Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттар қорлары құжаттары саяси репрессиялар тарихының дерек көзі



КІРІСПЕ
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста Қазақстан- ның орталық және жергілікті мұрағат құжаттары кеңестік саяси репрессия тарихының дерек көзі ретінде талданады. Мұрағат материалдарын кешенді түрде зерттеу отандық деректану ғылымындағы көптеген мәселелерді айқындауға мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. ХХ ғасыр тарихы - КСРО мемлекеті, оның құрамындағы Қазақстан үшін арпалысты болды. Ғасырдың екінші онжылдығында дүниеге келген жаңа өкімет қоғамды түбегейлі өзгертіп қана қоймай, өзімен бірге халықтар тағдырына зор алапат апаттар алып келді. Бұл тоталитарлық мемлекет жүйесі және саяси репрессиялар толқыны еді.
Біз тоталитаризмнен демократияға өткен мемлекетте өмір сүре отырып, шын мәнінде өткен жүйенің қаншалықты қасірет әкелгенін түсінеміз. Қоғам өміріне еніп жатқан жаңа ойлар мен идеялар жылдар бойы кеңестік насихаттаулар арқылы қалыптасқан сананы бір мезетте өзгертпейді. Ұрпақтар алмасуы, тәуелсіз еліміздің жастары ғана бүкіл адамзаттық құндылықтарды қабылдап, жаңа жүйеге өтуге мүмкіндік алу арқасында бұл міндет үдесінен шығуға болады. Кеңестік тоталитаризмнің жүргізген ең ауыр шарасы - саяси репрессиялар. Біздің ойымызша, саяси қудалау тоталитарлық жүйенің ұлттық сана - сезімді күйретуге арнаған бағыты еді.
Кеңестер Одағында орын алған саяси репрессиялар бүгінгі таңда дүниежүзілік тарихшылар тарапынан зерттелуде. Қазіргі кезде бұрынғы тоталитарлық мемлекет тарихының ақтаңдақ беттерін ашып, зерделеу қажеттілігі туындап отыр. 1996 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «1997 жылды жалпыұлттық келісім және саяси репрессия құрбандарын есте сақтау жылы деп жариялауы туралы» жарлығының шығуы да қоғам өміріндегі аталмыш тақырыптың орнын көтеріп, өзектілігін анықтап берді. Қазақстанның қазіргі заман тарихында саяси репрессия тақырыбының өткір мәселеге айналуы осылайша жолға қойыла бастады. Тарихи еңбектер жазылып жатты, деректерді жариялау басталды. Бірақ саяси репрессиялар тақырыбы әлі де ізденістерді қажет етті. 2007 жылы, 31 мамырда Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол (бұрынғы - Малиновка) селосында «АЛЖИР» музейлік - мемориалдық кешені ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев тақырыптың тарихи перспективалары ашылды, біз оны міндетті түрде жүзеге асырамыз деп атап өтті. Бұл ретте алдымен саяси репрессиялардың тарихи деректері жан-жақты зерттелуі қажет деп ойлаймыз. Әртүрлі тарихи еңбектер жазылғанмен, негізгі түпқазық деректердің анықталуы тақырыптың ашылуын жаңа бір белеске көтерері сөзсіз. Бұл тұста кеңес кезеңі деректерінің ерекшелігі мен әлеуеті анықталып, қазақстандық мұрағаттар құжаттарын талдау керек.
Мұрағаттық құжаттарды тарихи дерек көзі талдаудың жолға қойылуы тоталитарлық мемлекеттің адам құқығын шектеу жолында жасаған қылмыстарын әшкерелеуге мүмкіндік береді. Мәселені анықтауда деректер - мен жұмыс істеудің жаңа методологиялық ұстанымдарын іздеу кеңес кезеңі мәліметтерін талдаудың көптеген мәселелерін туындатады. Алдымен жаңа мәліметтерді ғылыми айналымға енгізу, қазақстандық археографияны дұрыс жолға қою, деректерді құпиясыздандыру үдерісін шегіне жеткізу, зерттеушілерді шектеу салынған мәліметтерге жіберу секілді мәселелерді шешу қолға алынуы керек. Сонымен қатар, деректік материалдармен жұмыс істеу әдістерін игеру, жүйелеу бағытында кешенді түрде жұмыстар жүргізуді қолға алу қажеттілігі шықты. Осының барлығы тақырыпты зерттеудің маңыздылығын, мәселенің көкейкестілігін күн тәртібіне қояды.
1 Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия: политические, международные и культурные связи (ХV-ХVII вв.): Дисс. д-ра истор. н.-Алматы, 1997. – 312 с.; Атабаев Қ. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері. - Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 302 б.; Абиль Е.А. Методологические проблемы применения естественнонаучных методов в историческом исследовании: история и синергетика: Автореф. дис. д-ра истор. н. – Караганда, 2009. – 41 с.; Әбжанов Х.М. Тәуелсіздік тарихы және зерттеу методологиясы // Қазақстан және қазіргі әлем: тарихы және қоғамдық – саяси дамудың өзекті мәселелері. Халықаралық ғылыми – практикалық конференциясының материалдары. - Семей, 2010. - 26-33 бб.
2 Источниковедение ХХ столетия. Тезисы докладов и сообщений. – М.: РГГУ, 1993. – 215 с.; Источниковедение: Теория. История. Метод. Источники российской истории: Учебное пособие / И.Н. Данилевский, В.В. Кабанов, О.М. Медушевская, М.Ф. Румянцева. – М.: РГГУ, 1998. – 702 с.
3 Әбжанов Х.М. Тәуелсіздік тарихы және зерттеу методологиясы // Қазақстан және қазіргі әлем: тарихы және қоғамдық – саяси дамудың өзекті мәселелері. Халықаралық ғылыми – практикалық конференциясының материалдары. - Семей, 2010. - 26-33 бб.
4 Нұрпейісов К., Әбжанов Х. 51 - жылдың ызғарлы күзі // Қазақстан коммунисі. - 1991. - №3. - 51-61 бб.
5 Козыбаев М.К. Казахстан на рубеже веков: размышление и поиски. - Алматы: Ғылым. 2000. – 388 с.
6 Крайская З.В., Челлини Э.В. Архивоведение. М.: Издательство НОРМА, 1996. - 224 с.
7 Козыбаев И.М. Историография Казахстана: уроки истории. - Алма-Ата: Рауан, 1990. – 136 с.
8 Дильманов С.Д. Исправительно - трудовые лагеря на территории Казахстана (30-е - 50 - е годы ХХ века): Автореф. дис. д-ра истор. н. - Алматы, 2002. - 45 с.
9 Сборник законодательных и нормативных актов о репрессиях и реабилитации жертв политических репрессий. – М.: Республика, 1993. – 245 с.
10 Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг. Сборник документов / Отв. редактор Л.Д. Дегитаева. - Алматы: Казахстан, 1998. - 336 с.
11 Литвин А. Следственные дела как исторический источник // Эхо веков. - 1995. - май. - С. 170-175.
12 Всесоюзная перепись населения 1937 года: общие итоги. Сборник документов и материалов. - Москва: «Российская политическая энциклопедия» (РОССПЭН), 2007. – 320 с.
13 Постановление Пленума Верховного Суда СССР // Астана қалалық мемлекеттік мұрағаты, 406-қор, 1-тізімдеме, 1-іс, 2-п.
14 Акт передачи Джезказганлага НКВД в состав Карлага НКВД. март - июль 1943 г. // Ресей Федерациясы Мемлекеттік мұрағаты (әрі қарай – РФММ), 9414-қор, 1-тізімдеме, 62-іс, 2-16-п.
15 Приказание начальника ГУЛАГа НКВД СССР по основной деятельности. I.1941-ХII.1942 гг. // РФММ, 9414-қор, 1-тізімдеме, 32-іс.
16 Иобе Иван Францевич // ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша Комитетінің Қарағанды қаласындағы филиалы, 16-қор, 1-тізімдеме, 37118- іс.
17 ГУЛАГ: Экономика принудительного труда. - Москва: Российская политическая энциклопедия (РОССПЭН); Фонд Первого Президента России Б.Н. Ельцина, 2008. – 320 с.
18 О выполнении приказа Генерального Прокурора СССР и МВД СССР от 26 апреля 1949 года об освобождении от наказания осужденных беременных женщин и женщин имеющих малолетних детей // ҚР ОМА, 2014-қор, 1-тізімдеме, 46-іс, 45-51-п.

Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 48 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ 930.253:94(574) 1917-1956
Қолжазба құқығында

МҰСАҒАЛИЕВА АРАЙЛЫМ СӘБИТҚЫЗЫ

Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттар қорлары құжаттары саяси
репрессиялар тарихының дерек көзі (1917-1956 жж.)

07.00.09 – тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері

Тарих ғылымдарының докторы ғылыми
дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы
Астана, 2010
Жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан
тарихы кафедрасында орындалды.

Ғылыми кеңесші: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Х.М. Әбжанов
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор І.М. Қозыбаев

тарих ғылымдарының докторы,
профессор Е.А. Әбіл

тарих ғылымдарының докторы,
профессор Р.Ж. Қадысова
Жетекші ұйым: ҚР БҒМ Р.Б. Сүлейменов атындағы
Шығыстану институты

Диссертация 2010 жылы сағат -де Мемлекет тарихы
институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру
жөніндегі БД 53.33.02 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.
Мекен-жайы: 010000, Астана қаласы, Солжағалау, Орынбор көшесі, 8 үй,
Министрліктер Үйі, 14 кіреберіс.

Диссертациямен Мемлекет тарихы институтының кітапханасында танысуға
болады.
Мекен-жайы: 010000, Астана қаласы, Солжағалау, Орынбор көшесі, 8 үй,
Министрліктер Үйі, 14 кіреберіс

Автореферат 2010 жылы
таратылды.

Біріккен Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы,
тарих ғылымдарының докторы Ж.Ү. Қыдыралина

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста Қазақстан- ның
орталық және жергілікті мұрағат құжаттары кеңестік саяси репрессия
тарихының дерек көзі ретінде талданады. Мұрағат материалдарын кешенді түрде
зерттеу отандық деректану ғылымындағы көптеген мәселелерді айқындауға
мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. ХХ ғасыр тарихы - КСРО мемлекеті, оның
құрамындағы Қазақстан үшін арпалысты болды. Ғасырдың екінші онжылдығында
дүниеге келген жаңа өкімет қоғамды түбегейлі өзгертіп қана қоймай, өзімен
бірге халықтар тағдырына зор алапат апаттар алып келді. Бұл тоталитарлық
мемлекет жүйесі және саяси репрессиялар толқыны еді.
Біз тоталитаризмнен демократияға өткен мемлекетте өмір сүре отырып,
шын мәнінде өткен жүйенің қаншалықты қасірет әкелгенін түсінеміз. Қоғам
өміріне еніп жатқан жаңа ойлар мен идеялар жылдар бойы кеңестік
насихаттаулар арқылы қалыптасқан сананы бір мезетте өзгертпейді. Ұрпақтар
алмасуы, тәуелсіз еліміздің жастары ғана бүкіл адамзаттық құндылықтарды
қабылдап, жаңа жүйеге өтуге мүмкіндік алу арқасында бұл міндет үдесінен
шығуға болады. Кеңестік тоталитаризмнің жүргізген ең ауыр шарасы - саяси
репрессиялар. Біздің ойымызша, саяси қудалау тоталитарлық жүйенің ұлттық
сана - сезімді күйретуге арнаған бағыты еді.
Кеңестер Одағында орын алған саяси репрессиялар бүгінгі таңда
дүниежүзілік тарихшылар тарапынан зерттелуде. Қазіргі кезде бұрынғы
тоталитарлық мемлекет тарихының ақтаңдақ беттерін ашып, зерделеу
қажеттілігі туындап отыр. 1996 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1997 жылды жалпыұлттық
келісім және саяси репрессия құрбандарын есте сақтау жылы деп жариялауы
туралы жарлығының шығуы да қоғам өміріндегі аталмыш тақырыптың орнын
көтеріп, өзектілігін анықтап берді. Қазақстанның қазіргі заман тарихында
саяси репрессия тақырыбының өткір мәселеге айналуы осылайша жолға қойыла
бастады. Тарихи еңбектер жазылып жатты, деректерді жариялау басталды. Бірақ
саяси репрессиялар тақырыбы әлі де ізденістерді қажет етті. 2007 жылы, 31
мамырда Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол (бұрынғы - Малиновка)
селосында АЛЖИР музейлік - мемориалдық кешені ашылу салтанатында
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев тақырыптың тарихи
перспективалары ашылды, біз оны міндетті түрде жүзеге асырамыз деп атап
өтті. Бұл ретте алдымен саяси репрессиялардың тарихи деректері жан-жақты
зерттелуі қажет деп ойлаймыз. Әртүрлі тарихи еңбектер жазылғанмен, негізгі
түпқазық деректердің анықталуы тақырыптың ашылуын жаңа бір белеске көтерері
сөзсіз. Бұл тұста кеңес кезеңі деректерінің ерекшелігі мен әлеуеті
анықталып, қазақстандық мұрағаттар құжаттарын талдау керек.
Мұрағаттық құжаттарды тарихи дерек көзі талдаудың жолға қойылуы
тоталитарлық мемлекеттің адам құқығын шектеу жолында жасаған қылмыстарын
әшкерелеуге мүмкіндік береді. Мәселені анықтауда деректер - мен жұмыс
істеудің жаңа методологиялық ұстанымдарын іздеу кеңес кезеңі мәліметтерін
талдаудың көптеген мәселелерін туындатады. Алдымен жаңа мәліметтерді ғылыми
айналымға енгізу, қазақстандық археографияны дұрыс жолға қою, деректерді
құпиясыздандыру үдерісін шегіне жеткізу, зерттеушілерді шектеу салынған
мәліметтерге жіберу секілді мәселелерді шешу қолға алынуы керек. Сонымен
қатар, деректік материалдармен жұмыс істеу әдістерін игеру, жүйелеу
бағытында кешенді түрде жұмыстар жүргізуді қолға алу қажеттілігі шықты.
Осының барлығы тақырыпты зерттеудің маңыздылығын, мәселенің көкейкестілігін
күн тәртібіне қояды.
ХХ ғасырдағы кеңестік саяси репрессиялар деректерін талдаудың
өзектілігі халықтың бетке ұстар ұлт зиялылары аттарын қайта қалпына
келтіру, еңбектерін зерделеу мен қарапайым халықтың отаршыл жүйеден шеккен
қасіретін анықтауда да жатыр. Олармен бірге бізге қазақ халқының
тәуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық күресінің жарқын беттері мен Кеңестер
Одағының өз азаматтарына қарсы бағыттаған саясаты айқындалады. Тақырыптың
таңдалуы да осы үдерісті толық әрі обьективті түрде ашумен байланысты болып
келеді.
Тоталитарлық мемлекеттің жүргізген саяси репрессияларын мұрағат
материалдары арқылы анықтау бүгінгі күнгі тарих үшін аса маңызды.
Деректерді анықтау, жариялау, талдау, синтездеу тарихи үдерістің шынайы
зерттеу негізін қалыптастырады. Ал кеңестік мұрағаттық құжаттар Кеңес
өкіметі мен мемлекеттік мекемелердің осы кездегі қылмысын жан-жақты ашып
беруде құнды деректер болып табылатыны сөзсіз. Онда жоғарыдан түскен
өкімдер, үкімдер, бұйрықтардан бастап атқарушы билік пен құзырлы
органдардың жүргізген жұмыстары толық баяндалады. Осы мақсатта отан
тарихының келелі мәселелерін ашуда мұрағаттық құжаттардың деректік жағынан
талдануы керек. Тақырыптың деректік тұрғыда ашылуындағы үлкен мәселелер -
саяси репрессия құжаттарының толық жарияланбауы және қол жетімсіздігі.
Сондықтан кеңестік уақыт мәліметтері басқа кезеңдермен салыстырғанда аз
қарастырылған. Қазақстандық әртүрлі деңгейдегі мекемелерде жылдар бойы
қордаланып жатқан мәліметтер жетеді. Еліміздің орталық және жергілікті
мұрағаттары Кеңес өкіметінің террорлық саясатының біртіндеп көлемді саяси
репрессияларға айналғаны туралы деректерді талдау көп мәселені шешеді,
ғылыми айналымға жаңа материалдарды қосады. Мемлекеттік мұрағаттар
қорларында 1917-1956 жылдар аралығындағы Отан тарихына байланысты
материалдар көп кездеседі. Бұл мұрағаттық деректердің бәрі бірдей ғылыми
айналымға еніп болған жоқ, сақтау қоймаларында өз зерттеушілерін күтуде.
Осының барлығы кеңестік саяси репрессиялар тарихына байланысты
деректермен жұмыс істеу қажеттілігін тудырады. Әсіресе деректерді кешенді
түрде зерттеу көп нәтижелерге әкеледі. Кеңес өкіметі кезінде шектеу
қойылған және жойылған деректерге деректанулық ішкі және сыртқы сын жүргізу
Отан тарихының көкейкесті мәселелерінің бірі болып табылады. Ал мұрағаттық
құжаттарды талдау жұмысы жаңа қадамдар жасауға мүмкіндік береді.
Материалдардың анықталып, дерек көзі ретінде талдануы тарихи үдерістерді
ашуға да көмектеседі. Зерттеуге күннен - күнге жаңарып жатқан деректанудың
іргелі теориялық-методологиялық мәселелерін қолданыла аламыз. Аталған
үдерістерді жүзеге асыру тақырыбымыздың маңыздылығын және өзектілігін
анықтай түсетіні сөзсіз.
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Диссертациялық зерттеудің негізгі
деректік базасы Қазақстанның орталық және облыстық мұрағат қорлары болып
табылды. Жұмыс барысында аталған қорлардан мыңдаған құжаттар анықталып
қаралды. Оның құрамы әртүрлі, мемлекеттік мекемелердің іс жүргізу
құжаттарынан бастап жеке адамдар қорлары, тергеу құжаттары, мәлімдемелер,
жеке істер, кеңестік еңбекпен түзеу лагерлері қорлары, ақпараттар және т.б.
Кеңестік саяси репрессиялардың заңдық актілері мен РКСФР Қылмыстық Кодексі
дерек көзі ретінде жеке талданып, жұмыс барысында беріліп отырылды.
ҚР Президенті мұрағатының №122-Н – КСРО - дағы саяси репрессиялардан
зардап шеккендер және құрбандар құжаттары коллекциясы (1988-2006 жж.), №819
- Қазақстан мекемелері, ұйымдары, өнеркәсіптерінің саяси құрылымдары ішінде
Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің қамау орындары басқармасының саяси
бөлімі қорларында Алаш зиялылары қатысты құжаттар мен саяси репрессиялардан
зардап шеккен қазақ интеллигенциясы өкілдерінің туыстары мен балаларының
естеліктері және еңбекпен түзеу лагерлерінің саяси бөлімінің құжаттары
жинақталған. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты №14 - Қырғыз (Қазақ) өлкесін
басқару бойынша әскери-революциялық комитет, №40 - Қазақ КСР Ішкі істер
халық комиссариаты қоры, №66 - ҚАКСР Ерекше міндеттер жүктелген бөлімдер
штабы қоры, №1680 - Қазақ КСР Жоғары сотының қоры, №1541 - Қазақ КСР Әділет
халық комиссариаты, №2014 - Қазақ КСР Прокуратурасы қоры, №81 - Қазақ КСР
Халық ағарту комиссариаты қорларынан мемлекеттік мекемелер мен құзырлы
органдар қызметіне байланысты материалдар алынып, қолданылды.
Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағатынан №9414 - КСРО ІІМ тұтқындар
орындарының Бас Басқармасы қорындағы қазақстандық еңбекпен – түзеу
лагерлері құжаттары қаралды. Лагерлер Бас Басқармасының деректері толық
жинақталған қордан біздің мемлекеттік мекемелерден жіберілген
материалдардың құрамы, мән – мағынасы ашылады.
Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағаты жергілікті мұрағаттар
ішіндегі ең үлкені. Аталған мұрағатта сақталған облыстық құзырлы органдар
мен Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің деректері кешенді түрде
қарастырылды. Одан №1257 - Қазақ КСР Әділет халық комиссариаты басқармасы,
№205 - Қарағанды облыстық прокуратурасы, №731 - Қарағанды облыстық соты,
№732 - ІІХК Қарлагы Прокуратурасы, №1108 - КСРО ІІХК көмір разрезі құрылысы
және еңбекпен-түзеу лагерлерінің басқармасы, №1075 - КСРО ІІХК Қарағанды
еңбекпен түзеу лагерінің Жартас бөлімшесі, №1143 - КСРО ІІХК Қотыр еңбекпен
түзеу лагері, №1181 - Cарент еңбекпен түзеу колониясы, №520 - №2 Теміртау
лагерлік бөлімшесі, №519 - №6 Волын еңбекпен түзеу колониясы, №110 - №1
Қазақ КСР ІІХК Шоқай еңбекпен тәрбиелеу колоннасы, №102 - КСРО ІІХК
құрылысы және Сарань еңбекпен түзеу лагерінің басқармасы, №21 - Қарағанды
облысы бойынша ІІМ басқармасы, №454 - ІІМ басқармасының еңбекпен түзеу
колониялары бөлімінің №17 жеке лагерлік пункті, №458 - ІІМ басқармасының
еңбекпен түзеу колониялары бөлімінің №19 жеке лагерлік пункті, №459 - ІІМ
басқармасының еңбекпен түзеу колониялары бөлімінің №18 жеке лагерлік пункт,
№410 - КСРО Ішкі істер министрлігі №99 әскери тұтқындар лагерінің
басқармасы, №484 - №17 Астахов еңбекпен түзеу колониясы, №425 - Қарағанды
облысы бойынша жұмыс жасаған ІІМ басқармасы еңбекпен түзеу колониялар
бөлімі, №426 - еңбекпен түзеу колониялар бөлімі №18 Қарағанды жеке лагерлік
пункті, №423 - еңбекпен түзеу колониялар бөлімі №20 Сарань жеке лагерлік
пункті қорлары материалдары сарапталды. Ал ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық
статистика және арнайы есептер бойынша Комитетінің Қарағанды қаласындағы
филиалы мұрағатынан №16 - адамдардың жеке істері біріктірілген қор
іріктелді.
Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағатынан №282 - Қазақ КСР ІІМ №330
әскери тұтқындарға арналған лагерлер басқармасы, №529 - Степняктағы жеке
лагерь бөлімшесі, №892 - Атбасар қаласындағы еңбекпен түзеу лагерлер
басқармасы және №154 совхоздар құрылысы, №1277 - 40-50-жылдардағы саяси
репрессия құрбандары және олардың туыстары туралы құжаттар коллекциясы,
№180 - Ақмола болыстық атқару комитеті, №46 - Көкшетау уездік ревкомы, №37
- Атбасар уездік кеңес жұмысшы шаруа милициясы, №181 - Атбасар уездік
ревкомы, №312 - Кеңес жұмысшы шаруа милициясы, Атбасар қаласы, 4 аудан,
№317 - Ақмола уезі, Ақмола қаласы 1 аудан кеңес жұмысшы шаруа милициясы,
№454 - Атбасар уездік қылмыстық іздестіру бөлімі, №118 - Аштарға көмектесу
бойынша Атбасар уездік комиссиясы, №343 - Ақмола облысы, Алексеевка селосы,
2 аудандық кеңес жұмысшы шаруа милициясы, №108 - Көкшетау жұмысшы, шаруа
және қызыл әскер депутаттарының кеңестерінің атқару комитеттерінің әділет
уездік бюросы, №1304 - Көкшетау уезінің ерекше тағайындау бөлімі қор
құжаттары алынды. Материалдар Ақмола облысының Кеңес өкіметінің алғашқы
жылдарындағы қызыл террор мен соғыстан кейінгі жылдардағы өңірдегі
еңбекпен – түзеу лагерлері қызметтерін ашады.
Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихы құжаттама орталығындағы
№37 - Семей уездік земство басқармасы, №44 - Семей уездік жұмысшы, шаруа
және қызыл әскер депутаттары Кеңесі, №48 - Жалпыресейлік Уақытша үкіметтің
Семей облысындағы басшысы, №72 - Семей губерниялық революциялық комитеті,
№73 - Семей губерниялық жұмысшы, шаруа және қызыләскер депутаттары
Кеңесінің атқару комитеті, №133 - Алаш қалалық қоғамдық басқармасы
қорларының деректері Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы саяси күресті
ашып береді. Әсіресе, Алаш қозғалысына қатысты мәліметтер көп кездесетінін
айтып өтуіміз керек.
Алматы облыстық мемлекеттік мұрағатында да №350 - Жетісу облыстық
ревкомы, №352 - Кіші Алматылық стансалық ревкомы секілді қорларда аймақтағы
қызыл террордың жүргізілуіне қатысты кейбір материалдар кездеседі.
Мәселеге байланысты кейбір құжаттарды Астана қалалық мемлекеттік
мұрағатының №370 - М. Юзипенконың жеке қоры, №406 - Ақмола қаласын- дағы
Қарағанды темір жолының линиялық соты, №430 - шетел мұрағаттарынан
анықталған мұрағаттар құжаттарының жиынтығы - біріккен мұрағаттық қор
мәліметтері береді. Жекелеген құжаттар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы саяси
репрессиялардың әртүрлі қырларын анықтайды. Шетелден келген деректерден З.
Валидидің кейбір еңбектері алынды.
Жезқазған қалалық мемлекеттік мұрағатынан №381 - Қазақ КСР түсті
металлургия министрлігінің Жезқазған мемлекеттік мыс қорыту комбинаты, №498
- ІІМ Далалық еңбекпен түзеу лагерінің саяси бөлімі, №498-П - КСРО ІІМ
Далалық еңбекпен түзеу лагерінің саяси бөлімінің партия комитеті, №458 -
КСРО ІІМ қарасты №37 әскери тұтқындардың Балқаш лагері, №380 - №39 КСРО ІІМ
қарасты әскери тұтқындардың Жезқазған лагері қорлары алынды. Қорлардан
әскери тұтқындар лагерлері мен Далалық лагерге қатысты материалдар сан -
алуан мәліметтер табылды.
Сонымен қатар, деректердің келесі бөлігі қазақстандық және ресейлік
құжаттық жинақтары болып табылды. ҚР Президентінің мұрағаты құжаттарын ең
көп жариялады. Алаш қайраткерлерінің Кеңес өкіметі жылдарында қудалануына
байланысты деректер Протоколы Революционного комитета по управлению
Казахским краем (1919-1920 гг.), Алаш қозғалысы еңбегінің 2, 3, 4
томдарында жинақталған, ал республикалық мемлекеттік мекемелердің үлкен
террор кезіндегі қызметі Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938
гг., кейбір қосымша материалдар История Казахстан ХХ века в документах
секілді кітаптарында берілген. Аталған мекеме депортацияға ұшыраған жеке
халықтардың тарихына байланысты құжаттар жинақтарын да шығарды. Тақырыпқа
байланысты материалдар жоғары оқу орындары оқытушыларының құрастыруымен де
шығып тұрды. Мәселен, Е. Бекмахановтың ХIХ ғ. 20 - 40 жж. Қазақстан
кітабының дискуссиясының стенограммасы және Красный террор: Политическая
история Казахстана деп аталатын құжаттар жинақтары бар. Стенограммада
тарихшының еңбегіне байланысты айтыстың барысы мен мәтіні толық берілген.
Ал екінші кітапта ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағатындағы жеке
адамдардың істері жарияланған. Облыстық мемлекеттік мұрағаттар тарапынан да
материалдар шығуда. Қарағанды мемлекеттік облыстық мұрағаты мен ҚР Бас
Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша Комитетінің
Қарағанды қаласындағы филиалының кейбір құжаттары Я с вами во все дни до
скончания века. Тяжелые времена гонений и репрессий 1931-1946 гг., Узницы
Алжира (Список женщин - заключенных Акмолинского и других отделений
Карлага), Спецпереселенцы в Карагандинской области кітаптарында
анықталған. Негізінен арнайы қоныс аударушыларға қатысты құжаттар ашылған,
сонымен қатар, Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері тұтқындарының
толық тізімі жасалынған. Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағаты құжаттары
Забвению не подлежит, Шымкент облыстық мемлекеттік мұрағаты құжаттары
Саяси қуғын - сүргіндер: шындық пен қауесет, Қостанай облыстық
мемлекеттік мұрағаты құжаттары Кустанайский уезд. 1917-1919 гг., Ақтөбе
және Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты құжаттары Депортированные в
Казахстан народы атты еңбектерде жарияланды. Аталмыш құжаттар жинақтары
саяси репрессиялардың әртүрлі қырларын айқындайды.
Жұмыс барысында деректік талдаулар жасау үшін ресейлік құжаттар
жинақтары көптеп ендірілді. Оның ішінде, бес томды Советская деревня
глазами ВЧК – ОГПУ - НКВД. 1918-1939, төрт томды Трагедия советской
деревни. Коллективизация и раскулачивание. 1927-1939, Красный террор на
востоке России в 1918-1922 гг., Сборник законодательных и нормативных
актов о репрессиях и реабилитации жертв политических репрессий, жеті
томды История Сталинского ГУЛАГа, Военнопленные в СССР. 1939-1956, он
үш томды Русский архив: Великая Отечественная. Иностранные военнопленные
второй мировой войны в СССР. Документы и материалы, анықтамалық Система
исправительно - трудовых лагерей в СССР. 1923-1960, Всесоюзная перепись
населения 1937 года: общие итоги сияқты кеңес тарихына арналған құжаттар
мен материалдар жинақтары мәліметтері кеңінен қолданылды. Ресей
мұрағаттарының деректік жинақтары жан – жақтылығымен көзге түседі. Онда
1917 – 1956 жылдардағы саяси репрессиялар материалдары кешенді түрде
анықталған.
Қосымша деректер - большевиктер саясатына қарсылықтар мен
репрессиялардың жүргізілу туралы естеліктер мен мемуарлық материалдар. Оның
ішінде, эмиграцияға кеткен, кезінде Алаш қайраткерлерімен бірге
большевиктерге қарсы саяси күреске араласқан З. Валиди мен ұлт - азаттық
қозғалыс қайраткері М. Шоқай және оның жары М. Шоқайдың, үлкен террор
кезіндегі қуғындалған әйелдердің, Әділет тарихи - ағарту қоғамы мен ҚР
Президенті мұрағатының бірігіп шығарған саяси репрессиялар құрбандары мен
туыстарының естеліктерін айтуға болады.
Саяси репрессияларға байланысты мұрағаттық деректердің анықталып,
деректанулық талдаулардың жүргізілуі Қазақстанның қазіргі заман тарихына
қатысты зерттеу жұмыстарында тұжырымдамаларды қолдануға үлкен мүмкіншілік
береді. Орталық және жергілікті мекемелер құжаттарын кеңінен пайдаланған
диссертация қорытындылары отандық тарихтың кеңестік кезеңінің деректер
базасын, оның ғылымға енгізілу деңгейін, теориялық-методологиялық негізін
жасауға көмектеседі.
Диссертациялық жұмыстың зерттелу деңгейі. Саяси репрессиялар тарихы
кеңестік тарихнамада толық әрі кешенді қарастырылмады. Әрине, бұл түсінікті
де еді. Өздері құрған мемлекеттің қылмыстарын большевиктер әшкерелей
алмайтын. Оны Н. Хрущевтің ХХ сиезде жеке басқа табынушылықты айыптаған
баяндамасынан кейін де еңбектердің жарық көрмеуі дәлелдеп береді. Басты
мәселе мұрағаттардың ашылмауы және құжаттардың құпиясыздандырылмауы болды.
Деректерсіз тарихтың жазылуы мүмкін емес. Тіпті Н. Хрущевқа даярланып
берілген мұрағат материалдары да жарияланбады.
Отан тарихында саяси репрессиялар тақырыбын жан-жақты зерттеу тек
қана елдегі қайта құру реформаларымен, яғни 1980-жылдардың екінші
жартысында қолға алынды. Қазақстандағы ұлттық сана - сезімнің оянуы отан
тарихының ақтаңдақ тұстарын зерттеу мен Алаш қайраткерлерінің мұраларын
қайтаруға бағытталды. Сонымен мемлекеттің заңдық шараларына байланысты
тақырыптың басқа да қырлары ашыла бастады.
Жалпы алғанда, осы жылдардағы кеңестік репрессиялар тарихының
тарихнамасын үш кезеңге бөлуге болады:
- 1988-1993 жылдар, репрессиялар тақырыбын күн тәртібіне қою және
көлемін анықтау. Бұл уақытта қоғамдық пікір қалыптаса бастады, сонымен
қатар мерзімді басылымдарда құжаттар жарияланып, саяси репрессияларды
айыптайтын мақалалар толассыз шығып жатты. Ғылыми айналымға құжаттық
материалдарды енгізу жүргізілді, сонымен қатар зерттеу жұмыстары да жазыла
бастады. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология
институтының бір топ ғалымдары үрдісті бастады және мәселеге отандық
қоғамтанушы ғалымдар араласты;
- 1993-2000 жылдар, саяси репрессиялар тарихын зерттеу мемлекет
тарапынан заңдар шығарылып, үлкен қолдауға ие болды. Атап өтсек, 1993
жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Республикасының Жаппай саяси репрессия
құрбандарын ақтау туралы заңы мен 1996 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1997 жылды жалпыұлттық
келісім және саяси репрессия құрбандарын есте сақтау жылы деп жариялауы
туралы жарлығының шығуы тақырыптың кең түрде ашылуына ықпал етті. Белгілі
тарихшылар М. Қозыбаев, К. Нұрпейісов, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, Қ.
Алдажұманов, Д. Шаймұхановтар көптеген тақырыптарды ашты;
- 2000-2009 жылдар, аталған тақырыптың әртүрлі мәселелеріне арналған
деректер жинақтары шығып, көлемді ғылыми жұмыстар жарық көрді, яғни
кеңестік саяси репрессиялар тақырыбы кеңейіп, көптеген докторлық
диссертациялардың және монографиялардың тарихи зерттеу обьектісіне айналды.
Ғалымдар Х. Әбжанов, Б. Аяған, Т. Жұртбай, К. Есмағамбетов, зерттеушілер С.
Ділманов, Г. Көкебаева, Д. Махаттарды атауға болады.
Кеңес мемлекетінің жазалау саясатын ашуда қазақстандық тарихшылар
көбінесе тақырыптың жеке - жеке қырларын қарастырды. Мәселені зерттеу
көлемді түрде қойылмады. Оны кандидаттық және докторлық диссертациялардан,
жекелеген монографиялардан байқаймыз. Негізгі бағыттар тәркілеу,
ұжымдастыру, отырықшыландыру секілді реформалар әсерінен болған саяси
қудалаулар, Алаш қайраткерлеріне қарсы ұйымдастырылған саяси қуғындаулар,
1937-1938 жылдардағы үлкен террор, 1940-1950 жылдардағы қазақ
интеллигенциясы қудалануы, депортацияға ұшыраған халықтар мен арнайы қоныс
аударушылар тарихына және т.б. аударылды. Осының әсерінен 1917-1956
жылдардағы саяси репрессиялар тақырыбының кейбір тұстары назардан тыс
қалды. Мәселен, қызыл террор, құзырлы органдардың Қазақстандағы
репрессивті қызметтері, қазақстандық кеңестік еңбекпен түзеу лагерлері,
ерекше және әскери тұтқындар лагерлері және т.б.
Бұл мәселелердің шығуына саяси репрессиялар деректерінің жеткілікті
дәрежеде ғылыми айналымға қосылмауы да әсер етті. Көбінесе тарихшылар
орталық және жергілікті мұрағаттар деректерін қатар алып қарастыруды мақсат
тұтпады. Орталықта жазылған еңбектер тек қана сол жердегі мұрағаттарды, ал
жергілікті тақырыпты ашатын зерттеулер облыстық мекемелер сақтау
қоймаларындағы құжаттарды пайдаланатын үрдіс белең алды. Орталық және
жергілікті мұрағаттар арасындағы байланыс, деректерін салыстыру, сараптау
жұмысы кенже қалды. Облыстық мұрағаттар материалдары ғылыми айналымға
қосылмады. Одан деректер базасының тарлығы туындады. Және қазақстандық
мұрағаттар құжаттарын құпиясыздандыруды тек қана тоқсаныншы жылдардың
екінші жартысынан қолға ала бастады.
Әлі күнге дейін кеңестік мұрағаттық құжаттарды теориялық -
методологиялық зерттеуге арналған іргелі, монографиялық еңбектер жоқтың
қасы. Кеңес дәуірінде деректерге әдейі жүргізілмеген ішкі және сыртқы сын
мәселесі шешілген жоқ. Деректанулық методологияның да жолға қойылмауы
кедергілер келтіруде. Кеңес деректерінің зерттелуі де күн тәртібінде тұр.
Тақырыптың зерттелу дәрежесі диссертацияның бірінші тарауында арнайы
қарастырылды.
Зерттеудің мақсаты - Кеңес өкіметі кезіндегі саяси репрессиялар
тарихына қатысты қазақстандық мұрағаттар қорларын талдау. Осы негізде
мұрағат материалдарын деректанулық теориялық - методологиялық тұрғыда
сараптау туындайды.
Бұл мақсатқа жету үшін диссертациялық жұмыста төмендегі міндеттер
қойылды:
- қазақстандық ұлттық мұрағат қорының мәліметтеріне деректанулық
методологияның негізгі әдіс - тәсілдерін қолдану;
- тақырыпқа байланысты тарихнамалық шолулар жүргізіп, кеңестік саяси
репрессиялардың әртүрлі қырларына байланысты жарық көрген ғылыми еңбектерді
көрсету;
- Қазақстандағы қызыл террор деректерін анықтап, сараптау арқылы
мемлекеттің репрессивті саясатын айқындау;
- большевиктердің жазалау жүйесін қалыптастыру барысындағы құзырлы
мемлекеттік мекемелер іс - әрекеттерін сараптау;
- большевиктік заң актілерін дерек көзі ретінде пайдалана отырып,
деректанулық талдаулар жасау;
- Алаш зиялыларын саяси қудалау деректері әлеуетін орталық мұрағаттар
қызметі барысында жинақталған материалдармен кешенді түрде ашу;
- үлкен террор кезіндегі деректердің ерекшелігін және репрессиялар
тарихындағы орнын қарастырып, деректік құндылығын анықтау;
- Ұлы Отан соғысы жылдарындағы репрессивті шаралар мәліметтерін
айқындап, құжаттардың деректік маңызын зерттеу;
- соғыстан кейінгі сталиндік репрессияларға қатысты мұрағаттық
құжаттардың құрамы мен мазмұнын анықтау.
Диссертацияның зерттеу нысаны - кеңестік мемлекеттік мекемелер мен
саяси қуғындалған жеке адамдардың мәліметтері сақталған қазақстандық
орталық және облыстық мұрағаттар құжаттары.
Жұмыстың зерттеу пәні - 1917-1956 жылдардағы саяси репрессияларға
қатысты мұрағаттық құжаттардың деректік әлеуетін дәйектеу.
Зерттеу жұмысының методологиялық негіздері. Зерттеуде революцияға
дейінгі және Кеңес өкіметі жылдарындағы деректанулық методологияның әдіс -
тәсілдері қолданылады. Оның ішінде А. Лаппо - Данилевскийдің деректану
методологиясын жаңа бағытқа көтеруінен бастап кеңестік деректанушылардың
маркстік - лениндік идеология негізінде тарихилылық, обьективтілік
ұстанымдарын деректерді талдауда қолдану әдістері қамтылады. Әр кезеңнің
өзіндік ерекшелігін ескере отырып, автор деректерді талдауға арналған
тұжырымдамалардың қажетті тұстарын алуға тырысты. Осыдан келіп, жұмыстың
методологиялық негізіне зерттеудің жалпығылыми методологиясы мен қазіргі
ресейлік тарихшылардың деректану ғылымында қолдана бастаған жаңа,
философиялық тұжырымдамалары алынды. Қазіргі деректанудағы адам қолымен
жасалған дерекке қоғамдағы мәдениеттің туындысы деп қарау ұстанымын автор
бөліседі. Ізденуші деректанудың барлық гуманитарлық ғылымдарға ортақтығын
көрсете отырып, мұрағаттарда кездесетін әртүрлі мазмұндағы деректерге ішкі
және сыртқы сынды соңғы кездегі методологиялық ұстанымдарға сай жүргізді.
Ресей ғалымдары А. Лаппо - Данилевский, С. Валк, М. Тихомиров, И.Д.
Ковальченко, С. Шмидт, О. Медушевская, И.Н. Данилевский, В.В. Кабанов, М.Ф.
Румянцевалардың зерттеу методологиясы диссертациялық жұмыста кеңінен
қолданылады.
Бүгінгі күні қазақстандық тарихнамада отан тарихының әртүрлі
мәселелерін дерек көзі ретінде зерттейтін докторлық диссертациялар мен
монографиялық еңбектер де көбеюде. Тарихшылар М. Әбусейітова, Х. Әбжанов,
Қ. Атабаев, Е. Әбіл отандық ғылымда тарих пен деректанудың теориялық -
методологиялық ұстанымын қалыптастыруды басты мақсат тұтады [1]. Зерттеу
методологиясы диссертацияның бірінші тарауында арнайы қарастырылды.
Зерттеу жұмысының мерзімдік шеңбері. Жұмыстың хронологиялық шегі 1917-
1956 жылдарды қамтиды. Нақ осы жылдар лениндік - сталиндік репрессияның
шарықтау шегіне жеткен болатын. Қазан революциясынан кейін - ақ
большевиктік биліктің социалистік идеяны қабылдамағандарға қарсы қызыл
терроры басталды. Ол саяси репрессиялардың шарықтау шегі үлкен террорға
ұласты. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда кеңестік еңбекпен түзеу
лагерлері түзіліп, 1940-1950 жылдардағы репрессияның жаңа толқыны басталды.
Сталиннің өлімі кеңестік саяси репрессияларды түбегейлі тоқтата алмады.
Лагерлер бас басқармасы жұмыс істеп тұрды, қазақ интеллигенциясымен күрес
жалғаса берді. 1956 жылғы 15-25 ақпанда болып өткен ХХ сиезде КОКП Орталық
комитетінің бірінші хатшысы Н.С. Хрущевтің Жеке басқа табынушылық және
оның зардаптары деген тақырыптағы баяндамасы сталинизммен күресте үлкен
орын алған болатын. Осыдан кейін еріксіз еңбек ету орны болған Лагерлер бас
басқармасы жабылды, көптеген азаматтар ақталып, түрмелерден шықты.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы
мұрағаттық құжаттарды деректанулық талдаудың теориялық-методологиялық
негізін жасауда көрінеді. Отан тарихында саяси репрессиялар жайлы
қазақстандық орталық және жергілікті мұрағаттары қорларындағы құжаттар
алғаш рет кешенді түрде қарастырылып, ерекшеліктері талданды. Осы
материалдар негізінде диссертацияда деректердің маңызы мен орны анықталды.
Қазақстандық тарихнамада саяси репрессиялар деректерін зерттеу бірінші рет
большевиктер мемлекет басына келгеннен бастап ХХ сиезге дейінгі аралықта
алынды. Кеңестік деректерге ішкі және сыртқы сын жүргізу барысында
тоталитарлық жүйенің қойған шектеулері мен құпиясыздандырылу дәрежесі
айқындалып, деректердің жойылу деңгейін анықтауға қадамдар жасалынды. Осы
мақсатта орталық және жергілікті мұрағаттар құжаттарының ерекшеліктері
ашылып, зерттеу әдістері қолданылды.
- саяси репрессиялар тақырыбының зерттеле қоймаған қырларының бірі
1917-1925 жылдардағы қызыл террор мәселесіне байланысты ресейлік және
қазақстандық мұрағат қорлары мәліметтері сарапталды;
- қазақстандық мұрағаттарда сақталған құжаттар арасынан большевиктер-
дің жазалау жүйесінің жүргізген террорлық әрекеттерін әшкерелейтін
мәліметтер анықталынды;
- саяси репрессиялар жүргізілуінің заңдық негіздері ашылып, жүзеге
асу барысы талданды;
- Алаш қайраткерлері қасіретіне қатысты деректер әлеуетін дәйектеу
барысында құзырлы органдар қызметі ашылып, тергеу құжаттарын естеліктермен
салыстыру арқылы күрделі талдаулар жасалды;
- үлкен террор деректері заңдық актілер арқылы сарапталып,
мемлекеттік мекемелер құжаттары жеке адамдар мәліметімен байланыстырылып,
деректанулық синтез жүргізілді;
- деректанулық талдаулар жасау барысында екінші жаһандық соғыс
жылдарындағы саяси репрессияларға байланысты ресейлік және қазақстандық
мұрағат қорлары салыстырылып, деректердің әлеуеттік ерекшеліктері беріліп
отырылды;
- қазақстандық мұрағаттар ішінде әлі де ғылыми айналымға енбеген ҚР
Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша
Комитетінің Қарағанды қаласындағы филиалының және осы мұрағаттан Қарағанды
облыстық мұрағатына өткен қорлар құжаттары талданылды;
- соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі кеңестік еңбекпен түзеу
лагерлері туралы жайлы жаңа деректер алынып, сұрыпталды.
Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар:
Кеңестік мұрағаттар материалдары тарихи дерек көзі ретінде зерттеле
отырылып, қорғауға келесі тұжырымдамалар ұсынылады:
- Кеңес өкіметі құлағаннан кейін тарихи үдерістерді баяндауда жаңа
көзқарастардың қалыптасуымен қатар қазіргі заман тарихы деректерін зерттеу
методологиясы да жаңғырды. Бұрынғыдай емес, деректерге ішкі және сыртқы сын
жасалып, адам – шығарма - адам үштігі негізінде методологиялық ұстаным
берілді. Осы тұрғыда, саяси репрессиялар деректері сарапталды;
- тақырыптың зерттелу деңгейі кешенді түрде зерттелініп, жан - жақты
тарихнамалық талдау жасалу барысында саяси репрессиялар тарихының өзекті
мәселелеріне назар аударылды. Мемлекеттің қабылдаған шараларының тарихи
зерттеулер жазылуына әсері ашылды;
- 1917-1924 жылдар аралығындағы бастапқы репрессиялар деректерінің
анықтау қызыл террордың ішкі болмысы арқылы беріледі. Ресейлік және
қазақстандық мұрағаттардағы аталмыш кезеңнің деректер базасын талдау қызыл
террор тек қана ақ террорға жауап емес, Кеңес өкіметінің репрессиялау
саясаты табиғатына сай екендігін көрсетті;
- мемлекеттің жүргізген репрессивті саясатының бағдар - бағыты заңдық
актілерден көрініп тұрады. Большевиктер құқықтық - нормативтік база нығайту
арқылы саяси қуғын – сүргінді күшейтті. Кеңес заңдарымен жазалау бүкіл
елді, барлық азаматтарды қамтыды;
- қазақстандық орталық және жергілікті мұрағат қорларындағы Алаш
қайраткерлерінің репрессиялануына қатысты деректер әлеуеті анықталып, сот -
тергеу мәліметтері басқа материалдарды толықтыратыны дәлелденді;
- үлкен террор деректерінің ерекшеліктері жиырмасыншы жылдардағы
құжаттармен салыстыру арқылы айқындалды. 1937-1938 жылдардағы мәліметтер
арқылы саяси репрессиялар деректерінің жазалаушылық мәні берілді;
- Ұлы Отан соғысы жылдарында саяси репрессиялар көлемінің кеңейіп,
халық шаруашылығының басқа жаңа салаларын қамтығаны мұрағаттық деректермен
ашылды. Осы кезеңдегі саяси қуғындаулардың әртүрлі қырлары жеке - жеке
берілді;
- 1940-1950 жылдардағы сталиндік саяси репрессиялар кезіндегі
ерекшеліктер тарихи деректер арқылы баяндалды. Мемлекеттің жүргізген
саясаты барысында жасалған қудалау құжаттары маңызы талданылды.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертацияның негізгі нәтижелері мен
тұжырымдамалары ғылыми мақалаларда және бір оқу құралында жарияланған. Оның
ішінде, отандық ғылыми журналдар мен Ресей Ғылым Академиясының хабаршылары
бар. Автор негізгі тұжырымдамаларын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің
Ақпарат және мұрағат комитеті жанындағы Қазақстан мұрағаттары журналының
бірнеше сандарында шығарды. Сонымен қатар, Ресейде және Қазақстанда болып
өткен халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми конференцияларға қатысты.
Атап өтсек: Отан және әлем тарихы ХХI ғасырда: ғылыми парадигмалардың
ортақтығы мен ерекшеліктері (Алматы, 2007), III Чтения, посвященные
памяти Р.Л. Яворского (Новокузнецск, 2007), Кеңес саясатына қарсылық:
Алаш қозғалысынан Желтоқсан көтерілісіне дейін (Астана, 2008), Россия и
современный мир: проблемы политического развития (Москва, 2008),
Музеология - музееведение в ХХI веке: проблемы изучения и преподавания
(Санкт - Петербург, 2008), Музейные ресурсы современного общества (Омск,
2008), Жуасов оқулары - 13 (Қарағанды, 2009), Перекресток культур -
музейная память: национальное и интернациональное (Казань, 2009) және т.б.
Ізденуші 2005 жылы Астана қаласында ҚР Ұлттық мұрағатының ашылуына
байланысты ұйымдастырылған Тәуелсіз Қазақстан тарихы көрмесінің ғылыми
кеңесшісі болып жұмыс істеді және ашылу салтанатында көрмені таныстырып,
сөз сөйледі. 2005-2006 жылдары Қазақстан телеарнасының Мезгіл
бағдарламасы аясында Алаш қозғалысына қатысты хабарламалар циклін даярлады.
Астана қалалық мемлекеттік мұрағатындағы ғылыми - әдістік кеңестің мүшесі,
аталған мекеменің 2006 жылы Елорданың еңселі тұлғалары деп аталатын
көрмесінің жасалуына араласты. Ал 2008 жылы ҚР Ұлттық мұрағаты
ұйымдастырған Мәдениеттің және ақпараттың жаhандану жағдайында Қазақстан
Республикасының мұрағат ісі заңнамалық базасының қызмет етуінің өзекті
мәселелері тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына
және 2009 жылы 31 - мамыр - саяси репрессиялар құрбандары еске алу күніне
орай Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағатының басшылығымен Долинка
поселкісінде 100 жылдығына арналған История родного края: прошлое и
настоящее деп аталатын республикалық ғылыми - практикалық
конференцияларына қатысты.
Автор 2007 жылы 31 мамырда Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен
Ақмол селосында ашылған “АЛЖИР” саяси репрессиялар мен тоталитаризм
құрбандарының музейлік - мемориалдық кешенінің тұжырымдамасын жасауға
атсалысты және ғылыми кеңесші ретінде еңбек етті. Музейдің ашылу
салтанатына ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев қатысып, автор “Қазақстандағы
саяси қуғын – сүргін” тақырыбында экскурсия жүргізді.
Диссертант Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тарих
мамандығынан даярланатын студенттерге деректану, тарихнама, мұрағаттану
пәндері бойынша сабақтар жүргізеді, оқу - әдістемелік кешендерін жасады.
Тарихшы магистранттар үшін “Деректану мен тарихнаманың теориялық және
методологиялық мәселелері”, “Қазақстанның шетелдік тарихнамасы” пәндерінен
дәріс оқиды. Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында алдын - ала талқылаудан өтті.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Диссертациялық
жұмыстың тұжырымдамалары Қазақстан тарихының деректері бойынша еңбектер мен
оқу құралдарын жасауға пайдаланылуы мүмкін. Сонымен қатар, зерттеудің
қорытындыларын жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы деректері мен
деректану пәні және Кеңес мемлекетінің тарихы курсы бойынша дәрістерді
оқытуға, сонымен қатар арнайы курстарды жасауға қолдануға болады.
Диссертацияның құрылымы алға қойған мақсаты мен міндеттеріне
байланысты белгіленді. кіріспеден, төрт тараудан, қорытындыдан және
пайдаланылған деректер тізімінен тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Зерттеу бағытын таңдау кеңестік саяси репрессиялар тарихын зерттеуде
мұрағаттық құжаттарды дерек көзі ретінде жан - жақты және обьективті талдау
қажеттілігінен туындап отыр.
Кіріспеде диссертациялық жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың
өзектілігі мен ғылыми жаңалығы негізделіп, зерттеу жұмысының мақсаты мен
міндеттері, нысаны, пәні анықталды, тәжірибелік маңызы көрсетіліп,
зерттеудің методологиялық негіздері, тақырыптың зерттелу деңгейі
белгіленді, сонымен қатар деректік базасы сипатталды.
Мәселені зерттеудің методологиясы мен тарихнамасы деп аталатын
бірінші бөлімде тақырыптың тарихнамасы мен зерттеу методологиясы талданады.
Деректану ғылымының методологиялық негіздері қарастырылып, оны кеңестік
мұрағаттық деректермен жұмыс істеуде пайдалану жолдарына тоқталынды. Саяси
репрессиялар тақырыбының зерттелу тарихы кешенді түрде анықталынды.
Деректану методологиясына байланысты революцияға дейінгі және
кеңестік ғалымдардың пікірлерін талдау аталмыш ғылымның даму барысын,
әртүрлі көзқарастар мен пікірлерді ашуға мүмкіндік береді. Әр кезеңнің өз
ерекшеліктерін талдай келе, ұтымды тұстарды анықтадық.
Қазіргі методологияда Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің
деректанушылары И.Н. Данилевский, В.В. Кабанов, О.М. Медушевская, М.Ф.
Румянцева өз тәжірибелерін ұсынуда [2]. Олар үш ұстанымды көрсетеді:
тарихи дерек ұғымының анықталуы (зерттеу пәні), деректанулық талдау
құрылымы (зерттеу әдісі), зерттеуші санасының тарихи танымдағы ролі
(методология). А.С. Лаппо - Данилевскийдің ұстанымдарын талдай отырып,
авторлар деректану методологиясы шығарманы немесе оның сақталып қалған
фрагменттері сияқты дерек көздерін мәдениет құбылысы ретінде және оны
зерттеу үшін қажет етіп түсіндіреді. Олардың ойынша, тарихи деректерді
зерттеудің ғылыми методологиясында іздеп табу, эвристика (адамның
шығармашылық ойлары және қандай да болсын міндетті шешудің психикалық
үдерісі туралы ғылым), түрге бөлу, онда бар ақпаратты түсіндіру басты
маңызға ие болады. Күрделі зерттеу әдістері үзік - үзік сақталған
шығармаларды өз уақытының мәдениет құбылысы ретінде жасауға мүмкіндік
береді, аталған құбылыс мәдени тұтастық ерекшелігі және түрлерін ашады. Бұл
әдістер бір - бірімен логикалық байланысты, деректану методологиясының
біртұтас жүйесін құрайды. Ол жүйелілікке, тарихилылыққа сүйенеді,
деректерді түрге бөлу әдісін, деректанулық талдау мен синтезді жетілдіреді.
Қазақстандық тарихшылардың ішінен тарих методологиясына анықтаманы Х.
Әбжанов береді: Методология – ғылыми ақиқатқа жол бастайтын, ізденісті
тиімді ұйымдастыратын, зерттеу нысаны мен пәніне тән заңдылықтарды,
қисынды, қайшылықтарды сан – салалы диалектикалық байланыс пен өзгеріс
динамикасында дәйектейтін ақыл – ой әрекетінің әдіс - тәсіл жиынтығы [3].

Деректану ғылымында әдіс пен методология қатар жүреді. Оның себебін
деректерді тануда практикалық немесе әдістік жұмыстардың көп жүргізілуінен
деп ойлаймыз. Өйткені әдістер тарихи деректерді анықтап, зерттеулерде
пайдалану, зерделеуді жүзеге асырады. Деректерді ғылыми талдау әдістері
отан тарихының барлық кезеңінің құжаттары үшін бірдей болып табылады. Тек
қана деректердің түрі ғана өзгеріп отырады. Сондықтан екі саланың
айырмашылығын ашып беру басты мақсат екені дау тудырмайды. Деректанудың
методологиясы деректерді талдаудың әдістерін, тарихи танымның ұстанымдарын
қалыптастырады. Әдісті методологиясыз жасай алмаймыз, әдіс оның бір бөлігі
ғана екенін ескеру қажет. Деректанудың міндеті - деректердің түрлерін
зерттеудің жалпы әдістік, яғни деректану методологиясы мәселелерін қорыту.
Осы мақсатта барлық тарихи деректерді түсіндіру, ішкі және сыртқы сын
сияқты деректанулық практикалық талдау жұмыстары жүргізіледі.
Деректану ғылымының озық методологиялық ұстанымдарын отан тарихының
мұрағаттық құжаттарын зерттеуге пайдалану түйіндер мен тұжырымдамалар
жасауға көмектеседі. Ең басты, негізгі теориялық - методологиялық
мәселелерінің шыңы деректердің түпнұсқалығы мен шынтуайтылығын анықтау
болып табылады. ХХ ғасырдағы көлемді саяси репрессия деректері кеңес
кезінде зерттелмеген, ғылыми айналымға тоталитарлық мемлекет құлағаннан соң
ғана енгізіліп отырылған жаңа материалдар екені белгілі. Сондықтан да
зерттеу методологиясын қалыптастыруда сан - қырлы әдістерді қолдана аламыз.
Деректің тарихи құндылығын анықтауда жасаушының қандай мемлекетте,
идеологияда өмір сүріп отырғанын ескеруге міндеттіміз. Әр құжаттан
тоталитарлық жүйеге қызмет етушінің қолтаңбасы байқалады. Мәселен, тергеу
хаттамаларын алайық. Жартылай сауатты тергеушілердің жазған хаттамаларын
сараптау өте қиын. Оған ойдан шығарылған фактілерін қосыңыз. Қатал заңдар,
олардың жай түсіндірілдіруі, қорқыныштан пікірдің айтылмауы, тергеушілердің
шала сауаттылығы жауап алу хаттамалары мазмұнын бірдей етті. Тергеушілердің
қолдан шығарылған істерін зерттеп отырған тарихшы міндетті түрде дәлелдеуі
қажет.
Деректануда тарихшы деректі басқа құжаттармен салыстыра отырып, жұмыс
жасай алады. Осылайша, деректің толықтығын, шынтуайттылығын ашуға болады.
Алдымен мемлекеттің осы мақсатты жүзеге асыру үшін жасап отырған шараларын,
сосын репрессияға ұшыраған адамдардың кейін жазған естеліктерін
салыстырамыз. Содан соң жазаланушыны жалған құжаттарға қол қоюға нендей
жағдай мәжбүр етті деген сұраққа жауап іздейміз. Осындай ізденістер ғана
деректі талдауға мүмкіндік береді. Еңбектердегі нақты мәліметтерді
анықтамай, деректегі тарихи шындықты табу қиынға соғады. Әрбір тарихи оқиға
мұқият салыстырыла қарастырылуы қажет.
Кеңестік мемлекеттік мекемелер қызметін, оның барысында жинақталған
деректерді ашу да маңызға ие. Себебі большевиктердің жазалау саясатын
жүзеге асырушы құзырлы органдар екені белгілі Ал мемлекеттік мекемелер
құжаттарын даярлаған, яғни оның авторлары кеңестік аппарат қызметкерлерінің
көпшілігі кәсіби революционерлер болды, бейбіт өмірде мемлекеттік
мекемелерді басқаруда олардың өресі жетпеді. Жоғары білімдері жоқ, болса
үзік - үзік білім алған олар тек қана әміршіл - әкімшіл өктемдікке сүйенді.
Бұл туралы К. Нұрпейісов пен Х. Әбжанов дәл көрсеткен болатын: Елдің ішкі
- сыртқы өміріне шектеусіз билік орнатқан большевиктер партиясының, оның
ішінде Қазақстан Компартиясының 30 - шы жылдардың аяғындағы білім, кадрлық
және интеллектік әлеуеті мақтанарлық деңгейде болған жоқ. Мәселен,
республика коммунистерінің 78-80 пайызы бастауыш мектеп бітіргендер мен
шала сауаттылар ғана болса, 600 - ден астамы оқи да, жаза да білмейтін
сауатсыздар еді. Ал 1938-1940 жылдар арасында партия мүшелері қатарындағы
жоғары немесе аяқталмаған жоғары білімді мамандар үлесі 4,2 ден 1 пайызға
дейін азайып кетті [4].
Деректанудың саласының бірі құжаттарға сапалы баға беру болып
табылады. Деректанулық әдістер іс жүргізу материалдарынан шынтуайтты
мәліметтерді алуды көздейді. Әрі қарай деректерді талдаудың әдісі мен
методологиясы жасалады. Дерек түпнұсқа немесе шынтуайтты болғанменен,
тарихи үдерісті толық аша алмауы мүмкін. Ал кейбір құжаттардың бір бөлігі
ғана қалса да, шектелген ақпаратты болса да, оқиғаны аша алмаса да аса
құнды болуы мүмкін. Немесе қарама - қарсы майданда соғысқан саяси
қарсыластардың бір - біріне әдейі жинаған мәліметтері сақталады.
Деректанушы осылардың ішінен, тіпті сөздердің арасынан тарихи шындықты таба
алуы қажет. Ол үшін тарихи үдерісті де жан-жақты игеруі керек. Большевиктер
өз қылмыстарын көрсетпеу үшін көптеген құжаттарға шектеу салды,
кейбіреулерін жойып та жіберді. Дегенменен де, аздаған деректердің өзі де
көп мәселелерді анықтайды. Қандай да құжат болсын, сол уақыттағы тарихи
оқиғаларды жанама болса да ашатынын ескеруіміз керек. Түпнұсқалық деңгейін
анықтауда деректерге сын жасалады. Әрбір деректің тарихи маңыздылығын
дәйектеу үшін зерттеуші бұрмалауларды таба білуі керек. Бұл тұрғыда кеңес
деректерімен жұмыс істеу қиын емес.
Сонымен қатар, түпнұсқа мен шынтуайттылықты жүзеге асыруда құжаттарды
анықтау және жариялауға даярлау, құжаттың авторлығы, құжаттың мерзімінің
қойылуы, көшірме мен түпнұсқаны салыстыру, құжаттың мәтінін оқу
ерекшеліктерін анықтау қажет. Алдымен, тарихи зерттеулерде деректік базаның
толықтылығы міндетті. Келесі мәселе құжаттың авторлығын анықтау болып
табылады. Кеңес өкіметінің кезінде іс жүргізу құжаттарының көпшілігі
мекемелердің алқалық жиылыстарында қабылданды. Әрине, бұл тұста басшылардың
алдын - ала келісіп алатын фактілерін де жоққа шығара алмаймыз. Құжаттың
мерзімінің қойылуына да күмән келтіруге болады. Алқалық мәжілістердің
уақытын өзгерту қиын шаруа емес. Кейде даярланған күнін емес, жарияланған
уақытын айтуы мүмкін. Көшірме мен түпнұсқаны салыстыру мәселесі күрделі.
Кеңестік іс жүргізу құжаттары жасалғаннан кейін бірнеше көшірмелері
даярланады. Немесе орталықтан келген материалдар көбейтіліп таратылды.
Осының әсерінен зерттеушілер түпнұсқа мен көшірмені айыра да алмай қалады.
Құжаттың мәтінін оқу ерекшеліктерін анықтауда бірнеше мұрағаттар
мәліметтерін салыстыра отырып, жұмыс істеу қажет.
Кеңестік мұрағаттық құжаттарды зерттеу методологиясы бізге көп
мәселелерді ашуға көмектеседі. Оның ішінде, саяси репрессиялар құжаттарын
талдау бүкіл кеңес деректерін анықтауға мүмкіндік береді. Ал кеңес
деректері отан тарихының қазіргі заман кезеңін үлкен бөлігін қамтиды.
Тақырыптың тарихнамасына келетін болсақ, саяси репрессиялар тақырыбы
Кеңес өкіметі кезінде жабық болғанын айтып кетуіміз керек. 1956 жылғы ХХ
сиезден кейін де мәселе толыққанды ашылған жоқ. Әрине, бұл жылдарда қоғамға
тарихи тұлғалардың есімдерінің бірқатары және олардың мұралары ғана
қайтарылды. Оның ішінде, саяси репрессияға ұшыраған қазақ интеллигенциясы
өкілдері қоғамдық – саяси қызметіне арналған С. Қирабаевтың Сәкен
Сейфуллин (Алматы, 1958), П. Тибекиннің Ильяс Кабулов (Алматы, 1967), Р.
Сүлейменовтің Темирбек Жүргенев (Алматы, 1968), С. Бейсембаев пен С.
Құлбаевтың Турар Рыскулов (Алматы, 1974) атты еңбектер жарық көрді. Бірақ
ол жылдардағы зерттеу үдерісі саяси репрессиялар тақырыбын толық ашып бере
алмады. Шетелге эмиграцияға кеткен саясаткерлер ішінен большевиктер
билігін, саяси репрессияларды зерттеген М. Шоқай, З. Валидиді айтуға
болады.
Қазақстандық тарихнамада саяси репрессиялардың тарихының жан - жақты
зерттелуі елдегі қайта құру саясатының басталуымен мүмкін болды. Мәселені
шешуде басты ролді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология
институты ғалымдары атқарып, 1988 жылы Социалистік Қазақстан газетінде
аталған институттың белгілі тарихшыларымен жүргізілген Тарихтың әр парағы
қымбат бізге деп аталатын дөңгелек үстелде отан тарихының күрделі
кезеңдерін жаңа көзқараспен қараудың тұжырымдамасының негізін салды. Осы
кезде алғашқы күн тәртібіне қойылған мәселе кеңестік билік тұсында
қудаланған, ұлттық мемлекеттіліктің негізін салған Алаш қозғалысы туралы
тұжырымдама жасап, оқыған азаматтар идеяларын халқына қайтару еді. 1988
жылы қоғамдық қысым әсерінен Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық
Комитеті жанынан тоталитарлық жүйенің құрбаны болған қазақ мәдениеті мен
ғылымының көрнекті қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын қайта қарау үшін
құрылған комиссия шешімдері жарық көрді. Бұл ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттар қорлары құжаттары саяси репрессиялар тарихының дерек көзі (1917-1956 жж.)
Кеңестік Қазақстан тарихының деректемелері
1998-2006 жылдардағы мұрағат ісін дамыту проблемалары
Қазақстан Республикасының ұлттық мұрағаттары
Қазақстанда мұрағат ісін ұйымдастыруға қатысты негізгі нормативтік құқықтық актілер
Қазақ зиялылары естеліктеріндегі тоталитарлық қоғам мәселесі
Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағатының құрылуы мен қызметі (1938-2008 ж.ж.)
Оңтүстік Қазақстанда 1920-30-шы жылдары жүргізілген саяси қуғын-сүргін
Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын ресімдеу
Қазақстан Республикасында мұрағат ісін ұйымдастыру
Пәндер