Қабдеш Жұмаділов шығармалары


Қабдеш Жұмаділов
Мұраты биік суреткер
Қазақта “пешене” деп аталатын шетсіз-шексіз абстрактылы ұғым бар. “Жазмыштан озмыш жоқ” деп жатамыз. Өткен ғасырдың сол алпысыншы-жетпісінші жылдары әдеби үдеріске имене, жасқаншақтай келген Қабдеш Жұмаділов бүгінде сарабдал қаламгер, салмақты жазушыға айналды. Пешенесіне Қытай мен КСРО сияқты сол тұстағы қос империяның күңгейі мен көлеңкесін көру, көріп қана қоймай, өзі бел ортасында жүрген алапат оқиғаларды жан жүрегімен түйсіну, зардабын шегу, тағдыр атты жазмыштың пендесінің маңдайына жазар азды-көпті теперішін көру - бәрі де оның қаламгер ретінде қалыптасуына алғышарттар жасады. Өзі куә болған, көзбен көріп, бастан кешкен оқиға, құбылыстар Жұмаділовтің адами болмысынан берік орын алды. Ол өз қаһармандарын қиял әлемінен іздеген жоқ, жұмыр жерді шарлап, ғаламат оқиғаларды тізіп, өз туындыларына арқау етуге тырысқан жоқ. Оған өмірдің өзі мектеп болды, мынау пәни жалғандағы адамның іс-әрекеті, пиғылы мен ықыласынан туындайтын небір жайттар оның туындыларының өзегіне айналды. Ақиқат, шындық өмірдегі түрлі салыстырулардан тұрады деген екен Шығыстың бір ғұламасы. Қ. Жұмаділов қос мемлекетте ғұмыр кешті, екеуін ой таразысынан өткізді, өзара салыстырды. Зерттеді, зерделеді, сана елегінен өткізді. Ол әлемдегі алты миллиардтан астам адамдарды, сол адамдар құрайтын халықтың, ұлыстың тыныс-тіршілігін өз ұлтымен салыстырды. Қаламгер ретінде өз ұлтының мәрттігіне, өзгеге ұқсай бермейтін тектілігіне назар аударды. Сол тектілікті, мәрттікті күні бүгінге дейін насихаттаудан, жазудан жалықпай келеді.
Алғашқы шағын өлең, әңгімелері Шыңжаң өлкесіндегі “Шыңжаң” газеті мен “Шұғыла” журналында жарияланып, “Жас дәурен” атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1967 жылы жарық көрді. Оның қаламынан сол кезеңнен бастап, “Қаздар қайтып барады”, “Сарыжайлау”, “Шарайна”, “Сәйгүліктер”, “Бір түп тораңғы”, “Бір қаланың тұрғындары”, “Қарауыл” атты әңгіме-хикаяттарымен бірге, “Соңғы көш” роман-дилогиясы, “Көкейкесті”, “Бақыт жолында”, “Атамекен”, “Тағдыр” романдары, “Дарабоз” тарихи роман-дилогиясы, “Таңғажайып дүние” атты ғұмырнамалық романы, “Прометей алауы” романы және әр жылдары жазылған танымдық дүниелері, шағын әңгімелері топтастырылған “Қалың елім, қазағым” кітабы туды.
Авторлық тұжырым, ұстаным қаламгер дүниетанымымен тығыз байланысты екені баршаға аян. Жазушы Қ. Жұмаділов әдебиеттің ардың ісі екендігін, оның киелі де қасиетті өнер екенін түйсініп, қолына қалам алғаннан бері ар тазалығы үшін, жазушының қоғамдағы алатын орны үшін күресіп келеді десек, қателесе қоймаспыз.
Жазушы өз уақытының, өзі ғұмыр кешкен дәуірдің шын мәніндегі жаршысына айналды. Неге екенін қайдам, бізге оның шығармаларының ішінде, өзгелеріне қарағанда, еңселілеу, шоқтығы биіктеу көрінетіні - “Соңғы көш” және “Таңғажайып дүние”.
“Соңғы көш” - адамзат баласы жылап келіп, жылап кетіп жататын мына жарық дүниедегі қазақ деген халықтың бүкіл болмыс-бітімінің, кескін-келбетінің шежіресі. “Соңғы көш” - ғасырлар бойы аузынан “тәубасы” мен “қанағаты” түспеген, ешкімге ұқсамас төлтума мәдениет жасаған, мына жарық дүниеде барша жұртқа гуманизм мен шынайы демократияның жарқын үлгісін көрсеткен, өмірге адамның қонақ екенін терең түйсінген, “қонып бір өтер сай үшін, арам өлер тай үшін” бет жыртыспауға үндеген, жаны жайсаң, жүрегі мәрт жұрттың шынайы тарихы; “Соңғы көш” - қазіргі таңда жаһандану процесі адамзат қоғамына дендеп еніп, материалдық игіліктер бірінші кезекке шығып, руханият әлемі кейінге ысырылған, рухани азғындау, экспансия элементтері, несін жасырайық, қоғамға ене бастаған сәтке қарағанда, рухы биік, өзін табиғатты бағындырушы емес, керісінше, сол табиғаттың бір бөлшегі ретінде түйсінген ұлы дала тұрғындарының айнасы. “Соңғы көш” - табиғи тазалығын, кәусар бұлақтай мөлдірлігін сақтап қалған көшпелі жұрттың өмір атты керуен - көштегі соңғы бұлқынысы, алапат арпалысы.
“Менің өмірбаянымды қайтесің, өлеңдерімді оқысаң, бәрі де сонда тұр” деген екен бір ақын. Өз туындылары арқылы қаламгер Жұмаділов қара ормандай қалың қазағын биікке көтерді, тағдыр-талайын, адами келбетін өзгеге паш етуге талпынды, яғни жазушы халқын өсірді, халқы жазушысын өсірді.
Қазақ тарихында туған жер, тас босаға, тал бесік үшін қу далада тәні, құла түзде көрі, құба белде елі қалғанша жанын пида етіп, басын бәйгеге тіккен, қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер, құдайға шүкір, болған. Тұлпар тұрпатты, сұңқар қанатты, тұғыры биік, замана желі қай жағынан соқса да иілмеген, сынбаған қазақ жұрты Жұмаділов қаламынан “Дарабозды” туғызды, имандылық пен инабаттылықты келер ұрпақ санасына сіңірейін деп жанталасқан Ақтайлақ би тұлғасын сомдаған “Прометей алауын” дүниеге келтірді. Қашан да дүйім халқының қуанышы мен қайғысын шығармашылығына терең арқау еткендер ғана мәңгілік зердеде қалады. Қ. Жұмаділов - халық азабы мен кегін, қуанышы мен қайғысын тарихи тұрғыдан жырлай отырып, оны тұлға ретінде шабыттың шаңқай биігіне көтерген қаламгер. Ол халық болмысының күллі арналары мен тамырларын сәтті ұштастыра білді.
Кезінде Н. Г. Чернышевский: “Математиканы білмей-ақ, латын, грек тілдерін үйренбей-ақ мәдениетті адам болуға болады, бірақ тарихты білмей тұрып, мәдениетті адам болуға болмайды” - деп жазыпты.
Ғылымда тарихи тамырластық, тарихи сабақтастық деген ұғымдар бар. Егер “қай дәуір туралы қалам сілтемесін, жазушы - қашанда тарихшы. Әдебиеттің басты парызы - адамзат естелігінің үзік-үзік болмауына күш салу. Шежіре арқауы жалғанбаған жерде, адамзат санасынан ғасырлар ғайып болып, тіпті мыңжылдық жеңістер мен жеңілістер трагедиясы ұмыт қалады. Ал, жазушы адамзат зердесінің бірден-бір жоқтаушысы болғандықтан да тарихтың әлгіндей жыртықтарын романмен, поэмамен жамайды” (О. Сүлейменов) деген пікірге ден қойсақ, Қ. Жұмаділовтің бүкіл романдары тарихи немесе тарихи сипаттағы туындылар деп кесіп-пішіп айтуға болатын сияқты. Жалпы, сүйекті туындыны тарихи немесе тарихи емес роман деп баяғыдан келе жатқан даулы пікірлерге төрелік айтпай-ақ қояйық, олай болудың өзі шартты нәрсе, бірақ Қ. Жұмаділовтің “Дарабозы” - ХVІІІ ғасырдағы қазақтың Отан соғысының “Тағдыр” мен “Прометей алауы” - сәл бертініректегі оқиғалардың, “Соңғы көш” - ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы оқиғалардың тарихи шежіресі екендігіне ешкім де дау айта қоймас. Сонда оқырман алдынан үш дәуірдің, үш кезеңнің алапат оқиғаларының панорамасы ашылады. Үш романның үшеуі де халық тарихының, дәуір шындығының айнасы іспеттес. Қ. Жұмаділов аталмыш туындыларында жеке тұлғаларды даралай білді, егер тарихтың қозғаушы күші - халық екені рас болса, сол халықты бастайтын серкесі бар емес пе? Қаламгерді толғантқан осы жайттар еді, нәтижесінде Қабанбай, сондай-ақ қазақтың ұлы ханы Абылай, батыры Бөгенбайлар тұлғасы оқырманға жол тартты. Бірде ойлантқан, бірде толғантқан, бірде мұңайтқан, бірде қиялыңды шарықтатқан нәрсе - жазушы бойындағы дала табиғатының, сол даланың еркін перзенттерінің қайсар мінезі… Жазушы тағылымы әр жұмыр басты пендені өзін-өзі тануға итермелейді, мынау жалпақ жер бетіндегі Адам деп аталатын тіршілік иесі өзін-өзі таныса, өз іс-әрекетіне есеп беріп отырса, зұлымдық қайдан келеді - деген сауал төңірегінде толғаныс жасауға шақырады.
Аға буын өкілі І. Есенберлин, өз замандастары Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, С. Жүнісовтер сияқты Қ. Жұмаділов те Әуезовтің шеберлік мектебінен үлгі-өнеге алды, Әуезов тағылымы, Әуезовтің азаматтық, адами нар тұлғасы, кісілік келбеті, ұшан-теңіз білімпаздығы, кең құлашты эпикалық серпіні ол үшін таным мектебі, адастырмас темірқазығына айналды. Әуезов тағылымы қаламгердің қаламынан туындаған Қабанбай, Демежан, Абылай хан, Қанағат би, Нартай, Төле би, Бұқар жырау, Естай, Жолбарыс, Ұзақ, Атаханов, Қылышбаев, Түктібаев, Бибі, Ши-амбы, Матен - амбы, Әмірсана, т. б. кейіпкерлердің дүниеге келуіне, шебер қолмен мүсінделіп, ұлттық әдебиеттегі образдар галереясының толығуына алғышарттар жасады. Адам табиғатын зерттеудегі жазушының көркемдік ізденістер жүйесі, стильдік даралығы философиялық ой-толғаммен шебер ұштасқан. Қаламгердің өз сөзімен айтсақ, “жазушы құдіреттілігі санаңда мықтап орын алған, алайда кешегі уақыт аясында қалған оқиғаны бір сәтке кідірту, қайта тірілту” болса, тарихи оқиға, құбылыстар бар шындығымен, дәйектілігімен оқырман таразысына түседі.
Жазушының “Сарыжайлау”, “Сәйгүліктер”, “Бір түп тораңғы”, “Қарауыл”, “Бір қаланың тұрғындары” күні кешегі кеңестік дәуір шындығын бейнелеген туындыларға жатады. Уақыт біреу. Кеңістік те біреу. Бұлар мезгіл мен мекен жағынан ғана емес, ішкі мазмұн, пішін жағынан да сарындас шығармалар. Уақыт та, кеңістік те шексіз. Өмір уақытқа тәуелді. Адам үшін екі түрлі бесік бар: біріншісі - тал бесік, екіншісі - жер бесік. Екеуінің ортасы - кеңістік, жүріп өтуге кететін мерзім - уақыт. Қ. Жұмаділов өз хикаяттары арқылы адам өмірінің уақыт пен кеңістік ауқымындағы мән-маңызына, мазмұнына үңіледі. Дәнеш, Жұмаш, Машанов, Таубай, Айтқұлов, Ағыбай, Ержан, Батырхан, Тәкібаев, Әділгерей образдары - дәуір шындығының бірегей картинасын беріп тұрған бейнелер. Шынайы образ автордың көркемдік, стильдік ізденістерінен туындайды. Қ. Жұмаділовтің қаламгерлік қолтаңбасына, өнерпаздық даралығына оның өмірді жетік білуін, өзі бастан кешкен немесе өзі жетік білетін жайттарды, құбылыстарды көркем туындысының өзегіне айналдыруын, өмір құбылыстарын оқырманына ұсына отырып, әр құбылысқа, оның астарына өзі де, кейіпкері де ойлылықпен үңілуін, әр шығармасының аттарының өзі символ болып келетінін, тақырып алуандылығын, өмір құбылысын суреттегенде тың ой, жаңаша да соны пікірлер айтуға тырысатын жазушы дарынын, ішкі толғаныс пен жүрек тебіренісін, сәулелі сезім мен саналы парасаттылық ұялаған жазушының өз “менін”, сонымен бірге бүкіл шығармаларындағы ішкі-сыртқы үйлесімділіктің тек қана қарапайымдылық пен табиғилық ұғымдарымен тыныс алатынын, әр туындысында ұлттық болмыстың “менмұндалап” тұратын қасиеттерін жатқызар едік. Оның әр хикаятынан өз шығармалары арқылы табиғаттың ұлы жаратылыс заңына, адам мен адамның, адам мен қоғамның, адам мен табиғаттың арасындағы үйлесімділікті сақтау қағидаларына уақыт пен кеңістік сияқты ұғымдар тұрғысынан үңілгенін байқауға болады. Жазушы өз хикаяттарын бас-аяғы бүтін, біртұтас дүние етіп жазуға, шығаруға тырысқаны сияқты, адамзат баласы өмір деп атайтын мынау жарық дүниені, әлемді, ортаны, қоғамды да біртұтас күйінде қабылдауға құштар.
Жазушының табиғи талантын, философиялық көзқарасын бүкіл хикаяттарындағы, оның ішінде “Сәйгүліктердегі” шеберлігі паш етіп тұр. Дала сәнін текті мал - жылқысыз елестету санасына сіңбеген Ағыбай қарияның ауруханада жатқанда өң мен түстің арасында сандырақтап жатып түс көруі, түсінде қып-қызыл алақанды көруі, төскейде жайылып жатқан қалың жылқы, кенеттен ай нұрына шағылысып, жарқ еткен ақ балта жүзінің бітеу, кесек сүйектерге қарш-қарш қадалғанын көруі, сөйтсе, әлгі балтаның жаңқалап жатқаны жылқының сүйегі сияқты еді, бір уақытта қараса, әлгі залымдардың шапқылап, балталап жатқаны жылқы емес, бұның жалғыз ұлы Айдарға айналып кетуі - бәрі-бәрі де бойына жақсылықты да, жамандықты да сыйғызып тұрған, сол екеуінің шарпысуына мыңдаған, миллиондаған жыл бойы куә боп келе жатқан уақыт пен кеңістік туралы автордың тосын шешіміне негізделген. Қарияның жалғыз ұлының қайтыс болған жері, яғни “қайғылы оқиға тас жол бойында, Ағыбай ұрылармен айқасқан тұстан бес шақырымдай беріде болып еді”. Осы бес-ақ шақырым жерде терең ой бар. Философиялық толғам бар. Жалпыадамзаттық көкейкесті проблемалар бар. Бес-ақ шақырым жер жан-жақтан қаумалаған, сөйтіп, небәрі осынша жерді ғана қалдырған қоғамның ызғары, дәуірдің қыспағы сияқты. Расымен-ақ жақсылық атты ұғымға мына жарық дүниеден бұйырғаны бар болғаны бес-ақ шақырым кеңістік болғаны ма? Осыдан жыл бұрын дүние дәл осындай тар емес еді ғой. Шынымен-ақ адамзат баласы ғұмыр кешетін жер атты жұмыр планетада дүние осыншама қусырылғаны ма? Дүниені осыншама тарылтқан кім? Жазушының авторлық толғанысы, яғни адам болмысына үңілуі, сол арқылы барша адамзат баласын ізгілікке, имандылыққа шақыруы, есіңді жи, адамзат баласы, жан-жағыңа қара деп дабыл қағуынан байқалып тұр. Осынау философиялық ой-толғаныс оның барлық хикаяттарына арқау болғанын байқау қиын емес. Бір қарағанда, күнделікті өмірде жиі кездесіп жататын, ұсақ, күйкі тірлікке жататын қарапайым ғана жайттар қаламгер шеберлігі арқасында аса өзекті, жалпы адамзат баласына тән ортақ мәселелерге айналған.
Авторы: Мәуен ХАМЗИН, филология ғылымдарының докторы.
Қабдеш Жұмаділов, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Мен не жазсам да көзбен көргенімді, куә болғанымды жаздым
- Қабдеш аға, жетпістің биігінде тұрып өткен өмірге көз салсаңыз, қайсыбір кезді жиі еске аласыз, ал қайсыбірін еске алмауға тырысасыз?
- Жетпіс енді аз да емес, көп те емес жас қой. Ал енді осы уақыт ішінде "нені еске алуға тұрады, нені еске алуға тұрмайды" дегенге келсек, мен сүрген өмірдің "мынасы жақсы, мынасы жаман" деп есептемейтін адаммын. Әрине, медальдың екі жағы секілді, өмірдің өзі жақсылық пен жамандық, қайғы мен қуаныш, сор менен бақыт, сәттілік пен сәтсіздіктен тұрады емес пе! Адам өмірі кинолента емес, жаман жерін қиып, монтаждап отыратын. Әрине, өмірде қатты қиналған киын кездер де болды. Мен оның бәрін "Таңғажайып дүние" деген ғұмырнамалық кітабымда тәптіштеп жазғанмын. Рас, о баста менің оңымнан туған бақ жұлдызым болды. Сол жұлдыз еш уақытта мені тастап кеткен жоқ. Кейде адастырып, кейде бұлтқа батып кеткенімен, үнемі жарқ етіп алдымнан шығып, жол сілтеп тұрғандай болады. Мен сол жұлдызым жарқ етіп көрінген тұстарды жиі еске аламын. Мәселен, сонау 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен ұйғыр-қазағы аралас елу баланың бірі болып Алматыға оқуға келдім. Соның ішіндегі он қазақ баласының бірі болып оқуға ілігуім, менің болашақ тағдырымды шешті десем артық айтпағаным. Сонда жарқ етіп жанған бақ жұлдызым әлі күнге мені адастырмай алып келеді. Қиын күндер де болды. Екі курсты оқып бітірген соң бізді кері шақырып алды. Сол 1958-ден 1962 жылға дейін мен саяси қуғын-сүргінде жүрдім. Ол Кеңес елі мен Қытай арасы нашарлап тұрған кез еді. Сол уақытта Қытайда жергілікті ұлтшылдарға қарсы күрес науқаны жүріп жатты. Мен үшін ол уақыт Алматыдағы оқу көзден бұл-бұл боп ұшып, көңілім құлазыған ең бір ауыр сәттер болды. Бірақ ол да өтті. Содан 1962 жылы ата жұртқа, Алматыға қайта оралдым. "Бір жамандықтың бір жақсылығы бар" дейді. Жаңағы төрт жылғы сүргіннен кейін мен олжалы оралдым. Біріншіден, мен сол 62-жылдың сәуір айында яғни, сәуірдің онынан бірінші мамырға дейін жиырма күннің ішінде дүрк көтеріліп, Кеңес шегарасына асқан 150 мың адамнан тұратын ұлы көштің бұйдасын ұстап келген адаммын. Сол көшті қыс бойы дайындаған адамдардың бірімін. Сонау Кеңес елінің астанасы Мәскеуге, Кремльге хат жазып, "біз, қазақтар, ата жұртқа көшеміз, баспана беріңдер" дегенді алдын ала хабарладық. Хрущевтің, Ворошиловтың атына мыңдаған адамдардың қолын қойдырып, ондаған хат жолдадық. Оның көшірмесін кеңестік Қазақстанның сол кездегі басшысы Қонаевқа да жолдап тұрдық. Ол хаттар әлі күнге мұрағатта сақтаулы. Содан бүкіл жұрт қыс бойы буынып-түйініп, көктемгі көшке даяр отырды. Содан болар, әу дегенде жүз елу мың адамның демде шегарадан өте шыққаны. Сол бір кез менің есімде мәңгі қалып қойды. Ол бір қазақ тарихындағы өте қастерлі кезең еді. Мен шығармашылығымды есепке алмағанда, көш бастап келуім ұлт алдындағы азаматтық қызметімнің шыңы деп есептеймін. Екінші бір олжам, ол - "Соңғы көш" дейтін екі томдық романымның бүкіл материалын алып келдім. Егер мені Қытайға кері шақырып алмаса, қуғын-сүргінді көрмесем "Соңғы көш" тумаған болар еді. Демек, бір жамандықтың бір жақсылығы осы болса керек-ті. Иә, бүгінде жетпістің қырқасына шыққан кезде осы секілді нәрселер көз алдымнан кетпейді.
- Сонау "Соңғы көштен" бастап кешегі "Тағдырға" дейін сыртта қалған қазақтың жарты тарихын жазған жазушысыз. Әлі де болса, "жеткізе алмадым, ашық айтуға шамам келмеді" деген өкініштеріңіз бар ма?
- Қазір айтылып жүр ғой, "қазақтың үштен бірі сыртта" деп. Соның бір жарым миллиондайы Қытайда. Сонау 56-шы, 60-шы жылдары сыртта қалған қазақ көп екенін жұрт білмейтін, өйткені ашық айтылмайтын. Қазір ғой көзіміз ашылғаны. Бүгінде әдебиет зерттеушілері мені диаспора жөніндегі әдебиеттің негізін салушы деп атайды. Әсілі, осы сөзде жан бар. Маған өзгені қимаса да, сырттағы қазақтың өмірін жазған, диаспора жөніндегі әдебиетті алып келген, осы тақырыпты әдебиетке енгізген, әрі іргесін қалаған жазушы деген сөзге ешкім таласпайды ғой деп ойлаймын. Сол Қытайдан мен әлгінде айтқандай, " Соңғы көштің", "Тағдырдың" материалдарын ала келдім. Ендігі мәселе мен сол шығармаларымда сырттағы қазақтың өмірін дұрыс бере алдым ба, жоқ па дегенде тұр ғой. Кезінде кейбіреулер "Жұмаділов Қытай мен Советтің арасы жаман болып тұрған кезде "Соңғы көшті" жазды да, Қытайды жамандады. Сөйтіп, кітабы жақсы атанып шыға келді" деген қаңқу әңгімелер де таратты. Бірақ шындығында олай болған жоқ. Мен тек ақиқатты ғана жаздым. "Соңғы көш" өткен 90-жылдардың басында қайта басылды. Одан кейін таяуда көп томдық шығармаларыма енді. Сол кезде кітапты қайта қарап шықтым. Бірақ бірде-бір нүктесіне де өзгерту жасамадым. Неге десең, мен шындықты бүркемесіз жаздым. Тіпті сол кітапты қазір жазсам да солай жазар едім. "Тағдыр" романым да солай. Өте бір қапысыз жазылған шығармам. Екі империя арасында шегара қалай тартылды, қазақ екіге қалай бөлініп қалды. Соны қозғадым. Осы "Тағдыр" романыма тоқсаныншы жылы Мемлекеттік сыйлық берілді. Жалпы, диаспора тақырыбы өте үлкен. "Бәрін мен жазуым керек еді" деп өкінудің керегі жоқ. Мен бастадым, негізгі сара жолды салдым. Қазір осы жақтың да, ол жақтың да жазушылары қалам сілтеп жүр. Бұл - бір кісі емес, көп болып бітіретін шаруа.
- Қазір қазақ тарихы тасқа басылып, қат-қат кітап болып қана жатқан жоқ. Экран беттерінде көркемфильм болып көріне бастады. Мәселен, ертеректе түсірілген " Жаушы", "Отырардың күйреуі", тағы да басқа фильмдер. Кеше ғана " Көшпенділер" кино болып халыққа жол тартты. Бірақ осы "Көшпенділерге" байланысты халық арасында әр түрлі пікір бар. Тіпті киноға риза емес екендіктерін айтып жатқандар да жеткілікті. Фильм түсірілмей жатып басылым бетінде сіз оның сценарийіне сын айтқан болатынсыз. Қазір фильм экранға шығып кеткен соң не айтар едіңіз?
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz