Қылмыстық процесте кепіл бұлтартпау шарасын қолданудың теориялық және практикалық мәселелері


Жұмыс түрі: Дипломдық жұмыс
Тегін: Антиплагиат
Көлемі: 100 бет
Таңдаулыға:
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Заң факультеті
МАГИСТРАТУРА
Сот билігі және қылмыстық іс жүргізу кафедрасы
МАГИСТЕРЛІК ДИССЕРТАЦИЯ
Қылмыстық процесте кепіл бұлтартпау шарасын қолданудың теориялық және практикалық мәселелері
Орындаған 1-курс
магистранты Мулкеманов А. Ж.
«___» 2010 ж.
Ғылыми жетекші Нуралиева А. С.
з. ғ. к., доцент
«___» 2010 ж.
Кафедра меңгерушісінің
рұқсатымен қорғауға жіберілді Алауханов Е. О.
з. ғ. д., профессор
«___» 2010 ж.
Алматы, 2010
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 БҰЛТАРТПАУ ШАРАСЫ РЕТІНДЕ КЕПІЛДІҢ
ҚҰҚЫҚТЫҚ ТАБИҒАТЫ
1. 1 Қылмыстық іс жүргізудегі кепіл институтының
қалыптасуы мен дамуы . . . 9
1. 2 Қылмыстық процестегі кепіл бұлтартпау шарасының түсінігі және
оны қолданудың мәні, маңызы, негіздері мен мақсаты . . . 20
1. 3 Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасы
бойынша кепілдің пәні мен мөлшері . . . 39
2 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДЕ БҰЛТАРТПАУ ШАРАСЫ
РЕТІНДЕ КЕПІЛДІ ҚОЛДАНУДЫҢ ПРОЦЕССУАЛДЫҚ
ТӘРТІБІ
2. 1 Кепіл бұлтартпау шарасын қолданғанда туындайтын құқықтық
қатынастардың субъектілері . . . 49
2. 2 Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы бойынша
бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолданудың процессуалдық
тәртібінің жалпы мәселелері . . . 60
2. 3 Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану барысында туындайтын
практикалық мәселелер . . . 78
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 92
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ ТІЗІМІ . . . 97
ҚОСЫМША . . . 101
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Магистерлік жұмыстың арқауына қылмыстық іс жүргізу құқығының теориясындағы күрмеуі қалың күрделі мәселелердің бірі - бұлтартпау шарасы ретінде кепіл өзек етілген. Магистерлік диссертация қылмыстық іс жүргізу құқығындағы кепіл институтының қалыптасуы мен дамуын, кепіл бұлтартпау шарасының түсінігін, мәнін, маңызын, кепілді қолданудың негіздерін, кепіл бұлтартпау шарасының қылмыстық процестің міндеттерін орындауды қамтамасыз етудегі, соның ішінде қылмыстылықтың алдын алу мен жолын кесуде, қылмысты ашу мен сот үкімінің орындалуын қамтамасыз етудегі маңызын және оны негізді, заңды қолдануды жетілдірудің неғұрлым ұтымды бағыттарын анықтауға, бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану барысында туындайтын практикалық мәселелерді де зерделеп, зерттеуге арналған.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстан Республикасының заңнамасын дамытуға байланысты көптеген шаралар қолданылу үстінде. 1998 жылдың 1-қаңтарынан жаңа Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі күшіне енді. Жаңа кодекске сәйкес қылмыстық іс жүргізуде ізгілік және демократиялық бастамалардың дамуы тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын неғұрлым аз шектеу арқылы қылмыстық іс жүргізудің міндеттерін орныдауды көздеді. Бұл идеялар, әсіресе қылмыстық іс жүргізуде адам құқықтары мен бостандықтарын шектеуге арналған бұлтартпау шараларына қатысты, өзектілігін арттырады.
ҚР Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген [1, 4б. ] . Ал құқықтық мемлекеттің басты белгісі заң үстемдігі мен адам құқықтарының қорғалуы болып табылады. Осы тұрғыдан мемлекетте заңдылықты нығайтуда мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын заңды, негізді және дұрыс қолданудың маңызды болары сөзсіз. Сол себепті мемлекеттік мәжбүрлеу шараларына жататын бұлтартпау шарасы - кепілді - заңды, негізді және дұрыс қолдану мәселесі қоғамда өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің заңдарымызды ізгілендіріп, олардың сапасын арттыру қажет. Құқық қорғау жүйесінің қызметінде екпін ішківедомстволық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыстырылуы тиіс» делінген [2, 10б. ] . Сондықтан да заң күшінің мүмкіндіктерін толық пайдалана отырып, қылмыстылықтың алдын алу мен жолын кесу, қылмыстарды ашу мен сот үкімінің орындалуын қамтасмасыз етудегі қылмыстық іс жүргізушілік мәжбүрлеу шараларының маңызына аса мән берілуде.
Бұлтартпау шараларын реттейтін заңнама республикамыздың қылмыстық сот өндірісі туралы басқа да заңнамалары сияқты даму және жетілдірілу үстінде. Ұлттық заңнамаларымыздың дамуы адам құқықтарының басымдығы туралы конституциялық ұстанымдарға сай олардың кепілдіктеріне деген ықыласты тереңдете түсумен сипатталады. Осы бағытта қол жеткізілген табыс ретінде айыпталушының (сезіктінің) құқықтарына байланысты кепілдіктердің нығая түсуіне мүмкіндік берген Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексін атауға болады.
Қылмыстық іс жүргізу құқығын реформалау, бұлтартпау шаралары институтын құқықтық регламенттеуге байланысты енгізілген өзгертулер бұлтартпау шараларының қылмыстық іс жүргізудегі алатын орнын белгілеуге, кепіл институтын қолдану барысындағы тәжірибеде кездесетін қателіктерді анықтаудағы, оларды түзетудегі құқық қолдану тәжірибелерін қалыптастырудағы рөлін анықтауға бағытталған теориялық зерттеулерді әрмен қарай жалғастыруға себепші болады. Осыған байланысты айтылған жәйлар аталмыш зерттеу тақырыбын таңдауға, оның тәжірибелік және ғылыми маңыздылығын саралауға ой салып, диссертация тақырыбының өзектілігін айқындайды.
Сонымен, бұлтартпау шараларын қолдану мәселесінде, соның ішінде кепіл бұлтартпау шарасын қолдануға байланысты, бүгінгі заман талабы мен кейінгі уақыттарда қабылданып жатқан заңнамалардағы өзгерістерге орай мейлінше өзекті проблемалардың туындап отырғанын байқау қиын болмаса керек.
Аталған жағдайлар Қазақстан Республикасының жаңғырған қылмыстық іс жүргізу заңнамасы аясында кепіл бұлтартпау шарасының проблемаларын саралауға бағытталған зерттеудің тақырыбының өзекті екендігін айқындауға мүмкіндік береді.
Қылмыстық іс жүргізуде адам құқықтары мен бостандықтарын неғұрлым аз шектейтін бұлтартпау шараларының бірі - кепіл бұлтартпау шарасы. Бірақ зерттеулер көрсеткендей, оның тәжірибеде қолданылуы өте сирек. Кепіл бұлтартпау шарасын кеңінен қолдануға қандай кедергілер ықпал ететіндігін зерттеп, анықтау бұл тақырыптың өзекті екендігін, оның келесі мән-жайларға байланысты тереңірек зерттелу қажеттігін көрсетіп отыр: кепіл институтының басқа бұлтартпау шараларына қарағанда жаңа институт болуы; бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану негіздері мен шарттарының әлі де болса теориялық талдауды қажет ететіндігі; оны тәжірибеде кеңінен қолдануға кедергілердің болуына байланысты, осы кедергілерді жою жолдарын іздестіру.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Магистерлік жұмыс отандық ғалымдардың бұлтартпау шараларының теориясы мен қолданылу тәжірибесін жетілдіру мәселесіне арналған ғылыми еңбектерінің негізінде дайындалды. Олардың қатарына: Ахпанов А. Н., Ерешев Е. Е., Лившиц Ю. Д., Нұрмашев Ү. Ө., Сарсенбаев Т. Е., Толеубекова Б. Х., Хан А. Л., Ханов Т. А. сияқты ғалымдардың еңбектерін атап өтуге болады.
Сонымен қатар зерттеу жұмысын жазу барысында Кеңес Одағы мен Ресей Федерациясының ғалымдары, соның ішінде Еникеев З. Д., Зинатуллин З. З., Коврига З. Ф., Корнуков В. Н., Петрухин И. Л., Лупинская П. А., Гуценко К. Ф., Коврига З. Ф., Давыдов П. М., Галкин И. С., Кочетков В. Г., Алексеев Н. С., Даев В. Г., Кокорев Л. Д., Элькинд П. С., Базылев Б. Т., Михайлов В. А. сияқты заңгер ғалымдардың ғылыми еңбектері зерделеніп, тиісті бағасын алды.
Зерттеу жұмысының мақсаты кепіл бұлтартпау шарасының қылмыстық процестің міндеттерін орындауды қамтамасыз етудегі, соның ішінде қылмыстылықтың алдын алу мен жолын кесуде, қылмысты ашу мен сот үкімінің орындалуын қамтамасыз етудегі маңызын және оны негізді, заңды қолдануды жетілдірудің неғұрлым ұтымды бағыттарын анықтау болып табылады.
Зерттеу жұмысының міндеттері. Жоғарыдағы мақсатқа жету жолында келесідей міндеттердің шешімін табу керек болады:
- Бұлтартпау шарасы ретінде кепілдің қалыптасу тарихына талдау жасау;
- Бұлтартпау шарасы ретінде кепілдің мәні мен маңызына түсінік беру;
- Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолданудың теориялық және практикалық мәселелерінің шешімін қарастыру;
- Бұлтартпау шарасы ретінде кепілдің қолданудың негіздері мен шарттарына талдау жасау;
- Кепілдің пәнін зерттеу;
- Кепіл бұлтартпау шарасын қолданғанда туындайтын құқықтық қатынастардың субъектілерін анықтау.
Зерттеу объектісі болып қылмыстық іс жүргізу барысында бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану кезінде пайда болатын құқықтық қатынастар табылады.
Зертеу пәні болып кепіл бұлтартпау шарасын қолдануды реттейтін қолданыстағы Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасы, бұлтартпау шаралары, соның ішінде кепіл бұлтартпау шарасы мәселесіне байланысты ғылыми зерттеулер, бұлтартпау шараларын қолдануға байланысты тергеу және сот тәжірибесі табылады.
Зерттеудің ғылыми-әдістемелік базасын жалпы философиялық әдістер, статистикалық, логикалық-заңдылық, салыстырмалы-құқықтық және басқа арнайы құқықтық әдістер құрайды.
Зерттеудің нормативтік базасын отандық нормативтік-құқықтық актілер: Қазақстан Республикасының Конституциясы; Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі; Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңдары; Бұлтартпау шарасы ретінде кепіл және үйде қамап ұстау туралы Нұсқаулықтарды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2005 жылғы 18 қазандағы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2005 жылғы 22 қазандағы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2005 жылғы 6 қазандағы, Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының 2005 жылғы 7 қазандағы Бірлескен бұйрығы құрайды.
Зерттеудің теориялық негізін отандық және ресейлік ғалымдардың бұлтартпау шараларының теориясы мен қолданылу тәжірибесін жетілдіру мәселесіне арналған ғылыми еңбектері құрайды.
Зерттеудің эмпирикалық базасы. Диссертацияны жазу барысында зерттеу мәселесіне байланысты статистикалық мәліметтер, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот тәжірибесінің шолулары қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан сот реформасы аясында қылмыстық іс жүргізу туралы заңдарға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты қылмыстық іс жүргізу құқығының бұлтартпау шаралары институтының жаңартылған нормаларын зерттеуге, кепіл бұлтартпау шарасын реттейтін нормаларды зерттеуге, осыған байланысты құқық қорғау органдары мен сот тәжірибесінің қажетті деңгейде қалыптасу жолдарын анықтауға бағытталған, қылмыстық процессуалдық мәжбүрлеу мәселелерін егжей-тегжейлі саралау жүзеге асырылған монографиялық еңбек болып табылады.
Зерттеуде негізделген кепіл бұлтартпау шарасын қолдану бойынша іс жүргізуді реттейтін ҚР ҚІЖК-нің нормаларын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар диссертацияның жаңалығының дәлелі болып табылады.
Диссертацияда кепіл бұлтартпау шарасының авторлық түсінігі беріліп, оны қолдану негіздері мен мақсаты, кепілдің пәніне қатысты теориялық және ғылымипрактикалық ережелер нақтыланды.
Магистерлік диссертацияда қылмыстық іс жүргізу құқығында кепілді бұлтартпау шарасы ретінде қолданудың тәжірибесі жаңаша зерттеліп, автордың қорытындылары тұжырымдалды.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдамалар:
1. Қылмыстық іс жүргізу барысында кепіл бұлтартпау шарасының белгілері зерттеліп, соның нәтижесінде кепіл бұлтартпау шарасының келесі анықтамасы берілді:
Қылмыстық іс жүргізу құқығындағы кепіл айыпталушының (сезіктінің) немесе басқа жеке не заңды тұлғалардың осы бұлтартпау шарасын таңдап жатқан тергеу органының, прокурордың не соттың белгілеген ақша (бағалы заттар мен жылжымайтын мүлік) мөлшерін сот депозитіне енгізуден тұратын, айыпталушының тергеу органы мен соттан жасырыну, іс бойынша ақиқатты анықтауға кедергі келтіру, жаңа қылмыс жасау мүмкіндігінің жолын кесуді, сондайақ қылмыстық іс жүргізуші органның шақыруы бойынша уақтылы келу мен сот үкімінің орындалуын қамтамасыз ететін, тергеу органының, прокурордың қаулысы немесе сот шешімі бойынша таңдалып, ол басқа бұлтартпау шарасына өзгертілгенге не тоқтатылғанға немесе сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін әрекет ететін заңда белгіленген бұлтартпау шарасын білдіреді.
2. Кепіл бұлтартпау шарасын қолданудың негіздері осы бұлтартпау шарасы қолданылмаған жағдайда айыпталушы (сезікті) тергеу органы мен соттан жасырыну, іс бойынша ақиқатты анықтауға кедергі келтіру, қылмыстық әрекеттерін жалғастыру, сот үкімін орындаудан жалтару сияқты құқыққа қайшы әрекеттерді жасау мүмкіндігін дәлелдейтін қылмыстық ізге түсу органдары немесе сот жинаған мәліметтер болып табылады.
3. Кепіл бұлтартпау шарасын қолданудың шарттарына жатады: заңда белгіленген тәртіппен қозғалған қылмыстық істің болуы; аталған бұлтартпау шарасын қолдану кезінде алдын ала тергеу органы, прокурор немесе соттың айыпталушының жеке басының мінездемесін, оған тағылған айыптың ауырлығын, іс жүргізу барысындағы айыпталушының жүріс-тұрысының сипатын ескеруі; алдын ала тергеу органының, прокурордың не соттың кепіл (ақша, бағалы заттар мен жылжымайтын мүлік) мөлшерінің айыпталушының міндеттерін орындауын қамтамасыз ете алатын мөлшерде анықтауы.
4. Кепіл бұлтартпау шарасын қолдану мақсаты жалпы және арнайы мақсаттар болып бөлінеді.
Кепіл бұлтартпау шарасын қолданудың жалпы мақсаттары алдын ала тергеу органдарының, прокурордың және соттың шақыруы бойынша айыпталушының келуін, қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтауға айыпталушының кедергі келтіру мен қылмыстық ісін жалғастыру мүмкіндігінің алдын алуды, сондай-ақ сот үкімінің орныдалуын қамтамасыз ету болып табылады.
Кепіл бұлтартпау шарасын қолданудың арнайы мақсаты - айыпталушының (сезіктінің) қылмыстық іс жүргізуге қатысуын, яғни айыпталушының (сезіктінің) істі жүргізуші органның шақыруы бойынша келуін қамтамасыз ету.
5. Кепіл бұлтартпау шарасын таңдаған қылмыстық іс жүргізуші орган кепіл мөлшерін анықтаған кезде ескеретін мән-жайлар: жасалған қылмыстық іс әреткеттің сипаттамасы (оның ауырлық санаты, келтірілген залалдың мөлшері, қылмыс жасаудың себептері мен жағдайлары, оны жасағандығы үшін көзделген жаза т. б. ), айыпталушының мінездемесі (оның әлеуметтік мәртебесі, мүліктік жағдайы, денсаулық жағдайы), кепіл мөлшерінің айыпталушының тергеу органыны мен соттың шақыруы бойынша келуін нақты қамтамасыз ете алатындығы.
6. ҚР ҚІЖК-не өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты ұсыныстар:
ҚР ҚІЖК-нің 148-бабының 1-бөлігіне «сезiктi, айыпталушы анықтау, тергеу органдарына немесе сотқа олардың шақыруы бойынша келуi және өзін дұрыс ұстау жөнiндегi мiндеттерiн орындауын қамтамасыз етуге» деген толықтыру енгізу;
ҚР ҚІЖК-нің 148-бабының 1-бөліміндегі «Аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған адамдарға қатысты кепiл қабылданбайды» деген ережені алып тастау.
Зерттеудің тәжірибелік маңызы. Бұл магистрлік жұмыста зерттеліп отырған мәселенің теориялық та, тәжірибелік те маңызы өте зор. Кепіл бұлтартпау шарасын заң талаптарын сақтай отырып қолдану, оларды қылмыстық іс жүргізудің мақсаттары мен міндеттерін дұрыс атқару және ең бастысы, азаматтардың осы тұрғыдағы құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету қазіргі заманғы Қазақстанның азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде халықаралық шарттарға қосылудағы мәртебесін айқындайтын шарттардың бірі болып табылады. Кепіл бұлтартпау шарасын қолдану азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтіндіктен, оның заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етуші нақты қатаң іс жүргізушілік кепілдіктер керек. Біздің мемлекетте қылмыстық іс жүргізу мақсаттарына азаматтың құқықтары мен бостандығын мүмкіндігінше аз шектеу арқылы қол жеткізу көзделген. Біздің ойымызша осы еңбекте ұсынылған ережелер мен құқықтық ұғымдардың нақтылануы теория мен тәжірибеде қылмыстық процестің міндеттерінің орындалуы мен адам құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Диссертацияда негізделген тұжырымдамалар мен ұсыныстар:
- бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану барысында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін заң нормаларын жетілдіру мақсатында;
- қылмыстық ізге түсу және сот органдарының құқық қолдану қызметінде;
- қылмыстық процеске қатысты міндеттердің орындалуын қамтамасыз етудегі, қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтаудағы, қылмыстық процессуалдық мәжбүрлеудің теориялық және практикалық проблемаларын әрмен қарай зерттеудегі маңызды мәселелерді тереңірек талдау жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарында;
- жоғары оқу орындарында «Қылмыстық іс жүргізу құқығы» курсын, магистранттарға арналған арнайы курстарды оқыту, тәжірибе қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру кезінде пайдаланылуы мүмкін.
Зерттеу нәтижелерінің сыннан өтуі. Диссертациялық зерттеу аль-Фараби атындағы ҚҰУ-нің заң факультетінің сот билігі және қылмыстық іс жүргізу кафедрасында дайындалып, талқыланды.
Диссертацияның кейбір теориялық қағидалары мен тұжырымдары, тәжірибелік ұсыныстары мерзімді басылымда жарияланған автордың «Қылмыстық іс жүргізуде мәжбүрлеу шараларының маңызы», «Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану барысында туындайтын практикалық мәселелер» деген мақалаларында көрініс тапты.
Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Диссертацияның құрылымы ғылыми зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сай келеді. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, алты тараушадан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиет тізімінен және қосымшадан тұрады. Диссертацияның көлемі қойылған талаптарға сай.
1 БҰЛТАРТПАУ ШАРАСЫ РЕТІНДЕ КЕПІЛДІҢ
ҚҰҚЫҚТЫҚ ТАБИҒАТЫ
1. 1 Қылмыстық іс жүргізудегі кепіл институтының қалыптасуы мен дамуы
Кепілмен байланысты қатынастардың даму тарихын зерттеу, кепіл институтының құқықтық реттелуінің барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін аңғаруға және оны қазіргі құқықтық жүйеде қолдану үшін жағымды жақтарын анықтауға мүмкіндік береді.
Біздің көзқарасымызға сәйкес азаматтық құқықтық және қылмыстық іс жүргізу құқығындағы кепілдің қалыптасу және даму тарихын өзара байланысты зерттеу жемісті болар, себебі олардың қалыптасу табиғаты ұқсас.
Міндеттемелердің орындалуына мүліктік кепілдіктер өзінің бастауын қөпшілік құқықтық жүйелердің, соның ішінде міндеттеме мен олардың орындалуын қамтамасыз етудің кепіл және т. б. әдістерін өзіне біріктіретін ҚР азаматтық құқығының жүйесінің қалыптасуына тарихи негіз болған рим құқығынан алды. Қылмыстық өндірістегі мүліктік сипаттағы бұлтартпау шаралары азаматтық құқықтағы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін қолданылатын анологиялық институттардан пайда болды.
В. А. Ефимовтың пікірінше: «Кейінірек пайда болған кепілден несие беруші өз талабының орындалуының қамтамасыз етілуіне затқа меншік құқығын алуымен ерекшеленетін міндеттемені сырттай қамтамасыз етудің алғашқы нысаны римдік фидуция болды» [3, 24б. ] .
В. А. Тарховтың ойынша, міндеттемені қамтамасыз ету құралы ретінде Римдегі кепіл басқа мағына білдірді, ол талап ету құқығын қанағаттандыру үшін бөтеннің мүлкін сатуға мүмкіндік беретін заттық, акцессорлық құқық ретінде қарастырылды [4, 32б. ] .
Л. Кассоның айтуына сәйкес, кепілдік қатынастар рим құқығы үшін алғашында, кепіл қосымша міндеттемені білдіретін нақты сипат алмаған деп сипатталды. Борышқорға қатысты несие берушіге міндеттемеде орғаудың екі нысаны - заттық құқық пен жеке құқық ұсынылды. Егер ол алғашында заттық талап арыз беріп, қанағаттандырусыз қалса, онда ол жеке талап арыз бере алатын, яғни борышқордан міндеттемеде қарастырылған іс-әрекетті орындауды талап ете алатын болды. Рим құқығының дамуымен жеке құқық негізгі құқық ретінде, ал заттық құқық субсидиарлық міндеттеме ретінде қалыптасты. Кепіл мәні бойынша субсидиарлық міндеттеме ретінде қарастырыла бастады [5, 69б. ] .
Алғашқыда кепілдің мақсатына талап арызбен қамтамасыз етілген сенімге (фидуция) негізделген шарт қызмет етті. Мұндай шарт борышқордың жағдайына өте пайдасыз болды, сондықтан да жиі қолданылған «қолма қол кепіл» деп аталған кепілдің басқа нысаны - pignus пайда болды. Кепілдің мұндай нысаны бойынша несие берушіге мүлік жалға немесе иелік туіне берілді.
Д. Майер: «Кепілді қабылдаушы кепілдің меншік иесі емес, ал тек міндеттемені қамтамасыз ету үшін иеленеді. Мұнда римдік міндеттеме pignus және француздық gage тиесілі» [6, 103б. ] .
Pignus немесе arrha (arrha sponsalitia -сенімділік, шындық белгісі ретінде сақина беру әдет-ғұрпы, берілген уәдені растау) өзінің қолданылуының ертеректегі кезеңінде нышандық сипатта болды. Бір адам екінші бір адамға сақинаны немесе затты оның алдында қандай да бір міндеттемені орындауға міндеттенетін белгі ретінде берді. Уақыт өте келе осындай уәделердің қамтамасыз етілуін іске сай күшейту қажеттілігінің көбеюімен және «тұлғаға емес, затқа сенемін» (верю не лицу, а вещи) қағидасына сәйкес pignus-ты (зат кепілі) arrha-дан (сақина беру) ажырата бастады, оның нышандық мағынасы жойылды.
Жоғарыда айтылған кепілдің нысандарымен қатар тұлға кепілі - nexum да болды: «Борышқор несие берушіге өзін, жанұясын және өзінің мүлкін нышанды түрде сатты, егер қарызды қайтару мерзімінде қарыз қайтарылмаса, 30 күн (justidies) өткеннен кейін несие берушінің борышқордың өзін өтем ақы ретінде алуға мүмкіндігі болды . . . » Кейінірек кепілдің бұл түрі « . . . боршқорға қатысты адамгершілікке жат қатынастардан кейін, Poetelia Papiria заңымен Самниттік жауынгерлер кезеңінде жойылды. »
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz