Тонау қылмысының қылмыстық құқықтқ аспектілерін толыққанды ашу


Жұмыс түрі: Дипломдық жұмыс
Тегін: Антиплагиат
Көлемі: 63 бет
Таңдаулыға:
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 4
1-ТАРАУ. ТОНАУ ҚЫЛМЫСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
- Тонаудың объектісі . . . …… . . . 6
- тонаудың объективтік жағы . . . … . . . 13
- Тонаудың субъективтік жағы . . . … . . . 16
- Тонау қылмысының субъектісі . . . 21
- Ауырлататын мән-жайлары бар тонау құрамы . . . 25
2-ТАРАУ. ТОНАУДЫҢ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ПАЙДАҚОРЛЫҚ ЗОРЛЫҚ ҚЫЛМЫСТАРЫНЫҢ КРИМИНОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
2. 1 Тонау қылмысын және өзге де пайдақорлық-зорлық қылмыстарды жасайтын адамдардың тұлғасы және оларды жіктеу . . . 42
2. 2 Тонау қылмысының виктимологиялық аспектілері . . . 49
2. 3 Пайдақорлық-зорлық қылмыстар себептерінің сипаттамасы және оларды жасауға мүмкіндік тудыратын жағдайлар . . . 51
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 68
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ КӨЗДЕРІ . . . 69
КІРІСПЕ
Қазақстан Республикасында 90-жылдардың орта шенінде мемлекеттің әлсіреуі тұсында жіберілген ақтаңдақтардың кесірінен, әсіресе, жекешелендіру кезінде, сол сияқты Кеңестер Одағының ыдырауы салдарынан жұмыс орындарының жаппай жабылуынан жұмысқа жарайтын азаматтардың ауыл-селолардан жұмыс орындары бар қалаларға ағылуы себепті республикада біршама тұрақсыз жағдай қалыптасты. Дәл осы кезең пайдақорлық зорлық қылмыстарының шарықтау шегіне жеткен тұсы болатын. Мысалға, жаппай өрістеген қорқытып алушылық қылмысы тек 1995 жылы республика көлемінде жүргізілген ‘’Құқықтық тәртіп’’ атты шарадан соң ғана саябырсыды. Сондай-ақ, Қазақстанда мемлекеттік институттарды реформалау аяқталды десек те, әлі де халық ішіндегі өзгерістердің болып жатқаны айқын. Мұның өзі де пайдақорлық-зорлық қылмыстары себептерінің өзгермелілігіне алып келеді. Елімізде жұмыссыздар санының өсуі де пайдақорлық-зорлық қылмыстарының өсіміне де өз үлесін қосады.
Сол сияқты халық менталитетінің өзгеруіне байланысты виктимологиялық аспектілерді зерттеу де бір төбе мәселе.
Дегенмен, 2003 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауында, сол жылдан бастап экономикалық өсім болатындығына міндет қойылды. Бұл үрдістің Қазақстанның саяси, экономикалық өмірімен қоса, қылмыстылықты, соның ішінде, пайдақорлық-зорлық қылмыстарды бәсеңдетуде де маңызы зор.
Сол сияқты 2003-2009 жылдардың ауылдарды көтеруге арналуы және қаржы бөлінетіндігі де Қазақстандағы экономикалық ахуалды жақсартып, халықтың әлеуметтік жағдайына оңды ықпал ететіндігі және осы айтылған шаралар қылмыстылықтың алдын алудың жалпы әлеуметтік шараларына айналатындығы сөзсіз.
Қоғамдағы базистік қатынастар мен қондырмалық қатынастардың сай келмеуіне байланысты қылмыстылықтың, соның ішінде, пайдақорлық-зорлық қылмыстарының себептерін былай қойғанда, базистік (экономикалық) қатынастары ТМД елдері сияқты түбірлі өзгермеген шет елдерді де, дәлірек айтқанда, бүкіл дүние жүзін қамтып тұрған трансұлттық қылмыстылықтың өсуі де Республиканың криминалдық өміріне ықпал етпей қоймайды. Мысалға, соңғы уақытта өршіп тұрған ''зорлық әрекеттері арқылы саяси күрес жүргізудің тактикасы'' болып табылатын халықаралық терроризм қылмысына байланысты БҰҰ-ның бас Ассамблеясы әр жылдары ондаған қарарлар қабылдады. 1996 жылы әлемнің маңдайалды елдерінің басшылары бас қосып, осы проблеманы әңгіме арқауы етті.
Пайдақорлық-зорлық қылмыстарын зерттеу өзектілігі уақыт өткен сайын артып отырса да, Қазақстанда, тіпті, Ресейдің өзінде де арагідік пайдақорлық-зорлық қылмыстарының кейбір жақтарын қарастырғаны болмаса, тұтастай әлі қылмыстық-құқықтық және криминологиялық аспектілерін кешенді түрде қарастырған еңбектер жоқ.
Осы уақытқа дейін әр түрлі авторлар пайдақорлық-зорлық қылмыстылықты қылмыстылықтың басқа түрлерімен бірге қарастырып келді. Тек қана бірлі-жарым еңбектер ғана, мысалға, алпысыншы жылдардың аяқ шенінде пайдақорлық-зорлық қылмыстарының әртүрлі қылмыстық-құқықтық және криминологиялық аспектілерін, соның ішінде, ұрлық, қарақшылық, тонауды, алпысыншы-жетпісінші жылдары С. С. Степичев, Г. З. Моисеенко, Г. Л. Кригер, А. Н. Кардава сынды авторлар қарастырып өтсе, сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басынан бастап зерттеушілердің жаңа толқыны пайдақорлық зорлық қылмыстарға қалам тартты. Мысалға, В. А. Владимиров, Ю. И. Ляпунов, Ю. Л. Щевцов, В. Верин, В. Н. Куц, В. В. Щербина, Н. И. Мельник сынды авторлар қорқытып алушылықты, А. М. Калиев, Н. К. Горя сияқты зерттеушілер зорлық қылмыстарының криминологиялық мәселелерін, С. М. Качои сияқты ғалымдар пайдақорлық қылмыстарды қарастырса, А. Д. Черняковский сияқты авторлар тек пайдақорлық-зорлық қылмыстарға қалам тартты. А. Ю. Арефьев, В. С. Миньская, А. М. Дьячков, В. Н. Косарев, Ю. Карекетов, пайдақорлық-зорлық қылмыстарының әр түрлі қырларын қарастырған болса, Ю. И. Евстратов, Д. В. Ривман, Ю. М. Антонян сияқты зерттеушілер оның виктимологиялық аспектілері мен оларды жасаушы қылмыскерлердің тұлғасына назар аударды.
Тұтас қалпында аталған қылмыстылықтың криминологиялық және қылмыстық-құқықтық проблемалары елімізде зерттелген жоқ. Пайдақорлық-зорлық қылмыстар проблемасының ішінде топ болып жасалған түрлерін алғашқы болып зерттеген Қазақстандық ғалым А. Ш. Ещанов болды (Профилактика органами внутренних дел Республики Казахстан групповой корыстно-насильственной преступности. Караганда, 1999) . Ал, О. В. Вербовая бандитизм қылмысын зерттесе (1999 жыл), Ә. А. Темірбеков қорқытып алушылықтың қылмыстық-құқықтық мәселелерін (1998 жыл) зерттегендігі белгілі.
Сондықтан да, бұл тақырып кешенді түрде Қазақстан аумағында алғашқылардың бірі болып қолға алынып отыр.
Жұмыстың мақсаты тонау қылмысының қылмыстық құқықтқ аспектілерін толыққанды ашып, оның криминологиялық мәселелерін де қамту.
1-ТАРАУ. ТОНАУ ҚЫЛМЫСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
- Тонаудың объектісі
Объектіні, затты және жәбірленушіні қоғамға қауіпті әрекеттен дұрыс басын ашып алудың маңызы зор, ол қылмыстың құқықтық мәнін ашу, қоғамға қауіпті зардаптардың қоғамдық-саяси сипатын, қылмыстық-заң нормаларының қолданылу шегін анықтау үшін қажет, және ол қылмысты дұрыс саралауға, оның жігін ажыратуға ықпал етеді.
Қылмыстық қол сұғушылық объектісін зерттеу жаңа қылмыстық заңдарды шығаруда, қылмыстық-заң доктринасын жасауда жүзеге асырылатын теориялық және практикалық қызметті, заң қолдану органдарының алдында тұрған мәселелердің шешілуін қамтиды.
Әрекеттің қылмыстық-құқықтық белгілерін ашуда, оған қылмыс құрамы деңгейінде анықтама беруде қылмыс объектісі жайындағы деректер мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, қол сұғушылық объектісімен оның белгілерінің анықтамасын дәл білу арқасында қылмыстық әрекетке заң тұрғысынан дұрыс баға беріледі, ол қылмысты әділ саралауды, жауапкершілікті жіктеп, жеке анықтауды қамтамасыз етеді. Мысалы, қылмыстық қол сұғушылық объектісінің қасиеті мен белгісін білу қылмыс құрамының басқа элементтерінің мазмұны мен белгілерін толық сипаттауға мүмкіндік береді, қылмыстық емес әрекеттерді қылмыстық қол сұғушылықтан бөліп алуға негіз болады. “Қылмыстық қол сұғушылықтың обектісін әрбір нақты жағдайда анықтау және бағалау едәуір қиындыққа алып келеді, себебі объект қылмыстық-құқықтық заң нормасының диспозициясында кейде толық ашып көрсетілмейді, ал қандай да бір сілтеме бола қалған күнде, ол әдетте, сол қылмыстық әрекеттен тікелей қол салатын қоғамдық қатынастардың кейбір элементтері арқылы ғана жасалады” деген И. В. Велиевтің пікірімен келіспеуге болмайды [1, б. 45] .
Б. С. Никифоров былай деп дұрыс жазады: қылмыс объектісін зерттеу “сол тарихи жағдайдағы қылмыстық қудалаудың жалпы бағыты мен “көлемі” туралы мәселені шешетін заң шығарушылар үшін ғана емес, практикалық қызметкерлер үшін де қажет. Сот тәжірибесінің материалдарына қарағанда, кінәсіздің сотталғандығы және қылмыс жасаған адамның жауапкершіліктен дәлелсіз босатылғандығы анық көрініп тұрса да, кейбір жағдайларда ол сот органдарының қылмыстық-құқықтық қорғау шегін, қылмыс объектісінің аясын дұрыс түсіне алмаушылығынан болады”[2, б. 98] .
Қылмыстық қол сұғушылық объектісі-әрбір қылмыстың қажетті элементі. Кез келген қылмыс-ол белгілі бір объектіге қол сұғу. Еш нәрсеге қол сұқпайтын қылмыс өмірде болмайды.
Жасалған қылмыс нәтижесінде қандай әлеуметтік игілікке әрқашанда және сөзсіз нұқсан келеді дейтін болсақ - ол қылмыстық заң қорғайтын қоғамдық қатынастар. Сондықтан да қылмыстың мәні қоғамдық қатынастардың бұзылуында жатыр.
“Қоғамдық қатынастар категориясы күрделі де көп жақты түсінік”, -деп Е. Қайыржанов дұрыс пайымдайды[3, б. 54] . Тәуелсіз Қазақстанда халықтың мүддесін қанағаттандыратын қатынастар басты болып табылады. Мұндай қатынастарға қарсы бағытталған қылмыстық қол сұғушылық түгелдей қоғам үшін қауіпті, сондықтан да қандай қылмыс болмасын ол қоғамдық қатынастарға тікелей немесе жанама қол сұғушылық жасау болып табылады.
Қылмыс жасағанда оның объектісі “материалдық болуы мүмкін, немесе саяси, моральдық, мәдени және басқадай материалдық емес те болуы мүмкін”. Қоғамдық қатынастар осы көрсетілген әлеуметтік құндылықтарға жатады. Бірақ бұл жерде қоғамдық қатынастың барлық жүйесі емес, оның қылмыстық заңмен қорғалатын бөлігі ғана сөз болып отыр. Қылмыс объектісінің сипаты қылмыстың барлық қалған белгілеріне (элементтеріне) ықпал жасайды. Қылмыстық әрекеттің сипатын бәрінен бұрын, қылмыстық қол сұғушылықтың объектісі, оның қасиеті, қоғам үшін әлеуметтік құндылығы, қылмыс объектісі болып табылатын қоғамдық қатынастардың сақталуына, оған қол сұғылмауға мемлекеттің және адамның қаншалықты мүдделі екендігі анықтайды.
Ғылыми заң әдебиеттерінде “қылмыстық құқық қоғамдық қатынастарды реттемейді және реттей алмайды. Қоғамдық қатынастарды қандай да бір реттеу сапасы мен еркіне қылмыстық-заң нормаларының функциясы тікелей әсер ететін жеке адамның мінез-құлқы арқылы оған тікелей әсер етуді қарастырады” деп сын пікір айтылған. Біз тұжырыммен келіспейміз. “Қылмыстық заң нормалары функциясының” әсер етуі-әлеуметтік оң немесе теріс мінез-құлықтың субъективтік мазмұнын құрайтын адамдардың санасы мен еркіне қылмыстық заңның әсер етуі болып табылады. Адамның мінез-құлқы, қылмыстық заңның реттеу пәніне енгендіктен, қоғамдық қатынастардан тысқары қалмайтындығын атап өткен жөн. Және де ол көрсетілген қатынастардың қажетті элементі деп танылған. Соған байланысты, адамдардың мінез-құлқын реттей отырып, заң шығарушы, сонымен қатар, қатынастарды да реттейді.
Қылмыстық заңның қорғау объектісі болып табылатын қоғамдық қатынастың құрылымдық элементтерін ашуға көптеген ғалымдар үлкен мән береді.
Құқық теориясын зерттеуші бірқатар авторлардың тұжырымы бойынша қоғамдық қатынастардың мазмұнына енетін құрылымдық элементтеріне мыналар жатады:
-қатынастарды тудыратындар (субъектілер) ;
-қатынастардың туындауына себеп болған заттар, басқаша айтқанда, мұндай өзара байланыстың тууын және болуын көрсететін факторлар;
-қоғамдық маңызы бар әрекет (әлеуметтік байланыс) .
Қоғамдық қатынастың құрылымы объектінің бұзылған кезін, қол сұғушылықтың нақты нәтижесін қылмыстық заң деңгейінде және оны қолдану практикасы деңгейінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Бұл - қылмыстық заңның қорғау объектісі теориясындағы айтыс тудыратын мәселелердің бірі. Мысалы, Н. А. Беляев қоғамдық қатынастың үш элементті құрылымын жақтайды: қатысушылар - зат-затқа байланысты қатынас (байланыс) [4, б. 58] . Б. С. Никифоров пен Е. А. Фролов қоғамдық қатынастың құрылымдық элементтеріне: қатысушыларды, қатысушылар арасындағы қатынасты; қатынастың болу, іске асырылуы шартын жатқызады. Е. І. Қайыржанов пен Э. Х. Норбутаев құрылымға мүддені де кіргізеді және т. б.
Бұл теориялардың ішіндегі бір ғана дұрыс нәрсе - ол барлық қатынас-заттардың адамдардың мұқтаждығы мен мүдделерінен көрініс табатындығы және олардың нақты және құрылымды екендігі. Қоғамдық қатынастың қалыптасуына себеп болған заттарды, қызмет өнімдерін анықтау үшін мұқтаждықтардың маңызы зор.
В. Я. Таций ұсынған пікір бойынша “Қылмыстық-құқықтық қатынастары кейбір жағдайларды қылмыстық Заңсыз-ақ пайда болады, олар қылмыстық заңмен қорғалса да, әрқашан тәуелсіз жағдайда жұмыс істейді”[5, б. 47] . Мұндай пікірмен келісуге болмайды. Қылмыстық заңсыз қылмыстық-құқықтық қатынастар туындауы мүмкін емес деп санаймыз, оның үстіне автордың өзі қылмыстық заң мен қылмысқа қарағанда қоғамдық қатынастар бастапқы болып келеді дейді[6, б. 258] . Бұл жерде мәселе қылмыстық заң әрекеттерінің шеңберін кеңейтуде немесе тарылтуда болып отыр. Адамның мұқтаждық шеңберіне кіріп, әлеуметтік маңыздылық алып қана зат қоғамдық қатынастардың қайнар көзіне айналады. Қандай да бір қызметті жүзеге асыру мұқтаждығы қоғамдық қатынастардың көзі болады. Адамдар бірімен бірі мұқтаждық арқылы байланысады, ал бұл байланыстардың өздері мұқтаждықтардың өзара септестіктері арқасында жұмыс істейді, қатынастар жүйесіне айналады. Жалпы мұқтаждықтар қатынастар жүйесі арқылы өтіп мүдделер формасындағы нақты түр алады. Мойындалған мұқтаждық дегеніміз белгілі бір нақты-тарихи формада кескінделген, сол әлеуметтік- экономикалық жүйеге бағдар алған мұқтаждық. Бұл айтылғандардан мынадай тұжырым жасауға болады: адам қызметі мұқтаждықпен қандай жан-жақты байланыста болса, мүддемен де сондай байланыста. Қоғамдық қатынастар, әдетте, мүдде формасында көрініс табады. Саяси, әлеуметтіқ өнегелік және басқа қатынастар тиісінше мүдде ретінде көрінеді.
Осыған байланысты адамдардың жалпы мұқтаждығы мен мүддесі қоғамдық қатынастармен қатаң, етене байланыста деп айтуға болады. Бұлардың біріншісі көрініс табудың объективті формасы ретінде де, олардың өмір сүруінің қажетті қайнар көзі де бола алады. Адамдардың материалдық және рухани қажеттілігін бойына сіңіріп, оларды жүзеге асыратын, қанағаттандыратын адамдар арасындағы байланыс қоғамдық қатынас болып табылады. Атап өткеніміздей, қоғамдық қатынастағы қылмыс объектісінің мазмұнын құрайтын “мүдде” категориясына байланысты заң әдебиеттерінде пікір айтылды.
Бұл мәселені алатын болсақ, қылмыстық заң теориясында мүддеге қарама-қайшы анықтама беріледі. В. Я. Тацийдің есептеуінше, криминалистер оның қоғамдық қатынастармен арақатынасына түсініктеме беруде бір пікірлі емес. Оқымыстылардың бұл мәселеге қатысты пікірлерін ол негізгі үш бағытқа әкеп тіреледі:
мүдде-қоғамдық қатынастың құрылымдық элементтерінің бірі және онымен бірге қылмыс объектісі ретінде танылады;
мүдде мен қоғамдық қатынас-әртүрлі түсініктер, сондықтан да “мүдде” категориясының қылмыс объектісін анықтау үшін пайдалануы мүмкін емес;
мүдде-қоғамдық қатынастың мәнін білдіретін оның элементі ғана емес, ол іс жүзінде өзінше қатынас[7, б. 58] .
Э. Х. Нарбутаевтың есептеуінше, “субъектілер арасында қалыптасатын қоғамдық қатынастарға қарағанда “мүдде” категориясы сапа жағынан жоғары сатыда тұр”[8, б. 65] .
Мүдде мәселесіне байланыстырып объектіге анықтама бергенде қылмыстық-құқықтық қорғау объектісі ретінде қоғамдық қатынасты мүддемен теңестіретін ғалымдар бұл қатынастарады жалпы түрде қылмыс объектісі деп танып, қоғамдық қатынастың ішкі құрылымын қарастырғанда оған негізгі элемент ретінде мүддені кіргізеді, оны қылмыстық заңмен қорғау объектісі деп хабарлайды, яғни бүтін құрылымды оның бір элементімен алмастырады. Мысалы, Е. І. Қайыржанов, қылмыстық объектісі деп әртүрлі мүдделерді санайды: халық мүддесін - қылмыстың жалпы объектісі деңгейінде, біртекті мүдделерді - тектік объект деңгейінде, т. б. [9, б. 254] қарастырады.
Ары қарай, экономикалық қатынастар да мүдде есебінде көрініс табады деген белгілі ереже келтіріледі. Мұның бәрі қоғамдық қатынастардың әртүрлі формада көрініс таба алатындығын көрсетеді, бірақ ол формалардың ешқайсысы да қоғамдық қатынастардың толық мазмұнын бере алмайды. Яғни, қоғамдық қатынастар, қылмыстық заңмен қорғалатын объект ретінде басқа кез келген өзінің элементі сияқты мүддеге де сыйғызыла алмайды[10, б. 12 ] . Қылмыстық заң теориясы жалпы, тектік тікелей объектілерді бөліп қарастырады.
Оларды бұзғаны үшін қылмыстық заңда жауапкершілік қарастырған қылмыстық заң қорғайтын қоғамдық қатынастардың жиынтығы жалпы қылмыс объектісі болып табылады. Тектік объектілерге көптеген қылмыстар бағытталған біртекті қоғамдық қатынастар жатады. Қылмыстың тікелей объектісі-қылмыстық заңмен қорғалатын нақты қоғамдық қатынастар, оларға бір немесе бірнеше қылмыс қарсы бағытталған.
Кейбір ғалымдардың пікірінше, үш мүшелі жіктеуді барлық қылмысқа қатысты қолдануға болмайды, себебі кейбір жағдайларда тек екі объектіні бөліп алуға болады.
М. И. Федоров қылмыстың жалпы объектісі деген түсініктен бас тартуды ұсынады. Оның ойынша ол “ғылым үшін де, практика үшін де ешнәрсе бермейді”[11, б. 25-26] . Келтірілген саралаудың дәлелдігін қолдай отырып, А. Е. Фролов оны төрт мүшелікпен ауыстыруды, аталған объектілерге тағы біреуін, яғни “түрлік” объектіні қосуды ұсынады[12, б. 45-46] . Үш мүшелік жіктеу логика заңдарына және жалпы, ерекше және жеке философиялық категорияларынаға негізделген. Атап өткендей, жалпы объектіге қоғамдық қатынастар жатады.
Әлеуметтік-саяси талдау қылмыстық заң қорғайтын қоғамдық қатынастардың барлық жиынтығынан мазмұны жағынан біртекті, өзара тығыз байланыстағы қоғамдық қатынастар тобын бөліп алуға мүмкіндік береді. Біртекті қатынастар тобының ерекшелігін көрсету үшін объект нақтыланған болу керек. Соған байланысты қылмыстық заңмен қорғалатын біртекті, өзара байланыстағы қоғамдық қатынастардың белгілі бір бөлігі тектік объектіге айналады. Тікелей объектіні бөліп шығару да қажет және ол пайда келтіреді.
Қылмыстық-құқықтық қорғау объектілерін көрсетілген “тігінен” жіктеуінен басқа қылмыстық заң ғылымында “көлденеңінен” жіктеу де бар, оның мәні объектілерді негізгі, қосымша және факультативтік деп бөлу. Бұл жіктеуді Е. А. Фролов мұқият жасаған, оның есептеуінше “қылмыс бір уақытта бұзатын бірнеше тікелей объектілердің ішінен негізгі, қосымша және факультативтік объектілердің ішінен негізгі, қосымша және факультативтік объектілерді ажыратып алу қажет”. Объектілердің бұл жіктелуіне кейбір қосымшалар енгізіліп Н. И. Коржановскийдің еңбектерінде толық қайта келтірілген, ал А. С. Михлиннің, Е. А. Фесенконың және П. С. Матышевтің еңбектерінде толық немесе жарым- жартылай қабылданған.
Бұл жіктеуді И. Велиев даулы деп есептейді, себебі оның ойынша жіктеу белгілі бір көпті салыстырмалы біртекті белгілерге шектеп бөлу, соның арқасында оның элементтерін жіктеуде өз орнын қатаң сақтайды, әрқашанда орын алады. “Көлденеңінен” жіктеуде тұрақты емес белгілер де болады, ол жүйенің тұтастығын бұзады. Сонымен қатар, заң шығарушы позициясынан жеке қылмыстарда бірнеше объектілердің болмайтындығы көрінеді[13, б. 85] .
Мұндай үзілді-кесілді пікірді біз қолдамаймыз.
Объектілерді негізгі, қосымша және факультативтікке бөлу уақыт сынынан өткен. Негізгі объекіге, бәрінен бұрын, заң шығарушы құқықтық норма арқылы қорғауға ұмытылған қоғамдық қатынастар жатады. Қылмыс жасалған жағдайда міндетті түрде бұзылатын немесе бұзылу қаупі туындайтын қоғамдық қатынас негізгі объект болып табылады. Бұл критерий қорқытып алушылықтың негізгі объектісін анықтауға едәуір мүмкіндік береді, соған қарай осы қылмыс үшін күшіндегі заңда қарастырылған жауаптылық нормасының орны анықталуы тиіс.
Біздің тарапымыздан талданып отырған пайдақорлық-зорлық қылмыстарының біреуі ғана (бандитизм) тектік объектісі бойынша қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы қылмысқа жатса, қалғандары меншікке қарсы қылмыстар қатарын құрайды. Демек, меншік қатынастары пайдақорлық-зорлық қылмыстарының басым бөлігінің объектісі болып табылады. Егер әңгіме тонау, қарақшылық туралы болса, ешқандай да күмән жоқ, ал қорқытып алушылықтың табиғаиы өзгешелеу. Дегенмен, Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылдың 12 мамыр күнгі Жарлығымен қорқытып алушылық арқылы меншікке қол сұғушылық жасау талан-таражға түсіру формаларының біріне жатқызылған, себебі онда талан-таражға түсірудің жалпы түсінігіне тән белгілер бар. Қол сұғушылық жасау объектісі талан-таражға түсірудің барлық формалары үшін ортақ, меншік өндірістік (нақты) қатынастар негізі ретінде, өндіріс құралдары мен оның нәтижелеріне, сондай-ақ адамдардың материалдық игілікті иемденуіне байланысты адамдар арасындағы қатынасты көрсетеді. Ол қоғамдық өндірістегі адамдардың орнын, олардың бір-бірімен қатынасын белгілейді, өндіріс құралдарының кімнің қолында екенін көрсетеді. Өндіріс құралдары арқылы адамдар арасында қатынас орнайды, ол материалдық игіліктерді икемдену, пайдалану және оларға билік ету процесінде көрініс табады. Меншікке қарсы қылмыс жасағанда меншіктің бұл қатынастарына залал келеді. Яғни, мүлікті талан-таражға түсіргенде меншік қатынастары іс жүзінде қол сұғушылық объектісіне айналады. Ал, өндірістік меншік қатынастарының қандай да бір өзгерісі иемдену, пайдалану және билік ету құқығын, яғни өндірістік қатынастардың құқықтық қабығын - меншік құқығын бұзады.
Мүлікті талан-таражға түсіргенді қол сұғушылықтың объектісі, яғни талан-тараж кезіне әрқашанда, қалайда бұзылатын әлеуметтік игілік ол -мемлекет белгілеген меншік қатынасы.
Меншік түсінігіне экономикалық және құқықтық көзқараста жасаған талдама меншікке қарсы қылмыстардың тектік объектісі меншік деген тұжырым жасауға негіз береді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz