Тәрбиенің мақсаты, мазмұны


Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 42 бет
Таңдаулыға:   

Тәрбиенің теориялық және әдістемелік негіздері

Тәрбиенің мақсаты, мазмұны

Тәрбиенің мақсаты жайлы жалпы түсінік

Адамзат дамуының қай кезеңінде болмасын тәрбиенің тиімділігін жетілдіру ісі жүзеге асырылып келді. Бұл істі жүзеге асыру процесі әрбір қоғамдағы мемлекет қажеттігіне бағындырады. Өйткені мемлекет қажеттігінің орындалуы оның экономикалық күш-қуаты мен саясатына тәуелді екендігі белгілі. Олай болса тәрбие тиімділігінің ең басты шарты мемлекет мүмкіндігінен туындайтын қажеттікке сай тәрбиенің мақсатын нақты анықтау болып табылады.

Жалпы адамзаттық тұрғыдан қарағанда тәрбие мақсаты - әрбір тұлғаны әржақты және жарасымды етіп тәрбиелеу. Адам - жер бетіндегі тірі организмнің жоғарғы сатысы, қоғамдық-тарихи іс-әрекеті мен мәдениет субъектісі, басқаша айтқанда іс-әрекеті мен қарым-қатынас иесі.

Қоғам дамуының белгілі сатысында педагогикалық, философиялық ой-пікірлер пайда болып, қалыптаса бастады. Тәрбие беру мақсатын анықтау ең басты мәселеге айналды. Осыған орай, балаларға білім мен тәрбие берудің негізгі жолдары белгіленеді, тәрбиелік іс-әрекеттерінің мазмұны анықталады, білім беру мен тәрбиені ұйымдастырудың нақтылы мәселелері мен әдістері қарастырылады .

Егер тәрбие мақсатының қалай өзгеріп отырғанына көз жіберсек, тәрбие мақсатын белгілеудің қаншалықты маңызды екенін айқын байқауға болады. Тәрбие қоғамдық құбылыс, онсыз ешбір қоғамның өмірі ілгері дамуы мүмкін емес. Сондықтан да В. И. Ленин тәрбиені жалпы және мәңгілік категория деп дәлелдеген. Тәрбие қоғамның пайда болуымен бірге пайда болады, онсыз қоғам жоқ, ол өмір сүруін тоқтатады, ілгері дамымайды деді ол.

Педагогика ғылымы тәрбиенің мақсаты жеке адамды жан-жақты дамыту, әділетті қоғамды өз қолымен құратын және оны қорғай алатын етіп тәрбиелеу деп қарастырады. Тұлғаны жан-жақты жетілдіріп, дамыту деген ұғымды оқу мен жастардың практикалық еңбегінің тікелей байланысы, дененің және ақыл-ой дамуының біртұтастығы деп түсіну керек.

Адам баласының жарқын болашағы толығымен жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне тәуелді. Мектепте тәрбиенің басты міндеттері - теориялық білімді еңбекпен, өмірімен байланыстыра жүргізу, оқушыларды еңбек тәрбиесіне баулу, оларды политехникалық, экономикалық, экологиялық біліммен қаруландыру, кәсіптік бағдар беруге тәрбиелеу. Олай болса, әрбір азамат тәрбиеге тікелей қатысы бар адамдар, ұйымдар мен мекемелер тәрбиенің мәніне, міндеттері мен мақсатын жете түсінуі қажет. Осыған орай, тәрбиенің негізгі мақсаттары:

  • жастардың дүниеге ғылыми-материалистік көзқарасын қалыптастыру;
  • тұлғаның рухани және дене қабілеттерін жан-жақты дамытып, эстетикалық талғамдары мен сезімдерін қоғамның талаптарына сай тәрбиелеу.

Әрбір адамның дүниеге көзқарасын қалыптастыру - негізгі шарттардың бірі. Дүниетаным дегеніміз - адамның табиғат пен әлеуметтік ортаны түсінуін және онымен қарым-қатынасын, оның барлық іс-әрекеттерінің бағытын бейнелейтін көзқарастарының жүйесі. Ал дүниеге көзқарас дегеніміз - дүниенің даму заңдылықтарын ғылым негізінде ашатын көзқарас.

Тәрбиенің жалпы мақсатын жүзеге асыру ең алдымен тәрбие бөліктерін байланыстырып шешуді талап етеді. Тәрбиенің құрамды бөліктері:

  • ақыл-ой тәрбиесі;
  • құқық тәрбиесі;
  • еңбек тәрбиесі;
  • экономикалық және экологиялық тәрбие;
  • эстетикалық тәрбие;
  • дене тәрбиесі.

Тәрбиенің құрамды бөліктерінің бірлігі мен өзара байланысының нәтижелі болуы ең алдымен мұғалімнің шеберлігіне, жалпы дайындығына байланысты. Сондықтан ол өзін-өзі дамытып, барлық іскерлігі мен білімін баланың бойына қоғамда өмір сүру үшін және оның істерін басқару үшін қажетті адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеуге және қалыптастыруға әрқашан да дайын болуы қажет. Міне, сонда ғана мектептегі тәрбие жұмысының жемісті болуы мүмкін.

Тәрбие процесінің мәні және заңдылықтары

Тәрбиенің мәнін анықтайтын белгілері болады. Ең алдымен, оның тәрбие мақсатына бағытталған ықпалы көптеген жағдайларға байланысты қиындай түсетін өте күрделі диалектикалық сипатының болуы.

Тәрбиенің мақсатқа бағытталған ықпалын қиындататын жағдайлар мыналар: түрлі әсердің бала (мектеп, үйелмен, көше, ресми емес топтар т. с. с. ) табиғатына үйлеспеуі, әр баланың өзіне тән белгілі жинақталған көзқарасы мен ынта-ықыласы, әдеті мен талғамдарының болуы. Сондықтан оқушының ішкі рухани жан дүниесін ашудың қиындығы (оқушылар өздері тап болған жағдайдың себептерін, әрине, біле бермейді) бір педагогикалық ықпал нәтижесінің әр түрлілігінен, баланың қоғамдық мәнінен, өзіне тән әрекеті сипатынан келіп туады.

Тәрбие диалектикасы дегеніміздің өзі сыртқының (объективті) ішкі жағдайдың (субъективті) игілігіне айналатын адам санасының шеңберіне өткізілуі.

Тәрбие процесі адамның қоғамдық мәнінің әлеуметтік маңызды сапаларын қалыптастыруға, оның қоғамға, адамдарға, өзді-өзінің қатынастарын жасауға және олардың шеңберін кеңейтуге бағытталады. Адамның қоғамдық мәнінің, өмірдің түрлі жақтарына қатынасының жүйесі неғұрлым аумақты, кең болған сайын, оның рухани жан-дүниесі соғұрлым жазиралы, бай болады. Тәрбиенің мәні - адамның қоғамдық мазмұнын әлеуметтендіріп, оның ұжыммен және қоғаммен практикалық қатынастарының жүйесін құру. Өзінің табиғаты жағынан тәрбие ісі педагогикалық міндеттердің төмендегідей бірқатар мәселелерін шешуді қамтиды.

  1. Педагогикалық жағдайлардың, тәрбиелік әсерлердің нәтижесін талдау, жоспарлау жұмысын реттеу. Сөйтіп, оқушылар тәрбиелілігінің деңгейін анықтауды, оның қоғамдық мәні мен ұжымның дамуын белгілеуді, нақты педагогикалық міндетті бөлуді және қалыптастыруды, оны шешудің жолдарын анықтауды, тәрбиенің құралдары мен әдістерін таңдай білуді т. б. қажет етеді.
  2. Тәрбие процесінің жобасын құру және жүзеге асыру. Бұл өзінің мазмұны жағынан педагогикалық іс-әрекетті пайдалы бөліктерге және ықпалдарға бөлудің, оқушылардың іс-әрекетіне педагогикалық басшылық етудің, оқушылар ұжымдары мен шағын топтардың, жеке оқушымен дұрыс қарым-қатынастарды бекітудің, оқушылар тәртібінің әлеуметтік-психологиялық шарттары мен себептерін аңғара білудің, оқушыларға жеке тұрғыда қатынас жасау бірлігінің болуын талап етеді.
  3. Тәрбиелік ықпалдарды реттеу және оларға түзетулер енгізу. Бұл мазмұны жағынан педагогикалық міндеттерге енгізілген түзетулерді орынды жүзеге асыруды, сыртқы ықпалдардың қалыпты жағдайға өтуін немесе қабылданбауын қамтамасыз етеді, қоршаған ортаға сай баланы дамыту үшін қажетті материалды таңдап алуды, ұжым мен адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеуді, бағыттауды, дамытуды, пайда болатын жеке шиеленістерді жоюды, оқушылар арасындағы достық пен жолдастық қатынастарды нығайтуды, педагогикалық жағдайға байланысты талап логикасын түрлендіруді, өзгерген жағдайларда тәрбиелік ықпал жасаудың бағытын дұрыс анықтауды және тәсілдерді қайта құруды т. б. талап етеді.
  4. Қорытынды есепке алу және бақылау. Мұның мазмұны әдепкі берілгендермен салыстырып, қол жеткен нәтижені талдау, қолданылған тәрбие әдістерінің тиімділік шеңберін анықтау, балалардың дамуындағы және тәртібіндегі ойластырылмаған, қажетсіз құбылыстардың туу себептерін белгілеу, орынды құралдарды, әдістерді, тәсілдерді жинақтау, өз тәжірибесіне енгізу мақсатында басқа мұғалімдердің іс-әрекетін зерттеу, педагогикалық теория мен тәжірибені сәйкестендіре білу деген сөз.

Тәрбие - бұл педагогикалық құбылыс. Олай болса педагогикалық құбылыстар мен процестер арасындағы байланыс мәселелерін қарайық. Бұл жерде кейбір заңдылықтарды атауға болады.

  1. Тәрбие қоғам мұқтаждығына және жағдайына байланысты. Неғұрлым қоғамның әлеуметтік-экономикалық мүмкіншілігі өскелең өмір талабына сәйкес дамып отырса, соғұрлым жастардың келешегіне, адамгершілік қасиеттерінің дамып қалыптасуына игі әсер етеді.
  2. Тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеудің бірлігі. Оқушы тұлғасының дамуы мен қалыптасуына белсенділіктің ролі зор. Іс-әрекет барысында белсенділіктің бірнеше түрлерін байқауға болады. Олар:қарым-қатынас белсенділігі, таным белсенділігі және өзін-өзі тәрбиелеу белсенділігі.

Қарым-қатынас белсенділігі арқылы бала жолдастарымен, кейбір адамдармен қарым-қатынас жасайды, өзіне дос іздестіреді, тілектес дос табуға тырысады. Қарым-қатынас белсенділігінің нәтижесінде тұлғаның бойында мінез-құлық қасиеттері (қамқорлық, қайырымдылық, ілтипаттылық, жауапкершілік сезімі т. б. ) қалыптасады.

  1. Тәрбие іс-әрекетінің және қарым-қатынастың шешуші рөлі.

Тәрбие, оқыту және білім беру іс-әрекетіне байланысты. Іс-әрекетінің бірнеше түрлері бар. Оларға ойын, оқу еңбек, спорт, көркемдік, қоғамдық саяси іс-әрекеттері т. б. жатады. Осы іс-әрекеттердің нәтижесінде баланың ақыл-ойы, дүниеге көзқарасы дамиды, мінез-құлық және эстетикалық қасиеттері қалыптасады, еңбек етуде жауапкершілік сезімі артады.

Іс-әрекетінің барысында қарым-қатынас іске асырылады. Қарым-қатынас - бұл адамдардың өзара әрекеттесіп, әр түрлі коммуникациялық құралдардың көмегімен бір-бірімен пікір алысуы. Қарым-қатынас әлеуметтік өмір құбылысы, ол хабарламалық, нормативтік және таным процесі ретінде сипатталады. Қарым-қатынас оқушыларды мінез-құлқы, іс-әрекеттері, білім, әдебиет, өнер, қоршаған орта туралы мол хабарламалармен байытып, ой-өрісін дамытады.

  1. Тәрбие процесінде оқушылардың жас және дербес ерекшеліктерін есепке алу.
  2. Педагогикалық процесте ұжым мен адамның өзара байланысы. Оқушы тұлғасын қалыптастырудың негізгі көзі ұжым болады.

Көрнекті педагогтар Н. К. Крупская, А. С. Макаренко, В. А. Сухомлинский ұжымдық қатынастарды қалыптастырудың теориялық негіздерін жасады. Балалар мен тәрбиешілер арасындағы қарым-қатынас - ұжымның даму процесі. Педагогикалық процесте ұжымның басты борышы - әрбір адамның түлеп өсуіне қамқоршы болуы тиіс. Тәрбиенің ерекшелігі, оның ұжымдық бағытта іске асырылуында, өйткені тәрбие екі жақты, бір текті процесі.

Тәрбие принциптері

Әдетте принцип дегеніміз адамның нақты іс-әрекетінде өзі басшылыққа алатын алғы шарты, негізгі ережені бейнелейді. Тәрбие принциптері тәрбиеші басшылыққа алуға тиісті тәрбие процесінің жалпы заңдылықтарын бейнелейтін бастапқы ережелер. Тәрбиеші оларды таңдамайды, басшылыққа алады, солардың талабы тұрғысынан күрделі, жалпы немесе дербес, нақты мәселелердің шешімін іздейді. Мектеп өмірінде әр түрлі тәрбие принциптері қолданылады.

Тәрбиенің идеялылығы мен мақсаттылығы. Тәрбиенің алдына қоғам болашағына берік сенімі бар азаматтарды қалыптастыру міндеті қойылады. Мектептің бүкіл іс-әрекеті, қоғамдық өмірі осыған қызмет етуі керек. Кез келген тәрбие жұмысының құндылығы оқушылар ұжымының идеялық өмірін байытумен, оқушылар санасын ғылыми білімінің дұрыстығына берік сендірумен, қоғамдық саяси белсенділігін, жоғары моральдық және азаматтық сапаларын қалыптастырудағы ықпалымен бағаланады.

Әрбір тәрбие жұмысына дайындалу үшін ең алдымен олардың мақсаттары мен міндеттерін нақты ойластырып, анықтаған жөн. Мақсатсыз тәрбие жақсы нәтиже бермейді. Өйткені тәрбие әдістері олардың мақсаттарына байланысты. Осыған орай, әрбір баланың және ұжымның ерекшеліктерін еске алып, мұғалім тәрбие жұмыстарының формаларын, мазмұнын, әдістерін іріктеп алады.

Тәрбиенің өмірмен, еңбекпен, қоғам құрылысының практикасымен байланыс принциптері. Бұл принциптің мәні қоғамның экономикалық, әлеуметтік және рухани қатынастарын, өмір шындығының моралі және әсемділікке көзқарасын тәрбие ісінде қолдану болып табылады. Осы принципті жүзеге асыру оқушыларды өмірге, еңбекке, мамандықты саналы таңдауға толық дайындаудың шынайы алғы шартын жасайды. Кейде тәрбиенің өмірмен байланысы тек оқушылардың тәрбие жұмысындағы өнімді еңбегімен байланысын жүзеге асыру деп қараушылар да бар. Бұл жеткіліксіз пікір, себебі қоғамдық өмір ұғымы өндірістік еңбек ұғымына қарағанда кеңірек және мазмұндырақ. Оқушылардың еңбектік іс-әрекеттің түрлеріне қатынастырып, ол әрекеттің қоғамның түпкі мүддесі үшін, материалдық және рухани игіліктерді байыту үшін күресетін құрамды бөлігі екенін қабылдайтындай жағдайға келтіруіміз керек.

Ұжымда және ұжым арқылы тәрбиелеу. Бұл тәрбие жұмысының жетекші принциптерінің бірі. Педагогика ғылымы балалар мен жас өспірімдердің топтық және ұжымдық өмірін, олардың тұлғасының рухани байлығының, әлеуметтік белсенділік пен жауапкершілік сезімі қалыптасуының міндетті шарты деп қарайды. А. С. Макаренко ұжымды адамның біртұтас түрлі сапалары жаттығып, қалыптасатын гимнастика залы, сондықтан тәрбие жүйесі «ұжым болып» ұйымдастырылған педагогикалық іс-әрекет процесін басқаларынан жоғары қояды, - деп көрсетті.

Тәрбиеленушінің тұлғасына қойылатын талаптар мен көрсетілетін құрметтің бірлігі. А. С. Макаренко кезінде «Егер біреу-міреу педагогикалық тәжірибенің мәнін қысқаша ғана формуламен қалай анықтар едіңіз деп сұрай қалса, мен оған адамға мүмкіндігінше үлкен талап қою және құрмет көрсету деп жауап берер едім», - деген екен. Мұғалім осы принципті басшылыққа алып, оқушы күш-қуатына ерік беретін, орынды әрекеттеріне және қылықтарына тербеліс туғызатын, өзінің құлқын сезінуін және өз тәртібіне жауапкерлігін ұғындыратын өзіндік өрнегі (стилі) мен сарыны (тоны) бар қатынастарды таңдап алады. Егер талап ету ізденумен, қате түсінікпен, ұсақ-түйекпен байланыссыз болса, онда ол адамға деген құрметтің ең жоғары өлшемі болып табылады.

Тәрбиелік ықпалдардың тізбектестігі, жүйелілігі, беріктігі және үздіксіздігі. Бұл принципті ұстау әрбір бөліктері мен элементтері түгел бір тұтастықты құрайтын педагогикалық жүйенің болуын талап етеді. Тәрбие саласында жүргізілетін түрлі тәрбиелік шаралар бір-бірімен сабақтас болуы тиіс. Жаңадан өткізілетін тәрбие жұмысының мазмұны өткізілген тәрбиелік шаралардың логикалық жалғасы болуы қажет. Демек, өткізілген тәрбие жұмысының мазмұны онан әрі қарай да дамып, тиісті сатыға көтеріледі. Сонда ғана аталған принциптер жүзеге асады. Тәрбие жұмысының барлығы білім мен сенімнің, сөз бен істің үздіксіздігі негізінде құрылуы қажет.

Тәрбиенің оқушылардың жас және дербес ерекшеліктеріне сәйкестігі. Бұл принципті жүзеге асыру оқушылар іс-әрекетінің мазмұны мен түрін олардың жасына, өмір тәжірибесіне, күш-қуаты мен мүмкіндіктеріне сәйкес болуын талап етеді. Әрбір бала өзінше ерекше бір бітім. Сондықтан олардың әрқайсысына тәрбие беру оқушы бойындағы қажеттілік пен қызығушылыққа сүйеніп, оны қанағаттандыратын және оқушының тәртібі мен іс-әрекетінің негізі болатын жаңа қажеттіліктер мен қызығушылықтарды туғызатын түрлер мен тәсілдерді таба білгенде ғана мүмкін болады. Осы принциптің жүзеге асуына мұғалімнің жас және педагогикалық психологияны терең білуі көмектеседі.

Өзін - өзі тәрбиелеу және қайта тәрбиелеу

Қалыптасып келе жатқан оқушы тұлғасы тәрбие субъектісіне айналады. Ол педагогикалық талаптарды орынды белсенді қабылдайды және өзінің сапалық қасиеттерін өзі жетілдіруге тырысады. Өзінің тұлғалық сапаларын өзі жетілдіру және кемшіліктерін жою мақсатындағы оқушының іс-әрекеті өзін-өзі тәрбиелеу деп аталады. Бұл өзгерістер қоршаған ортамен шын өзара қатынас барысында жүреді.

Өзін-өзі тәрбиелеу оқушы тұлғасын жан-жақты тәрбиелеу мен дамытуға ықпал етеді. Мысалы, оқушы дамуы мен қалыптасуына байланысты өзінің тәртібі және мінез-құлқындағы кемшіліктері мен іс -әрекетіндегі сәтсіздіктеріне сын көзбен қарап, оларды болдырмаудың тиімді жолдарын іздестіреді.

Оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуін басқаруда олардың жас ерекшеліктерін есепке алу керек. Өзін-өзі тәрбиелеу нышандары тіпті кіші мектеп жасындағы оқушылар бойынан байқалады. Мысалы, бастауыш сыныпта оқушылар күшті, батыл болғысы келеді немесе теріс қылықтарына кешірім сұрап жақсы боламын дейді. Бұл олардың өзін өзгертуге, жақсы болуға, түзелуге деген алғашқы ынтасы.

Қыздар мен бозбалалар өзін-өзі тәрбиелеуге саналы түрде ұмтылады. Тәртібі мен мінез-құлқының пісіп жетілу шағында берік сенім мен адамгершілік мұраттары қалыптасқан болады.

Оқушылардың өздерін өздері тәрбиелеуін ұйымдастыру мақсатында мұғалім ең алдымен төмендегідей өзара байланысты міндеттерді жүзеге асыруы керек:

  1. Оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуге ұмтылуын жандандыру;
  2. Өзіне-өзі ықпал ету құралдарын (өзін-өзі талдау, өзіндік міндеттеме, өзіндік бұйыру, өзіндік есеп беру және т. б. ) меңгеруге көмек беру;
  3. Өзін-өзі тәрбиелеудегі қоғамдық құнды іс-әрекеттерді тудырып отыру.

Оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуге ұмтылуын қалыптастыру үшін оларды адамдар өміріндегі өзін-өзі тәрбиелеудің мәні, өзінің тұлғалық сапаларын дамытудағы өз жігерінің ролі жөнінде хабардар етіп отыру қажет. Оқушылар, әсіресе жасөспірімдер өзін-өзі тәрбиелеу тәжірибесі, өз тұлғасында сапалық қасиеттерді қалыптастыру жолдары мен тәсілдері туралы хабарларды қызыға қабылдайды. Осылардың арқасында өмірдің күрделі міндеттерін іскерлікпен, мақсатты, сырттан басқарусыз, дұрыс шешу білігіне ие болады, өз бетімен өзіндік қажырлы еңбегімен ғана жетуге болатынын ұғынады.

Өзін-өзі тәрбиелеудің тұлғаға бағытталған ережелері болуы керек. Әрине, өзін-өзі тәрбиелеудің өзіндік ережелерінің болуы тұлғаның рухани жан дүниесінің деңгейімен анықталады. Біз тек дарынды педагог К. Д. Ушинскийдің өзін-өзі тәрбиелеу ережесімен танысайық:

  1. Асқан сабырлылық, ең болмағанда сырт көзге.
  2. Сөзде және қылықтардағы турашылық.
  3. Әрекетті жан-жақты ойластыру.
  4. Батылдылық.
  5. Өзі жөнінде қажетсіз бір сөз айтпау.
  6. Санасыз уақыт өткізбеу, ретсіз емес көңілдегі іспен айналысу.
  7. Әуесқойлық, құмарлыққа емес қажеттікке немесе сүйсініске шығындану.
  8. Әр кеште өз қылықтары жөнінде өзіне есеп беру.
  9. Болғанды, бүгінгі болатынды айтып еш мақтанбау.

Оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуіне педагогикалық басшылық оралымды, икемді болу керек және олардың өзін-өзі тәрбиелеу құралдарын меңгеру барысындағы түрі өзгеріп отыруы керек. Алғашқы кезде мұғалімдер арнайы ұйымдастырылған іс-шараларына, өзін-өзі тәрбиелеудің ұйымдастырылған ұжымдық іс-әрекеттерге сүйенеді. Оқушылар өзін-өзі тәрбиелеудің құралдарын меңгере түсу барысында бұл шаралар бәсеңси түседі. Әрине бұл оқушыларды бетімен қоя беру емес. Онан әрі де ұжымда бірлескен іс-әрекет, қоғамдық пікір ықпалы, бетпе-бет пікірлесу арқылы көмектесіп отырған жөн.

Дегенмен, тәжірибеде оқушы тәртібінде мінез-құлқында ауытқулар кездесіп отырады. Сондықтан тәрбиелеу жұмысында қайта тәрбиелеу де орын алады. Қайта тәрбиелеу оқушы жүріс-тұрысындағы ауытқулардың алдын алуға және жеңуге бағытталады. Қайта тәрбиелеу - тұлға құрылымын түгел қайта құру, адамның барлық психологиялық сапаларын қайта жасау. Түзету деген ұғым да бар. Оны оқушы сапасындағы және жүріс-тұрысындағы жеке кемшіліктерді жеңу деп түсінуіміз керек.

Қайта тәрбиелеу - бұл тәрбиелік ықпалдар жүйесі, оның барысында құлықтық даму мен жүріс-тұрысындағы ауытқулар түзетіледі және қоғамның моральдық талаптарына сай тұлға сапалары қалыптасады.

Қайта тәрбиелеу - бұл қиын балалардың орынды сапаларын қалпына келтіру.

Қайта тәрбиелеу - бұл педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалған балалардың жүріс-тұрысындағы кемшіліктердің орнын еңбектегі, спорттағы және басқа іс-әрекеттегі нәтижелермен толықтыру.

Қайта тәрбиелеу - бұл ынталандыру, жасөспірімнің орынды сапаларын жасайтын іс-әрекеттерді жандандыру.

Қайта тәрбиелеу - бұл түзету, яғни балалардың теріс саналарының шырмауынан босату.

Қайта тәрбиелеу барысындағы тұлғаның адамгершілікті дамуы бірқатар кезеңдерден өтеді:

  • дайындық қайта тәрбиелеудің мақсатын қалыптастыру;
  • тәртіп пен мінез-құлықтың орынды тәжірибесін қалыптастыру;
  • өзін-өзі тәрбиелеуді басқару;
  • тұлғаның онан әрі дамуына бақылау.

Қайта тәрбиелеуде қайта ұғындыру, қайта оқыту, басқа іс-әрекетке жегу, күрт өзгерту, еріксіз көндіру сияқты әдістер қолданылады.

Қайта ұғындыру - бұл тәрбиесі қиын балалар және педагогикалық тұрғыда қараусыз қалған оқушылар бойындағы дұрыс емес сенімдерді қайта құру әдісі.

Қайта оқыту - бұл теріс қажеттіктер мен дағдыларды түзету әдісі.

Басқа іс-әрекетке жегу - бұл тәртібі мен мінез-құлқының дамуында ауытқуы бар балалардың белсенділігін арттыру және қоғамдық пайдалы іс-әрекетке ауыстыру әдісі.

Күрт өзгерту - бұл тұлғаның ұжым және қоғаммен қатынасының бұзылысын шұғыл қалпына келтіру әдісі. Бұл қайта тәрбиелеудің А. С. Макаренко жасаған арнайы әдісі.

Еріксіз көндіру - бұл басқа әдістердің мүмкіншілігі сарылғанда педагогикалық және әлеуметтік тұрғыда өте қараусыз қалған жеткіншектер мен жасөспірімдерге қолданылатын педагогикалық әсер ету әдісі. Педагогикалық еріксіз көндіру мазмұнына тұлғаның теріс қылықтарын моральдық кінәлаудан мектептен шығарып арнайы тәрбие мекемесіне жіберуге дейінгінің бәрі жатады.

Қайта тәрбиелеу нақты тұлға үшін мақсаты, міндеті, жүзеге асыру әдістерін қамтитын бағдарлама жасаудан басталады. Оқушы өмір сүріп отырған ортасының сырын ашу (үйелмен тұратын мөлтек ауданындағы жеткіншектер, жасөспірімдер тобы) және қайта тәрбиелеуде жетекші күш болатын бастауыш ұжымды (сынып, секция, үйірме) белгілеу керек.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тәрбие құралдарына түсінік беру
Эстетикалық тәрбие мәнін зерттеу
Тәрбиенің жеке тұлғаға бағытталуы
Сынып-сағатының, тәрбиенің мәні мен мағынасын ашу
Тәрбие мақсатының мәселесі педагогикалық ойлар тарихында
Тәрбиенің теориялық және әдістемелік негіздері туралы
Педагогиканың дәрістері
Мектептегі тәрбие процесі – динамикалық жүйе ретінде
Сыныптағы тәрбие жүйесі және оны ұйымдастырудың ерекшеліктері
ТӘРБИЕ ПРИНЦИПТЕРІН ТАЛДАУ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz