Қаңлылардың шығу тегі және тарихи кезеңдердегі орны


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 3 бет
Таңдаулыға:   

Қаңлылардың шығу тегі және тарихи кезеңдердегі орны

23-Қараша, 2010 4, 498 рет оқылған

«Алаш» тарихи - зерттеу орталығынан «Қазақ ру- тайпаларының тарихы» ғылыми -зерттеу жобасы аясында жарық көріп отырған он бірінші том - «Қаңлы» атты еңбекте ежелгі дәуірден бастап ерте ортағасырдан 20 ғасырдың басына дейінгі Қаңлы тайпасының тарихы баяндалған. Әртүрлі деректер мен нақты зерттеулерді талдау негізінде қаңлылардың арғы бабаларының тарихи тағдыры, олардың Мәуреннахр, Шағатай мен Жошы ұлысы және Алтын Орда құрамындағы және олар ыдырағаннан кейінгі Моғолстан, Әмір Темір және оның ұрпақтары мемлекеті, Қазақ хандығы тұсындағы этникалық процестердегі, ұлт - азаттық қозғалыстардағы орны мен рөлі көрсетілген. Тарихымызда зерттеле қоймаған «ақтаңдақ» мәселелер - Ұлы жүз құрамындағы ең көне тайпалардың бірі қаңлылардың этникалық тамыры, оның шешіре деректері, түркі халықтарында және қазақ жерінде шашырай орналасуының себеп- салдары және т. б тың мәліметтер негізінде баяндалған.

Қазақ тарихын Қаңлы тайпасының тарихын жазбай толыққанды баяндау мүмкін емес. Өйткені ежелгі тарихымыз сақтардан, ғұндардан, үйсіндерден және қаңлылардан бастау алады. Яғни, Қаңлы дегеніміз шын мәнінде қазақтың арғы түп атасын құраған іргелі елдің бірі. Қаңлы қаңлы аталғалы өте көп уақыт өтті. Оны дәлме- дәл ешкім атап бере алмайды. Бір білетініміз, б. з. б. 1 мыңыншы жылдықта - ақ қаңлы атауы бар болатын. Мұнан байқағанымыз, қазақтың түп тамырын білеміз десек, алғаш қаңлының тарихын біліп алуымыз керек. Тағы бір айтарымыз, ежелгі Қаңлы мемлекетінің орналасқан аумағы Орта Азияның дәл кіндігі, Сыр бойы, Арал өңірі, Талас және Шу өзендерінің аймағы - бұлардың бәрі кейінгі қазақтың үш жүзінің түйісетін, бас қосатын және тоғысатын қасиетті аймағы болып табылады. Сондықтан да тарихи географиялық жағынан да Қаңлының тарихын баяндамай, қазақтың басқа руларының шығу- тегін айқындап алу аса қиын. Сондай - ақ Орта Азиядағы көптеген халықтардың өткен тарихы осы Қаңлымен байланысып жатыр. Олардың орналасу аймағы да Қаңлы мекендеген өңірмен қойындасып, шектесіп, мидай араласып жатқан жайы бар. Оның үстіне ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан жерін мекендеген дулат, қыпшақ, оғыз тәрізді бірлестіктердің бәрі өзінің тарихи тамырын қаңлымен байланыстырады. Шығыстағы қаңлылардың ежелгі шығу- тегі Енисей қырғыздарының, байырғы генгундердің, динлиндердің онан соң гаогюйлердің күрделі этникалық тарихына алып барады. Ежелгі Ұйғырлар өзінің тарихын қаңлыларсыз баяндай алмайды.

Кіші Азияда орналасқан бүгінгі осман түріктері өздерінің ата - тегін қаңлылар мен оғыздардан таратады. Кезінде б. з. 9, 11 ғғ. Қаңлылардың оғыздарман Арал бойында тоғысып, етене араласып кетуге мәжбүр болғандары белгілі. Сондықтан да олар, кейінгі түріктер өздерінің ата- бабасын айтқанда, бірде қаңлыдан шыққанбыз десе, бірде оғыздардан тарағанбыз деп отырады. Бұл айтылғандардың бәрінің негізсіз емес екендігін айта кеткен жөн. Осы тарихи шолулардың өзі -ақ қаңлы тарихының күллі түркі дүниесі үшін аса маңыздылығын және өте өзектілігін айқындай түсетіндей. Ежелгі тайпалық бірлестік болғандықтан, қаңлылар о бастан-ақ беделді, жаһанамға белгілі, көршілеріне қадірлі халық болды. Батыстағы печенектер одағын Қытай жылнамаларының «қаңлы», «кангюй» атағаны белгілі. Р. Кузеев кезінде башқұрттар құрамындағы қаңлылар тарихын жан-жақты зерттеген еді. Қыпшақтардың да үлкен бөлігі Қаңлы атанып кетті. Сыр бойындағы қаңлылардың қаласына толық иелік ету үшін қыпшақтар өздерін қаңлылармыз деп мақтанатын. Мұндағы мақсат, осы аймақта заңды қожайын атану еді. Қалай десек те қаңлы мен қыпшақты ажыратып алу ерте ортағасырда аса қиын болды. «Тонның ішкі бауындай» етене араласып кеткен бұл тайпаларды сипаттағанда сондықтан да кейінгі тарихшылар Қаңлы - Қыпшақ бірлестігі деп жалпылама айта салатын болды. Ерте ортағасырлардағы Сыр бойындағы қалаларды билеушілер қаңлыдан шыққан ба, жоқ әлде қыпшақ па? деген сауалдарға да тарихшылар күні бүгінге дейін жауап іздестіріп келеді.

Қаңлы қазіргі қазақта да қаңлы атанады. Соған қарамастан, ерте ортағасырда аты дүркіреп бүкіл Дешті Қыпшаққа әйгілі болған, сонау Кіші Азия төріне дейін салтанат құрған қаңлылар кейінгі қазақтың құрамында саны жағынан шағын тайпа болып қалды. Әрине, қазақ ежелгі Қаңлыға деген құрметін бір сәтке де жоғалтқан емес. Оған деген өзінің ыстық ықыласын әрқашанда байқатып отырады. Солай бола тұрса да байырғы қаптаған Қаңлы неге азайып кетті? - деген сауалдың да тарихшыларымыздың көкейінде тұрғаны ешкімге құпия емес. Әртүрлі тарихи дүрбелеңдер, қасап қырғындар қазақты құраған көптеген тайпаларды, оның ішінде қаңлыларда бар, тарихтың қатерлі тезінен өткізіп, осындай демографиялық тұрғыдан ауыр жағыдайға тап қылса, оған не айтарсыз?

Дегенмен де бір нәрсе анық, түркі дүниесіне әйгілі ежелгі қаңлылар өздерінің асқақ беделін, қадірменді абыройын жоғалтқан жоқ. Сондықтан да болар Қаңлы есімі түркі этнонимдері арасында әлі де си - сияпатпен, қадір - қасиетпен аталады. Тарихи әдебиетте қаңлыларды әспеттеп « кәделі елде Қаңлы бар, ханың болмаса, Қаңлыдан хан сайлап ал» деген мақал кеңінен таралған. Мұның өзі әрбір өзін қадірлейтін ру- тайпа алғаш Қаңлыларды қадірлеу керек, өйткені, олардың арғы тарихы Қаңлымен тығыз байланысты дегенді аңғартқандай. Сонымен бірге бұл мақалдан төре тұқымынан, яғни Шыңғыс хан ұрпағынан хан сайлаған қазақтардың «төрелер жоқ жерде Қаңлыға сенім артуға болады» деген ұйғарымға келгенін және мұндай тұжырымнаң ғасырлар бойы қазақ қоғамына берік орныққанын аңғарта түседі.

Қазақ хандығы тұсында қаңлылардың Шыңғыс тұқымдарына ілесіп, Қазақстанның түкпір- түкпіріне ыдырап кеткені туралы тарихшылар өз зерттеулерінде айтып жүр. Мұның өзі қаңлылардың ежелгі ел ретінде кейінгі Қазақ хандығын билеуші ақсүйек төрелерге аса қажет және қадірлі болғанын тағы да дәлелдей түседі. Жалпы қаңлылардың жауынгер халық екені ежелгі қытай жылнамаларында - ақ мойындалған нәрсе. Олар өздерінің осындай батырлықтарымен, жаужүректігімен Таластан батысқа қарайғы Арал бойына дейінгі үлкен аймақты өздеріне бағындырған еді. *[1]

Қаңлы тарихы жоғарыдағыдай өзекті мәселелерге байланысты көптеген зерттеушілердің назарын аударды. Олардың ішінде дәл осы тақырыптан көз майын тауысып, деректер жинаған және қазақ тілінде тұңғыш рет қаңлыға байланысты тарихшылардың, әдебиетшілердің және тағы басқа салалардағы ғалымдардың пікірлерін топтап, шоғырландырып, бір кітапқа енгізген қазақтың белгілі ғалымы, академик Әбдуәли Қайдар ағамыз болды. Оның «Қаңлы (тарихи шежіре) » деген еңбегі* [2] бүгінгі күні осы тақырып толғандыратын зерттеушілердің басты зерттеу нысанына айналып отыр. Әрине, Қаңлы тарихын жазып шығу үшін ең алдымен ежелгі қытай жылнамаларын қарап шығуымыз керек. Ежелгі кангх, кангюй (қаңылы) , қаңғар деген атаулардың жылнамалардан бастау алатынын айтпасқа болмайды. Қаңлылардың шығыстағы және батыстағы, Сыр бойындағы орналасу мекендері туралы, олардың алғашқы қуатты мемлекеттік бірлестіктері туралы құнды деректерді Қаңлыға байланысты Қытай саяхатшыларының жазбаларының маңызы өте зор.

Қаңлы этнониміне байланысты зерттеушілер көзқарастары әртүрлі. Онамастика саласындағы маман Т. Жанұзақовтың «қаңлы» этнониміне байланысты мынандай дәйектер келтіреді. Қаңлы этнонимі екі компониенттен тұрады. Біріншісі кан (ган) - өзен, екіншісі - лы - көптікті, ұйысушылықты білдіреді. Сонда бұл «өзен жағасында тұратын тайпа» мағынасын береді. *[3] Осы мәселені басқаша түсіндірген С. П. Толстов «кангха» терминін иран тілінде өзен тармағының аймағы деп түсінуге болатынын дәлелдемек болған еді. Әңгіме бұл жерде оның ойынша, Амудария және Сырдария өзендерінің тармақтарына қатысты. Сонымен бірге С. П. Толстов «Кангх» терминінің этимологиясын үнді-еуропа тілінде жиі кездесетін «канал, канава» деген сөздермен байланыстырған еді. *[4] С. Г. Кляшторный И. Маркварттың пікірлері бойынша Орхон жазуларында кездесетін «кенгерес» этнонимінің «қаңғар» этнониміне байланысы туралы талдаған. Печенег - кенгерестер Арал аймағында және Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан деген пікірінің «Қаңға өзенінен келгендер» деген мағынаны туындататынын атап көрсеткен еді. Жалпы алғанда, ол бұл Ибн Хордадбехтың Сырдария өзенін Қаңғар өзені деп атаған пікірімен сәйкес келетінін атап кетеді. Осыған байланысты В. В. Бартольд оның көзқарастарындағы қаңғарларды кенгерестермен байланыстыруды, сондай-ақ ежелгі печенегтерді Сыр бойына орналастырылуын қолдайды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мәдениет және өркениет: өзара байланысы мен ерекшелігі
Үйсін, қаңлы мемлекеттері
Қазақстан тарихы жөніндегі мәліметтер
Қаңлылар туралы
Үйсін тайпалары және Қаңлы елі
Қаңлы тайпасының шығу тарихы
Қаңлылар мен үйсін тайпаларының бірлестігі
Қыпшақ хандығының құрылуы мәселесін қарастыру
Қаңлы мемлекеті. (б.з.д. 3 – 1-ғасыр)
Сақ. Үйсін. Қаңлы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz