Төртінші сайланған Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісі үшінші сессия


Пән: Мемлекеттік басқару
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 12 бет
Таңдаулыға:   

ТӨРТІНШІ САЙЛАНҒАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ҮШІНШІ СЕССИЯНЫҢ 2009 жылғы 1 қыркүйек - 2010 жылғы 24 маусым кезеңіндегі ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

Қаржы және бюджет комитеті

Қаржы және бюджет комитеті 2009 жылғы 1 қыркүйек - 2010 жылғы 24 маусым аралығындағы кезеңде 154 заң жобасын қарады. Комитет есепті кезең ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық еткен 27 заң жобасы бойынша бас комитет болды, оның ішінде 7 заң жобасы төртінші сайланған екінші сессиядан ауысқан заң жобасы. 127 заң жобасы бойынша қорытындылар дайындалып, Парламент Мәжілісінің комитеттеріне берілді.

Есепті кезең ішінде Комитет қараған заң жобаларының ішінде Қазақстан Республикасының Президенті 14 заң жобасына қол қойды, 4 заң жобасы Ел басшысына қол қоюға жіберілді, Үкімет 2 заң жобасын қайтарып алды, 5 заң жобасы қаралу үстінде. Сонымен бірге Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі бекітілді.

145 отырыс, оның ішінде Комитеттің 43 отырысы, жұмыс тобының 102 отырысы, сондай-ақ келісім комиссиясының бір отырысы өткізілді. Сонымен қатар, Комитеттің депутаттары басқа комитеттер заң жобаларын қараған 504 жұмыс тобының құрамында отырыстарға қатысты.

Аталған кезең ішінде Комитетте Қазақстан Республикасының мынадай заң жобалары қаралды:

1. «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Парламент Мәжілісіне 2009 жылғы 4 қыркүйекте енгізілді. Жұмыс тобының жетекшісі - депутат С. Ж. Оспанов. Жұмыс тобының мүшелері - депутаттар Т. М. Асанов, К. Ә. Сағадиев, И. Ф. Чиркалин, М. Б. Тінікеев, Ш. Мырзахметов, Г. И. Исімбаева, В. А. Доскалов, С. Т. Ибрагимов.

«2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен бюджеттік параметрлерінің және Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауының негізінде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес әзірленді.

2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері әлеуметтік-экономикалық дамудың базалық сценарийі кезінде қалыптастырылды. Бұл сценарий кезінде мұнайдың (Brent) әлемдік бағасы 2009-2010 жылдарда бір баррель үшін орта есеппен 50 АҚШ доллары, 2011-2012 жылдарда 60 АҚШ доллары деңгейінде болады.

Қазақстан Республикасының бес жылдық даму кезеңіне арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес 2010 жылдан бастап нақты ЖІӨ-нің өсу қарқыны 2010 жылғы 2, 4%-тен 2014 жылы 3, 9%-ке дейін біртіндеп ұлғаяды деп күтілуде. Инфляция деңгейі 2010 жылғы 7, 5-8, 0%-тен 2014 жылы 7%-ке дейін төмендейді, Халықтың жан басына шаққанда ЖІӨ 2010 жылы - 7 078 АҚШ долларын, 2011 жылы - 7852 АҚШ долларын, 2012 жылы 8546 АҚШ долларын құрайды деп болжануда.

2010 жылға арналған республикалық бюджеттің кірістері 3 075, 9 млрд. теңге көлемінде немесе ағымдағы жылғы бағамен салыстырғанда 16, 2%-ке өсуімен айқындалды, оның ішінде кірістер (трансферттер түсімдерін есептемегенде) 1734, 5 млрд. теңге сомасында болжанады, мұның өзі 2009 жылғы бағалаудан 298, 4 млрд. теңгеге көп. 2011-2012 жылдарға арналған кірістер тиісінше 3 377, 6 және 3 607, 7 млрд. теңгені құрайды.

Жоспарланған кезеңге арналған республикалық бюджеттің кірістерін қалыптастыру кезінде 2010-2012 жылдарға арналған корпорациялық табыс салығы мен пайдалы қазбаларды өндіру салығы ағымдағы жылғы деңгейде (20%) ескерілді. Мұның өзі бұған дейін 2010 жылға бекітілген кірістер көлемімен салыстырғанда қосымша 83, 7 млрд. теңгені, яғни 2011 және 2012 жылдары тиісінше 100, 3 млрд. теңгені және 219, 7 млрд. теңгені жұмылдыруға мүмкіндік береді.

2010 жылға арналған республикалық бюджет шығындары ағымдағы жылдың жоспарына 17, 9% өсуімен 3, 9 трлн. теңге көлемінде немесе 593 млрд. теңгеге жоспарлануда. 2011-2012 жылдарға арналған шығындар тиісінше 4 035, 5 және 4 249, 5 млрд. теңгені құрайды.

Бюджет тапшылығы 2010 жылы ЖІӨ-нің 4, 1%-і немесе 721 млрд. теңге, 2011 жылы ЖІӨ-нің 3, 8%-і (734 млрд. теңге) және 2012 жылы ЖІӨ-нің 3, 5%-і (735, 8 млрд. теңге) деңгейінде айқындалды.

2010 жылға арналған бюджеттік алып қоюлар мен субвенциялар көлемі «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2008-2010 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемдері туралы» 2007 жылғы 27 қарашадағы Заңда бекітілген көлемдерге сәйкес келеді, олар тиісінше 77, 7 млрд. теңгені және 645, 4 млрд. теңгені құрайды.

Жергілікті бюджеттерден алып қоюлар 2011 жылы - 137, 7 млрд. теңгені, 2012 жылы - 131, 4 млрд. теңгені, субвенциялар - тиісінше 521, 8 млрд. теңгені және 603, 6 млрд. теңгені құрайтын болады.

Бұдан басқа, жергілікті бюджеттерге 2010 жылы 557, 2 млрд. теңге, 2011 жылы - 406, 4 млрд. теңге, 2012 жылы - 353, 1 млрд. теңге сомасында нысаналы трансферттер аударылатын болады.

Бюджет шығыстарының ағымдағы жылмен салыстырғанда 593 млрд. теңгеге ұлғаюы Мемлекет басшысының ел азаматтарының өмір сүру деңгейін арттыруға және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған Қазақстан халқына жолдауларынан туындайтын іс-шараларды іске асыруға байланысты болып отыр.

Заң жобасында әлеуметтік саланы қолдауға және дамытуға арналған шығыстардың жыл сайынғы өсуі көзделген, олар алдағы үш жылдық кезеңде республикалық бюджет шығыстарының шамамен 40%-ін құрайды.

Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмек саласында зейнетақының орташа мөлшерін 2010 жылы 1 қаңтардан бастап 25 %-ке, 2011 жылы - 30 %-ке және 2012 жылы 10 %-ке ұлғайту көзделген.

Заң жобасына сәйкес 2010-2011 жылдарда бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру 1 шілдеден бастап көзделген.

Мемлекет басшысының Жолдауларына сәйкес мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен арнайы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері, сондай-ақ ең төменгі әлеуметтік төлемдер орта есеппен 9%-ке ұлғаятын болады.

2010 жылғы 1 қаңтардан бастап:

1) жалақының ең төменгi мөлшерi - 14 952 теңге;

2) мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшерi - 5 981 теңге;

3) зейнетақының ең төменгi мөлшерi - 12 344 теңге;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу үшiн, сондай-ақ айыппұл санкцияларын, салықтар мен басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш - 1 413 теңге;

5) базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн есептеу үшiн ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң шамасы 14 952 теңге болады.

Заң жобасын қарау барысында 010 «Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві» бағдарламасы бойынша шығыстар 19, 3 млрд. теңгеге қысқартылып, мынадай бағдарламаларға:

сумен жабдықтау объектілеріне - 10 млрд. теңге;

автомобиль жолдарын салуға және реконструкциялауға - 5 млрд. теңге;

Астана қаласын тасқын судың басуынан қорғауға - 1, 4 млрд. теңге;

Астана қаласында түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы отырысын өткізуге - 74 млн. теңге;

ҚК байланыс құралдары мен автоматтандырылған басқару жүйелерін сатып алуға - 1, 9 млрд. теңге және т. б. бағытталды.

Заң жобасы 2009 жылғы 21 қазанда Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, Сенатқа жіберілді.

Заң жобасы Сенаттың өзгерістерімен және толықтыруларымен Мәжіліске 2009 жылғы 12 қарашада қайтарылды. Заң жобасы 2009 жылғы 18 қарашада Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, Президенттің қол қоюына жіберілді. Заңға 2009 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды.

2. «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2010-2012 жылдарға арналған кепiлдендiрiлген трансферт туралы». Парламент Мәжілісіне 2009 жылғы 4 қыркүйекте енгізілді. Жұмыс тобының жетекшісі - депутат С. Ж. Оспанов. Жұмыс тобының мүшелері - депутаттар Т. М. Асанов, К. Ә. Сағадиев, И. Ф. Чиркалин, М. Б. Тінікеев, Ш. Мырзахметов, Г. И. Исімбаева, В. А. Доскалов, С. Т. Ибрагимов.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2010 - 2012 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшерін бекітуді көздейді.

2009 жылға арналған болжам деректерін ескере отырып, 2010 жылға арналған кепілдендірілген трансферт 1 075, 7 млрд. теңге немесе 2008 жылдың соңында Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры активтерінің 32, 4%-ін құрайтын мөлшерде белгіленді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқарудан түскен инвестициялық табыстың орташа деңгейі 2010 жылы - 5, 35% немесе 187, 9 млрд. теңге, 2011 жылы 203, 6 млрд. теңге деңгейінде белгіленді.

Осыларды ескере отырып, 2011 жылға арналған Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің сомасы - 1 171, 0 млрд. теңгені, 2012 жылы 1 266, 0 млрд. теңгені құрайды. Заң жобасы 2009 жылғы 21 қазанда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында қаралып, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына жіберілді.

Заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты 2009 жылғы 12 қарашада қарап, Қазақстан Республикасының Президентінің қол қоюына жіберді. Заңға 2009 жылғы 2 желтоқсанда қол қойылды.

3. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тегін медициналық көмектің кепілді көлемін жетілдіру мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы». Мәжіліске 2009 жылғы 7 қыркүйекте енгізілді. Жұмыс тобының жетекшісі - депутат Т. И. Яковлева. Жұмыс тобының мүшелері - депутаттар О. А. Киколенко, Б. Б. Баймағамбетова, К. Ә. Сағадиев, Е. И. Тарасенко, Г. С. Сейітмағанбетова, И. Ф. Чиркалин.

Заң жобасы пациенттің дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдау құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету, бір ғана төлемші функциясын іске асыру үшін құқықтық негіз құру мақсатында әзірленді.

Заң жобасы денсаулық сақтауды басқарудың тиімді және айқын жүйесін құруға, сондай-ақ денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жүйесін жетілдіруге, медициналық қызметтер сапасын арттыруға бағытталған.

Заң жобасы 2009 жылғы 7 қазанда Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды. 2009 жылғы 21 қазанда Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымда мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді. Заңға 2009 жылғы 2 желтоқсанда қол қойылды.

4. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Мәжіліске 2009 жылғы 1 қазанда енгізілді.

Жұмыс тобының жетекшісі - депутат А. М. Жамалов. Жұмыс тобының мүшелері - депутаттар Д. М. Құсайынов, Ш. Мырзахметов, В. П. Рогалев, Қ. А. Бисенов, В. А. Нехорошев, А. Т. Өтегенов.

Бұл заң жобасының негізгі мақсаты қолданыстағы корпоративтік табыс салығы бойынша және пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша 2009 жылғы деңгейдегі ставканы 2010-2012 жылдарға дейін созу болып табылады.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 2-тармағына сәйкес аталған заң жобасын басым бағыттағы заң жобасы ретінде жариялады.

Заң жобасында Қазақстан Республикасының үш кодексіне және бес заңына өзгеріс енгізіледі.

Осы Заң жобасын қарау барысында үстеме пайдаға салық салу, жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу, өсімпұлдарды төлеу мерзімдерін өзгерту бойынша бірқатар түзетулер енгізілді.

Заң жобасы 2009 жылғы 14 қазанда Мәжілістің жалпы отырысында екі оқылымда мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Сенат заң жобасын 2009 жылғы 22 қазанда мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді. Заңға 2009 жылғы 16 қарашада қол қойылды.

5. «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы». Мәжіліске 2009 жылғы 21 қазанда енгізілді. Жұмыс тобының жетекшісі - депутат Б. А. Смаилов.

2009 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау бойынша заң жобасы Мемлекет басшысының 2009 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында айтылған дағдарыстан кейінгі елдің орнықты дамуы үшін экономиканы одан әрі жаңғыртуды, жұмыспен қамту стратегиясын іске асыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ бірқатар басым емес шығыстарды оңтайландыруға бағытталған.

Енгізіліп отырған өзгерістер 2009 жылғы қаңтар-қыркүйектегі ел экономикасының даму қорытындылары мен әлемдік тауар нарықтарындағы соңғы үрдістердің негізінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының макроэкономикалық көрсеткіштерін нақтылаумен, сондай-ақ ағымдағы республикалық бюджет шығыстарының болжамды орындалуын бағалаумен байланысты.

2009 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің (трансферттер түсімдерінсіз) нақтыланған болжамы нәтижесінде 1 476, 4 млрд. теңге көлемінде, 2009 жылдың бекітілген жоспарымен салыстырғанда 53, 1 млрд. теңгеге, оның ішінде салықтық емес түсімдер бойынша 74, 3 млрд. теңгеге және негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер бойынша 9, 6 млрд. теңгеге азайту арқылы, сондай-ақ салықтық емес түсімдер бойынша 30, 8 млрд. теңгеге ұлғайту арқылы айқындалды.

2009 жылға арналған бюджеттік кредиттерді өтеу бойынша болжам тоғыз айдың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй салуға бұрын берген кредиттерін қайтару сомаларын нақтылаумен байланысты 27, 5 млрд. теңгені құрайды немесе 13, 4 млрд. теңгеге көп.

2009 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстары түзетілген бюджетпен салыстырғанда 39, 7 млрд. теңгеге азайтыла отырып, 3 371, 3 млрд. теңге сомасында көзделеді.

Тапшылық - 573, 6 млрд. теңге. Тапшылықтың абсолютті мөлшері өзгеріссіз қалады, тапшылықтың ЖІӨ-ге қатысты мөлшері 3, 5%-ті құрайды.

Заң жобасы 2009 жылғы 28 қазанда Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, Сенатқа жіберілді. Сенат заң жобасын 2009 жылғы 30 қазанда мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді. Заңға 2009 жылғы 11 қарашада қол қойылды.

6. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кеден ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне 2008 жылғы 6 қазанда енгізілді. Жұмыс тобының жетекшісі - депутат Қ. У. Уәли. Жұмыс тобының мүшелері - депутаттар Ж. Қ. Асанов, А. З. Смайыл, С. К. Есжанов, А. А. Милютин, П. Г. Дмитриенко, А. С. Соловьева.

Заң жобасы «Шекараларда жүктерге бақылау жүргізудің шарттарын келісу туралы» Халықаралық Конвенцияның (Женева, 1982 жылғы 21 қазан) 3-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді.

Заң жобасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік (кедендік) шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізуді жеделдету және оңайлату мақсатында халықаралық стандарттарға сәйкес Мемлекеттік шекара арқылы автомобиль өткізу пункттерінде көліктік, ветеринариялық, санитариялық-карантиндік бақылауды және өсімдіктер карантині жөніндегі бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функцияларды Қазақстан Республикасының кеден органдарына беру көзделеді.

Заң жобасын жұмыс тобының отырыстарында қарау барысында заң жобасының жекелеген нормаларын жетілдіру мақсатында мынадай негізгі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

- басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының, жұқпалы аурулардың кіріп, таралып кетуінің нақты қауіпті жағдайы туындағанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасында бақылау жасау үшін мамандарды тартуда кеден органдарына құқық беру ұсынылды;

- шектес мемлекеттердің бақылау органдарымен бірге орындалатын бірлескен бақылау ұғымын Кеден кодексіне жазу ұсынылды.

Заң жобасы 2009 жылғы 24 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, Сенаттың қарауына жіберілді.

Заң жобасы Сенаттың өзгерістерімен және толықтыруларымен Мәжіліске 2009 жылғы 1 қазанда қайтарылды. Заң жобасы 2009 жылғы 9 желтоқсанда Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, Президенттің қол қоюына жіберілді. Заңға 2010 жылғы 10 қаңтарда қол қойылды.

7. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жалған кәсіпкерліктің жолын кесу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Мәжіліске 2008 жылғы 9 желтоқсанда енгізілді. Жұмыс тобының жетекшісі - депутат С. С. Есілов. Жұмыс тобының мүшелері - депутаттар А. А. Тілеубердин, З. Ө. Алшымбаев, С. К. Есжанов, Б. Қ. Тілеухан, А. А. Жараспаев, А. С. Бекенов.

Заң жобасы соңғы жылдарда құқық бұзушылықтардың (қылмыстардың) өсу серпініне байланысты салықтық әкімшілендіруді күшейту, жалған кәсіпкерлік фактілерінің жолын кесу әдістерінің тиімділігін арттыру мақсатында әзірленді. Осы заң жобасымен Қазақстан Республикасының үш кодексіне және екі заңына өзгерістер енгізіледі.

Депутаттар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне құқық бұзушылықты қайталап жасағаны үшін жауаптылықты белгілейтін түзетулер енгізді.

Заң жобасы 2009 жылғы 3 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында екінші оқылымда мақұлданып, Парламент Сенатына жіберілді.

Заң жобасы Сенаттың өзгерістерімен және толықтыруларымен Мәжіліске 2009 жылғы 25 қыркүйекте қайтарылды. Заң жобасы 2009 жылғы 11 қарашада Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, Президенттің қол қоюына жіберілді. Заңға 2009 жылғы 8 желтоқсанда қол қойылды.

8. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті және өзара сақтандыру, салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Мәжіліске 2008 жылғы 24 желтоқсанда енгізілді. Жұмыс тобының жетекшісі - депутат А. Жазин. Жұмыс тобының мүшелері - депутаттар А. М. Жамалов, И. Ф. Чиркалин, О. А. Киколенко, Т. М. Асанов, М. А. Айсина, А. Б. Самақова, Ж. Қ. Дүйсебаев, В. А. Доскалов.

Заң жобасы сақтандырудың міндетті түрлерін реттейтін заң актілерінің жекелеген ережелерін нақтылау және жетілдіру, өзара сақтандыру қоғамдарын дамытуды одан әрі ынталандыру, сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың мүліктік және әлеуметтік мүдделерін құқықтық жағынан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.

Осы заң жобасымен Қазақстан Республикасының бес кодексіне және он бір заңына өзгерістер енгізіледі.

Заң жобасын талқылау барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізді:

- міндетті сақтандырудың барлық түрін сақтандыру төлемдерінің кепілдікті жүйесіне енгізу, сондай-ақ сақтандырудың осы түріне лицензия алған кезде сақтандыру ұйымдары үшін талаптарды арттыру арқылы Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдіктерін кеңейту;

- қызметкерлер еңбек (қызмет) міндеттерін орындаған кезде олардың кінәлі немесе кінәлі емес екендігіне қарамастан мүліктік құқықтары мен мүдделерін толық қорғау;

- кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылуға, оның ішінде кәсіптік ауруға әкеп соқтыратын жазатайым жағдай басталған кезде, осы ауруды сақтандыру шартының қолданылуы аяқталғаннан кейін анықтау мүмкін болатынын ескере отырып, сақтандыру төлемдерін жүзеге асырудың рәсімдерін реттеу.

Сонымен бірге, заң жобасын қарау барысында депутаттар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына бірқатар түзетулер енгізілді, олар негізінен редакциялық сипатта, редакциясын жақсарту мен нақтылауға бағытталған.

Заң жобасы 2009 жылғы 24 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымда қаралып, Сенатқа жіберілді. Заң жобасына Сенат өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Мәжіліске 2009 жылғы 23 қазанда қайтарды. Парламент Сенатының салыстырма кестесінің 56 позициясы бойынша келіспеушіліктерді еңсеру үшін келісім комиссиясы құрылды. 2009 жылғы 11 желтоқсанда келісім комиссиясы 3 позицияны Мәжілістің редакциясында, 9 позицияны Сенаттың редакциясында, 44 позицияны бірлескен редакцияда қабылдады. Келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының шешімі 2009 жылғы 23 желтоқсанда Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, Сенатқа жіберілді. Заңға 2009 жылғы 30 желтоқсанда қол қойылды.

9. «Қазақстан Республикасының Кеден кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Мәжіліске 2009 жылғы 14 қаңтарда енгізілді. Жұмыс тобының жетекшісі - депутат Қ. У. Уәли. Жұмыс тобының мүшелері - депутаттар З. Ө. Алшымбаев, А. С. Бекенов, А. З. Смайыл, С. К. Есжанов, А. А. Милютин, П. Г. Дмитриенко.

Заң жобасының мақсаты халықаралық стандарттарды кеден органдарының қызметіне енгізу, Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасын Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттердің заңнамаларымен үйлестіру болып табылады.

Заң жобасын жұмыс тобының отырыстарында қарау барысында заң жобасының жекелеген нормаларын жетілдіру мақсатында мынадай негізгі өзгерістер мен толықтырулар қабылданды:

- кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарларды рәсімдеген кезде шетелдіктердің декларант ретінде әрекет етуіне құқық беруді көздейтін норма заң жобасынан алып тасталды;

- кедендік органдардың зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі нақты құзыретін айқындау мақсатында зияткерлік меншік құқықтары бұзылған тауарлардың неғұрлым нақты ұғымы ұсынылды;

- кедендік органдар зияткерлік меншік құқықтарын қорғау кезінде Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдарын тіркеудің жұрттың бәріне қол жетімді болуға тиіс мемлекеттік тізілімдерін пайдалануға құқылы екендігі көзделеді.

Заң жобасы 2009 жылғы 17 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымда мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Заң жобасы Сенаттың өзгерістерімен және толықтыруларымен Мәжіліске 2009 жылғы 1 қазанда қайтарылды. Заң жобасы 2009 жылғы 11 қарашада Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, Президенттің қол қоюына жіберілді. Заңға 2009 жылғы 8 желтоқсанда қол қойылды.

10. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi адамдар мен оларға теңестірiлген адамдардың құқықтық жағдайы мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» (бастамашылар - депутаттар Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары Г. Ж. Қарақұсова, Р. С. Ахметов) Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне 2009 жылғы 19 қаңтарда енгізілді. Жұмыс тобының жетекшісі - депутат Г. Ж. Қарақұсова. Жұмыс тобының мүшелері - депутаттар Қ. А. Бисенов, Ж. Қ. Дүйсебаев, О. А. Киколенко, Б. Қ. Қонарбай, В. П. Рогалев, А. Ж. Тұрсынов.

Заң жобасы мемлекеттік аппараттың лауазымды адамдары мен оларға теңестірілген адамдардың бағалы қағаздар нарығын дамыту жөніндегі мемлекеттік шараларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында әзірленді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
АТҚАРУШЫ БИЛІК ОРГАНДАРЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ
Зан шығарушы билік
Қазақстан Республикасындағы атқаратын Парламенттің конституциялық құқықтық мәртебесі
Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметі және оның конституциялық негіздері
Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметі, жеке қарауына жататын мәселелері, мәні, белгілері
Қазақстан Республикасындағы президенттік-парламенттік басқару нысанындағы жергілікті өкілді органдар
Мемлекеттегі парламенттік басқару нысандарындағы мемлекеттік басқару ерекшеліктері
Парламенттік басқару формасы
Тәуелсіз Қазақстан парламенті
ПАРЛАМЕНТТІК ДЕПУТАТТЫҚ ӘДЕПТІҢ НЕГІЗГІ АСПЕКТІЛЕРІ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz