Шежіре шерткен шер мен сыр


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 218 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

1. Шежіре - қазақ тарихының әліппесі. Сөз басы.

2. Шежіре - баба қазақтың тек тану ілімі.

1. Кеудесі - алтын сандық.

2. Жеті ата үрдісі.

Қанқазынаны таза сақтаудың қазақы жолы.

Қазақы тәрбиенің мәйегі.

Ұлт бірлігінің ұйытқысы.

3. Қазақ қауымы. Рулық құрылым .

3. Шежіре - тіл қазынасы.

Шежірелік атау сөздер.

«Кіші жұлдыздар да аспанның сәнін келтіреді».

Ата-бабаның туыстық атаулары.

Адамды жас шамасына қарай атау.

Қазақ қауымына қатысты атаулар

4. Шежіре - тек тарихы.

Біз кімбіз? Тегіміз кім? Қайдан келдік?

5. Шежіре - ел тарихы.

Қазақ хандығы.

Шерлі шежіре парақтары

Ұлттың төрт таянышы:

1-таяныш: Тілдің тұтастығы.

2-таяныш: Ділдің тұтастығы.

3- таяныш: Ата мекеннің тұтастығы.

4-таяныш: Тұрмыс пен тағдыр тұтастығы.

Тәуелсіздік - Тәңір сыйы.

6. Шежіре - ұлт тарихы.

«Қазақ» атауының түп төркіні.

Қазақ халқының үш жүзге бөлінуі.

«Төрт төңірек, алты арыс».

Ұлы жүз.

Орта жүз: 1. Арғын. Тарақты. 2. Найман. 3. Керей. 4. Уақ.

5. Қоңырат. 6. Қыпшақ. - 92 баулы Қыпшақ.

Кіші жүз.

Жүзге кірмейтін қазақ тайпалары.

Зайсан өңіріндегі үш жүзге де кірмейтін қазақ рулары:

Қожалар. Төрелер. Санияздар. Шалақазақтар. Қырғыздар.

7. Шежіре - қария сөз.

Баттал Құранбайұлының шежіресі.

Шежіреші - сыншы да .

8. Шежіре - ұлыс тарихы.

Наймандар.

Төртуыл -Төлегетайдың төрт бөрісінің кенжесі.

Тоғыз таңбалы Найман.

Ру таңбалары - түркі әліпбиінің әріптері.

Төлегетай - тарихи тұлға

Қаракерейлердің тек атасы туралы.

«Бажігіт», «Байс», «Байси» дегендер кімдер?

8. Шежіре - кесте.

Әлқисса.

Қазақ. Найман. Елата .

Төрт Төлегетай: 1. Қаракерей. 2. Матай. 3. Садыр .

4. Төртуыл: 1. Аманбарақ (Қартбарақ) . 2. Андабарақ. 3. Ақбарақ.

4. Ақболат: Данияр.

Тінібек. Оңғар.

Қодағай.

Марқай.

Құлдәулет (Қарақұлақ) .

5. Тұзақшы .

Ергенекті Найман:

Саржомарт (Байдалы) .

Көкжарлы.

Қаратай.

Бура

Терістаңбалы Келбұқа(Шырсейіт) . Кетбұқа

Балталы.

Бағаналы .

9. Шежіре - ел естелігі.

« Еліңде кімің бар? » -

Билер. Шешендер.

Ақын-жыраулар.

Батырлар.

Туған жер - тұнған шежіре.

- Қойбас - құлдың аты

- Шәйі - қыздың аты

- Еділ асуы

- Қамшыгер Алтай

- Тайтүгел тоғамы

- Қазақтың әнші ақыны - Ноғайбай

- Жанұзақ ақын. Әріпжан Жанұзақұлы

- Майкөт күйші

- Көріпкел Кәмен

«Алтайдай жер қайда!»

Б. Құранбайұлының өмірінен деректер.

Дерек көздері


Баттал Құранбайұлы

Ескендір Батталұлы Құранбай

Шежіре

шерткен

шер мен

сыр

Осы кітабымды

әулет атасы Кұранбай Төкеұлы мен

әулет анасы Қалиман Марғауқызы Төке келінінің

аруақтарына және

олардан өрбіген барша ұрпақтарына

арнадым.

Автор

Баттал Құранбайұлы

Ескендір Батталұлы Құранбай

Шежіре

шерткен

шер мен сыр

Өскемен 2007

ШЕЖІРЕ - ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ӘЛІППЕСІ

( Сөз басы орнына )

Көрген сайын Сіз десіп,

Сыйласқанға не жетсін.

Шашылғанды бірлесіп,

Жинасқанға не жетсін.

Арғын атығай Құрмысы шешен.

Француз жазушысы Александр Дюма (әке Дюма) «Құдай болашақты ғана өзгертіп, жаңарта алады, ол өткеннің ештеңесін өзгерте алмайды» деген екен. Ал құдайсыз коммунистер билік еткен кезде КСРО-ны мекендеген барша халықтардың өткен тарихын отарлаушы топтың көзқарасына лайықтап коммунистік идеямен «тұздықтап» қайта жазып, «құдайдың да қолынан келмейтін» өзгертулер жасады: ақты «қара» деді, қараны «ақ» деді, барды жоқ қылды, жоқтан бар жасады. Үстем ұлтқа кір келтіретін тарихи ақиқаттарды ғылыми айналымнан алып тастады.

Патша үкіметі қазақ даласына ғылым үшін деген желеумен экспедицияларды, жекелеген адамдарды дүркін-дүркін жібере бастады. Олар жаратылыс танушы (ботаник, зоолог, геолог), суретші (картограф), түрколог (тарихшы, этнограф) деген бүркеншік ат жамылып келді. Осылардың басым көпшілігі әскери қызметкерлер еді, қалғандары да арнайы құпия тапсырма алғандар болатын. И. Андреев «Описание Средней Орды киргиз-кайсаков» атты кітабында: «Января 2-го 1782 года послан был по секретной экспедиции, . . . ко владельцу Найманских родов Абулфаис-султану» деп жазады (53. 174) . Олар патша қазынасынан қаржыландырылды. Мақсат: біріншіден, қазақ даласының байлығы (фаунасы, флорасы, кен байлығы, суы, құнарлы жері) туралы, екіншіден, тарих, шежіре жинау арқылы қазақ хандығының ел басқару жүйесі, хандықтағы хан, сұлтан, би, батыр, халық ролін жете білу. Бұл патша үкіметіне Қазақ Ордасын отарлаудың болашақ стратегиясын жоспарлау, тактикасын белгілеу үшін қажет болды. Сондай көп экспедициялардың бірі - Шығыс Түркістанды зерттеуге арналған орыс армиясының генералы Прежевалский басқарған экспедиция.

Атақты саяхатшы, екі саяхатын да Зайсаннан бастаған деп, Зайсан қаласындағы демалыс бағына атын беріп, қара мәрмәрдан зәулім ескерткішін орнатып, Сарытерек ауылына екі-үш түнеді деп есімін қойып, екі саяхатында да Мырзаштай (Мырзаш Алдиярұлы) жершіл қазақты жолбасшы етіп алуы - қазақ халқын құрметтеуі деп әспеттеп келген Пржевальский сол қазақтар туралы былай деп жазыпты: «Қойды итше үргізуге болмайтыны сияқты, өзінің табиғатында топас, жалқау, әрнәрсеге немқұрайды қарайтын көшпендіні жігерге толы өркениет адамына айналдыруға болмайды. Тіпті сахарасында өзінше «бақытты өмір» сүріп жатқан оларға өркениетті өмірдің керегі де жоқ» («Русский вестник». 1886 г. Декабрь. «Современное управление Азией». стр. 476-481; (104) .

Басқа ұлттардың - Ресейге бодан ұлттардың - әлемдік өркениетке қосқан үлесі, ерлік істері, мәдени мұралары тарихтан өшірілді немесе қара бояуды қалыңдата жағып теріс түсіндірілді:

Хандарымызды «қанаушы, қанішер» деді,

Батырларымызды «барымташы, баскесер» деді.

Хандық дәуірімізді «кер заман» деді,

Алтын ғасырымызды «зар заман» деді.

Халқымызды «жабайы»,

Тілімізді «анайы» деді.

Мәдениетімізді «тұрпайы»,

Салтымызды «сұмпайы» деді.

Қазақты «Сайда саны, құмда ізі жоғалған,

Ата тарихы жоқ, көшпенді халық» деді.

«Тарихының бізден басталары анық» деді . . . деді . . . деді . . .

Қазақтың ханы да, биі де, бай-бағылан, батыры да «жаман» болып шыға келді. Кемсітуге, мансұқтауға келгенде жоқ мініңді бардай етіп, бар мініңді дардай етіп, жақсылығыңды жоқтай етіп бадырайта жазды. Арқалы ақын Ғафу Қайырбековтің:

Әлі күнге бір сұрақ мен аңғарман,

Сұрап келем ақылды адамдардан:

- Өзге жұрттың хандары жақсы болып,

Біздің хандар қалайша жаман болған? -

деп, балаша аңқауси сұрайтыны есіңізде болар.

Бодан халықтардың балаларын орыс мектептерінде оқыта отырып, оларды жаппай шоқындыруды мақсат еткен христиан дінінің ірі уағызшысы миссионер Н. И. Ильминскийдің: «Орыс мектептерінің шет аймақтардағы халықағарту жұмысы - миссионерліктің бір түрі болып табылады» дегенінен құлағдар бола тұра, күні кешеге дейін оны Орта Азиядағы бұратана халықтардың әйгілі ағартушысы деп аспандата атап келдік. Ол 1871 ж. «Орыстардың ресми қағазы арқылы қазақтарға олардың түркі тектес екенін, олардың халқында хандықтар мен мемлекеттердің болғанын айтудың не қажеті бар еді, бұл олардың терезесін орыстармен тең қою үшін керек болды ма? . . . оқыған қазақтар үшін бұл тарихи ой-пікірдің бастауына айналуы мүмкін» («Қ. Ә. » 09. 08. 1985) деп қадай жазып, бодан елдердің ақиқат тарихын ашып айтудың отарлаушылар үшін қаншалықты қауіпті екендігін ескертеді, баспасөз беттерінде тыйым салу керек дейді.

Джавахарлал Нерудің: «Тарихты жаулап алушылар жазады, ондай тарихта тек отарлаушылар концепциясы ғана үстем болады» деуінде шындық жатыр. Ежелгі Римнің әр императоры таққа отырғанда «Тарих менен басталады» дейді екен. Солар айтқандай, орыс тарихын КОКП Бас Хатшысы ауысқан сайын (әрине, үлгіре алғандары) өзгерттіріп қайта-қайта жаздыртты. Мен өз өмірімде үш рет өзгертіліп жаңадан жазылған КОКП, КСРО тарихын оқып «білім алыппын»: сталиндік, хрущевтік, брежневтік. Бұдан аңғарғаным: «Мен тарих эпиграфына «Ештеңені жасырып қалмаймын» деп жазған болар едім» (Л. Толстой) деп қанша армандасақ та, отаршыл империя тарихи шындықты бүкпесіз ашып айтпайды екен. Әр заманның өз өлшемі, өз таразысы болмақ, оның аты - саясат, идеология. Тарих бірде саясаттың сойылын соқса, бірде идеологияның қолшоқпарына айналады. Сөйтіп бұрмаланады, алып империя алыптығына басып, өзінің кемшілігін көрсетпеуге, жақсылығын айқайлап жаһанға жар салуға тырысады. Күні кеше өзі кіріптар болған, бүгінде тарихтың тауқыметімен бағы тайып, тауаны қайтқан басқа жұрттың жарқын тарихын жоққа шығарып, өз елінің абыройын асыруға ұмтылады. Өзіне дейінгі жазылған тарихтың осындай сырын түсінген Бернард Шоу: «Тарих не деп үн қатады? Не десін, тарих әдеттегідей өтірік айтады» депті. Тарихты жасаушылар да, оны жазушылар да өз заманының саясатына тәуелді. Қандай қоғамда өмір сүрсе де саясаттан тысқары қалатын адам болмайды. Аристотель «Человек вне общества или бог, или зверь» депті. Адам өзі тікелей саясатпен айналыспаса да, мейлі қаласын, мейлі қаламасын, қоғамдағы белгілі бір саясаттың не жақтаушысына, не қарсыласына айналады. Тіпті, үшінші, аралық күй - бейтараптықтың өзі де жеке адамның сол саясатқа деген көзқарасын - екі жақты да құптамайтындығын, «Пұл болмасаң, күл бол», «Бірің өліп, бірің қал» деген енжарлығын - білдіреді. Қарсыластардың әлсізі, көбінесе, саясаттың құрбандығына шалынып, зардап шегеді. Сайып келгенде, ақыл-есінде ауытқуы жоқ адам бүгінгідей баспасөз, телерадио, интернеттің өмірге ендеп енген тұсында қоғамда болып жатқан саясаттың шарпуынсыз қалмайды, оған бейжай қарамайды, мүлде қатыссыз күй кеше алмайды. «Далалық даналықтың сүткенжесі» (88. 14) Абай: «Әркімді заман сүйремек, . . / замана оны илемек» десе, қайран Мағжан: «Сұм өмір абақты ғой саналыға, / қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі» дейді. Ұлт ақыны Мұқағали Мақатаев:

Ақындар бар ішінен тынып өткен . . .

Айтып өткен ақында арман бар ма,

Жүрегінің түбіне кір жасырмай . . .

Айтарын айтып өткен абайламай,

Ой, шіркін, Махамбеттер, Абайлар-ай! -

(3-197) деген. Бүгінде «тірі әулие» деп атап жүрген, ойы да, сөз саптауы да өзінің сонылығымен, тереңдігімен, көркемдігімен ерекшеленіп тұратын, қазақ әдебиетінің қазіргі көшбасшыларының бірі де, әрі бірегейі де, көсемсөз шебері, бүгінгінің биі, белгілі қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев: «Айтарының бәрін айта алып өткен суреткер арғыда да, бергіде де болған емес . . . Енді де болмайды . . . Айт дегенді айтсаң - ар төгіледі. Айтпа дегенді айтсаң - бас кетеді» («Е. Қ. ». 04. 09. 2002) дейді. Демек, қандай қоғамда өмір сүрсек те «абсолютті сөз бостандығы» деген болмайды екен. Олай болса, тарих та оны жазу кезеңіндегі саясаттың сөзін сөйлейді екен. Біреу үшін қылмыс деп саналған уақиға, қарсы жақ үшін ерлік деп бағаланады емес пе? Кешегіні мақтау да, даттау да, ақтау да бүгінгі көзқарасқа байланысты болмақ. Тәуелсіз ұлттық мемлекет құрылмай, ұлт тарихы ақиқат шындықпен жазылмайтындығына адамзат тарихы куә, аға ұрпақ куәгер. «Тарихты жасау дәуірі бар, жазу дәуірі бар. Жасаушы қателесіп, жазушы түзеймін деп әуреленбеске керек» (74. 125) . «Күнделікті саясаттан бойын аулақ ұстай алмайтын, жағымпаз, жалтақ тарихшылардан қоғам әбден шаршады» (96) . Шын тарихтың шынайы бет-бейнесін бүркемелеп келген саяси бет-пердесін ашпай, яғни, саясатпен көмкерілген тарихты таза азаматтық тарихқа батыл айналдырмай, ақиқат ашылмайды.

Ел азат болмай, ер азат емес. Азаттық алған алғашқы жылдардан бастап халық санасында қордаланып қалған қорлықтың ащы шындығын айқайлап айтушылар көбейді. «Бір халықтың тарихын тек қана оның дұшпандарының көзқарасы тұрғысынан зерттеуге болмайды» (23. 86) деген қағиданы басшылыққа алдық та, ер түріктің бөрілі байрағын қайта көтердік. Бүгін әр халық, әр мемлекет капитализм мен социализм текетіресі жойылғаннан соң, енді: «Біз кімбіз?» деген сұраққа жауап іздеуде. Ол адамдардың тегін, ұлтын, дінін, ділін, тарихын, салтын білуге итермелейді. Ізденіс тайпалық, этникалық, жақын діни қауымдастықтарға, өркениеттерге апарады (5) . Ұлт тарихына әдейі жағылған қара бояулар өшіріліп, жапсырылған жала жамаулар жұлынып тасталып, ақтаңдақ беттер қайта жазылуда. Күштеп ұмыттырған ұлттық үрдістеріміз бен ардақты азаматтарымызды еске алып, жаңғырта бастадық. Қазақ тарихы, Ұлттық энциклопедия жаңадан жазылуда. Ел басымыз Н. Назарбаев 2004 жылға арналған Қазақстан халқына жолдауында руханият пен білім беру салаларын дамыту мақсатында халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның ішінде оның дәстүрлері мен салттарын зерделеуге кірісуді ұсынды. «Біздің ұлттық мәдениетімізде де жалпы азиялықтарға тән биязылық, өткенге салауаттық жасау, үлкенді сыйлау, жасқа қамқорлық, қысылғанға қол ұшын беру, ағайынның ауызбірлігін сақтау - бәрі-бәрі де бар. Ендеше сол ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманаттау-«Мәдени мұра» бағдарламасының басты мақсаты болуға тиіс» деді. («Е. Қ. »29. 11. 2003) .

Шаңырағымызды көтеріп, керегемізді бүтіндеп, барымызды бағалап, жоғымызды түгендеп, ежелден-ақ төрелі тарихымыз бен өрелі мәдениетіміз бар ел екендігімізді басқаларға барынша әйгілей таныту - бабаларымыздың алдындағы парызымыз, балаларымыздың алдындағы қарызымыз. Сондай ұлттық асылдарымыздың бірі - ғасырлар асуынан аман асып, бүгінге дейін сақталып келген халық шежіресі.

Шежіре - қария сөз, ел тарихы,

Шежіре - ата тек пен жер тарихы.

Өйткені, жеті атаны білу - шамамен 200 жылдық ру тарихын, ел тарихын білу деген сөз. Қазақ тарихы -- ең алдымен ру, тайпа, ұлыстар тарихы. Қазақ тарихын жазушылар оған соқпай әсте өте алмайды. Шежіре - тарих ғылымының әліппесі. Шежіре тарих ғана емес, ол - тәрбие құралы да, себебі, шежіре - ұлттың ұйытқысы. Шежірешілер апайтөс аймақты жайлаған қалың қазақты ежелден қандас, кіндіктес туысқан жұрт деп сендіреді.

Мамандығы теміржол инженері бола тұра, қазақ тарихы мен шежіресіне ден қойған шығыстанушы, қазақ шежіресін ғылыми талдауға тұңғыш түрен салған, төңкеріске дейінгі қазақ зиялы қауымының жарық жұлдыздарының бірі, сталиндік репрессия құрбаны Мұхаметжан Тынышбаевтың 1925 ж. Ташкентте басылып шыққан «Материалы к истории киргиз-казакского народа» атты тарихи-шежірелік еңбегінен кейін осы тақырыпта 1985 жылға дейін жарияланған материалдар жоқтың қасы. Мұхаметжан сияқты «ұлтшыл» деген атақ тағылып, абақтыда ажал табудан қорықтық. (1938 ж. Ташкентте атылған) . Тек, 1960 жылдардағы уақытша «жылымық» кезінде В. В. Востров пен М. С. Мұқановтың «Родо- племенный состав и расселение казахов» (1968) және сол М. С. Мұқановтың «Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза» (1974) деген еңбектері орыс тілінде (?) жарияланды. (Егер В. В. Востров қосымша автор болмаса, оның фамилиясы бірінші болып тұрмаса, орыс тілінде жазылмаса, мүмкін, бұл кітап жарыққа шықпас та еді) .

Кеңестер Одағының іргесі сөгіле бастаған айқайға толы аласапыран алмағайып кезеңі - аты шулы қайта құру дәуірінен бастап, егемендік алған аз жылда қазақ шежіресі туралы еңбектер көптеп жарық көруде. Әр адам өзінің шыққан тегін, ата шежіресін білуге ұмтылды, елінің өткен тарихын білуге ден қойды. Арғы, бергі тарихымызды жетік меңгерген жазушы, тарихшы Қойшығара Салғариннің «Алтын тамыр», «Көмбе», « Қазақтың қилы тарихы» кітаптары жарияланды. «Ана тілі» газетінің шығарушылар алқасының «Қазақ шежіресін» жинап, жүйелеп бастыруы қомақты жұмыс болды. Бұлардан басқа әр облыста, әр ауданда жергілікті баспасөз беттерінде жарияланып жатқан жеке ру, тайпа шежірелері туралы мақалалар қаншама. Әр түрлі баспалардан кітап болып шығып жатқандары да баршылық.

Шежіре туралы жазуды көптен ойланып, қажетті деректерді іздеп, жинастырып, жүйелеп қойсам да, жазуға тәуекел ете алмай жүргем-ді. 1999 жылдың соңына таман Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Тарих толқынында» деген кітабын сатып алып, оқып шықтым. Кітапқа ғылыми-теориялық баға беру ғалымдардың еншісінде. Менің қарапайым оқырман ретінде айтарым: түркі халықтарының адамзат дамуындағы алатын орнын білгіңіз келсе; қазақ халқының тегін, тарихын, «МЕН» дегізер ұлттық қадір-қасиетін білгіңіз келсе; халқыңның шежіресі мен жеті ата ұстанымына Елбасының осы заманғы саясат тұрғысынан берген бағасын білгіңіз келсе; қазақ халқын үш ғасыр бодандық бұғауында ұстаған отарлаушы қоғам мен тоталитарлық жүйе туралы әлемдік деңгейдегі саясаткердің пікірін білгіңіз келсе; қазақ елінің бүгінгі тұрпаты мен болашақ мұраттары қандай екендігін білгіңіз келсе - онда осы кітапты оқыңыз. Өз басым бұл кітапты Тәуелсіз Қазақстанның Ұлттану ғылымының тұңғыш оқулығы деп таныдым. Сондықтан да, осы кітапқа көбірек сілтеме жасадым. «Тарих толқынында» кітабы қолыңыздағы туындыны жазуға жетелеп, тәуекелге бел байлаттырды. Елбасының бұл кітабы қазақтардың ұзақ жылдар бойы қудаланып келген этностық бірізділігін қалпына келтіруге зор ықпал жасады. Қазір әр қазақтың өзі шыққан тегін білуі қалыпты қабылданатын жайтқа айналды. Бүгінгі қазақтар ру дегенімізді тайпа, ұлыс, халық сияқты тарихи категория ғана деп қабылдайды.

Шежіре жазу - өзінше қиындығы мол, ауыр тірлік. Қиындығы көп болатыны: 70 жылдық кеңестік кезеңде қазақтарға ата тегін, ру-тайпасын айтуға, жазуға тыйым салынғандықтан, айналасы екі-үш ұрпақ ауысымында жеті атасын білмейтін ұрпақ өсіп шықты; бір ру, тайпаның ұрпақтары бірнеше мемлекет, әлденеше облыс пен аудандарға бытырата бағындырылып, бөлшектеніп тоз-тоз болып кетті; олардың арасында байланыс болмады, болдырмады. Басқа елде туысы барлар «үкіметке сенімсіз адам» санатына жатқызылды. Осыдан қорыққан Кеңес қазақтары «шетелдерде туысым жоқ» деп анкета толтырып, қолын қойып, «ант» беруге мәжбүр болды.

Қазіргі ұрпақ шежіре туралы, оның пайда болу себептері, тарих үшін маңызы, қазақ халқын ұйыстырудағы өзіндік ролі, атқарған қызметі туралы біле бермейді. Өкініштісі сол, «Шежірені білу-жеті шалдың атын білу» деп, тым қарадүрсін ойлайтындар көп. Шежіремен айналысушыларды «рушыл» деп тым кереғар бағамдайтындар да, руды білу мен руға бөлудің ара жігін ажырата алмайтындар да, «тайпа десең - талауға түсетіндей, ру десең - құруға бет алғандай» (88) шошынатындар да бар. Қазақ: «Атасын не қу, не құл ғана жасырады» демеуші ме еді. Әрине, ол үшін оларды күстаналау да, жазғыру да орынсыз, өйткені оған өткен қоғам кінәлі. Шежірені білу - ескінің кейпіне ену деген сөз емес. Елбасы Н. Назарбаев: «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз» деп жазады (77. 267) . Руды білу - тарихи таным үшін, тегіңді тану үшін қажет. Ол бүкіл қазақ «бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы» (77) екенін біліп, ұлт болып тұтаса ұйысу үшін, ақырында тарих тағлымынан оң қорытынды шығару үшін де қажет. Сондықтан да осы еңбегімде ұлттық үрдіс пен шежірелік деректерге қабаттастырыла өріліп, шежіренің қазақ этнопедагогикасындағы атқарған аса нәрлі жемісті қызметі туралы да аз-кем сөз қозғалды.

Шежірешілер - ел аузындағы шежірені сұрастырып, тірнектеп жинап, аса ыждағаттылықпен елеп-екшеп толықтырып, асқан құнттылықпен бір ізге түсіріп саралап, бір жүйеге келтіріп жазушы, халыққа таратушы. Сондықтан да, Шежіре - халықтық, қауымдық туынды, ел естелігі. Айтпағымыз шежіре туралы болғандықтан, кәнігі шежірешілердің дәстүрінше, әр тақырыпты ретіне қарай орайластырып аңыз-әңгімелермен әдіптеп, шешендік-көсемдік төл сөздермен көмкеріп, өлең-жырмен өрнектеп, ой-толғаулармен оюлап, жеке авторлық туындыны қауымдық шығармаға айналдыруға ұмтылыс жасалды. Көсемдер мен шешендердің , қайраткерлер мен қаламгерлердің кадай айтқан ұлағатты сөздерінен үзінділер келтіруім осындай ойдан туған әрекет еді. Шешуін таба алмаған түйіндер мен жауабы әзір беймәлім сұрақтарды да жасырмадым. Ол сұрақтар ғалымдарымыздың «құлағына алтын сырға» болсын дедім. Күдік келтірер, дау туғызар дүдамал ой-толғаулар байқала қалса, «Ол - автордың ойтүрткі жасауы, ойға тамызық тастауы» деп түсініңіздер. Мұндайда «дұрыс емес» деп бірден кесіп, үкім шығара салуға асықпай, «бәлкім, осылай болуы да мүмкін-ау» деп, еркін ойлауға ырық беруді де ұмытпаңыз.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
“ӘЗ ТӘУКЕГЕ ҚЫЗМЕТ ҚЫП, ЖАЗДЫМ “ЖЕТІ ЖАРҒЫНЫ”
Шәңгерей Бөкеев шығармалары
Ұлы жүз Суан тайпасының шежіресі
Фариза Оңғарсынованың лирикасы
Мағжан Жұмабаевтың поэмалары
Нар заман мен зар заман поэзиясында тарихи оқиғалардың көрініс беруі
ТҰРМЫС - САЛТ ЖЫРЛАРЫ
Жыраулар шығармашылығы
Жырау және тарих
Ерте орта ғасырлардағы алдыңғы қатарлы оқымысты, тарихшы, түркі ұлыстары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz