Фариза Оңғарсынованың поэзиясы мен поэтикасы


ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Тақырыбы: «Фариза Оңғарсынованың поэзиясы мен поэтикасы»
ЖОСПАР
І. КІРІСПЕ . . . 4-6
ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Өмірін өлеңмен өрнектеген ақын
2. 1. Ақын өлеңдерінің тақырыптық ерекшелігі . . . 7-25
2. 2. Фариза өлеңдерінің поэтикасы . . . 26-44
ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ . . . 45-46
ІҮ. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 47-48
КІРІСПЕ
Қазақ халқының жаңару, өзгеру ерекшелігі қоғамдық өмірмен бірге мәдени-рухани салалардан да анық танылады. Тәуелсіздікке қол жеткізу руханият әлеміне де кең жол, жаңа өрістер ашты. Алаштың арыстары ақталып (Ш. Құдайбердиев, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытұлы т. б. ), олардың шығармашылық мұралары жан-жақты зерттеліп келеді. Қазақ тарихындағы «ақтаңдақ беттер» мен ұлт мұраты жолында қуғын-сүргінге ұшырағандардың (М. Шоқай, Т. Рысқұлов, С. Сәдуақасов т. б. ) мұра-мирастары, халық әдебиетінің қымбат қазыналары, ең негізгісі ұлт тарихы мен тағылымына қатысты әдеби-тарихи, мәдени жәдігерлер қайта қалпына келтіріліп, қалың көпке ұсыныла бастады.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында бұрынғы-соңғы тарихи-әдеби жәдігерлеріміздің қайта қаралып, жаңа уақыт бедері тұрғысынан зерттеу мен зерделенуі көңіл қуантатын құбылыстардың қатарына жатады.
Қазақ сөз өнері жаңа уақыт талаптары тұрғысынан қарастырылып, жанрлық - көркемдік мәселелері, кейіпкерлер жүйесі, тіл бедері мен стильдік сипаттары соны қырларынан көрініс берді. Ұлт мұраты, көркемдік құндылықтар, руханият әлемі, жекелеген қаламгерлер шығармашылығы тәуелсіздік тағылымдары негізінде кеңінен қарастырылуда.
Ұлттық поэзияның ұлы мұраттарын бар қырынан ашып, биік бел-белестерге көтерген - Сәбит Мұқанов, Әбділдә Тәжібаев, Тұрсынхан Әбдірахманова, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Мұзафар Әлімбай, Марфуға Айтхожина, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Нұрлан Оразалин, Олжас Сүлейменов, Қадыр Мырза Әлі, Қанипа Бұғыбаева, Мұхтар Шаханов, Темірхан Медетбек, Өтежан Нұрғалиев, Сәкен Иманасов, Рафаэль Ниязбек, Жарасқан Әбдірашев, Кеңшілік Мырзабеков, Асқар Егеубай, Жұматай Жақыпбаев, Ұлықбек Есдәулетов, Есенғали Раушанов, Иран Ғайып, Тұрсынай Оразбаева, Байбота Серікбаев, Гүлнәр Салықбаева, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Нұрлан Мәукенұлы, т. б. ізденіс-еңбектері, көзқарас эволюциялары, кеше-бүгін мәселесін жырлаудағы амал-тәсілдері қалың көптің көңілінен шығып, рухани нәр сыйлады. Аталған ақындар шоғырының бел ортасында:
Сезімімен халқымның
Сақтап жүрек дірілін.
Талай отқа шарпылдым,
Сонда да әлі тірімін[11, 48],
- деген өлең-өнердің өз өкілі - Фариза Оңғарсынова да бар.
Оңғарсынова - қазақ поэзиясына 60-жылдардың бел ортасында келген үркердей топтың белгілі өкілі. Оның шығармашылығында кеше-бүгін-болашақ бек астасады, ақын тарихи-қоғамдық перспективада сөйлейтіндіктен де, жырларында уақыт атты көш-ағындағы адам тағдыры, халық тарихы барланады, зердеңізде жанданады; от ойлы, сардар сезімді жырлар санаға сәуле құяды. Шығармашылығының бұлақ-бастауы фольклордан, көшпеңділер поэзиясынан, Ақтамберді, Махамбет, Абайлардан нәр алатын ақын жырларынан Махамбет болмысының жаңа мазмұны, жырының заман нышандарымен байыған өрім-қайырымдары бағамдалады.
Қаһарманның да жырларынан, ең алдымен, өзінің бітім-болмысы, таным-парасаты айқындалады. Лирикалық кейіпкерлерінің барлығында дерлік өз әлемінің бір бөлшегі жататын Фариза жырлары әу бастан-ақ оттылығымен, өршіл рухымен оқшау тұрды. Жас шамасы, сөзім деңгейі, парасат биігі әрқилы кейіпкерлер мінез ірілігі, болмыс біртұтастығымен тәнті етеді. Айталық, «Мен сенің жүрегіңдемін» циклы оқырманның жүрегін бірден жаулап алды, бойжеткен мен бөзбалалар «Мен саған ғашық емес ем» секілді жырларды өз жүрек сырларындай жатқа соқты.
Өйткені - ақын жырларында жекелік жайттар көркемдік-эстетикалық тұрғыдан жалпылық мәнге ие болды.
Ұлттық поэзия патшалығына өзіндік өрнек, өзгешеліктерімен келген, адамдық, ізгілік иірімдерін тебіреністі толғамдармен еркін жырлаған - Фариза Оңғарсынова уақыт талаптарын жіті зерделеді. Қайсыбір тақырыпты да тереңнен толғап, ақыл-парасат нұрын, көңіл күнделігін, жан-жүрек сәулесін молынан түсірді.
Жалпы алғанда, поэзия өнері, поэзия ұғымы қазақ әдебиеттануында барынша зерттелген сала. Осы орайда, ұлттық поэзияның арғы-бергі тарихы зерттеу мен зерделену тұрғысынан биік белестерге көтерілді. Ақындық өнердің тарихы мен табиғаты, жанрлық-көркемдік жүйесі, тақырыптық-эстетикалық нысанасы - А. Байтұрсынов, М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, З. Ахметов, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, М. Базарбаев, Ә. Нарымбетов, Т. Әбдірахманова, Қ. П. Жүсіп, Р. Нұрғали, С. Негимов, т. б. ізденіс, еңбектерінен кең орын алды. Сондай-ақ, Ж. Дәдебаев, Қ. Ергөбек, С. Жұмабек, Б. Майтанов, Б. Кәрібаева, Б. Сарбалаев, Ә. Бөпежанова, Р. Тұрысбек, Б. Кәрібозұлы, Е. Тілешев т. б. зерттеулерінде кеңінен қарастырылды.
Жұмыстың өзектілігі. ХХ-ғасырдағы қазақ поэзиясына жаңашылдықпен келіп, өршіл өлеңімен халықты оятқан, сілкінткен ақын Фариза Оңғарсынова поэзиясы қарымды зерттеуді, жіті бақылауды талап етеді. Осыдан барып зерттеп-зерделеуді, жан-жақты қарастыруды талап етіп тұрған аталмыш жұмыстың өзектілігі туындайды.
Жұмыстың нысаны. Ф. Оңғарсынова шығармашылығы, автор туындыларындағы тақырып кеңдігі, сан алуандығы, ақын шығармашылығының тілдік, көркемдік қырлары.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы Фариза Оңғарсынованың ақындық әлемін өлеңдері арқылы қарастыру болып табылады. Сол арқылы танымал тұлғаның әдеби процестегі орын-үлесін, ізденіс арналарын, көркемдік мұраттарын, қаламгерлік нысанасын зерделеу.
Ақын ерекшеліктерінің басты сипаттары: тақырыпты терең зерттеп-зерделеуі, өзі танып-білетін мәселе төңірегінде кең көлемді талдау-саралау мүмкіндіктері, ой-сөз жүйесіндегі айқындық, дүниетаным арналарының кеңдігі, көзқарас эволюциясы т. б. жан-жақты назар аудару.
Осы мақсатқа жету барысында төмендегі мәселелерді негізгі назарда ұстау міндет етілді:
- Ф. Оңғарсынованың ақындық өнерін тақырып табиғаты, жанрлық-көркемдік жүйесі, тіл-стиль сипаттары аясында қарастыру;
- ақын шығармашылығындағы ізденіс мұраттарын, көркемдік таным арналарын зерделеу;
- ақын өлеңдеріндегі адам әлемі мен мінез-құлқы, іс-әрекеті жайлы авторлық көзқарас арнасына мән беру;
- ақын туындыларындағы елдің ардақты тұлғалары, қоғам қайраткерлері бейнелену ерекшеліктеріне назар аудару;
- ақын поэзиясын зерттеу негізінде шығармашылық үрдіске жіті көңіл бөлу, ақын қолтаңбасын, яғни стилін анықтау;
Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, іштей екі тармаққа жіктелген негізгі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Өмірін өлеңмен өрнектеген ақын
2. 1. Ақын өлеңдерінің тақырыптық ерекшелігі
Бүгінгі көркемдік әлемі кемелденген, өрісті де өркенді қазақ поэзиясының көгіндегі жарық жыр жұлдыздарының бірегейі, ақберен ақын - Фариза Оңғарсынова. Жарты ғасыр бойы ой-санамызды жүрегін жарып шыққан ғажайып ғазал-өлеңдерімен баурап, жан-дүниені жылытып, сезімді сергітеді.
Заманымыздың заңғар сөз зергерлерінің бірі - ақын Фариза Оңғарсынова Тәңірінің туа дарын етіп жаратқан таңдаулы жандарының бірі. Жасынан халықтың көз алдында қуаныш нұрына бөленіп келе жатқан ақынның өмір жолы баршаға аян.
Ф. Оңғарсынова 1939 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының Исатай ауданындағы сол батыр атасының атын алған теміржол стансасы маңындағы Нарын құмының төбе-төбе шағылының арасында - кішкене ғана ауылда дүниеге келіп, сол жерде Куйбышев орта мектебін тәмамдаған. Кейіннен Балықшы кентінде бойжетті. 1961 жылы Атырау педагогикалық институтын бітірген. 1961 жыл мен 1966 жылдар аралығында орта мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор қызметтерін атқарады.
1966-1970 жылдар аралығында Гурьевте «Коммунистік еңбек» газетінде әдеби қызметкер, «Лениншіл Жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Ақтөбе, Атырау, Орал облыстарындағы меншікті тілшісі, 1970-78 жылдарда республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің редакторы болып жұмыс жасайды. 1978-2000 жылдарда «Пионер» (қазіргі «Ақжелкен») журналының бас редакторы, ал 2000-2004 жылдары Қазақстан Республикасы мәжілісінің депутаты болды. Шығармалары 1958 жылдан жариялана бастаған. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Сандуғаш» 1966 жылы жарық көрген. «Алмас қылыш», «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қарғыс», «Қасірет пен ерлік жыры» поэмаларының, «Үйім - менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» т. б. өлең топтамаларының авторы. Көптеген шығармалары шет ел тілдеріне аударылған. Чили ақыны Пабло Неруданың «Жүректің төрт мезгілі» кітабын, орыс ақыны А. А. Блоктың «Нәпсі», «Куликов даласы», «Он екі жыл өткен соң», «Кармен», «Қарлы перде» өлең топтамаларын, сондай-ақ армян ақыны С. Б. Капутикянның, орыс ақындары Е. А. Евтушенконың, араб ақыны Әбдірахман әл Хамсидің жекелеген шығармаларын қазақ тіліне аударған.
1984 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, осы жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, «Құрмет белгісі»-мен, 2001 жылы «Парасат» орденімен марапатталған.
Қазақстанның Халық жазушысы Әбiш Кекілбаев ақын жайлы ойын былайша білдіреді: «Фариза жырларын оқыған сайын менiң көз алдыма құзарт шыңның басына барып қонақтаған жаннат алқаптағы мұңлы шынар мен кәусар бұлақтың сұлулығы мен мөлдiрлiгi келедi . . . Фариза - аспанға алау атып, шоқ шашыратып жатқан рух жанартауы. Өшпейтiн де сөнбейтiн өжеттiк қайнары.
Екiұдай дәурен кешiп жатқан бүгiнгi қауымымызға ең керек ақын. Қайта қалғып кетпеуiмiз үшiн, асқақ арман үлесiнен шыққанымызша алауымызды әлсiретпей, лапылдап маздай беруiмiз үшiн қажет өлең» [30, 5] .
Ал белгілі қазақ ақыны Әбдiлда Тәжібаев: «Мен Фаризаның махаббат жырларынан бәрiмiзге ұқсамайтын өзгешелiк көремiн. Бұл - қайсымызды болса да ойландыратын өзгешелiк. Адамның шартты түрдегi ережелерге, канондарға, ескiрген әдет, дәстүрлерге тұтқын болып қалмай босануын, өз сезiмiн ұрламай, жасырмай, бүкпей сөйлеуiн қазақ поэзиясында батыл жырлаған осы - Фариза» [21, 4] .
«Фариза Оңғарсынова - қазақ өлеңiнiң түр-үлгiлерiн барынша кең қолданған ақын. Жалпы, Фариза жырларының о баста кiндiк қаны дәстүр топырағына тамып, сол дәстүр топырағының қызуы мен құнарын бойына молынан сiңiрiп ержеткенiне бүгiнде көз жеткiзу қиын емес. Қасиеттi жерiмiздiң қара топырағында армансыз аунап-қунап өскен тұла бойы қазақы қажыр мен қайраттан тұратын ол күнсiңдi қызу өлеңдер бүгiнде өзiнiң ел алдында әлеуметтiк, мәдени, рухани мiндеттерiн атқаруда» - деп ой қорытады қазіргі қазақ поэзиясының ақиық ақын ағасы Темiрхан Медетбеков.
Фариза жырлары - қазақ поэзиясында бітім-болмысымен ерекше тұрған өз алдына бір дүние. Радловша айтқанда, ақын халық болғандықтан, қазақта ежелден жыр жазирасы ерен бой түзеген ғой. Сол ғажайыптың ішінде бізге жеткен айтыскер ақындардың қатарынан Сара, Айсұлу тәрізді нәзік жанды жұлдыздар жымыңдайды. Ал жазба әдебиеті дамыған біздің дәуірімізде аналар дарындылығының нағыз үлгісін көрсетіп, шоқ жұлдыз қыз-келіншектеріміз шықты. Олар өз ақыл-парасаттарымен, дарын демеуімен жарқырап шықты. Міне, Фариза сол шоқ жұлдыздың ішіндегі - Таңшолпаны. Бұл - оның өзге тегеурінді ер-азамат ақындардан даралығының бір қыры.
Адам жанының шыңырау түкпірінде жатқан құпия сырлары мен сиқырлы сезімдерін парасатты поэзияда ерекше нәзік нақыштармен жыр жолдарына түсіру табиғи таланттың ғана маңдайына бұйырған бақыт болса керек. Фариза ақынның өмірі мен өлеңінің жолы ақ, сапары сәтті болғаны - оған Алланың берген бағы мен сыйы. Ол жаратылысынан ақын болып туған дара дарын. Ақын өлеңдерінің өзгеше сипаты - оның қиялыңды қыдыртып, жер-әлемді шарлатып, ой-теңізіне жүздіріп, түсіңді өңіңе айналдырып жібереді.
Ақын шығармашылығы жайлы мынадай пікір оқып көрелік: «Шынында да жасыған жігеріңді дуалы сөзімен қайраған, шартарапты шарлап шаршаған ойыңды оятып, жан-жүрегіңді дүр сілкіндіретін өлең қуатына қалайша тамсанбассың?! Ақын өлеңдерін оқыған сәтте - санаң сансырап, жүрегің қансырап, жаның жүдеп, ойың ойсырап, көңілің жабырқап күйзелген шақта шыққан күндей шуағын шашып, қуанышқа құшағын ашып, бір мезетте бақыттан басың айналып шыға келесің. Шыңға шыққан шынардай асқақ ой жаныңды рахат сезіміне шомылдырады. Сыңсыған орман, түнерген тау, мүлгіген дала, жел тербеген жер-көк - бәрі сенімен сырласып, мұңдасып кететіндей сиқырлы сипатқа ие» [24, 8] .
Өнер мұраты - халықты бір-бірімен жақындастырып, рухани жағынан үндестіреді. Оның ішінде, әдебиет - халықтың ой-санасын өсіріп, кемелдендіреді. Оның ішінде поэзиялық шығарманың халық жадында сақталып санаға сіңуі аса зор. Осы орайда поэзия ұғымына түсінік беріп көрейікші.
Поэзия (грек. poiesis, poieo - жасаймын, тудырамын) - өлең үлгісіндегі әдеби туындылар. Поэзия сөздің ырғақтық құрылысына, ұйқасына негізделеді. Поэзия ұғымы өлеңмен жазылған шығармаларды көркем прозадан ажырату үшін қолданылады[40, 432] .
Поэзиялық шығармаға сезім күйі, әсерлілік тән, ал прозалық туындыларда баяндау, бейнелеу жағы басым келеді. Поэзияның көркемдік мұраты мен бейнелеу жағы басым келеді. Поэзияның көркемдік сипаты мен бейнелеу құралдарын, тілдің ырғақтық, интонациялық байлығын қолдануында елеулі өзгешеліктер бар. Поэзиялық шығармаларға тән айрықша қасиет - өмір құбылыстарын терең эмоциялық сезімталдықпен қабылдап, соған сәйкес әсерлі, тартымды көркем бейнелеу. Ой-сезімнің бейнелілігі шығарманың көркем пішініндегі әр алуан өзгешеліктердің тууына негіз болады.
Әдебиет халықтың рухани асыл қазынасы болғанымен, оны жасайтын халық ішінен шыққан дарын иелері. Сондықтан да жеке адамдар жасаған әдебиет туындыларын сандаған ұрпақ оқып, одан ұлағатты ой, өнеге-үлгі алады. Тәлімдік, тағылымдық тұстары да мол.
Ақынның алғашқы кезеңіндегі жырларында жеке бастың көңіл-күй, сезім сергелдендері лирикалық кейіпкердің ашық монологымен, еркін сөзбен өрнектеліп, әрі бұл ретте, кейіпкердің, ең алдымен, өз пөзициясы алдындағы планда тұрса, кейінгі жыр-циклдарында өмір-болмысты әрқилы қырынан танитын лирикалық кейіпкер арын-оттылығын жоғалтпай, бірте-бірте сабыр-парасатқа орын береді; өлшемді өлшем, жазықтық өлшем шеңберінен шығып, ақынның махаббат, достық тақырыбындағы жырларының өзінде де таза жекелік сипаттан - жалпылық таным деңгейіне көтеріліп, өткенді, бүгінді, болашақты зерделеуі тереңдей түседі. Мысалы, ақынның тарихи тұлғалар хақындағы жыр циклдары, поэмалары - «Ақбөбек жырлары», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тартады бөзбаланы магнитім», әсіресе «Ақан сері аңыздары» мен «Мүшәйра» бүгінгі күнмен, қоғамдық-әлеуметтік тынысымызбен аса үндес. Ақын кейіпкерлерінін өмір жолын жалпы тарихи-әлеуметтік ортаның ахуалымен тығыз байланыста ала отырып, тарихи тұлға трагедиясын әлеуметтік орта, қоғамы аясында көркем талдайды.
Фариза шығармашылығындағы азаматтық әуен лирикалық кейіпкерінің көңіл-күйі, жан әлемінің сан мың сәттерін - сан мың сол сәтте ұстап өрнектер өлеңдерінен бастап туған жер, ел, Отан, заман туралы жырларында күшейе түседі; халқының өткені, бүгіні, замандас тағдыры туралы толғаныстары уақыт, заман, дәуір туралы толғаныстарға ұласады.
Поэзия -
Әйелдей жұмбақ әлем,
Сиқыр сырын түсінер тұлға да кем;
Жаны - тұнған тұңғиық тереңдік те,
Қимылы - ырғақ, әуен,
Поэзия -
Арудай құпиясың
Ұқтырар жылдап әрең . . . [4, 118]
- деп, поэзияға бейнелі де дара анықтама берген ақынның өнер-өлең және оның мұраты, өнер адамының қоғамдағы орны мен рөлі туралы ойлар - бүкіл шығармашылығының елеулі бір өзегі болып келеді. Ақын жырға теңеу таппақ боп шарқ ұра отырып, бейнелілік қазанын ернеуінен асырады, тасытады. «Сөз-сарай, найзағай сынды жыр, жыр-жебе, семсер-жыр, айбалта-жыр, жыр-құрық, жыр-Шолпан, жыр-жеңге, жыр-толғақ, тағдыр-жыр, жыр-әлсм, ән-шағала, ән-пырақ», тағы да басқа көптеген теңеулер, сәулелі суреттер - өзіндік дүниетанымы, өмір көруі, өлең өрнектеуі.
Цикл-жырларының, поэмаларының басым көпшілігінде жыр азабы, поэзиядағы шеберлік, биік мұрат ұғымдарына үнемі айналып соғып отыратын Фариза өз шығармашылығы туралы оқырмандармен «Менің планетам» циклында сырласады. «Терең бойлап түйсініп, сөзінбесең ішін бермес жұмбақтай - жыр әлемінің» - өз планетасының контур картасын сызып беретін ақын жеке өз атынан сөйлеп, шығармашылық анкетасын қысқа да нұсқа ой-тезистерімен өзі саралайды; жалпы өнер адамының миссиясын, шығармашылық азап-қуанышын, өмірінің мәні - өлеңнің болмыс-бітімі неден екенін оқырмандарына саралатады. Ақынның өлеңі мен өмірінің біртұтастығын танытатын, «өлеңді неге аялайтынын», жыр өлкесінде өзін неге аямайтынын аңдатар басқа да жыр циклдары баршылық. Оның өз шығармашылығында әлсін-әлсін Махамбетке оралып отыруы, Махамбетке жүгінуі - «Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім», «Поэзия» циклы немесе Махамбет аудармашысымен әңгіме» - бекер емес.
. . . Поэзия дегенің - халық қаны,
Қасіреті, мұрасы, жарық таңы;
Ол -
Сезімнің оралмас мөлдірлігі.
Уақыт шаңын бойына дарытпады.
Жыр - Махамбет!
Махамбет . . .
Білмеймін, жел ме, сел ме,
Жырда онымен бір тұлға теңдесер ме . . .
Жырда онымен бір тұлға теңдесер ме . . .
Әділетсіз дүниенің қабырғасын
Махамбетше сөгср жан кездесер ме . . .
Ондай жыр - ем кеселге . . . [8, 78] -
дегенде ақын өнер атаулының, оның ішінде жырдың қоғамдық-әлеуметтік, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан да халық мүддесіне қызмет ету мұратын ұстанады.
Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркекке, әйелге, кәріге, жасқа деп шектеліп қойылған саржайлау да жоқ, құлазыған қу дала да жоқ. Ащы көл де ортақ, тұщы көл де ортақ. Ғарышқа дейінгі биіктік те ортақ. Жер-ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ. Мен қазақтың ақын қызы Фаризаны осындай асқарлардың биігінде көремін" деп жазды сөз зергері Ғабит Мүсірепов Оңғарсынованың "Сұхбат" жинағына алғысөзінде. Осы орайда ақынның ертеректе "Жұлдыз" журналында жарияланған "Талант табиғаты біреу" (1977. № 3) атты мақаласы еске түседі. Жалпы шығармашылық табиғаты хақында ойлармен бөліскен мақаласында ақын «әйелдер әйелше жазу керек, әйелдің қылығындай нәзік те мөлдір бастаудың үніндей биязы жырлаған дұрыс . . . » сыңайлас пікірлерге, негізінен «поэтесса» сөзіне қарсы ойларын білдірген-ді. Мұндай пікірлердің құнарсыз жерге түскен дән іспеттес екені, ең алдымен, ақынның өз шығармашылығы дәлелденді. Бір есептен, мына бір жайтқа тоқтала кетпеске де болмайды. Айталық, қанша өлең жинағын шығарғанмен де, жазғандары белгілі ақындар шығармашылығының жаңғырығындай, өзіндік бет-бағдарын таба алмай «жанталасатын» өлеңшілдер, эпигондыққа ұрынушылар, яғни «поэтессалар» қай кезде де болған, бола береді. Мәселен, орыс әдебиетінде махаббат тақырыбын А. Ахматоваша жазуды «сән көрген» көптеген ақын әйелдер болды. Осы жағдайға байланысты Анна Ахматованың өзі әзіл-шыны аралас:
Могла ли Биче
Словно Данг творить,
Иль Лаура жар любви
Восславить! Я научила женщин
Говорить,
Но, боже, как их замолчать,
Заставить! [34, 350] -
деп жазғаны да белгілі. Көркем сөзде жалпыға ортақ бір ғана өлшем бар. Ол - талант, ой-парасат, көркемдік шеберлік асулары. Ақын мен ақынның айырмашылығы - дүниені қалай көріп-танып, сол таным-суретін оқырманға қалай жеткізе алуында. Дүние-ғаламды көру-қабылдауы, ой мен сезім табиғаты өлшемдерінен келгенде әйел ақындардың белгілі өкілдерінің шығармашылығы - Фариза Оңғарсынованың идеялық-көркемдік жүгі қомақты, әлеуметтік-азаматтық бағыты айқын, отты да өршіл жырлары, сондай-ақ Қанипа Бұғыбаеваның жүрекке сәуле құяр мөлдір де мұндылау лирикасы, Күләш Ахметованың ішкі бір үлкен сабыр-пәлсападан бастау алатын мазмұнды жырлары төл поэзиямыздың соңғы ширек ғасырында рухани-көркемдік ізденістер көкжиегін кеңейтіп, көркемдік-эстетикалық құбылысқа айналды деуге болады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz