Етістіктің аналитикалық форманттары пәнінен лекциялар жинағы


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 70 бет
Таңдаулыға:   

Қ. А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ

ҚАЗАҚ ТІЛІ КАФЕДРАСЫ

Етістіктің аналитикалық форманттары

пәнінен

ЛЕКЦИЯЛАР ЖИНАҒЫ

050117 - Қазақ тілі мен әдебиеті, 050205 - Филология: қазақ тілі

мамандықтарына арналған

Пән оқытушысы: ф. ғ. к., доцент Г. Қ. Жылқыбай

ТҮРКІСТАН -2011

1-лекция

Тақырыбы: Кіріспе. Етістіктің аналитикалық форманттары туралы.

Жоспары: 1. Аналитизмнің зерттелу тарихы

2. Аналитикалық форма мен аналитикалық форманттар

3. Етістіктің аналитикалық форманттарына тән белгілер

Лекция мәтіні:

Тюркологияда аналитизм проблемасы зерттеуді қажет ететін күрделі мәселелерге жатады. Бұл аналитизмнің түркі тілдерінің грамматикалық құрылысынан алатын орнына да, зерттелу дәрежесіне де байланысты. Осы күрделі мәселенің тілдің грамматикалық құрылысына байланысты болатын себебі - бұл грамматикалық құрылыстан кең орын алатын өте өнімді тәсілдерге жатады.

Түркі тілдерінің грамматикалық құрылысына аналитизм кең тараған және түрлі қызмет атқарады, соған орай, тілде аналитизм құбылысы алуан түрлі сипат алады, ол қыры сыры мол тілдік құбылысқа жатады. Бұл пәнде етістіктің анлитикалық форманттары туралы кеңірек айтылады. Себебі бұл проблема тюркологияда кейінірек зерттеле бастады, сондықтан оған байланысты терминдер де кең тарап үлгерген жоқ. Қазақ тіл білімінде етістіктің аналитикалық форманттары соңғы кезде ғана зерттеле бастады. Аналитизм тюркологияда актуалды проблемалар қатарында болса, сол проблеманың күрделі бір тармағы - етістік аналитизмі. Етістікте аналитизм күшті дамыған. Етістіктің аналитикалық форманттары етістік категорияларының аналитикалық формаларымен байланысты. Ал етістіктің аналитикалық формаларының теориясы сөздің аналитикалық формасы туралы жалпы теориямен түйіседі, өйткені сол жалпы теорияның бұл жеке мәселесіне жатады. Тіл білімінде сөздің аналитикалық формасы деп лексикалық мағыналы сөз бен көмекші сөздің грамматикалық мағына беретін тіркесін айтады.

Аналитикалық формалы сөзде грамматикалық мағына сөздің дыбыстық құрамынан тыс тұратын тілдік элемент арқылы беріледі. Сөздің дыбыстық құрамына енбей, оған тіркесу арқылы грамматикалық мағына үстейтін элементке көмекші сөздер жатады. Сөздің синтетикалық формасын жасаушы элементтен аналитикалық форма жасаушы элементті ажырату үшін, оны аналитикалық формант деп атап жүрміз.

Түркі туыстас тілдердің грамматикалық құрылысы бойынша сөз формасын өзгертуші элементтерді түбірден бөліп алу оңай, олардың жігі анық көрініп тұрады.

ЕАФ-тардың басым көпшілігі қосымша мен көмекші етістіктен құралады. Олардың мағынасы құрастырушы сыңарлардың мағынасының жай ғана қосындысы емес. Аналитикалық форманттың құрамы қанша күрделі болса да, олар біртұтас мағына береді, құрастырушы сыңарлардың мағынасы идиомаланып, бір мағынаға көшкен. Мұндай күрделі форманттардың құрамы тұрақты, оны құрастырушы сыңарлардың орны берік. ЕАФ құрамындағы мофемалар бірімен бірі жымдасып кетпей, қосымша негізгі етістікке қосылып, көмекші етістік бөлек жазылады. Бірақ олардың тұтастығы мағынада, құрамының тұрақтылығында, орындарының беріктігінде, сыңарларының үнемі қатар қоланылуында.

ЕАФ-тар грамматикалық дамудың нәтижесінде қалыптасқан дайын көрсеткіштер болғандықтан, басқа грамматикалық көрсеткіштердің, негізгі белгілері бұларда да бар. Осы ретте қосымша мен ЕАФ-тардың негізгі белгілерінің ортақтығын көрсетуге болады.

Қосымшалардың негізгі белгілерінің біріне мағына тұтастығы жатады. Қосымша дара болса да, сөзге біртұтас мағына қосады. Осы белгі күрделі форманттардан да орын алады. ЕАФ қанша морфемадан құралса да, бір мағына береді. Мысалы -са екен тілек мағынасын береді (оқыса екен) ; - ушы болма тыйым салуды білдіреді (оқушы болма) .

Егер қосымшалардың құрамы тұрақты болса, ол аналитикалық форманттарға да қатысты. Мысалы, -а ал формантының құрамы тек қана осы элементтерден тұруға тиіс, оны тіпті - п ал түрінде де өзгертуге болмайды, өйткені олар тілдегі жеке-жеке форманттар, сондықтан мағыналары да басқа. Мысалы, жаза ал, жазып ал формасындағы етістіктерде жазу мағынасына екі түрлі мағына қосылған. Қосымшалардың құрамындағы элементтердің орны тұрақты болады. Ол ерекшелік - ЕАФтардың да негізгі белгісі. Сондықтан форманттардың құрамындағы элементтер де үнемі бір тәртіпте ғана қолданылады. Сөзге әуелі көмекші етістікті, одан кейін оның қосымшасын жалғауға болмайды. Мысалы, кел-е сал деген керісінше кел сала айтылмайды.

Қосымшалар қалай түбір етістіктен кейін жалғанса, ЕАФ-тар да түбір етістіктің соңына ғана тіркеседі. Тек қосымшалар түбір сөздің дыбыстық құрамына қосылады да, көмекші етістік сөзден алшақ тұрады. Бұл - ЕАФ-тардың негізгі айырмашылығы. Қосымшалар сияқты ЕАФ-тар да белгілі категориялардың көрсеткіштері, сондықтан бұлар арқылы да етістік топтары түрлене береді, олар жеке етістікке байлаулы емес.

Ғылымда ЕАФ-тардың сөзге тіркесу заңдылығы да ерекше орын алады. Түркологияда қосымшалардың сөзге жалғану заңдылығ ашылған, ол ғылымда сипатталған, бірақ аналитикалық форманттардың сөзге тіркесу заңдылығы ғылымда толық қарастырылған деуге болмайды. Аналитикалық форманттардың әрқайсысының жеке мағыналары түркологияда да, қазақ тіл білімінде де біраз анықталып қалды, бірақ мағынадағы жалпылық құбылыстардың зерттелуі ондай дәрежеде емес. Сондықтан олардың мағынасына байланысты жалпылық белгілер де анықталуы қажет, өйткені бұлардың мағыналық жалпы сипаттары бары сөзсіз, оған тіл фактілері толық дәлел. Мәселенің грамматикалық семасиология тұрғысынан да маңызы зор. Сөйтіп, еңбекте арнайы сөз етіліп отырған мәселелер тың проблемаға жатады. Олардың зерттелуінің теориялық та, практикалық та маңызы бар.

Пайдаланатын әдебиеттер:

1 Аханов К. А. Грамматика теориясының негіздері. Алматы, 1972.

2 Оралбаева Н. Аналитические формы глагола в современном казахском языке. Алма-Ата, 1971.

3 Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары. Алматы, 1975.

4 Оралбаева Н. Көмекші етістік. Алматы, 1975.

5 Нелисов Е. А. Аналитическая форма глагола в системе соотносительных единиц. Алма-Ата, 1966.

6 Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттарының құрылысы мен мағынасы. Алматы, 1979

7 Ысқақов К. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. - Алматы: Ана тілі, 1991. - 348 б.

СӨЖ :

Етістіктің аналитикалық форманттарының қазақ тіл білімінде зерттелуі

2-лекция

Тақырыбы: Етістіктің аналитикалық форманттарының құрылысы

Жоспары: 1. Аналитикалық форманттардың құрылысы туралы

2. Форманттарды морфема санына қарай топтастыру

3. Етістіктің бір морфемалы аналитикалық форманттары

Лекция мәтіні:

Қазіргі қазақ тілінің грамматикалық құрылысында қолданылып жүрген ЕАФ-тардың құрылысы алуан түрлі. Мысалы: Жарықтығым ендігәрі Абайды бұндай жерге бастай көрме. Дастарқанға келген етті де кесе алмай, Дәрмен мен Кәкітайлар қайта-қайта күліседі (М. Әуезов) . Бұл екі мысалдағы ЕАФ-тар: -й көрме, -е алма бұлардың құрамы өте ұқсас, морфема саны да бірдей, оның біріншісі қимылды жасауға тыйым салады, екіншісі субъектінің қимылды жасау мүмкіндігі жоғын білдіреді. Мысалда -й көрме, -е алма форманттарының әрқайсысы тұтас бір мағына беріп, бір морфеманың қызметін атқарып тұр. Осындағы әр ЕАФ-тың құрамында үш морфема бар, олардың әрқайсысы дыбыстық құрамын толық сақтаған, орналасу тәртібі бе бірдей, екеуінде де алдымен көмекші етістікті негізгі етістікпен тіркестіретін көсемшенің жұрнағы, одан соң көмекші етістік, оның құрамында етістіктің болымсыздық жұрнағы тұр.

Төменде келтірілген ЕАФ-тың бұларға құрамындағы морфемаларының саны ұқсағанмен, олардан үлкен айырмасы бар, жоғарыдағы ЕАФ-тардың екі қосымша, бір көмекші етістіктен құрылса, мұндағы формант бір қосымша екі көмекші сөзден құрылған: − Ойпырмай, қалқам Абай−ай, қиын болмаса игі еді (М. Әуезов) .

Мына төмендегі мысалдардағы ЕАФ-тардың құрамы бұлардан да өзгеше: Абай бұққан жоқ, тосып қалды. Мұнда - ып қал форманты қолданылған, ол екі морфемадан құралған. Екі морфемалы ЕАФ-тар тілде өте көп, соған орай оның ішкі ерекшеліктері де жеткілікті. Тілімізде бір ғана морфемадан тұратын ЕАФ-тар да бар: - Сүйіндіктер тобы келместен бұын, бейіттің басында үш-төрт қана адам отыр еді. Абайдың өз шешесі Ұлжан мен екінші шешесі сұлу жүзді - Айғыз қатар тұр екен. Бұл сөйлемдердегі ЕАФ-тар: еді, екен, олар тілдегі ең көлемі шағын ЕАФ-қа жатады, бұлар нақты бір морфемадан ған тұрады. Сөйтіп тілімізде грамматикалық қызметте қолданылып жүрген ЕАФ-тардың құрылысы алуан түрлі ерекшелікке мол.

Бұл бөлімде ЕАФ-тардың құрылысындағы осындай ерекшеліктерді көрсету мақсаты қойылды. ЕАФ-тың құрылысын анықтаудың теориялық та, практикалық та мәні бар. Теориялық тұрғыдан алғанда, біріншіден, тілдің грамматикалық қызметтегі единицалары жайындағы теория анықталады, олардың құрылысының қаншалықты күрделілігі көрсетіледі, оның сыры ашылады. Екіншіден, ол тілдің грамматикалық дамуының бір сатысының айғағы, оның нақтылы айнасы қызметін атқарып, бұл теорияға да біраз үлес қосады. Үшіншіден, тіліміздің грамматикалық құрылысынан аналитизм қаншалықты орын алатынын да аңғартады. Бұлардың қайсысы болмасын − қазақ тіл біліміндегі түбегейлі мәселелер.

Практикалық тұрғыдан бұл проблеманың төмендегідей ұтымдылығы бар. Проблема жаңа болғандықтан, ол мектеп оқулығын атамағанда, жоғары оқу орындарының оқулықтарының бәрінен орын алып болған жоқ. Әзірге осы проблема жөнінде профессор А. Ысқақовтың жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында біраз мағлұмат берілген. Олай болса проблеманың айқындалуы студенттердің тілде грамматикалық қызмет атқаратын элементтерді тануына, грамматикалық единицалардың ерекшелігін толық ажыратуына, сол арқылы тілдің грамматикалық құрылысын меңгеруіне әсер етеді. Тілдің грамматикалық құрылысын жақс меңгермеген адамның одан жақсы маман болуы да мүмкін емес. Бұдан проблеманың практикалық мәні анықталады.

Форманттарды морфема санына қарай топтастыру. Етістіктің аналитикалық форманттарының құрамы күрделі. Тілдегі осы күрделі көрсеткіштердің тұтастығы, бірлігі үнемі танылып жүрген жоқ. Ал тілде грамматикалық даму нәтижесінде қалыптасқан күрделі элементтер өте көп. Оған мысалды тілдің түрлі саласынан келтіруге болады. Мысалы лексикадан тұрақты сөз тіркестерін алайық: ит өлген жер, қас пен көздің арасында, кірпік қаққанша, киімнің ішкі бауындай, тайға таңба басқандай сияқты тұрақты сөз тіткестердің әрқайсысының құрамында бірнеше сөз бар. Бірақ олар тіркесте өз мағыналарында тұрған жоқ. Әр тіркесте бірнеше морфема барына қарамастан, олар тілде бір тұтастықта қаралады. Өйткені бұлар бір мағына береді, бір сөздің қызметін атқарады. Бірақ тұрақты тіркестердің жеке сөзден құрамы басқаша. Сондықтан олар ғылымда өз алдына тілдік құбылыс саналады.

Тілдегі күрделі элементтер тобында күрделі сөздерді атауға болады, олар да бірнеше морфемадан құралып, бір мағына бараді. Мысалы сары ала, ақ сары, он бес, екі жүз елу, т. б. Қосымшалардың да бірімен бірі кірігіп, тұтас бір көрсеткішке ауысуы тілде жиі кездеседі. Мұнда да күрделі қосымшалардың құрамындағы жеке қосымшалар мағына дербестігінен айрылған, олар бір ғана мағына білдіріп қоймай, морфемдік құрамы да бір тұтастыққа жеткен. Мысалы - малы, -ыңқыра, - ыншы, -рақ, -лар, -ымыз, -іңіз т. б. Осы сияқты құрамы күрделі қосымшалар тілде өте көп, оның көбінің іздері қазір ізі де сақталмай, дара қосымшалар қатарында жүр. Келтірілген фактілер тілдік единцалардың күрделенуі тілдің барлық саласынан орын алатынын байқатты. Ол заңдылық, тілге кең тараған және ол көне замандардан келе жатыр. Бұл−тіл дамуының ежелгі тәсілдеріне жатады.

Осы заңдылықтың нәтижесінде қалыптасқан тілдің басқа элементтері негізінен танылып жүр, бірақ ЕАФ−тарда ол көбіне ескерілмейді. Бұл әрине орынды емес. ЕАФ−тар да тілге кең тараған осы заңдылықрен байланысты қалыптасқан. Оның құрамындағы морфемалар да грамматикалық дамудан өткен, ол морфемалар бірімен бірі мағына жағынан жақындасқан, сөйтіп жалпы мағынаға көшкен, дербестігінен айырылған. ЕАФ - дың құрамындағы морфемалардың бәрі күрделеніп, бір морфеманың қызметін атқарады. Олай болса, \ЕАФ - тар тілдегі басқа күрделі элементтер сияқты. Тек ол сол күрделі элементтердің грамматикалық тобына жатады. Сондықтан ЕАФ - тардың күрделілігі - осы көрсеткіштердің өзіндік ерекшелігі. Осымен байланысты тіліміздегі ЕАФ - тардың құрылысын анық көрсете үшін, әр топтың ішкі ерекшелігін көрсетеміз. Бір күрделі мағына беретін, әр қолданыста белгілі бір қызмет атқаратын, тілдегі функциональды, грамматикалық единицалар тобына енетін ЕАФ - тардың бірлігін, тұтастығын оның құрамындағы морфемалардың санына қарай топтастыру арқылы қарастырамыз. Осы топтастырудың өзі олардың құрамының күрделілігін ескертіп тұрса, екіншіден, олардың құрамындағы морфемалардың санын анық көрсетеді. Сонымен бірге олар қанша морфемалардан құралса да, тілде қызметі жағынан күрделі мағыналы грамматикалық единицалар тобына жататыны аңғарылады, өйткені топтастыру тек соларға ғана байланысты жасалған.

Сөйтіп, қазақ тіліндегі ЕАФ - тар құрамындағы морфеманың санына қарап бір морфемалы, екі морфемалы, үш морфемалы, төрт морфемалы болып бөлінеді.

Етістіктің бір морфемалы аналитикалық форманттары. Қазіргі қазақ тілінде бір морфемалы ЕАФ - тардың саны өте аз, олар:ø еді, ø екен, ø емес, ø жоқ. Саны аз болғанмен, бұлар − өте актив форманттар, тілде жиі қолданылады.

Бір морфемалы ЕАФ - тарға бұрын баспа бетінде жарияланған еңбектерде сипаттама берілмегендіктен, олардың әрқайсысына қысқаша түсінік берген жөн.

ø еді форманты − қатыстық өткен шақтың көрсеткіші. Ол етістіктің нақ осы шақ формаларынан соң тіркесіп, оларға өткен шақ мағынасын береді. Мысалы: Осы бұлақ маңында бір мола тұр еді. Бөжей мына екеуін тыңдаумен отыр еді. Мұндағы ø едіформанты бұрын нақ осы шақта болған болған қимылды кейін хабарлауды білдіреді. Осы сөйлемдердегі сияқты ол нақ осы шақтың дара түріне де, күрделі түріне де тіркесіп, одан дәлірек айтсақ, өткен шақтағы осы шақты жасайды. Мысалы, Сағынған баласының келер мөлшерін Байтас кеткеннен бері шешесі Ұлжан да есептеп, осы бүгінге ұйғарып, жүр еді. Сергек жіті қозғалысты Жағыпар да машинадан атқып түсіп, тың тыңдап тұр еді. Үй ішінде бір әйел басына қалың шәлі ораған қалпында босаға жаққа айналып, нан илеп, кіргендерге сырт қарап отыр еді.

Осы сөйлемдердегі ø еді форманты тіркескен аналитикалық формалы етістіктердің бәрі қатыстық өкен шақта тұр. Бұл шақтың мағынасы етістікке ø еді форманты арқылы қосылған, ол тіркеспес, бұл етістіктер нақ осы шақ мағынасын береді: ұйғарып жүр, тың тыңдап тұр, кіргендерге сырт қарап отыр. Сөйтіп, жоғарыдағы келтірілген сөйлемдерде өткен шақ мағынасын ø еді форманты беріп тұрғанына ешбір күмән болуы мүмкін емес.

Бұларда ø еді форманты нақ осы шақ формасына қосымшасыз тіркескен, өйткені отыр, тұр, жүр етістіктерінің құрамында нақ осы шақтың бөлуге келетін қосымшасы жоқ. Бұл ø еді формантының бір морфемадан тұратынын көрсете алады. Тарихи жағынан еді көмекші етістігі екі морфемадан құралғаны ғылымда белгілі. Бірақ ол тілдің қазіргі даму сатысысында осы формада көмекші етістік ретінде танылады, сондықтан оны бір морфемалы ЕАФ санаймыз.

ø еді форманты етістіктің нақтылы бір формаларымен ғана тіркеседі, олар − нақ осы шақтағы отыр, тұр, жүр етістіктері мен нақ осы шақтың -п жүр, −п тұр, −п отыр форманттар. Бірақ ол етістіктің аз формаларына ғана тіркесетініне қарамай, тілде жиі қолданылады. Ол бұл формалардың активтігіне де, қатыстық өткен тілде жиі қолданылуына да байланысты.

ø екен форманты да осы топқа жатады. Бұл ø еді формантына өте жақын, ол да ø еді форманты тіркесетін етістік формасына ғана тіркеседі. Шақтық мағынасы да ұқсас, өткен шақты білдіреді. Мысалы: Абайдың өз шешесі Ұлжан мен екінші шешесі, сұлу жүзді Айғыз қатар тұр екен. Өзіне таныс мәдениет қызметкерлерінің бір төртеуі қатар отыр екен. Үйдің дәл қақпасы мен пұшпағының аралығында қарауытып үлкен үш тонналық жүк машинасы тұр екен. Жоғарыдағы сөйлемдердегі етістіктерде ø екен формантынсыз өткен шақтық мағына сақталмайды . . . Ұлжан мен екінші шешесі сұлу жүзді Айғыз қатар тұр деп өзгертсек, етістік нақ осы шақты білдіреді. Міне, бұл жағдай ø екен формантының өткен шақтық мағынасын анық дәлелдейді. Оның есім сөзге тіркесі де осыны көрсетеді.

ø екен форманты да тек бір ғана көмекші етістіктен тұрады, ол да тарихи жағынан екі морфемадан кіріккеніне қарамастан, қазір біртұтас көмекші етістік, сондықтан ол бір морфемалы ЕАФ-жатады.

ø еді мен ø екен форманттарының ұқсастықтары көп, бірақ олардың мағынасында айырма да, өзіндік реңк де жоқ емес. ø еді формантын субъект өзі көрген, өзі қатысқан анық қимылмен, іс әрекетпен байлансыты қолданады. ø екен форманты көбіне субъектінің өзі нақтылы қатыспаған, өз көзімен көрмеген, өзі бұрын білмеген, қимыл, іс әрекет туралы айтылғанда қолданылады.

ø емес форманты - етістіктің болымды - болымсыздық категориясының көрсеткіші. Етістіктің бұл категориясының мағынасы өте жалпы, етістіктің барлық категориясы не болымды түрде, не болымсыз түрде қолданылады. Бірақ етістіктің болымды формасы барлық категорияда бірдей болғанмен, оның болымсыздық формасы категорияларда бірдей деп айта алмаймыз. Шартты рай, қалау рай, бұйрық рай, жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ауыспалы осы шақ сияқты етістік формалары болымсыздық аналитикалық форманттармен тіркеспейді. Олардың болымсыздық мағынасы тек синтетикалық форма арқылы беріледі. Мысалы: келмесе, келмегей, келмеді, келмепті, келмейді , т. б.

Болымсыздықтың тек қана аналитикалық формасында қолданылатын етістік категориялары да бар, бұған мысалға мақсатты келер шақты келтіруге болады.

Бұдан шығатын қорытынды етістік категорияларының болымсыздық формалары бірдей емес. Әр категория тілдегі болымсыздық көрсеткіштердің белгілі түрлерін ғана қабылдайды.

ø емес форманты да осы пікірді толық дәлелдейді. Ол етістіктің барлық категорияларына қатысты емес, тек шақ категориясынаың болмсыз түрін жасады және шақтың да тек есімше арқылы жасалатын ауыспалы, болжалды, мақсатты, келер шақтар мен бұрынғы өткен шақтың ғана болымсыз түрін жасайды. Мысалы: Ерік берсе, осы топ мына бейбіт жылқыға тиіп кетуден де тайынатын емес. Ірге бермек емес. Бірақ Абай күлер емес. Қамқаны дәл өз ішінен шыққан Құтжаннан бірде бір кем сүйген емес.

ø жоқ форманты бір шақтың, бір ғана түрінің болымсыз мағынасын білдіреді. Ол - бұрынғы өткен шақтың есімше (ған) түрі . Оның болымсыз мәні белгілі кезеңдегі, белгілі кеңістіктегі нақтылы қимылға байланысты. Мысалы: Сабырлы Ұлжан осыдан әрі ешнәрсе сұрап тақымдаған жоқ. Үйде әкесін де, өзгені де үркіткен жоқ. Алайда ø жоқ формантының қолданылу аясы тар болғанмен, тілде ол да аз қолданылмайды.

Бір морфемалы ЕАФ - тардың өзіндік ерекшеліктері бар. Оны морфемдік құрамынан бастаған дұрыс, өйткені осы топты жеке бөліп алуға олардың құрамы себеп болды. Бұл топтағы ЕАФ - тар тек көмекші сөзден ғана тұрады. Олардың дербес сөзбен байланыстырушы қосымшалары жоқ, сондықтан да мұндай бір көмекші етістіктен тұратын форманттар бір морфемалы ЕАФ деп аталады.

луі

Пайдаланатын әдебиеттер:

1 Аханов К. А. Грамматика теориясының негіздері. Алматы, 1972.

2 Оралбаева Н. Аналитические формы глагола в современном казахском языке. Алма-Ата, 1971.

3 Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары. Алматы, 1975.

4 Оралбаева Н. Көмекші етістік. Алматы, 1975.

5 Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттарының құрылысы мен мағынасы. Алматы, 1979

6 Ысқақов К. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. - Алматы: Ана тілі, 1991. - 348 б.

СӨЖ :

Етістіктің аналитикалық форманттарының қазақ тіл білімінде зертте

3-лекция

Тақырыбы: Етістіктің екі морфемалы аналитикалық форманттары

Жоспары: 1. Форманттарды морфема санына қарай топтастыру

2 Етістіктің екі морфемалы аналитикалық форманттары

3 Екі морфемалы ЕАФ−тардың жалпы модельі мен оның түрлерінің модельдері

Лекция мәтіні:

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытудың теориясы мен практикасы
Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытудың әдістемесі
ЕТІСТІКТІҢ АНАЛИТИКАЛЫҚ ФОРМАНТТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖӘНЕ МАҒЫНАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формаларын жасаудағы көмекші етістіктердің рөлі
Етістіктің зерттелуі туралы
Сөздің грамматикалық мағынасы
Аналитикалық формалы етістіктер
Қазақ тілі морфологиясы жөніндегі ілімдердің қалыптасуы мен дамуы
Етіс категориясы - түбір етістіктен туатын грамматикалық форма
Етістіктің қазақ тілінде зерттелуі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz