М. Дулатов. Өмірі мен қоғамдық қызметі


Жоспар
І. Кіріспе:
М. Дулатов. Өмірі мен қоғамдық қызметі.
ІІ. Негізгі бөлім:
а) «Бақытсыз Жамал» романы.
ә) Роман бас қаһарманы - Жамал бейнесі.
б) Романдағы екінші басты бейне - Ғали.
в) «Бақытсыз Жамал» романының құрылысы мен ерекшелігі.
ІІІ. Қорытынды:
IV. Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
Өмірі мен қоғамдық қызметі.
XX ғасырдың басындағы әдебиеттің дамуына үлкен үлес қосқан қаламгер және қоғамдық-әлеуметтік іске белсене араласқан қайраткер Міржақып Дулатов бұрынғы Торғай облысының, Жангелдин ауданындағы Қызбел атырабында 1885 жылы 25 қарашада дүниеге келген.
Әкесі Дулат ескіше оқыған, өз дәулеті өзіне жетерлік шаруасы бар, қолы шебер адам болған. Үлкен баласы Асқарды әуелі мұсылманша, кейін орысша оқытып, заң қызметіне бейімдейді. Кіші баласы Міржақыпты да ауыл молдасына оқуға береді. Екі жылдан кейін ол ауылдық мектепте Мұқан Тоқтабайұлы деген мүғалімнен орысша сабақ алады. «Менің алғаш білімге көзімді ашқан осы кісі», - депті кейінірек Міржақып. Екі жасында шешеден, он екі жасында әкеден жетім қалған Міржақыпқа бұдан былай қамқорлық істеген ағасы Асқар болады.
М. Дулатов өзі жазған өмірбаянында: «1897 жылы мен екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түстім (Торғайдағы), оны бітіргеннен кейін оқытушылар курсыңда оқып, ауыл мұғалімі деген мамандық алдым. Осымен менің оқу орыңдарынан білім алуым аяқталады. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызметімді атқара жүріп, бос уақытымды білімімді жетілдіруге жұмсадым» - деп жазады.
Торғай топырағына білімнің ұрығын сеуіп кеткен Ы. Алтынсарин мектебі жас ұрпаққа бұл кезде игі ықпалын тигізді. Мұқан мұғалім де,
А. Байтұрсынов та, ағасы Асқар да, Ы. Алтынсарин мектебінің түлектері еді. Міржақып өз бетінше ізденіп, орыс тілін жете меңгереді. Орыс жазушылары шығармаларымен танысады. Ауыл мектептерінде бала оқыта жүріп Міржақып жәбір көрген, теңдігі жоқ қазақ халкының жағдайымен жете танысады. Оған жаны ашады. Мұғалім болған 6-7 жыл ішінде оң мен солын танып, ұлт қамы үшін күресуге дайындалады. Ақындық талантын да осы жылдары таныта бастайды.
Бұл кезеңде патша үкіметінің қазақ даласында отаршылдықты күшейтіп, оты-суы мол, шұрайлы жерлерді тартып алып, орыс шаруаларын қоныстандыруы ұлт қамын ойлай бастаған қазақтың зиялы азаматтарына қозғау салған еді. Міржақып та сол азаматтардың қатарында болды. Жасы жиырмаға тола қоймаған Міржақып өмірден көргені мен түйгенін, айтқысы келгенін өлең шумақтарымен жеткізуге талаптанады.
1904 жылы Міржақып Омбыдағы қазақ оқығаңдарының бас қосуына қатысады. Бұл кезең - Ресейдегі буржуазиялық-демократиялық бірінші төңкеріс қарсаңында коғамның дүрлігіп тұрған шағы еді.
Онда Д. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, Ж. Ақбаевтармен кездесу, ел тағдыры жайында пікірлесу Міржақыптың ой-санасын, ұлтжандылығын оята түсті. Бұлар ниеттес, мұраттас болып шықты. Кешікпей Міржақып Ахмет ағасына еріп Қарқаралыға келеді.
1905 жылы Қарқаралыда Ахаң менен біраз оқығаңдар бас қосып, кіндік үкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз, тілек) жіберген, - деп жазады М. Әуезов. - Ол петициадағы аталған үлкен сөздер: бірінші - жер мәселесі, қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші - қазақ жеріне земство беруді сұраған. Үшіншісі - отаршылдардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраган . . . қазақ баласының дертті мәселелері осылар болғандықтан Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған». Солардың қатарында жалыңды сөзімен, жастық жігерімен жұртты елең еткізген Міржақып та бар еді. 1905 жылғы дүмпулер тұсында Міржақып Қарқаралыда шеруге қатынасқандар қатарында болған.
Осындай қызу қимылмен көзге түскен Міржақып 1905 жылы Орал қаласында бес облыс өкілдерінің съезіне қатынасады. Бұл съезде «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы» құрылады. Осы съезд делегаттарының бірі болып, 1906 жылы Петербургке барады. Петербургте Міржақып оқыған қазақ интеллигенттерімен танысады. С. Лапин,
Д. Сұлтанғазин, X. Досмұханбетов, М. Шоқаев және басқа оқығандармен қазақ халқының бостандығы туралы, патша үкіметінің қысымы жайлы пікір алысады.
Петербургте «Серке» деген атпен қазақ газетін ашу ұйғарылады. «Серкенің» бірінші саны Петербургте 1907 жылы 28 наурызда шыққан. Онда Міржақыптың «Жастарға» деген өлеңі жарияланады. Газеттің екінші санында Дулатовтың «Біздің мақсатымыз» деген басмақаласы басылады. Бірақ
кешікпей полиция сақшылары татарлардың апталық «Ульфат» және «Серке» газетін тәркілеп, жауып тастайды. Полицияның айыптау хаттамасында «Серке» және «Ульфат» газеттерінде 6 шілде (1907) күні жарияланған «Біздің мақсатымыз» мақаласы барлық қазақ халқын патша үкіметіне қарсы күреске шақырған үндеу сияқты делінген.
Петербургтен еліне оралған Міржақып ойына түйгенін, ел-жұртына айғар сөзін өлеңге айналдыра бастайды. Ол өлеңдері жеке жинақ болып Уфа қаласында 1909 жылы «Оян, қазақ!» деген атпен басылады. Бұл жинақ Міржақыптың атын бүкіл қазақ еліне жайып, халық арасындағы абырой-беделін көтереді. Бірақ патша әкімшілігі тарапынан қуғынға түсіп, еліне тұрақтай алмай Омбы жаққа, Қызылжар қаласына кетуге мәжбүр болады. Кешікпей «Оян, қазақ!» та тәркіленеді.
Ол жақта да бақылауда жүрген Міржақыптың тұрақты жұмыс істеуге, қоғамдық істерге қатысуына мүмкіндік болмайды. Аз уақыт жеке адамдарға жалданып, мұғалімдік қызмет атқарады. Қазақ балаларына орыс тілінен сабақ береді. Қызылжарда одан Мағжан Жұмабаев та дәріс алған. Ол көп уақытын шығармашылық жұмысқа арнайды, өлеңдермен қатар «Бақытсыз Жамал» деген роман жазады. Роман 1910 жылы Қазан қаласында басылады.
1911 жылы Міржақып қазақ ауылдарын аралап, Қызылжардан Семейге жол тартады. Бірақ Семей қаласына келген бойдақ полицияның қолына түседі де, Семей түрмесінде бір жарым жыл отырады. Патша цензурасы «Оян, қазақ!» кітабының революциялық рухына төзе алмаған еді. Міржақыптың қамауға алынғаны жайында хабар бергені үшін «Айқап» журналы және «Уақыт» газетіне патша әкімшілігі айып салады.
Түрмеден босаған соң Міржақып Орынборға келеді. Ондағы қазақ оқығандарымен тығыз байланыс жасайды. «Қазақ» газетін шығаруға араласады. Газет редакторының орынбасары болып ұзақ жылдар
А. Байтұрсыновпен бірге қызмет атқарады. Бұл жылдары оның публицистік-журналистік дарыны айрықша танылады.
Олар газет бетінде патша үкіметінің отарлау саясатын әшкерелеп, қазақ халқының бостандығы мәселесін батыл көтерген. Сол үшін қуғын да көрген
Міржақыптың «Оян, қазағы!» 1911 жылы Орынборда екінші рет басылады. Патша әкімшілігі кітаптың екінші басылымын жою жөнінде тағы да шешім қабылдайды. Патша үкіметінің осынша қаһарына қарамастан, ел азаматтары бұл кітапты көзінің қарашығындай сақтаған. «Қазақ» газетіңде 1917 жылы жазылған хабарда фельдшер Жұмағали Тілеулиннің үйінен «Оян, қазақтың!» мың данасының табылғаны айтылған. 1916 жылғы патшаның маусым жарлығына байланысты жазалаудан қашып-босқан, жоқтыққа, аштыққа ұрынған қазақ халқына Міржақып жанын сала көмектеседі.
Қызылжар қаласында босқындарға көмектесу үшін бірінші рет қазақ тарихында жәрдем қорын ұйымдастырады.
Орынборда Міржақыптың «Азамат» (1913), «Терме» (1915) атты өлеңдер жинағы басылады.
Ұлттық ояну, Алаш қозғалысын ұйымдастыру, Алаш партиясы мен Алаш-Орда үкіметін құру, Алаш әскерін жасақтау сияқты істердің бәріне де М. Дулатов бел буып, білек сыбанып қатысқан, сондықтан ол Қазан жеңісін қабылдамаған. Бірақ Алаштың А. Байтұрсынов сияқты қайраткерлері кеңес үкіметі жағына шығып жатқан кезде, М. Дулатов та, өзге көп қайраткерлер сияқты, жана құрылысқа қызмет етуден жалтарған жоқ.
Міржақып 1920 жылы Ташкентке келеді. Сол кездегі Түркістан республикасының газеті - «Ақ жолға» қызметке орналасады. Бірақ көп тұрақтай алмай 1921 жылы Семейге келіп, сонда облыстық сотта жұмыс істейді. 1922 жылы қамауға алынады. Ә. Бөкейханов екеуі Орынборға жөнелтіледі. Онда барғаннан кейін екеуі де босатылады.
Бұдан кейін Міржақып Орынбордағы қазақтың Халық ағарту институтында, Қазақ баспасында, «Еңбекші қазақ» газеті редакциясында әр қилы жұмыстар атқарады. «Қирағат», «Есеп кұралы» атты оқулықтар, «Балқия» атты пьеса жазады.
Республикадағы мәдениет ісіне белсене ат салысып жүрген шағында
М. Дулатов Сталин, Голощекин озбырлығының қармағына ілінеді. Баяғы өткен оқиғалардың жаңғырығы қоздырылып, 1928 жылдың желтоқсанында бір топ қазақ оқығандары қатарында тұтқынға алынады. Кейін Ақ теңіз Балтық каналының бойындағы Соловки тұтқындар лагеріне жер аударылады. Сол жерде 1935 жылы қазанның 5-і күні ауыр науқастан қайтыс болады. Арада 58 жыл өткен соң 1993 жылы жазықсыз кеткен есіл ердің сүйегі туған жеріне әкелініп, ақ жуып, арулап қойылды.
Тұңғыш өлеңдер жинағы - кезінде қазақ арасында сөздері құрандай жатталған "Оян, қазақ!" кітабының жарық көргеніне биыл бір ғасыр болды. Ал 1910 жылы Қазан қаласында "Бақытсыз Жамал" романы басылып шықты.
Халқының ой-санасын оятып, рухани жетілуіне өлшеусіз үлес қосқан арыстың өмірі жолсыз жазамен қуғын сүргінде жүргенде 1930 жылы үзілді.
1988 жылы ақталды. Ол "Бақытсыз Жамалды" жазғанда 25-ақ жаста болатын.
Қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет роман деген жанрлық анықтама қойылып жарияланған прозалық көлемді туынды осы "Бақытсыз Жамал" еді. Кітап басында ескертпе ретінде берілген:
Қазақтан шыққан талапкер,
Бұл кітапты қарап көр.
Таратуға халыққа оқып,
Боларсыздар себепкер, -
деген жолдардың жалғасы 14 шумақтан тұратын "Сөз басында" таратылып айтылады. Салған жерден автор қазақ халқының құрылымы, тұрмыс-салты, мінез ерекшеліктері, кемшілік, олқылықтары туралы толғана келіп, роман жазудағы өз мақсатын баяндайды.
Міржақып - төмендердің аласасы,
Сөзімнің бар ма, жоқ па тамашасы.
Жылтырақ тесік моншақ жерде қалмас,
Қазақша бір роман жаза салшы, -
деген авторлық әзіл халық арасына кең тарап кеткен. Шығармаға арқау болған уақиғалар XX ғасыр басында қазақтың кез келген атырабында, кез келген ауылында, кез келген шаңырағында өтуге мүмкін, әркімге таныс, түсінікті, ортақ, етене сипаттары бар, жалпылық мәнді жәйттер.
Автор өз тұсындағы әлеуметтік-қоғамдық өмірдің маңызды арналарын адам тағдыры, нақты әрекет, тартыс арқылы көрсетуді мақсат етіп, ой, идеяны ашық публицистикалық түрде емес, бейнелер, образдар арқылы, көркемдік тәсілдермен береді. Бір сөзбен айтқанда, жазушы таза прозалық шығарма, жанр шарттарын толық қанағаттандыратын туынды жасау талабын ерекше ескерген.
Абайдың қара сөздері, Ыбырайдың шағын новеллалары "Дала уалаяты", "Айқап" беттерінде жарияланған бірен-саран әңгіме үлгілері қазақ топырағында кең көлемді проза дәстүрлерін жасай алмағанын ескерсек, Міржақып - жаңа жанрдың төлбасы.
"Сал-Сал", "Қыз Жібек", "Зарқұм", 'Қисса уақиға Кербала", "Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны", "Ноғай мен қазақтың айтысқаны", "Ақсұлу", "Айман - Шолпан", "Бозжігіт", "Шәкір -Шәкірат", Ақмолда, Нұржан, Әбубәкір өлеңдері - бұларды оқу, жаттап алу, жұрт алдында айтып беру арқылы Жамал өзінше бір әдемі сұлулық, көркемдік мектебінен өтеді.
Ата-ана, ауыл-аймақ, дәстүрлі салт-сана әсеріне қоса, кітаби тәрбие алған жаңа буынның өкілі болып жетіле бастайды. Өзі де жанынан өлең шығаратын дарынды бойжеткен болып көзге түседі, зеректігімен, ақыл-көркімен, шешендігімен ауызға ілінеді.
Бұрынғы жақсы күндер көрген түстей ғайып болды. Қайғылы, азалы, мұңлы шақ. Сорлы анасы Шолпаннан өзге қол ұшын берер ешкім жоқ. Билік арманы ес-ақылын билеп алған әкесі Сәрсенбайды тоқтатар күш жоқ сияқты.
Бұл көріністе жазушы өлең текстерін еркін пайдаланады. Дәстүрлі үлгідегі қыз бен жігіт айтысының формасын қолдана отырып, жастық сырын ақтарады. Әуелі сөз алған Ғали алыстан орағыта отырып, өзінің шетте өскенін аша келіп, көпшілік өтінген соң, ұзақ толғауға ойысады.
Жақсы қыз баға жетпес бір гауһар тас,
Он алты, он жетіге жеткенде жас,
Жанаттың пісіп тұрған алмасындай,
Қол жетсе, қандай жігіт ләззат алмас.
деп бастап, қазақы ұғымдардағы сұлу қыздың портретін жасауға тізілген меруеттей отыз тіс, нұрлы жүз, жайнаған көз, қиылған қас, кәмшат бөрік, алтын шолпы, шәрбат, ғашықтық, ақ білек, ақ тамақ, тоты құс тәріздес сөз, ұғымдарды ерекше қолданады.
Келесі кезекті алған Жамал:
Сөйле, тілім, шешіліп осындайда,
Құрбылармен бір жерге қосылғанда.
Отырмассың үнемі төрде бүйтіп,
Еріксіз-ақ қоярсың тосылғанда, -
деп бірден өз жағдайынан хабар беруден бастап, қолға түскен сандуғаштай торға түсетін, малға сатылып, теңіне бара алмай, күң болатын қыз тағдырын тебірене жыр етеді.
Осылай бір-бірімен той үстінде өлең арқылы танысқан екі жас ғашық боп, тез тіл табысып, араға көп уақыт салмай, алма-кезек хат жазысып:
Бір сенсің ғашық отын сөндіретін,
Кім бізді ықтиярсыз көндіретін.
Өлсек, шұқыр бір болсын, шықсақ - төбе,
Айрымалық болса да өлтіретін.
Бір Алла жалғыз өзі болсын айғақ,
Тұралық уағданы бекем байлап.
Сен үшін бір басымды еттім құрбан,
Шынжырлап жіберсе де Сібірге айдап, -
деген Жамал сөздері келіскен тұжырымдай болады.
Сөйтіп, Жүніс, Нұрмаш деген екі досы көмек етіп, Ғали Жамалды алып қашып, қаладағы саудалас, ниеттес досы - татар байы Фатихолланың үйін паналайды. Азды күнгі рахат, бақыт, ләззат дәмін татқан екі жастың қызықты ғұмыры ұзаққа созылмайды.
Байжанның қоқан-лоққы, тепкі дүмпуі бұлардың жатқан ұясын шайқар болған соң, жылжып Ғалидың нағашыларын жағалайды. Аяқ астынан ауырған Ғали он үш күн төсек тартып, кенеттен дүние салды. Әрине, бұл кейіпкер күрес үстінде, әділет үшін, махаббат үшін шайқаста жауларының қолынан мерт болғанда, көркемдік шешім салмақтырақ шығатын еді.
Тоты құс едім бақшада,
Қарақұсқа жем еттің.
Хан қызындай басымды,
Бір жаманға тең еттің.
Ботасыз нардай боздатып,
Мінеки, мені еңіреттің.
Қаһарыңды жіберіп,
Тең құрбымнан кем еттің,
Мұндай зарлы қылғандай,
Мен бейшара не еттім?
Жыладым зарлап, Ғали жоқ,
Ісіне көндім құдіреттің.
Шығармада әр түрлі әлеуметтік ортаның өкілдері, түрлі мінездер қалыбы төбе көрсетеді. Әрине, көлемі шағын туындыда характерлер, сом тұлғалар жасау мүмкіндігі де аз. Дегенмен, әдебиетіміздегі алғашқы күрделі прозалық үлгіде бірталай көркемдік ізденістер, тұлғалар жасауға ұмтылу талабы барлығын көрсету дұрыс болмақ.
Сөйтіп, бұрын момын, жуас, қақ-соқпен шаруасы жоқ қоңыр төбел жан енді билік үшін, дәреже үшін неге болса да белін буады және жаңа әрекетке де әзір.
Жазушы Сәрсенбай санасындағы жаңа өзгерісті сенімді көрсетеді. Өзіне жақтас іздеген мансапқордың тапқаны болыстың құдасы - сөзінен де, ісінен де, жолынан да, қолынан да келетін, артына ерткен тобы бар Байжан, соның қолдауымен билікке жетуді іш есеп қылады. Сондықтан Байжанның өзі таза, өзі ақылсыз Жұман деген баласына Жамалға құда түсуіне қарсы болмайды. Бәйбіше мақұлдайды, туған шеше Шолпан наразы. Бірақ Сәрсенбайдың келіскені - келіскен.
"Бақытсыз Жамал" стилінде таза реалистік проза тіліне лайық салмақты, орнықтылық бар. Жазушы ұйқасты, ырғақты, өлеңдетіп отыратын өрнектерден бойын мүлде аулақ салған. Тіпті кейінгі дәуірлердегі туындылардың өзінде кездесе беретін әсірелікке, сөйлемдегі сөздердің табиғи орнын ауыстырып жасайтын инверсияға да бармайды.
Өз мезгілінің күрделі әлеуметтік-қоғамдық мәселесін көтерген, махаббат бостандығын жыр еткен, жанрлық тұрғыдан қазақ әдебиеті үшін жаңалық болған "Бақытсыз Жамал" прозалық туындысы арқылы жиырма бес жастағы Міржақып Дулатов ұлттың рухани тарихында терең із қалдырды, бірінші романшы атанды.
«БАҚЫТСЫЗ ЖАМАЛ» романы
М. Дулатовтың өз дәуірі үшін маңызды, ірі еңбегі - «Бақытсыз Жамал» романы. Ол XX ғасырдың алғашқы жылдарыңда жазылып, 1910 жылы Қазанда басылып шықты. Қазақтың ұлттық әдебиетінде алғашқы роман саналады. Шығармаға арқан болған оқиғалар XX ғасырдың басында қазақ өлкесінде жиі кездескен жас қыздардың қалың малға сатылып, сүймеген адамына ұзатылуы, олардың теңдік үшін күрес мәселелері.
Автор қазақ қоғамының қайшылықты жақтарын адам тағдыры, нақты әрекет, тартыс арқылы суреттеп ашады, көркем бейнелер жасайды.
Шығарманың негізгі желісі басты кейіпкер Жамал тағдырымен сабақтас өрбиді. Жамал - әкесі Сәрсенбайдың мойнына бұршақ салып, құдайдан жалбарынып сұрап алған баласы. Шешесі Шолпан - әкесінің бір перзентке зар болып жүріп үйленген екінші әйелі. Қиын-қыстау кезеңде қызы үшін шырылдап отқа түсетін де осы байғұс ана.
Заман өзгерістері қазақ ауылына да жаңалық әкелген. Соның бірі - қолға молда ұстап, балалардың сауатын ашу, хат таныту. Осындай әрекетке кіріскен Сәрсенбай да алақанға салып еркелетіп, тіпті ұл балаша киіндіріп қойған Жамалын молдаға окуға береді. Ол бесақ ай оқыса да, тез сауаттанып, қисса-жырларды саулатып оқып, ауыл-аймақты аузына қаратады. Өзі де жанынан өлең шығаратын дарыңды бойжеткен тез көзге түседі. Зеректігімен, ақын-көркімен, шешендігімен ауызға ілінеді.
Сөйтіп жүргенде Жамалдың мойнына қыл тұзақтай болып, әкесі Сәрсенбай мен Байжан арасындағы құдалық құрығы түседі. Бұрынғы қызықты күндер көрген түстей көзден ғайып болады. Қайғылы, мұңды шақ туады. Жамалға анасы Шолпаннан өзге қол үшін берер ешкім болмайды.
Байжан құдасы арқылы билікке жету ақыл-ойын билеп алған әкесі Сәрсенбайды тоқтатар күш жоқ. Тағдырына наразы қыз:
Мен қайран, атам малға сатқанына,
Бір тазды жалпақ елден тапқанына.
Аты өшіп, тумай кеткір Жұман деген,
Мал беріп, мені өзімсіп жатқанына, -
деп, көз жасын көлдетіп жүргенде, бір тойда жас, оқыған, сыпайы, сұлу жігіт Ғалимен танысады. Осылай бір-бірімен той үстінде өлең арқылы танысқан екі жас ғашық боп, тез тіл табысады, хаттар жазысады.
Бір алла жалғыз өзі болсын айғак,
Тұралық уағданы бекем байлап,
Сен үшін бір басымды еттім кұрбан,
Шынжырлап жіберсе де Сібірге айдап, -
деген Жамал сөздері ендігі қадамдарының тұжырымындай естіледі.
Ғали Жамалды алып қашып, қаладағы саудадос, ниеттес татар байы Фатихолланың үйіне паналайды. Бірақ екі жастың бақытты күндері ұзаққа созылмайды. Жұманның әкесі Байжанның қоқан-лоққысынан сескенген жастар Ғалидың нағашыларын жағалайды. Аяқ астынан ауырған Ғали он үш күн төсек тартып, кенеттен дүние салады.
Жамалдың жалғыз қалуы, еріксіз Байжан босағасына барып, Жұманнан зорлық көруі, кайғылы махаббат уын ішуі оны боранды түрде адасып өлуге алып барған себептер ретінде шығармада сенімді суреттеледі.
Жамал бейнесі
Романның бас қаһарманы Жамал - өз тағдыры үшін күресуге дайын, сауатты, саналы қыз. Бақыты жолында қандай қиындыққа да төзуге даяр қайсар жан. Жамал бейнесін жазушы бірнеше жерде берілетін жанама портрет, мінездеулер арқылы ашады. Оны қыздың құрбылары мен ауылдастарының сөздерімен толықтырады. Жамалдың рухани жан дүниесі, ішкі әлемі ғашығына өлең хатында ашыла түседі.
Қосылсам нәсіп болып сеніменен,
Кім айтар жүрмеді деп теңіменен?
Сенімен отқа түссем - арманым жоқ,
Жуылмаған Жұман атты періменен.
деген үзінді мұны айқын дәлелдейді.
Ғали қабірі басындағы Жамал монологі - бостандық, бақыт жолындағы күресте жеңіліс тауып, өмірден үміті кесілген жанның трагедиясы. Ғалидың қазасынан кейін Байжан мен Сәрсенбай арасындағы гүлдеген сөзді естіп, анасы Шолпан: «Енді қайтеміз?» - дегенде. Жамал: «Апа, енді мен үшін жаманатты болмаңыз, маған енді, Ғали болмаған соң, бәрібір, суға батырып, отқа жандырса да, ықтияр бере беріңдер, алла тағала менің маңдайымды ашайын десе, Ғалиды мұндай қылмас еді», - деп мұңын шағады. Сөйтіп, басқа амалы қалмаған соң, тозаққа өз ризашылығымен түседі.
Ғали
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz