Саяси институттар жүйесіндегі «төртінші билік»


Саяси институттар жүйесіндегі «төртінші билік»
Қазіргі қоғамда бұқаралық ақпарат құралдары - төртінші билік деген ұғым қалыптасқан. Оның негізі жоқ емес. Бұқаралық ақпарат құралдарының басты қаруы - қоғамдық пікір. Мемлекеттік деңгейден бастап жекебастық мәселелер алдымен теледидар мен газетте жарияланып, кейіннен шешімін табатындығының күнделікті куәсі болып жүрміз. Бұқаралық ақпарат құралдары әділдік пен шыншылдықтың жақтаушысы ретінде қабылданады. Мұның сыры неде? Ең бастысы - журналистердің қоғамда қалыптасқан имиджінде, азаматтық ұстанымында. Әрине, БАҚ тарапынан қолдан жасалған шабуылдар мен «қара пиарлар» туралы әңгіме басқа. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны мен маңызын Ахмет Байтұрсыновтан асырып ешкім айтқан жоқ: «Газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Көзсіз, құлақсыз, тілсіз адамның өмір сүруінде мән жоқ сияқты, қоғамның да онсыз тіршілігі қараң. Сондықтан БАҚ төртінші билік қана емес, басты қажеттілік!
Кеңес Одағы тұсында Лениннің: «Баспасөз - үгітші, насихатшы, ұйымдастырушы» деген қағидасы басшылыққа алынатын. Бірақ кімді, нені насихаттап, үгіттейтіні ашық айтылмаған. Біз оның жауабын «Партияны құру үшін жалпыорыстық «Искра» газетін ашу керек. Ол партияның үгітші, насхатшы, ұйымдастырушы қызметін атқарады» деген сөзінен таптық. Яғни ол партияның ғана құралы болған, функциясы сонымен шектелген.
Бұқаралық ақпарат құралдары шын мәніндегі демократиялық идея кезінде ғана төртінші билікке көтеріледі. Қазір Қазақстанда демократия салтанат құрған деп айту қиын. Сондықтан баспасөз кейде бірінші билікке де шығып кетеді, кейде билікке киліге алмай қалуы да мүмкін. Кейде төртінші билікке тұрақтайды. Оның негізгі заңдылығы былай ғой: заңды шығарушылар - бірінші, оны атқарушылар - екінші, сот - үшінші, қоғамдық пікірді бастаушы баспасөз - төртінші билік. Әлгінде айттым, шын мәніндегі демократиялық елдерде солай болуға тиіс. Ондай елдер тым аз. Ресейде 1991 жылғы, 1993 жылғы көтерілістер кезінде неге алдымен Останкиноны қоршап алды? Осы жай біздің журналистерді немесе басқаларды ойландырды ма? Өйткені ол ел шын мәніндегі демократиялық ел емес. Себебі қалың бұқарамен байланыс орталығы Останкино екенін анархиялық билікшілер біледі. Бұл жерде журналистика бірінші билікке шығып кетіп отыр. Міне, мына билік құлады деп ақпаратты тарата қоюға Останкино телеорталығы керек болды. Бұл жерде Парламент Үйі де, Министрлер Кабинеті де оның көлеңкесінде қалды. Шын демократиялық ел болса, билік иесі мынау деп заң шығару арқылы куәландырар еді. Әрі Заң Президентке де, халыққа да ортақ бірінші билік болар еді. Көтерілісшілер Останкиноны басып алып, міне, билік иесі бізбіз деген хабар тарату арқылы билік жүргізгілері келді. Әр елде билік әр түрлі. Бір елде әскер күші басым, бір елде Президенттік билік бар. Бір елде шындығында Парламент, заң шығарушы орган билікте. Болгарияда, Швецияда бөлек. Бізде Президенттің өзі айтқан: қазір даму жолына түсіп, әбден қалыптасып алғанша Президенттік билік керек, - деп. Ол, әрине, дәлелді.
Біз егеменді ел боламыз десек, ақпараттық кеңістігіміздің қауіпсіздігін қызғыштай қорып сақтауымыз керек. Онсыз тәуелсіз мемлекет, егеменді ел болу қиын. Бұл - ақиқат.
Қазір әлемдік ақпарат құралдарына қатысты "ақпараттың еркін ағымы ("свободный поток информации") деген теория дәуірлеп тұр. Ол қағиданың тоқ етері мынаған саяды: "Адам баласы - жарық дүниенің иесі. Сол себепті ол әлемдегі жаңалық атаулыдан хабардар болуы керек. Сондықтан ақпаратқа шекара қойылмауы тиіс". Бір қарағанда бұл теорияда мін жоқ секілді. Бірақ, сол ақпаратты таратуда жер шарындағы барлық елдің мүмкіндігі бірдей ме? Осы жағы бізді ойлантуы тиіс. Бұл тұжырым шындығында адамзатқа деген шынайы қамқорлықтан туған ба, әлде көкейінде өзге де пиғылы барлардың ойлап тапқаны ма? Мысалы, АҚШ пен Ауғанстанның, Ресей мен Чешенстанның ақпаратын өзге елге таратудағы мүмкіндігі бірдей емес қой. Тіпті салыстыруға келмейді. Гәп осында.
Осы жерде дүние жүзіне белгілі қолбасшы Наполеон Бонопарттың: «Төрт жүз мылтықтан төрт баспасөздің күші артық» деген қанатты сөзі еріксіз ойға оралады. Яғни ол әскербасы бола тұра қару-жарақтың күшінен бұқаралаық ақпарат құралдарының күшін 100 есе артық деп бағалап отыр. Олай болса алпауыт елдердің әртүрлі пиғылдағы ақпарат құралдарының басқа елге баса-көктеп еніп, жүргізіп отырған жұмысын қалай бағалауға болады? Оның үстіне өзге елге тікелей соғыс ашып, материалдық үлкен шығынға ұшырап, жауынгерлерінен айырылып, халықаралық қауымдастықтардың наразылығына қалудан гөрі, аз шығын жұмсап, көзге анық көріне бермейтін идеологиялық соғыс арқылы басып алу әлдеқайда тиімді емес пе.
Сонау 1960-жылдардағы Чехословакия мемлекетінің іргесін шайқалтқан жағдайды, немесе 1970-жылдардағы Чилидегі төңкерісті, сол сияқты, 1980 жылдардағы Польшадағы қоғамдық өзгерістердің қай-қайсысы да мемлекеттің БАҚ құралдарынан ажырап қалуынан болған. Олар өзге елді былай қойғанда өз елдерінің ақпарат құралдары қарсылығына тап болған. Сонда Чили президенті Сальвадор Альенде: "Мені тақтан тайдырған әскерилер емес. Менің қолымнан бұқаралық ақпарат құралдары кетіп қалды ғой. Түбіме жеткен солар", - деп еңірегенде етегі жасқа толған еді.
Атышулы американдық идеолог Збигнев Бзежинский жетпісінші жылдардың соңына қарай Польшаға жиі ұшып келіп, сол елдің бұқаралық ақпарат құралдарын өз мақсатына еркін пайдаланды. Ешқандай тосқауылсыз жүргізілген осындай БАҚ-тың қарсылығы әсерінен армияның күш-қуатына сенген социалистік Польшаның қалай құлағаны тарихтан белгілі.
Бұдан шығар қорытынды - егер ақпарат құралдарының алар орны мен арқарар қызметінің мәнін толық бағаламайтын болсақ, оның аса нәзік тұстары мен әрі өте күрделі құрылымын жете игермесек, қиын тосқауылдарға кезігеріміз анық.
Демократияға берілген көптеген анықтамалар ішінде Англияның премьер-министрі болған Уинстон Черчилльдің мына сөзі айрықша орын алады: "Демократияның көптеген кемшіліктері бар екендігін мойындай отырып, бір ғана артықшылығын ескерте кеткенді жөн көремін. Ол артықшылық мынада: бүгінге дейін ешкім де демократиядан асып түсетін ештеңе ойлап тапқан жоқ". Не нәрсенің болсын шынайы келбетін айқындауда, әрбір оқиға-құбылыстың әлеуметтік тегін тануда сыни көзбен қараған дұрыс.
Сөз бостандығын ұлтпен ойнауға пайдаланып, елдің рухани-мәдени болмысына қайшы айқай-шуға тиісті тосқауылдың болмағы шарт. Сондай-ақ, бұл мылтықсыз майданда жауапкершілікті мемлекеттің мойнына алуы - жеңіске апарар жалқы жол.
Демократия, жариялылық туралы сөз бола қалған кезде еркіндік туралы айтылмай қалмайды. Бірақ ең дамыған деген АҚШ, Еуропадан да шексіз еркіндікті көре алмайсың. Жанымыздағы Ресейді алып қарасақ та сондай. Сондықтан да, ақпарат еркіндігі жөнінде айтқанда, әңгіме сол еркіндіктің не үшін, қандай нәрсеге берілетіндігінде болса керек.
Мысалы: Американың мемлекеттік мүддесі мен жеке адамдардың мүддесінің ара жігін анық білуі.
Жасыратыны жоқ, бізде сөз бостандығы, БАҚ еркіндігі дегенді кейде әртүрлі жолмен өз пиғылдарына пайдаланушылық кездеседі. Біреулер мемлекеттілігімізге зияны тиіп, соған нұқсан келтіретіндей материалдар жариялап, хабарлар шығарып жатады. Көбіне ол білместіктен болуы мүмкін. Ал енді кейбіреулер әдейі қиямпұрыстықпен, біле тұрып, білмеген болып, көре тұрып, көрмеген болып, жаны ашымастың ісін істейді. Ұлттық мәселелерге келгенде бұра тартып, жарға итеріп жібергісі келіп тұратындар, өкінішке қарай кездеседі.
Қазақстан журналистикасының айналасында кейінгі кездерде саяси капиталға байланысты да көп мәселелер айтылып жүр. Сондай-ақ БАҚ магнаттары пайда болуының алғышарттары және мұндай алпауыттардың қоғамға тигізетін қандай әсері бар деген секілді тақырыптар күн тәртібіне қойылып келеді. Шындығында, біз мұны қалайық, қаламайық, оларды қоғамның өзі туғызды. Оның үстіне, Қазақстан - жариялылық құндылықтарын құптаған ел. Яғни, ақпаратқа қысымшылық жоқ. Бірақ БАҚ магнаттарын мемлекеттік мүддеге жұмыс істеуге шақыру әсте дұрыс. Өйткені, олардың қолында үлкен идеологиялық құрал бар екенін естен бір сәт те шығаруға болмайды. Қайта БАҚ иесінің қайдан шыққанын, оның тәуелсіз елімізге қаншалықты дәрежеде жаны ашитынын, "қаражатын өзі өмір сүріп отырған қоғамға жұмсай ма, жоқ көкейінде жүрген бір дара пиғылына шашады ма?" деген мәселелерді зерттеудің ешқандай артықшылығы жоқ. Несін жасырамыз, бізде осы жағы жетіспейді. Мұндай игілікті іс-шаралар мемлекеттік тұрғыда жасалынуға тиісті. Әрі тәуелсіз елімізді мұратына жеткізетін асыл құндылықтарды айқындауымыз керек. Себебі, тағы да айтам, дамыған елдердің тұрмыс-салтына көз жіберсек, олар әлдеқашан өздеріне лайықты идеологиялық негіз жасап алған. Мысалы, Оңтүстік Кореялықтар өздерін «Тау самалы елі» деп дәріптейді. Ал испандықтар ағылшын тілін білуге құштар емес. Испан тілінен сұлу тіл жоқ деп есептейді. Француздар өнер, білім, ғылымның ортасы екенін мақтаныш етеді.
1999 жылы Канаданың Монреал қаласында дүниежүзілік коммуникация мен журналистика ұйымы - ОРБИКОМ-ның үлкен конференциясы өтті. Әлемге аты тараған, аузымен құс тістеген небір жұлдыздар қатысты. Сол сыйлы қонақтарды қала мэрі бір ағаш үйде қабылдады. Сонда қонақасы берілді. Көкке бой тіреген небір зәулім ғимараттар тұрғанда бұнысы несі екен деп ойладық. Сөйтсек әлгі жайда кезінде үкімет үйі орналасқан екен. Міне сізге, елдің тарихын қастерлеудің үлгісі. Оның жанында біздің тарихымыз дария емес пе? Қазақ - тарихы терең, табиғаты таза халық. Ғасырларға кететін тарихында біреудің алажібін аттамаған, көршілеріне көз алартпаған. Өзгенің жерін жаулап, біреудің қанын жүктемеген. Ол ақкөңіл, кеңпейіл, аса қонақжай дара халық. Ауыз әдебиеті өте бай, сөз қадірін түсінген, тарихын тасқа қашаған дана халық. Әлем өркениеті алдында беті ашық, жүзі жарқын. Сондықтан мақтан етер, үлгі тұтар қасиеттері жетіп-артылады. Сондай брэндтерді айқындап аламыз десек, ешкім қолымыздан қақпайды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz