Тәнтірлігінтану (физиология) атаулары және заңдылықтары, теңдіктері, тұрақтылықтары мен ерітінділердің түсіндірме анықтамалары


ТӘНТІРЛІГІНТАНУ (ФИЗИОЛОГИЯ) АТАУЛАРЫ ЖӘНЕ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ, ТЕҢДІКТЕРІ, ТҰРАҚТЫЛЫҚТАРЫ МЕН ЕРІТІНДІЛЕРДІҢ ТҮСІНДІРМЕ АНЫҚТАМАЛАРЫ
ҮШІНШІ БАСЫЛЫМЫНА АЛҒЫ СӨЗ РЕТІНДЕ
Физиология атауларының орысша-қазақша түсіндірме сөздік-анықтаманың шыққанына 20 жыл болыпты. Шүкір Аллаға, етек-жеңімізді жидық. 2009-2010 оқу жылына аяқ бастық. Білім-ғылымда да өз ойымызды еркін айтуға жетіп келеміз.
Енді Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел болып, қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріліп, ұлттық мамандар дайындау мақсаты тұрғанда, білім-ғылымның барлық саласынан атаутанулық (терминологиялық) зерттеуді жетілдіру өте қажет.
Ұсынып отырған «Тәнтірлігінтану (физиология) атаулары және заңдылықтары, теңдіктері, тұрақтылықтары мен ерітінділердің түсіндірме анықтамалары» атты оқу құралы университеттің биология, педагогика, дене тәрбие-спорт және медицина оқу орындарының студенттеріне, магистранттарына, аудармашыларға және басқа қызметкерлеріне көмегі зор болмақ.
Сондай-ақ Тәнтану (Адам анатомиясы) және Тәнтірлігінтану (Адам физиологиясы) атауларының ғылыми бір жүйеге келіп қалыптасуына, сөйтіп қазақ тілінің алтын қорын байытуға аз да болса септігін тигізер деп үміттенеміз. Оның үстіне соңғы кезде атаутану (терминология) комиссиясы бекіткен биология-медицина атауларын есепке алдық.
Тағы да бізден бұрынғы баба, аға ғалымдардың: әл-Фараби, Ибн Сина, Бируни, Өтеубойдақ, Халел Досмұхамедов, Санжар Аспандияров т. б. еңбектерін еске ұстап, іздену арқылы жалғастырып келеміз.
Олардың кейбіреуін атап айтатын болсақ, «физиология» дегеннің қазақша мағынасы «тәнтірлігінтану», «термин» дегенді - «атау», «терминология ғылымы» - «атаутану ғылымы», «нерв жүйесі» - «жүйке жүйесі», «организм» - «ағза», «орган» - «мүше», «белок» - «нәруыз» деген атаулармен алмастыру, ал «ткань» дегеннің - «ұлпасын» қалдырып, «тін» дегенді тіптен алынуына байланысты т. б. атауларды түзетіп, толықтырып беруді жөн көрдік. Бұлар кітаптың бірінші - 1991 жылғы, екіншісі - 1992 жылғы (Алматы, «Қазақстан» баспасы) басылымдарында берілген еді. Оның үстіне «Физиология атауларының орысша-қазақша түсіндірме сөздігі» деп дұрыс жазбағанымызды түсініп, 3-ші басылымында оларды түзетіп бердік.
Осы оқу құралындағы сөз-сөйлемдік құрылымы лексикографиялық жұмыстарға сәйкес жасалып, лұғаттық сала бойынша орыс тілінде түзілген сөздіктер жүйесі негізге алынған. Орыс тілінде қалыптасқан физиологиялық атаулар алфавит тәртібімен беріліп, олардың көбіне қазақша баламасы тіздестірілген.
Сөз-сөйлемде берілген атаулар мағынасы лұғаттық мақалалар арқылы ашылып отырады. Әрбір лұғаттық мақала төрт-бес бөліктен тұрады. Атауларда әуелі реестрдегі орысша сөз , содан кейін оның қазақша баламасы, шығу тегі - этимологиялық (лат., грек., араб., франц., ағылш., т. б. ) анықтамасы, сипаттамасы және атауларға қатысы бар есімдер (эпиномиясы) дерек түрінде келеді. Тәнтірлігінтанулық атаулардың шығу тегі және қай тілге тән екендігі жақша ішінде көрсетілген. Ал атаулардың пайда болуына тікелей қатысы бар адамдардың аты-жөні өз тілдерінде беріліп, өмір сүрген жылдары, елі және мамандығы келтірілген.
Түпнұсқасы өзгермей қалыптасып кеткен халықаралық атаулардың сол қалпы сақталып, олардың тек қосымша жалғау, жұрнақтары ғана қазақшаланып берілді. Мысалы, абсорбционный коэффициент - абсорбциялық коэффициент.
Қайсыбір атаулардың қазақша эквиваленті (баламасы) алынған (орган - мүше; организм - ағза, ткань - ұлпа; анестезия - жансыздандыру т. б. ) .
Егер атаулар бірнеше шетел және орыс сөздерінен құралған болса, ол атаулар өзгертілмеген немесе олардың қайсыбірі қазақ тіліне аударылған (вестибуловегетативные рефлексы - кіреберіс ерекшеленген (вегетативті) рефлекстер) .
Қысқартылған сөздер мен ерекше белгілер анықтамада өз алдына бөлек беріледі.
Осы кітап иегері (автор), алтын уақыттарын бөліп пікір жазған ғалымдарға және шын мәнінде оң қолым болып, әрі сауатты жазып үнемі көмектесіп отыратын жұбайым Зиягүл Сыздыққызына алғысым мол.
Тәнтірлігінтану ғылыми атаулар жетілдіру мақсатында айтылған ескертулеріңізді қуана қабылдаймын.
Академик Жандар Керімбектің Ермаханы
ҚЫСҚАРТЫЛҒАН СӨЗДЕР МЕН БЕЛГІЛЕР
- А -
Абсолютная влажность - толық (абсолютті) ылғалдылықтар 1 см³ ауадағы булы су мөлшері. Мыс. : тұманды күндегі ауаның ылғалдылығы жаздағы ыстық ашық ауаның ылғалдылығына қарағанда едәуір көп болады.
А. рефрактерность - рефрактерлы толық жауап бермеу , барынша қозып тұрған жүректің үстеме тітіркендіргішке ешқандай жауап бермеуі. Мыс. : бұлшықет пен ұлпадан әрекет потенциалы өзінің ең жоғарғы дәрежесіне жеткенде қозу тоқталады. Бұл уақыт 250-300м/сек-қа тең болады.
А. сила мышц - толық бұлшықеттің күші . Ол ең ауыр жүкті көтерумен анықталады. Мыс. : бақаның көлденең қимасы 1 см², бұлшықеті 1-ден 3 кг-ға дейін. Ал сондай жылы қандылардың бұлшықеті 5-8 кг-ға дейін көтереді. Адамның бұлшықетінің күші жасына және шынығуына қарай артып отырады. 25 жастағы адамның бұлшықетінің күші ол 60 жасқа келгенде 30-35% кемиді.
А. чувствительность глаза - толық көздің сезімталдығы. Ол көру үшін жұмсалатын өте аз жарық сәулесінің күшімен анықталады, 4. 10-7. 10 эрг/сек тең болады. Жарық квантымен есептегенде 8-47 арасында.
Абсолютный мышечный покой - толық бұлшықеттің тыныштығы немесе біраз уақыт жұмыс істемей тұруы.
А. порог - толық табалдырық шегі өте нашар, әлсіз тітіркендіргіштің әсерін ажырату, қараңғы жердегі заттың түсін қиындықпен ажырату секілді мағынада қолданылады.
А. слух - толық есту , абсолюттік есту, дауысты танығыштық қабілет, саққұлақтық.
Абсорбциометр Сеченова - Сеченов абсорбциометрі қандағы газдың мөлшерін анықтайтын құрал. А. құралын 1858 ж. И. М. Сеченов ойлап тапқан (И. М. Сеченов, 1829-1905 ж. ж., отанымыздың физиологі) . Бұл құралмен қанның құрамындағы оттегін, көмір қышқыл газын және азотты анықтауға болады.
Абсорбционный коэффициент - абсорбциялық коэффициент - газдың сұйықтықта еру мөлшерін көрсетеді. 1 мл сұйықтықты 1°С жылылықта 760 мм сынап бағанасы қысымындағы газдың ерігіштігін көрсететін өлшем.
Абсорбция - абсорбция (лат. absorbtio - сорылу, алмасу) - газ және сұйық күйдегі заттардың барлық массасы бойынша басқа затқа сорылуын айтады.
Автоматизм - өздігінен болатын әрекет (өздігінен әрекеттену), дағдылы әрекеттену - адамның еркінсіз, мақсатқа лайық және ішкі ортаның әсерінен мүшелердің немесе мүше жүйелерінің дағдылы әрекеті.
А. желудка - асқазанның өздігінен болатын жиырылып, жазылу қызметі . Мыс. : ыстық қанды жануарларды сойған кезде қарнын тездете бөліп алғанда бұлшықеттің жиырылуын байқауға, дағдылы әрекетін көруге болады.
А. кишечника - ішектің өздігінен болатын жиырылып, жазылу қызметі . Мыс. : сойылған малдың ішек-қарнын денесінен тұтас бөліп алғанда, көп уақытқа дейін ол мүшелердің өздігінен әрекет етіп жиырылып, толқындалып жатқанын байқауға болады.
Автоматизированный цепной рефлекс - өздігінен болатын тізбекті рефлекс. Мыс. : жүру, жүгіру т. б. кезіндегі афференттік қозудың алмасып отыруы.
Автоматии миогенная теория - өздігінен болатын миогенді теория - бұлшықеттегі жүйке шоғырының дағдылық әрекеті туралы теория. Мыс. : жүректің бұлшықет жасушасының өздігінен қозуы осы қағидаға жатады.
Автоматия гладких мышц - өздігінен болатын бірыңғай салалы бұлшықеттің (адам еркінсіз) қозуы, жұмысы. Ондай бұлшықеттерде миоген текті жүйкенің шоғырланған жерлері бар екендігі анықталған.
А. дыхательного центра - өздігінен болатын тыныс орталығының жұмыс істеуі. Оған жалпы зат алмасу, қандағы СО 2 -ның мөлшері, қаңқа бұлшықеттерінен жүйке арқылы және гуморалды жолмен келген қозу әсер етеді.
А. сердца - өздігінен болатын жүректің қозуы, қызметі. Мыс. : бақаның жүрегін денесінен бөлектеген кезде қызметін тоқтатпауын атауға болады. Бұл жағдай биологиялық қажеттіліктен қалыптасқан қасиет. Адам түрлі себептерден уақытша есінен танып қалғанда да жүрек өздігінен қызметін жалғастырып, өмірді сақтауға жәрдем етеді.
Автономная нервная система - дербес, ерекше жүйке жүйесі. Ішкі мүшелердің қызметтерін басқаратын жүйке жүйесін дербес немесе автономды деп атаған. Негізінде ол мағынаға тура келмейді. «Вегетативная нервная система» дегенді қараңыз.
Автотрофный - автотрофты - өздігінен қоректенуші деген мағынада.
Адаптации фотохимическая теория - Бейімделудің фотохимиялық теориясы. Б. ф. х. т. бойынша көздің жарыққа бейімделуі - көру пурпурының еріп тарауы, ал қараңғыға бейімделу - керісінше пурпурлардың қалпына келуіне байланысты біртіндеп жүреді.
Адаптационно-трофическая функция - бейімделе-қоректену, тағамдану қызметі.
Адаптационно-трофическая функция симпатического отдела нервной системы - симпатикалық жүйке жүйесінің бейімделу-қоректену қызметі , яғни симпатикалық жүйке жүйесі барлық мүшелердің зат алмасуын және қозуын реттеумен бірге олардың сол ортаға бейімделуіне де әсер етеді.
Адаптация - бейімделу, үйрену, дағдылану (лат. adaptare - бейімделу), адаптация. Мыс. : иіске, дыбысқа, киімнің тарлығына (қысуына) үйренуі (темекі көп шегілген бөлмеге алғаш кіргенде оны қатты сезеді де, біраз уақыт өткен соң ол иіске мүшенің бейімделуінен сезбей қалады) . Ағзаның сыртқы не ішкі ортаның өзгеруіне бейімделуі.
А. анализаторов - талдамалардың немесе анализаторлардың бейімделуі. Талдамалардың бейімделуі олардың қызметінің артуы немесе бәсеңдеуі (баяулауы) арқылы болады. Мыс. : көздің өте жарыққа не қараңғыға бейімделуін айтуға болады.
А. болевая - ауырғанға үйрену, бейімделу (adaptatio dolorosa) . А. ү., б. теріге ине шаншып, инені қимылдатпай ұзақ ұстаса ауырғаны сезілмей қалады, ал инені сәл қимылдатса ауырғанды сезеді. Инені ұзақ уақыт бір қалыпты ұстағанда ауырғанды қабылдағыш рецептор иненің сол әсерінің күшіне бейімделіп, сезбей қалады.
А. вкусовая - дәмге бейімделу (adaptatio gustoria) . Мыс. : ауызға тәтті затты салғанда оның дәмін тез сезеді, егер оны қозғамай ауызда ұзақ ұстаса, тәтті дәмін сезбей қалады.
А. вкусовых рецепторов - дәмді қабылдағыштық рецепторлардың бейімделуі. Мыс. : тұз не қантты ауызға салып ұзақ тұрса, онда рецепторлар ащы не тәттіні сезбей қалады.
А. зрительная - көздің бейімделуі (adaptatio visualis) . Мыс. : көздің қараңғыға немесе жарыққа біртіндеп бейімделуінен анық, еркін көреді.
А. к давлению - қысымға үйрену, бейімделу. Адам өз үстіндегі киімінің ауырлығына үйренгендіктен оны сезбей, тек киген кезде ғана байқауы мүмкін.
А. обонятельная - иіске бейімделуі, үйренуі (adaptatio olfoctoria) . Белгілі бір иіске толық бейімделгенде оны иіс мүшесі сезбей және анықтай алмай қалады.
А. обонятельного аппарата - иіс сезу мүшесінің үйренуі, бейімделуі. Иісті заттың әсері бірқалыпты ұзақ болуына және тек мұрынмен тыныстауға байланысты и. м. ү. тез, ал егер ауызбен тыныстаса - ол баяу болады.
А. рецепторов - қабылдағыштардың (рецепторлардың) бейімделуі. Әрбір рецептор-қабылдағыш тітіркендіргіштердің күшіне бейімделіп отырады. Мыс. : иіске, шулаған дыбысқа, киімнің тарлығына т. б. тез үйреніп кетеді.
А. световая - сәулеге (жарыққа) бейімделу , көздің тор қабығы сезімталдығының жарыққа бейімделуіне байланысты болады.
А. слуха к тишине - естудің тыныштыққа бейімделуі. Ол дыбыс тоқталған соң 10-15 секундтан кейін басталады.
А. слуховая - дыбысқа бейімделуі. Құлақ сезімталдығының түрлі дыбыс күшіне бейімделуі. Мыс. : қайсыбір дыбыс ұзақ мезгіл бірқалыпты шыға берсе, белгілі бір уақыттан кейін адам оны есітпей қалады.
А. тактильная рецепторов - тән сезу қабылдағыштарының бейімделуі. Мыс. : денеге бір затты тигізген кезде оны тез сезеді, ал оны ұзақ ұстаса, оған үйренгендіктен, бейімделгендіктен сезбей қалады.
А. темновая - қараңғыға бейімделу. П. П. Лазеровтың фотохимиялық теориясына байланысты болады. «Адаптаций фотохимическая теория» және «Темновая адаптация» - дегенді қараңыз.
Адаптивные (защитные) гормоны - гормондардың қорғаныштық бейімделуі. Мыс. : бүйрек безінің қызметі бұзылады. Мұнда алғашқы гормондарды көп шығарғаннан кейін ағза әбден қажып-тозып, гормон шығару тоқтап қалады.
Адекватный раздражитель - үйреншікті тітіркендіргіш, ағзаға күнделікті тіршілікке байланысты әсер ететін тітіркендіргіштер, оған ағза үйреніп, бейімделген. Мыс. : көздің тор қабығына - жарықтың немесе қараңғылықтың, теріге - қысымның, бұлшықеттерге - жүйкенің қозу әсерлерін және басқаларды айтуға болады.
Адекватное раздражение - үйренген, жаттыққан тітіркену. Өмірде қажет болып, оған ағза қалыптасқан (дағдыланған) тітіркендіргіштер: күн, түн, жаз, қыс, тағам, т. б. арқылы тітіркену.
А. раздражение вестибулярного аппарата - вестибуляр аппараты-ның үйреншікті тітіркенуі. Вестибуляр аппаратын тепе-теңдікті сақтау мүшесі деп те атайды.
Аденилатциклаза - аденилатциклаза , бұлшықет жасушасының мем-бранасында болатын фермент, ол жасушадағы зат алмасуды күшейтуге әсер етеді.
Аденогипофиз - аденогипофиз (adenohypophysis), гипофиздің алдыңғы бөлімі. Бұл бөлімдегі ацидофилді жасушалардан соматотропин (өсу) және пролактин, ал базафилді жасушалардан адренокортикотропин, тиреотропин және гонадотропин гормондары бөлінеді.
Аденозинтрифосфатаза - аденозинүшфосфатаза, бұлшықет нәруызы, миозиннің ферменті, ол аденозинүшфосфорлы (АТФ) қышқылын ыдыратады.
Адоминоскопия - адоминоскопия, құрсақ-асқазан ішін зерттеуге арналған құрал.
Адреналин - адреналин (adrenalinum), бүйрек безінен шығатын гормон. А. зат алмасуға, гликогеннің ыдырауын, пирожүзім және сүт қышқылдарының тотығуын, жүрек соғуын күшейтіп-жиілетеді, ал асқазан мен ішектердің жұмысын (жиырылуын) әлсіретеді, көз қарашығын үлкейтіп, қажып-тозған бұлшықеттердің қызметін жақсартады.
А., влияние на диурез - адреналиннің зәр шығаруға әсері. А. бүйректің көлемін үлкейтеді, егер ол қанда көп болып кетсе, диурез тоқталады.
А., влияние на свертывание крови - адреналиннің қанның ұюына әсері. А. қанның ұюын арттырып, артерия және артериола тамырларын тарылтады.
А., влияние на сердце - Адреналиннің жүрекке әсері. А. жүрек қызметін күшейтеді. А-нің әсерін симпатикалық жүйке жүйесінің әсерімен салыстыруға болады.
Адреналиновая гипергликемия - адреналинді гипергликемия. А-нің әсерінен бауыр және бұлшықеттердегі гликогендер қантқа айналып, қанда қант мөлшері артады.
Адренокортикотропный гормон - адренокортикотропты гормон (АКТГ), гипофиздің алдыңғы бөлімінен шығады. АКТГ бүйрек безінің қыртысты қабатындағы шоғырлы және тор бөліктерінің қызметіне әсер етеді.
Адренэнергические нервы - адренэнергетикалық жүйкелер , симпа-тикалық жүйкелердің түйінінен кейінгі талшықтардың ұшында симпатин деген зат шығады. Оның әсері адреналиннің әсеріндей болғандықтан, ол жүйкелерді солай атаған.
Азотистое равновесие - азоттық теңесу , ағзаға тағам арқылы қабылданған азот мөлшері, одан бөлініп шыққан азоттың мөлшерімен теңдей болғандағы физиологиялық жағдай.
Азотистый баланс - азоттық тепе-теңдік. Нәруыз (белок) құрамында-ғы азотты ағзаға тағам арқылы келген азот мөлшерін, зәр немесе нәжіс және тер арқылы шыққан азот мөлшерімен салыстыру арқылы оның айырмашылы-ғын тауып, ағзадағы нәруыз мөлшерін анықтау. Мыс. : 1 г. азот 6, 25 г нәруыз-ға тең. Сонда табылған азот мөлшерін осы 6, 25 г-ға көбейтсе, жалпы нәруыз мөлшері шығады. Бұл жағдайды білудің ғылыми жұмыста және ауруды емдеуде маңызы зор.
Акиноспермия - ұрық әлсіздігі , сперматозоидтың - ұрықтың қозғалу қабілетінің жойылуы.
Акклиматизация - акклиматизация (лат. ad - нәрсеге, klima, -climatis - климат) - адам, жануар және өсімдіктерді жаңа қонысқа (ортаға) үйрету.
Акклиматизация температурная - ыстық-суық акклиматизациясы . Ағзаны ауа-райының жылы немесе суық аймақтарына үйрету, жерсіндіру.
Аккомодация - аккомодация (лат. akkomodatio - бейімделу) . Ағзадағы мүшелердің түрлі тітіркендіргіштердің күшіне біртіндеп бейімделуі, жаттығуы.
А. глаза - көз жаттығуы, көз бұршағы дөңестігінің өзгеруі арқылы көздің әр түрлі қашықтықтағы заттарды анық көру қабілеті. Мыс. : жақындағы затты көргенде көз бұршағының дөңестігі артады. А. кезінде бұршақтың алдыңғы дөңестігі 10-нан 6 мм-ге, ал артқы дөңестігі 6-дан 5, 5 мм-ге дейін өзгере алатынын есептеген.
Аккомодационные мышцы - жаттыққан бұлшықет. Ж. бұлшықетіне кірпіктің бірыңғай салалы бұлшықеттері жатады. «Механизм аккомодации» дегенді қараңыз.
Аксо-аксональные синапсы - аксо-аксоналдық түйісулер, аксон ұшының тармағы, терминал аксондарында орналасқандығына байланысты солай аталған.
Аксон - аксон (грек. axon - оқ, түзу) нейрондық жасушаның ең ұзын жалғыз тармағы. Оның қызметі - қозуды жасушадан басқа нейронға немесе шеткі мүшелерге жеткізу. А. осылайша орталық жүйке жүйесін шеткі мүшелермен жалғастырып тұратын жүйке тармағы.
Аксон-рефлекс - аксон-рефлекс (axon - reflexus), ерекшеленген жүйкелерді тітіркендіргенде пайда болатын рефлекс. Бұл рефлекстің нағыз рефлекстен айырмашылығы - қозу рецептордан эффекторға бармайды, яғни түйін алдындағы және артындағы нейрон аксондары екіге бөлініп, екі мүшені немесе сол мүшенің екі бөлігін жүйкелендіреді. Сондықтан аксонның біреуін қоздырса, ол қозу аксонның екінші тармағы арқылы сол мүшені қосымша тағы да қоздырады. А. Р. ішкі мүшелердің қызметін реттеуге қатысады.
Аксонный холмик - аксон төмпешігі, нейронның аксон тармағы басталар жерінде орналасқан.
Аксоплазма - аксоплазма (axoplasma - аксонның цитоплазмасы) жүйкенің жұмыр өзегі ішінде орналасқан зат. А. -ның ішінде нейрофибрилдер, митохондрий және микросомдар болады.
Аксосоматические синапсы - аксосоматикалық түйісулер. Бұл жағдайда түйісулер нейронда орналасады.
Акт вдоха - дем алу сәті, әрекеті. Д. а. сәтінде қабыртқалардың көтері-луінен және көкеттің (диафрагманың) төмен созылуынан көкірек қуысы үш бағытта: тік, алдына және екі жанына керіле кеңейеді. Сонда қабыртқалар жоғары көтеріліп, шеміршек керіледі және құрсақтың қысымы артады.
А. стояния - тік тұру сәті, әрекеті. Тік тұру өте күрделі қимыл рефлекстеріне жатады. Т. т. үшін, тепе-теңдікті сақтау үшін дене ауырлығының тірек ауданы да болуы керек. Адам тыныш, тік тұрғанның өзінде дене алға, артқа және екі жанына қарай үнемі тербеліп тұрады. Денені құлатпай ұстауға бұлшықеттер, буындар да қатынасады.
Активация пепсиногенов - пепсиногендер белсенділігінің артуы. П. б. а. полипептид, тұз қышқылы әсерінен болады.
Активность спермы - ұрық белсенділігі немесе шауһет белсенділігінің артуы, ұрықтың дарығыштығы. Оларды ұрықтың қозғалғыштығына, қоюлығына, т. б. қасиеттеріне қарай анықтайды.
Активный иммунитет - белсенді иммунитет. Белгілі ауруды ағзаға еккеннен кейін, сол ауруға қарсы тұра алатын қасиеттің пайда болу күшіне қарай анықталады.
А. ионный транспорт - ион тасымалдауының белсенділігі. Бұл жағдай тірі жасушалардағы мембранадан К, А иондарын белгілі дәрежеде күш-қуат жұмсап, иондардың көп болған жерінен аз жағына және керісінше тасымалдауына байланысты бағаланады.
А. отдых - тиімді тынығу, белсенді демалыс. Ағзаның шаршауы, жүйке орталығының шаршауына тікелей байланысты. Сондықтан бірыңғай жұмыстан шаршағанда, оны жұмыстың басқа түрімен алмастырып отырса, ағза ұзақ уақыт шаршамайды және тиімді тынығады.
Актин - актин , протофибрилдің (бұлшықет) құрамына жататын нәруызды (жіп тәрізді) зат. А. миозин жіптеріне қарағанда жіңішке болып келеді. А. -дер миобриллдің жиырылып, босауына қатынасады.
Актинометр - актинометр (грек. aktis - нұр, metron - өлшеу), күн нұры-ның (сәулесінің) қуатын (энергиясын) өлшейтін құрал. А. -ді күн сәулесінің ағзаға әсерін және басқа мақсаттағы ғылыми зерттеулерде қолданады.
Актограф - актограф, көбінесе жануарлардың ұйықтаған кезіндегі физиологиялық көрсеткішін, әрекеттерін жазу үшін қолданылатын құрал.
Акуметр - акуметр (грек. akoua - есіту, metron - өлшеу), құлақтың есту өткірлігін, саққұлақтығын, естігіштігін өлшейтін құрал.
Акцелерорецепторы - акцелерорецепторлар. А. жылдамдықты қабыл-дағыш рецепторларға жатады. А. арқылы адам жылдам не баяу жүргенді сезеді. Ағзада осындай арнайы орындар (жасушалар) болады.
Акцессорные половые железы - акцессорлық жыныс бездері. Оларға ұрық көпіршігі, простата безі, каупфер безі жатады. А. ж. б-нен шыққан сұйықтықтар (секреттер) ұрыққа қосылып, оның дарығыштығының артуына жағдай жасайды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz