Құрмалас сөйлемнің ғылым ретінде даму, қалыптасу жолы


М А З М Ұ Н Ы
КІРІСПЕ (Жұмыстың жалпы сипаттамасы) . . . 4
1 Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдердің құрылымдық сипаты мен зерттелу жайы
- Екіқұрамды құрмалас сөйлемдер, олардың өзіндік ерекшеліктері. . 6
- Екіқұрамды құрмалас сөйлемдердің зерттелуі . . . 21
- Көпқұрамды құрмалас сөйлемдер мен олардың зерттелу жайы . . . 30
2 Көпқұрамды құрмалас сөйлемдердің құрылымдық-семантикалық сипаты
2. 1 Аралас құрмалас сөйлемдер, олардың мәтін синтаксисінде қолданылу ерекшеліктері . . . 36
2. 2 Көпқұрамды салалас құрмаластар, олардың мағыналық қатынастары . . . 47
2. 3 Көп бағыныңқылы сабақтас құрмаластар, олардың түрлері мен мағыналық қатынастары . . . 49
2. 4 Көп басыңқылы сабақтастардың өзіндік ерекшеліктері . . . 52
2. 5 Тек бағыныңқылы сабақтастар, олардың өлең синтаксисіндегі стильдік ерекшеліктері . . . 55
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 61
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 64
Кіріспе
Жұмыстың өзектілігі . Синтаксистің басты объектілерінің бірі - құрмалас сөйлем. Сондықтан да сөйлем синтаксисін, әдетте, жай сөйлем және құрмалас сөйлем синтаксисі деп екі топқа бөледі. Сөйлем деп аталатын бір бірлікке топтастырылғанымен, әрқайсысының өзіне тән белгілері болады. Алдымен, олар құрылымдық жағынан ерекшеленеді. Жай сөйлем - бір ғана ойды білдіріп, тиянақталған интонациямен айтылатын синтаксистік бірлік. Құрмалас сөйлем синтаксисінің негізгі объектісі жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өзара тіркесіп, бір бүтінге айналуы, сол арқылы күрделі ойды білдіру жолдары мен тәсілдері болады. Құрмалас сөйлем синтаксисі жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өзара тіркесіп, құрмалас сөйлем болуын және құрмалас сөйлемнің түрлерін, жасалу жолдарын тексереді.
Құрмалас сөйлем жай сөйлемдерден құралады дегенге қарап, оны кез келген жай сөйлемдердің кездейсоқ тіркесе салған тобы деп түсінуге тағы да болмайды. Құрмалас сөйлем компоненттері бір-бірімен органикалық байланыста, берік бірлікте тұратын және біріне-бірі бағынышта өзара шарттас болып келетін күрделі мағыналық бір бүтін болып табылады.
Жай сөйлемнен кіші тілдік құрылымның ешқайсысы да құрмалас сөйлемге дербес компонент бола алмайды. Бірақ құрмаласқа енген әрбір жай сөйлемдерді мағыналық қатынастары бар сөйлемдер деп ұғыну керек. Өйткені күрделі ойды білдіру үшін тіркесетін сөйлемдер өзара мағыналық бірлікте болғанда ғана тіркесе алады. Мұның өзі басты фактор болуға тиіс. Әдеттегі жай сөйлемдерге қарағанда, негізгі бір айырмашылығы - осы [1, 233] . Құрмалас сыңарларының дербес жай сөйлемдерден ерекшелігін М. Балақаев былай түсіндіреді: «Құрмалас сөйлем мағыналық және тұлғалық жақтарынан алғанда жалпы алғанда, тұтас бір бүтін болғанымен, ол жеке сөйлемдерден құралады. Алайда сол жеке сөйлемдер құрмаластың қарамағында мағыналық және интонациялық тиянақсыз қалыпқа түседі. Әдеттегі жай сөйлемдерге қарағанда негізгі бір айырмашылығы -осы [2, 219] .
Ендігі бір мәселе жай сөйлемдердің барлығы құрмалас сөйлем компоненті бола ма деген сұрақ төңірегінде топтасады. Құрмалас сөйлемге байланысты туындап жүрген қиындықтардың көпшілігі осы мәселеге қатысты екендігіне шүбә жоқ. Өйткені ортақ бастауышты сөйлем, «әр компоненттің субъект-предикаттық қатынасқа негізделуі» не оны саралай қолдану сияқты тіл біліміндегі тартысты мәселелердің барлығы осыған қатысты.
Егер құрмалас сөйлемді кемінде екі жай сөйлемнің салаласа не сабақтаса байланысуы деген қағидаға сүйенсек, құрмалас құрамындағы атаулы сөйлемдер де, бөлшектелген сөйлемдер де, осы секілді күрделенген сөйлемдер мен телінбе компонентті құрылымдар да сол талапқа жауап береді. Егер күрделенген сөйлемдердің бір компонентінде субъект-предикаттық қатынасы бар, екіншісі жартылай предикаттық қатынасқа құрылғандықтан, құрмалас сөйлемдер аясында қарастыруға келмейтін тілдік құрылым деп танитын болсақ, жоғарыда аталған сөйлемдерді сол деңгейде қарастырған жөн сияқты. Өйткені құрмалас сөйлемге тән деп саналатын «әр компоненттің субъект-предикаттық» қатынасының болмауы бұл мәселеге байыппен қарауды талап етеді [3, 40] .
Құрмалас сөйлемнің компоненті мен әдеттегі дербес жай сөйлемдердің арасына теңдік белгісін қоюға болмайды. Тіліміздегі субъект-предикаттық қатынасқа негізделмеген немесе жартылай предикаттық қатынастағы деп танылатын сөйлемдердің бәрі бірдей компонент бола алмайды. Осының бәрі құрмалас сөйлемнің грамматикалық табиғаты саналады. Сондай-ақ құрмалас сөйлемдердің жай сөйлемдерінің саны мен олардың байланысу тәсілдеріне қарай екіқұрамды, көпқұрамды болып жіктелуі, олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері жұмыстың өзектілігі болып табылады.
Жұмыстың мақсат, міндеттері. Құрмалас сөйлемнің ғылым ретінде даму, қалыптасу жолы, құрылымдық түрлері мен олардың өзіндік ерекшеліктерін ашу - диплом жұмысының мақсаты болса, құрмалас сөйлемнің түрлерінің өзіндік белгілері мен олардың зерттелуін өзіндік белгілеріне қарай ғалымдардың көзқарастарын топтастыру; екі құрамды құрмаластардың зерттелуін, ғылыми көзқарастардың қалыптасуын нақтылау; көпқұрамды құрмаластардың түрлерінің ғалымдар еңбектерінде зерттелу деңгейін анықтау, ғылыми пікірлердің қалыптасуын таразылау, көпқұрамды құрмалас сөйлемдердің аралас құрмалас, көпқұрамды салалас, көп бағыныңқылы сабақтас, көп басыңқылы сабақтас, тек бағыныңқылы сабақтас сияқты түрлерінің өзіндік белгілері мен жасалу жолдары, мағыналық қатынастарын анықтау сияқты жұмыстар зерттеудің міндеттері саналады.
Тақырыптың маңыздылығы . Қазіргі қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдердің жасалуы, мағыналық, тұлғалық сипаттары тіл білімінде жеткілікті зерттелінгенімен, көпқұрамды құрмалас сөйлемдердің қазақ тіліндегі зерттелу деңгейі мен олардың мағыналық, құрылымдық түрлерінің өзіндік ерекшеліктерін арнайы қарастыруды қажет ететін мәселердің бірі екендігі анық. Сол себепті де жұмыстың жаңалығы - арнайы зерттеуді қажет ететін көпқұрамды құрмалас сөйлемдердің құрылымдық-семантикалық сипаты мен олардың құрылымдық түрлері, соның ішінде көбінесе өлең синтаксисінде кездесетін тек бағыныңқылы сабақтастардың көпқұрамды құрмалас сөйлемдердің бір түрі есебінде қарастырылуы.
Зерттеудің практикалық, теориялық мәні. Құрмалас сөйлем синтаксисінің теориясы міндетті түрде ғалымдардың ғылыми көзқарастарын саралаумен ажыратылады. Осы себепті де осындай көпқұрамды құрмалас сөйлемдер туралы жұмыстар құрмалас сөйлем синтаксисінің теориясына қосар үлесі мол, ал тілдік деректері практикалық мәнін толықтырады.
Жұмыстың құрылымы . Зерттеу жұмысының құрылымы кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды бөлімдерден тұрады.
1 Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдердің құрылымдық сипаты мен зерттелу жайы
1. 1 Екіқұрамды құрмалас сөйлемдер, олардың өзіндік ерекшеліктері
Құрмаластың қос құрамды түрін салалас және сабақтас құрайды. Сондықтан олардың өзіндік ерекшеліктерін анықтау аса қажет. Бұл оларды ажырата білуге көмектесіп, жеке сөйлем түрлері екенін тиянақтай түседі. Салалас құрмалас сөйлемге енетін әр сөйлемнің баяндауышы тиянақты болса, сабақтас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауыштары тиянақсыз түрде келеді. Құрмалас сөйлемнің осы екі түрінің ең күрделісі - сабақтас құрмалас сөйлем. Құрмалас сөйлемнің бүл түрінің сабақтас деп айтылуының өзінде үлкен мән бар. Сөз тіркесі де сабақтаса байланысқан сөздерден тұрады. Сабақтаса байланысқан сөз тіркестері мен сабақтаса байланысқан сөйлемдерде де негізгі бағыт олардың бірінші, яғни бағыныңқы, сыңарларының болатындығында. Ондай синтаксистік категорияларды бағыныңқы сыңарлар дегеннің өзі, шындап келгенде, келесі бір сөзге немесе сөйлемге қатыстылығымен ерекшеленеді. Осы бағытпен құрмаластық құрылымдағы бағыныңқы сыңардың тиянақсыз түрде келуі сабақтас құрмалас сөйлем деп атауға әкелді.
Тарихи жағынан сабақтас құрмалас сөйлемдер салалас құрмалас сөйлемнен соң қалыптасқан. Өйткені алғашқы сөйлемдер жай сөйлемдерден құрала келіп, сол жай сөйлемдер мағыналық жағынан өзара бірлесте айтылу арқылы күрделі ойды білдіру де басты жетістік болды. Ондай күрделі ойды білдіруде алдымен тең дәрежелі сөйлемдердің ғана бірлігі басты тірек еді. Осының негізінде алдымен салалас құрмалас сөйлем қалыптасты. Келе-келе осындай құрамдағы сөйлемдердің негізінде бағыныңқы сөйлемдердің қатысы туып, енді құрмалас-тың сабақтас түрі тілде орын алды. Міне, құрмаласатын сөйлемдердің салалас, сабақтас түрлері осы қалыпта осы кезге дейін орын алып келеді. Бірақ салалас құрмалас пен сабақтас құрмалас сөйлемнің бір-біріне ұқсас, өзгеше жақтары да кездеседі. Олардың ұқсастығы, біріншіден, екеуі де кемінде екі сөйлемнен түрады, екіншіден, екеуі де күрделі ойды білдіреді, үшіншіден, екеуі де пікір алмасу, ойды білдіру үшін жұмсалады, төртіншіден, екеуі де біршама аяқталған ойды білдіреді. Солай бола тұра, ол сөйлем түрлерінің өзіндік айырмашылықта-ры да жетерлік:
- Салаласқа енген әрбір сөйлемнің баяндауыштары тиянақты түрде келеді:Талаптың өзі де түрлі-түрлі болады, талап алушылар да неше түрлі болады(Абай) ; Сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышы тиянақсыз болады да, басыңқы сөйлемінің баяндауышы тиянақты келеді:Қалдық қаншалықты аз болса, өндірістің негізгі өнімі соншалықты мол болады(«Егемен Қазақстан» газеті) ;
- Салаласқа енген сөйдердің орны жылжымалы. Сондықтан оларға қатысты сөйлемдердің кейде орнын ауыстыруға болады. Ал сабақтас құрмаласқа енген сөйлемдердің бағыңынқы сыңары, негізінен, басыңқы сөйлемнің алдында орналасады. Поэзиялық шығармаларда бағыныңқы мен басыңқы сыңарлардың орын алмасып отыруы кездеседі;
- Салаласқа енген сөйлемдер өзара теңдік дәрежеде байланысады. Ал сабақтас құрмалас сөйлем сыңарларының байланысы керісінше. Алғашқы сыңар баяндауышының тиянақсыз болуына сәйкес, жеке сыңарлар теңдік дәрежеде келмейді, бағыныңқы ыңғайда жұмсалады;
- Салаласқа енген сөйлем баяндауыштарының тиянақты болуына сәйкес, олардың айтылу интонациясы да тиянақты болады. Сабақтас құрмалас сөйлемге енген бірінші сыңар баяндауышының тиянақсыз болуына орай, жалпы ондай сабақтас сөйлемдегі интонация әр түрлі болады;
- Салаласқа енген әрбір сөйлемнің баяндауыштары өз бастауышымен қиыса байланысады. Сабақтас құрмалас сөйлемде қиыса байланысу басыңқы сыңарында жүзеге асқанымен, бағыныңқы сыңарында ондай қасиет жоқ;
- Салаласа байланысқан сөйлемдер өзара байланысу үшін негізінде жалғаулық шылаулар қолданылады. Мысалы:Бірде ақ боран борады, Бірде ақ тұман орады, Бірде төнді қара түн(Т. Жароков) . Мұның атын сұрапыл дауыл дейді, бірақ бұл да бізді түбірімізбен жұлып кете алмайды(Т. Ахтанов) . Сабақтас құрмалас сөйлемдегі бағыныңқы сыңарлар басыңқыменсептеулік шылаулар арқылы байланысуға бейім:Жетім баладайбүк түсіп жатқан Бәкенді көрген соң, Раушанның іші елжірепкетті(Б. Майлин) . Топыраққа сабан шөмелесі түсірілгеннен кейін, ол жерде сабан мен топаннан қалдық қалады(«Лениншіл жас» газеті) .
- Тарихи жағынан келгенде салалас құрмалас сөйлемдер алғаш, сабақтас сөйлемдер салаласқа қарағанда кейін қалыптасқан;
- Салалас және сабақтас сөйлемдердің сыңарлары әрі есімді, етістікті, тіпті құрама түрде келуі де орын алған:
Бірақ оған қарағанда мұнда көп өзгешелік бар, жиналыстағы әйел көп, жиылыс басқарушылардың ішінде еркек жоқ. Ертеңіне Ермактың үйінің шомына шығып Бәкен қарауыл қараған адамға
ұқсап тұр еді, торы атты жегіп, Жақсылыққа делбесін ұстатып, бөкебайды басына тұмшалап орап Раушан кетіп барады екен
(Б. Майлин) .
Мұның атын сұрапыл дауыл дейді, бірақ бұл да бізді түбірімізбен жұлып кете алмайды
(Т. Ахтанов) .
Біздерде шуақ күн көп, жылылық мол, топырақ жақсы
(«Жас алаш» газеті) .
Осының бәрін жинақтай келгенде, сабақтас құрмалас сөйлем салалас сөйлемдерден көптеген өзіндік ерекшеліктерімен дараланады. Сонда, сабақтас құрмалас сөйлемнің ең негізгі белгісі - бағыныңқы сөйлемінің болуы, сол сөйлем баяндауыштарының тиянақсыз түрде келуі. Осы негізде сабақтас құрмалас сөйлем кемінде екі сөйлемнен құралып, тиянақсыз түрдегі бағыныңқы сөйлемнің әртүрлі қасиеті сұрау қою арқылы басыңқы сөйлемнен айқындалады. Бірақ сабақтас құрмалас сөйлем де сөйлеу, жазба тілінде салаластай қызмет атқарып келеді. Сондықтан бұл сөйлем түрлерінің зерттелуі туралы ойлану керек сияқты. Өйткені сабақтас құрмалас сөйлем Қазан төңкерісіне дейінгі барлық түркологтардың еңбектерінде өз дәрежесінде қаралып келді. Сондықтан да П. М. Мелиоранский, И. В. Гордлевский, Н. И. Дмитриев, П. М. Дыренкова, Н. А. Баскаков сияқты көптеген ғалымдардың еңбектерінде сабақтас құрмалас сөйлем, олардың байланысу тәсілдері мен түрлері үнемі сөз болып келеді.
Керісінше, аталған авторлардың еңбектерінде салалас құрмалас сөйлемдер туралы ешқандай сөз болған емес. Мұның сыры неде деген сұраққа олар былайша түсінік береді: «Салалас құрмаласқа енген әрбір жай сөйлемнің баяндауыштары тиянақты болып келеді. Сондықтан оны құрайтын әрбір жай сөйлем әдеттегі жай сөйлемдерден ешқандай айырмашылығы жоқ».
Негізінде, ғалымдар арасында әдеттегі жай сөйлем мен салалас және сабақтастың басыңқы сыңарларының арасындағы айырмашылықтарды, біріншіден, құрмаласқа енген жай сөйлемдердің бүтіннің бір бөлшегі сияқты деген тұжырымы, яғни ондай сөйлемдерде сөйлемдік еркіндік туралы, екіншіден, олардың айтылуы жағынан да ерекшелігі үнемі айрылып келеді. Сөйте тұра, әдеттегі жай сөйлем мен құрмаласқа енген жай сөйлемдердің ерекшелігін ескермегендіктен, А. Н. Кононовқа дейінгі бірде-бір түрколог салалас сөйлем туралы сөз еткен емес. Қайта, қазақ тілі мамандары А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, М. Балақаев, А. Ысқақов, Т. Қордабаев, Қ. Есенов сынды ғалымдар әрі салалас, әрі сабақтас құрмалас сөйлемді бірдей қарастырып келеді.
Құрмалас сөйлемнің салалас, сабақтас түрлерін екіқұрамды құрмалас десек, жалпы дәстүрлі грамматикада құрмаластарды салалас, сабақтас, аралас деп көрсету басым. Үш сөйлем түрінің бір-бірінен өзіндік ерекшеліктері айқын. Құрмалас сөйлемнің өзіне тән белгілері тарапынан танылған өлшемдердің көп дауға түспей, ғалымдардың қолдауына ие болғаны - ішкі сыңарлардың мағыналық жақындығы мен құрылыс материалы. А. Байтұрсынұлының ішкі жақындыққа ерекше көңіл аударуы да содан болса керек [4] . Ал Қ. Жұбанұлының: «Сөйлемнің бір мүшесі тек жайылма болып қалмай, өзі бір сөйлем болып құралса, өзін сөгіп алып ішін ақтарғанда, бірі бастауыш, бірі баяндауыш болып шықса, ондай сөйлемді күрделі сөйлем дейміз», - деп тұжырымдауы бұл сөйлем түрінің құрылыс материалын жан-жақты байқатты [5, 581] . Бұл пікірлерден мағыналық үйлесімдегі жеке-жеке жай сөйлемдік үлгілердің қосындысын құрмалас сөйлем деп танимыз. Бірақ мұнымен де іс бітпейді. «Жай сөйлемдер қанша жайылма болғанмен, тиянақты бір ғана ойды білдіреді. Күрделі ой жеке, дара жай сөйлемнің шеңберіне симайды. Ал адамның ойы, көбінесе күрделі түрде айтылуды керек қылады», - дейді С. Аманжолұлы бастаған авторлар тобы [6, 136] . Демек, күрделі ой да құрмалас сөйлемге қойылар белгілердің бірі болып саналады. «Сөйлем құрмалас болуы үшін ең кемі екі жай сөйлем болып, бұлардың оңаша бастауышы, баяндауышы болуға тиіс. Бұл -негізгі шарт» дегенді Ғ. Бегалиев ұсынса [7, 27], жай сөйлемдік үлгілердің «құр интонациямен бағынатынын» С. Жиенбаев көрсетеді [8, 43] .
Қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлем белгілері аталған ғалымдардың пікірлерінен бастау алды да, қазіргі күні әбден бекіді. Тіпті, ол соңғы оқулықтарда [9, 136] барынша жинақталып қорытындыланды. Қалай болғанда да, Н. Сауранбаев көрсеткеніндей, «Жай сөйлемдердің бірде тең дәрежеде салалас болып, бірде бір-біріне бағынып сабақтасып құрмаласуының ең негізгі себебі - адамның айналадағы табиғи, қоғамдық өмірдегі оқиғалардың, құбылыстардың арасындағы байланысты аңдауы» [10, 86] .
Күні бүгінге дейінгі еңбектерде салалас және сабақтас құрмалас туралы біршама ғылыми топшылаулар, шынын айту керек, кейіннен өз қолдауын тапқан топшылаулар болды. Ал аралас құрмалас сөйлем мәселесі ғылыми тұрғыда талданғанымен, тек қолжазба күйінде сақталынып, көпшілік оқырманға танылмады. Әрине, кез келген тілдік категория өзіне қарама-қарсы құрылымның салыстырылуымен ашыла түседі. Бұл орайда оған тілде кеңінен танылған құрмалас түрлерінің алынуы қажетті заңдылық болып саналады. Аралас құрмалас сөйлемнің кемі үш сыңарлы болып келуі оны көп құрамды құрмалас сөйлемдер қатарына ыңғайластырғанымен, ол, ең алдымен, құрмалас сөйлемнің үшінші түрі болып қарастырылады.
Құрмалас сөйлемдер күрделі ойды білдіреді. Бұл белгі арқылы ол сөйлем қатарына жатады, себебі ой күрделілігі құрмалас сөйлемнің басты өлшеуіші екені аян. Күрделі ой іштей бірнеше ойдан тұратын біртұтас жеке ойға саяды: Бұлар Игіліктің аулының тұсынан өте бергенде, жолдың жиегінде тұрған Тілеуке кездесіп еді. Қоштасып шығуға рұқсат сұрап еді, Боткин Сейітті өзі ертіп кірді. (Ғ. Мүсірепов) Мысалдағы сөйлемдердің әрқайсысы іштей екі ойдан тұратын тұтас күрделі ойды береді. Бірінші сабақтас сөйлем олардың өте беруі мен Тілеукенің кездесуін білдіретін біртұтас ойды қамтыса, ал осы күрделі ойдың өз алдына ішкі екі ойдан тұратыны анық. Оларды жекелеп көрсетсек, бірінші ой - Игіліктің аулының тұсынан өте беру де, екінші ой - Тілеукенің оларға кездесуі. Бірақ олар жеке-жеке жай сөйлемдер арқылы берілгенімен, жеке ойлардың тұтасуы нәтижесінде сабақтас құрмалас жасалған. Және жеке ойлардың жиынтығы бір мезгілде ғана жасалған қимыл-әрекетті білдірген. Соңғы салалас сөйлем де екі жеке ойдан құралған жай сөйлемдердің басын қосып, күрделі біртұтас ойға әкелген.
Дәл осы қасиет аралас құрмалас сөйлемге де қатысты: Үсен манағы пышақтың сыртымен тасқа қатты ұрып еді, от шығып, мақта тұтанды (Ы. Алтынсарин) . Бұл мысалда бір мезгілде бір адам жасаған бірнеше қимыл- әрекет берілген, олардың әрқайсысы жеке ойды қамтиды: пышақтың ұрылғаны, оттың шыққаны, мақтаның тұтанғаны. Бірақ осы аталғандар бір-бірімен байланысты біртұтас күрделі ойға жатады. Демек, құрмалас сөйлемдердің құрамындағы әр жай сөйлемдік сыңарлар күрделі ойдың ішкі мағыналық бөлімдерін, ішкі жеке ойларды білдіреді екен. Бұл ретте жеке ойлардың бір-бірімен тығыз байланыста болатынын байқадық. Бұған қоса мысалдық деректер сабақтас, салалас және аралас құрмалас сөйлемдердің іштей байланыстағы жеке ойлардан тұрып, күрделі ойды білдіретін сөйлем түрлері екенін дәлелдейді.
Құрмалас сөйлем түрлері бір-бірінен құрамдық жағынан да ерекшеленеді. Тіліміздегі салалас, сабақтас сөйлемдер үшін екі жай сөйлемдік үлгінің қосындысы жеткілікті. Мұндай құрам олар үшін заңды құбылыс, әрі осы сөйлемдер үшін кең қолданысқа ие. Сондай-ақ, мұндай құрам санының екіден де көп болып келуі қиындық тудырмайды. Сондықтан да олар « . . . бір-бірімен өзара байланысқан екі немесе бірнеше жай сөйлемдердің тіркесінен құралады». Бұл пікірдің аралас құрмалас сөйлемге де қатысы бар. Аралас құрмалас та өз ішінде жеке сөйлемге жіктеле алатын үш жай сөйлемдік құрылымнан тұрады. Осыдан аралас құрмаластың тағы бір белгісі анықталады. Ол кем дегенде үш құрамды үлгіге бағыну және бұл заңдылық сыңарлар санының азаюына мүмкіндік бермейді: Бұл кезде би музыкасы аяқталып, жұрт әнге көшкен еді, Асекең оны да тыңдаған жоқ (Ә. Сәрсенбаев) .
Құрмалас сөйлемдерді салалас, сабақтас деп екі топқа бөлу сөйлем құрамындағы жай сөйлемдердің бір-бірімен синтаксистік байланыс түріне бағынуынан шығып жататыны белгілі. Салалас құрмалас сөйлемнің аясындағы жай сөйлемдер бір-бірімен салаласа байланысады. Ал сабақтас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдер біріне-бірі бағына, иек арта отырып байланысады. Бұл заңдылықтар құрмалас сөйлемнің даусыз танылып жүрген салалас, сабақтас түрлерінде қатаң сақталады. Ол өзгермейді. Құрмаластың құрамындағы салаластың болсын, сабақтастың болсын синтаксистік байланысу түрі өзгерсе, ол сөйлемнің түрін де өзгертеді. Құрмалас сөйлем - тұтас бір бүтін құбылыс. Оның ішкі бөлімдерін байланыстыратын синтаксистік түр салалас пен сабақтаста танылған.
Басқаша айтқанда, құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдерді синтаксистік байланысу түріне бағындыру оларды түрге бөлудің негізгі, тұрақты шарты болып саналады. Осы тұрғыдан келгенде, аралас құрмалас сөйлемнің құрамындағы жеке компоненттерді бір-біріне бағындыруда әрі сабақтасу, әрі салаласу қатысады. Сол арқылы аралас құрмалас сөйлем сабақтас, салалас сөйлемдерден ерекшеленеді. Демек, ғалым Ғ. Әбуханов айтпақшы, «Құрмалас сөйлемге енген жай сөйлемдердің байланысу тәсіліне қарай құрмаластың аралас құрмалас сөйлемдер деп аталатын үшінші бір тобы да бар» [11, 288] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz