Балдың тауарлық сипаттамасы


Пән: Ауыл шаруашылығы
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 32 бет
Таңдаулыға:   

Жоспары:

НОРМАТИВТІК СІЛТЕМЕЛЕР . . . 3

АНЫҚТАМАЛАР . . . 4

БЕЛГІЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР . . . 5

І. КІРІСПЕ . . . 6

ІІ. Ғылыми әдебиеттерге шолу . . . 8

2. 1. Балдың тауарлық сипаттамасы, жіктелуі және ассортименті . . . 8

2. 2. Балдың тағамдық құндылығы және химиялық құрамы . . . 14

ІІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ . . .

3. 1. Балдан сынама алу . . . 19

3. 2. Балды сезімдік зерттеу . . . 19

3. 3. Балды зертханалық зерттеулер . . . 21

IV. ӨЗІНДІК ЗЕРТТЕУЛЕР . . .

4. 1. «Ажар» СО сипаттама . . . 26

4. 2. Зерттеу нәтижелері . . . 26

V. ҚОРЫТЫНДЫ . . . 29

VI. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 30

ТІРКЕМЕЛЕР . . .

НОРМАТИВТІК СІЛТЕМЕЛЕР

Бұл курстық жұмыста келесi стандарттарға сiлтеме жасалынды

МемСТ 25629 - 83 - Ара шаруашылығы. Терминдер мен анықтамалар

М е м С Т 207288-75 - Аралар үйірлері (пчелиные семьи)

МемСТ 20728 - 75 - Ара үйірлеріне қойылатын талаптар

М е м С Т 23127-78 - Аналық ара. Техникалық шарттары

МемСТ 23127 -78 - Аналық аралардың тұқымдарына байланысты

салмағы

М е м С Т 20740-75 - Ара үйшіктері. Техникалық шарттары

МемСТ 20728 - 75 - Кәрездік қапшықтағы ұрпаққа қойылатын талаптар

МемСТ 20728 - 75 - Кәрезсіз қапшықтағы ұрпаққа қойылатын талаптар

МемСТ 19792 - 87 - Табиғи бал

МемСТ 21179 - 90 - Ара балауызы. Техникалық шарттары

МемСТ 28886 - 90 - Ара желімі (прополис)

МемСТ 28887 - 90 - Тозаң (пыльца)

МемСТ 2 - 90 - Ара сүті

МемСТ 19792-2001 - Табиғи бал. Техникалық шарт

МемСТ 52451-2005 - Монофлерлі балдар. Техникалық шарт

МемСТ 53120-2008 - Бал. Электрөткізгіштігін анықтау әдісі

АНЫҚТАМАЛАР

Бұл курстық жұмыста анықтамаларына сәйкес келесi атаулар қолданылды:

Ара шаруашылығы - ауыл шаруашылығы өндірісінің саласы, оның жұмыс істеуі негізгі энтомофильді өсімдіктерді тозаңдандыру мен олардың өнімділігін арттыру, бал ара шаруашылығы өнімдерін алу үшін бал араны өсіру, ұстау және пайдалану болып табылады.

Ара шаруашылығы өнімдері - араның жинаушылық және физиологиялық қасиеттері арқасында алынған өнімдер (бал, балауыз, бал ара тозаңы, балтозаң, желімтік, бал ара сүті, бал ара уы, еркек бал ара гомогенаты), сондай - ақ бал араның өзі.

Бал - гүл шырындарынан, өсімдіктердің тірі бөліктерінің немесе ондағы тоғышарлық ететін жәндіктердің бөлінділерінен аралар өндірген өнім.

Ара балауызы - аралар ұя салу және ұя ұяшықтарының бетін жабу үшін өндірген өнім.

Гүл тозаңы - құрамында көптеген құнды тағамдық және емдік заттар бар күрделі кешен, ол өсімдіктердің аталық мүшесі.

Бал ара тозаңы (перга) - өсімдіктерден жиналып ұя ұяшықтарына салынған және үстіне бал құйылған гүл аталығы тозаңынан аралардың сілекейлі қарнында өңделіп өндірілген өнім.

Омарта - бал арасымен қоса белгілі бір жерде орналастырылған бал ара ұялары және бал ара шаруашылығымен айналысуға қажетті мүлік.

Гүл балы - бал беретін аралар өсімдіктер гүлдерінің шырынынан алған бал.

Шіре бал - бал беретін аралар шіреден (өсімдіктердің шырынымен қоректенетін жәндіктерден бөлінетін тәтті сұйықтықтан) және тәтті шықтан (өсімдіктің жапырақтары мен сабағында тұратын тәтті шырын) алатын бал.

Айырып алынған бал - құрты жоқ беті жабылмаған ұяны цетрифугадан өткізу арқылы алынған бал.

Престелген бал - құрты жоқ ұяны престеу арқылы алынған бал.

Сүзгіден өткен бал - құрты жоқ ұяны сүзгіден өткізу арқылы алынған бал.

Ұя балы - аралар жаңа ұялардың ұяшықтарында құртсыз сақтаған және беті жабылған бүтін ұямен немесе осындай ұялардың жеке секцияларымен сатылатын бал.

Ұялары бар бал - ұядағы балдың бір немесе бірнеше бөлшектерін қамтитын бал.

БЕЛГІЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР

ВСС - ветеринариялық санитариялық сараптау.

см - сантиметр.

мл - миллилитр.

мг - миллиграмм.

мин - минут.

кг - килограмм.

г/кг - грамм/килограмм.

г - грамм.

МемСТ - Мемлекеттік стандарт.

ГОСТ - Государственный стандарт.

ккал - килокалория.

ҚР - Қазақстан Республикасы.

л- литр.

тг - теңге.

т. б. - тағы басқалар.

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі мен практикалық маңыздылығы. Ветеринариялық санитариялық сараптау малдан алынатын тағамдық өнімдерді және шикізаттарды, сонымен қатар өсімдік, балық, ара шаруашылығы өнімдерін ветеринариялық санитариялық зерттеудің әдістерін және оларды ветсанбағалауды оқытатын ғылым.

Бал - дегеніміз гүлді өсімдіктер мен ағаштардың әртүрлі бөліктерінде болатын шырыннан немесе шіреден және араның сілекей бездерінен бөлінетін заттардан тұратын бал арасы өндіретін тәтті хош иісті қоймалжың сұйық немесе кристалданған масса. Осы анықтамаға байланысты бал аралары басқа жолмен, мысалы араларды тамақтандыратын қанттан, жинаған өнімдерді таза бал деп санауға болмайды. Бал тағамдық құндылығы жоғары және емдік қасиеті бар өте күрделі өнім. Ара балының әрбір тамшысында 70 - тен астам, организмге қажетті заттар бар екені дәлелденген. Ара балы түгелдей дерлік глюкоза мен фруктозадан тұрады.

Бал арасынан фармацевтика, электротехника, авиация өнеркәсіптерінде пайдаланылатын органикалық зат - балауыз алынады. Аралардан прополис (ара желімі), ара уы, гүл тозаңы, биологиялық белсенді заттары бар және емдік әсері өте күшті аналық сүт дайындалады. Бал арасының тіршілігін бақылау адамды, табиғатты жақсырақ білуге, байқағыштыққа, еңбексүйгіштікке баулиды.

Ара шаруашылығы өнімдері - бал, прополис, гүл тозаңы, аналық сүт тағам және дәрілік өнімдер ішінде ерекше орын алады. Олар тек тағамдық өнімдер ретінде ғана емес, сонымен қатар халықтық және ресми медицинада дәрілік зат ретінде де пайдаланылады. Әлбетте дәрілік мақсатта пайдаланылатын өнімдердің сапасы мен экологиялық қауіпсіздігі өте жоғары талаптарға сай болуы керек.

Ара шаруашылығы өнімдерінің сапасы көбінесе қоршаған ортаның жағдайына байланысты болады. Өкінішке орай, ара өсірушілер әдетте бұл мәселенің маңыздылығына көңіл аудармайды. Ара ұялары жиі елді мекендерде, өндіріс мекемелерінің және автомобиль жолдарының маңында орналастырылады. Бұл ара шаруашылығы өнімдерінің экологиялық параметрлеріне теріс әсер етеді. Осыған байланысты республиканың көптеген аймақтарында алынатын ара шаруашылығы өнімдері заман талаптарына сай келмейді және іс жүзінде басқа елдерге шығарылмайды. Керісінше, ара шаруашылығы өнімдері республикаға импортталады, ал олар көбінесе жоғары сапалығымен ерекшеленбейді.

Осыған байланысты ауыл шаруашылығының аса маңызды саласы ара шаруашылығының экологиялық таза өнімдерін өндіруге аса зор көңіл бөлінуі қажет. Экологиялық қауіпсіз ара шарушылығы өнімдерін өндіру, бұл келешекке қадам басу болып табылады.

Табиғи бал тек құнды тағамдық өнім ғана емес, сонымен қатар айқын дәрілік - диетикалық және профилактикалық қасиеттерімен де ерекшеленеді. Балды тиімді дәрілік зат ретінде пайдалану, оның көптеген қасиеттеріне, соның ішінде антибактериальдық, бактериоцидтік, қабынуға және аллергияға қарсы әсеріне негізделген. Балдың дәрілік тиімділігіне оның ішіндегі қанттар құрамы, минералды заттар, микроэлементтер, дәрумендер, ферменттер және биологиялық белсенді заттар себепші болады. Балды жара мен күйікті, жүрек қан тамырлары, бүйрек, бауыр, өт және ішек - қарын жолдары аурулары және көптеген басқа да жағдайлар кезінде пайдаланады.

Дегенмен, жоғары сапалы табиғи ара балын алу көптеген материалды шығындармен байланысты. Табиғи балдың өте қымбат бағасы оны фальсификациялауға аса қызықтырады. Ал, бұл жағдай балдың санитариялық сапасын анықтау мен оның қауіпсіздігін бағалауды өте өзекті мәселе етеді. Сонымен қатар, ара шаруашылығы өнімдерінің бөгде химиялық және биологиялық заттармен ластануын анықтау да аса өзекті мәселе.

Базар зертханасында ара шаруашылығы өнімдерін санитариялық сараптаудың мақсаты, халыққа балауса, жоғары сапалы ара шаруашылығы өнімдерін сату болып табылады. Сондықтан базар жағдайында балдың ветеринариялық санитариялық көрсеткіштерін, сапасын анықтау ерекше өзекті мәселе болып есептеледі.

Жұмыстың мақсаты: Базарға сатуға түскен Жамбыл облысы өңірінен түскен ара балының сапасын анықтау. Осы мақсатқа жету барысында келесі тапсырмаларды алдымызға қойдық:

  • Сатуға Жамбыл облысы өңірінен түскен балдан сынама алу;
  • Алынған сынамалардың сезімдік көрсеткіштерін анықтау;
  • Алынған сынамаларды зертханалық тексеру;
  • Балдың санитариялық сапасын анықтау.

Сезімдік және зертханалық зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, зерттелген өнімдерге ветеринариялық санитариялық баға беру.

ІІ. Ғылыми әдебиеттерге шолу

2. 1. Балдың тауарлық сипаттамасы, жіктелуі және ассортименті

Бал алуға арналған шикізат.

Гүл шырыны. Шырын - гүлдердің шырындықтары (арнайы жасушалар тобы) бөлетін тәтті және хош иісті сөл. Шырынның құрамында 50-75% су, 20 -24% моносахаридтер, 13 - 24% қамыс қанты, минералды заттар, ақуыздар, эфир майлары, каротин, дәрумендер болады. Аралар шырын жинау кезінде көбінесе шырын құрамында қанты жоғары гүлдерге қонады.

Гүл тозаңы және бал ара тозаңы (перга) . Гүл тозаңы - құрамында көптеген құнды тағамдық және емдік заттар бар күрделі кешен, ол өсімдіктердің аталық мүшесі. Әртүрлі өсімдіктердің тозаң дәндерінің формалары әртүрлі болады

Тозаңның құрамында іс жүзінде өсімдік пен адам организіміне қажетті барлық органикалық заттар бар. Тозаң ішінен барлық амин қышқылдары, пептин, фруктоза, крахмал т. б., сонымен қатар оның құрамындағы органикалық қосындылардың ішінен микроэлементтер: барий, ванадий, волфрам, темір, алтын, иридий, кальций, кобальт т. б. табылған. Тозаң ішінде В, Р т. б. дәрумендер өте көп, оның құрамында 50 -ге тарта ферменттер, өсу гармондары, каротин, антибиотиктік заттар кездеседі.

Бал ара тозаңы (перга) - өсімдіктерден жиналып ұя ұяшықтарына салынған және үстіне бал құйылған гүл аталығы тозаңынан аралардыңсілекейлі қарнында өңделіп өндірілген өнім.

Гүл тозаңдары мен бал ара тозаңының химиялық құрамы бірдей емес, бірақ бір - біріне өте жақын. Сондықтан емдік мақсатта гүл тозаңын емес бал ара тозаңын пайдаланады. Бал ара тозаңының емдік қасиеттері жан - жақты және ол әртүрлі аурулар кезінде пайдаланылады. Мысалы: қан азаюында, ол ас қорытуды қалпына келтіреді, тәбетті және жұмыс істеу қабылетін жоғарылатады, артерияльді қан тамыры қысымын төмендетеді, гемоглобиннің, эритроциттердің және лейкоциттердің мөлшерін көбейтеді.

Гүл тозаңы және бал ара тозаңынсыз аралар ұрпағын тәрбиелеп өсіре және балауыз бен аналық сүтті де дайындай алмайды.

Қантталған (кристалданған) бал бөлме температурасы 35 о С болғанда немесе 50 о С- тағы су моншасында жайлап сұйық күйге айналады. - 36 о С температурада бал қатады, бұл кезде оның көлемі 10%-ға төмендейді, ал қыздырғн кезде ол ұлғаяды. Балды 25 о С-қа дейін қыздырғанда оның көлемі 5%-ға жоғарылайды.

Балдың түсі гүл шырынында кездесетін бояушы заттарға байланысты болады және ол әр алуан болуы мүмкін. Мысалы, түссіз, ашық- сарғыш, лимон тәріздес сарғыш, алтын түсті сарғыш, қою -сары, қоңыр - жасыл және тіпті қара түсті болуы да мүмкін.

Бал ұяң хош иісімен сипатталады, ол оның дәмдік сапасын жоғарылатады. Термиялық өңдеу деңгейіне, сақтау уақытына, шырын көздерінің түріне байланысты ара балының хош иісі өте көп түрлі болады. Балдың өзіне ғана тән балдық хош иісі болады, ол өте айқын болуы, немесе гүлдің өте күшті иісімен көлегейленуі мүмкін. Егер гүлдің хош иісі әрбір бал үшін әртүрлі болса, ал балдық хош иісі барлық балға ортақ болады, тіпті қанттан алынған балға да. Балдың әртүрлі сорты оның хош иісіне қарап ажыратылады, осының негізінде балдың сапасын жорамалдауға болады және оның қайдан жиналғанында.

Балдың хош иісті заттары уақыт өткен сайын азайып жоғалады. Дұрыс сақталмаған балда бұл құбылыс өте тез жүреді. Балды қыздырған кезде немесе оны тепературасы жоғары бөлмеде сақтаған кезде балдың хош иісі төмендейді немесе ол жағымсыз иіске алмасады.

Балдың жіктелуі және ассортименті. Балдың жіктелуі, бал жинауға басым пайдаланатын балшырынды өсімдіктердің құрамының ерекшеліктеріне, өндіру әдістеріне, сонымен қатар аралардың бал жинау үрдісіне қатысу деңгейіне негізделген.

Ара балы ботаникалық тегі (жинау көздері), алу әдістері, консистенциясы, түсі, мөлдірлігі және дәмі мен иісі бойынша жіктеледі.

Табиғи ара балы ботаникалық тегі бойынша гүл балы, шіре балы және аралас (гүл балы мен шіре балының табиғи қосындысы) болып бөлінеді.

Гүл балы.

Балдың бұл түрі аралардың гүл шырынын жинап өңдеуінің нәтижесінде алынады. Өсімдіктердің тек бір түрінен ғана жиналған балды бір шырынды (монофлорный) бал деп атайды. Мұндай бал өте сирек кездеседі. Олар өсімдіктердің түріне қарай - қарақұмық балы, жөке балы, мамыргүл балы, күнбағыс балы, мақта балы, жоңышқа балы, таңқурай балы, шайқурай балы, түйебұршақ балы, тағы көптеген басқалары болып бөлінеді. Жалпы гүлдейтін қаншама өсімдік бар болса, соншама балдың түрлері болады.

Қарақұмық (гречишный) балы- түсі алуан түрлі болуымен ерекшеленеді. Оның түсі қою - сарыдан қою - қоңырға дейін және қызғылт реңкілі болады. Жоғары сортқа жататын бұл балдың өзіне тән жағымды хош иісі бар. Кристалданға балдың түсі қою - сары немесе қоңыр түсті болады.

Жөке (липовый) балы- жақсы сортқа жатады. Оның түсі ашық - сары немесе ашық - янтарь тәріздес болады. Балда жөкенің нәзік жағымды хош иісі болады. Сұйық күйінде балқу сияқты мөлдір аздап сары - жасыл реңкілі болады. Жөке балы бөлме температурасында бір - екі айдың ішінде кристалданады.

Мамыргүл (акациевый) балы- ақ түсті жасыл реңкілі, нәзік хош иісі болады. Бөлме температурасында мамыргүл балы ұзақ уақыт кристаллданбайды (бір жылдан екі - үш жылға дейін), ал кристалданған кезде ұсақ түйіршікті масса түзеді, бұл кезде балдың түсі ақтан алтын тәріздес сарыға дейін болады. Мамыргүл балының дәмдік сапасы өте жақсы болады. Ұзақ уақыт сақтаған кезде балдың бетіндегі кристаллдар арасында қошқылдау сұйық пайда болады.

Күнбағыс (подсолнечниковый) балы- түсі ашық - алтын тәріздес және ол күн сәулесі түскен кезде күшейеді. Кристаллданған кезде ашық - янтарь тәріздес түске енеді, кейде жасыл реңкілі болуы мүмкін. Хош иісі, дәмі жағымды, күнбағыстың нәзік иісі сезіледі. Күнбағыс балы өте жылдам кристаллданады. Кристалданған балдың түсі ашық - янтарь тәріздес кейде аздап жасыл реңкілі болады.

Мақта (хлопчатниковый) балы- су сияқты мөлдір немесе ақ экстра тәріздес болады. Өзіне тән нәзік хош иісі, жағымды дәмі бар. Екі айдың ішінде ірі түйіршікті кристаллға айналады. Жаңадан жиналған балдың өсімдік сөліне тән иісі болады, бірақ ол балдың жетілу кезеңінде жоғалады. Пісіп жетілген балдың өзіне тән нәзік дәмі мен хош иісі болады.

Жоңышқа (клеверный) балы- бұл балдың екі түрі болады. Ақ жоңышқадан алынған бал сұйық кезінде мөлдір ақ түсті аздап жасыл реңкілі, нәзік хош иісті болады. Кристаллданған кезде ақ түсті май тәріздес массаға айналады. Иісінде жоңышқа гүлінің нәзік иісі бар, дәмдік сапасы жақсы. Бір - екі айдың ішінде кристаллданады. Қызыл жоңышқадан алынған бал қызыл - сары түсті, салыстырмалы баяу кристаллданады. Дәмі мен хош иісі алдыңғы бал тәріздес.

Таңқурай (малина) балы- ашық түсті жоғары сорттық балға жатады. Иісі мен дәмі өте нәзік таңқурай тәріздес болады. Сұйық күйінде су тәріздес мөлдір немесе ақ түсті, ал кристаллданған күйде ақ, кірем реңкілі. Кристаллданған кезде ұсақ және ірі түйіршікті массаға айналады.

Шайқурай (крипейный) балы- мөлдір жасыл - сары түсті сұйық бал, кристаллдану кезінде ақ түске енеді. Нәзік иісі мен дәмі болады. Сұйық күйінде бал су тәріздес мөлдір, өте тез кристаллданып май тәріздес немесе ұсақ түйіршікті массаға айналады.

Түйебұршақ (донниковый) балы- сұйық күйінде ақтан ашық - янтарьлы түске дейін, ал кристаллданған күйінде ақ түсті болады. Ірі немесе ұсақ туйіршікткр түзіп өте баяу кристаллданады. Дәмі тәтті, хош иісі ванильді еске салады.

Өсімдіктердің бірнеше түрінен жиналған балды көп шырынды бал (полифлорный) деп атайды. Оны табиғи бал беретін өңірлерге байланысты дала балы, орман балы, шабындық балы деп бөледі.

Дала балы- түсі алуан түрлі болады, ол ашық янтарь тәріздес түстен қоңыр түске дейін ауытқиды. Дала балы жоғары сортты балдың бірден - бірі болып есептеледі. Бал ара тозаңында цикорий дәні көп балдың түсі қоңырлау, дәмі тәтті келеді және оның микробтарға қарсы әсері күшті болады. Оның сапасы өте жоғары, күшті хош иісті және дәмдік көрсеткіштері жақсы болады, сондықтан бұл балға сұраныс та жоғары. Бұл балға дәл сипаттама беру өте қиын, өйткені далалық балшырынды өсімдіктердің түрі өте көп алуан түрлі болады.

Орман балы- бұл балдың түсі де әртүрлі, ашық - сарыдан қою - қоңырға дейін. Орман балы әр уақытта шабындық және дала балына қарағанда қаралтымдау келеді. Орманда өсетін әр түрлі өсімдіктерден жиналған ара балы дәмдік сапасы жағынан шабындық және далалық балдан төмен болмайды, бірақ оның құрамында шіре пайызы жоғары болған жағдайда ол өзінің дәмдік сапасын төмендетеді. Көктемдік балшырынды өсімдіктерден жиналған ормандық ара балы әр уақытта халық арасында жоғары сұраныста.

Шабындық балы- шабындық гүлдерінің шырындарынан жиналады, оның түсі ашық - сарыдан ашық - қоңырға дейін ауытқиды, иісі аса хош иісті, дәмі өте жағымды, сондықтан басқа балдардан ешқандай кем болмайды. Бұл балдың тағамдық және емдік құндылығы, сонымен қатар микробтарға қарсы әсері де жоғары болады.

Шіре балы.

Шіре дегеніміз емен, үйеңкі, май қарағай, самырсын, қызыл тал және көптеген басқа да өсімдіктердің сабақтары мен жапырақтарыннан және өсімдік биті мен шіркейлерінен бөлінетін тәтті сұйықтық, оның құрамында қант тәріздес, азотты, минералды және басқа да заттар болады. Шіре өсімдік және жануар тектес болып бөлінеді.

Жас балауса шіре мөлдір кішкентай тамшы, өзінің химиялық құрамы жағынан ол гүл шырынына жақын келеді. Бал жинау аймағында гүл шырыны жоқ кезде, жұмысшы аралар осы шірені шырын орнына жинайды, бұл көбінесе ауа райының ыстық және құрғақшылық кезінде болады. Ара үшін шіренің химиялық құрамының маңызы үлкен. Шіреде хош иісті және басқа да қосындылар жоқ кезде және құрамында қант мөлшері 4%-дан төмен болса, аралар шірені жинамайды. Аралар өсімдік биттері мен шіркейлерінің тек 71 түрінен ғана шіре жинайды.

Шіре балы гүл балына қарағанда қоюлау, ал тәттілігі жағынан одан көп айырмасы болмайды, бірақ кейде жағымсыз ащы дәмі мен өзіндік иісі болады. Шіре балының құрамында көп мөлшерде декстриндер, ақуыздар, минералды тұздар т. б. көп болады. Жапырақ бетіндегі шіре мөлдір келеді, ал одан тартылған балдың түсі күрең - жасылдау, кейде тіпті қара - қоңырдан қараға дейін болады. Бұл балдың антибактериальдық қасиеті гүл балына қарағанда төмендеу болады. Шіре балы баяу кристаллданады да ұсақ немесе ірі түйіршікті массаға айналады. Шіре балының сапасы төмендеу болып есептеледі де, ол екінші сортты балға жатқызылады. Адам үшін бұл балдың ешқандай зияны жоқ, бірақ құрамында минеральды заттары көп болғандықтан араларды азықтандыруға жарамсыз.

Аралас бал. Балдың бұл түрі гүл балы мен шіре балының табиғи қосындысы.

Алу әдістері бойынша ара балы төмендегідей бөлінеді:ұя балы, центрифугалық бал, пресстеп алынған бал, ұядан өзі ағып шыққан бал, ерітілген бал, сүзілген бал.

Ұя балы- ұядағы беті жабық бал. Ол кәрез ішінде, секция және жеке бөліктер күйінде болуы мүмкін. Балдың бұл түрі айдалған балдан анағұрлым пайдалы, өйткені ұя жасалған табиғи балауыздың өзінің емдік қасиеті өте жоғары. Бұл бал өте жоғары бағаланады, бірақ мұндай балды сату тиімді емес, өйткені құнды табиғи балауыз тиісінше пайдаланылмайды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бал құрамы, тағамдық құндылығы
Ара балын ветеринариялық-санитариялық сараптау және сапаларын санитариялық бағалау, балдың жалған-жасандылығын анықтау және алдын алу шаралары
Бал өнімдерінің сапасы және оның адам денсаулығына тигізетін пайдасы
Нан - біздің отанымыздың байлығы ,халықтың негізгі тамақтану өнімі
Қазақстанның әр түрлі аймақтарынан жиналған балдың тозаңдық құрамын зерттеу әдістері Тозаң микроскопиясы
Крахмалдың сапа көрсеткіші
«Өсімдік, балық және ара шаруашылығы өнімдерін ветеринариялық санитариялық сараптау»
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметінің тиімділігін арттырудың теориялық мәселелері
Ұн және оның сапалық көрсеткіштері
Ара шаруашылығы. Балды ветеринариялық санитариялық сараптау
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz