Ж.Жабаевтың өмірі мен өнер жолы


Мазмұны
Кіріспе
«ХХ ғасырдың Гомері» атанған әйгілі суырыпсалма ақын Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы да әр кез әр алуан зерттеу обьектілерінің нысаны болып келе жатыр.
Е. Ысмайылов өзінің саналы ғұмырында ақындар шығармашылығын өте көп зерттеген ғалым, соның ішінде халық ақындары, әнші - ақындар, ең бастысы, біздің өзіміздің зерттеу нысаны етіп отырған Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын өте көп зерттеді деп айтуға әбден болады. Сондай мол, сүбелі зерттеулердің нәтижесінде «Ақындар», «Жамбыл және халық ақындары», «Ақындық өмір» атты зерттеу кітаптары дүниеге келді. Бұл еңбектердің қай-қайсысы болса да кезінде зор бағаға ие болған, халық ілтипатына ерекше бөленген бағалы еңбектер, ақынға атақ - абырой, ғылыми дәреже алып берген бұл кітаптардың дені әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ деп айтуға әбден болады және жамбылтанудың бастау бұлағы, қайнар көзі деп те санауға болады. Жамбыл Жабаев шығармашылығын бір ғана Е. Ысмайылов зерттеді десек қателесеміз. Жамбыл шығармашылығы жөнінде М. Әуезов, С. Мұқанов, М. Қаратаев, М. Жолдасбеков, С. Негимов, С. Садырбаев, т. б. зерттеулері жамбылтану ғылымына қосылған мол үлестер деп санаймыз. Әсіресе соңғы уақыттарға дейін осы салада жемісті еңбектеніп келе жатқан С. Садырбаев зерттеулерінің алар орны ерекше деп ойлаймыз. Сол еңбектерінің ішінде «Фольклор және Жамбыл» деп аталатын монографиясының ғылыми мәні зор, жамбылтанудың жаңа бір белесі деп атауға болады. Сондай-ақ Н. Төреқұловтың «Жамбыл және Кенен» (1978), «Жүз жасаған бәйтерек» (1982), «Алатау асқарынан жыр асырған» (1996) деп аталатын кітаптары бар. Белгілі қоғам қайраткері, танымал әдебиетші М. Жолдасбеков қаламынан туған «Жамбыл және оның ақындық мектебі», «Жүз жасаған жүрек», «Асыл сөздің атасы» деп аталатын кітаптарының қай-қайсысы болса да құнды, мәнді, ғылыми және әдеби тұрғыдан тағылымы өте мол еңбектер екені сөзсіз.
Курстық жұмыстың өзектілігі: Қазақ әдебиеттану ғылымының сан-саналы өрісін қамтитын, зерттейтін обьектілері жыл өткен сайын әр қырынан дамып, жетіліп келеді.
І. АҚЫНДЫҚ ӨМІР
1. 1 Ж. Жабаевтың өмірі мен өнер жолы
Жабаев Жамбыл (1846-1945) - ұлы ақын, жырау, жыршы. Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде туған. Ол жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім - Сүйінбай…» деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған. Жамбылдың ақын болып қалыптасуы тек Жетісу ақындық мектебінің ауқымында қалған жоқ.
Ол өзіне дейін өмір сүрген атақты жыраулардың, өзімен қатарлас ақындар мен жыршылардың бай мұрасын, күллі халық поэзиясын толық меңгеріп, өз шығармашылығына тұғыр еткен. Асан Қайғы, Бұқар жырау, Шөже, Балта, Шернияз, Шортанбай, Дулат, Сүйінбай, Досқожа, Нысанбай, Майкөт, Майлықожа, Құлыншақ, т. б. ақындарды үлгі тұтқан. Сонымен бірге Жамбыл туысқан қырғыз елінің де сөз өнерін жетік білген.
Қырғыз манасшылары мен жомоқшылары арасында әріптес достары көп болған, солармен бірге қырғыз айылдарын аралап, өлең айтып, жыр тоғытқан, күй тартып, айтысқа түскен. Атақты Тоқтоғұл, Мұраталы, Әлімқұл, Балық, Тыныбек, Қатаған сияқты дүлдүлдермен өнер сайысына түскен, солармен жарыса «Манас», «Ер Төштік» эпостарын жырлаған, олардың ілтипат-ықыласына бөленген.
Ақын бүкіл әлемге тараған «Мың бір түннің» тарауларын, Орталық Азия мен Кавказ халықтарына ортақ «Көрұғылы» жырын, Фирдоуси «Шахнамасының» үзінділерін жасынан жаттап алып, айтып жүрген. Осындай қайнарлардан нәр алған Жамбыл өсе келе тек қазақ еліне ғана емес, барша әлемге әйгілі жырау, ақын, жыршы болып қалыптасқан. Сөз өнерінің бұл үш түрін бір адамның меңгеруі - сирек кездесетін құбылыс. Ал Жамбыл өзін әрі жырау, әрі жыршы, әрі ақын ретінде сезінген («Шын жүректен жыр төгіп, сөйлеп бір кетті жырауың», «Нені естісек, соны айту - ежелден ісі жыршының», «Жамбыл ақын сөйлеген сөзді бекер демеңдер») . Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлең-жырмен өткізген Жамбыл - өткен екі ғасырдың куәсі болды, қайшылыққа толы, күнгейі мен көлеңкесі аралас, жақсылығы мен жамандығы қатарлас екі түрлі қоғамда ғұмыр кешті.
Ол аз болғандай, 20 ғасырдың 20-жылдарында ақ пен қызылдың соғысы, атамандар мен комиссарлардың ылаңы, кәмпескелеу мен ұжымдастыру сияқты оқиғалар халықтың бүкіл бітіміне теріс әсерін тигізді, қарапайым адамдардың да, зиялылардың да психологиясын өзгертті. Осындай жағдайдың куәгері болған Жамбыл шындықты айтып, замана болмысын суреттеді, өзінің өкініші мен күйінішін ащы дауыспен жырлайды, мысқылдайды, сынайды, күйініп те, қиналып та сөйлейді. Шыншылдық пен сыншылдық қасиетін Жамбыл ақындармен айтыстарында да сақтап, турашылдығымен ерекшеленеді.
Жамбылды нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан, оның есімін бүкіл Жетісуға, Қырғызстанға, Сыр бойына таратқан өнері - оның айтыстары. Ақындармен айтыс Жамбылдың суырып салмалық дарынын шыңдады, ақындық шеберлігін арттырды, азаматтық өресін өсірді және тақырып аясын кеңейтті. Жамбылдың Сайқал қызбен, Жаныс ақынмен, Бөлектің қызымен, Бұрым қызбен, Айкүміспен, Сарамен, Сары ақынмен, Шыбылмен, Бөлтірікпен, Майкөтпен, Сарбаспен, Құлмамбетпен, Доспамбетпен, Шашубаймен, т. б. айтыстары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды. Оның айтыстарында қыз бен жігіттің қайым айтысы да, түре айтыс та, сүре айтыс та бар. Осының қай-қайсысында да Жамбыл өзінің нағыз майталман, кестелі сөздің шебері, әрі ұшқыр ойлы, тапқыр шешен екенін көрсетеді.
Жамбыл айтыстарының көтеріңкі, лепті интонациямен басталады, ұйқастары әр алуан болып келеді. Қарсыласын ащы мысқылдау, өлеңмен тұқырту, өзін көтере сөйлеу, қарсыласы мақтаған адамдарын мінеу секілді сол заманның айтыстарына тән барлық әдісті Жамбыл да пайдаланады. Қажетті жерде Жамбыл өз руының атынан да сөйлейді. Сонымен қатар айтыстарда Жамбылдың ақындық, дара «мені» айқын көрінеді. Әсіресе, атақты ақындармен сүре айтысқа түскенде өзінің жеке қасиеттерін ерекше сезінеді, өзінің көпшіліктен бөлек тұлға екенін айрықша түсінеді.
Мұны ол айшықты образдар мен метафоралар арқылы жеткізеді («Мылтықта түтеп тұрған мен бір пистон», «Құйындаған көкке ұшқан мен бір пырақ», «Сен - күйкентай, мен - тұйғын», «Мен - қорғасын сақамын», «Мен - бір соққан дауылпаз», «Сөз иесі - мен деймін», т. б. ) . Айтыста көрінетін Жамбылдың екі «мені» (рулық әрі ақындық) кейін, 1930-1940 жылдары өте жоғары мәнге ие болып, азаматтық «мен» дәрежесіне көтеріледі. Бұл кезде Жамбыл ақын ғана емес, ұлы жырау болған еді.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына Жамбыл ақын белсене қатынасты. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. Өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды. Оның көбісі сақталмаған. Тек есте қалып, хатқа түскені - «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» деген өлең-толғаулары. Осы шығармаларында Құлансаз, Қарабастау жайлауындағы Қарғалы, Самсы, Ұзынағаш және Шейінпенде болған қақтығыстардан елес береді. Жамбыл көтерілісшілерді өлең-жырымен жігерлендірді, оның үгітшілік қимыл-әрекетін патша әкімдері жазаламақ болды, бірақ халық Жамбылды қорғап қалып отырған.
Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде оның дауысы бұрынғыдан да асқақ естілді. Ежелгі данышпан жырауларша Жамбыл 1930-1940 жылдар аралығында мемлекеттік мәні бар мәселелерді көтеріп, қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлайды, замана жайында толғайды. Мұндай толғауларында қарт жырау, көбінесе, ертедегі болмысты суреттеп, көне тарихқа көз жүгіртеді, өз дәуірінің асқарынан дана абыз болып замана ағымын шолады, мезгіл мен өмір туралы ойланады, соларға мінездеме береді. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнға байытып жеткізді. Асан Қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Үмбетей, Бұқар жырау сияқты Жамбылдың да қалың жұртшылық алдында мемлекет басшылары мен партия көсемдеріне қарата айтқан жырларында жалпы мемлекеттік мәселелерді көтереді.
Ұлы Отан соғысы тұсында бүкіл Кеңес Одағында Жамбылдан дәрежесі, мәртебесі биік ақын болған жоқ. Жамбыл есімінің әлемнің шартарабына танылған тұсы да осы кезең еді. Ақын жырлары майдандағы әр ұлттан құрылған жауынгерлердің бәрінің де жүрегіне жетіп, жігерін қайрады. Оның Украинаны, Мәскеуді, Кавказды, Ленинградты (қазіргі Санкт-Петербор) қорғаушыларға арнап, солардың рухын көтере, ерлікке шақыра жыр төккені де - жыраулықтың үрдісі. Ол замана туралы толғап, дәуірге сипаттама береді, өтіп жатқан оқиға-құбылыстарға өз бағасын айтады.
Жамбыл айтқан «Өтеген батыр» жырының ескі нұсқасын салыстыру арқылы байқауға болады. Ол нұсқалар бір сюжетке құрылған екі шығарма болып шыққан. Жамбыл шығармаларының көркемдік, бейнелеу құралдары мейлінше мол және олардың эстетикалық қызметі де айрықша мәнді. Оның толғау, дастандары, негізінен, шұбыртпалы, төкпе жыр ұйқасына құрылған.
Сондай-ақ, оның шығармаларында метафора, символ, метонимия, меңзеу, аллегория, сарказм мен ирония, ұлғайту мен кішірейту, немесе дамыту мен шендестіру, эпитет пен теңеу және басқа бейнелеу құралдары молынан табылады. Оларды Жамбыл дара, жалаң пайдаланбай, тығыз бірлікте, поэтикалық тұтастық аясында қолданады. Ақын шығармаларындағы бейнелеу құралдарының мұндай тұтастығы Жамбыл поэзиясын ерекше көркемдік-эстетикалық жүйе деңгейіне дейін көтереді. Жамбыл өшпес мұра қалдырды. Оның үздік шығармалары 40-тан астам шет елдер тілдеріне аударылды. Ұлы жырау қазақ халқын, оның поэзиясын бүкіл әлемге жария етті. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығын тойлағанда, оған әлемнің әр түкпірінен құттықтаулар келді. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. 20-ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды. Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Әбдіғали Сариев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, Саяділ Керімбеков, Орынбай Тайманов сияқты белгілі импровизаторлар бар. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Жамбыл «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.
1941 жылы Сталиндік (кейін КСРО Мемлекеттік) сыйлығының лауреаты атанды. 1-ші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына берілді. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті.
1945 жылы 22 маусым айында 100 жасқа бірнеше ай қалғанда қайтыс болады.
1. 2 Жамбыл шығармашылығының белгісіз беттері
Елді қорғап өлгеннің арманы не деп өткен, адамшылық пен ерлікті ту етіп, ғасырға жуық ақындық, жыршылық шығармашылығын шын мәніндегі жыраулық деңгейге жеткізген Жамбылдың өлеңдері том-том кітап болып миллиондаған тиражбен жүзге жуық тілге аударылып, жарты әлемге таралып, шетелдерде танылған қазақ әдебиетінің алғашқы өкілі болды. Ұлы жыршының өзі «Жақсылық жамандықты тексереді, кім жүйрік, кім шабаны екшеледі», - дегендей, шығармашылығы жайлы жүздеген мақала, зерттеулер жазылып, кітап, монографиялар шығып, диссертациялар қорғалды. Әлі де осы бағыттағы жұмыстар жалғаса берер.
Жамбыл қайтыс болғаннан кейін бес-алты жылдан соң туған (ақынның ауылында) біздің ұрпақ Жәкеңнің бала, немерелерінің, туыстарының, ауылдастарының арасында өстік. Сонда Жамбылмен етене араласқан үлкендерден оның қартайған шағында жәй қарым-қатынастағы сөз, әңгімелерінің өзі өлең болып кеткендігін естуші едік. Кейін 1941-46 жылдары арнайы тапсырмамен ақынның өмір деректерін жинаған Сапарғали Бегалиннің, ғылыми жамбылтанудың негізін салған Есмағамбет Ысмайыловтың, әдеби хатшылары болған Ғали Орманов, Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароков, Қалмақан Әбдіқадыров, Қапан Сатыбалдин, т. б. жазбаларын оқығанда осыған көзіміз жетті. Табиғат берген ақындық дарын қарт Жамбылдың жәй қатынас әңгімесін өлеңді сөзге айналдырып жібергенге ұқсайды. Жәкеңнің ауылында Сарқытбай, Мәжен деген кісілерде суырыпсалма ақындық қабілеттерімен қатар, жыршылықтары бар еді. Жамбылдың өлең, жырларын ұзақ күн жатқа айта беретін. Өзімнің әкем Әбдіғұл Жамбыл айтушы еді деп «Дотан», «Ерназар - Бекет» жырларын жатқа айтатын. Жамбыл музейінің алғашқы қызметкерлерінің бірі болған Рахметжан Жолашаров деген сауатты, білімді кісі әкеміздің досы еді. Сол кісі де көп әңгіме айтатын. Академияның Ғылыми кітапханасында Рахметжан ақсақал өткізген қолжазбалар әлі күнге дейін бар.
Осылай өмірі өлеңге айналып кеткен Жамбылдың ең көлемді жинағы 1982 жылы шыққан екі томдығы. Көлемі 50 баспа табақ шамасында. Аз сияқты.
Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы баспасөз бетінде алғашқы мәліметті 1925 жылы «Терме» журналы-альманағында Шамғали Сарыбаев берген. Осы мәліметтерінің негізінде 1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 18 маусымдағы санында «Жамбыл ақын фольклорды көп біледі» атты мақала жариялады. Жамбылды 1922 жылы 9 маусымда Ұзынағашта болған қосшы ұйымының жиналысында көргенін айта келіп: « . . . Жамбылдың ерте уақыттағы білетін өлеңдерінің бірқатары мыналар еді:
1. Көрұғлы (15 күн ұдайымен айтады екен) .
2. Ерназар-Бекет.
3. Сүйінбай мен Қатағанның айтысы.
4. Садыр патша мен Жамбыл патшаның заманы.
5. Тезекбай мен Сүйінбай.
6. Жамбылдың (өзінің) Құлмамбетпен айтысқаны.
7. Шалтабай дастаны.
8. Абылай ханның Бұқар жырау мен үш жүздің арасын аралағаны.
9. Шежірелер.
10. Әр түрлі термелер», - деген деректер берген.
Жамбыл шығармашылығын зерттеуді жоғары ғылыми деңгейге көтерген ақынның 1940, 1946 жылғы жинақтарының жауапты шығарушысы болған Е. Ысмайыловтың да осы тұрғыдағы деректері өте құнды. Ғалымның ҚР Мемлекеттік архивіндегі фондысындағы көптеген мәліметтер Жамбыл шығармашылығындағы ақтаңдақ беттерді көрсетеді:
«1940ж. әңгімелескенімізде оның білетін тарихи шежіре, ертегі әңгімелерінің аса мол екені көрінді. Ақын қазақтың үш жүзге бөлінуі жайлы, әз Жәнібек, Асан-қайғы, Жиреншелердің әңгімелерін айтатын. Онан кейін Үйсін Төле бидің өміріне де тоқталып, Абылайдың қырғызға жасаған жорығының қаталдығын, оны Алатаудан асырмай жорығын тоқтатып ақылға салған Төле мен Бұқар жырау екенін, қырғыз Әтеке жырық пен Төленің арасындағы бітімді, татулықты жыр етіп сөйлейді.
Қазақтың бұрынғы ертегі, батырлар жырынан, тарихи жырлардан да оның білетіні, айтатыны көп. «Нәрікбай», «Алатай-Жапарқұл», «Алпамыс», «Манас», «Зарқұм» және «Мың бір түн», «Шаһнамадан» көп ертегі, дастандар, тарихи жырлардан Өтеген, Ерназар-Бекет, Саурық, Сұраншы т. б. Айтыстардан Тезек-Сүйінбай, Қатаған-Сүйінбай, Бақтыбай-Сүйінбай, Құлмамбет-Майкөт, Құлмамбет-Жамбыл, Шашубай-Жамбыл, Сүйінбай-Жамбыл, Шөженің қырғыз Бәйтік батырға барғаны, Шөже-Орынбай, Біржан-Сара, Сүйінбай-Майлықожа, т. б. Қазақтың бұрын-соңды жеке ақындардың өлең, жыр толғауларынан да Жамбылдың жатқа білетіндері көп болатын».
Басқа да зерттеушілердің жұмыстарында кезінде Жамбыл айтқан, бірақ жазылып алынбаған бірталай шығармалар жайлы деректер бар.
Мемлекеттік архивтегі Е. Ысмайылов фондында «Осы кездерде ақын «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» дастандарын, Бай мен батырақтың айтысын, т. б. Жамбыл дамытып жырласа да олардың бірде-бірі сақталмаған», - дейді.
Осыларға қарағанда Жамбыл шығармаларының үлкен бөлігі кезінде жазып алынбаған, жазып алынғандарының да біразы сақталмаған.
Ұлы жыршы шығармаларының кейінгі ұрпаққа толық жетпеуінің кейбір себептерін Ғ. Ормановтың 1946 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің 2 көкектегі санында шыққан «Жүз жылдың жинағы» атты мақаласында айтылады. Мақала авторы ақынның 100 жылдық мерейтойына орай шыққан академиялық жинағы жайында айта келіп:
«Жәкеңнің айтуына қарағанда, сол сексен жылдың әрқайсысында бір-бір кітап қалған сияқты.
Бұл жөнінде Жәкең: «Ой-қой, қайда айтпадық, қанша айтпадық! Есте қалғандары, әшейін, соның ойдым-ойдым жерлері ғана ғой» деуші еді.
Жәкең өзі айтқандай, көңілде қалған жұғындарды қағаздай қаттап, көмейде сақтап жүрген емес, тек кезі келгенде, орынды жерінде ғана есіне түсіретін еді. Жәкең кеше, мұнда жетпіс-сексенге келгенше айтып жүретін ұзақ дастандарын ұмытып қалғанына: «Адам қартайғанда торғай қамаса тоқтамайтын жыртық үйдей болып кетеді екен» деп өкінетін.
Жамбылдың ақындық мұрасының дұрыс, толық жиналмауының басты себебі, әрине, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында етек алған солақай идеологиялық саясат. Халық ауыз әдебиетін зерттеген, Жамбыл шығармашылығының да білгірі Нысанбек Төреқұлов ақынның кенже ұлы Тезекбайдың 1985 жылы айтқан бір әңгімесін жазып алыпты. « . . . Бір жолы үйге кіріп келсем, Тәтем (Жамбыл - Ә. Р. ) Ғалиға: «Ананы қос, мынаны қос дей бересің. Ол қызыңды ұрайынды . . . мен қайдан білейін. Сөзімді бөле берме», - деп кейіп отыр екен». Ғ. Ормановқа ақынның сөзін бөлдіріп отырған жоғарыдан берілген бұйрық, талап қой. Ол кезде, Сталиндік саясаттың түтеп тұрған кезінде бұйрықты орындамай көр.
Жамбыл 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің декадасына барып келгеннен кейін үкімет ауылында алғашқы ағаш үйін салып береді. 1938 жылы шығармашылық қызметінің 75 жылдығына орай қазір музей болып тұрған үлкен үйді салып, машина береді. 1936 жылы шығармашылығын жазып алу үшін әдеби хатшылар, аудармашы тағайындалады. Оларға сол кез үшін жақсы жалақы, іссапарлық ақылар төленеді.
Жамбылдың үйі жазушылардың, ғалымдардың, т. б. келушілердің ауылдағы одағына айналып, сол ауылда құрылған Ерназар Елтаев атындағы колхоз етпен, басқа азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырады. Завхоз тағайындалады. Ақынның денсаулығын тұрақты қарайтын медсестра, Алматыдан келіп тұратын дәрігер бекітіледі. Машинасын алғашында Григорий деген қаладан келген орыс жігіті айдап, кейін Жамбылдың туысы Нағашыбек Байсалбаев деген кісі жүргізеді. Радио орнатылып, ток өндіретін шағын электростанция іске қосылады. Бұларды Шустер деген ұлты еврей кісі ұстаған. Сонымен ақынның үйі ерекше мәдени орталыққа айналып, түс ауа шатырдағы радио қосылар кезде ауыл адамдары жиналады екен, электр жарығын да осында алғаш көрген.
Жамбыл атамызда дүниеқоңыздық, тоғышарлық анық жоқ. Сол кез үшін кең сарайдай 12 бөлмелі жаңа үйге кіргізгенде Жәкең: «Әй, мынауыңның ауасы тар ма?», - деп, аса әсерлене қоймаса керек. Қыста ғана тұрып, жазда жайлауға көшіп кететін болған. Әрине, осының бәрін өкімет тегін істеп отырған жоқ.
ІІ. ЖЫР АЛЫБЫ . ЖАМБЫЛ
ІІ. І Жамбылдың айтыстары
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz