Қылмыстық жазасын өтеген тұлғалардың әлеуметтік ортаға бейімделуінің ұғымы мен негіздемесі


МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . .

ТАРАУ І. Қылмыстық жазасын өтеген тұлғалардың әлеуметтік ортаға бейімделуінің ұғымы мен негіздемесі . . .

І. 1. Әлеуметтік ортаға бейімделу ұғымының теориялық мәселелері . . .

І. 2. Бостандыққа шыққан тұлғалардың жеке басын зерттеудің криминологиялық мәселелері . . .

ТАРАУ ІІ. Қылмыстық жазасын өтеп шыққан тұлғалардың арасындағы қылмыс рецидивінің алдын алудың практикалық мәселелері . . .

ІІ. 1. Постпенитенциарлық қылмыстылықтың ерекшеліктері . . .

ІІ. 2. Қылмыстық жазадан босатылғандардың әлеуметтік мәселелерін шешудің постпенитенциарлық қылмыстылықтың алдын алудағы маңызы . . .

II. 3. Қылмыстық жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік ортаға бейімдеудегі шетелдік тәжірибе . . .

Қорытынды. . . .

Пайдаланған әдебиеттер тізімі . . .

КІРІСПЕ

ТАРАУ І. Қылмыстық жазасын өтеген тұлғалардың әлеуметтік ортаға бейімделуінің ұғымы мен негіздемесі

І. 1. Әлеуметтік ортаға бейімделу ұғымының теориялық мәселелері

Адамның қоғамдық ортада өмір сүре отырып тұлға ретінде қалыптасатыны белгілі. Адамның әлеуметтенуі табиғи қасиеттер негізінде әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, мәдени орта, мектеп, өзімен жасты тұлғалардан құралған топтардың және т. б., яғни әлеуметтік орта деп аталатын қоғамдық шеңбердің негізгі ықпал етуі барысында орын алады. Осы аталған ортада адам тәрбие алады, оның психологиялық, өнегелік, құқықтық және басқа да қағидалары қалыптасады және де соларға сәйкестікте адам әлеуметтік ортада орын алған жағдайлар мен өзгерістерге тәуелді түрде өзінің жүріс-тұрыстарының одан арғы негізгі бағыттарын айқындайды. Бұл үрдісте адам оның тек енжар түріндегі бақылаушысы болып ғана қалмайды, қоршаған ортаға белсенді түрде әсер ете отырып ол оның қатысушысы болады. «Адамның мінез-құлқында оның іс-әрекеттерінде жүзеге асырылған әлеуметтік ортаның элементтері қорытылады» [1, 199. ] . Ендеше тұлғаның қалыптасуы «адамды адамға айналдырудың көп қырлы процесі», жеке тұлғаның қалыптасқан әлеуметтік жағдайларға белсенді түрде бейімделуі және жинақталған тәжірибені қарым-қатынас, жүріс-тұрыс, қызмет арқылы жүзеге асыруы [2, 22. ] .

Тұлғаны әлеуметтендіру (социализация) [лат. socialis - қоғамдық] тұлғаның қалыптасу үрдісі, берілген қоғамға, әлеуметтік қауымдастыққа, топқа тән болып табылатын білімдерді, құндылықтарды және нормаларды игеруі, жеке адамның қоғамдық өмірге тартылуы [3, 735. ] .

Адамның өмірі мен қызметінің барысында оны қоршаған әлеуметтік орта жүйелі түрде өзгеріске ұшырап отырады. Бұл жағдай жеке адамның өзі тап болатын жаңа ортаға үнемі бейімделіп отыруға деген қажеттілігін туындатады және осының барысында жаңа әлеуметтік байланыстарды орнату ұжымның немесе ұйымның жекелеген мүшелерімен қарым-қатыс пен байланысқа түсудің сипатын өзгерту, жаңа әлеуметтік рөлдер мен қызметтерді кейде тіпті әлеуметтік бейімдік бағдарын да айқындау қажет болады.

Ендеше әлеуметтендірудің негізгі міндеті тұлғаның қоғамдағы қалыпты қызметін қамтамасыз ету болып табылады. Тұлғаның әлеуметтенуі жеке адамның қоғамға, нақты шағын топқа, өзіне ең жақын тұрған әлеуметтік ортаға бейімделуінің қажетті шарты. Әлеуметтену үрдісі жеке адамның бүкіл өмір жолында орын алады [4, 40-45. ] .

Жекелеген ұжымдар мен топтардың жеке тұлғаларға қоятын өнегелік талаптары, оларда қалыптасқан психологиялық хал-ахуал, бекітілген тәртіптер жүйесі бір-бірімен салыстырғанда өзіндік айырмашылықтарға ие болатындығын үнемі ескеру қажет. Адамды барынша жақын қоршаған әлеуметтік орта болып табылатын ұжымдар мен топтардағы өнегелілік және психологиялық жағдайлардағы айырмашылық жеке адамнан өзінің жүріс-тұрысын, көзқарастары мен сенімдерін, тәлімдері мен дағдыларын әртүрлі шағын топтардағы талаптарға және ондағы әлеуметтік-құндылықтық бағыттар жүйесіне белгілі бір шамада бейімдеуді талап етеді.

«Тұлғаның әлеуметтенуі» ұғымына «тұлғаның әлеуметтік бейімделуі» ұғымы өзінің ішкі мазмұны жағынан барынша жақын келеді.

Тұлғаның үнемі өзгерістерге ұшырап тұратын өзін қоршаған әлеуметтік ортаға бейімделуінің, сол ортаның өнегелік талаптарын, тәртіптерін, әлеуметтік ұстанымдарын және құндылықтық бағыттар жүйесін қабылдап алуының үрдісін әлеуметтік психологияда тұлғаның әлеуметтік бейімделу үрдісі (процесс) ретінде қарастырады.

Бейімделу (адаптация) [лат. adaptatio < adaptare - бейімделу] - 1) организмдердің құрылысы мен қызметі өзгеріске ұшыраған тіршілік жағдайларына бейімделуі; 2) әлеуметтік - жеке тұлғаның немесе әлеуметтік топтың өзгеріске ұшыраған әлеуметтік ортаға белсенділікпен бейімделуінің үрдісі [3, 23. ] . Осыдан адаптация терминінің қоғамдық ғылымдарға жаратылыс тану ғылымдарынан енгенін және әлеуметтік бейімделу ұғымының мазмұны бастапқы биологиялық мәніндегі бейімделуден өзгеше екендігін айқын аңғарамыз.

Жаңа әлеуметтік ортаға адамның бейімделу үрдісі әдетте ол адам үшін белгілі бір психологиялық қиындықтарды туындататындығы аян, себебі жаңа әлеуметтік ортаға тап болу өз кезегінде міндетті түрде сол ортаны құрайтын топтың құрылымындағы оның әлеуметтік рөлі мен міндеттерінің өзгерістерге ұшырауына алып келеді, соның салдарынан қалыптасқан дағдылар мен әдеттерді өзгерту, жүріс-тұрыстың, өзге адамдармен қарым-қатынастың жаңа ережелерін қабылдау қажеттіліктеріне итермелейді. Қоғамның тарихи нысандарының дамуына байланысты әлеуметтік бейімделудің, яғни тұлғаның берілген қоғамда үстемдік құратын нормалар, әлеуметтік және моральдық құндылықтар жүйесіне кірігу тәсілдері де өзгереді. Әлеуметтік бейімделу процесі тұлғаның жүріс-тұрысын бар мүмкіндіктердің шегінде бекітілген әлеуметтік нормаларды сақтай отырып (соның ішінде құқықтық сипаттағы) әлеуметтік ортаның талабына сәйкестендіруден тұрады.

Әлеуметтік бейімделудің барысында жеке тұлғаның және әлеуметтік ортаның олардың қоғамдық қызмет өрісіндегі бірігіп әрекет етуі орын алады. Тіршілік жағдайына адамның бейімделуі биологиялық бейімделумен салыстырғанда барынша күрделі екендігі түсінікті. Адам сана иесі бола отырып өзін қоршаған әлеуметтік ортаның ол үшін тың болып табылатын жаңа талаптарын қабылдау қабілетіне ие болып ғана қоймайды, сонымен бірге олардың дамытылуын да болжамдай біледі. Қарапайым түрдегі бейімделу қоршаған ортамен бірігіп әрекет ету үрдісін белсенділікпен реттеумен алмастырылады [5, 33. ] .

Осы түсініктің ғалымдар арасында барынша кең таралғанына қарамастан, оның ішкі мазмұндық жағы бірдей бағалауға ие бола бермейтіндігін айта кеткен орынды. Әлеуметтік ортаға бейімделу мәселелерін қарастырған кейбір авторлар бейімделе білу жағына ерекше назар аударған сияқты. Олардың ұстанымы бойынша жеке тұлға қалыптасқан қоғамдық қатынастарға және олардың әлеуметтік мәртебелерінің өзгерулерімен байланысты жағдайларға селқостықпен бой үйретіп, бейімделеді [6, 105., 7, 65. ] .

Әлеуметтік бейімделу ұғымын дәл осындай мазмұнда түсіндірудің аталған құбылыстың ішкі мазмұнын ашуда белгілі бір толықсыздыққа әкеп тірейтіні айқын аңғарылады. Егер адамның өзін қоршаған ортаға тек бейімделіп ғана қоймай, өзінің саналы түрдегі қызметімен ол ортаны өзгерістерге де ұшырататындығын ескерсек аталған толықсыздық барынша айқын көзге түсетіндей.

Олай болса өзгеріске ұшырайтын тіршілік жағдайларына жеке тұлғаның әлеуметтік бейімделуі үрдісі оның тіршілік жағдайларына қарапайым түріндегі бейімделуі ұғымынан кеңірек мазмұнға ие болады. Әлеуметтік жағдайлардың өзгеріске ұшырауы барысында өзінің жүріс-тұрыстарын оған икемдей білу қабілеттілігі тек адамға ғана тән болады. Сонымен бірге адам санасының көмегімен әлеуметтік қызметке өзінің бейімделу үрдісін мақсатты бағытта бақылап және реттеп отырады. Адам тек түйсіктік бейімделуге ғана иек артпай, саналы түрде өмірдегі өз орынын іздестіріп таба білуі тиіс [8, 197. ] .

Зерттеушілердің келесі бір тобы жеке тұлғаның әлеуметтік бейімделуі үрдісін оның берілген ортаның нормалар, моралдық құндылықтар, дәстүрлер жүйесіне кірігуі және өзінің жеке басының мінез-құлқын көрсетілген нормалар жүйесімен сәйкестендіруі ретінде сипаттайды [1, 197. ] .

Берілген анықтама жеке тұлғаның аталмыш әлеуметтік нормалар жүйесіне қандай жолдар, тәсілдер арқылы кірігітіндігін көрсетпейді, яғни онда жеке тұлғаның тіршілік ету ортасымен бірігіп әрекет етуінің мазмұны ашылмайды. Бұл оның басты кемшілігі болып табылады. Әлеуметтік психологияда жеке тұлғаның әлеуметтік ортаның нормаларын меңгеруінің екі тәсілі - оларды ақыл-оймен сезіну жолы және қоршаған ортаның талаптарының жеке тұлғаның жүріс-тұрыстары мен мінез-құлқының ішкі нормаларына айналуы (интериализация) жолы аталып көрсетіледі [9, 71. ] .

Зерттеушілердің үшінші тобы бейімделу ең алдымен жеке тұлғаның қошаған әлеуметтік ортамен белсенді түрдегі бейімделушілік байланыстарына негізделеді деп атап көрсетеді [10, 44-52. ] . Әлеуметтік бейімделудің өзіндік сапасы ретінде сананың белсенді қатысуы; адамның еңбек қызметінің ортаға әсері; тұрмыстың әлеуметтік жағдайларына сәйкестікте өзінің әлеуметтік бейімделуінінің нәтижелерін адамның қарқынды түрде өзгертуі аталып көрсетіледі. Адамның қызметі қайта құрушы сипатқа ие болғандықтан адам қоғамы тек қарапайым түріндегі бейімделуші ғана емес, сондай-ақ бейімдеуші де жүйе болып табылатындығын атап көрсеткен Э. С. Маркарянның ұстанымы назар аударуға тұраралық [11, 43. ] .

Алайда берілген авторлар әлеуметтік бейімделу ұғымының анықтамасында жеке тұлғаның ортамен бірігіп әрекеттесуі фактісін атап көрсете отырып осындай әрекеттестіктің қандай әлеуметтік және психологиялық тетіктердің көмегімен жүзеге асырылатындығын және әлеуметтік ортаға бейімделу үрдісі табысты жүргенде нәтиже қандай болатындығын дәл басып айтпайды. Осыдан -ақ әлеуметтік бейімделу ұғымына берілген жоғарыда келтірілген анықтамалардың осы құбылыстың мазмұнын толық ашып бере алмайтындығын байқауға болады. Сонымен бірге олар «әлеуметтік ортаның жеке тұлғаның санасына және мінез-құлқына аталған тұлға тартылған қызмет арқылы әсер етуі» факторын ескермейді [12, 122. ] .

Әлеуметтік бейімделу ұғымына анықтама беруде ең алдымен бейімделуші тұлғаның қызметтің белгілі бір түрлеріне бейімделуін және оның барысында екі үрдіс: жеке тұлға мен ортаның біріккен әрекеті және оның тіршілік ортасының нормаларының талаптарына бейімделуі қатар орын алады деп есептейтін ғалымдардың ұстанымдары біздің ойымызша шындыққа барынша жақын келетін сияқты [13, 62-67., 14, 9. ] .

Әлеуметтік орта және жеке тұлға тұрақты түрде өзара әрекеттестікте болады: әлеуметтік орта жеке тұлғаға әсер етеді, оны қалыптастырады; жеке тұлға өз тарапынан басқа адамдармен қатынасқа түсе отырып әлеуметтік ортада әрекет етеді, әртүрлі қауымдастықтардың қызметіне қатыса отырып сол ортаны құрады, оны белгілі бір әлеуметтік сапаға ие қылады. Жеке тұлға мен әлеуметтік ортаның бірігіп әрекет етуі ең алдымен адамдардың іс-әрекеттерінде көрініс табады, олар тіршілік кешетін объективтік қоғамдық болмыспен шартталады. Жеке тұлғаның психологиялық өмірі және оны қоршаған орта олардың қызметтерімен ажырамас байланыста. Осы аталған жәйтті субъектінің объектіге мақсатты бағытта әсер етуі ретінде қарастырған дұрыс.

Субъекті мен объектінің қатынасынан тыс қызметтің болуы мүмкін емес. Қызмет қашанда объектіге бағытталған субъектінің белсенділігімен байланысты. Қандай жағдайда да адам немесе адамдар тобы қызметтің субъектісі болатын болса қызметтің объектісі болып адам да, жануар да, жансыз зат та табылуы мүмкін.

«Әлеуметтік бейімдеу» ұғымының «әлеуметтендіру» ұғымымен тығыз байланысты екендігін біз жоғарыда атап өткен болатынбыз, олай болса олардың қатынасын ашу, біз зерттегелі отырған мәселені жан-жақты терең талдау үшін міндетті түрде қажет болады.

Әлеуметтік бейімделу және әлеуметтену ұғымдарының қатынасының мәселесі көптеген ғалымдардың назарын өзіне аударып келеді [15, 127., 16, 62. ] .

В. И. Войтенконың пікірінше әлеуметтену өзіне бейімделуді де кірістіреді және осы термин жеке тұлға мен қоғамның бірігіп әрекет етуін ғылыми сипаттаудың ұғымдық аппаратына енгізілген себебі ол бейімделумен салыстырғанда сыйымдырақ және дәлірек [17, 27-37. ] . Әлеуметтену ұғымының бейімделу түсінігінен кеңірек екендігіне келісе отырып аталған ұғымдарды синоним ретінде қолдануға тырысумен келісе қою қиындау.

Әлеуметтенудің тек жалпы даму, қалыптасумен байланыстырылатын, ал бейімделудің қалыптасқан қарым-қатыс пен қызметтің жаңа жағдайларына тап болған кездегі бейімделушілік үрдістерімен байланыстырылатын сәттері сирек емес [18, 65-70. ] .

Бейімделу үрдісі жеке тұлғаның дамуынан оның қалыптасуынан бөлек қарастырыла алмайды деп ойлаймыз. Сонымен бірге бейімделу үрдісі көп жағдайда жеке тұлғаның дербестік ерекшеліктеріне сәйкес келетін субъективтік тұрғыдан дамуы деп Л. М. Растова дұрыс айтады. Жеке адамның қажеттіліктері мен ішкі қозғаушыларының құрылымдары бейімделу үрдісінің негізгі түрлерін анықтап, айқындайды: әлеуметтік ортаға белсенді әсер етудің басымдылығымен сипатталатын түрі және шағын ортаның мақсаттары мен құндылықты бағдарларын енжар конформистік түрде қабылдаумен айқындалатын түрі [18, 351-356. ] .

Өзінің сенімдері, көзқарастары, құндылықтық бағыттар жүйесі, әдеттері мен дағдылары белгілі бір шамада бойына әбден сіңісті болып қалған ересек адам үшін жаңа әлеуметтік ортаға бейімделу көп реттерде оңайға соқпайды және оның барысында үлкен ішкі күйзелістер орын алады.

Тұлғаның жаңа ортаға әлеуметтік жағынан бейімделуі үрдісінің күрделілігі физиологиялық тұрғыдан алғанда бейімделудің уақытша нерв байланыстары жүйесін қайта құруды талап ететіндігімен, ал бұл өз кезегінде жүріс-тұрыстың қалыптасқан дағдысын белгілі бір шамада кей кездерде тіпті түбірімен өзгертуді талап ететіндігімен түсіндіріледі. Адамды қоршаған жаңа әлеуметтік орта оның үйреншікті ортасынан қаншама көп өзгерістерге ие болса, оның динамикалық (қарқынды) дағдысы да соншама үлкен өзгерістерге ұшырауы тиіс. Сондықтан тұлғаның жаңа әлеуметтік ортаға бейімделу үрдісі көп жағдайларда ішкі және сыртқы қайшылықтар және қақтығыстармен қатар жүреді, ал жүріс-тұрыстың жеткілікті шамадағы тұрақты тәсілі және жаңа әлеуметтік ортамен қарым-қатынастың жүйесі біртіндеп барып орнығады. Жеке тұлғаны қоғамдық өмірге кіріктірудің нақты нысандарының олқылығының мысалы ретінде кейбір жағдайларда жекелеген тұлғалардың әлеуметтік бейімделуінің қанағаттанарлықсыз жағдайда жүруінің мүмкіндігін келтіруге болады. Қылмысты қанағаттанарлықсыз әлеуметтік бейімделудің мүмкін болатын нәтижелерінің бірі ретінде қарастыру қылмыстың себептерін зерттеудің бағыттары мен әдістерін айқындауда, қылмыстылықпен күрестегі заңнаманы жетілдіруде үлкен маңызға ие болады.

Әлеуметтенудің негізгі қызметі - жеке адамның қоғамдағы қалыпты қызметін қамтамасыз ету. Бейімделу үрдісінде қоғамдық реттелген жүріс-тұрыстың жеке тұлғаның ішкі құрылымдары қызметінің оның мүдделеріне, құндылықты бағдарларына, әсерленгіштігінің (темперамент) ерекшіліктеріне сәйкестендіруге қол жеткізіледі [19, 221. ] .

Қорыта айтқанда «әлеуметтену» және «әлеуметтік бейімделу» ұғымдарының басты айырмашылығы біздің ойымызша олардың көлемінде немесе оларда көрініс табатын үрдістердің жүзеге асуының ұзақтығында емес, ол үрдістердің ішкі мазмұнының өзінде, олардың сапалық тұрғыдан алғандағы өзіндік ерекшеліктерінде.

Әлеуметтену үнемі және біртіндеп тәжірибені жинақтау, білімін кеңейту, тәлім алу жолымен жүзеге асырылады. Жеке тұлғаның әлеуметтік сапасы, оның көзқарастары, ұғымдары, құндылық бағдарлары, ұстанымдары, бағытталуы жаңадан қалыптасқандай болады. Бейімделу болса ендігі қалыптасқан жүріс-тұрыстың, дағдылардың, ұстанымдардың, ұғымдардың қайта құрылуы жолымен жүзеге асырылады. Егер әлеуметтену үрдісін мінездеуде әдетте жеке тұлғаның әлеуметтендіруші факторларға кері ықпалы ескерілмейтін болса, бейімделу үрдісін талдау барысында тек жеке тұлғаның бойындағы өзгерістерді ғана емес, сондай-ақ жеке тұлғаның сол ортаға әкелген өзгерістерін де ескеру қажет. Жеке адам әлеуметтік ортамен, әлеуметтік тәжірибемен қатынаса оның эталондарын орната отырып белгілі бір ортаға өзі әсер етеді. Бейімделу жеке адамның әлеуметтік ортаға кірігуімен анықталады. Адам қоғамдық өмірдің белсенді қатысушысы немесе тек оның бақылаушысы болуы мүмкін. Жеке тұлғаның әлеуметтік ортамен макро орта деңгейіндегі біріккен әрекеті әлеуметтену үрдісі арқылы орнатылатын болса, ал адамның микро ортамен (отбасы, еңбек ұжымы, оған ең жақын тұрған орта) өзара әрекеттестігі әлеуметтік бейімделу үрдісінің негізінде орнатылады.

Әлеуметтік бейімделу ұғымының мазмұнын оның «әлеуметтену» ұғымымен қатысын талдау оның төмендегідей сипатты белгілерін айырып көрсетуге мүмкіндік береді:

  • әлеуметтік бейімделу дегеніміз тұлғаның және әлеуметтік ортаның шағын орта деңгейіндегі қарым-қатыс және бірлескен қызмет жағдайындағы оған бейімделу жолымен жүзеге асатын біріккен әрекеттестігінің күрделі, қайшылықты үрдісі болып табылады;
  • әлеуметтік бейімделу мәселесі егер жеке адам қоғамның, өзін тікелей қоршаған ортаның нормативтік талаптарын қабылдап, оларға мойынұсынуға дайын болғанда ғана шешілуі мүмкін;
  • әлеуметтік бейімделу үрдісі енжар және белсенді (басым көп жағдайларда) сипаттарға ие болады.
  • әлеуметтік бейімделу - үнемі жетілдіріліп отыратын үрдіс;
  • жеке тұлғаның бейімделгендігінің дәрежесін тек ғана қарым-қатыс, жүріс-тұрыс және қызмет нәтижелеріне қарап бағалауға болады.

Олай болса әлеуметтік бейімделуді оның жеке тұлғаның өзін қоршаған шағын топпен біріккен әрекеттестігін оған қарым-қатыс, қызмет арқылы ең жақын тұрған әлеуметтік ортаның нормаларын, моральдық құндылықтарын, дәстүрлерін ақыл-ой арқылы сезіну жолымен немесе интериализация жолымен оған белгілі бір шамада бейімделуімен, оның жеке ұстанымдары мен әлеуметтік ортаның одан күтетін үміттері арасындағы динамикалық тепе-теңдікті орнату арқылы субъектінің бейімделу жағдайына қол жеткізуін қамтамасыз ететін өзінідік ерекшеліктерге ие болатын әлеуметтік-психологиялық құбылыс ретінде қарастыру керек

Әлеуметтік бейімделу - сыртқы жағдайлар мен әрбір жеке адам үшін өзіндік ерекшеліктерге ие болатын ішкі жағдайлардың бірігіп әрекеттесуі барысында орын алатын күрделі де қайшылықты процесс болып табылады. Өзінің мәнісі бойынша жеке тұлғаның барлық дамуы өзгеріске ұшырайтын адамның өз кезегінде құбылып тұратын ортамен үзіліссіз әрекеті болып табылып, жеке адамнан оны қоршаған ортаның жаңа талаптарына, жаңа әлеуметтік үміттерге күрделі және икемді реакцияны талап етеді.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылайтын болсақ бостандыққа шыққан адамдардың әлеуметтік жағынан бейімделу үрдісін тек жазаны өтегеннен кейін жаңа әлеуметтік ортаға бейімделу үрдісі, осы ортаның әлеуметтік ұстанымын және құндылық бағдарлық жүйесін қабылдауы, ерікті азматтардың әлеуметтік рөлін және функцияларын ( кейде мәжбүрлеу жолымен ) меңгеруі ретінде ғана пайымдаудан кеңірек қарастырған дұрыс болады. Әлеуметтік ортаға бейімдеу ұғымына біздің ойымызша, сотталған адамдарды жазасын өтеу барысындағы оларды түзету және тәрбиелеу үрдісі де кірістірілуі тиіс себебі, ол ақыр аяғында оларды бостандықтағы өмірге өнегелілік, психологиялық және ұйымдастырушылық жағынан дайындау үрдісі болып табылады.

Жазасын өтеуден босатылғандарды әлеуметтік ортаға бейімдеу үрдісі бей-берекет түрде жүргізілмейді: ол осыған өкілетті мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен басқарылады. Сотталған адамдар жазасын өтегеннен кейін пайда болатын кейбір қоғамдық қатынастар бостандыққа шыққан адамдардың бейімделуіне кедергі келтіретін факторларды жою немесе алдын алу мақсаттарын көздей отырып құқық нормаларымен реттеледі.

Жазаны өтеуден босатылғандардың әлеуметтік ортаға бейімделуін осылай ұғынуды басшылыққа ала отырып оның барлық үрдісін өзара байланысты екі кезеңге бөліп қарастыруға болады: сотталғандарды түзету мекемесінде бостандықтағы өмірге өнегелік, психологиялық және ұйымдастырушылық тұрғысынан дайындау кезеңі және бостандыққа шыққандардың еркін өмір жағдайына бейімделу, олардың өздерінің әлеуметтік ұстанымы және рөлдерін анықтау, жаңа әлеуметтік ортаның талаптары мен құндылық бағдарлар жүйесін қабылдау және осы үрдісті мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдар тарапынан басқару кезеңі.

Аталған кезеңдердің әрқайсысына сотталғандардың және бостандыққа шыққандардың жеке басына да және олар жазасын өтегеннен кейін бейімделетін әлеуметтік ортаға да әсер ететін өзіндік психологиялық-педагогикалық, ұйымдастырушылық және құқықтық құралдар тән болады.

Сонымен бірге біздің ойымызша осы мәселеге қатысты тек «адаптация» терминін қолдану белгілі бір мазмұндық толықсыздыққа соқтыратындай. Себебі, біз бейімделу ретінде нақты тұлғаның өзін қоршаған әлеуметтік ортада қабыл алынған жүріс-тұрыс нормаларын қабыл алуы, оларға оның мойынұсынуын түсінеміз. Қылмыстық жазасын өтеп шыққан тұлғалардың қоғамдық пайдалы қызметке араласуына, олардың қалыпты әлеуметтік ортаға барынша тығыз кірігуінің неғұрлым тез және жемісті түрде жүзеге асуы мақсатына бағытталған мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан жасақталып жүзеге асырылатын шаралар кешенін біз қылмыстық жазасын өтеп шыққан тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу ретінде ұғынғанымыз дұрыс. Олардың біріншісінде, яғни бейімделудің барысында негізгі екпін жеке тұлғаның өзіне түсірілетін болса, екінші жағдайда, яғни бейімдеуде негізгі жүк осыған жауапты мемлекеттік органдар мен осы мәселені шешумен айналысатын қоғамдық ұйымдарға жүктеледі. Сондықтан біздің ойымызша бейімделу және бейімдеу ұғымдарын қолдану барысында олардың ішкі мазмұнына ерекше назар аударған дұрыс болады деп есептейміз.

Философия, әлеуметтану, психология ғылымдарында, қылмыстық-атқару құқығында, криминологияда жинақталған теориялық тұжырымдар және теориялық материалдарды талдау негізінде тұлғаның әлеуметтік бейімделуі ұғымының жалпы анықтамасына сүйене отырып бас бостандығынан айыру орындарынан бостандыққа шыққан тұлғалардың әлеуметтік ортаға бейімделуі ұғымына төмендегідей анықтама берген дұрыс деп санаймыз.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жазасын өтеген тұлғалардың әлеуметтік бейімделуінің түсінігі
Қылмыстық жазасын өтеп шыққандар
Ұзақ мерзімдерге бас бостандығынан айырудың құқықтық және әлеуметтік салдары
ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗАДАН БОСАТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Қылмыстық жазасын өтеп шықан тұлғалардың бостандықтағы өмір жағдайларына бейімделуінің мәселелері
Қылмыстық құқықтағы бас бостандығынан айыру
Қазақстан Республикасының әрекет етуші заңамасына және арнайы зерттеу әдебиеттеріне талдау жасау
Бас бостандығынан айырудың қылмыстық құқықтық мәселелері
Қазақстан Республикасының қылмыстық - атқару құқығы
Қазақстан Республикасында жазадан босатылғандарды әлеуметтік бейімдеу мәселелері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz