Синонимия және сөз варианттары


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
ҚАЗАҚ ФИЛОЛОГИЯСЫ КАФЕДРАСЫ
Ұлжан
КУРСТЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: «Синонимия және сөз варианттары»
050117 - Қазақ тілі мен әдебиеті
Оқытудың түрі: сыртқы
Ғылыми жетекші: ф. ғ. к.
Көкшетау - 2011
ЖОСПАР
І. КІРІСПЕ . . . 3
ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ
2. 1. Синонимдер жайлы жалпы түсінік . . . 7
2. 2. Синонимдердің жасалуы мен қолданылу ерекшеліктері . . . 12
2. 3. Сөз варианттары немесе абсолютті синоним ұғымы . . . 22
ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ . . . 29
ІҮ. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 31
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Тілдегі синонимдер - сөз қорының асыл қазынасы. Әрбір тілдің қандай дәрежеде дамып жетілгендігі, оның байлығы мен оралымдығы синонимдерінің молдығы арқылы көрінеді. Қазақ тілінің таңғажайып қасиеттері хақында ел-елдің зиялы азаматтары кезінде ауыздарының суы кұрып, тамсана жазған. Олардың ішінде ірі түркологтар мен саяхатшылар, ақын-жазушылар да көптеп саналады. Бір өкінішті жайт, солардың бәрі күні бүгінге дейін жиналып, терілмей келеді. Мәселен, орыс ғалымдары В. В. Радлов «Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір» [1, 56] - десе, П. М. Мелиоранский «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, әрі ең бай тіл» [2, 45] - дейді. С. Е. Малов «Қазақ тілі өзінің бейнелілігі, суреттілігі жағынан басқа түркі тілдерінен әрдайым ерекше бөлекшеленіп тұрады, » [3, 16] - деп жазды. Бұл айтылғандарды француз, неміс, чех т. б. ғалымдары да бір ауыздан қолдаған. Татар ақыны Хасан Туфан «Сырлы тіл, жырлы тіл, нұрлы тіл қазақ тілін ғасырлар бойында қастерлеп сақтағандарыңыз үшін, қазақ бауырлар, сіздерге бек зор рахмет!» [4, 123] - деп, айшықты теңеумен жырға қосқан. Өз қандастарымыздың ішінде де құнды пікір айтушылар аз емес. Соларды мысалға келтірейік: Мәшһүр Жүсіп: «Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабаның тілі болған қазақ тілін осы күнгі қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе, дін де осында, ғылым - білім де осында, әулиелік те - осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың бәрі жақсы болып, әулие болып өтті» [5, 65], - деп тұжырымдаған. Мағжан: «Қазақтың сары даласы да кең, тілі де бай. Осы күнгі түркі тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ» [6, 123], - дейді. Әдетте тіл байлығы дегенде сөз қорының молдығын түсінеміз. Сол мол дүниенің көрінісі синонимдер арқылы танылып, білінеді.
Синонимдердің тілдегі мәнді қызметі, сөз жоқ, сөз өнерімен, шығармашылықпен тығыз байланысты. Бұл екеуін бірінен бірін ажыратып бөлуге әсте болмайды.
А. Байтұрсынов: «Өнердің ең алды сөз өнері деп саналады. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» [7, 45], - дей отырып, ойын былай қорытындылайды: «Біз қазақ тіліндегі сөздің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішінде орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз. Қазақ тілі қазақ ортасының бәріне бірдей ортақ мүлік болғанымен, бәрі бірдей пайдаланбайды. Әркім әр сөзді өзінше қолданады, өзінше тұтынады. Бүтін пікірін айтып шығатын әңгіме ішінде ғана емес, жалғыз ауыз амандасу жүзінде де әркім әр түрлі сөз қолданады. Мәселен, біреу «амансыз ба?» десе, біреу «есенсіз бе?» деп, біреу «сәлемет жүрсіз бе?» деп, біреу «күйлі, қуатты барсыз ба?» деп амандасады. Бәрінің ой мақсаты бір. Бәрінікі де амандық білу, амандық сұрау, бірақ әркім әр түрлі сөз қолданып, өзінше сұрайды. Сол сияқты әркім пікірін сөз қылып шығарғанда да, ана тіліндегі сөздердің әрқайсысын әр түрлі қолданады. Қысқасын айтқанда, әркім сөзді өз қалауынша алып, өзі оңтайлы көруінше тұтынады. Әркім өз қалауынша алып, өз оңтайынша алып тұтынған сөз сол адамның тілі болады» [7, 46] . Синонимдердің тілдегі мән-мағынасын, сыр-сипатын, қолдану тәсілін нақтылы мысалмен тап басып, дәл айтқан Ахмет Байтұрсыновтан бұрын қазақта ешкім болған жоқ. Айтайын деген ойға сөз таңдай білу де оңай шаруа емес. Ол үшін жалықпай, шарқ ұрып іздену керек.
Жұртты аузына қаратып, бас ұрғызатын сөз табу кез-келген адамның қолынан келе бермейтіндігін Шәкәрім Құдайбердіұлы да кезінде тап басып айта білген: «Бет сұлулығы тән сыйы болса, дауыс пен сөз сұлулығы жан сыйы ғой. Әрине, тән сыйынан жан сыйы артық екеніне дау жоқ, бірақ бет сұлулығын әркім-ақ таниды. Сөз бен ән сұлулығын танушы аз» [8, 99] . Ақын бұл жерде поэтикалық тілді айтып отырған болу керек. Әдетте тілде жақсы сөз, жаман сөз, сұлу сөз, ұсқынсыз сөз дегендер болмауы керек. Мәселе әр сөзді өз орнында дұрыс қолдана білуде.
Сөз өнері жайында Ғабит пен Ғабиден ағаларымыз да қалыспаған. Мысалы: «Көркем сөз - жанның сәулесі». «Жанның көркі көркем сөзде». «Адам ойында сөз емес, ой қалады». «Ойға қонар ой қалай айтсаң да өлмейді». «Жақсы ойлар оңай тумайды да, ұзақ жасайды». «Соқыр көргендей, саңырау естігендей етіп жаз» [9, 156] - деп сөз парқын топшылайды Ғ. Мүсірепов.
«Іздеп, жарамды бір сөз, не бір ой тапсам, бір дорба жем жеген аттай-ақ көтеріліп қаламын». «Шеберлік - сөздің орнын табуда, мөлшерін білуде». «Әдемі ойды орашолақ сөз бұзса, орашолақ ойды шебер сөз түзеп тұрады. Зады сөз бен пікір тең түсуі шарт». «Жақсы актер жаман сөзге жан бітіреді, жаман актер жақсы сөздің жанын алады» [10, 15] (Ғ. Мұстафин) .
Міне, осы айтылған құнды пікірлер ақылман Абайдың «Тіл өнері - дертпен тең» деген даналық ойының жалғасы деп білеміз.
«Синонимдер - тіл байлығы» дегенде біз сөздердің жеке тұрғандағы жай тізбегі деп түсінбейміз, солардың кең қолданысқа түсіп, көңілдегі көрікті ойды мүлтіксіз шебер жеткізудегі мәнді қызметін айтамыз. Дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына (1992 жыл) Германияның «Азаттық» радиостансасынан келген қандасымыз Әбдіуақап Қара: «Тілдің байлығы дегенде синонимдер сөздігі аса қажет. Қазақ тілінің бүкіл сөздерін өз мағынасына қарай топтастырып, байлығын жазушылардың туындыларындағы сөз алуандылығымен арттыра түсіп, тілімізді гүлдендіреді. Ағылшын тілінде мұндай сөздерге «қазына» деп баға береді. Расында да бұл қазына емес пе?» - деп, синонимдердің тілдегі алатын қадірлі орнын бұлтартпайтын мысалмен дәлелдеп берген.
Синоним сөздер - кез-келген тілдің қаншалықты дамығанын, оның оралымдылығын көрсететін сөз байлығының құнарлы бір саласы. Сонымен қатар ол әр халықтың ұлттық ерекшелігін де танытады. Сөз логикалық дәлдігімен, ойлаған ойдың реңктерін өз бояуымен нақтылы көрсете алса ғана мәнерлілік сипатқа ие болады. Мазмұн мен мақсатқа сайма-сай лайықтап алынған сөздер ғана мәнерлі деп танылады. Сөз де қиюластырып қалаған кірпіш сияқты шеберлікті керек етеді. Шешен де шебер сөйлеудің бір ұшы - тілдегі синонимдерді қыбын тауып орнымен үйлестіріп жұмсай білуде. Дикторға белгілі тексті дауыс ырғағымен әлденеше құбылтып мәнерлі түрде оқып беру қандайлық қажет болса, сөйлеуші мен жазушыға да синонимдердің реңктерін айқын ажыратып, тап бастырып дәл қолдана білу де соншалықты қажет. Ана тілінің синонимдер байлығын еркін білу - өз ойыңды соншалықты дәлме-дәл етіп жеткізе алу деген сөз. Әрбір ой халық тілінен сұрыптап алған сөздер арқылы жүзеге асады. Тіл ойды ғана білдірмейді, сонымен бірге сезім мен ерікті билеу үшін де қолданылады. Тіл әсерлі де тартымды болуы керек. Бүгінгі қазақ тілінен неше алуан стильдік мүмкіншіліктің бәрін де кездестіруге болады. Соның барлығы да бай синонимдердің қызметі арқылы көрінеді. Қазіргі кезде тіліміздегі синонимдер мән-мағынасы мен қолдану аясына қарай сала-салаға бөлініп, саралана бастады. Бірақ бүтіндей бір-бірінен жігі ажырап бітті деп әзірге айту өте қиын. Бұларды стильдік салаға жіктеп бөлу әлі де болашаққа қалдырылып отыр. Қазақ тілінің синонимдері саны мен көлемі жағынан да, синонимдік қатарлардың молшылығы жағынан да өте бай. Бір ұғымды білдіру үшін кейде 20-30 синоним сөз қолданыла береді. Синонимдердің қолданылу өрісі өте кең, сөйлегенде, жазғанда белгілі бір ойды сегіз саққа жүгіртіп, тілді соншалықты оралымды етеді. Әр адамның ойлаған нысаналы мақсатына, көңіл-күй, көзқарасының әуеніне қарай айтайын деген пікірін басқа кісілерге нақтылы, дәл көркем етіп жеткізуде синонимдердің атқаратын қызметі соншама үлкен. Кімде-кім мәндес сөздердің нәзік мағыналық ерекшеліктерін дұрыс аңғарып, керекті жерінде лайықты қолдана білген болса, ондай адамның сөйлеген сөзі, жазған еңбегі соншама мәнерлі де тартымды болмақ. Қаламы төселген, тілге шебер кісілердің жазғандары әрқашан өте тартымды, әрі көркем болып келуінің негізгі тетігі олардың тілдік материалдарды орынды, асқан шеберлікпен пайдалана білуінде. Жас буындарды тілге жетік етіп тәрбиелеу үшін оларды жөргегінен тіліміздегі синонимдерді дұрыс пайдалануға баулу керек. Ол үшін, ең алдымен, мектептерде оқушыларды өздері білетін сөздердің мағыналарын дұрыс танып, дәл жұмсай білуге дағдыландыру қажет.
Жұмыстың нысаны. Қазіргі қазақ тіліндегі «Лексикология» саласы қарастыратын синоним, синонимия, сөз варианттары ұғымдарының қолданылу сипаты, жасалуы мен өзіндік ерекшелігі.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты:
- қазақ тіліндегі синонимдардың жасалуын казіргі қазақ тіліндегі деректер негізінде зерттеп, лексикология жүйесінен алатын орнын, атқаратын қызметін анықтау;
- синонимдар мен вариантты сөздер айырмашылығын ажыратып көрсету;
Осы мақсатты орындау үшін төмендегі міндеттерді шешуге ұмтылыс жасалды:
- Синонимдер жайлы қазақ тіл білімінде қалыптасқан жалпы мәліметтерді толықтай қамту;
- Синонимдердің жасалуы мен қолданылу ерекшеліктерін қарастыру;
- Сөз варианттары немесе абсолютті синоним ұғымдарының мәнін ашу;
2. 1. Синонимдер жайлы жалпы түсінік
Синонимдер формасы жағынан да, мағынасы жағынан да омонимдерге қарама-қарсы тұрған лексика-семантикалық топ. Омонимдер сыртқы формасы бірдей болғанымен, басқа-басқа ұғымдарды білдірсе, керісінше, синонимдер сыртқы формасы басқа-басқа болғанымен, бірдей ұғымды білдіреді. Омонимдік қатарға енген сөздердің орташа саны төрт-бестен артпаса, синонимдік қатарға енген сөздердің орташа саны жиырма-отызға жетеді.
Белгілі ғалым Ғ. Мұсабаев синонимдерге мынадай анықтама береді: «Әр түрлі айтылса да жалпы мағыналас болатын, бірақ сәл ғана басқа ерекшеліктері бар сөздер синонимдер деп аталады» [17, 25] . Ал профессор К. Аханов «Мағына жағынан бір-біріне жуық, өзара мәндес сөздер бір-бірімен синонимдес бола алады» [19, 123] дейді. Бұл анықтамалардан біз сөздер өзара синонимдес болу үшін әр түрлі айтылуы, мағынасы жуық, мәндес болуы, бір-бірінен сәл айырмашылығы болуы қажет екендігін аңғарамыз. Алайда мағынасы жуық, мәндес сөздердің бәрі бірдей өзара синонимдес бола ала ма?
Егер мағыналарының жуықтығына, мәндестігіне ғана назар аударатын болсақ, әйел, қатын, зайып, жұбай, қосақ сөздерін синонимдер деп тануға тура келеді. Шындығында әйел, қатын, зайып «әйел» деген ұғымды білдірсе, жұбай мен қосақ «ерлі-зайыптылардың бір сыңары» деген ұғымда жұмсалады. Осы себепті аталған сөздер екі синонимдік ұяға топтасады.
Қазақ тілінде мағына жағынан жуық, ұқсас бола тұрып, лексика-семантикалық жағынан үйлеспей, екі түрлі сөз табына қатысты болатын сөздер де ұшырасады. Мысалы, мә деген одағай ал, ұста деген етістіктің орнына жүреді. Солай бола тұрса да, ол аталған етістіктерге синоним бола алмайды. Бұл сөз көбіне мә, ал немесе мә, ұста болып жұпталып айтылып, қимылдық мағынаны күшейту үшін жұмсалады. Екі түрлі лексика-грамматикалық топқа жататындықтан, бұлар бір синонимдік ұяға сыйысып тұра алмайды. Сымбылбай деген сөз ештеме, дәнеме деген белгісіздік есімдіктерінің орнына жүреді. Дегенмен, бұларды бір синонимдік қатарға топтастыруға болмайды. Контекстік мағыналары үйлес келгенімен лексика-грамматикалық жағынан әр тектес сөздер. Жақын деген сөздің ауыспалы мағынасы «туысқан» заттық ұғымды білдіреді. Алайда жақын сын есім болғандықтан заттық ұғымдағы туыс, туысқан, тума сөздерінің синонимдік қатарына ендіруге келмейді. Екі деген сөз оқушылардың үлгерімі жөніндегі жаман деген бағаның орнына жүреді. Бұл екі сөзді де синоним деп тануға болмайды. Өйткені екі жаман деген сөздің мағынасын білдірмейді, ұғымын шартты түрде көpceтeдi.
Осындай себептерге байланысты белгілі ғалым, Ә. Болғанбаев мынадай қағида ұсынады:
1. Синонимдік сөздер бір ғана ұғымды білдіруі керек.
2. Синоним болып жұмсалатын сөздер бір ғана сөз табынан болуға тиіс [18, 56] .
Мына омонимдік қатарлар: зат есімнен кеуде - көкірек, бұлақ - бастау - қайнар; абырой - бедел - қадір; сын есімнен шешен - ділмар - сөзшең; жайдары - ашық - ақ жарқын; жағымпаз - жарамсақ; етістіктен бөлеу - құндақтау; еріту - балқыту; тоңу - жаурау - қалтырау; үстеуден жазатайым - байқаусызда; қасақана - әдейі - жорта - біле тұра, ә дегенде - шу дегенде, сан есімнен бір - жалғыз - сыңар - жалқы - жеке, екі - қос - жұп - пар - егіз; есімдіктен қанша - неше, неменеге - несіне; ештеме - дәнеме - дым - түк, шылаудан алайда - бірақ - дегенмен - сөйткенмен - сөйтсе де - сонда да, не - немесе - яки - я болмаса, модаль сөздерден мүмкін -
ықтимал, әрине - әлбетте - рас, керек - қажет - тиіс, одағайдан әттеген-ай - қап - япырмай, қайран - шіркін - дариға, шүкір - тәуба - тоба, еліктеуіш сөздерден тарп-тарп - тырп-тырп, даңғыр-дүңгір - қаңғыр-күңгір, дүр-дүр - гүр-гүр жоғарыдағы қорытындыға мысал бола алады.
Синонимдерді белгілі бір ұяға топтастыруға жоғарыдағы екі принциптің аса маңызды екендігін мойындай тұра, Ә. Болғанбаев «сөздің сыртқы формасында - дыбысталуында аз да болса тұлғалық өзгешілігі болуын» бірінші кезекке қояды [18, 61] .
Егер азамат - жігіт, кеңес - ақыл, тез - жылдам синонимдерін өзара салыстырсақ, сыртқы тұлғалары бір-бірінен анық та айқын ажырап тұр. Ал адыраю - одыраю, нығыздау - тығыздау, жаңқа - жоңқа, тат - тот, бақ - бау, омыру - опыру синонимдерін өзара салыстырсақ, бір-бірінен бір ғана дыбыстың өзгешілігі арқылы ажыратылып тұр. Атап айтқанда, а-о, н-т, қ-у, м-п сәйкестіктері болмаса, омонимдерге немесе көп мағыналы сөздерге айналып кетер еді. Бір түбірге әр түрлі қосымшалар қосылып мәндес сөздер жасалғанда да олардың дыбысталуында айырмашылықтан гөрі ұқсастық басым болады: егін - егіс, ағын - ағыс, тігін - тігіс, сүйіну - сүйсіну, ұзарту - ұзайту, жалғыз - жалқы т. б. Сөйтіп, өзара синоним бола алатын сөздерді іріктегенде олардың сыртқы формасына да көңіл бөлуіміз қажет.
Синонимдік қатарға енетін сөздер сан жағынан әр түрлі болады: екі сөзден ағым - бағыт; дәлел - айғақ; үш сөзден абырой - бедел - қадір; айбар - айбат - айбын; төрт сөзден азат - бостан - ерікті - тәуелсіз; он сөзден жақындау - тақау - таяу - жуықтау - маңайлау - жанасу - жуысу - жуу - жолау - алқымдау; он бес сөзден кенеттен - тұтқиылдан - қапыста - абайсызда - қапелімде - ғайыптан - қапияда - қапылыста - тосыннан - аңдаусызда - қапыда - байқаусызда - жазатайымда - аяқ астынан - күтпеген жерден, бұдан да көп сөзден тұратын ұялар бар.
Олай болса, белгілі бір ұғымды білдіретін мағыналас, мәндес сөздердің тобын синонимдік қатар деп атаймыз. Бір қатарға топтасқан жеке сөздердің санының әрқилы болуы, әрине, әр түрлі себептерге, қажеттікке байланысты. Бұл ретте әр сөз табының осы категорияны тудыруға қосатын өзіндік үлесі әрқалай екендігін айтуға болады. Егер зат есім, сын есім, етістік синонимдерге бай болса, сан есімдер, есімдіктер, шылау сөздерден пайда болған мәндес сөздер өте аз, тапшы.
Сонымен синонимдік сөздердің өзара мағыналық ұқсастығына, грамматикалық мәндестігіне, бір ұялық қатардан туатын жалпы ұғымдастығына қарай топтастырылатынын білдік. Алайда олардың бұдан маңызы кем емес екінші қыры бар. Анығырақ айтқанда, тіліміздегі сөздерді белгілі бір ұяға жинақтаудан гөрі олардың әрқайсысына тән өзгешеліктері мен ерекшеліктерін айырып, ажыратып беру әлдеқайда қиын әрі күрделі. Мысалы, сабырлы - байсалды - салмақты - ұстамды сын есімдері адамның мінезіндегі жақсы қасиеттерді көрсететіндіктен бір қатарға шоғырландырылады. Олардың мағыналары қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде былайша ашылады: Сабырлы. Ұстамды, байыпты, салмақты; Байсалды. Сабырлы, байыпты; Салмақты. Ауыр, орнықты; Ұстамды. Байыпты, байсалды. Ең алдымен бұл сын есімдер мағыналастығымен, бірінің орнына бірі жүре алатын мәндестігімен, ортақ семаға ие болуымен сипатталады. Солай бола тұрса да, сабырлы шыдамдылықты, байсалды ақылдылықты, салмақты орнықтылықты, ұстамды бірқалыптылықты байқатады. Бұл - олардың ұқсастығымен қатар өзгешілігі де бар деген сөз.
Синонимдерді зерттеуші ғалымдардың пікірлерінше, синонимдер бір-бірінен үш түрлі: 1) мағыналық, 2) стильдік, 3) валенттілік немесе өзге сөздермен қарым-қатынасқа түскенде пайда болатын қолданыстық (тіркесімділік) белгілері бойынша ажыратылады[11, 62] .
Осы белгілерге жеке-жеке тоқталып көрелік.
Синонимдердің мағыналық реңктері.
Синонимдер мағыналық аясы жағынан бір-бірінен жоғары-төменді, артық-кем болып ерекшеленеді, градациялық жолмен бірден-бірге басқыштап өзгешеленеді. Мысалға адамның бір сәттік психологиялық күйін мына сөздер жеткізе алады: Айқайла. Әдеттегіден қатты дауыстау; Бақыр. Қатты дауыс шығару, улап-шулау; Шыңғыр. Жан дауысын шығарып айқайлау; Бұл үш сөзге ортақ сема «қатты шыққан дауыс». Бірақ сол дауыстың өзі жай, орташа, аса жоғары болып бір-бірінен ажырайды. Ауа райына байланысты айтылатын суық, ызғырық, аяз, үскірік сөздеріне ортақ сема «суық». Алайда ызғырық - жел араласқан суық, аяз - ызғарлы суық, үскірік - бет қаратпайтын суық.
Синонимнің біреуінің мағынасы тар, екіншісі кеңірек болады. Мысалы, байлық деген сөздің мағынасы кең, себебі, ол адамның жиған-терген барлық мал-мүлкі. Қазына бұл сөзге синонимдес болғанымен мағынасы тарлау, себебі оған мал байлығы кірмейді, дүние-мүлік, ақша, алтын ғана қазына болып есептеледі. Сол сияқты соғыс-ұрыс, ұстаз-мұғалім синонимдері де мағыналарының кең-тарлығымен ерекшеленеді.
Синонимдер бір-бірінен мағыналарының аз-көбіне қарай да ажыратылады. Басқаша айтқанда, синонимдік қатардың бір сыңары көп мағыналы болса, екінші сыңары бір мағыналы болып келеді. Мысалы, мал көп мағыналы сөздің қатарына жатса, түлік бір мағыналы. Көмей - көмекей, am - ныспы синонимдері де өзара мағыналарының аз-көптігіне қарай айрылып-ажыратылады.
Синонимдер мағыналарының деректі немесе дерексіз болып келу дәрежесіне қарай бір-бірінен ерекшеленеді. Маңдай-пешене, өлім-ажал, іш-құрсақ, желке-кежеге, күзетші-сақшы синонимдік қатарларының алғашқы сыңары нақты ұғымды білдіріп тұрса, екінші сыңары дерексіз ұғымдарды аңғартады. Екі дерексіз ұғым синоним болған жағдайда да біреуіне қарағанда екіншісінің нақтылығы басымдау болады.
Синонимдер сөз тудыруға қабілетті я қабілетсіз болып келуіне қарай да өзгешеленеді. Мысалға, жол-сапар, жарты-жарым синонимдік қатарларының алғашқы сыңары сөз жасауға қабілетті болса, екінші сыңары қабілетсіз.
Синонимдердің қазақ тіл білімінде анықталған басты-басты мағыналық айырмашылықтары осындай.
Синонимдердің стильдік реңктері.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz