Қарақшылық бөтеннің мүлкін ұрлаудың ерекше түрі


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

ӘОЖ 345. 0268:363. 25 Қолжазба құқығында

ТОЙҚАРАЕВА АЙГҮЛ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

ҚАРАҚШЫЛЫҚ БӨТЕННІҢ МҮЛКІН ҰРЛАУДЫҢ ЕРЕКШЕ ТҮРІ

Мамандығы 6N0301-Құқықтану

Құқықтану магистрі академиялық дәрежесін алу

үшін дайындалған магистрлік диссертация

Ғылыми жетекші: з. ғ. к., аға оқытушы Е. П. Мергенбаев

Түркістан 2011

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . . . . ………. 3

1 Меншікке қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы

1. 1 Меншікке қарсы қылмыстардың түсінігі . . . …. 8

1. 2 Талан-тараждың белгілері мен түрлері . . . 10

2 Қарақшылық қылмысының қылмыстық-құқықтық

сипаттамасы

2. 1 Қарақшылық қылмысының объектісі . . . 16

2. 2 Қарақшылық қылмысының объективтік жағы . . . 20

2. 3 Қарақшылық қылмысының субъективтік жағы . . . 30

2. 4 Қарақшылық қылмысының субъектісі . . . 34

2. 5 Қарақшылық қылмысының сараланған және ерекше

сараланған құрамдары . . . . . . 40

2. 6 Қарақшылық қылмысының басқа да өзара ұқсас

қылмыстардан айырмашылығы . . . . 56

3 Қарақшылықтың криминологиялық сипаттамасы

3. 1 Қарақшылық қылмысының деңгейі мен динамикасы. . . . . 64

3. 2 Қарақшылық қылмысына әсер ететін себептер мен факторлар . . . … . . . 67

3. 3 Қарақшылық субъектісінің тұлғасы . . . …69

3. 4 Қарақшылық қылмысын алдын алудың негізгі бағыттары……… . . . 70

Қорытынды. . . . . . . 72

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 74

Қосымша . . . 78

Резюме . . . 81

Кіріспе

Диссертациялық жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақстан Республикасының Конституциясы республикадағы мемлекеттік меншік пен жеке меншікті бірдей таниды және бірдей қорғайды. Сонымен қатар меншік иелерінің құқықтары мен олардың мүліктерін қорғауға кепілдік береді. Егер меншік иелерінің құқықтары бұзылса, оларды қалпына келтіруде қылмыстық құқық қолданылады.

Қылмыстық заңнамада адам құқықтары мен бостандықтары заңмен қорғалатын жоғары әлеуметтік қазына ретінде бастапқылық және мызғымастық тұрғысынан көрініс табуы керек.

Қылмыстық саясат ең бірінші онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамдарға, әлеуметтік жағынан нашар қамтамасыз етілген топтарға - жүкті әйелдерге, асырауындағы балалары жоқ жалғыз басты әйелдерге, кәмелетке толмағандарға қатысты ізгілік бағытында дамуы керек. Сонымен қатар оны ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған кінәлі адамдарға, қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген адамдарға, қылмыс рецидивтеріне қатысты қатаң ету қажет [1] .

Сонымен бірге Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың айтуы бойынша заңды құрметтейтін азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау құқық қорғау органдарының негізгі міндеті болып табылады [2] .

Диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі. Статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, Қазақстан Республикасының территориясында жалпы 2003 жылы - 95912, 2004 жылы - 31659, 2005 жылы - 127681, 2006 жылы - 123112, 2007 жылы - 128064, 2008 жылы - 124478, 2009 жылы - 121667 жалпы қылмыс саны тіркелінді. Оның ішінде, қарақшылық қылмысы меншікке қарсы бағытталған қылмыстардың ішіндегі ең ауыры. Мысалы, 1990 жылы республика бойынша қарақшылық қылмысының саны 1321, 2006 жылы қарақшылық қылмысының саны 2474, 2007 жылы қарақшылық қылмысының саны 1994, 2008 жылы қарақшылық қылмысының саны 1950, 2009 жылы қарақшылық қылмысының саны 1624 құраған.

Сонымен қатар, қарақшылық мүлікті ірі мөлшерде талан-тараждау мақсатында 4%, аса ірі мөлшерде талан-тараждау мақсатында 3, 4% жасалынады [3] .

Бұл қылмыстың қоғамға қауіптілігі, саралаудағы қиындық, тергеу және сот тәжірибесінің жетілмеуі қарақшылықпен күресудегі проблемаларды зерттеуде өзекті қылып отыр.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Кеңестік заң әдебиеттерінде қарақшылық үшін жауаптылық мәселелеріне Ә. Б. Бахаутдиновтың, Н. С. Гагариннің, М. Б. Гугучияның, Г. Л. Кригердің, М. П. Михайловтың монографиялық зерттеулері арналған.

Сонымен қатар тиісті мәліметтер Е. О. Алаухановтың, А. Н. Ағыбаевтың, В. А. Владимировтың, Л. Д. Гаухманның, В. В. Ераксиннің, Г. А. Кригердің, П. С. Матышевскийдің, С. С. Степичевтың, И. Х. Хакимовтың және т. б. еңбектерінде көрініс тапты.

Көрнекті ғалымдардың бұл қылмысты жан-жақты зерттеуі, оны зерттеуге кедергі бола алмайды. Өйткені, біздегі тәжірибеде көптеген қателіктер бар. Осы ғалымдардың ойларына сүйене отырып, заңдағы және сот практикаларындағы қателіктерді жоюға болады. Ал бұл біздің заңнаманы салыстырмалы түрде зерттеуге итермелейді.

Бұл тақырыпты таңдау себебім, қазіргі уақытта халық нарықтық экономикаға бой үйретіп, өзінің қажеттілігі үшін мүлікті қанша керек болса, сонша алуда. Бұл мүлік біреудің еңбегімен, терімен келген деп есептесек, біреулер оны арамтамақтық (паразиттік) жолмен оны өз меншігіне айналдыруға тырысады. Ал қарақшылықта мұндай әрекеттердің нәтижесінде, жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіп туады. Сондықтан бұл қылмыс бірден екі объектіге бағытталған.

Бұл қылмыс көбіне жастармен жасалады, яғни жастар өзінің дене бітіміндегі күшке сеніп жасайды. Ал рецидивтер болса, өзінің тәжірибесіне сүйеніп жасайды. Ал бұл қылмысты ауырлатып жібереді.

Қазіргі кезде үлкен қалаларда (мысалы, Алматы, Астана), түнгі уақыттарда қарақшылық, тонау арқылы адамдардың мүлкін, ақшасын, заттарын, ұялы телефондарын (бұл қазір жиі кездеседі) талан-тараждау көп орын алуда. Сондықтан бұл қылмысты, оған әсер ететін себептер мен факторларды анықтауға, зерттеуге бел будым.

Сот тәжірибесін зерттей келе, құқық қорғау органдарының қарақшылық қылмысымен күресуде әлі жетілмегенін көруге болады. Көбінесе, қылмысты саралауда, қарақшылықты ұқсас қылмыстарды айыруда көптеген қателіктер кетіп жатады. Бұл қылмыстар бойынша әрқашанда, оны жасау себептері мен шарттары анықталмайды. Ал бұл қылмысты терең зерттеу, осы қателіктерді жоюға өз септігін тигізер еді.

Зерттеу объектісі.

Магистрлік диссертациялық жұмыстың зерттеу объектісі болып қарақшылық қылмысы, оның ерекшеліктері, қарақшылық қылмысының сараланған түрлері мен оны криминологиялық тұрғыдан зерттеу мәселесі болып табылады.

Зерттеу жұмысының әдістемелік негізі.

Қоғамдық ғылымдарға ортақ, жалпы танымдық және арнайы ғылыми әдістер, теориялық негізін қылмыстық құқық, криминология, философия, социология, логика, психология ғылымдарының негізгі қағидалары құрады. Тақырыпты зерттеу барысында тарихи талдау, салыстырмалы құқықтану, жүйелі-құрылымдық талдау әдістері кеңінен пайдаланылды. Жұмыста статистикалық және нақты әлеуметтік (қылмыстық істердің құжаттарымен танысу) әдістерге жүгіну орын алды. Сонымен қатар, құжаттарды саралау және олармен жүйелі түрде танысу қолданылды.

Диссертациялық зерттеудің (эмпирикалық) деректік негіздері. Қазақстан Республикасы және бұрынғы КСРО Жоғарғы Сотының жарияланған тәжірибесін зерттеу қорытындылары; бұрынғы және кейінгі жылдарда жарық көрген криминолог ғалымдардың ғылыми еңбектері; Диссертациялық зерттеудің деректік негізі мен тұжырымдары Қазақстан Республикасының Коституциясына, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарына, Республикалық Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларына негізделеді. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы құқықтық статистика және ақпарат орталығы агенттігінің соңғы жеті жыл ішіндегі (2003-2009 ж. ж. ) қылмыс статистикасының мәліметі болып табылады.

Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері . Магистрлік диссертацияның негізгі мақсаты, ол қарақшылыққа жауаптылықты көздейтін заңнаманың осы қылмыспен күресу міндетіне сәйкес келу мәселесін зерттеу. Тергеу және сот тәжірибелерін, заңнаманы және теориялық аспектілерді зерттей келе, бірқатар ұсыныстарды, заңнаманы жетілдіру мақсатында ұсынуға тырысамыз.

Сот тәжірибесін, теорияны зерттей келе, қарақшылық шабуылын саралауда, оны басқа ұқсас қылмыстардан ажыратуда кететін қателіктерді жою мақсатында бірқатар ұсыныстарды енгізуге талпынамыз.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

1. Егер жәбірленушінің еркінсіз, оның өмірі мен денсаулығына қауіпті улы, есеңгірететін, есірткі заттарын беру арқылы, оның мүлкін иеленсе, онда оның күш қолданып жасалған қарақшылықтан еш айырмашылығы жоқ. Мұнда біз жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіп тудырды ма, жоқ па? Анықтап алуымыз қажет. Егер жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіп тудырмаса, онда оны тонау ретінде саралауымыз керек .

Тергеу және сот тәжірибесінде бұл мәселеге көп мән берілмейді. Ал негізі бұл саралауда өте қажет. Сонымен қатар денсаулыққа зиянның ауырлығын бағалағанда сот-медициналық сараптамасы тағайындалуы керек. Ал бұл көп жағдайда тағайындала бермейді.

2. Тергеу және сот тәжірибесіндегі материалдарды қарап шығып, мынадай тұжырымға келуге болады: тәжірибедегі қызметкерлер мүлікті алу үшін күш қолданылған кездегі келтірілген тиісті дене жарақатының дәрежесін анықтауға қандай да бір көңіл бөлмейді. Кейбір жағдайларда қолданылған зорлық жәбірленушінің денсаулығына қауіп төндірді ме, әлде денсаулығын бұзбайтындай жеңіл дене жарақаты салынды ма, қажетті процессуалдық құжаттарда көрсетілмейді. Ал қолданылған зорлықтың дәрежесін білмей жатып, оны қарақшылық немесе күш қолданып жасалған тонау деп саралау әрқашанда қиындық туғызады.

Тәжірибедегі қолданылатын тағы қателік - ол жәбірленушіге қарақшылық шабуылы кезіндегі денсаулығының бұзылуына әкеп соққан жеңіл дене жарақатын тонау деп мойындау.

3. Тергеу және сот тәжірибесіндегі тағы бір қателік, яғни заң қарақшылықтың аяқталу сәтін шабуыл жасаған сәттен бастап бітетін, яғни формальдік құрам ретінде қарастырғанымен, айыпты шабуыл жасап, жәбірленушіге күш қолданып, оның мүлкін қандай да бір себеппен иеленбей қалса, онда оны қарақшылыққа оқталу ретінде қарастырады .

Бұл дұрыс емес. Сондықтан тергеу және сот қызметкерлеріне қарақшылық қай уақытта аяқталған, ал қай уақытта ол оқталған қылмыс ретінде сараланатынын білу аса қажет.

4. Қазіргі Қылмыстық кодексте және Жоғарғы Соттың басқа да нормативтік қаулыларында орыс тіліндегі “хищение” сөзі “ұрлау” деп аударылған. Бұл дұрыс емес. Өйткені, ұрлау ұрлықпен сабақтасып жатыр.

Сондықтан бұл терминдерді шатастыру студенттердің арасында ғана емес, заңда, қаулыларда да орын алып жатады. Мысалы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының “Ұрлау істері жөніндегі сот тәжірибесі туралы” 11-шілде 2003 жылғы №8 нормативтік қаулысында бір ғана орыс тіліндегі “хищение” сөзі екі бөлек терминмен аталған, ол яғни ұрлау және ұрлық. Сондықтан мұны талан-тараж сөзімен алмастыру қажет.

5. Қарақшылықтың субъективтік жағында міндетті белгі ретінде “пайдакүнемдік мақсат” қарастырылған. Сонымен қатар оны “бөтеннің мүлкін иелену мақсаты” деп те қарастырады. Ал ниет қарақшылықтың міндетті белгісі ретінде қарастырылмаған.

Ниет пен мақсат бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен, бұлар екі түрлі түсініктер болып табылады. Ниет - бұл адамның ойындағы, оны қылмыс жасауға итермелейтін нәрсе. Ол адамды не итермелейді, не жүргізеді деген сұраққа жауап берсе, мақсат - бұл адамның белгілі бір қажеттілігін қанағаттандыру үшін тілейтін, күтетін және іс-әрекеттің нәтижесін алдын ала тосу әрекеті. Сондықтан ниет адамның белгілі бір мақсаттарға жетуіне ықпал етеді.

Осы жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қылмыстық кодексте ниетті міндетті белгі ретінде қарастыру керек деп ойлаймын. Сондықтан Қылмыстық кодекске өзгертулер енгізу керек, онда ниет пайдакүнемдік, ал мақсат бөтеннің мүлкін иеленудегі материалдық мүдде ретінде қарастырылуы қажет.

6. Сонымен қатар қарақшылықты болғызбау үшін, оны алдын алу үшін жастардың, қылмыскерлердің арасында оны ауыр қылмыс ретінде қарастыратынын, оған үлкен жаза тағайындалатынын ашық айту керек.

Мұндай жұмыс әсіресе, жоғарғы оқу орындарында, колледждерде, мектептерде жүргізілуі керек және оны жүргізуде полиция, прокуратура қызметкерлері белсенділік танытуы қажет. Ал бұрын сотталған рецидивтерді жергілікті атқару органдары жұмысқа орналастыру керек және оларға әкімшілік қадағалауды полиция органдары үздіксіз жүргізіп отыруға тиіс.

7. Тәжірибедегі материалдарды қарай келе, қарақшылық көбінесе жаппай тәртіпсіздіктер болғанда орын алатынына көз жеткізуге болады. Сондықтан қарақшылықтың ерекше сараланған нышанында “соғыс және төтенше жағдайлар кезіндегі қарақшылық жасауды” жатқызу керек.

Бұл норма осы жағдайлар орын алған кезде қарақшылық қылмысын алдын алу болып табылады. Себебі, соғыс және төтенше жағдайларда айыпты өзінің білінбей, ұсталмай қалуы мүмкіндігінің болуына байланысты бұл қылмысты жасауы әбден мүмкін.

Зерттеудің тәжірибелік маңызы.

Тәжірибелік және теориялық аспектілерді зерттей келе, мынадай проблемаларды нақтылауға тура келді: қылмыстық құқықтағы даулы мәселе, қарақшылыққа жауаптылық көздейтін норманың орны туралы, қарақшылық және талан-тараж түсініктерінің ара-қатынасы туралы, қарақшылықтың сараланған құрамына бірқатар нормаларды енгізу туралы және т. б.

Сонымен қатар әдебиеттерді және сот практикасын зерттей келе, мынадай түсініктерді ашуға мүмкіндік туды: шабуыл жасау, күш қолдану, күш қолданамын деп қорқыту, оның өмірге және денсаулыққа қауіптілігі, қарақшылықтың аяқталу кезеңі, қылмысты жасау ниеті мен мақсаты, әртүрлі дене жарақатын және қарақшылық шабуылы кезіндегі адам өлтіруді саралау, қарақшылықты ұқсас қылмыстардан ажырату.

Қылмысты алдын алу және сақтандырудың басым бағыты болып онымен күрес жүргізу, жедел іздестіру қызметін жетілдіру, ақпараттық қамтамасыз ету және аналитикалық жұмыс деңгейін көтеру, халықаралық байланысты арттыру болып табылады [4] .

Сонымен бірге зерттеуде, қарақшылықты жасау себебі мен шарттарына жеткілікті назар аударылған. Бұл негіздер ұйымдар мен азаматтардың қауіпсіздігі үшін керек және құқық қорғау органдарының қылмысты алдын алуға қажет болып табылады.

Зерттеудің нәтижелері. Диссертация бойынша бір ғылыми мақала және бір баяндама тезисі жарияланған.

Диссертациялық зерттеудің құрылымы. Диссертациялық зерттеу жұмысы кіріспеден, үш бөлім, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымша, резюмеден тұрады.

1 Меншікке қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы

1. 1 Меншікке қарсы қылмыстардың түсінігі

Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады (6-баптың 1-тармағы) . Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектерді, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді (6-баптың 2-тармағы) .

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 188-бабына сәйкес меншік құқығы дегеніміз субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы болып табылады.

Осыған байланысты меншік иелерінің заңды құқықтары азаматтық құқықтық нормалармен, сондай-ақ меншік құқығына қоғамға қауіпті іс-әрекет арқылы қиянат жасалғанда қылмыстық құқық нормасы арқылы да қорғалады.

Меншікке қарсы қылмыстардың топтық объектісі - меншік иесінің иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын құрайтын меншікке байланысты қоғамдық қатынастар болып табылады.

Осы топқа кіретін қылмыстардың тікелей объектісі - меншіктің нақты бір нысаны - мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың, бірлестіктердің немесе басқа ұйымдардың, жеке тұлғалардың меншігіне қол сұғу болып табылады.

Меншікке қарсы қылмыстардың затына адам еңбегі арқылы жасалған кез-келген материалдық дүниелер, заттар жатады. Осыған байланысты адамның ақыл-ойы, идеясы, заттық белгісі болмағандықтан осы қылмыстардың заты болып табылмайды.

“Меншікке қарсы қылмыстардың ішіндегі ең көп таралған және қоғамға едәуір қауіптісі - ұрлау” [5] .

Қылмыстық заң ұрлағандық үшін, оның жасалу тәсілдеріне қарай нақты жауаптылық қарастырған. Қылмыстық кодекстің тиісті баптарына бөліп, нормативтік тұрғыдан бекіткен, оларға ұрлаудың мына формалары жатады: ұрлық, иемденіп алу немесе ысырап ету, алаяқтық, тонау және қарақшылық.

Осы ретте “ұрлау” сөзі орыс тіліндегі “хищение” сөзінің аудармасын беріп тұрған жоқ, яғни бұл сөз өз орнында тұрған жоқ деп айтуға болады. “Ұрлаудың” орысша аудармасы “воровать, украсть, похитить, расхищение” болса, “хищение” сөзінің қазақша аудармасы - қымқыру, ұрлық. Ал “расхищение” сөзінің қазақша аудармасы - талан-тараж, ұрлау, ұрлаушылық. “Қымқыру” сөзінің орысша аудармасына келсек, “стащить, хищение, утаивать, украсть” - деген сөздерді береді. Ал талан-тараждың орыс тіліндегі аудармасы “грабеж, погром, расхищение, растранжировать” - деген сөздерді білдіреді” [6] .

Сонымен қатар бір ғана орыс тіліндегі “хищение” сөзі, Қазақстан Республикасының “Ұрлау істері жөніндегі сот тәжірибесі туралы” 11-шілде 2003 жылғы №8 Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында екі түрлі атаумен айтылған, ол біріншіден “ұрлау”, екіншіден - “ұрлық”. Мысалы, осы қаулының 8-тармағында ұрлық жасау жөнінде алдын ала келісіп, оған екі немесе одан да көп адамдар қатысса, ондай ұрлық адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған ұрлыққа жатады делінген.

Осы барлық негіздерді басшылыққа ала отырып, “хищение” сөзінің аудармасын “талан-тараж” деп алу керек деп ойлаймын. Өйткені “ұрлау” сөзі “ұрлық” сөзімен сабақтасып жатыр. Ал ұрлықтың орысша аудармасы - “воровство, хищение, кража”. Ал “қымқыру” сөзіне келер болсақ, қымқыруды тек жасырын жасалған қылмыстарда ғана қолдануға болады. Ал ашық жасалған қылмыстарда “қымқырып кетті” деп айту мүмкін емес. Сондықтан ең қолайлысы және жақыны, сонымен қатар мазмұны жағынан жақын тұрған талан-тараж сөзі. Оған қоса, талан-тараж сөзі барлығына таныс, өйткені ҚазКСР Қылмыстық кодексінде қазіргі “ұрлау” сөзінің орнына “талан-тараж” деген сөз қолданылған.

Талан-тараж түсінігін анықтаудың және оның негізгі элементтеріне сипаттама берудің талан-тараждың барлық формаларына тән нысандарды айқындауға және бекітуге мүмкіндік беретіндігі, нақты формаларына талдау жасауды жеңілдететіндігі, оларды меншікке қарсы басқа қылмыстардан, басқа объектіге қол сұғушылықтан, сондай-ақ қылмыстық заңмен жазаланбайтын әрекеттерден шектеуге көмектесетіндігі қылмыстық заң ғылымында құптау тапқан. Қазіргі кезде талан-тараждың түсінігі Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде өзінің заңдық бекімін тапты. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 175-бабының ескертуінде былай делінген: “Осы Кодекстің баптарында ұрлау деп пайдакүнемдік мақсатта бөтен мүлікті осы мүліктің меншік иесіне залал келтіре отырып, айыптының немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз, қайтарымсыз алып қою және (немесе) айналдыру танылады”. Талан-тараж түсінігіне берілген бұл анықтамадан көретініміз, ғалым-заңгерлер ұсынған заң талаптарына жауап беретін топтама түсініктер ішінен заң шығарушы “алу” терминін мойындаған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының “Ұрлау істері жөніндегі сот тәжірибесі туралы” 11 шілде 2003 жылғы №8 нормативтік қаулысында да талан-таражға бірқатар ауытқулармен, осы тектес анықтама берілген: “Бөтен мүлікті ұрлау дегеніміз - меншік иесінің мүлкін пайдакүнемдік мақсатта заңсыз, қайтарымсыз алу және оны өз пайдасына немесе басқа адамдардың пайдасына айналдыру”.

Заңмен берілген анықтамадан талан-тараждың объективтік жағынан сипаттайтын мына нышандарды бөліп алуға болады:

а) мүлікті алу;

б) алудың заңға қайшылығы;

в) алудың қайтарымсыз болуы;

г) пайдакүнемдік мақсат.

“Алу” түсінігі талан-тараждың қарақшылықтан басқа барлық мүмкін болатын жеке тәсілдерін қамтиды. Ал қарақшылықты алатын болсақ, заң шығарушы оның аяқталу сәтін мүлікті иелену мақсатында шабуыл жасау кезеңіне аударған. Бұл нышан қылмыс затына заңға қайшы ықпал жасаудың сыртқы процесін неғұрлым дәл бейнелейді және белгілі бір шамада қылмыстық-құқықтық қорғау объектісіне зиян келтіру тетігін сипаттайды, себебі алу әрқашанда заңсыз қылмыспен, талан-тараждалған мүліктің меншік қатынастарына қатысушылардың (жақтардың) әлеуметтік байланыстарындағы құрылымында орнын өзгертумен ұштасқан, ол байланысты қалай да бұзады, оның қалыпты дамуына нұқсан келтіреді.

1. 2 Талан-тараждың белгілері мен түрлері

Талан-тараж арқылы мүлікті алғанда айыпты оны өз пайдасына немесе басқа адамдардың пайдасына айналдырады. Талан-тараждаған адам мүлікке өз меншігіндей билік жасайды, бірақ заң жүзінде ол меншік иесі бола алмайды, себебі меншік құқығын қылмыстық жолмен алу мүмкін емес. Сондықтан да жәбірленушінің талан-тараждалған затқа меншік құқығын талан-тараж жоғалта алмайды. Талан-таражға заң тұрғысынан анықтама бергенде бөтен мүлікті айыптының меншігіне емес, оның пайдасына немесе басқа адамдардың пайдасына айналдыру дегенді, бәлкім осы тұрғыдан түсіндіру қажет.

“Талан-тараждау кезінде жалпы тәртіп бойынша мүлік басқа біреудің, яғни меншік иесінің немесе меншік иесі өкілеттік берген адамның заңдық иелігінен айырылады” [7] . Бірақ мүлікті, затты заңсыз иелігінде ұстаушылардан да бұл заттар талан-таражға ұшырауы ғажап емес. Мысалы, ұрлаған адамнан қарақшылық жасау арқылы, алаяқтық жасаған адамнан тонау арқылы және т. б. затты алып қою. Затты немесе мүлікті оны заңсыз иеленген адамнан талан-таражға ұшыратқан кезде ұрлықты немесе тонауды жасаушы адам, бұл заттың меншік құқығы кімде және ол меншік иесіне ме, әлде ұрлаған адамға зиян келтіреді ме? Білмейді. Бұл жерде жәбірленуші тек шын меншік иесі болып табылады. Өйткені, ең соңында мүліктік зиянды тек жәбірленуші шегеді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
БӨТЕННІҢ МЕНШІГІН ҰРЛАУДЫҢ ТҮСІНІГІ
БӨТЕН МҮЛІКТІ ТОНАУДЫҢ ҚҰРАМЫ ЖӘНЕ БӨТЕН МҮЛІКТІ ҰРЛАУДЫҢ НЫСАНДАРЫМЕН БАЙЛАНЫСЫ
Меншікке қарсы қылмыстарды жіктеу
Бөтен мүлікті ұрлаудың объектісі
ҰРЛАУМЕН БАЙЛАНЫСТЫ ЕМЕС, ПАЙДА ТАБУ МАҚСАТЫНДА МЕНШІККЕ ҚАРСЫ ЖАСАЛҒАН ҚЫЛМЫСТАР
Бөтеннің мүлкін талан-таражға салу
Бөтен мүлікті ұрлаудың обьективтік белгілері
Ұрлықтың мәні - мүлік
Бөтен мүлікті ұрлаудың обьективтік және субьективтікбелгілері
Бөтеннің мүлкін ұрлаудың қылмыстық құқықтық сипаттамасы, онымен күресудің шаралары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz