Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы бойынша қылмыстық жауапкершіліктің түсінігі, негізі және жүзеге асыру нысандары


ӘОЖ 343. 1(574)
ҚАЙЫРЛИНА АЯУЛЫМ ҚАЙЫРЛЫҚЫЗЫ
Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы бойынша
қылмыстық жауапкершіліктің түсінігі, негізі және жүзеге
асыру нысандары
6N0301 - Құқықтану
Реферат
Құқықтану магистрі академиялық дәрежесін алу үшін
Қазақстан Республикасы
Өскемен, 2010 ж.
Жұмыс С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік универститетінің қылмыстық құқық және қылмыстық іс жүргізу құқығы кафедрасында орындалды.
Магистерлік диссертация 2010 жылы «29» маусымда сағат 9. 00-де С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің мемлекеттік аттестациялық комиссиясының мәжілісінде қорғалады.
Мекен-жайы: Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі, 55, №5 оқу ғимараты, 204 дәрісхана.
Рефератпен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасының оқу залында (30-шы Гвардиялық дивизия көшесі, 34) және С. Аманжолов атындағы ШҚМУ сайтынан://vkgu. kz/ танысуға болады.
Реферат сайтқа шығарылды
http://www. vkgu. kz/ «___» 2010 ж.
Қылмыстық құқық және
қылмыстық іс жүргізу құқығы
кафедрасының меңгерушісі, з. ғ. к Г. Т. Байркенова
Диссертацияның көлемі мен құрылымы.
Диссертацияның жалпы көлемі 75 бетті құрайды. Диссертациялық зерттеу құрылымдық тұрғыдан кіріспеден, алты бөлімшені қамтитын үш бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Пайдаланылған әдеби деректердің жалпы саны - 73.
Іздеу кілті бола алатын сөздердің тізімі: қылмыстық жауапкершілік; қылмыстық-құқықтық қатынастар; қылмыс құрамы; қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары; жаза; жазаға балама қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары; қылмыстық жауапкершілікті жіктеу; қылмыстық жауапкершіліктен босату; қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетуші және ауырлатушы мән-жайлар.
Зерттеудің өзектілігі. Қоғамдық немесе жеке қайшылықтардан туындайтын қылмыс - адамзат қоғамының ажырамас серігі. Қылмыстың құқықтық салдары ретінде жаза да - мәңгілік құбылыс. Сондықтан қазіргі заман шарттарында жаза жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаңа қылмыстардың алдын алуға және сотталған адамды түзеуге бағытталған қылмыстық саясаттың маңызды әрі қажетті құрамдас бөлігі болып қалып отыр.
Қылмыстық құқықтың мәнін құрайтын «қылмыс» пен «жаза» атты екі институттың байланысын, сабақтастығын көрсететін үшінші бір категория - қылмыстық жауапкершілік. Қылмыс - қылмыстық жауапкершіліктің материалдық негізін құраса, жаза - қылмыстық жауапкершілікті жүзеге асырудың басты нысаны болып табылады.
Қолданыстағы қылмыстық заңнамада «қылмыстық жауапкершілік» тіркесі өте жиі қолданылғанымен, оның мазмұны ашылмайды. Осы себепті қылмыстық құқық ғылымында қылмыстық жауапкершілік ұғымы түпкілікті шешімін таппаған, даулы мәселелердің қатарынан саналады.
Қылмыстық заңдарда көзделген қылмыстар әр қилы болады, олар мазмұны, бағыты, зардаптары және қоғамдық қауіптілігі бойынша бір-бірінен көп ерекшеленеді. Қылмыс жасайтын адамдар да сан алуан болады. Субъектілердің және жасалатын қылмыстардың әркелкілігі қылмыстық жауапкершіліктің де әртүрлі нысандарда жүзеге асырылуын талап етеді. Міне сондықтан ХIХ-ғасырдан бастап демократиялық мемелекеттердің қылмыстық саясаты өз бойында белгілі бір құқықтық шектеулерді, жаза тағайындау немесе орындау қатерін бостандықта жүзеге асырылатын тәрбиелік ықпалмен оңтайлы үйлестіретін жазаға балама қылмыстық-құқықтық шараларды іздестіру және заң жүзінде бекіту бағытында өрбуде.
Жазаға балама қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары қылмыстық жауапкершілікті жіктеу (дифференциация) мен жеке даралау (индивидуализация) мүмкіндігін айтарлықтай молайтады және қылмыстық құқықтың әлеуметтік маңызын елеулі түрде арттырады. Осыған орай Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында қылмыстық құқықты дамытудың басым бағыттарының қатарында «қылмыстық қуғын-сүргінді қолдану аясын кезең-кезеңмен қысқарту мүмкіндігін айқындау» қажеттігі жөнінде айтылады.
Диссертациялық жұмыстың мақсаты - қылмыстық жауапкершілік ұғымын кешенді ғылыми сараптамаға салып, қылмыстық жауапкершілік институтының қылмыстық құқық теориясы мен тәжірибесіндегі заманауи үрдістерге жауап беретін негізгі категорияларын тұжырымдау.
Аталған мақсатқа жету үшін ғылыми жұмыстың алдына төмендегідей міндеттер қойылып отыр:
- қылмыстық жауапкершілік ұғымы жөніндегі теориялық көзқарастарды талдау, солардың негізінде қылмыстық жауапкершіліктің анықтамасын тұжырымдау; қылмыстық жауапкершіліктің негізін, оның пайда болуына, өзгеруіне және доғарылуына түрткі болатын құқықтық фактілерді сипаттау; қылмыстық жауапкершілікті жүзеге асырудың негізгі нысаны ретінде жазаның түсінігін, белгілерін және мақсаттарын талдау; қылмыстық жауапкершілікті жүзеге асырудың жазадан өзге нысандарының сипаттамасын беру; жаза мен өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының ара қатынасын көрсету; қылмыстық жауапкершілікті жіктеудің түсінігін беру, маңызын ашу, шектерін айқындау;
қылмыстық жауапкершілікті жіктеудің түрлері мен құралдарының сипаттамасын беру.
Зерттеу объектісі мен пәні. Зерттеу объектісі - жасалған қылмысқа қатысты оны жасаған адам мен мемлекет арасында пайда болатын қоғамдық қатынастар, олардың аясында қолданылатын мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары.
Зерттеудің пәнін Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасының қылмыстық жауапкершілік негізін, оны жүзеге асыру нысандарын және жіктеу құралдарын реттейтін нормалары, қылмыстық саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын бағдарламалық құжаттар, қылмыстық жауапкершілік туралы жалпы ілімнің басты қағидалары құрады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қылмыстық жауапкершілік туралы жалпы ілімнің негізі Кеңес дәуірінде қаланған. Тақырыпқа қатысты қомақты туындылар Я. М. Брайнин, В. А. Елеонский, В. Н. Кудрявцев А. И. Санталов, А. Н. Тарбагаев сынды ғалымдардың қаламынан шыққан.
Қылмыстық жауапкершілікті жаза нысанында жүзеге асыру мәселесіне арналған туындылардың авторлары: Қ. Ж. Балтабаев, Н. О. Дулатбеков, И. И. Карпец, Б. С. Никифоров, И. С. Ной, Т. Г. Понятовская, М. Д. Шаргородский және т. б. Қылмыстық жауапкершілікті жазадан өзге нысандарда жүзеге асырудың заманауи қырлары Ф. Р. Сундуровтың еңбектерінде көтеріледі.
Қылмыстық жауапкершілікті жіктеу мәселелері И. М. Гальперин, Г. А. Злобин, С. Г. Келина, Л. Л. Кругликов, А. А. Тер-Акопов, А. М. Яковлев сияқты Кеңес ғалымдарының еңбектеріне арқау болған. Қазіргі заманғы авторлардың ішінде Т. А. Лесниевски-Костареваны ерекше атауға болады.
Аты аталған және өзге де ғалымдардың еңбектері жұмыстың теориялық негізін қалады.
Диссертациялық зерттеудің әдістемелік негізін қоғамдық ғылымдарға ортақ жалпы танымдық және арнайы ғылыми әдістер құрады. Сонымен қатар, тақырыпты зерттеу барысында тарихи талдау, жүйелі-құрылымдық және қисынды-заңдылық талдау әдістері кеңінен қолданыс тапты.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертация қылмыстық құқықтың дамуындағы басымдықтарды айқындап берген құқықтық саясаттың жаңа онжылдыққа арналған тұжырымдамасы негізінде жазылған алғашқы ғылыми жұмыстардың бірі болып табылады. Жұмыстың ең басты жаңалығы автордың қылмыстық жауапкершілік ұғымын кешенді ғылыми сараптамаға салып, қылмыстық жауапкершілікті жүзеге асыру нысандары мен жіктеу мәселелерінің заман қажеттіліктерінен туындаған соны қырларын ашуында.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- Қылмыстық жауапкершілік ұғымын қалыптастырып, оның түрлі қырларын қамтитын анықтама тұжырымдау жөніндегі талпыныстардың сәттілігі заңнама негізінде қылмыстық жауапкершіліктің басталу, жүзеге асырылу және аяқталу сәттерінің дұрыс айқындалуына тікелей тәуелді.
- Жаза - қылмыстық жауапкершілікті жүзеге асырудың негізгі нысаны болғанымен, тек нысаны емес. Қылмыстық жауапкершілік қылмыс жасаған адамдарға жазаға балама қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын қолдану жолымен де жүзеге асырылуы мүмкін. Бүгінгі күні соңғылардың жаза алдындағы артықшылықтары ешқандай күмән туғызбайды.
- Жазаның нормативтік анықтамасын оның мәнін ашатын, қылмыстық жауапкершілікпен байланысын және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларынан айырмашылығын көрсететін белгілермен толықтыру қажет.
- Жаза мен өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының мақсаты бір болғандықтан, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталған адамды түзеу мен қылмыстардың алдын алуды заңнамада қылмыстық жауапкершіліктің жалпы мақсаттары ретінде бекіту қажет.
- Қылмыстық жауапкершілікті жіктеу дегеніміз - заң деңгейінде қылмыстардың және оларды жасайтын адамдардың әртүрлі типтеріне сәйкес келетін қылмыстық-құқықтық сипаттағы шаралардың сан алуан түрін көздеу. Қылмыс құрамының ауырлатушы (саралаушы) және жеңілдетуші белгілері мен қылмыстық жауапкершіліктен босату жіктеудің негізгі құралдары болып табылады.
Зерттеудің ғылыми және тәжірибелік маңызы. Диссертациялық жұмыстың мазмұнында келтірілген деректерді, байлам-түйіндерді зерттеу тақырыбымен ұштасатын ғылыми ізденістер жүргізгенде, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізгенде, «Қазақстан Республикасының Қылмыстық құқығы» пәнінен дәріс оқығанда қолдануға болады.
Диссертацияның негізгі бөлімі. Жұмыстың бірінші бөлімі «Қылмыстық жауапкершіліктің түсінігі және негізі» деп аталады. Ол екі бөлімшені қамтиды.
«Қылмыстық жауапкершілік ұғымы жөніндегі теориялық көзқарастар» деп аталатын бірінші бөлімшеде ізденуші қылмыстық құқық ғылымында кездесетін ұстанымдарды ортақ белгілері бойынша жүйелеп талдау арқылы «қылмыстық жауапкершілік» атты күрделі феноменнің мазмұнын ашады. Оның өзіндік ерекшеліктерін сипаттайтын қасиеттердің қатарында мыналарды атайды:
- қылмыстық жауапкершілік қылмыстың құқықтық салдары болып табылады, абстрактілі қылмыстық жауапкершілік қылмыстық заң қабылданған сәттен басталады, ал қылмыс жасау оқиғасы орын алғанда қылмыстық жауапкершілік жүзеге асырыла бастайды.
- қылмыстық жауапкершіліктің әлеуметтік мазмұнын мемлекет атынан қылмысқа теріс баға беріп, оны жасаған адамды мінеу, ал құқықтық мазмұнын ол адамға жаза немесе өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын қолдану құрайды;
- қылмыстық жауапкершілік аясында қылмыстық-құқықтық қатынастар өрбиді, бұл қатынастардың бір тарапы болып табылатын мемлекет қылмыс жасаған адамның құқықтық мәртебесін шектеуге құқылы болса, екінші тарап - қылмыс жасаған адам - заңмен көзделген келеңсіз зардаптарды басынан өткеруге міндетті.
Бөлімнің «Қылмыстық жауапкершіліктің негізі» атты екінші бөлімшесінде қылмыстық жауапкершіліктің негізі мәселесінің философиялық және құқықтық қырлары айқындалады.
Мәселенің құқықтық қырларын ашу барысында қылмыстық жауапкершіліктің негізі ретінде қылмысты, кінәні, есі дұрыстықты атайтын немесе қылмыстық жауапкершіліктің негізін қылмыстық іс қозғаудың, қылмыстық жауапкершілікке тартудың негіздерінен ажыратпайтын ғалымдардың ұстанымының дәйексіздігі көрсетіледі.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасында қылмыстық жауапкершіліктің тек және жеткілікті негізі ретінде жасалған әрекетте нақты қылмыс құрамы белгілерінің болуы (ҚР ҚК-нің 3-бабы) аталған. Ізденуші қылмыстық жауапкершіліктің негізін заңнамада бекіту тәжірибесіне жоғары баға беріп, оны қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органдардың өз қызметінде заңдылықты қатаң сақтауының құқықтық кепілдігі ретінде бағалайды.
Диссертацияның «Қылмыстық жауапкершілікті жүзеге асыру нысандары» деп аталатын екінші бөлімі екі бөлімшеден құралады.
Бірінші бөлімше «Қылмыстық жауапкершілікті жүзеге асырудың негізгі нысаны ретіндегі жазаның түсінігі және әлеуметтік мәніне» арналған.
Қылмыстық жаза мемлекеттік мәжбүрлеу шараларының ең қаталы болғандықтан және құқықтық шектеулердің кең көлемімен ұштасатындықтан, құқықтық мемлекетте оның шектері, қолданылу аясы заңда нақты айқындалуы тиіс. Осы себепті Қазақстан Республикасының 1997 жылғы Қылмыстық кодексі алғаш рет маңызды деген белгілерін көрсете отырып, жазаның жалпы анықтамасын бекітті (ҚР ҚК-нің 38-бабы) . Дегенмен ғалымдар жазаның нормативтік анықтамасына қатысты сын пікірлер де білдіреді. Заңнамалық анықтаманың ең басты кемшілігі ретінде ізденуші онда жазаның қылмыстық жауапкершілікпен байланысының көрсетілмеуін атайды.
Сонымен қатар жаза анықтамасын оны қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының өзге түрлерінен ажыратуға мүмкіндік беретін белгілермен толықтыруды ұсынады. Автордың ойынша, нормативтік анықтамада жаза түрлерінің тұйықталған тізіміне кірген мемелекеттік мәжбүрлеу шаралары ғана жаза деп танылады және жаза соттылық түріндегі құқықтық салдарды туындатады деп атап көрсету қажет.
Қылмыстық жазаның мәні қылмысты және оны жасаған адамды мемлекет атынан мінеуден тұрады, бұл орайда әрекетке және оны жасаған адамға берілген теріс баға міндетті түрде сотталған адамды құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе шектеумен ұштасады.
Әлеуметтік қызметтің кез-келген саласында оның мақсаттарының, яғни осы қызметтің субъектілері қол жеткізуге ұмтылатын нәтижелердің маңызы ерекше. Жаза мақсаттары оның әлеуметтік құндылығын көрсететіндіктен, қалыптасқан заңшығарушылық тәжірибе бойынша олар заң жүзінде бекітіледі.
Қылмыстық құқық - өзінің мәні бойынша тыйым салушылық құқық. Сондықтан жаза мәселелерін реттемейтін қылмыстық құқық өзінің болмысынан айырылады. Тіпті қылмыс жасаған адамға жазадан өзге қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары қолданылған (мысалы, тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шаралары, шартты түрде соттау) жағдайдың өзінде олардың алдын алушылық және түзетушілік әлеуеті жазаны іс жүзінде орындау қатерінің көмегімен қамтамасыз етіледі.
Бөлімнің екінші бөлімшесі «Қылмыстық жауапкершілікті жүзеге асырудың өзге нысандарының сипаттамасы, олардың жазамен ара қатынасы» деп аталады.
«Өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары» тіркесі Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасында отандық құқық тарихында тұңғыш рет қолданылған. Олар жаза сияқты ҚР ҚК-нің Ерекше бөлімі бабының санкциясында көрсетілмейді және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының негізгі түрі болып табылатын жазаның орнына ғана қолданыла алады. Соңғы жайт оларды жаза орнына қолданылатын, жазаға балама қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары деп атауға толық негіз береді.
Жазаға балама қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары идеясы бүгінгі күнгі Қазақстан үшін ерекше өзекті. Ресми статистикалық мәліметтерге қарағанда, сотталғандардың жартысына жуығына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
ҚР ҚК-нің 2-бабының 2-бөлігінде өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының жазамен қатар аталуы оларды бір деңгейдегі, бір-біріне етене жақын категориялар ретінде қарастыруға негіз береді. Өзге де шаралар жаза сияқты қылмыстық-құқықтық ықпал ету құралы болып табылады, сондықтан бірқатар белгілері бойынша жазадан еш ерекшеленбейді: екеуі де мәжбүрлеу шарасы болып табылады, екеуі де қылмыс пен оны жасаған адамға мемлекет атынан берілген теріс бағаны білдіреді, екеуі де соттың айыптау үкімімен қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамдарға тағайындалады.
Ізденуші өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының анықтамасын ұсынады: ҚК-тің Жалпы бөлімімен көзделген, жазалау сипатынан ада құқықтық шектеулерден көрініс табатын қылмысты және оны жасаған адамды мемлекет атынан мінеуден тұратын, әлеуметтік әделеттілікті қалпына келтіру, сотталған адамды түзеу және қылмыстардың алдын алу мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған, соттың айыптау үкімімен тағайындалатын жазаға балама шаралар (құралдар) .
Бұл анықтама әрі жаза, әрі өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары қылмыстық жауапкершілік аясында қолданылатындығын, олардың діттеген мақсаты бір екендігін көрсетеді. Сондықтан автор қылмыстық заңда қылмыстық жауапкершіліктің ортақ мақсаттарын бекіту қажет деп санайды.
Дәстүрлі түрде қылмыстық жауапкершілікті жүзеге асыру нысандарының қатарына жаза (негізгі нысан), тәрбиелік сипаттағы мәжбүрлеу шаралары, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары жатқызылады. Ізденуші медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының қатарына жақызбайды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасын талдау негізінде ол өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының қатарына шартты түрде соттау мен тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шараларын жатқызады және олардың сипаттамасын береді.
Диссертацияның үшінші бөлімі « Қылмыстық жауапкершілікті жіктеудің түсінігі, маңызы және құралдары » деп аталады және екі бөлімшені қамтиды.
«Қылмыстық-құқықтық саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретіндегі қылмыстық жауапкершілікті жіктеудің түсінігі » деп аталатын бірінші бөлімшеде сабақтас қылмыстық-құқықтық категориялармен салыстыра отырып, қылмыстық жауапкершілікті жіктеудің ұғымы берілген, оның маңызы көрсетілген.
Қылмыстық жауапкершілікті жіктеу отандық қылмыстық-құқықтық саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында қылмыстық заңнамада ауыр қылмыс жасаған адамдар мен қоғамдық қауіптілігі төмен қылмыстарды жасаған адамдар үшін түрлі сипаттағы құқықтық салдарды көздеу қажеттігі айтылады.
Құқыққолдану тәжірибесінде, құқық теориясында өте жиі ұшырасатынына қарамастан, қазіргі заманғы қылмыстық құқықта қылмыстық жауапкершілікті жіктеу ұғымы бір мағынада түсініліп, бірізді қолданылмайды. Жалпылама тұрғыдан алғанда жіктеу (дифференциация) деп бүтінді бөліктерге, нысандарға, сатыларға бөлшектеуді, айыруды атайды. Қылмыстық жауапкершілікті жіктеу дегеніміз - заң деңгейінде қылмыстардың және оларды жасайтын адамдардың әртүрлі типтеріне сәйкес келетін қылмыстық-құқықтық сипаттағы шаралардың сан алуан түрін көздеу.
Қылмыстық-құқықтық әдебиетте қылмыстық жауапкершілікті жіктеудің қасиеттері мен негізгі белгілері ретінде мыналар аталады: оның субъектісі - заңшығарушы; жіктеудің мәні - қылмыстық жауапкершілікті бөлшектеуде; оның негізі - қылмыс пен айыптының жеке басының типтік қоғамдық қауіптілік дәрежесі; жіктеудің мазмұнын жауапкершілікті жіктеу құралдары құрайды; жіктеу үрдісі жіктеу құралдарын қолдану тәртібіне тәуелді.
Үшінші бөлімнің екінші бөлімшесі « Қылмыстық жауапкершілікті жіктеудің шектері, түрлері және құралдарына » арналған.
Қылмыстық құқықта жауапкершілікті жіктеу идеясымен әуестену салдарынан кейде қылмыстық жауапкершілікті жіктеу ұғымы негізсіз кеңейтіліп жіберіледі. Осы орайда ізденуші қылмыстық жауапкершілікті жіктеуді «қылмыстық жауапкершілік негіздерін жіктеу», «қылмыстық жауапкершілік орнату», «қылмыстың құқықтық салдарын жіктеу», «қылмыстық жауапкершілікті жеке даралау» үрдістерінен ажырата білу қажеттігіне назар аударады.
Әдебиетте қылмыстық жауапкершілікті жіктеудің екі түрі аталады: 1) типтік жазаны құбылту жөнімен жіктеу; 2) жауапкершіліктен босату жолымен жіктеу. Олардың әрқайсысы өзіндік құралдардың көмегімен жүзеге асырылады.
Жіктеудің бірінші түрі қылмыс құрамының ауырлатушы (саралаушы) және жеңілдетуші белгілері түріндегі арнайы құралдардың арқасында жүргізіледі. Олардың көмегімен заңшығарушы ауырлатылған және жеңілдетілген қылмыс құрамдарын түзіп, жазаның негізгі қылмыс құрамына сай келетін санкциямен салыстырғанда жоғары немесе төмен жаңа шектерін көздейді. Бұл жағдайда қылмыстардың белгілі бір түріне тән типтік қоғамдық қауіптілік дәрежесі жауапкершілікті жіктеу негізі болып табылады. Ауырлатушы және жеңілдетуші мән-жайлардың қылмыстардың белгілі бір түріне тән типтік қоғамдық қауіптілік дәрежесін заңда бейнелеу қасиеті қисынды түрде типтік жазаны түрлендіруге әкеліп, сол арқылы жауапкершілікті де жіктейді. Олай болса, ауырлатушы және жеңілдетуші мән-жайлар қылмыстық жауапкершілікті жіктеудің маңызды құралдарының бірі болып табылады.
Жіктеудің екінші түрі қылмыстық-құқықтық норманың санкциясында көзделген жазаның делдалдығынсыз қылмыстық жауапкершіліктен босату жолымен тікелей жүзеге асырылады. Бұл институт ҚР ҚК-нің Жалпы бөлімінің «Қылмыстық жауапкершілік пен жазадан босату» тарауының нормаларымен және ҚР ҚК-нің Ерекше бөлімінің қылмыстық жауапкершіліктен босатудың арнайы түрлерін көздейтін нормаларымен реттеледі.
Диссертацияның қорытынды бөлімінде ізденушінің зерттеу негізінде жасаған жалпы сипаттағы байлам-түйіндері мен ұсыныстары көрініс тапқан.
Ізденуші қылмыстық жауапкершіліктің оны құқықтық жауапкершіліктің өзге түрлерінен (әкімшілік, тәртіптік, азаматтық-құқықтық) ажыратуға мүмкіндік беретін өзіндік ерекшеліктерін атайды:
Олардың біріншісі жауапкершілікті қолдану негізімен байланысты. Қылмыстық жауапкершілік қылмыс құрамының барлық белгілері бар қоғамдық қауіпті әрекетті жасағаны үшін ғана көзделеді. Құқықтық жауапкершіліктің өзге түрлері құқықбұзушылықтардың қылмыстан басқа түрлері үшін көзделеді.
Екінші ерекшелік - жауапкершіліктің мазмұнымен байланысты. Қылмыстық жауапкершілік қылмыс жасаған адамды және оның қылығын мемлекет атынан мінеп, адамды елеулі құқықтық шектеулерге ұшыратудан тұрады. Өзінің мазмұны бойынша қылмыстық жауапкершілік - құқықтық жауапкершіліктің ең қатал түрі.
Үшінші ерекшелік - жауапкершілікті қолдану субъектісінде. Қылмыстық жауапкершілікті тек қана сот, тек қана заңды күшіне енген айыптау үкімімен қолданады. Құқықтық жауапкершіліктің өзге түрлерін сот та, өзге органдар мен лауазымды тұлғалар да қолдана алады.
Төртінші ерекшелік - жауапкершілік жүктелетін субъектілер аясы бойынша. Қылмыстық жауапкершілік жеке сипат тасиды, яғни тек қана қылмыс жасауға кінәлі жеке тұлғаға жүктеледі. Құқықтық жауапкершіліктің өзге түрлері (мысалы әкімшілік, азаматтық-құқықтық) заңды тұлғаларға да жүктелуі мүмкін.
Зерттеу нәтижелерінің жариялануы туралы мәліметтер:
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz