Дін тану жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныбына арналған оқулық


Пән: Дінтану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 153 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

«ОҚУЛЫҚ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

ДІН ТАНУ

Жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныбына арналған

ОҚУЛЫҚ

АСТАНА, 2010

Д. Кенжетаев, Н. Асқаров,

Ә. Сайлыбаев, Ө. Тұяқбаев

ДІНТАНУ

Жалпы білім беретін мектептердің

9-сыныбына арналған

оқулық

Алматы «Арман ПВ» 2010

Арнайы редакторы Д. Кенжетаев, философия ғылымдарының докторы, профессор.

Қ. А. Ясауи атындағы Қазақ-түрік университеті Түркология институтының директоры

Дінтану. Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған оқулық / Д. Кенжетаев, Н. Асқаров, Ә. Сайлыбаев, Ө. Тұяқбаев. - Алматы: «Арман ПВ», 2010. - 245 б.

Оқулыққа дін, діннің мәні, діннің тарихы, діннің адам мен қоғам өмірінде алатын орны туралы ғылыми материалдар енгізілді. Іргелі әлемдік діндер туралы мәліметтермен бірге Қазақстандағы діни ахуалдың ерекшеліктеріне сай отандық материалдар да барынша толық қамтылған. Білім мазмұны Қазақстанның әрбір азаматының дін саласына қатысты білуі жөн болатын тиісті ғылыми терминдермен, қарапайым ұғымдармен және айқындамалармен берілген.

© «Оқулық» республикалық

ғылыми-практикалық

орталығы, 2010

МАЗМҰНЫ

АЛҒЫСӨЗ

І тарау. ДІН ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ТҮСІНІК

§ 1. Діннің мәні, анықтамасы, әлеуметтік маңызы, шығу тегі, құрылымы, және оның жіктелуі мен түрлері

§ 2. Діни наным-сенімдердің бастауы. Табу. Діни сенімнің көне нысандары - көне дәуірдегі діни наным-сенімдер. Анимизм. Тотемизм. Фетишизм. Сиқыр (Магия) .

ІІ тарау. ӘЛЕМДІК ДІНДЕР

§3. Ежелгі Месопотамия діндері. Ежелгі Мысыр діні. Ежелгі Грек діні. Ежелгі Рим діні. Ежелгі түріктердің діні. Бақсылық.

§ 4. Ежелгі Қытайдың діни сенімдері. Конфуциандық, дао ілімі және синто ілімі

§ 5. Ежелгі үнділердің діни дүниетанымы. Будда діні

§ 6. Иудейлік діні. Тора және Талмуд

§ 7. Христиан діні. Иисус Христос және Інжіл

§ 8. Христиандықтың таралуы, негізгі бағыттары және қазіргі жағдайы

§ 9. Ислам діні

§ 10. Мұхаммед пайғамбар, Құран және ислам ілімі

§ 11. Мұсылман құқығының негізгі мектептері мен діни ғұрыптары.

§ 12. Ислам өркениетінің адамзат тарихындағы орны

§ 13. Әлемдік діндерге ортақ құндылықтар

ІІІ тарау. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ДІНИ КОНФЕССИЯЛАР

§ 14. Исламның қазақ жеріне таралуы

§ 15. Дәстүрлі діни таным және оның исламмен арақатынасы

§ 16. Түркі сопылық дүниетанымның негізгі ұстанымдары

§ 17. Исламның ғылым, білім, мәдениетке әсері

§ 18. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы исламның рөлі

§ 19. Қазақстан мұсылман діни басқармасының қызметі

§ 20. Қазақстандағы христиан діні

§ 21. Қазақстандағы христиандықтың бағыттары

§ 22. Қазақстандағы православие шіркеуі

§ 23. Қазақстандағы христиан мәдениеті

IV тарау. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАСҚА ДА ДІНИ АҒЫМДАР

§ 24. Діни ұйымдар мен діни бірлестіктер түсінігі

§ 25. Қазақстандағы діни ағымдар

§ 26. Шатақ діни ағымдардың сипаттары

V тарау. ҚАЗАҚ ТОПЫРАҒЫНАН ШЫҚҚАН ӘЙГІЛІ ДІН ҒҰЛАМАЛАРЫ

§ 27. Қазақ жеріндегі киелі орындар

§ 28. Қазақ мұсылмандық түсінігінің негізін қалаушылар

§ 29. Қайырымды және ізгі қоғам орнатуды көксеген ұлы ойшылдар

§ 30. Ясауи хикметі - дін және ұлтаралық татулықтың кені

§ 31. ХІХ-ХХ ғасырдағы дін ғұламалары

§ 32. Абай және Шәкәрім діни мұрасы

VI тарау. ҚАЗАҚСТАН - ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ ОРНЫҚҚАН ЕЛ

§ 33. Қазақстанның дін туралы заңнамасы

§ 34. Қазақстандағы дінаралық келісімнің түпнегізі және Елбасы Н. Назарбаевтың ел ішінде және әлемде бейбітшілік пен конфессияаралық келісім орнату аясындағы саясаты

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР


АЛҒЫ СӨЗ

Қадірлі достар!

Сіздер осы кезге дейін күнделікті өмірлеріңізде адамдардың діни сенімдеріне байланысты атқаратын әртүрлі рәсімдері мен салт-дәстүрлеріне куә болып жүрсіздер. Мешіт, шіркеу, синагога секілді орындардың көпшілікпен бірге құдайға құлшылық ететін қасиетті үйлер екенін де білесіздер. Араларыңызда мұндай орындарға ата-аналарыңызбен ілесіп барғандарыңыз да бар шығар. Сонымен бірге, елімізде соңғы жылдары дәстүрлі ислам мен христиандық православиеден басқа әртүрлі діни ағымдардың көбейіп кеткенін де байқаған боларсыздар. Олардың ішінде дінді жамылып, адамдардың санасын улап, елді сарсаңға салып жүргендердің де кездесіп қалатынын естіп біліп жүрген шығарсыздар. Бұлардың бәрі де Сіздерді дін дегеніміз не, олардың сан түрлі екені неліктен, әртүрлі діни рәсімдер, жол-жоралар не үшін атқарылады, олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай, дін таратушылар дегеніміз кімдер, олар не үшін дінді таратады, діннің адам өміріндегі орны мен рөлі қаншалықты, әртүрлі дінді ұстанатын адамдар бір-бірімен қалай қарым-қатынас жасау керек, еліміздегі қасиетті орындардың қасиеттілігі неде, дәстүрлі дін дегеніміз не, мемлекет дінге қалай қарайды, т. б. секілді сансыз сұрақтар төңірегінде ойландыратыны сөзсіз. Міне, осы орайда сіздерге қолдарыңыздағы «Дінтану» оқулығы көмекке келеді. Өздеріңізді дінге қатысты ойландырып, толғандырып жүрген көптеген сұрақтардың жауабын осы кітаптан таба аласыздар деп үміттенеміз.

Оқулықта діннің мәні мен мазмұны, түрлері мен ерекшеліктері, оның адам мен қоғам өміріндегі орны, адамзат өркениетіне тигізген ықпалы туралы жүйелі мағлұматтар қамтылған. Сонымен бірге кітапта халқымыздың сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінінің тарихы, қазақ даласынан шыққан дін ғұламалары, Қазақстанның киелі жерлері туралы да баяндалған. Сіздер оқулықтан әлемдік діндер, олардың адамзат тарихындағы орны, әлемде кейіннен пайда болған басқа да діндер, олардың ерекшелігі, Қазақстандағы қазіргі діни жағдай жайында да қызғылықты мәліметтерді табасыздар.

Бұларды білу не үшін керек? Өйткені, дін адам өмірімен, қоғам тіршілігімен тығыз байланыста. Әлемдік тарихқа көз жүгіртетін болсақ, бұған оңай көз жеткіземіз. Адам, оның дүниетанымы, тарихы, әдебиеті, мәдениеті сияқты түсініктердің негізінде дін жатыр. Себебі, дін адам өмірін мазмұнды етеді, тіршілігіне жан бітіреді. Құдайды жоққа шығарып, дінді аластаған Кеңес өкіметінің кезінде де адамдар біржола діннен безіп кеткен жоқ. Жүрегінің түбінде руханиятқа деген ұмтылыс бұғып жатты. Өйткені адам рухы өзіне қорек етер азық іздемей тұрмайды. Бұл жайында орыстың атақты жазушысы Л. Н. Толстой «Тәуба» («Исповедь») деп аталатын кітабында: «Мені елуімде жынды қылған сұрақ тым қарапайым. Оны он үш жасымда да ойлағанмын, - бар болғаны бұл тірлігімнің мағынасы қандай, ертең жаным қайда кетеді? - деген сұрақтар еді» деп ағынан жарылады.

Ал қазақтың ұлы ойшылы Шәкәрім болса:

Шынды білмек ойласаң сен,

Алдыменен жанды біл.

Ең керекті үш сұрақпен,

Жан құлағын қой бұрап:

«Келдім қайдан? Қайтсе пайдам?

Өлгеннен соң не болам?»

«Мен» деген жан - ақыл айнам,

Жоғала ма сол шын-ақ?

- деп жырлайды.

Демек, дүниенің түп негізінде адам баласы жауабын табуға тиіс үш қана сұрақ бар. Ол - осы, келдім қайдан, қайтсем пайдам және өлгеннен соң не болам? Адам өмірінің мәні осы сауалдарға жауап іздеуден, тапқан жауабына сай өмір сүруден тұрады. Түйіндей айтқанда, барша дін атаулының да сарқып құяр сағасы осыған тіреледі десек, ауа жайылғандық болмас.

Адам жанының осы қажеттілігін білетін кейбір жат пиғылды топтар дінді теріс мақсатқа да пайдаланады. Дәстүрлі діннің табиғатын терең түсінбегендіктен, тіпті кейде адамдар ақылы мен парасатына жүгінбей, көзсіз сенімге бой ұрып жатады. Соның салдарынан адамдар арасында діни негізде түрлі қақтығыстар мен кикілжіңдер де орын алады. Мұның негізінде діннің мәнін дұрыс түсінбеушілік жатыр. Мұндай келеңсіз жайттар елімізде де арагідік бой көрсетіп қалуда.

Сондықтан да бүгінгідей жаһандық дәуірде, ақпараттық тасқын селінде дәстүрлі және дәстүрлі емес діндерді ажырату, олардың табиғатын тану ұлттық қауіпсіздігіміз бен қоғамдық тұрақтылығымыз үшін де қажет болып отыр.

Діндердің табиғатын танып, оның ерекшеліктерін ажырата алатын адамдар жат пиғылды діни ағымдардың жетегінде кетпейді. Өз ұлттық мәдениеті мен ана тілін, дәстүрлі дүниетанымын өзге мәдениеттердің ықпалынан қорғай алады. Сонымен бірге өзге діндегі адамдардың да діни сенімдеріне, көзқарастарына кеңдікпен, түсіністікпен қарайды. Ұлтына, тілі мен дініне, нәсілі мен тегіне қарамастан, дүниедегі адамдардың баршасымен бірдей тең дәрежеде парасаттылықпен қарым-қатынас жасайды.

Елбасымыз Н. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Біз бұқара санасындағы діншілдіктің артуына әзір болуымыз керек, онда тұрған қатерлі ештеңе жоқ. Жалпы, дін өздігінен өнегелі ақиқаттан бөтен ештеңе үйретпейді. Жалғыз-ақ, бізге қауіп төндіретіні діни біліміміздің деңгейі онша жоғары болмай отырғаны» - деп жазады. Өздеріңізге ұсынылып отырған оқулықтың да көздеген осынау - ізгі мақсат.

І ТАРАУ

ДІН ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ТҮСІНІК

§ 1. Діннің мәні, анықтамасы, әлеуметтік маңызы, шығу тегі, құрылымы және оның жіктелуі мен түрлері

Діннің мәні. Таным кез келген заттың, құбылыстың мәнін, сипатын, ерекшелігін білу және сезіну арқылы қалыптасады. Олай болса, дін дегеніміз не? Адамның бойындағы ең басты қасиет - ол сенім. Сенімдердің ең үлкені - жаратушыға деген сенім. Сенім арқылы адам қалыптасады. Тәй-тәй басқан жас сәби де өзіне деген сенімі арқылы қадамын нық басады. Қоршаған ортасымен де сенім арқылы қатынас жасайды. Таниды, дамиды, таңдайды, еркіндікті сезінеді, тұлғаға айналады. Осы жолда өзінің белгілі бір жүйенің ішінде екендігіне көз жеткізеді. Ретсіз, бейберекет әлемде адам таным иесі бола алмайды. Бұл дүниедегі өмірдің мәніне де жете алмайды. Сонымен, адамның құдай, табиғат, қоршаған ортамен байланысын жүйелейтін, оның өміріне бағыт сілтейтін, оларға қатысты іс-әрекеттеріне негіз болатын ережелер мен қағидалар жиынтығын дін дейміз.

Дін - адамзат жаралғалы онымен бірге келе жатқан, түрлі тарихи кезеңдер мен қоғамда өзін әр түрлі пішінде көрсететін рухани құбылыс. Яғни әр түрлі діндер бар.

Біздің сөздік қорымызға «дін» сөзі араб тілінен енген. Сөздік мағынасы жағынан әдет, ғұрып, жаза, сый, мойынсұну, есеп беру, билік, жеңіс, үкім, бұйрық, ғибадат, жол, ұлт және т. б. мағыналарға келеді. Ал орыс тіліндегі «религия» сөзінің төркіні латын тілінен енген. Сөздік тұрғыдан «бір нәрсені өзіне міндеттеу, қайталап оқу, байланыс, адамды Тәңірмен байланыстырушы күш» деген мағыналарға келеді. Осы сөздің екі мағынасы төңірегінде ой қорытатын болсақ, «религия» сөзі адамды Тәңірмен байланыстырушы күш, яғни, байланысты әрі белгілі бір іс-әрекеттерді өзіне міндеттейтін іс-әрекетті білдіріп тұр. Бұл жердегі адам мен Тәңір арасындағы байланысты - сенім, мұсылманша - иман дейміз. Ал адам мен Тәңір арасындағы іс-әрекет, бұл - иман негізінде жасалатын - ғибадат. Сонда дін ұғымында екі негізгі ерекшелікті көріп отырсыздар. Оның біріншісі - сенім, иман, ал екіншісі - ғибадат, құлшылық ету.

Будда мәтіндерінде дін ұғымы «дхамма» сөзімен берілсе, санскрит тілінде «дхарма - шындық, туралық, заң, дәстүр, жүйе» деген мағыналарға сәйкес келеді. Сонымен әрбір діни мәдениеттердегі дін ұғымының сөздік мағыналарындағы «жол, сенім, әдет, құлшылық» сияқты ортақ түсініктерден діннің мәнін ұғынуға болады. Құранда дін сөзі тоқсан екі жерде кездеседі. Мұнда дін сөзі Тәңірге және адамға қатысты екі түрлі мақсатта айқындалады: біріншісі, Тәңір бағындырады, билейді, есеп алады, сый береді, адам оған мойынсұнады, бағынады, құлшылық етеді. Нәтижеде, дін екі тарап арасындағы байланысты реттейтін жүйе, ереже, заң және жолдың жалпы атауы деуге болады.

Дін мәселесі - адамдарды ежелден қызықтырып, танымын қалыптастырып келе жатқан орталық құбылыс. Әрбір адам дінді түсінуге және сол арқылы өмірін қалыптастыруға тырысқан. Дініне байланысты өмір сүріп, балаларын сол рухта тәрбиелеген. Ой-санасы мен білімін қолданып, өзі таңдаған дінді қорғап, оны жалғастыруға тырысқан.

Жалпы адамзат тарихына көз жүгіртер болсақ, діннің, рухани фактордың шешуші рөлі бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Мысалы, соңғы христиан діні мен ислам дінінің дүниеге келуі адамзат тарихына зор өзгерістер әкелді. Аталған діндердің адамзат қоғамына әкелген өзгерістеріне талдау жасар болсақ, діннің аса қуатты күш екенін анық байқаймыз. Дүниедегі халықтар, мемлекеттер өз тарихын зерттегенде діни, рухани үдерістерді негізге алады. Адамзат баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша мақлұқаттың қожасы екенін, бірақ сол үшін осы әлемнің иесі алдында жауапты екендігін сезіндіретін нәрсе - дін. Бұл адамзат қоғамының діннен тыс өмір сүре алмайтындығын көрсетеді. Өйткені дін адамзат қоғамының басты реттеуші құралы болуымен қатар, оның мәдениеті мен өмір салтының негізгі қайнар көзі болып табылады. Сондықтан кез келген халықтың рухани, мәдени болмысы діннен тыс болуы мүмкін емес. Бұл кез келген халықтың тарихи тағдырында діннің шешуші рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын басты фактор екендігін көрсетеді. Өзінің дәстүрлі дінінен бас тартып, өзге дінді қабылдау қай халық үшін де қауіпті. Өйткені дінін өзгертіп, жаңа дін қабылдаған халық өзінің дәстүрлі мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін құрбандыққа шалып, жаңа діннің талабына сай келетін мәдениет пен әдет-ғұрып, салт-дәстүрді қайта қалыптастыруға мәжбүр болады. Нәтижесінде өз ата-бабаларынан иман-сенімі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, жалпы мәдениеті мүлде бөлек халық тарих сахнасына шығады. Ондай әрекет кез-келген халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи болмысын жоғалтуға әкеледі.

Діннің анықтамасы. Шындығында анықтама беруде қиын ұғымдардың ішіндегі ең күрделісі де дін ұғымы. Өйткені діндер өте көп, пішіні мен ерекшеліктеріне қарай сан алуан. Осылардың барлығына ортақ, жалпы анықтама беру оңай шаруа емес. Дегенмен, ғылымда дін туралы анықтамалар бар. Бұл анықтамалар адамның практикалық, психологиялық, қоғамдық, рационалдық қатынастары негізінде жасалған. Мысалы, адамның өзінен құдіреті күшті жаратушының, киенің барлығын ойша қабылдауы - бұл Тәңір ұғымы. Жалпы алғанда киелілік ұғымы барлық діндердің мазмұнында бар. «Адам санасымен бар екендігі қабылданған киеліге, құдіретке жүрекпен, сеніммен қатынас жасау», «санамен қабылдап, жүрекпен байланған Ұлы Құдіретке құлшылық ету», «бірдей сана, таным, құлшылық негізінде адамдардың қалыптастырған әлеуметтік жамағаты» және т. с. с. кете береді. Бұлар діннің құрылымдық элементтерін де көрсетеді. Сонымен қатар дін ғылымдары тұрғысынан дінді қалыптастырушы элементтерге мыналар жатады: метафизика, ғайып әлемі, тәңір, періштеге және т. б. сену; киелі мен киелі еместі ажырату; құлшылық, табыну, рәсімдер, қасиетті мәтіндер; адам бойындағы киеліге қатысты сезімдер (үрей, үміт, сыр, күнәһарлық, табыну) ; тәңірмен байланыс (аян, пайғамбар, дұға, мінәжат, шабыт) ; әлем мен адам, оның өмір мен өлім және ақырет туралы түсініктері, тіршілік формасы, қоғамдық жамағатқа тән болу сезімі.

Бірақ бұлардың барлығы көп діндерде кездескенімен, кейбірінде толық бола бермейді. Бұл діндердің ерекшелігін көрсететін негізгі сипаттар. Ислам ғалымдары діннің анықтамасын Құран мәтініне сүйене отырып жасаған: «Дін дегеніміз - ақылды адамдарды (жынды емес) өз қалаулары бойынша тек ізгілікке бастайтын құдайлық заңнама». Бұл анықтамалардағы ортақ желі - діннің құдайлық негізден келген жүйе екендігі. Яғни шынайы дін адамдар тарапынан құрылмайды. Құрылса шын дін емес. Тағы бір анықтама бойынша, дін - ақыл-ой, ерік, яғни таңдау арқылы мәнге ие болатын заң. Дін - адамдарды тек игілікке, жақсылыққа бағыттайтын заңнама ретіндегі іс-әрекеттер жиынтығы. Әрі Тәңірдің аяны арқылы қол жеткізетін ақиқат.

Мұсылман оқымыстылары дінге Құран Кәрім мен ислам сенім негіздеріне сүйене отырып көптеген анықтамалар берген. Солардан мысал ретінде Саид Шәриф Жүржанидің: "Дін - ақыл иелерінің, пайғамбарлардың баяндаған ақиқаттарын қабылдауға шақыратын құдайлық заң" - деген анықтамасы мен Имам Ғазалидің: "Дін - Алла мен адам арасындағы байланыс" - деген танымын айтуға болады.

Дін туралы әрбір анықтама діннің әр түрлі ерекшеліктерін көрсеткен. Бірақ барлық анықтама діннің адам үшін пайдалы екендігіне тоқтаған. Мысалы, «дін - адамды туралық пен әдемілікке жетелейтін жол», «адамды өз жаратылысына сай жетілдіретін ілім», «дін - адам өмірін тәртіпке келтіретін жүйе», «адамды шындыққа жеткізетін жарық», «дүние мен ақыретте бақытты болу жолдарын көрсететін ереже мен қағидалар жинағы», «дін - құдайлық ережелер мен соларға сүйенген әдеттердің жиынтығы» т. с. с. жалғасып кете береді. Алайда құдайлық діндерге тән көптеген анықтама бар. Бұлардың пікірінше, дін - пайғамбарлардың Алладан аян арқылы әкелген жолы, Алланың пайғамбар арқылы білдіретін ақиқаттары. Құрушысы Алла, негізі болған қағидалар жинағы болып табылады. Онда дін адам үшін жіберілген. Адам жаратылысындағы сенім сезімін күшейтеді. Яғни дін - иман арқылы адам мен Алла арасын байланыстырушы күш. Дін сезімі жаратылыстан келеді. Адам нәсілі сенім сезімімен бірге туады. Міндетті түрде бір нәрсеге сеніп, діни сезімді сөндірмеуге тырысады. Өйткені дін - адам рухының азығы. Діннің қажеттіліктерін қамтамасыз ететін адам рухының қанағаттануына үлкен мән береді. Рухани ләззат, тыныштық, бақыт түсініктері осы дінге, діни санаға негізделеді. Рух пен денесін тең дәрежеде қанағаттандыратын адам негізінде жаратылу мақсатын жүзеге асырады. Дененің қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, рухын қанағаттандырмаған адам жарымжан болады. Ал мықты адам жаны мен тәнін бірдей қанағаттандырады.

Діннің әлеуметтік маңызы. Дін - адам жанының азығы. Сондықтан бір адамның толық адам болуы үшін дін керек. Дін дегеніміз - сенім. Осы сенім бойынша өмір сүретін адам ауыр қылмыстар мен күнәлі істерге бармайды. Өйткені дүние жүзіндегі діндердің қайсы бірін алып қарасақ, оның бәрі жеке адамға, қоғамға зиян беретін жолдарға баруға тыйым салады. Дін адамның көңіліндегі, жүрегіндегі жаман әрекеттерді тазалаудың негізгі құралы.

Дін адам психологиясындағы үрей, қорқыныш, қайғы, үмітсіздік сияқты кейде адамның басына келетін қиыншылық жағдайда көмек береді. Яғни адам осындай қиын жағдайларда өз сеніміндегі құдіретті құбылысқа жалбарынып, көңілін орнына түсіреді, рухани дүниесі тыныштық табады.

Сонымен бірге дін қоғамның тәртіпті, бақытты болуын қамтамасыз етеді. Өйткені дінге шын сенген адам жаманшылыққа бармайтыны сияқты, дін мықты қалыптасқан қоғамда да қылмыстар мен күнәлі істер кездесе бермейді және ол қоғамның болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Ал дін мен рухани байлығы әлсіреген қоғамдардың ұзақ өмір сүруі өте сирек. Өйткені ол қоғамда діннің әлсіреуі адамдардың азғындауына, бір-біріне деген мейірімділігінің азаюына, олардың түрлі қылмыстар мен күнәлі істерге баруына жол ашады. Мұндай қоғамды дінсіз, қоғамдық тәртіп құралдарымен жөнге келтіру өте қиын. Ал дін адамның жүрегінде орын тепкендіктен, дін арқылы қоғамдағы адамдарды тәртіпке келтіру соншалықты қиыншылық туғызбайды. Дүниедегі діндердің ешбірі адамдардың жаман жолға түсуіне жол бермейді. Қоғамдық тәртіп құралдары адамның сыртқы көрінісіне назар аударса, дін адамның сыртқы көрінісіне әрі ішкі дүниесіне де көңіл бөледі.

Тарихта мәдениет қалыптастырып, мемлекет құра алмаған халықтар болған. Бірақ дінсіз және ғибадатханасыз халық болмаған. Дін барлық салада адамға қатысты, оның түпкілікті пайдасын көздейді. Адамның жан тыныштығын және бақытты болуын қалайды. Сондықтан дін адамды негізге алған. Діни қағидалар арқылы адам өзінің ой-пікірін, жаратылысын және моральдық еркіндігін қорғауға бағытталған негіздерін табады және жеке адам мен қоғамға бақыт әкеледі. Құлықты (мінез-құлықты) жақсартып, қабілеттерін жетілдіреді. Сондықтан дінсіз адамзат тарихын елестету мүмкін емес. Бірі болмаса, екіншісі болмайды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Зәки Уәлиди Тоған
Қазақстандағы бастауыш мектептердің қалыптасуы мен дамуы (1861-1930 ж.ж. материалдар негізінде)
Математикалық индукция әдісі
Мектеп жүйесінің құрылуы
Орта мектепте информатика пәнін оқытудың негіздері
Оқушының бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру
БАСТАУЫШ МЕКТЕПТЕ ИНФОРМАТИКА ПӘНІН ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Жоба тапсырмасы
Мектеп журналының электрондык түрі
Бастауыш сынып оқыту процесіне жаңа оқу - әдістемелік кешенді енгізу
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz