 23 шағымда адам құқықтарының бұзылу фактілері расталды және Комиссия көмегімен қалпына келтірілді. Ал 2007 жылдың бірінші тоқсанында Комиссияға 270-тен астам азаматтардың арыз-шағымдары келіп түсті. Бақылауға алынған 18 шағымның ішінде 7 шағым бойынша адам құқықтарының бұзылғаны расталды. Мысалы, Комиссияның тікелей араласуы арқылы Астана қаласында жер телімі мен тұрғын үйін “Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы” Заңның талаптарына сәйкес заңдастыра алмай жүрген Т. есімді көп балалы мүгедек әкенің бұзылған құқығы қалпына келтірілді.

- Адамдардың үкіметтік емес ұйымдардан қорғаныш іздейтіні де жасырын емес. Комиссия үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарымен өзара байланыс жасай ма?

- Жалпы Адам құқықтары жөніндегі комиссия үкіметтік емес ұйымдарды өзінің тең дәрежедегі әріптесі ретінде танитынын баса айтқым келеді. Елбасының Жарлығымен бекітілген “Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын” Комиссия күнделікті қызметінде кеңінен қолданады.

Біз үкіметтік емес ұйымдармен өз ынтымақтастығымызды одан әрі жандандыра түспекпіз. Конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинар-тренингтер, отырыстар өткізу, тергеу изоляторлары мен түзеу мекемелеріне, құрылыс нысандарына және әлеуметтік саланың басқа да мекемелеріне бірге бару шеңберіндегі кездесулер кеңінен тараған.

Комиссия өкілдерінің өзі де үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдары өткізетін іс-шараларға түрлі әдістемелік және ақпараттық көмек көрсете отырып, белсене қатысады. Өзара екі жақты тиімді келісім бойынша үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарына келіп түскен азаматтардың күрделі шағымдарын Комиссияда қарау тәжірибеге енгізілген. Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері Адам құқықтары жөніндегі комиссияның және оның сараптамалық кеңесінің құрамына кіреді.

- Ал осы орайда Комиссияның халықаралық ұйымдармен және шетел мемлекеттерінің адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелерімен өзара іс-қимылы не береді?

- Мұндай ынтымақтастықтың пайдасына бір ғана мысал айтып берейін. Биылғы жыл басынан бастап БҰҰ Даму бағдарламасының және Алматыдағы ЮНЕСКО-ның Кластерлік бюросының жәрдемімен біздің Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі цифрлы кітапханасы сәтті іске қосылды. Мұндай кітапхана әзірге ТМД мен Балтық жағалауы бойындағы елдердің ешқайсысында жоқ. Және ол халыққа адам құқықтарын қорғау саласында тегін құқықтық ақпараттар береді.

БҰҰ Даму бағдарламасымен, Қазақстандағы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Бас комиссары басқармасының өкілдігімен, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым өкілдігімен, сондай-ақ Алматыдағы ЕҚЫҰ орталығымен, Еуропалық комиссиямен, БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ), ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік бюросымен өзара тығыз қарым-қатынас орната білдік. Жүйелі түрде адам құқықтарын қорғау мен көтермелеу саласында бірлескен халықаралық конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, тренингтер өткіземіз.

Комиссия Словакияның, Чехияның, Ресейдің, Украинаның, Литваның, Латвияның, Молдованың, Грузияның, Әзірбайжанның, Арменияның, Өзбекстанның адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелерімен ынтымақтасады. Қазір Еуроодақтың, Оңтүстік-Шығыс Азияның, АҚШ-тың және Канаданың осындай мекемелерімен тығыз қарым-қатынас орнатудамыз.

- Адам құқығын қорғау саласында қабылданатын заңдарға Комиссияның ықпалы жүре ме және осы салада қандай нақты қадамдар жасауға қол жеткіздіңіздер?

- Адам құқықтарына байланысты әзірленген заң жобаларын, Үкіметтің нормативтік-құқықтық актілерін міндетті түрде Комиссиядан алдын ала сараптамадан өткізуге қол жеткізсек деген ойдамыз. Сараптама барысында біздің кәсіби заңгерлер Үкімет әзірлеген заң жобаларының адам құқықтары саласындағы жалпыға танылған халықаралық стандарттарға сәйкес келуін салыстырмалы түрде тексеретін болады. Комиссия мүшелері мен Хатшылық қызметкерлері бірқатар заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарының құрамына кіреді.

Комиссия Бала құқықтары жөніндегі конвенция, Азаптауға қарсы конвенция бойынша ұлттық баяндамалар дайындауға және жазуға тікелей атсалысты, адам құқықтары жөніндегі бекітілген халықаралық пактілер, конвенциялар, шарттар мен БҰҰ комитеттерінің ұсынымдарын ұлттық заңнама мен практикада жүзеге асыруға жәрдемдесті. 2003 жылғы мамырда Комиссия республика Үкіметіне Қазақстанның міндеттемелерін орындау жөніндегі үйлестіру тетіктерін қалыптастыруды ұсынды. Мұндай тетік 2003 жылғы желтоқсанда Үкімет қаулысымен құрылды. Қазіргі уақытта Комиссия Хатшылығы Үкіметке БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтар туралы және Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактілері бойынша дайындайтын ұлттық баяндамаларына көмек көрсету үстінде.

- Ал Комиссия ұсынымдарының қайсысы адам құқықтарын қорғаудың мемлекеттік тетігін жетілдіру барысында практикалық қолданыс тапты дей аласыз?

- Комиссия адам құқықтарын қорғаудың мемлекеттік тетігін жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды шешімдердің қабылдануына өз үлесін қосты деп нық сеніммен айта аламын. Бұл Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияларына және БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтар, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактілеріне қосылуы, халықаралық гуманитарлық құқық және адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттар жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру, Білім және ғылым министрлігі құрылымында Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комитеттің құрылуы. Бұған Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының құрылуын, түзеу мекемелері мен тергеу изоляторларын Ішкі істер министрлігінен Әділет министрлігінің қарамағына беруді, өлім жазасына мораторий енгізуді, Көші-қон полициясының жұмыстарын халықаралық стандарттарға сәйкес жақсартуды, “Қазақтелеком” АҚ ұсынатын байланыс қызметінің тарифін төмендету мен қол жетімдігін қамтамасыз етуді жатқызуға болады.

- Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні бекіткеннен кейінгі қадамы қандай болмақ? Біздің азаматтар БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне арыздана ала ма және елімізде өлім жазасын түпкілікті жою мүмкін бе?

- БҰҰ-ның халықаралық пактілерін бекіту Қазақстанға ұлттық заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін осы халықаралық құжаттарға сәйкестендіру жөнінде міндеттемелер жүктейді. 2007 жылы біздің еліміз Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті бойынша міндеттемелерді орындағаны туралы өзінің алғашқы есебін ұсынуға тиіс. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетіне бастапқы есепті дайындау ел Үкіметіне жүктеледі. Адам құқығы жөніндегі комиссия осы ұлттық баяндаманы дайындайтын жұмыс тобының құрамына еліміздің беделді үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының өкілдерін де кіргізу туралы Үкіметке өз ұсынысын жіберді. Адам құқықтары жөніндегі комиссия Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екі Факультативтік хаттамасына қосылу идеясын қолдайды. Осы туралы ұсыным “Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы” Базалық баяндамада да орын алған.

Бастапқы кезеңде бірінші қатысушы елдерден БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің өз азаматтарының жеке шағымдарын қарау құзырын мойындауын талап ететін Факультативтік хаттамаға қосылу адам құқықтарын қамтамасыз ету мен қорғаудың ұлттық тетіктерін одан әрі жетілдіретін маңызды сыртқы катализатор бола алады деп ойлаймыз. Қазақстандық қылмыстық заңнама мен құқық қолдану практикасын гуманизацияландыру үрдісі, өлім жазасын қолдануға мораторий енгізу, өлім жазасын жоюға бағытталған екінші Факультативтік хаттамаға қосылуға қолайлы жағдай жасайды.

Екі факультативтік хаттамаға қосылу адам құқықтарының халықаралық деңгейде қорғалуын қамтамасыз етеді және сот тарапынан жіберілетін кемшіліктерді де мейлінше азайтатын болады. Нәтижесінде адам құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттің қабылдап отырған шаралары қолданыстағы халықаралық құқықтық қағидаттармен және нормалармен қамтамасыз етілетін халықаралық гуманитарлық кеңістікке Қазақстанның одан әрі интеграциялануына жағдай жасайтынын атап өткім келеді. Әрине, бұл үрдісте көштен оза шабуға да болмайды, қалып қоюға да болмайды.

- Комиссияның таяу болашаққа жоспарлары қандай?

- Адам құқықтары жөніндегі комиссияның үйлестіруші рөлімен алғаш рет ТМД және Орталық Азия елдерінде “Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы” базалық баяндама дайындалып, онда ғылыми және әлеуметтанушылық зерттеулерге сүйене отырып, адамның құқықтық қорғалуының деңгейі, әлеуметтік әлсіз топтар мен осы саладағы өзекті проблемалар анықталды. Базалық баяндама Комиссияның кеңейтілген отырысында жан-жақты талқыланғаннан кейін, Президенттің қарауына жіберілетін болады. Адам құқықтарын қорғауды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін осы Базалық баяндаманың негізінде тұңғыш рет Орталық Азия елдерінде бес жылдық мерзімге арналған адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспарын жасау көзделуде. Бұл Ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеуге уәкілетті мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері кеңінен қатыстырылатын болады. Бұған қоса Комиссияның адам құқықтарын қорғау саласындағы оң жұмыстарын көрсету және тәжірибе алмасу мақсатымен халықаралық ұйымдарда және шетелдерде Комиссияның арнаулы тұсау кесер жұмыстарын өткізбекпіз.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Демократиялық қоғамдағы адам құқықтары
Азаматтық қоғам және құқықтық мемлекеттің қалыптасуы
Адамдар құқықты қалай талап етсе, олар сол дәрежеде міндеттерді орындауы кджет
Азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет жайында
Құқықтық мемлекеттің негізгі белгілері
Құқықтық мемлекет: ой тұжырымынан жүзеге асыруға дейін
ҚЫСҚАРТУЛАР, АРНАЙЫ СИМВОЛДАР ЖӘНЕ ТЕРМИНДЕРДІҢ ТІЗІМДЕМЕСІ
Құқықтық мемлекеттегі негізгі заңның ерекшеліктері
ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҮСІНІГІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН МӘНІ
Адам құқықтары мен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын топтастыру
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz