Адамзат тарихының күре тамыры – мәдениет


Жоспар
Кіріспе
Адамзат тарихының күре тамыры - мәдениет
Негізгі бөлім
Осы заманғы мәдениеттің ғаламдасу жағдайы
Төл мәдениетіміз бен әлемдік руханият жауһарлар
Қорытынды
Адамзат тарихының күре тамыры мәдениет болса, мәдениеттің күре тамыры - адам баласының ақыл-ойы мен қимыл-қаракеті дүниеге әкелген ғажайып рухани және материалдық құндылықтар. Қай халықтың болсын өзге ешбір жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзгеше тағдыр-талайын айқындайтын да, түптің түбінде, сол жауһар жәдігерлер. Олардың ұлт рухының тірегі, халықтық қасиеттер қайнары саналатыны да сондықтан.
Осыдан он бес жыл бұрын тәуелсіздік туын көтерген қазіргі қазақ мемлекетінің бой көтерер тұсында басқа емес, тап “Мәдени мұра” бағдарламасының жаңашыл рухтың тұғырлы тетігіне айналу сырын да осындай айтулы астарлардан іздеген жөн. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жасалып, ұдайы қамқорлығы арқылы ойдағыдай жүзеге асырылған бұл аса ірі әлеуметтік жоба мәдениетке деген мемлекеттік көзқарастың соны стратегиялық ұстынын айқындап қана қойған жоқ, жаңа қазақстандық қауымдастықтың өскелең әлеуеті мен гуманистік бағыт-бағдарын да барынша бедерлі таныта алды.
Осы орайда бағдарламаның аз уақыт ішінде-ақ халықаралық зор беделге ие болғандығын да атап айтқан жөн. Еуразия кеңістігінде өткен ғасырдың соңында дүниеге келген жаңа тәуелсіз мемлекеттер ғана емес, Қытай мен Ресей тәрізді алып көршілеріміз де мәдениетке мемлекеттік тұрғыдан тиянақты қолдау көрсетудің қазақстандық үлгісіне айырықша қызығушылық танытқаны белгілі. Ірі басқосуларда, мысалы, Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің мәдениет министрлері форумында, делегация жетекшілері құжатты аттай қалап сұратқандары да соның бір жарқын дәлелі. Ал таяуда Түркияда өткен түркі тілдес елдер басшыларының саммитінде ортақ мәдени мұра мәселелерін жан-жақты зерттеп-зерделеуге, бірегей құндылықтарды бірлесе танып-біліп, бірлесе игеріп-дамытуға жол ашатын осындай мемлекетаралық бағдарлама жасауға ниет білдірілді.
“Мәдени мұра” бағдарламасы екі рет ЮНЕСКО аясында арнайы әңгіме арқауына айналып, халықаралық гуманитарлық сала қауымдастығының ресми оң бағасына, айырықша қолдауына ие болды. Бірінде - осы заманғы Орталық Азия мәдениетінің ғаламдасу жағдайындағы мүмкіндіктері мен проблемаларына арналған халықаралық ғылыми конференцияда баяндалып, талқыланса, екіншісінде - арнайы тұсаукесер рәсмі өткізілді.
Екі жиын да мәдениет Меккесі атанып жүрген Парижде, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтті. Тұсаукесерге қатысып, сөз сөйлеген осы аса беделді халықаралық ұйымның Бас хатшысы К. Мацуура біздің еліміздің тәжірибесін өзгелерге өнеге боларлық гуманистік қадам, жас мемлекеттің мәдениетке деген шынайы жанашырлығын білдіретін батыл һәм көрегендік саяси позиция деп бағалады. Ол өзінің бұл ойын кейін елімізге арнайы келіп, істің мән-жәйін өз көзімен көрген кезде де қайталады.
Осының бәрі - “Мәдени мұра” бағдарламасының еліміздің басқалар алдындағы беделін көтеріп, оң имиджін орнықтыруға айтарлықтай игі ықпал еткендігінің айқын дәлелі. Өзгесін былай қойғанда, мәдениет саласындағы менеджерлік саясатымыздың ғаламдасу жағдайындағы бәсекелестікке әзір екендігіне өзгелердің де, өзіміздің де көзімізді жеткізе түскені анық.
Ұлттық жобаның халықаралық аренада мойындалуы - кез-келген мемлекет үшін де мақтан тұтар құбылыс. Әсіресе, Қазақстан Республикасы тәрізді енді еңсесі көтерілген ел, енді өз билігі өз қолына тиген жас мемлекет үшін. Оның үстіне биік бағаға негіз болар басты өлшемнің өзі - басқа емес, ең алдымен, өз топырағында татымдылық танытуы, өз табиғатында пайдалы қазынаға айналуы ғой. Бір сөзбен айтқанда, ұтымды ұлттық қаракеттің ұлт майданына, ел мүддесіне қызмет етуі.
“Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасының, оны жүзеге асыру жолындағы үш жылдық тәжірибенің басты құндылығы да осы тұрғыдан һәм осы сипатымен дараланады. Оның барша қауым, әсіресе, зиялылар тарапынан кең қолдау табуының сыры да осында - ұлттық мүддеге, елдік мұраттарға қызмет етудің пәрменді тетіктерінің біріне айналғандығында жатыр. Тарихқа бекем табан тіреу арқылы, бүгінге белсенді қызмет ету және ертеңгі болашаққа берік баспалдақтар жасау - бағдарламаның ұстанымдық іргетасы мен өміршеңдік қуатының өзегі, міне, осы.
Бағдарлама мемлекет тарапынан бірнеше аса маңызды мәдени-гуманитарлық проблемаларды қысқа мерзім ішінде, айтарлықтай тиімділікпен және ойдағыдай шешуге мүмкіндік берді. Біріншіден - тарихи-мәдени мұраға деген жаңа көзқарас жөнінде қоғамдық санада соны сілкініс туғызудың кілті табылды. Соның негізінде, көпшілік көңілінде әлеуметтік сенімділік әлеуеті күшейіп, қоғамдық сана деңгейінде мемлекеттілік болашағына деген сенім деңгейін арттыра түсуге мүмкіндік туды.
Екіншіден - бірқатар гуманитарлық ғылым салаларының (археология, тарих, фольклористика, мұрағаттану, мәдениеттану, әлеуметтану, т. б. ) ұлттық жадыны жаңғырту, мемлекеттік тәуелсіздік жағдайында өмір сүріп жатқан жаңа қоғамның жаңа тарихи санасын қалыптастыру бағыттарындағы іс-қимылына жаңа серпін беру және тиісті ғылыми-тәжірибелік ізденістердің көкжиегін кеңейтуге жол ашылды. Сол сияқты халықтың тарихи зердесінің негізін құрайтын материалдық ( кесенелер, көне қала орындары, зергерлік бұйымдар, жазу-сызу үлгілері, музыкалық аспаптар, табиғи ескерткіштер, т. б. ) және материалдық емес (сөз өнері, музыка, би, салт-дәстүр, т. б. ) жәдігерлік объектілерге “жан бітіруге” алғы шарт жасалды.
Үшіншіден - жаңа экономикалық қарым-қатынастар жағдайында мәдениетке мемлекеттік инвестиция бұрудың нақты тетігі табылып, оның жоспарлаудан бастап, толық игеруге дейінгі біртұтас процесс ретіндегі жаңа үлгісі сынақтан өтті. (Үш жыл ішінде бағдарлама аясында республикалық және жергілікті бюджет көздерінен алты миллиард теңгеден астам қаржы игерілді) .
Төртіншіден - бағдарламаны жүзеге асыру барысында айтарлықтай нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Олардың арасында бірнеше бұрын-соңды қол жетпеген, маңызы аса зор, тіпті, кей реттерде ұлттық мәдени кеңістікте ғана емес, әлемдік руханият ауқымында да сенсациялық жаңалықтар деп ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. (Шіліктіден табылған “Үйсін ханзадасы” алтын адамы, қазақ ауыз әдебиетінің жүз томдық басылымы (“Бабалар сөзі”сериясы), Ақыртас көне салт-ғұрыптар кешені, көшпелілер өркениетіндегі қалалық мәдениеттің өзіндік архитектуралық жүйесінің (“мұсылмандық архитектура” (К. Байпақов) айқындалуы, қазақстандық “алтын адамдар” мен олардың алтын бұйымдарының Жапония, Америка, Ресей, Қытай, Германия, Франция, Түркия, Ұлыбританияда өткізілген көрмелері, ашық аспан астындағы әйгілі “Таңбалы тас” қорық-мұражайының шетел ғалымдары мен мамандарының қатысуы арқылы музейлендірілуі, осы күнге дейін аңыздық кейіпкер деп келген Қобыланды батыр қабірінің басына ескерткіш қойылуы, т. б. ) . Республика тарихшылары мен археологтары (М. Қойгелдиев, К. Байпақов, Қ. Салғара, З. Самашев және басқалар) соңғы жылдары ашылған ғылыми жаңалықтар мен табылған тың деректер ел тарихына мүлдем жаңа көзқарас орнықтырып, қазақ мемлекеттілігі хақында осыған дейін қалыптастырылған хронологиялық көрсеткіштерді түбегейлі өзгертуді талап етеді және оған толық негіз бар деп санайды.
Бесіншіден - бағдарлама аса бай тарихи-мәдени мұрамызға қатысты мәселелерді кешенді түрде шешуге мүмкіндік беретін біртұтас ұлттық мәдени кеңістік қалыптастыруға ұйытқы боларлық тетік ретінде өзін-өзі толық ақтап шықты деуге әбден болады. Бұл орайда барлық аймақтарда қысқа мерзімді жергілікті бағдарламалар жасалып, жүзеге асырылуының да рөлі зор болды. Ал Алматыдағы Ұлттық мемлекеттік кітапхананың (М. Әуезов) базасында жұмыс істейтін “Мәдени мұра” веб-порталы бұл ынтымақтастықты ақпараттық жағынан қамтамасыз етіп, маңызды әлеуметтік жобаның әлемдік информациялық кеңістікте көрініс табуына мүмкіндік берді.
Бағдарламаға қатысты бұлай жүйелеп айтар сөз аз болмасқа керек әрі әлі алда, әрине. Оның ішінде бағдарламаның өзіне қатысты болсын, оның орындалуына қатысты болсын арнайы талдануға тиісті олқы тұстар да бар болуы сөзсіз. Оларды ескеру ертеңгі істердің сапасы мен тиімділігіне тікелей ықпал етпек.
Ертеңгі іс демекші, “Мәдени мұра” бағдарламасының мерзімі биыл аяқталғанымен, ол арқау болған игілікті шаралар одан әрі де жалғасын табатын болады. Мысалы, Мәдениет және ақпарат министрлігінің келесі жылға арналған бюджетінде бұл мақсатқа бір жарым миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Бұл - бағдарлама жүзеге асырылған кезеңдегі орташа сәйкес көрсеткіштен едәуір артық. Сол сияқты министрлік бойынша 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламалық тұжырымдама, нақты іс-шаралар жоспары жасалып қойылды. Онда осыған дейін қолға алынған істерді орта жолда қалдырмай, жеріне жеткізу айырықша назарға алынған. Бұл археологиялық жұмыстарға да, ескерткіштерді қалпына келтіру мен шетел мұражайлары мен мұрағаттарынан Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты құжаттар мен жәдігерлерді іздестіріп, жинауға да қатысты. Бұған дейін басталған төл мәдениетіміз бен әлемдік руханият жауһарларын бірнеше сериялар түрінде кітап етіп басып шығару да тоқтатылмайды. Кейбір жаңа тақырыптарды игеру де көзделіп отыр. Мысалы, 2007 жылы “Қазақстан сарбазы” атты энциклопедия шығару жоспарда бар.
Келесі кезеңнің өз ерекшеліктері аз болмайды, әрине. Алдымен жаңа сапалық және ауқымдық деңгейге көтерілу міндеті қойылады. Мысалы, осыған дейін жинақталған материалдарды терең зерделеп, жан-жақты зерттеу нәтижесінде тың қорытындылар жасау. Анықталған һәм айғақталған тарихи-мәдени мұраның иесі ретінде мұралану процесін жүзеге асыру. Туған жерден жырақтағы аса маңызды мұраларға иелік таныту. Осы орайда келесі жылдың өзінде Дамаскідегі Әл-Фараби кесенесі мен этно-мәдени орталығын салу, Сұлтан Бейбарыс кесенесін қалпына келтіру, сонымен қатар Каир қаласында Сұлтан Бейбарыс мешітін жаңғырту, Моңғолиядан табылған көне түркі руникалық жазулары бар ескерткіштердің көшірмесін жасау жұмыстарын қолға алу көзделіп отыр. Бұл мақсатқа 2007 жылы республикалық бюджеттен 1, 8 млрд. теңге қарастырылды.
Тағы бір тың бағыт - тарихи қалалар мен басқа да маңызды этномәдени орталықтар негізінде туризм инфрақұрылымын құру мен оларды халықаралық туризм жүйесіне енгізу жолдарын қарастырып, бұл орайда бірқатар нақты шараларды жүзеге асыру. Әйгілі Жібек жолы бойындағы ескерткіштер (Қазақ жері арқылы Жібек жолының бір емес, бірнеше бағыты өткені белгілі), Өскемен-Берел-Шілікті үштігі аумағы және бірнеше объектілер мәдени туризмге сұранып-ақ тұрған ескерткіштер жүйесі болып табылады. Осы сияқты басқа да кейбір тұжырымдамалық тиімді модельдер бар.
“Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша қолға алынған игі істерді науқаншылдыққа салынбай, мәдени-әлеуметтік саладағы іргетас идеялар қатарында жүзеге асыруды одан әрі жалғастыру аймақтар үшін де өте-мөте маңызды. Өткен жылдары жақсы негіз қаланған баянды бағыт орнықты жалғасын табуға тиіс. Әсіресе, маңызды іс-шараларды қаржыландыру көлемінің азайтылуына жол берілмегені жөн. Бұл ретте жергілікті басқару органдарына, облыстық мәдениет департаменттеріне (басқармаларына) жүктелер міндеттер айырықша.
Аймақтарда міндетті түрде соңғы жылдары атқарылған істерге талдау жасап, жаңа міндеттер айқындалуға тиіс. Осы орайда біздің министрлік қазір 2004-2006 жылдарға арналған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын Қоғамдық кеңес мәжілісінде қорытындылауға әзірлік үстінде екенін де айта кетуге болады. Оған арнайы көрме ұйымдастыру да ойда бар.
“Мәдени мұра” бағдарламасы - тәуелсіз ел тарихында ерекше орын алатын жаңа әлеуметтік жоба. Мәдениет саласындағы оңтайлы мемлекеттік саясаттың бір көрінісі. Тарихи бағдарлама ел рухының көтеріліп, ұлт жадының жаңғыруына септігін тигізген сарабдал құбылыстардың біріне айналғаны ақиқат. Тәуелсіздігіміздің он бес жылдығы қарсаңында арнайы жасалып, қоғам болып жұмыла жүзеге асырылған бірегей бағдарлама егемен елдің төл болмыс-бітіміне лайық рухани өріс көкжиегін көтеріп, жаңа мәдени кеңістік аясын кеңейте түскенін айтарлықтай ризашылық сезіммен атау азаматтық парыз болса керек.
Өзімізге белгілі, бүгінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен “Мәдени мұра” атты мемлекеттік бағдарлама жүзеге асуда. Президенттің: “Қазір елдің жағдайы жақсарды, енді ұлы мұраларымызға қайырылып қарауымыз керек, бүкіл әлемдік рухани байлықты мемлекеттік тілімізде сөйлетуіміз керек, ол үшін орнықты бағдарлама керек, қаржы қарастыру керек. Бұл - біздің болашақ алдындағы парызымыз. Тарихи парызымыз”, - деген сөздері баршамызға күш-жігер қосады.
Бұл бағдарлама бойынша 16 секция жұмыс істейді. Олар қазақтың тарихына, фольклорына, әдебиетіне, тіліне, өнеріне, философиясына, педагогикасына, тағы басқа салаларға бөлініп, материалдық әрі рухани мәдениетті түгелге дерлік қамтиды.
Алдымен айтарлық нәрсе - тарихқа қатысты. Соңғы 2-3 жылда археологтар Қазақстан жерінде бірнеше ортағасырлық қалаларды ашты. Мәселен, Жетісудағы Қойлық, Арқадағы - Бозық қалалары Х-ХІІІ ғасырларға жататыны анықталды.
Сондай-ақ археологтар тағы да 2 алтын адамды тапты. Бірі - Шығыс Қазақстанда, екіншісі - Батыс Қазақстанда. Сарматтар мен сақтардың өкілі болып табылатын олар біздің жыл санауымыздан бұрынғы 1-ші мыңжылдықта ғұмыр кешкен деп есептеледі.
Археографиялық экспедицияларда да өте құнды дүниелер табылып жатыр. Атап айтқанда, біздің шығыстанушы ғалымдарымыз Ресейге, Түркияға, Қытайға, Моңғолияға, Қырғызстанға сапар шегіп, олардың архивтерінен қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты көптеген жазба ескерткіштерді анықтап, біразының көшірмесін елге алып келді. Мәселен, Ыстамбулдағы мұражайлар мен кітапханаларда Шыңғыс хан мен баласы Жошы ханның суреттері бар Алтын Орда дәуірінің жәдігерлері табылды. Моңғолияның тарихи мұрағатында манжур, моңғол тілдерінде жазылған ХVІІІ-ХІХ ғғ. Қазақ хандығына қатысты 50 құжаттың көшірмелері алынды. Ал, Қытайда 300-ден астам шағатай, қытай тілдерінде жазылған құжат табылған. Және ойрат моңғол тілдерінде жазылған көптеген құжат зерттелген. Соның нәтижесінде, Абылай ханның, Әбілмәмбет ханның, Әбілфайыздың, Сәнияз төренің, Әділ сұлтанның, т. б. Цинь империясының басшыларына жазған 115 хаты табылды.
Осылай табылып жатқан тарихи маңызды құжаттар мәдени мұра ретінде том-том болып жарыққа шығып та жатыр. Кейбірін атап кетейін: “Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері”, “Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері”, “Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері”, “История Казахстана в русских источниках”, т. б.
“Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша тағы бір үлкен салада жұмыс жасалып жатыр. Ол - қазақтың фольклорын, әдебиетін және өнерін қамтиды. Ұлттық фольклорымыз “Бабалар сөзі” деген сериямен 100 том көлемінде жарық көрмек. 2004 жылдан бері 26 том жарық көрді, оларға енген мәтіннің саны - 140-тай дастан. Кеңес өкіметі кезінде бұл дастандардың басым көпшілігі “халыққа жат”, “бай мен феодалдардың мұрасы”, “кеңестік интернационализмге зиянды” деп танылып, қоғамның, халықтың рухани өмірінен аластатылған болатын. Мәселен, “Салсал”, “Зарқұм”, “Мұхаммед”, “Расулдың миғражға барғаны”, “Сейітбаттал”, “Дариға”, “Әзірет Әлі”, “Әбу Шаһма”, т. б. ондаған шығарма кітап болып шықты.
Бұларды жұртшылық біле бермейді, себебі олар ХХ ғасырда жарық көрген емес, ал кейбір дастандар қолжазба күйінде жатқан. Осы себептерге байланысты аталған шығармалар бірінші кезекте басылды. Олар алғашқы 25 томды құрайды. Әрине, олар ғылыми тұрғыдан жүйеленді, зерттелді, сөйтіп дастандардың өзі іштей хикаялық, діни, ғашықтық деп бөлінді. Дастандардан кейін батырлар жыры, ғашықтық жырлар, тарихи жырлар, ертегілер, үйлену салтына, жерлеу рәсіміне қатысты өлең-жырлар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, тағы басқа жанрларға жататын шығармалар жарияланады. Бұларға қоса Қытайда, Моңғолияда тұратын қазақ диаспорасының фольклоры да қамтылмақшы. Мәселен, қазірдің өзінде Қытайдағы қазақтардың фольклорына арналған 10 том дайындалды, оның екеуі баспада жатыр.
Расын айтқанда, жиналған қазақ фольклоры түгел, егер эпостардың варианттарымен бірге шығарсақ, 100 томнан асып кетеді. Біз әзірше көркемдігі тәуір және көпшілікке онша мәлім емес шығармаларды алып отырмыз. Әрине, фольклорды жақсы-жаман демей, түгел шығарған дұрыс болар еді. Бұл - келешектің ісі. Жалпы, “Бабалар сөзі” - ғылыми басылым.
Қазақ фольклоры мен өнерінің бай саласының бірі - ән мен күй. “Мәдени мұра” бағдарламасына сәйкес “Қазақ музыкасының антологиясы” деген атпен халық әндері мен күйлері 5 том болып шығады. Бүгінгі таңда 800 ән мен күйді қамтыған екі томы жарық көрді. Кезекті томы баспада жатыр. Бұл “Антология” бұрынғы басылымдардан өзгеше. Кеңес өкіметі тұсында халық әндері мен күйлері бұлай тұтас жүйелі түрде жарияланған жоқ-ты. Жеке-жеке жинақтар бір-бір жанрға ғана арналатын. Ал мына 5 томдық “Антология” таза ғылыми түрде, музыкалық фольклордың бұрын жарияланбаған, тыйым салынған түрлерін түгел қамтып отыр. Айталық, арбау, бақсы сарыны, жарапазан, сыңсу, беташар, жоқтау сияқты шығармалар нотасымен де, мәтінімен де берілді, оларға толық ғылыми комментарийлер жазылды. Сондай-ақ “Антологияға” шет елдердегі қазақтардың да ән-күйлері енгізілді. Әсіресе, Моңғолияға барған фольклорлық-музыкалық экспедиция көптеген құнды материал әкелді. Әрине, соншама бай халық музыкасы 5 томға сыйып жатқан жоқ. Мүмкіндік болса, бұл жұмысты ары қарай жалғастырамыз ба деп ойлаймыз.
“Мәдени мұра” бағдарламасында қазақ әдебиетінің толық тарихын жаңаша зерттеу жоспарланған. Соған сәйкес он томнан тұратын “Қазақ әдебиетінің тарихы” жазылуда. Ол ең көне заманғы мифтен бастап, бүгінгі көркем әдебиетіміздің өткен ұзақ тарихын қамтып, ежелгі мифтік қарапайым ұғымдар мен сюжеттердің күрделі де эстетикалық сөз өнеріне айналу жолдарын көрсетеді. Бұл томдарда репрессияға ұшырап, аттарын атауға тыйым салынған классик ақын-жазушыларымызға кең орын берілген. ХІХ ғасырда өмір сүрген Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шәңгерей Бөкейұлы, ХХ ғасырда ұмыттырылған Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Бернияз Күлеев сынды көрнекті ақындарымыз бен жазушыларымыздың шығармашылығы тұңғыш рет әдебиет тарихынан өздеріне лайықты бағасы мен орнын алды. Бүгінгі таңға он томдықтың 6 томы жарыққа шықты, 2 томы баспаға тапсырылды. 2007 жылы 10 том түгел жарыққа шығады деп отырмыз.
Мәдени мұраның түрлері көп. Солардың ішінде рухани мұра айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Өйткені, бұл мұра бізге, негізінен, ауызша формада, қолжазба күйінде және кітап түрінде жеткен. Олардың сақталуы - өте қиын әрі күрделі іс. Ел аузында айтылып, бірден-бірге ауысып жүретін шежіре, аңыз, жыр, өлең, терме, мақал-мәтел, т. б. дүниелер көнекөз қариялармен бірге өмірден көшіп, жоққа кетіп барады. Ал қолжазбалар ескіріп, тозып жатыр. Сондықтан ең зәру, кезек күттірмейтін мәселе - жоғарыда аталған мұра түрлерін тездетіп жинау мен тиісті жағдайда сақтау. Бізге бабаларымыздан жеткен мұраны аман-есен келер ұрпаққа аманат етіп беру - тарих пен халық алдындағы басты парыз.
Екінші мәселе, рухани мұраны қайта тану, жаңаша игеру. Тану дегеніміз - екі процестен тұрады. Бірі - мұраны сақтап қана қоймай, халықтың арасына тарату, яғни халық мүлкін халықтың өзіне қайтару. Оны жүзеге асырудың жолдары - жиналып, сақталып жатқан мәтіндерді кітап етіп жарыққа шығару және ежелгі ән мен күйді, биді, қолөнерді жас буынға үйрету. Рухани мұраны танудағы екінші процесс - оны ғылыми түрде зерттеу. Сөйтіп, халыққа мұра болып жеткен рухани мәдениетіміздің мағынасын, мәнін, маңызын ашып беру, рухани мұраның ел өмірі мен тарихында атқарған рөлін, бүгінгі болмыстағы қызметін көрсету - міндет. Сондай-ақ, біздің мұрамыз - күллі адамзат мәдениетінің ажырамас бір бөлігі екенін көрсету. Ол үшін фольклор мен әдебиеттің классикалық шығармаларын әлемдік тілдерге аудару қажет, сөйтіп, біздің рухани мұрамызды басқа елдерге таныту керек.
Үшінші мәселе, мәдени мұрамызды бүгінгі рухани өміріміздің игілігіне жарату, яғни мұра - қазіргі мәдениеттің қайнар көзі екенін ескере отырып, оны шығармашылық жолмен пайдалану. Бұл - бүгінгі жаһандану жағдайында ерекше маңызға ие болып тұрған проблема.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz