«Қазақ прозасындағы этно-фольклорлық сарындар сипаты»


.
Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, зерттелу деңгейі, әдістемелік негіздері көрсетіліп, зерттеудің мақсаты мен міндеттері белгіленді.
«Қазақ прозасындағы этно-фольклорлық сарындар сипаты» деп аталатын І бөлімнің «Этно-фольклорлық дәстүр жалғастығы» деген алғашқы тарауында өткен ғасырдың 20-30-жылдарынан бастау алатын қазақ прозасындағы этнографиялық, фольклорлық дәстүр тарихына шолу жасалды .
Қазірде кемелденген жазба әдебиеттің алтын арқауы, рухани өнеріміздің алғашқы тұғыры фольклор екені даусыз. Фольклор ілкі заманда туып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде, қалдырылатын рухани мұра болса, ал, этнография фольклормен үндесе, жымдаса жүретін, халықтың санасынан берік орын алған, сол халықтың бүкіл тыныс-тіршілігінен хабардар ететін құбылыс. Ал, әдебиеттің этно-фольклормен арақатынасы әдебиеттің даму тарихымен тығыз байланысты. Әдебиеттің даму тарихы заман келбетіне, сипатына тәуелді болды. Әдебиет өз даму тарихының әрбір кезеңінде этнография және фольклормен біте қайнасып, бірге тіршілік еткен және шығармаларда белгілі бір сюжетті құруға, кейіпкердің образын ашуға, көркемдік тәсілдердің қолданылуында, оқиғалардың шешімінде яғни, шығарманың бүкіл өн бойында белгілі бір қызмет етіп отырған. «Халықтың байырғы тұрмыс-тіршілігіне тән, этнографиясы мен ұлттық өмір сүру ерекшеліктеріне сәйкес, әбден орныққан, қалыптасқан фольклорлық этнографиялық заңдылықтар мен ұғым-түсініктердің, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге қатысты қағида, ережелердің қатаң сақталуын және сонымен бірге көшпелі тұрмысқа тән көркем детальдардың орнымен қолданылуын айтуға болады» [9, 76 б] .
Біздің пайымдауымызша, ежелгі замандағы рухани мәдениетімідің қайнар көзі фольклордағы этно-фольклорлық сарындарды, образдарды прозада жазушы дәл сол қалпында өрнектемейді, оны өңдеп, өз шығармасына белгілі бір қажетіне жаратып отырады. Екіншіден, фольклорда көбінесе оқиға бақытты түйінмен аяқталатын болса, ал кемелденген прозада оқиғаның аяқталуы әрқалай болып келеді. «Әдебиет пен фольклордың байланысы мәселесінде жазушының фольклорға қатынасы - маңызды аспектінің бірі. Жазушының фольклорға қызығушылығы бар да, сол фольклорды өз шығармасында не үшін және қалай қолданылатыны тағы бар » [10, 17 б] .
Фольклор мен прозаның байланысы, адам жанының әртүрлі мінездік нышандарын табиғатпен егіздеу және жансыз дүниелерге жан бітіру (тасқа, көлге, тауға, ағашқа т. б. ) сияқты көркемдік тәсілден де көрінеді. Прозалық шығармалар қайнар көзін ертегілік желілер мен ауыз әдебиетіндегі елге көп тараған аңыз әңгімелер, қиссалар мен хикаяттардан алған. Ұлы ақын Абай Құнанбаев пен қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсарин мысалдары мен прозалық туындыларында фольклорлық және этнографиялық үлгілерді өз шығармаларына арқау еткен. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Алаш әдебиетінде де осы үрдіс жалғасын тапқан. Сол дәуір әдебиетінің өкілдері - М. Дулатов, С. Көбеев, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Ш. Құдайбердіұлы, М. Әуезов және т. б. прозалық шығармаларында этно-фольклорлық ерекшеліктерді кеңінен не ішінара қолданған. Өйткені, ол кезде халық бірден өзінің бастапқы негізінен ажырай қоймаған, ал, жаңа заман талабы шым-шымдап санаға кіре бастаса да, толық анықталмаған өліара шақ еді. М. Әуезов: «Жазылатын пьесаларда, романдарда, әңгімелерде, поэмаларда қазақтың негізгі мінездерін айқын көрсететін типтер жасау керек » [11, 240 б] - деп, өзіне де өзгеге де талап қойып, сол талап мүддесінен өзі де шыға білген. Мәселен, оның «Көксерек» атты повесіндегі түз тағысының табиғи сипатын ашудың ерекше үлгісі қазақ прозасында бүгінгі күнге дейін образдық, көркемдік тұрғыдан сан түрлі тарапта жаңғыртылды. Ғалым А. Ісмақова өзінің еңбегінде « Архетипы проявляются в сказках, мифах, притчах в форме устойчивых мотивов, выражая собой определеный морально-нравственный код или знаковость. В этой связи казахский фольклор, являясь основной частью свода национального культурного архетипа, представляется активно действующим фактором в жанровой памяти современной казахской прозы» [ 12, 240 б] .
Әуезовтің өз туындысында жануарды бас кейіпкер етуінің сырын іздегенде, кеңестік дәуірдегі әдебиеттанушылар көбінесе бұл құбылыстың сыры Еуропа қаламгерлерінің шығармашылығы, атап айтқанда Э. Сетон-Томпсонның «Бала мен сілеусін», Джек Лондонның «Ақ азуы» т. б. туындыларға, еліктеушілікте жатқандығына тоқталғаны белгілі. алайда, ұлы жазушының бұл суреткерлік қадамы ең алдымен арысы ежелгі түркілердің, берісі қазақ халқының көне дүниетанымын шығармашылық мақсатта қолдануға ұмтылысқа негізделген еді. Бұны бәрінен бұрын жазушының өзінің ғылыми зерттеулерінен аңғарамыз.
М. Әуезовтің біз сөз етіп отырған туындысындағы шығармашылық тұғырнамасын қалыптастыруда қазақ фольклорындағы ертегілер жанрын зерттеп, зерделеуінің ролі зор болғаны айқын. Қазақ халқының әлеуметтік жағдайын, ұлттық психологиясын және тарихын жетік біліп қана қоймай, көркем туындылары арқылы ХХ ғасырдың басында-ақ көркемдік биікке көтерген суреткердің «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесінен бастап, «Көксерек» (1929), «Қараш-қараш оқиғасы» (1927), «Қилы заман» (1928) атты туындыларында қазақ халқының этнографиялық ерекшеліктері шынайы бейнеленсе, 30-жылдардағы «Білекке білек», «Тас түлек», «Үш күн», «Іздер», «Шатқалаң», «Қасеннің құбылыстары» атты шығармаларында дәстүрлі тұрмыс-тіршілік пен жаңа заман өзгерісі сабақтастықта алынды. Жазушының әрбір әңгімесіндегі ұлттық, этнографиялық, фольклорлық ұғымдарды асқақ рухта беру тәсілі жеке дәстүр ретінде қалыптасты. Мәселен «Қорғансыздың күніндегі» найзаға сүйеніп тұрып жан тапсырған батырлық рухтың символы Күшікбай бейнесін дәріптейтін аңыз бен «Жетімдегі» өлімді қорлықпен зорлыққа қарсы құрал ретінде мойындаған Қасым рухы - осының дәлелі. Яғни, Әуезов - әуел бастан-ақ этнографиялық фольклорлық сарындарды шығармашылықпен игерудің өзіндік өрнегін салған қаламгер. Оның «Бүркітші» атты әңгімесінде Бекбол аңшының қасиеттері мен қыран құстың қимыл-қозғалысын, ұшу бағыты мен тілек-қалауын тәптіштей суреттеуі ежелгі аңшылық, саяткерлік өнердің қыр-сырын жетік білетіндігін аңғартады. Бұл жөнінде ғалым Б. Майтанов: «Әуезовтей қаламгер «аңшы мен бүркітті бірінен бірін айырып, ажырағысыздай бір тұтастыққа айналдырып жіберді. Мөлдіреп тұнып тұрған табиғат құшағындағы ақынның іс-әрекет, қимыл-қозғалыс, мінез қылығы ұлттық өзгешелікке әңгіме көлеміне лайық береді», [13, 132 б] - деген ғылыми тұжырым жасаған. М. Әуезов қара сөз үлгісіндегі фольклорды «ертегі, аңыз, күй аңызы» деп ғылыми тұрғыдан жіктеумен қатар осы жанрлық жіктердің ерекшелігін көркем туындыларында да ұтымды пайдаланғаны белгілі. Мәселен, «Қыр әңгімелері», «Сыбанның моласында» атты туындыларында дәстүрлі әңгімешінің тұлғасын тірілтіп, ауызекі әңгіме заңдылықтарын прозада пайдаланудың тың ізденісін көрсетеді. Прозадағы хикаялық сарынды шеберлікпен әрбір жанр (әңгіме, повесть, роман) ерекшелігіне сай икемдеп пайдалану үрдісі де Әуезовтен бастау алған. Қаламгердің кез-келген туындысында да қазақтың әдет-ғұрпы, салт-санасы, кәсібі, сауық кешін аса бір ыждағаттылықпен зерделей отырып, халық тілінің бейнелі, әсерлі сөз келісімдерін сақтай білгендігін аңғаруға болады. Себебі, жазушы ұлттық характер, ұлттық болмыстың бір күннің жемісі емес, сан ғасырлық тарихтың ізі екендігін жете зерделеген. М. Жұмабаев болса, дәстүрлі фольклорлық негізді жазба әдебиетте, - өзінің «Қойлыбайдың қобызы», «Қорқыт», «Батыр Баян», «Жүсіп хан», «Өтірік ертегі» атты шығармаларында ой қазық етіп, сол түпкі сарыннан алшақтамай сюжеттік оқиғаларды түрлендіріп, өзгеше қарқынмен жаңаша жырлайды. Аллаға табыну, жазмыш, тағдыр ұғымдарына қатысты этнографиялық фольклорлық түсініктерді көркемдік көрігінен өткереді. Арман-тілегін, өткені мен бүгінін, ертеңі мен болашағын фольклорда өрнектейтін қазақ халқының жанына - ауыз әдебиеті үлгілерінің қай түрі болса да жақын екені рас. Жаңа қоғам өзімен бірге өнерге де, соның ішінде әдебиетке де өзінің «социалистік реализм» әдісін ала келді. Яғни, кез-келген ақын-жазушы өнерге, әдебиетке тек таптық тұрғыдан келуге және қарауға тиісті болды.
«Қызыл тілім кісендеулі», - деп Мағжан ақын айтқандай, ақын-жазушылар кеңестік идеологияның қысымына қарамай, тығырықтан шығып, заман шындығын астарлы пішінде, соның ішінде осы фольклорлық сарын үлгісінде жеткізді. Сәбиін бесік жырымен әлдилеп, ертегі айтып ұйықтататын қазаққа «социалистік реализм» әдісі қанша шек қойса да, оларды өз негізінен айыра алмады. Зерттеуші ғалым Т. Тебегенов «Әдеби шығарма - өткен мен бүгінді, болашақты тұтастай елестететін өзекті мәселелерді қамтитын көркемдік-эстетикалық тағылымы мол халық дүниетанымының айнасы» деп әдебиет пен мәдениеттің ықпалдасу тұстарын ашып көрсетеді. [14, 240 б] .
Қазақты салт-дәстүрмен, наным-сенімдермен қатар халқымыздың руханиятында ежелден ерекше орын алып келе жатқан исламдық негіздегі тағылымдар - шариғат заңымен белгіленген тыйым ғұрыптарының бір белгісі Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты әңгімесінде бейнеленген.
Ежелден елдігін ойлаған, «Ұл туғанға күн туады», «Қыз туғанға ай туады» деп келген қазақ танымы, сондай ұлттық құндақта тәрбиеленген Шолпанның әңгімедегі «бала берме» деген кереғар ойын автор басты назарға алып сол алмағайып, өліара кезеңдегі жаңа заман жастарының болашақ жөніндегі көзқарастарын астарлы меңзейді деп ой топшылауға болады. Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» атты әңгімесіндегі «қара» деген эпитеттің қолданылуы арқылы бүкіл бір әңгіменің түйіні шешіліп, жалғыздыққа ұшыраған Қарагөздің бақытсыз, қаралы күндерінен хабар берілетіні анық. Ал, М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты әңгімесінде «Есалаң» деген сөз «Есалаң тілек», «Есалаң ой», «Есалаң күй», «Есалаң жүрек», «Ессіз Шолпан», «Ессіздік», «Есалаң өмір», «Есалаң өзен», «Есалаңданған шақтарында», «Есалаң от», «Есалаң, мас Әзімбай», «Есалаң Әзімбай» деген эпитетті сөз тіркестері құрамында қолданылуы арқылы осы шағын әңгіменің түпкі идеялық негізі бағамдалып, автордың астарлы ойы шығарма шешімімен үйлесіп тұр. Автор, Шолпанның өмірін көбелектің отқа ұмтылуымен параллель алып, Шолпанның күйін әсерлі, бейнелі сипатта бейнелеген және Шолпанның бастапқы ойымен кейінгі ойын қарама-қарсы алып, Шолпаның әр кездегі жай-күйін бірде астарлы меңзеу арқылы, бірде әңгіме басталған сәттен бері үзілмей келе жатқан кейіпкердің ой-тасқыны арқылы ашып отырады. Шолпанның бастапқы «Бала берме» деген ойынан кейін оқиға желісі ары қарай өрбиді. Қазақ халқы ежелден сөзді қастерлеп, әр сөзіннің мағынасына мән беріп сөйлеген. Халықтың санының көбейгенін, әсіресе ұл баланың дүниеге келуін тілеп өткен халық - «Судың да иесі, сөздің де киесі бар», - деп қарайтын қазақ танымына қарапайым қазақ әйелінің бұл ойы мүлдем кереғар. Яғни, М. Жұмабаев жоғарыда аталған әңгімесінде дәстүрлі халықтық тәрбиенің заман талабына байланысты ескерусіз қалуын сезімтал ақындық жан-айқайымен астарлы түрде аңғартады.
«Әйтеуір ол маған қатын болмайды. Талақ болсын, Талақ! Талақ!» [15, 109 б] .
«Әдет бойынша әйелінен айырылысқан ері оны «талақ» етеді. Мұндай жағдай көбінесе әйелі ерінің көзіне шөп салса, тағы басқа жат істер болғанда қолданады. Күйеуі «талақ» деген сөзді үш рет қайталаса, неке бұзылған немесе айырылысқан деп есептеледі» [16, 254 б] .
Сәрсенбайдың аузынан үкім ретінде шыққан бұл сөздер Шолпанның бүкіл тағдырын шешкен еді. Осы сөздерден кейінгі қолданылған жазаға жас Шолпан шыдамай, өзінің Алла алдындағы күнәсі мен адам алдындағы кінәсін жалғыз өзі арқалап бұл дүниеден кете барды.
«Күнмен таласа Шолпан да өмірімен қоштасты» [15, 109 б] .
«Әйел - ердің тәңірісі, жарата да алады, жоқ қыла да алады, сүйдіре де алады, күйдіре де алады. Әйел - ердің құлы, табанының астында топырақ болады, ердің көлеңкесіне айналады, өзі жоқ болады. Ердің аруағы басса, әйел адамдықтан шығып, жоқ болады» [15, 109 б], - деп, автор ұлттық танымымызға берік сіңген ежелден келе жатқан халықтық тәрбиемізден, ата-жолынан аттағандар ар жазасының алдында осылай жауап береді деген ойды астармен бергендей. Сол кездегі көптеген ақын-жазушылардың поэзиялық, прозалық шығармаларында үлкендердің батасын алмай, ата жолынан тайғандардың, аға буынның айтқанына көнбей, жеті атаға толмай, жаңаша жол таңдағандардың тағдыры трагедиямен аяқталуы не себептен екен деген ойға қаласың. Бәлкім, ел болам десеңдер, елдігіңді, ежелден ата-баба қанымен жазылған, мыңдаған жылдар сүзгіден өткізілген салт-дәстүрлеріңді, бірнеше ғасырлық өмір тәжірибесінде қалыптасқан ұлттық және исламдық наным-сенімдеріңді жоғалтып алмай, таза күйінде болашақ ұрпақтың танымдық, тәрбиелік, рухани қажетіне жаратыңдар деген астарлы оймен берілген ұлтын сүйген ұлы жүректердің жанайқайы мен өз халқына деген қамқорлықтары және болашаққа қалдырған аманат-өсиеттері болар. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», - деп Әуезов айтқандай, аталмыш әңгімедегі: Ұйып отырған отбасында жеті атасы түгіл өзінің туған атасының анық кім екенін білмей өсетін жалтақ, дүбәра балалар дүниеге келгенде елдігіміз қайда қалады?» деген астармен берілген авторлық ұстанымды байқауға болады.
Осы әңгімемен сарындас Б. Майлиннің «Талақ» әңгімесі кейіпкерінің жүрегін күйеуінің жәй айта салған бір ауыз сөзі жаралап, күні бойы құлағынан ызыңдап кетпей қойғаны шығармаға арқау болған. Б. Майлиннің әрбір туындысындағы бір ауыз сөзге («талақ», «қайыс», т. б. ) сыйдырылған көркемдік детальда қазақ тұрмысы мен мінезінің, халықтың этно-мәдени нақыштарының жиынтық сипаттары бар. Бүкіл бір халықтың тыйым ғұрпының бір түрі болып табылатын сол ар жазасының ауырлығы мен одан жирену қажеттілігін бір-ақ ауыз сөзбен айтылған үкімге сыйғызу Б. Майлиннің қиыннан қиыстырар шеберлігі. Ал, Ж. Аймауытовта шағын әңгімелерінен бастап, қазақ қызының ішкі ой еркіндігін шебер бейнелейтін «Ақбілек» романына дейінгі этнопсихологизмнің сипаты күрделі.
Уақыт өткен сайын, қоғам өзгерген сайын әдебиет фольклорлық сарынды қажет етіп, прозада ауыз әдебиеті үлгілерінің көрініс табуын талап етті. Алаш зиялыларынан нәр алған осы дәстүр жалғастығы кеңес кезеңінде көмескіленгенімен бір жола үзілмеген. Бұл орайда этнографиялық дәстүрді пайдаланудың ғажап үлгісін көрсеткен көркемсөздің хас шебері қайталанбас творчестволық даралық. Ғ. Мүсіреповтің «Этнографиялық» әңгімесінің әрқашанда шоқтығы биік. Әр кейіпкерінің киім-киісі, тұрмыс-тіршілігі, кескін-келбеті, емеуріні, шебер тұтасып, этнографиялық белгілер арқылы жан құбылыстарын ашу шеберлігі танылады. Сондай-ақ «Талпақ танаудағы» сары атанға тіл бітуі, «Ер Қаптағай» атты әңгімесіндегі қарапайым адам бойындағы ұлттық этникалық ерекшелік пен «Өмір жорығындағы» көкқасқа балыққа адами қасиеттер дарыту және «Ана» туралы әңгімелеріндегі ұлттық тілге тән афоризмдер - дәстүр мен жаңашылықтың арақатынасының нәтижесі. Аталған жазушының «Оянған өлке», «Жат қолында», «Ұлпан» атты романдарында және «Тұтқын қыз» атты шығармасында да этнопсихологиялық детальдар да мол.
Ұлттық құндылықтардың қадір-қасиетін көрсету Асқар Сүлейменовтің «Сүйеніш», «Қара шал», «Ақ кемпір», «Адасқақ» атты туындыларынан да айқын сезіледі. «Қара шалда» қазақтың аяулысына балаған тұлпар (Қызылайғыр) тағдырына төнген қауіп арқылы қазақ тарихындағы қасірет таңбаланады. Ағайын арасына жік түсу, ауызбірлік пен ынтымақтың бұзылуы, қазақи қадір-қасиеттің кемуі аса көркем түрде шеберлікпен суреттеледі. «Ақ кемпір» атты туындысында қайғырған қарттың жан азабы, жүрек қайғысы арқылы қазақтың отбасы, жер ұғымдарына тән құндылықтар дәріптелген. «Адасқақтағы» Біржанның өнері мен өмірі, оның Абаймен, Ақанмен сөз қағысуларындағы ұлттық ой-танымның көріністері, байырғы қазақ сөздерін тың мазмұн мен астарға құруы қаламгерлік ерекшелігін танытады.
Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» «Жетім бота» секілді туындыларында мифологиялық персонаждарды тірілту мен қоса «Алтыбақан», «Апамның астауы» атты шығармалары мәтінінде сипатталатын ұлттық киім, тұрмыс-салт пен этикалық өлшемдер қайталанбас соны сипаттарға ие.
Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ұлттық таным, ұлттық рух талап еткен фольклорлық сарын қазақ әдебиетіне жаңа леппен, соны сарынмен қайта оралды.
Біздің қазақ прозасының этнографиялық-фольклорлық негіздерін талдаған зерттеу барысында анықтағанымыз: көне дүниетаным тудырыған рухани құндылықтарды пайдалануда қаламгерлер әр дәуірдің ерекшелігіне байланысты әртүрлі көзқарас ұстанған. Оны қазақ жазба прозасының бастауында ақын-жазушыларымыздың (мысалы, М. Жұмабаев, І. Жансүгіров, Ж. Аймауытов, М. Әуезов) архаихалық сарындарды ежелгі түркілік идеяларды ашық насихаттау мақсатында қолданса, қызыл империя цензурасының құрсауында шығармашылықпен айналысуға мәжбүр болған қазақ жазушыларының бұндай мотивтерді өздері ашық айта алмаған шындықты білдірудің құралы ретінде қолданды. Ал, тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасында қаламгерлер бұл тақырыпқа ешқандай қысымсыз емен-еркін барды деп айтуымызға болады. Бұған соңғы кезде көптеп жазылған жазушылардың шығармалары дәлел бола алады.
(Қ. Жұмаділов, М. Мағауин, А. Алтай, Т. Нұрмағанбетов, Т. Ахметжан, С. Досанов, Т. Әбдік, М. Айымбетов, Д. Әшімханов, Ө. Қырғызбайұлы, Т. Тілеуханов, Б. Сарыбай т. б. )
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz