Құқықтық мемлекет: ой тұжырымынан жүзеге асыруға дейін


Дипломдық жұмыс

Тақырыбы:

Құқықтық мемлекет: ой тұжырымынан жүзеге асыруға дейін

Мазмұны

Кіріспе . . . 3 - 5

1. Құқықтық мемлекеттің тарихи аспектілері және қазіргі мәні

1. 1 Құқықтық мемлекет туралы идеялардың саяси - құқықтық ілімдер тарихында қалыптасуы . . . 6 - 20

1. 2 Құқықтық мемлекеттің мәні, түсінігі . . . 21-26

1. 3 Құқықтық мемлекеттің негізгі қағидалары . . . 27-38

2. Биліктің жіктелуі - құқықтық мемлекет қалыптастырудың

басты шарты

2. 1 Мемлекеттік билікті жіктеудің тарихи аспектілері және қазіргі

кезеңдегі мәселелері . . . 39-46

2. 2 Қазақстан Республикасы конституциясында билікті жіктеу

қағидасының жүзеге асырылуы . . . 47-61

Қорытынды . . . 62-65

Қолданылған әдебиеттер тізімі . . . 66-69

Кіріспе

Адамзат дамуының бүкіл тарихы бойынша адамға қатысты әділ болатын, ақыл - парасат, бостандық, сәттілік, тиімділік және әділеттілік мекендейтін идеалды қоғамдық құрылым үлгісін іздестіру, ойшылдарды әрқашан толғандырған.

Қайта өрлеу дәуірінен бастау алатын ізгілік идеялары, әрбір тарихи кезеңде ойшылдардың еңбектерінде өз көрінісін тапқан. үшінші мынжылдыққа аяқ басқан кезеңде, ізгілік идеялары жалпы әлемдік деп танылып, өз көрінісін құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам идеяларында табады. Қазіргі әлемде мемлекеттер арасында тығыз байланыс, жақындасу және ғаламдану үрдістерінің кең етек алуы, сонымен қатар, осы күнгі болмыс шындығы, мемлекеттердің, белгілі бір стандарттарға сәйкес келуін, өздеріне және Адамға деген көзқарастарды жаңадан, объективті түрде қалыптастыруды қажет етеді.

әлемдік саяси - құқықтық ілімнің құндылығы болып табылатын, демократиялық елдердің ата заңдарында бекітілген азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет, ертенің ойлайтын әр мемлекет үшін ұмтылуға нысана және жоғарғы стандарт болып табылады.

1991 жылдың 16 желтоқсан күні Қазақ КСР - ның Жоғарғы Кеңесі, мемлекетіміздің тәуелсіздігінің қалыптасуына бастау болған, Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны қабылдады.

Тәуелсіздігін алған жас мемлекет, өзінің дербес мемлекет ретінде қалыптасу жолының бағыт - бағдары ретінде құқықтық мемлекеттілікті тағайындады. 1995 жылдың 30 шілде күні қабылданған Конституцияның 1 - ші бабында Қазақстан Республикасы өзін құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады. Құқықтық мемлекеттілік және азаматтық қоғам идеялары мен құндылықтары, мемлекетімізде орын алған тоталитарлы социализмнен асу әрі қоғамда түбегейлі саяси және экономикалық өзгерістерді жүзеге асыру үрдістері үшін басты бағыттар ретінде қалыптасты.

Толық қанды азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті қалыптастыруға және дамытуға бағыт алу Қазақстанда қоғамдық және саяси дамудың қажеттіліктеріне, қоғам мен мемлекет өмірінің бүкіл салаларында бостандық және құқық қағидаларын бекіту мақсаттарына негізделген.

Аталған мақсаттарға жету үшін азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет түсініктерінің мәнін, институттарының шынайы табиғатын, олардың қалыптасу жолдарын анықтау теоретикалық және тәжірибелік тұрғыдан өте маңызды мәселелер болып табылады.

Дипломдық жұмыстың мақсаты құқықтық мемлекеттің идеядан жүзеге асырылуға дейінгі даму жолының мәнін және түсінігін ашу болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін келесідей міндеттер алға қойылған:

  • құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам идеясының саяси - құқықтық ілімдер тарихында қалыптасу желісін анықтау;
  • құқықтық мемлекет түсінігінің мәнін анықтап, белгілерін талдау;
  • биліктің жіктелуі қағидасының қалыптасуы мен Қазақстан Республикасындағы көрінісін ашу;
  • құқықтық мемлекеттің азаматтық қоғаммен өзара байланысын анықтау.

Дипломдық жұмыстың нормативтік негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заң, Қазақстан Республикасының Парламенті, Президенті, үкіметі, Конституциялық Кеңес және соттар туралы нормативтік - құқықтық актілер құрады. Дипломдық жұмысты жазу барысында доктриналды қайнар көздер ретінде Баймаханов М., Зиманов С. З., Сапарғалиев Ғ. С., Матюхин А., Малько А. В., Матузов Н. И., Лазарев В. В, Нерсесянц В. С., Мамут Л. С. және т. б. зерттеушілердің еңбектері қолданылған.

1. Құқықтық мемлекеттің тарихи аспектілері және қазіргі мәні

1. 1 Құқықтық мемлекет туралы идеялардың саяси - құқықтық ілімдер тарихында қалыптасуы

Құқыққа негізделген, әділдікті жақтайтын мемлекет мәселесі адамзат қауымының саяси қауымдасуы кезеңінен бастап, қазіргі кезеңге дейін алдыңғы қатарлы ойшылдардың, қоғам қайраткерлерінің көкейтесті ойының өзегіне айналды. Құқықтық мемлекет теориясының даму кезеңін үшке бөліп қарастыруға болады: заң үстемдігі мемлекеті, әділ мемлекет туралы ойдың, идеялардың қалыптасуы; құқықтық мемлекет теориясының тұжырымдалуы; оның мемлекеттік-құқықтық құрылымдарда іске асырылуы.

Гуманизм, демократизм қағидалары, бостандықты, құқық пен заңды бекіту және сақтау түріндегі құқықтық мемлекет теориясының бастаулары ежелгі Греция, Рим, үндістан, Қытай ойшылдары еңбектерінде орын алған. Ежелгі грек ойшылы Сократ әділеттілік қолданыстағы заңдарға бағынудан көрінеді, әділеттілік пен заңдылық егіз ұғымдар деп санайды. Қандай да болмасын заң қанша жерде кемшілігі болса да, заңсыздық пен бассыздыққа қарағанда жақсы. Егер азаматтар заңдарды сақтайтын болса, олар өмір сүретін мемлекет күшті де жасампаз болатындығын жариялайды.

Платонның «Мемлекет», «Заңдар» диалогтарында «заңдардың күші болмайтын және біреудің билігінің астында болатын» жерлерде мемлекеттің жойылу қаупі болатындығы көрсетіледі. Оның ойынша «заңдар - билеушілердің билеушісі, ал олар - оның құлы болғанда, мемлекет пен оған құдай сыйлайтын барлық құндылықтар құтқарылады». Заң міндеті бір әлеуметтік топқа емес, тұтас мемлекеттің игілігіне қызмет ету. Мемлекеттілік әділ заңдар үстемдік еткен жерде ғана болуы мүмкін. Заң қорғаушысы - соттар. Кез-келген мемлекетте соттар тиісті орында болмаса, ондай мемлекет өз билігін жоғалтады.

Құқықтық мемлекет теориясының негізін қалаған ойлар Аристотель еңбектерінде де дамытылады. Аристотель мемлекетті табиғи дамудың жемісі, адамзат қауымдастығының жоғарғы нысаны ретінде қарастырады. Құқық әділеттілікке сай деп таниды, заңды мен әділдіктің сәйкестігін уағыздайды. Құқық пен заңның бір еместігін, әділ заңның ғана құқыққа сәйкес келетіндігін бекітеді. Мемлекетте адамдар емес, құқық үстем тұруға тиісті. Аристотель мемлекет құрылымының үш элементін жіктейді: ерікті азаматтардың барлығы қатысуға тиісті «заңдық кеңесу» билігі, үкімет билігі және сот билігі. «Заңдық кеңесу» билігі әрекетінің бір саласы жалпыға міндетті акт ретіндегі заңдарды қабылдау деп санады. Әрбір заң өз негізінде құқықты қарастырады, әрі жүйелі құрылған мемлекетте құқық басымдылығы болуы қажет. Заңның барлық биліктен үстем болуы мемлекеттің құқықтық жолмен дамуының кепілі. Аристотель мемлекеттік билік тармақтары арасында «заңдық кеңесу» органына басымдық береді. Үкіметтік басқару органдары заңға бағынышты, екіншілік сипатта, олардың шығарған декреттерінің заңдық күші болмайтындығын көрсетеді. Сот органдарын тек сайлау жолымен ұйымдастыру қажеттігін айтады.

Римнің қоғамдық қайраткері Цицерон мемлекет «құқық мәселесінде өзара келісім мен мүдде бірлігімен байланысқан көптеген адамдардың жиынтығы» - деп қарастырған. Мемлекет құқықпен өзара қатынаста «жалпы құқықтық тәртіп» ретінде көрінеді. Құқық негізінде сана мен әділеттілік болады, ол адамдарға табиғатынан тән. Цицерон кейіннен құқықтық мемлекет теориясының негізін қалаған «заң әрекеті кейбір таңдаулы азаматтарға ғана емес, барлық адамдарға таралуы қажет» деген ойдың негізін қалаған.

“Құқықтық мемлекет”, «азаматтық қоғам» түсінігі түп тамырларын Аристотельдің полис (koinoia politike - азаматтық қоғам), Цицеронның societas civilis және табиғи құқық идеаларынан алады. Азаматтық қоғам (koinoia politike, societas civilis, burgeliche Gesellschaft, socite civile) және саяси қоғам немесе мемлекет (polis, civitas, staat, etat, stato) мәні бойынша бір - бірін алмастыратын терминдер болды. Ежелгі грек ойшылдары “саяси” түсінігіне қоғам өмірінің бүкіл салаларын енгізген: жанұя, дін, білім алу, көркем мәдениеті, өнер және т. б. Politike-нің мүшесі болу, яғни, азамат болу - мемлекеттің мүшесі болу, яғни, басқа азаматтарға зиян келтірмей, мемлекет заңдары бойынша өмір сүру және әрекет ету.

Осындай түсінік өзгермеген қалпында 18 - ші ғасырға дейін сақталып келді. Дж. Локктың өзі “азаматтық қоғам” және “мемлекет” түсініктерін өзара алмастырушы ретінде қолданған. И. Кант өзінің еңбектерінде “burgerliche Gesselschaft” (азаматтық қоғам) және мемлекет түсініктері синонимдер ретінде қолданылады. Осы екі түсініктің бір - біріне жақындығы Ж. Ж. Руссо еңбектерінде айқын көрінеді. Руссоға сәйкес, әр азаматтың биліктік қатынастарға қатысуына, халықтың толық билікке иеленуіне негізделген басқару жүйесі ғана, заңды күшке ие. Осының негізінде, Руссо өкілдік қағидасын сынаған, өйткені онда, азамат өзінің еркін басқа адамға тапсырып, өзінің азаматтық құқығынан айрылады. Руссо “societe civile” немесе азаматтық қоғам және мемлекет мәнін осылайша ұсынған. 1

Орта ғасырдан жаңа заманға өту шағы, азаматтық қоғамның мемлекеттік институттардан өзгешеліктері бар екенін түсінуменен айшықтанды. Осы тұрғыдан, сол кездегі орта ғасырлық бытыраңқы мемлекеттердің орнына ұлттық мемлекеттің қажеттігі идеялогиясы саяси ілімдерге елеулі әсер етті. 14 - ші ғасырда Еуропада Гогенштауфендер империясының дағдарысынан бастап ұлттық жеке - даралық түсінігі пайда бола бастады, нәтижесінде ұлттық мемлекет идеясы дүниеге келді. Осы үрдісте, өзінің Бонифаций 8-ші папасына қарсы күресінде, римдік теократизміне және ұлттық жеке - даралыққа негізделген король билігінің егемендігі қағидасын қарсы қойған, Әдемі Филипптің таққа отырған кезеңі өте маңызды болды.

Құқықтық мемлекет теориясының дамуына ХүІІ - ХХ ғасырлардың ойшылдары қомақты үлес қосты. Г. Гроций, Б. Спиноза, Дж. Локк, Ш. Л. Монтескье, Д. Дидро, Ж. Ж. Руссо, Т. Гобсс, И. Кант, Г. Гегель және тағы басқа ойшылдар құқықтық мемлекет мәнін, белгілерін тұжырымдады.

ХҮІІ ғасырдағы ағылшын ойшылы Джон Локктың көзқарасы бойынша құқықтың басымдығы идеясы табиғи құқыққа сәйкес келетін және индивидтің ажырағысыз табиғи құқықтары мен бостандықтарын танитын заң жоғарылығы болатын, әрі билік бөлісу жүзеге асырылған мемлекет түрінде көрінеді. Ш. Л. Монтескьенің көзқарасы бойынша, саяси бостандық барлық қатынастар құқықпен реттелетін және заңдар билеушілердің еркінен үстем тұратын мемлекетте ғана мүмкін болмақ. Бостандықтың өлшемі - құқық. Құқықтың үстемдігі биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына жіктелуі арқылы қамтамасыз етіледі, нәтижесінде «әр түрлі билік тармақтары бір-бірін өзара тежеп отырады. Биліктің бөлінуі және өзара тежеу саяси бостандықтарды қамтамасыз етудің басты шарты болып табылады.

Монтескьенің билікті жіктеу теориясы - мемлекеттегі еңбекті саяси бөлу ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік күштердің арақатынасын реттеу құралы. Оның басты сіңірген еңбегі - билікті бөлуді алғаш рет мемлекет Конституциясымен байланыстырады.

Жан-Жак Руссо көзқарастарына байланысты заң шығару билігі барлық азаматтар қатысатын халық жиынына беріледі, бұл кезде басқа билікке орын жоқ. Заңдарды орындау жалпы ережелерді нақты жағдайларға қолдану ретінде үкіметке - атқару билігіне тапсырылады. Үкімет халыққа бағынышты, бірақ оның жеке мүшелеріне билік етеді.

Құқықтық мемлекет теориясының философиялық негізін И. Кант қалыптастырып дамытты. Ол мемлекеттің құқыққа сүйенуі қажеттігін негіздеді. Мемлекет құқықтық заңдарға бағынатын көптеген адамдардың бірлігі, онда халық өзі үшін шеше алмаған мәселені заң шығарушының шешуі мүмкін еместігі қағидасы әрекет етеді. Егер мемлекет осы қағидадан, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтаудан бас тартатын болса, заңдарды қорғауды қамтамасыз етпесе өз азаматтарының құрметі мен сенімінен айырылады. Иммануиль Кант билікті жіктеуді мемлекеттік билік идеясынан логикалық қажеттілікпен шығатын сананың қатаң талабы ретінде қарастырған. Заң шығару, атқару және сот биліктері дербес субъект болса да, жиынтығында бір тұлға - мемлекет құрады.

Г. В. Ф. Гегель бостандық идеясы билікті тиісті бөлу (заң шығарушы, үкімет, мемлекет басшысы) жағдайында ғана жүзеге асады деп есептеді. Билікті жіктеу көпшілік бостандығының кепілі қызметін атқарады, бассыздыққа, құқықсыздыққа, құқықтан тыс күш қолдануға қарсы тұрады.

Бастапқыда, еуропалық қоғамдық - саяси ілім өкілдері (Ж. Боден, Т. Гоббс, Б. Спиноза және т. б. ) мемлекетті табиғи қалыптан аттап өтуге бағытталған институт деп түсіндірген. Осы табиғи қалыпты біреулері (Т. Гоббс) бәрінің бәріне қарсы соғыс қалпы ретінде түсінген, басқалары болса (Ж. Ж Руссо) осы қалыпты жоғары үйлесімділік деп түсінген.

Мемлекеттің егемендігі қағидасын енгізген Ж. Боденнің ойынша, мемлекет қоғамның бүкіл мүшелерінің үстінен және оларға тиесілінің бәріне егеменді билігін жүргізеді. Қоғамның бытыраңқы мүшелері үстем билік, яғни егемендік астында жиналғанда мемлекет пайда болады. Осы дәстүрді жалғастыра отырып, Т. Гоббс келесідей тұжырымдаған: “мемлекет соғыс қалпынан өту құқығын, мемлекетке дейінгі адамдар қоғамдастығының бүкіл мүшелерінің келісімі нәтижесінде алады”. 2 Осы келісімнің нәтижесінде пайда болған азаматтық қоғам мемлекетке және оның заңдарына теңестіріледі. Руссо айтқандай, табиғи бостандығын жоғалтқан адамдар, өздерінің табиғи құқықтарынан айрылудан үрейленіп қоғамдық келісімге бірікті. Осы келісім барлық мүшелердің жеке басын және мүлкін қорғау үшін тағайындалады, осы жерде әрбір мүше басқаларымен бірігеді, дегенмен олар өздеріне ғана бағынады және бұрынғыдай еркін болып қала береді. Руссоның айтуынша, осы ассоциация, кезінде “азаматтық қоғам” деп аталған, қазір Республика немесе Саяси ағза деп аталады: оның мүшелері осы саяси ағзаны, ол бәсең кезінде Мемлекет деп, белсенді кезінде Егемен (Суверен) деп, және оған ұқсайтындармен салыстырғанда Держава деп атайды.

Т. Гоббс, Дж. Локк, Ж. Ж Руссо, Монтескье және т. б. -рмен өнделген индивидуализм концепциясы, мемлекеттен тәуелсіз қоғам азаматы ретіндегі тұлғаның еркіндігі мәселесін алға қойды. Нәтижесінде, әсіресе 18 - ші ғасырдың екінші жартысынан societas civilis дәстүрлі концепциясы эрозияға ұшырап қайта қарала бастады.

Осы жағдай Дж. Локк, А. Фергюсон, С. Пуфендорф, И. Кант, физиократтар және т. б. - рмен қалыптастырған ұсыныстарында көрінді. Дж. Локк сенімі бойынша қоғам мемлекеттен бұрын болған, ол “табиғатқа сәйкес” өмір сүреді. Автордың айтуынша, мемлекет “жаңа ағза” болып табылады ; осы мемлекет құқықтар кешеніне ие, ал құқықтар осы мемлекетті құрайтын жеке тұлғалардың құқықтарынан басым түседі. Гоббста саяси биліктен бұрын болған “қоғам” түсінігі болмайды, Локктың тұжырымдауынша мемлекет табиғи қалыптағы қоғамдық қатынастар негізінде пайда болады. Егер үкімет, түрлі себептермен жойылса да, қоғам өзінің табиғи заңдары және құқықтары негізінде өмір сүре береді. Қоғамды құрайтын халық егеменді, осы себептен, оның егемендігі мемлекетке өткен күннің өзінде, мемлекет қоғамды толық алмастыра алмайды. Керісінше, мемлекеттің басты мақсаты осы қоғамды қорғау. Осы ойды ұстанушылардың тұжырымы бойынша, мемлекет қоғамның орнына келмейді, ол оны басқаруға тағайындалған. Мемлекет - қоғамның құралы, сол арқылы өзін айқындайды.

Қалай дегенмен, тым кеңейіп кеткен мемлекет жеке индивидтің еркін білдіруіне және ықтималды мүмкіндіктерін жүзеге асыруына кедергі жасайды деген пікір қалыптаса бастады.

В. фон Гумбольт азаматық қоғаммен мемлекет арасындағы қайшылықтарды және өзгешеліктерді нақты мысалдар арқылы көрсетуге тырысты. Азаматтық қоғамға ол, келесілерді жатқызды: а) индивидтермен қалыптастыратын ұлттық, қоғамдық мекемелер жүйесі; ә) табиғи және жалпы құқық; б) адам. Мемлекетке келесілер кіреді: а) мемлекеттік институттар жүйесі; ә) мемлекетпен шығарылатын позитивті құқық; б) азамат. Сонымен қатар, В. фон Гумбольт мына ойды айтқан: “Мемлекеттің ықпалы неғұрлым үлкен болса, ықпал етушілер және осы ықпал астындағылар соғұрлым ұқсас болады. Осындай мемлекеттік құрылым - көптеген әрекет етуші және қозғаушы күштер емес, әрекет ету және тұтынудың өлі және тірі құралдарының жиынтығына ұқсап қалады”. 3 Осылай дами келе, азаматтық қоғаммен мемлекеттің айырмашылығы орнығып қалған жағдайға қарсы тұжырым ретінде қалыптаса бастады, сонымен қатар ол, адамдардың әлеуметтік теңдігін, азаматтардың бостандықтарын және шектелген конституциялық үкіметті қамтамасыз етуге бағытталған жаңа қоғамдық құрылым идеялары арқылы құнды бола бастайды. “Азаматтық қоғам мемлекетке қарсы” тақырыбы, төңкеріліс сипатындағы мазмұнды иеленіп, Т. Спенс, Т. Ходжскин, Э. Ж. Сиэйс еңбектерінде, әсіресе, ¦лы Француз төнкерілісінің бағдарламасы - “Адам және азамат құқықтары Декларациясы” құжаттарында кең қарастырылды.

Азаматтық қоғамның ең радикалды концепциясын “Адам құқықтары” атты атақты памфлеттің авторы Т. Пейн қалыптастырды. Мемлекетке қарсы тұратын азаматтық қоғам мәселесі Т. Пейн еңбектерінде басты тақырып болды. Пейн мемлекетті қажетті зұлымдық деп атады: ол неғұрлым аз болса, соғұрлым қоғамға тиімді болады. 4 Осы себептен, мемлекттің билігі азаматтық қоғам пайдасына шектелген болуы қажет, өйткені, әрбір индивид, ішінен қоғамға бағытталады. Мемлекеттен бұрын пайда болған осындай әлеуметтілік, ортақ мүддеге және өзара көмек сезіміне негізделген, бәсеке және сабақтастықтың бейбіт қатынастарын қалыптастуруға жағдай жасайды. Азаматтық қоғам неғұрлым кемелденген болса, соғұрлым өз істерін өзі реттеп, үкіметке деген қажеттілігі азаяды.

Ажырамас құқықтарға ие, еркін және тең индивидтер мемлекеттен жоғары тұрады. Сондықтан, мемлекетті заңды және “өркениетті” деп тану үшін, ол бүкіл индивидтердің келісімімен құрылған болуы керек. Осы келісім конституциялық түрде рәсімделген және парламентарлы өкілді механизмдер арқылы бекітілген болуы тиіс. өркениетті басқару жүйелері - еркін және тең индивидтердің белсенді келісімімен билікке ие болатын, конституциялық басқару жүйелері. Бұндай үкіметтер құқықтарға ие болмай, тек өзінің азаматтары алдында міндеттерге ие болады.

Нақты үкіметтер өз белсенділігімен конституцияларды өзгертуге немесе кеңейтуге, немесе азаматтардың келісімдерін және сенімдерін бұзуға құқықтары жоқ. Азаматтар табиғи қалыпта ғана, тұрақты егеменділікке ие болады. Осы табиғи қалыпты кез - келген бұзушылық және де құқықтың негізі ретіндегі, белсенді келісімге кез - келген қарсы тұру талпынысы деспотизм және агрессивті басқару әрекеті болып табылады. Осы тұрғыдан, Пейн азаматтық қоғамды мемлекетке қарсы қояды. Оның сенуі бойынша, өзіне сенетін және өзін - өзі басқаратын қоғам саяси механизмдердің минимумын ғана қажет етеді. Мемлекеттің билігін минимумға дейін қысқарту, тәуелсіз ұлтттық және бір - біріменен бейбіт араласатын азаматтық қоғамдардың халықаралық конфедерациясын құру мүмкіндігіне жол ашады. Бұл жағдайда, ұлттық егеменді мемлекет, сайланатын басқарушыдан және “жалпы бейбітшілік, өркениет және сауда” кепілі болатын, азаматтық қоғамнан тұрады. “Қоғам қағидалары негізінде әрекет ететін, осындай ұлттық ассоциация” азаматтық қоғам қамтамасыз ете алмайтын қоғамдық қызметтерді қамтамасыз етуге ғана қажетті.

Кейіннен осы дәстүр, А. Де Токвиль, Дж. С. Милл және т. б. тарапынан жалғасты. Олар оны, келесідей ереже төңірегінде дамытты, яғни, мемлекет және азаматтық қоғам арасындағы бөлініс, шынайы демократиялық, әлеуметтік және саяси жүйенің тұрақты сипаты болып табылады. Осы жүйеде өндірістік меншік, шешім қабылдай алу мәртебесі жеке салаға бағынышты емес. 19 - шы ғасырдың ғалымдары мен ойшылдары азаматтық қоғамның аса көп мөлшердегі еркіндігін қоғамның бөлектенуі және кекілжіндердің өршігуіне себеп ретінде қарастырған, сондықтан олар, қатал мемлекеттік реттеуді және бақылауды орнатуға шақырды. “Мемлекет азаматтық қоғамға қарсы” мәселесі И. Бентам, Ж. Сисмонди және т. б. еңбектерінде көрінеді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Дарынды мен педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалған балалармен тәрбие жұмысы
Муниципалды басқару
Францияның территориалды басқаруын ұйымдастыру
Қылмыстарды ашуда және тергеуде ішкі істер органдарын ақпараттық талдаумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері
Адам және азаматтардың құқықтарының негіздері, оларды қорғау
МУНИЦИПАЛДЫҚ БАСҚАРУДЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ
МЕМЛЕКЕТ ТУРАЛЫ ӘРТҮРЛІ КӨЗҚАРАСТАРДЫҢ ОРЫН АЛУЫ
Барлау
Мектепке дейінгі білім беру сапасын басқарудың әдіснамалық тұғырлары
Темперамент мәдениеті
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz