Қазақ паремиологиясының тіл білімінде зерттелуі


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 69 бет
Таңдаулыға:   

Қазақ паремиологиясының тіл білімінде зерттелуі

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

МАЗМҰНЫ

I МАҚАЛ - МӘТЕЛ ТАБИҒАТЫН ТАНЫП, ЗЕРТТЕУ . . . 9

  1. Мақал - мәтелдер - халық даналығының қазына байлығы . . . 9
  2. Мақал мен мәтелдің ұқсастығы мен айырмашылығы . . . 16
  3. Мақал - мәтелдің тұлғалық - құрамдық дамуы . . . 18

II МАҚАЛ - МӘТЕЛДЕРДІҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ . . . 27

2. 1. Кеңес дәуірі кезіндегі мақал - мәтелдердің зерттелуі . . . 27

2. 2. Мақал - мәтелдердің тілдік - прагматикалық тұрғыдан зерттелуі . . . 31

2. 3. Мақал - мәтелдердің этнолингвистикалық жағынан саралануы . . . 47

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 69

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 71

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі . Тіл халықтың қоғамдық, әлеуметтік өмірімен, саяси - экономикалық жағдайымен тығыз байланыста дамиды, кемелденеді. Сондықтан да қоғам өмірінің даму қарқыны әр түрлі тарихи дәуірде түрліше деңгейде көрінетіні сияқты, әдеби тілдің де даму шеңбері бірде кеңейіп, бірде тарылып отырады. Бұл заңды өзгерістер тілдің барлық категорияларын өз ішіне алады. Бірақ қандай өзгеріс болмасын, тіл қалай дамымасын, ол өзінің адамдар арасындағы қатынас құралы ретіндегі қызметін өз дәрежесінде атқара береді. Әсіресе, егемендік алған көптеген халықтардың әдеби тілдерінің бүгінгі кемелденген кезінде тілдің атқаратын қызметі орасан зор, себебі тіл неғұрлым кемелденген болса, тіл мәдениеті, сол тілді дүниеге келтірген халық менталитеті де соғұрлым жоғары болмақшы.

Тілдің осы паремиологиялық қорында ұлттың мұң - мұқтажы мен тұрмыстық жағдайлары көрініс табады. Себебі, мақал - мәтелдер халықтың рухани өмірімен, өткен тарихымен тығыз байланысты және мақал - мәтелсіз тілдегі ұлттық нақышты, дүниенің тілдік бейнесінің ұлттық ерекшелігін толық сипаттау мүмкін емес.

Бүгінгі күнде халықтың алтын тұғыры, рухани - мәдени қазынасы ретіндегі тілді зерттеудің жалаң түрдегі лингвистика ғылымының зерттеу ауқымы кеңейіп, өркені өсіп отыр. Оған себеп, тілдің өз бойында бүкіл тарихты, төл мәдениетті, ұлттық таным мен талғамды, мінез бен көзқарасты, сана мен салтты, дәстүр мен даналықты, сенім мен нанымды сақтап, берік тұтуында. Басқаша айтқанда, әр тіл - өз ұлтының бойтұмары іспетті тұнып тұрған қасиетін белгілейтін таңбалық жүйе. Осымен байланысты тілдік жүйенің құрылымдық бірліктері тек дәстүрлі лингвистиканың ғана емес, этнолингвистика, социолингвистика, лингвомәдениеттану, психолингвистика, когнитивтік лингвистика т. б. ғылым салаларының зерттеу нысанасына айналып отыр. Мұның өзі тіл табиғатына терең бойлап, жан - жақты қарастыру нәтижесінде тілдік жүйе құрылымының сипатын айқын тануға жол ашты. Тілдегі мақал - мәтелдер - мәдениетті тану кілті, рухани және материалдық мәдениеттің қалыптасуына қатысатын үлкен күш, мәдени ескерткіші, ұлт өмірінің айнасы. Ол мәдениеттің жалпы сипатын анықтайды, негізгі ақпаратты жинайды, сақтайды және жеткізеді.

Қазақтың белгілі паремиолог - ғалымы Ә. Қайдар мақал - мәтел туралы былай дейді: «Қазақ мақал - мәтелдерінің халықтың өткен өмірі мен бүгінгі болмысын танып білуде дүниетанымдық, логикалық, этнолингвистикалық жағынан мәні өте зор. Себебі, дүниеде, қоғамда, табиғатта қалыптасқан құбылыстардың бәріне мақал - мәтелдердің қатысы бар. Дүние болмысының өзінде о бастан - ақ қалыптасқан табиға реттілік бар. Ол реттілік барша заттар мен құбылыстарды үлкен үш салаға топтастырып, ішкі жүйесі мен мағынасына қарай шоғырландырып қарағанда ғана көрінеді» [1, 16 б] .

Мақал - мәтелдердің табиғатына тән ерекшеліктердің қатарына, ең алдымен, олардың жанр түрінде іштей жіктелуін, өмір - тіршілігіміздің сан - саласын қамтитын көп тақырыптылығын жатқызуға болады. Сондай - ақ, мақал - мәтелдер өзінің өте көнелігімен де, ғасырлар асып, бізге жеткен өзіндік дәстүрімен де ерекшеленетін, ой мен тілдің өзара түйісуі негізінде дүниеге келіп, жанр ретінде қалыптасқан құбылыс ретінде де назар аударады. Осы ерекшеліктеріне байланысты мақал - мәтелдер ауыз әдебиетінің әрі көркем сөз өрнегі, үлгісі, көркем мәтіннің тілі ретінде лингвистиканың зерттеу обьектісі бола алады. Сонымен қатар, мақал - мәтелдер этнолингвистиканың да ең бір құнарлы обьектісі болып саналады. Өйткені, мақал - мәтел табиғаты халқымыздың барша болмысымен қат - қабат астарласып жатыр, мақал - мәтел жасаудың принциптері мен мотивтік негіздері ұлттық менталитетке, ежелден қалыптасқан салт - дәстүрге, дүниетанымға, болмыстағы заттар мен құбылыстарды абстракция, салыстыру, ұқсату, теңеу, қарама - қарсы қою т. б. тәсілдер арқылы танып - білуге ыңғайлы обьект болып саналады.

Қазіргі кезеңде «Тіл мен мәдениет» мәселесіне қатысты тіл біліміндегі көптеген зерттеу жұмыстары тілдегі ұлттық сипатты, ұлттық танымды, ұлттық рухты тануға, танытуға негізделген. Дегенмен, мәдениеттің дерегі ретінде тілдегі мақал - мәтелдер әлі де жеткіліксіз қарастырылуда. Мақал - мәтелдер шығармашылықтың нәтижесінде ғана дүниеге келіп, ұлттық болмыстың барлық саласына қатысты ұлттық дүниетанымның тілдегі бір көрінісі болып келеді. Осылардың бәрін мақал - мәтел фактілеріне талдау жасай отыра белгілі бір жүйемен қарастыру тақырыптың тың және өзекті екендігін көрсетеді. Зерттеу жұмысының өзектілігін арттыра түсетін тағы бір фактор - қазақ мақалдарының жасалуындағы бейнелілік пен тілдік ерекшеліктерінің зерттелуі, мақал - мәтелдердің көркем мәтіндегі орны туралы пайымдап, мақал - мәтелдегі этномәдени белгілердің символдық мәнін ашуға талпыныс жасалғандығы.

Дипломдық жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Қазіргі қазақ тіліндегі мақал - мәтелдерді топтастыру принциптерін анықтау арқылы олардың тіл жүйесіндегі алатын орнын белгілеу, мақал - мәтелдердің қоғамда қалыптасуына негіз болған о бастағы факторлар мен әр алуан уәждерді анықтау, сонымен бірге мақал - мәтелдердің тілдік табиғатын зерттеу негізінде сан, сапа жағынан ғана емес, мазмұн - мағынасына байланысты әр түрлі деңгей дәрежесін анықтау.

Бұл мақсаттарды орындау үшін жұмыста мынадай нақты міндеттерді шешу көзделеді:

- қазақ паремиологиясының дербес пән ретінде қалыптасуындағы антропоцентристік бағыттағы зерттеулердің маңызын көрсету;

- дүниенің паремиологиялық бейнесінің қазақ этносының мәдени бейнесімен сабақтастығын зерделеу;

- заттық - тақырыптық топтастыруды этнолингвистикалық («Адам» - «Қоғам» - «Табиғат») принциптерімен тоғыстыра қарастыру;

- паремиология практикасында мақал - мәтелдерді заттық - тақырыптық белгілер бойынша топтастыру;

- мақал - мәтел құрамындағы киелі сандар мен дәстүрлі сандардың этномәдени жүйенің сандық коды қызметінде жұмсалуын зерделеу ;

- мақал - мәтелдердің ұлттық мәдениет пен этникалық танымды, ділдік тұғырды бейнелеудегі рөлін анықтау.

Дипломдық жұмыстың нысаны. Қазақ мақал - мәтелдерінің бейнелілігін айқындап, мақал - мәтелдердің көркем мәтіндегі қолданысын, олардың автор бейнесі мен кейіпкер тіліндегі тілдік - стильдік, ұлттық танымдық қызметін көрсетіп, олардың құрамындағы этномәдени атауларды анықтау болып табылады.

Дипломдық жұмыстың ғылымилығы. Зерттеудің нысаны бойынша мынадай мәселелер ғылыми шешімін тапты:

- қазақ тіл білімінде жасалған мақал - мәтелдер алғаш рет паремиологиялық зерттеудің арнайы нысанына айналып, олардың мазмұндық құрылымының астарына жинақталған ұлттық - мәдени ақпарат сандық кодқа түсірілген, тілдік тұрғыдан алғаш рет зерделенді;

- тілдің паремиологиялық қоры - «тіл және мәдениет» тұтастығына негізделетін этномәдени ақпараттық жүйенің құрамдас бөлігі екені анықталды;

- мақал - мәтелдер этнолингвистикалық жағынан сараланды;

- мақал - мәтелдер тілдік - прагматикалық тұрғыдан зерттеуге түсіп, жан-жақты талданды.

Дипломдық жұмыстың әдіс-тәсілдері. Зерттеу барысында нақты міндеттерге байланысты салыстыру, жүйелеу әдістері, сондай - ақ тіл дамуының танымдық және ұлттық - мәдени үдерісін айқындайтын сөз мағынасына компоненттік, мәтіндік талдау тәсілдері қолданылды.

Диплом жұмысының құрылымы . Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

  1. МАҚАЛ - МӘТЕЛ ТАБИҒАТЫН ТАНЫП, ЗЕРТТЕУ

1. 1 Мақал - мәтелдер - халық даналығының қазына байлығы

Әрбір халыктың рухани-мәдени өмірінде макал-мәтелдердің атқаратын кызметі аса зор. Олар адамдар арасындағы қарым-қатынас (коммуникативті) қызметімен қатар өткен өмір мен бүгінгі заманды және болашақты, ұрпак пен ұрпактың арасын жалғастырып тұратын "Алтын көпір" іспеттігімен ерекшеленеді. Сондықтан да этнос өмір-тіршілігінің барлық түйіндері (салт-дәстүр, әдет-ғүрып, дүниетаным, тіршілік көздері мен тәсілдері, қарым-қатынас т. б. ) келіп тоғысатын мақал-мәтелдердің күрделі табиғатын танып білу тек әдебиетші, тілшілердің ғана еншісі емес, оған философтардың да, халық педагогикасының да, этнографтардың да, психологтардың да т. б. ғылым салаларының тікелей қатысы бар. Бұл ғылымдардың басын косып жүрген паремиология саласы олардың мақсат-мүддесін толық қамтып, үдесінен шыға алмайжүргені де белгілі.

Ә. Қайдардың «Халық даналығы» атты еңбегінде қазақ мақал - мәтелдеріне деген паремиялық көзқарастар, оларды қолданудағы гомоцентристік принцип, халық даналығына қатысты атаулар, мақалдар мен мәтелдердің ұқсастығы мен айырмашылығы қарастырылған.

Қазақ мақал - мәтелдерінің табиғатын сөз етуден бұрын жалпы мақал - мәтелдерге қатысты зерттеулерді қысқаша шолып өту артық емес. Бұл құбылысты арнайы зерттеуге байланысты ғылымда қалыптасқан пәнді паремиология деп атайды. Басқа сала мамандарының (философия, педагогика, этнография т. б. ) бұл саламен шұғылдануы әлдеқайда сирек және олар мақал - мәтелдердің мағына - мазмұнына байланысты. Сондықтан да паремиологиялық зерттеулердің ішінде филологиялық зерттеулер мен ізденістер басым.

Тіл топтарына байланысты теориялық еңбектердің ішінде біздің нысанға тікелей қатысы бар зерттеулерден біз Г. Л. Пермяковтың бірнеше еңбегін атаған болар едік. Олар: 1) От поговорки до сказки. М., 1970; 2) К вопросу о структуре паремиологического фонда // Типологические исследования по фольклору. М., 1975; 3) О смысловой структуре и соответствии классификации пословичных изречений // Паремиологический сборник. М., 1978;

Автор өзінің бұл еңбектерінде жалпы шығыс халықтарының (соның ішінде қазақ, қырғыз, өзбек т. б. түркі халықтарының) мақал - мәтелдерінің тілдік табиғатын, мағына - мәнін, логика - семантикалық, заттық - тақырыптық топтарға жіктелу заңдылықтарын, т. б. ерекшеліктерін салыстыра - салғастыра қарап, жалпы паремиология теориясына қомақты үлес қосқан деп айта аламыз.

Алдымен қазақ мақал - мәтелдерінің топтастырылып, жинақ ретінде жарияланғандарын атап өтейік. Мәселен, паремиологиялық деректерге қарағанда қазақ мақал - мәтелдерін халық арасынан толық болмаса да жинап, әр түрлі басылымдарда жариялау XIX ғасырда көріне бастады. 1879 жылы алғаш қазақ мақал - мәтелдерін жариялаған және 1906 жылы толықтырып, ең таңдаулыларын қайта жариялаған қазақ ағартушысы Ы. Алтынсарин болатын. Одан соң, 1899 жылы өзіне дейінгі жарияланған 1500 ММ-ді жинақтап, «Сборник киргизских пословиц» (Оренбург) деген атпенен қазақ тілін алғаш зерттеуші түркологтардың бірі В. В. Катаринский жариялайды.

Осы дәстүр жалғасып, қазақ мақал - мәтелдері 1923 жылы Мәскеу қаласында «Мың бір мақал» деген атпен, 1927 жылы Ташкентте «Қазақ мақалдары» деген атпен, Алматыда 1935 жылы «Қазақ мақалы мен мәтелдері» деген атпен жариялана бастайды.

Мақал - мәтелдердің толықтырылып шығарылған жинақтардың күні бүгінге дейін 10 шақты басылымы жарық көрді. Өткен ғасырдың 50-жылынан кейінгі басылыдары, мысалы, Б. Акмұқанова, Б. Адамбаев, М. Әлімбаев, Б. Әбділдина, Ж. Дәуренбеков т. б. құрастырушылар, авторлар тарапынан толықтырылып, жаңаланып, толассыз жарияланып келеді. Ең соңғы, 2003 жылы жарияланған «Қазақтың мақал - мәтелдері» (Алматы, 2003, 312 б. жалпы саны - 4440 ММ) А. Т. Смайлова тарапынан құрастырылып, жарияланып отыр.

Ал, мақал - мәтелдердің табиғатын арнайы сөз етіп, олардың өзіндік ерекшеліктерін айқындауға атсалысқан әдебиетші ғалымдардың қатарында М. Әуезов, С. Мұқанов, Б. Адамбаев, Ғ. Мүсірепов, Н. Төреқұлов, Т. Кәкішев, С. Нұрышев, З. Қабдолов, М. Базарбаев, С. Қасқабасов атауға болады.

Мақал - мәтелдердің табиғатын танып - білуге атсалушылардың екінші бір тобына тіл мамандарын жатқызуға болады. Бұлардың зерттеу объектісіне мақал - мәтелдердің тұрақты тіркес ретінде атқаратын кумулятивтік қызметі, құрамдық - құрылымдық, мағыналық даму заңдылығы, мағыналық даму заңдылығы, қолданыс ерекшеліктері жатады.

Осы орайда қазақ мақал - мәтелдерін зерттеген тілші ғалымдардың есімдерін айта кету артық емес. Мысалы, Р. Сәрсенбаев, Ә. Қайдар, Ө. Айтбаев, М. Мұқанов, С. Сәтенова, А. Нұрмаханов, Дина Б. т. б.

Академик М. Әуезов қазақ мақал - мәтелдерін былайша сипаттайды:

«Мақал - мәтел дегеніміз - халықтың нақыл сөздері, белгілі бір ойды ықшам түрде, ұтымды, өткір етіп айтып беретін сөз.

Мақал толық тұлғалы болады, ойы тұтас келеді, әдетте, ол бір немесе бірнеше толық сөйлемнен құрылады. Ал, мәтел, мақал сияқты, толық түрінде құрылмай, сөз тіркесі, қалыптасқан нақышты, орамды сөйлемше түрінде жасалады» [2, 200 б] .

30- жылдардан бастап қазақ мақал - мәтелдерін жинақтап, жүйелеп, жариялап келген әдебиетші ғалым Өтебай Тұрманжановтың ол жөніндегі тұжырымы былайша:

« Мақал мен мәтелдер - ауыз әдебиетінің ең байырғы, ең көне түрі; ол ғасырлар бойы халықтың ұқыптап сақтап келген еңбек тәжірибесінің жиыны, ой - пікірінің түйіні, аңсаған асыл арманының арнасы, өмір - тіршілігінің айнасы, көнеден жаңаға, атадан балаға қалдырып келе жатқан, тозбайтын, тот баспайтын өмірлік өшпес мұрасы» - деп анықтайды [3, 37 б] .

Қазақ мақал - мәтелдерін зерттеуші ғалым М. Ғабдуллин бұл құбылысты екінші бір қырынан қарастырып, былайша сипаттайды: «Ең алдымен, әлеуметтік жағынан алғанда, мақал - үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой қорытындысы болып келеді. Ол адам өмірінде, тұрмыс - тіршілігінде, қоғамдық жағдайларда кездесетін әр түрлі құбылыстарға, тарихи мәні бар оқиғаларға берілген даналық баға, байсалды тұжырым есебінде қолданылады» [3, 121 б] .

Қазақ мақал - мәтелдерінің тарихи даму жолын зерттеген ғалым С. Н. Нұрышевтың анықтамасы бойынша: «Мақал - ауыз әдебиетінің қазақ халқының өмірін барлық жағынан кең түрде қамтып алған жанрларының бірі».

Автор қазақ мақал - мәтелдерінің тарихын «Қазақстанның Россияға қосылғанға дейінгі және қосылғаннан кейінгі тарихы» деп, үлкен екі кезеңге бөліп қарау арқылы, яғни орыс мәдениетінің оған тигізген «игілікті» әсерін сөз ету арқылы баяндауға тырысады.

С. Н. Нұрышевтың тағы бір пікірі мақал - мәтелдердің ертедегі қазақ қауымында моральдық заң ретінде атқарған қызметіне байланысты:

«Мақалдар халықтың қуанышы мен күйінішін, даналығы мен өмірден алған тәжірибесін жарыққа шығарудың бұқара арасында неғұрлым көп қолданылатын формаларының бірі болып қана қойған жоқ, оның үстіне моральдық заңдар жинағы сияқты болып кетті, мақал көбінше елеулі талас - тартыстардың, дау - жанжалдардың тағдырын шешетін өте маңызды дәлел ретінде қолданылатын болды» - дейді автор [4, 102 б] .

Мақал - мәтелдер - шешендік өнерінің ең бір өзекті де түйінді мәселесі. Осыған байланысты көп жылдар бойы шешендік сөздер проблемасымен шұғылданған және бұл салада өндірте еңбек еткен ғалым Балтабай Адамбаев та мақал - мәтелдерге төмендегіше анықтама береді:

«Мақал - мәтел - мазмұны бай, көлемі шағын, тілі көркем халық шығармасы, белгілі бір халықтың қоғам тіршілігінен, табиғат құбылысынан жасаған қысқаша қорытындысы, әлеуметтік және адамдар арасындағы қарым - қатынастарды белгілейтін заңы, кодексі, жас ұрпақты тәрбиелейтін өсиеті, насихаты, оқулығы».

Қазақ халық даналығының ұйытқысы - мақал - мәтелдерді көп жылдар бойы жинақтап, зерттеп, жүйелеп, өңдеп, жариялап келе жатқан, сондай - ақ мақал - мәтелдер қорын өз туындыларымен де, аудармаларымен де толықтырып, бұл салады ерекше еңбегімен танымал болған әйгілі ақын М. Әлімбаевтың да бұл құбылысқа деген өзіндік көзқарасы мен пікірі бар. Ол:

«Мақал дегеніміз өмір құбылыстарын жинақтайтын және типтендіретін, бір немесе екі бөлімнен құралып, алдыңғысында шарт немесе жалпы байымдау, соңғысында қорытынды, түйінді пікір айтатын бітімі бекем, өте ықшам, бейнелі әрі ырғақты халық нақылы. Мысалдар: «Тұз астың дәмін келтірсе, мақал сөздің сәнін келтіреді», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» т. б., ал «мәтел дегеніміз - халық арасында көп тараған, қорытындысы болмайтын, тұжырымы тиянақталмаған, қарама - қарсы шендестіруі жоқ, ықшам да кестелі халық сөзі: «Апама жездем сай» т. б. - деп көрсетеді [5, 16 б] .

Мақал - мәтелдер халық даналығы ретінде ауыз әдебиетінің бай қазынасына айналып, оның шағын жанрларының қатарынан орын алады. Мақал - мәтелдер өзінің бейнелі табиғатымен көркемсөз өнерінің көрікті де құнарлы үлгілеріне жатады.

Мақал - мәтелдердің табиғаты барлық тілдерде бір - біріне ұқсас. Сондықтан да олардың алғаш пайда болуына байланысты айтылып жүрген пікірлермен санасу да қажет. Мәселен, көптеген зерттеушілер мақал - мәтелдер алдымен міндетті түрде жеке - дара адамдардың, көбіне - көп ділмәр - шешен, айтқыш - ақылмандардың дуалы аузынан шығып, халық арасына сіңіп, ел жадында сақталу арқылы қалыптасады деп топшыласа, кейбір зерттеушілер мұны керісінше қарастырады.

Қазақтың кең - байтақ даласында ғасырлар бойы мал шаруащылығымен шұғылданып келген қауым жазу мәдениеті еркін дамымаған кездерде (бірақ бұдан «қазақтар мүлдем сауатсыз, надан болды» деген ұғым тумаса керек) даналық сөздердің баршасын ауызша айтып, құлақтан - құлаққа жеткізіп, жадында сақтауға тырысқан. Бұл объективті жағдаят қағаздан оқып айтудан гөрі, дана, ақылмандардың, ділмәр - шешендердің, ақын - жыраулардың дуалы аузынан шыққан ақылды да асыл сөздерді жаттап алып, жадында сақтау үрдісін дамыта түседі. «Қазақ қауымында бір ауыз өлең шығара алмайтын қазақ жоқ» деген сөздің астарында көп мән жатқан сияқты. Ол: «өмір бойы қой бақса да, қоймен бірге ой баққан» қазақтардың ақынжанды халық екендігін, қазақ даласы өз Демосфен, Цицерондарымен әлемге әйгілі болып келгендігін білдіреді. Мыңдаған дана билердің, ділмәр - шешен, ақылман - айтқыштардың даналық мұрасының қыр - сыры енді ғана айқындала бастады (Нысанбек Төреқұл. Даланың дара ділмәрлары. Алматы, «Қазақстан», 2001, 588 б. ; Үш пайғамбар. Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке би. Алматы, «Дәуір», 1992, 184 б. ; Нысанбек Төреқұлұлы. Қазақтың жүз шешені. «Алтын Адам» 1992, 252 б. т. б. ) .

Демек есіткенді есте сақтап өскен зейінді де зерек ұрпақтың ғасырлар бойы арқалап, көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан даналығының қайнар көзі - мыңдаған мақал - мәтелдер қағазға түсіп хатталмай - ақ, оның көңілінде жатталып, жадында сақталған бай рухани мұраға айналып отыр. Мүмкін, қағазға түсіп хатталса, олар мұндай қордаланған мол қор болып, жиналмаған да болар ма еді? Өйткені, жадына сенген қазақ халқының даналық қорындағы бай қазына, солардың өзекті өрнегі - 15 мыңнан астам мақал - мәтел түркі халықтарының бәрінде бар деп айту қиын.

Мақал - мәтелдерді дана бабаларымыздан қалған аталар сөзі десе де болады. Демек, бұл - ұлт даналығын араға талай ғасырлар салып, бүгінгі ұрпаққа нақыш - бояуын солғындатпай, мән - мағынасын бәсеңдетпей, көркемдігі мен бейнелілігін жоғалтпай, тұтас жеткізіп отырған Ана тіліміздің құдіретті күші. Бұл - даналықтың бір бұлағы тіл деген сөз.

Халық даналығының қайнар көзі - тіліміздегі мыңдаған мақал - мәтелдер десек, одан даналықтың басқа да қыр - сырын білдіретін басқа сөз жоқ деген түсінік тумаса керек. Даналықты білдіретін ұғым - түсініктер мен олардың атаулары тілімізде өте көп: «мақал», «мәтел», «аталы сөз», «нақыл сөз», «қанатты сөз», «ұлағатты сөз», «жақсы сөз», «шешен сөз», «өсиет сөз», «орынды сөз» т. б. Осының барлығы даналық пен парасаттылықтан туындаған терең ой, логикалық тұжырым, философиялық толғаныс, дүниетаным, өмір тәжірибесі, тағылым - тәлімнің баяндалған, көркем сөзбен көмкерілген, тұрақты, қалыптасқан тіркес, шағын мәтін, қысқа да нұсқа ой үзіктері.

Халық даналығына қатысты ұғым мен атаудың санатына ең алдымен «мақал» мен «мәтел» жатады. Дегенмен, бұл сөздердің төркіні не? Неге бұл термин туыстас түркі тілдерінде бірдей емес? Мәселен, ұйғыр тілінде - «мақал вә тәмсил» , татар тілінде - « мәкаль һәм әйтем », түрікмен тілінде - «нақылдар ве аталар сөзү», « зәрб - мәсәл », ноғай тілінде - « такпак эм айтув » т. т.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ тілінің маңызы
Сәбит Мұқанов Сұлушаш романы тілінің лексика-фразеологиялық ерекшеліктері
Зейнолла Қабдолов Ұшқын романынын лексика-фразеологиялық ерекшеліктері
Шығармада кездесетін синоним сөздер
Тахауи Ахтановтың Қаһарлы күндер романының тілі
Орыс тілінен енген сөздер
Қазақ және ағылшын мақал-мәтелдерінің тілде қалыптасуы және қолданылуы
Жазушы Ақан Нұрманов Құланның ажалы романы тілінің лексика-фразеологиялық ерекшелігі
Парсы тілінен енген сөздер
Жазушы Әбіш Кекілбаев Үркер романының лексика-фразеологиялық ерекшеліктері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz