Қазақ прозасындағы фольклорлық сарындар


Қазақ прозасындағы фольклорлық сарындар
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 4
1 Қазақ прозасындағы фольклорлық сарындар сипаты
- Фольклорлық дәстүр жалғастығы . . . 8
- Өнер тақырыбын суреттеу мен миф, хикая, аңыздың қызметі . . . 14
2. Қазіргі қазақ прозасындағы ұлттық танымның сипаттары
2. 1 Халықтық дүниетанымның тағылымдық-тәрбиелік мәнін ашудағы фольклорлық сарындар . . . 20
2. 2 Фольклорлық үрдістердің ұлттық образ жасаудағы рөлі . . . 30
Қорытынды . . . 55
Қолданылған әдебиеттер тізімі . . . 57
КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі. Бүгінгі таңда әлемдік ауқымда танылып үлгерген егеменді еліміздің мемлекеттік бағдарламаларында ұлттық руханиятқа кең өріс берілуі ғалымдардың жаңа тынысын ашты. Соның нәтижесінде фольклор, этнография, көркем әдебиет салалары да өз нысандарына тереңдей еніп зерттеудің және өзара сабақтастықта дамудың жаңа белесіне көтерілді.
Әдебиеттегі этнография мен фольклордың маңызы жөнінде қазақ әдебиеттану ғылымының көшбасшысы С. Қирабаев «Қазақтардың ауыз әдебиеті аса бай және көп жанрлы. Олардың ертегілік мұрасы, эпостық (батырлар жырлары, лиро-эпос, тарихи дастандар) шығармалары, тұрмыс-салт жырлары, шешендік, тапқырлыққа құрылған көркемсөз үлгілері (шешендік сөздер, айтыстар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар т. б. ) өзі қатарлы халықтардың ешқайсысынан кем емес, қайта мазмұнымен атқаратын көркемдік, қоғамдық өнегелерімен биік тұр. Олар халқымыздың өмір сүру жағдайлары мен тарихи тұрмыс қалпынан, дүниетанымымен наным-сенімінен, кәсібімен, әдет-ғұрпынан, халық рухының өміршеңдігімен әрқашан болашаққа қараған оптимизмінен мол мәлімет береді» деген болатын [1, 10 ] .
Бүгінгі күні жаңа сапалық өзгерістерге түскен қазақ прозасының тарихи даму жолы күрделі сатылардан өтті. Әсіресе, ұлттық прозадағы этно-фольклорлық үрдістердің көркемдік кеңістігін ғылыми тұрғыдан сарапқа салу кенже қалып келген болатын. Ол ұзақ жылдар бойына жүргізілген ұлттық сана мен сезімді тұмшалауға тырысқан саясатпен байланысты. Тәуелсіздік тұсында осы мәселені жаңаша зерделеудің мүмкіндігі туып отыр.
Өткен ғасырдың басындағы қазақ прозасының көрнекті өкілдері -М. Дулатов, М. Әуезов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаевтардан бастау алатын прозадағы фольклорлық үрдістер 60-80 жылдар прозасында өзгеше өрнек тапты Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Ә. Нұрпейісов, Т. Ахтанов, Ш. Мұртаза, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, Т. Әбдік, А. Сүлейменов, Д. Исабеков, О. Бөкей, С. Жүнісов, т. б. қаламгерлер «социалистік реализм» құрсауында жүріп-ақ ұлттық құндылықтардың қадір-қасиетін танытудың өзіндік жолдарын таба білді. Ал, тәуелсіздік тұсындағы прозалық туындыларда бұл дәстүр тың тұрғыда қайта түледі. Көркем прозадағы этно-мәдени дәстүрдің шығармашылықпен игерілу жолы бір тұтастықта алып қарастырылатын бұл зерттеуде әрбір кезең дамуындағы осы бағыттағы көркемдік ізденістер назарға алынып, оның жаңарған сипаты ғылыми тұрғыдан сарапталады.
Тарихи дамудың сан түрлі жолдарынан өтіп, кемелденген, көркемдік биікке жетіп, жанрлық жағынан да, тақырыптың ауқымы тұрғысынан да кең қанат жайған қазақ прозасындағы этнографиялық-фольклорлық сарындардың көркемдік қызметін ғылыми саралау - бүгінгі күннің аса зәру мәселесі болып табылады. Әрине, этнография, фольклор, көркем әдебиеттің өз алдына тарихы, бай тәжірибесі мен өзіндік бағыт-бағдары қалыптасқан жеке-жеке жүйе екендігі белгілі. Оларды көркемдік тұрғыдан ұштастырып, түрлі ғылым салалары арасындағы диалектикалық бірлікті өз талап-талғамына жарату хас талантқа ғана тиесілі.
Алаш зиялыларынан бастау алған бұл көркемдік үрдістің әртүрлі қоғамдық өзгерістерге сай даму ерекшелігін ашу бүгінгі жаһандану үрдісіндегі әдебиеттану үшін ең өзекті мәселе болып табылады. Себебі, көркем әдебиеттің ұлттық руханияттың аса маңызды құрамдас бөлігі ретіндегі мән-маңызын саралау - заман талабынан туған қажеттілік.
Әрине, осы уақытқа дейін бүкіл әлемдік көркем ой дамуымен сабақтастықта даму нәтижесінде қазақ прозасының биік белестерге жеткені белгілі. Алайда шығармашылық заңдылықтың маңызды талаптарының бірі -әрбір ұлттық әдебиеттегі қайталанбайтын ерекшеліктеріне тереңдей мән беру екінші қатарда қалып отырды. Мұның өзі көркемдік танымның динамикасының даму жүйесіне нұқсан келтіретін еді. Сондықтан да ел егемендігі тұсында дәстүрлі этнография мен фольклорға көркем әдебиеттің қайта оралып, оны өз көркемдік көкжиегін кеңейтудің амал-тәсілдеріне айналдырып отырғанын ашып көрсете отырып саралау- заман мұраттарымен үндесіп жатқан міндет. Сол арқылы ғана қазақ әдебиетінің, соның ішінде қазақ прозасының көне архаикалық ұжымдық ойдан фольклорлық поэтикалық ойлауға, одан жеке автордың даралық ой-сезіміне дейінгі даму сатыларын айқындауға болады.
Көркем прозадағы фольклорлық үрдіс секілді ауқымды тақырыптың зерттелу деңгейі әрбір ғылыми саланың талаптарына сәйкес әртүрлі деңгейде жүзеге асырылып отырды. Бұл мәселе ең алдымен фольклор мен әдебиет жөніндегі ұжымдық монографиялар мен жекелеген зерттеу еңбектерде белгілі бір тақырып аясында, түрлі дәрежеде сөз етілді. Әдебиеттің тарихи негіздерін ашу мақсатында жекелеген күрделі мәселелерге арналған еңбектерде, атап айтқанда, М. Әуезов, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, т. б. ғалымдар зерттеулерінде көрініс тапты.
Ал, С. А. Қасқабасовтың жетекшілігімен жазба әдебиеттің поэзия, проза, драматургия жанрларындағы фольклоризм көріністерін жаңаша пайымдаған «Қазіргі әдебиет және фольклор» атты ұжымдық еңбекте тәуелсіздік тұсындағы әдебиет пен фольклордың байланысы қарастырылған.
Қазақ әдебиетінде кешірек қолға алынғанымен, бұл тақырыпты зерттеу тәжірибесі кеңес әдебиетінде ежелден-ақ қалыптасқан болатын.
Т. Тебегеновтің «Ауызша поэзиядағы фольклор мен әдебиет дәстүрі» (Әдеби процесс. Авторлық поэзия) Ақындық өнер психологиясы» және «Халық ақындар шығармашылығы жөніндегі әдебиет пен фольклор дәстүрі» атты зерттеуінде т. с. с. еңбектерде жазба әдебиеттің этно-мәдени сипаты ғылыми тұрғыдан зерделенді.
Осы мәселенің кейбір қырлары бірқатар еңбектерде қарастырылған Ж. Ибрагимованың «Ә. Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романының поэтикасы, А. Нұрпейісованың «Қазақ прозасындағы дәстүрлі мәдениет үлгілерінің бейнеленуі», Ж. Дүйсенбаеваның «Ә. Кекілбаев прозасы: Халықтың аңыздар және көркемдік шешім», А. Мәуленовтің «Қазіргі қазақ прозасындағы аңыздар мен мифтердің көркемдік қызметі», А. Сейілханның «Қазақ тіліндегі этнографизмдердің лингвомәдени танымдық мәні», Ж. А. Манкееваның «Қазақ тілінің заттық мәдениет лексикасы», Ж. Ә. Айтмұхамедованың «Оралхан Бөкей прозасындағы мифологизм мәселесі», т. б. зерттеушілер еңбектерінде фольклорлық үрдістердің көркемдік мәні әр түрлі сипатта сараланды.
Тақырыбы: Қазақ прозасындағы фольклорлық сарындар.
Зерттеудің мақсаты: Қазақ прозасындағы фольклорлық, этнографиялық сарындардың көркемдік рөлін ашу;
Зерттеудің міндеті:
- Қазақ әдебиетінің прозалық туындыларындағы этнографиялық, фольклорлық заңдылықтар сипатын айқындау, тақырыптық тұрғыдан саралау; көркем прозадағы Алаш әдебиетінен бастап, 60-80-жылдардағы ұлттық өрнектердің берілу сипаттары мен тәуелсіздік тұсында жазылған туындылардағы этно-мәдени үрдістің көркемдік қызметін ғылыми дәйектеу; көркем шығармалар мазмұнындағы миф, хикая, аңыз, әпсана, ертегі, архетип, мотив ұғымдарының авторлық қолданыстағы мән-маңызын ашу; ұлттық сипаттағы көркем бейне жасау мақсатындағы (сал-сері, күйші, қобызшы, ұста, зергер қария, кейуана, келін, отағасы, т. б. ) этно-фольклорлық, этно-психологиялық образдардың жасалу жолдарын сараптау; ұлттық кәсіп пен тұрмыс-тіршілікті таныту үшін атбегілік, ұсталық, саятшылық, т. б. этно-мәдени дәстүрлердің көркемдік тұрғыдан бейнелеу үрдістерін айқындау; туған жер, туған топырақ, туған үй, бауыр-туыс ұғымдарының бүгінгі ұлттық бейнені берудегі мәнін ашу; авторлық таным мен авторлық баяндаудағы этно-фольклорлық дүниетаным іздерін айқындау;
Зерттеу нысаны: 60-80 жылдардағы қазақ прозасы, қазақ қаламгерлерінің туындылары.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Қазақ прозасының фольклорлық сипаты алғаш рет дипломдық жұмыс деңгейінде зерттеу нысанына алынып, оның шығарма тақырыбы, образдар жасалымы, көркемдік, композициялық құрылымындағы мәні ғылыми тұрғыдан зерделенді;
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негізі: Қазақ прозасының фольклорлық сипаты осы күндерде әлі де болса тиісті дәрежеде толық зерттелмеген, сондықтан зерттеу жұмысында мәліметтерді, деректерді саралай отыра, бұл үдерістің тиімді жолдарын табу көзделеді;
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу нәтижелеріндегі ой қорытындылары мен тұжырымдарын жоғары оқу орындарында әдебиет тарихы бойынша жүргізілген арнаулы курстарда пайдалануға болады. Сондай-ақ этнография, фольклор, жазба әдебиетінің ара-қатынасын зерттеуге бағытталған ғылыми зерттеулерге негіз бола алады. Қазақ прозасындағы фольклорлық дәстүрдің көркемдік қызметін ашу үшін тарихи-салыстырмалы, объективті-аналитикалық талдау әдістері басшылыққа алынды.
Дипломның құрылымы: кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды мен әдебиеттер тізімінен, қосымшалардан тұрады.
Зерттеу әдістері: ғылыми әдебиеттерді зерттеп саралау, мәтін анализы.
1 Қазақ прозасындағы фольклорлық сарындар сипаты
1. 1 Фольклорлық дәстүр жалғастығы
Қазірде кемелденген жазба әдебиеттің алтын арқауы, рухани өнеріміздің алғашқы тұғыры фольклор екені даусыз. Фольклор ілкі заманда туып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде, қалдырылатын рухани мұра болса, ал, этнография фольклормен үндесе, жымдаса жүретін, халықтың санасынан берік орын алған, сол халықтың бүкіл тыныс-тіршілігінен хабардар ететін құбылыс. Ал, әдебиеттің этно-фольклормен арақатынасы әдебиеттің даму тарихымен тығыз байланысты. Әдебиеттің даму тарихы заман келбетіне, сипатына тәуелді болды. Әдебиет өз даму тарихының әрбір кезеңінде этнография және фольклормен біте қайнасып, бірге тіршілік еткен және шығармаларда белгілі бір сюжетті құруға, кейіпкердің образын ашуға, көркемдік тәсілдердің қолданылуында, оқиғалардың шешімінде яғни, шығарманың бүкіл өн бойында белгілі бір қызмет етіп отырған. «Халықтың байырғы тұрмыс-тіршілігіне тән, этнографиясы мен ұлттық өмір сүру ерекшеліктеріне сәйкес, әбден орныққан, қалыптасқан фольклорлық этнографиялық заңдылықтар мен ұғым-түсініктердің, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге қатысты қағида, ережелердің қатаң сақталуын және сонымен бірге көшпелі тұрмысқа тән көркем детальдардың орнымен қолданылуын айтуға болады» [9, 76 ] .
Біздің зерттеуімізше, ежелгі замандағы рухани мәдениетімідің қайнар көзі фольклордағы фольклорлық сарындарды, образдарды прозада жазушы дәл сол қалпында өрнектемейді, оны өңдеп, өз шығармасына белгілі бір қажетіне жаратып отырады. Екіншіден, фольклорда көбінесе оқиға бақытты түйінмен аяқталатын болса, ал кемелденген прозада оқиғаның аяқталуы әрқалай болып келеді. «Әдебиет пен фольклордың байланысы мәселесінде жазушының фольклорға қатынасы - маңызды аспектінің бірі. Жазушының фольклорға қызығушылығы бар да, сол фольклорды өз шығармасында не үшін және қалай қолданылатыны тағы бар » [10, 17 ] .
Фольклор мен прозаның байланысы, адам жанының әртүрлі мінездік нышандарын табиғатпен егіздеу және жансыз дүниелерге жан бітіру (тасқа, көлге, тауға, ағашқа т. б. ) сияқты көркемдік тәсілден де көрінеді. Прозалық шығармалар қайнар көзін ертегілік желілер мен ауыз әдебиетіндегі елге көп тараған аңыз әңгімелер, қиссалар мен хикаяттардан алған. Ұлы ақын Абай Құнанбаев пен қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсарин мысалдары мен прозалық туындыларында фольклорлық және этнографиялық үлгілерді өз шығармаларына арқау еткен. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Алаш әдебиетінде де осы үрдіс жалғасын тапқан. Сол дәуір әдебиетінің өкілдері - М. Дулатов, С. Көбеев, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Ш. Құдайбердіұлы, М. Әуезов және т. б. прозалық шығармаларында этно-фольклорлық ерекшеліктерді кеңінен не ішінара қолданған. Өйткені, ол кезде халық бірден өзінің бастапқы негізінен ажырай қоймаған, ал, жаңа заман талабы шым-шымдап санаға кіре бастаса да, толық анықталмаған өліара шақ еді. М. Әуезов: «Жазылатын пьесаларда, романдарда, әңгімелерде, поэмаларда қазақтың негізгі мінездерін айқын көрсететін типтер жасау керек » [11, 240 ] - деп, өзіне де өзгеге де талап қойып, сол талап мүддесінен өзі де шыға білген. Мәселен, оның «Көксерек» атты повесіндегі түз тағысының табиғи сипатын ашудың ерекше үлгісі қазақ прозасында бүгінгі күнге дейін образдық, көркемдік тұрғыдан сан түрлі тарапта жаңғыртылды. Ғалым А. Ісмақова өзінің еңбегінде « Архетипы проявляются в сказках, мифах, притчах в форме устойчивых мотивов, выражая собой определеный морально-нравственный код или знаковость. В этой связи казахский фольклор, являясь основной частью свода национального культурного архетипа, представляется активно действующим фактором в жанровой памяти современной казахской прозы» [ 12, 240 ] .
Әуезовтің өз туындысында жануарды бас кейіпкер етуінің сырын іздегенде, кеңестік дәуірдегі әдебиеттанушылар көбінесе бұл құбылыстың сыры Еуропа қаламгерлерінің шығармашылығы, атап айтқанда Э. Сетон-Томпсонның «Бала мен сілеусін», Джек Лондонның «Ақ азуы» т. б. туындыларға, еліктеушілікте жатқандығына тоқталғаны белгілі. алайда, ұлы жазушының бұл суреткерлік қадамы ең алдымен арысы ежелгі түркілердің, берісі қазақ халқының көне дүниетанымын шығармашылық мақсатта қолдануға ұмтылысқа негізделген еді. Бұны бәрінен бұрын жазушының өзінің ғылыми зерттеулерінен аңғарамыз.
М. Әуезовтің біз сөз етіп отырған туындысындағы шығармашылық тұғырнамасын қалыптастыруда қазақ фольклорындағы ертегілер жанрын зерттеп, зерделеуінің ролі зор болғаны айқын. Қазақ халқының әлеуметтік жағдайын, ұлттық психологиясын және тарихын жетік біліп қана қоймай, көркем туындылары арқылы ХХ ғасырдың басында-ақ көркемдік биікке көтерген суреткердің «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесінен бастап, «Көксерек» (1929), «Қараш-қараш оқиғасы» (1927), «Қилы заман» (1928) атты туындыларында қазақ халқының этнографиялық ерекшеліктері шынайы бейнеленсе, 30-жылдардағы «Білекке білек», «Тас түлек», «Үш күн», «Іздер», «Шатқалаң», «Қасеннің құбылыстары» атты шығармаларында дәстүрлі тұрмыс-тіршілік пен жаңа заман өзгерісі сабақтастықта алынды. Жазушының әрбір әңгімесіндегі ұлттық, этнографиялық, фольклорлық ұғымдарды асқақ рухта беру тәсілі жеке дәстүр ретінде қалыптасты. Мәселен «Қорғансыздың күніндегі» найзаға сүйеніп тұрып жан тапсырған батырлық рухтың символы Күшікбай бейнесін дәріптейтін аңыз бен «Жетімдегі» өлімді қорлықпен зорлыққа қарсы құрал ретінде мойындаған Қасым рухы - осының дәлелі. Яғни, Әуезов - әуел бастан-ақ этнографиялық фольклорлық сарындарды шығармашылықпен игерудің өзіндік өрнегін салған қаламгер. Оның «Бүркітші» атты әңгімесінде Бекбол аңшының қасиеттері мен қыран құстың қимыл-қозғалысын, ұшу бағыты мен тілек-қалауын тәптіштей суреттеуі ежелгі аңшылық, саяткерлік өнердің қыр-сырын жетік білетіндігін аңғартады. Бұл жөнінде ғалым Б. Майтанов: «Әуезовтей қаламгер «аңшы мен бүркітті бірінен бірін айырып, ажырағысыздай бір тұтастыққа айналдырып жіберді. Мөлдіреп тұнып тұрған табиғат құшағындағы ақынның іс-әрекет, қимыл-қозғалыс, мінез қылығы ұлттық өзгешелікке әңгіме көлеміне лайық береді», [13, 132 ] - деген ғылыми тұжырым жасаған. М. Әуезов қара сөз үлгісіндегі фольклорды «ертегі, аңыз, күй аңызы» деп ғылыми тұрғыдан жіктеумен қатар осы жанрлық жіктердің ерекшелігін көркем туындыларында да ұтымды пайдаланғаны белгілі. Мәселен, «Қыр әңгімелері», «Сыбанның моласында» атты туындыларында дәстүрлі әңгімешінің тұлғасын тірілтіп, ауызекі әңгіме заңдылықтарын прозада пайдаланудың тың ізденісін көрсетеді. Прозадағы хикаялық сарынды шеберлікпен әрбір жанр (әңгіме, повесть, роман) ерекшелігіне сай икемдеп пайдалану үрдісі де Әуезовтен бастау алған. Қаламгердің кез-келген туындысында да қазақтың әдет-ғұрпы, салт-санасы, кәсібі, сауық кешін аса бір ыждағаттылықпен зерделей отырып, халық тілінің бейнелі, әсерлі сөз келісімдерін сақтай білгендігін аңғаруға болады. Себебі, жазушы ұлттық характер, ұлттық болмыстың бір күннің жемісі емес, сан ғасырлық тарихтың ізі екендігін жете зерделеген. М. Жұмабаев болса, дәстүрлі фольклорлық негізді жазба әдебиетте, - өзінің «Қойлыбайдың қобызы», «Қорқыт», «Батыр Баян», «Жүсіп хан», «Өтірік ертегі» атты шығармаларында ой қазық етіп, сол түпкі сарыннан алшақтамай сюжеттік оқиғаларды түрлендіріп, өзгеше қарқынмен жаңаша жырлайды. Аллаға табыну, жазмыш, тағдыр ұғымдарына қатысты этнографиялық фольклорлық түсініктерді көркемдік көрігінен өткереді. Арман-тілегін, өткені мен бүгінін, ертеңі мен болашағын фольклорда өрнектейтін қазақ халқының жанына - ауыз әдебиеті үлгілерінің қай түрі болса да жақын екені рас. Жаңа қоғам өзімен бірге өнерге де, соның ішінде әдебиетке де өзінің «социалистік реализм» әдісін ала келді. Яғни, кез-келген ақын-жазушы өнерге, әдебиетке тек таптық тұрғыдан келуге және қарауға тиісті болды.
«Қызыл тілім кісендеулі», - деп Мағжан ақын айтқандай, ақын-жазушылар кеңестік идеологияның қысымына қарамай, тығырықтан шығып, заман шындығын астарлы пішінде, соның ішінде осы фольклорлық сарын үлгісінде жеткізді. Сәбиін бесік жырымен әлдилеп, ертегі айтып ұйықтататын қазаққа «социалистік реализм» әдісі қанша шек қойса да, оларды өз негізінен айыра алмады. Зерттеуші ғалым Т. Тебегенов «Әдеби шығарма - өткен мен бүгінді, болашақты тұтастай елестететін өзекті мәселелерді қамтитын көркемдік-эстетикалық тағылымы мол халық дүниетанымының айнасы» деп әдебиет пен мәдениеттің ықпалдасу тұстарын ашып көрсетеді. [14, 240 ] .
Қазақты салт-дәстүрмен, наным-сенімдермен қатар халқымыздың руханиятында ежелден ерекше орын алып келе жатқан исламдық негіздегі тағылымдар - шариғат заңымен белгіленген тыйым ғұрыптарының бір белгісі Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты әңгімесінде бейнеленген.
Ежелден елдігін ойлаған, «Ұл туғанға күн туады», «Қыз туғанға ай туады» деп келген қазақ танымы, сондай ұлттық құндақта тәрбиеленген Шолпанның әңгімедегі «бала берме» деген кереғар ойын автор басты назарға алып сол алмағайып, өліара кезеңдегі жаңа заман жастарының болашақ жөніндегі көзқарастарын астарлы меңзейді деп ой топшылауға болады. Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» атты әңгімесіндегі «қара» деген эпитеттің қолданылуы арқылы бүкіл бір әңгіменің түйіні шешіліп, жалғыздыққа ұшыраған Қарагөздің бақытсыз, қаралы күндерінен хабар берілетіні анық. Ал, М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты әңгімесінде «Есалаң» деген сөз «Есалаң тілек», «Есалаң ой», «Есалаң күй», «Есалаң жүрек», «Ессіз Шолпан», «Ессіздік», «Есалаң өмір», «Есалаң өзен», «Есалаңданған шақтарында», «Есалаң от», «Есалаң, мас Әзімбай», «Есалаң Әзімбай» деген эпитетті сөз тіркестері құрамында қолданылуы арқылы осы шағын әңгіменің түпкі идеялық негізі бағамдалып, автордың астарлы ойы шығарма шешімімен үйлесіп тұр. Автор, Шолпанның өмірін көбелектің отқа ұмтылуымен параллель алып, Шолпанның күйін әсерлі, бейнелі сипатта бейнелеген және Шолпанның бастапқы ойымен кейінгі ойын қарама-қарсы алып, Шолпаның әр кездегі жай-күйін бірде астарлы меңзеу арқылы, бірде әңгіме басталған сәттен бері үзілмей келе жатқан кейіпкердің ой-тасқыны арқылы ашып отырады. Шолпанның бастапқы «Бала берме» деген ойынан кейін оқиға желісі ары қарай өрбиді. Қазақ халқы ежелден сөзді қастерлеп, әр сөзіннің мағынасына мән беріп сөйлеген. Халықтың санының көбейгенін, әсіресе ұл баланың дүниеге келуін тілеп өткен халық - «Судың да иесі, сөздің де киесі бар», - деп қарайтын қазақ танымына қарапайым қазақ әйелінің бұл ойы мүлдем кереғар. Яғни, М. Жұмабаев жоғарыда аталған әңгімесінде дәстүрлі халықтық тәрбиенің заман талабына байланысты ескерусіз қалуын сезімтал ақындық жан-айқайымен астарлы түрде аңғартады.
«Әйтеуір ол маған қатын болмайды. Талақ болсын, Талақ! Талақ!» [15, 109 ] .
«Әдет бойынша әйелінен айырылысқан ері оны «талақ» етеді. Мұндай жағдай көбінесе әйелі ерінің көзіне шөп салса, тағы басқа жат істер болғанда қолданады. Күйеуі «талақ» деген сөзді үш рет қайталаса, неке бұзылған немесе айырылысқан деп есептеледі» [16, 254 ] .
Сәрсенбайдың аузынан үкім ретінде шыққан бұл сөздер Шолпанның бүкіл тағдырын шешкен еді. Осы сөздерден кейінгі қолданылған жазаға жас Шолпан шыдамай, өзінің Алла алдындағы күнәсі мен адам алдындағы кінәсін жалғыз өзі арқалап бұл дүниеден кете барды.
«Күнмен таласа Шолпан да өмірімен қоштасты» [15, 109 ] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz