Одағай сөз таптары


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 9 бет
Таңдаулыға:   

ОДАҒАЙ

Одағай сөз табына жататын сөздер адамның көңіл-күйін, сезімін білдіру мақсатымен ғана емес, сонымен қатар басқа біреуге бұйыру, ишара білдіру немесе малды, үй хайуандарын шақыру, айдау, қорғау мақсатында да қолданылады. Тіліміздегі одағай сөздер осындай мәніне қарай үш топқа бөлінеді.

  1. көңіл-күй одағайлары;
  2. императивтік одағайлар;
  3. тұрмыс-салт одағайлары,

Одағайлар сөйлемде белгілі бір мақсатпен қолданылғанымен, біріншіден, өз алдына жеке-дара тұрып, лексикалық мағына білдіре алмайды, нақты ұғымдық мәні жоқ, екіншіден, сөйлем ішінде басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспейді. Сондықтан одағайлар синтаксистік жағынан оқшау сөздер деп аталатын топқа жатады. Бірақ одағайлар сөйлемде білдіретін жалпы ойға қатысы бар: айтушының әр түрлі көңіл-күйін, сезімін, ишара етуді, императивтік мәнін, жеку, мал, жануарларға бағышталып айтылу мәнін, т. б. білдіреді.

  1. Көңіл-күй одағайлары

Бұл топтағы одағайлар адамның әр түрлі сезімдерін, көңіл-күйін білдіреді. Олар сан жағынан мол, семантикалық құбылу жағынан әрқилы, семантикалық реңкі өте бай топ. Бұл топтағы одағайлар әрі жағымды, әрі жағымсыз көңіл-күйді білдіре алады. Осы қасиетіне қарай көңіл-күй одағайлары ішінара үш топқа бөлінеді.

1) Жағымды көңіл-күйді білдіретін одағайлар : Алақай! Ура! (қуаныш, шаттану), һа! Паһ-паһ! (сүйсіну, таңдану), Бәрекелді! (сүйсіну, қоштау), О һо! (таңдану), т. б. Мысалы: Алақай! Ата! Апа! Есбосындар келіп қалды! Соғыс бітті! (Сланов) . ОҺо, жолдас болатын болдың (Әбішев) т. б.

1) Жағымсыз эмоцияны білдіретін одағайлар : Әттеген-ай! Әттең! Қап! (өкіну), Тәйірі! Түге! (наразылық, кейістік), Піш! Пішту! (жақтырмау, менсінбеу), т. б.

Мысалы: Қап, Қазекеңе бақты суару керек деп айтайын деп отырып, ұмытып кеткенімді қарашы! (Шамкенов ) . Уай, қайдасыңдар, түге, бар болғырлар! (сонда) .

3) Әрі жағымды, әрі жағымсыз эмоцияны білдіретін одағайлар: Бұл топтағы одағайлар әдетте көп мәнді болып келеді де, олардың мағыналары контекст ішінде не ситуацияда анықталады: пай-пай! одағайы қарама-қарсы екі мәнде жұмсалады:

а) таңдану, сүйсіну, таңырқау. Кәне, басыңа киіп көрші. Пай-пай, қандай жарасады, ә! (Кәлменов) . Пай-пай, шіркін, Алатау, шандоз едің неткен сен! (Сәрсенбаев) .

ә) ренжу, наразылық мағынасында: -Пай-пай, аяқтарының астында қаламыз-ау! (Әуезов) .

Императивтік ишара одағайлары

Бұл топқа адам не хайуанатқа бағышталып айтылатын шақыру, жекіру, тыйым салу, бұйыру мақсатымен қолданылатын одағай сөздер жатады. Бұлар бағышталып отырған обьектісіне қарай үлкен екі топқа бөлінеді:

1) Адамға бағышталып айтылатын одағайлар : Бұлар адамның адресіне бұйыру, жекіру, тыйым салу мақсатымен қолданылатын Айда! Тәйт! Сап-сап! Стоп! Кәне! Жә! Тек/тәк! Әуп! Әлди-әлди ! сияқты одағайлар жатады. Жә, тоқтат, ақсақал! Базаралыдан алмаған өшің бар ма? (Әуезов) . Тек, тантымай сөйле! Былғама Нұрғанымды (Әуезов) .

2) Малға, үй хайуандарына бағышталып айылатын одағайлар : Бұл топқа айтақ, моһ-моһ, шөре-шөре, сарап-сарап, көс-көс, кәуіс-кәуіс, шәуім-шәуім, әукім-әукім, мәлік келгір, жамандатқыр, сияқты үй хайуандарын шақыру, айдау, қорғау, үркіту мақсатымен қолданылатын сөздер мен одағайлы тіркестер жатады. Баған алақанын бір-біріне ұрып: моһ-моһ деп еді, етекке қарай желе жөнелді (Бөкеев) . Әукім-әукім ақ бұзау . . . (Тұрманжанов)

Тұрмыс-салт одағайлары

Бұл топ сан жағынан шағындау болғанымен, өмірде жиі қолданылатын одағайлар. Бұған адамдардың амандасу, қоштасу, т. б сыйластық белгісі ретінде қолданылатын Хош! Хайыр! Рахмет! Ассалаумағалейкум! Құп, Ләббай, Кеш жарық! сияқты сөздер жатады. Құп, - деді де, қоштасып жүріп кетті агроном (Мұстафин) . Ассалаумағалейкум, - дей мен сақалды адамға қол ұсындым (Мұқанов) .

Одағайлардың мағыналық ерекшеліктері

Одағайлардың семантикалық құбылмалығы әр түрлі. Олардың бірқатары контексте бір-ақ мәнде қолданылса, енді бірқатары екі-үш не одан да көп мәнде жұмсалады. Кейде олардың бойынан энантоисемиялық құбылыс та (бір-біріне қарам-қарсы мағынада жұмсалатыны да) байқалып отырады. Осыған орай одағайларды екі үлкен топқа бөлуге болады:

  1. Бір мағыналы одағайлар

Бұл топтағы одағайлар қай ситуацияда айтылмасын, қай контекске түспесін, қандай интонациямен айтылмасын үнемі бір-ақ мәнде жұмсалады. Алақай, ура сөздері тек шаттану, қуану сезімін білдіру үшін жұмсалса, қап! әттең! әттеген-ай! сөздері әр уақыта өкіну мағынасында жұмсалады. Е, алақай, біздің тайынша! - деп баласы тайышаның мойнынан құшақтады (Аймауытов) . Әттеген-ай, неғып біз бұлай болып қалдық деген ой әрқайсымызды қинады (Сейфуллин) .

2) Көп мәнді одағайлар

Бұл топқа екі-үш не одан да көп мәнде жұмсалатын сөздер жатады. Бәлі//бәлі одағайы үш түрлі мәнде қолданылады:

А) Біреудің іс-әрекетіне не сөзіне риза болып, оны қоштау, қолпаштау, көтермелеу мақсатымен айтылады, шаттық, қуану, таңдану мәнінде жұмсалады. Уа, пәлі, нағыз әнші мұнан шықты (Нұрпейісов) .

ә) Біреудің сөзін жақтырмау, наразылық мағынасында жұмсалады. - Жарайды, аңшы-ақ екенсің! Осындай тоқ итпен аңға шыға ма екен?!

  • Көп тоқ емес-ті!
  • Бәлі, мынау не? Бүйірін қарашы! (Әуезов) .

б) Таңдану, таңырқау мәнінде де жұмсалады. Бәлі-е, мынау Әсия ма ей?! (Хұсайынов) .

Бұл сөз бәлем тұлғасында қолданылғанда біреуді қорқыту, қоқан-лоққыға алу мағынасында жұмсалады. Бәлем, тұра тұр, осының бәрін әкеме айтам. Кейбір одағайлар (әсіресе бір буындылар) диалогтық сөзде екі-үш қана емес, кейде 7-8 мәнде қолданылады. Мысалы, ә одағайы

1) сұрау мағынасында:

  • Баланы әкесіне беріп кеткенбіз.
  • Ә? Әкесі қайдан кездесті? (Мұстафин) .
  1. Біреудің шақырған даусына жауап беру, үн қату мағынасында:
  • Күләнда!
  • Ә! - деп қатқан қыз жауабы болды әкелгендей бір терең сыр (Саин) .

2) Бір нәрсе есінен шығып кетіп, кейін еске түскендігін немесе бір нәрсені алғашқыда түсінбей қалып, кейін түсінгендігін аңғарту мақсатымен қолданылады.

- Хат? Кімнен хат? Ә-ә, бағана мен берген хат екен ғой (Сланов) .

4) Біреуді өзіне қарату мақсатымен қолданылатын қаратпа сөз мағынасында да жұмсалады.

- Келін, ә келін! - деді ол шамды тұтатқасын (Мұқанов) .

5) Ә одағайы сөйлем соңында келгенде, әдетте сұрау мағынасында жұмсалады: Менде тығылып жатқан сұмдық бар екен! Бұл қалай, ә?

Кейде сөйлем соңында келетін ә одағайының бойында сұрау мағынасымен қатар әжуа, мысқыл реңкі де байқалады. Өзің мені әдейі жалғыз жібергің келіп, естімейсің де, енді келіп өкпе айтқан боласың, ә?! Әй, қусың-ау! (Әбішев) .

Мұндай көп мәнді қасиет тұрмыс-салт одағайларында жоқ. Ал императивтік одағайларда көп мәнділік сирек кездеседі. Көп мәнді одағайлардың бойында да жоғарыда көрсетілген қыруар көп мәндері сол одағайлардың өзінен шығып отырған жоқ, олар бұл қасиетке сөйлемдегі контекст, сөйлеу тіліндегі ситуация мен интонация арқылы ие болып отыр. Контекстің, ситуацияның және белгілі бір жағдайда интонацияның қатыстылығы болмаса, одағайлар көп мәнді сипатынан айрылар еді. Сондықтан одағайлардың семантикалық сипатын ашуда, мәнін айқындауда контекстің, ситуацияның, интонацияның сөйлемдегі тұрғысының (орнының) атқаратын мәні зор.

Одағай сөздердің интонациялық ерекшеліктері

Одағай сөздер басқа сөз таптарымен салыстырғанда әуезділікке, ырғаққа, интонацияға өте бай. Олар көркем шығарма тілінде (әсіресе диалогта) көп кездеседі. Ал публицистикада, ғылыми стильде жазылған шығармаларда сирек қолданылады. Одағайлар кейде бір ғана дыбыстан тұрады. Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың бәрі бірдей одағай мағынасында жұмсала бермейді. Дауысты дыбыстардан тек ә, а, о дыбыстары ғана одағай мәнінде жұмсалады да, ұ, ү, у, ө, і дыбыстары одағай жасай алмайды. Ал ы дыбысы одағай қызметінде сирек кездеседі. ( ы-ы-ы, солай де!) .

Тіліміздегі көп мәнді одағайлардың әрбіреуі жұмсалатын ыңғайына қарай әр түрлі нтонациямен айтылады. Бірде созылыңқы, баяу, біресе жұлып алғандай тез, жылдам айтылады. Бірде одағайдың соңғы буыны жоғары итонациямен көтеріңкі айтылса, бірде басқы буыны ерекше екпінмен айтылып, соңы баяу ырғақпен тынады. Ойбай одағайы үрку, шошыну мағынасында жұмсалса, онда екпін бірінші буынға қойылады да, сөздің өзі жұлып алғандай тез, жылдам айтылады. Егер таңырқау, таңдану мәнінде жұмсайтын болсақ, онда екпінді, керісінше, соңғы буынына ауыстырып, соңғы «а» дыбысын мейлінше созып айтамыз (ой-ба-ай) .

Одағай құрамындағы кейбір дыбыстардың созылыңқы, ерекше нтонациямен айтылуы - сол одағайлардың мағынасын күшейту мақсатымен жұмсалады: Әттеген-е-е-е! Бәрекелді-е-е ! Сөйтіп, кейбір көп мәнді одағайлардың семантикалық сипатының құбылуы олардың айтылу мелодикасына, интонациялық ырғаққа байланысты болады. Осындай ерекшелік одағайдың сөйлемдегі орын тәртібіне де (сөйлемнің басында ма, ортасында ма, соңында ма) байланысты.

Одағайлардың грамматикалық ерекшеліктері

Одағайлар негізінде түрленбейтін сөздер тобы. Одағайлардың өзіне тән жұрнақтары жоқ. Олар субстантивтенгенде ғана болмаса, жалғауды да көп қабылдамайтын сөздер. Кейбір одағайларға -ла (-ле), -шыл (-шіл) жұрнақтары жалғанады: ойбай-лау, айт-айттап, аһлап-үһлеп . Ой, тәйір-айтшыл кер кесек, қулық, сұмдық не өсек (Абай) . Қасқырлы жердің елі айтақшыл (м) .

Одағайлар бірінен соң бірі дүркін-дүркін қайталанып, қосарланып айтылғанда, сол одағайлар арқылы білдірейін деп отырған сезімнің күштілігін не ишараның, бұйрықтың қаттылығын, қатаңдығын білдіреді. Тек - тек-тек! Бай-бай-бай! т. б. одағайлардың қосарланып, қайталанып айтылуында белгілі бір заңдылық бар. Бір топ одағайлар қосарланып айтуға көнбейді ( тәйірі, қап, ту, бәсе, астапыралла ) Енді бір топ одағайлар дара күйінде де қолданыла береді. Ойбай! Тәу! Жә! Әй!.

Одағайлардың енді бір тобы тек қана қосар тұлғасында жұмсалады (Сап-сап, бай-бай, әлди-әлди ) . Малға айтылатын одағайлардың басым көпшілігі қосар күйінде айтылады. Моһ-моһ! Кәуіс-кәуіс! Шөре-шөре! Көс-көс!

Одағайлардың құрамы

Одағайларды құрамы жағынан екі топқа бөлуге болады:

1) түбір, негізгі одағайлар . Бұл топқа әрі қарай бөлшектеуге көнбейтін А! О! Ә! Ой! Пай! Қап! Бәсе! Мә! сияқты одағайлар жатады.

2) Күрделі одағайлар. Бұл топқа бірнеше сөзден біріккен, қайталанған, қосарланған немесе басқа тілдерден ауысқан сөздер енеді. Мәссаған! Апырым-ай! Әттеген-ай! Бәрекелді! т. б. Одағайлар өз алдына сөйлем мүшесі бола алмайды, олар диалогта жеке-дара тұрғанда сөз-сөйлем (слово-предложение) қызметін атқарады.

-Ол қай адам?

-Кеше біздің үйде отырған ше!

-Ә-ә-ә! (Сланов) .

Мұндағы ә-ә-ә одағайы «Енді түсіндім, есімен енді түсті» деген сөйлемнің мағынасын аңғартып тұр. Одағайлар сөйлем ішінде кейде көмекші етістікпен тіркеседі: Тынымсыз аһ ұрды. Ол ойбай салды. (Мұқанов) .

Одағайлардың тіркестік, я қатар келу қабілетінде де біраз ерекшеліктер бар. Одағайлардың қатар келіп, я тіркесіп қолданылуын екі топқа бөлуге болады:

1) Одағайлардың өзара тіркесе қатар қолданылуы. Одағайлар жапа-тармағай бір-бірімен тіркесе де, қатар келе де бермейді. Әдетте, жағымды эмоция, көңіл-күйді білдеретін одағайлар қатар тұрып қолданыла алады. Алақай! Ура! одағайлары бір бірімен қатар тұрып қолданылады.

2) Одағайлардың етістікпен тіркесі. Одағайлар етістікпен тіркескенде олардың бірқатары одағайлы тіркес құрайды да, бірқатары тұрақты тіркес құрайды. Осыған орай бұл тіркестерді екіге бөліп қарастырған жөн.

А) Одағайлы еркін тіркестер

Одағайлар көбіне де етістігімен тіркесе келе, кейбір жағдайда сол етістікпен өзара жымдасып, мағыналық жағынан өзгеріске ұшырап, одағай категориясына ауысып кетеді. Мысалы, Я деген! А деген! Апырай десейші! Ой деген! Бәсе деймін! сияқты тіркестерді мағына жағынан бөлшектеу қиын. Бұл типтес тіркестер одағайлы тіркес деп аталады.

Ә) Одағайлы тұрақты тіркестер

Бұл топқа жататын тіркестердің ішінде одағайлар болғанмен, бұл тіркестерді түгелімен одағайға жатқызуға болмайды. Бұлар: Ай-шай деспей, әу десті, әу дейтін жер, ойбай салды, аһ ұрды, шу дегеннен, ай-шайға қарамай сияқты тұрақты, я түйдекті тіркестер. Олар сөйлеу тілінде оқшауланбай қолданылады.

Т е с т

1. Сөйлем ішінде басқа сөздермен байланысқа түспейтін,

оқшау қолданылатын сөздер:

А) одағай.

В) модаль сөздер.

С) шылау.

Д) үстеу.

2. Одағай сөз дегеніміз не?

А) айналадағы дыбыстарға еліктеуден туған сөздер.

В) адамның әр түрлі көңіл-күйін білдіретін сөздер.

С) адамның әр түрлі көзқарасын білдіретін сөздер.

3. Одағай сөздердің мағыналық топтары:

А) демеулік, жалғаулық, септеулік.

В) көңіл-күй, шақыру, жекіру.

С) дыбыстық, бейнелеуіш.

4. Қуану, шаттану, ренжу, өкіну, жекіру секілді көңіл-

күйді білдіретін сөздер:

А) оқшау сөздер

В) одағай сөздер

С) еліктеу сөздер

5. Па, шіркін! Сөзің сөз-ақ екен! «Па» -

А) қаратпа сөз

В) еліктеу сөз С) одағай сөз Д) бейтарап сөз

6 Қасқырлы жердің елі айтақшыл (м. ) .

Одағайдан жасалған туынды сөз:

А) қасқырлы

В) жердің

С) айтақшыл

7. Одағай ойға үстейтін мәніне қарай қаншаға бөлінеді?

А) екіге

В) үшке

С) төртке

Д) беске.

8. Көңіл-күй одағайлары:

А) пәлі, апырай.

В) тәйт, тек.

С) кә-кә, пырс.

Д) айт, уһ.

9. Бәрекелді, әттең, беу -

А) көңіл-күй одағайы.

В) шақыру одағайы.

С) жекіру одағайы.

Д) қуану одағайы.

10. Шақыру одағайы:

А) құрау-құрау.

В) пәлі.

С) еһе.

Д) ой.

11. Пай-пай, түу, уһ, аһ, еһе -

А) көңіл-күй одағайы.

В) жекіру одағайы.

С) шақыру одағайы.

Д) еліктеу сөздер.

12. Одағай -

А) тарс-тұрс.

В) ғана.

С) ойбай.

Д) мырс-мырс.

13. Жекіру одағайлары:

А) мал, ит-құсты шақырумен байланысты мәнді білдіреді.

В) шаттану, таңырқауды білдіреді.

С) аңсау, қуануды білдіреді.

Д) тыйым салу, жекіру, бұйыруды білдіреді.

14. Түу, есім жаңа кірді ғой! Осы сөйлемдегі одағайдың мағынасы:

А) көңіл-күй.

В) тыйым салу.

С) бұйыру.

Д) тілек.

15. «Құрау-құрау» сөзі неге айтылады?

А) сиырға.

В) жылқыға

С) шошқаға

16. «Шөк» сөзі

А) түйеге айтылады.

В) жылқыға айтылады.

С) сиырға айтылады.

17. Қап, барлық еңбегіміз далаға кететін болды-ау! «Қап» -

А) шақыру одағайы.

В) жекіру одағайы.

С) көңіл-күй одағайы.

18. Шақыру одағайы:

А) құрау-құрау, шөре-шөре.

В) тәйт, тек, жә.

С) әттең, пәлі, түу, әй.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сөздерді сөз таптарына топтастыру принциптері
Модаль сөздер
Одағай сөздер жайлы
Қазақ тіл біліміндегі сөздердi таптастыру теориясының пайда болуы, дамуы, қалыптасуы
Сөз таптары жүйесіндегі одағай сөздер
Сөз таптарының қасиеттері
Одағай - сөз табы
Қазақ тілінде сөз таптастырудың негізгі принциптері туралы
Сөз таптары жүйесіндегі атауыш сөздер
Одағай
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz