Семей губерниясындағы ашаршылық және оның салдары


Семей губерниясындағы ашаршылық және оның салдары
(1921 - 1922 жж. )
КІРІСПЕ
Жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында Семей губерниясының алғашқы ашаршылық жылдарындағы жай-күйі мен сипаты және ашаршылықпен күрес салдары жан-жақты деңгейде тарихи деректер мен құжаттар негізде сипатталады.
Тақырыптың өзектілігі. Тәуелсіздік алғаннан бері жиырма жылға жуық уақыт ішінде Отандық тарих ғылымының дамуын жаңа арнаға түсіріп, олардың қызметін қазақ халқының өткені мен өшкенін түгендеуге, кенже қалған салаларын дамытуға жұмылдыру бағытында үлкен жұмыстар атқарылды. Осы мақсатқа орай, кеңестік кезеңдегі алапат дәуірді, қазақ халқына зор нәубет әкелген 1921-1922 жылдардағы алғашқы ашаршылық сипаты мен салдарын Семей губерниясы мысалында ғылыми тұрғыдан зерттеп, зерделеудің аса маңызды екені анық болып отыр. Еліміздің экономикасы мен демографиялық жағдайының тұрақтанып, қалыпты дамуы оның өткен тарихтағы ашаршылық сияқты келеңсіздіктер ұлттық тарихымыздың көмескі келбетін жаңғырта отырып, өткенді ой елегінен өткізіп, бағалануына тәуелді. Семей губерниясындағы 1921-1922 жылдардағы ашаршылық пен оның салдарын қарастыра отырып, губернияның әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері, этнодемографиялық жағдайға қатысы, ашаршылықпен күрес және оның мәселелері жөнінде зерттеулер жүргізілуі тақырыптың өзектілігін айқындайды.
Семей губерниясындағы ашаршылық және оның салдарын зерттеу мәселесі төл тарихымыздан маңызды да мәнді орын алатындығына күмәнданбаймыз. Дей тұрғанмен, тарихымызда әлі күнге дейін зерттелмей келген осы «ақтандақтар» ақиқатын ашу, зерттеу, одан тарихи тағылымдар алу кейінгі ұрпаққа қажет-ақ. Бүгінгі таңда осы мәселелерді обьективті зерттеудің нәтижесінде тарихымыздың көмескі беттерінің шындығы ашылып, оларға шынайы баға берудің ғылыми деңгейі жаңа сатыға көтерілуде. Аталған тарихи мәселе, бүгінде еліміздің елдігін танытуда ұлттық тарихты жаңғырту міндеттерінен туындап отыр. Назар аударарлық бір жай, жалпы Қазақстан тарихнамасында Семей губерниясындағы 1921-1922 жылдардағы алғашқы ашаршылық мәселесі туралы ғылыми жүйеленген, зерттелген ғылыми еңбек жоқтың қасы. Сондықтан, қарастырылып отырған мәселе егеменді Қазақстан Республикасының мемлекеттілігін нығайтуда, оның тарихын зерделеуде және өлке тарихын тануда маңызды болып табылады. Сондықтан, тақырыптың өзектілігі-оның тек зерттелмегендігінде ғана емес, қоғамдық-тәжірибелік мәні мен тарихи сабақтастығында.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Жалпы алғашқы ашаршылық мәселелерін қарастырғанда, оны объективті бағалауда Кеңес өкіметінің жаңа экономикалық саясаты жағдайындағы ауыл-шаруашылығы және азық-түлік саясаты барысындағы зерттеу деректерінің мәні өте құнды. Зерттеу жұмысын жазу барысында XX ғасырдың 1921-1922 жылдары туралы толық мәліметтердің тарихнамалық негізіне Кеңестік дәуірдегі [1] және Кеңестік дәуірден кейінгі тәуелсіз Қазақстан тұрғысынан зерттелген ғылыми еңбектердің мол шоғыры алынды [2] .
Алғашқы ашаршылық мәселелеріне арнайы қалам тартқан тарихшылар болмағанымен, Елеуов Т., Нейштадт С., Тұрсынбаев А., Дахшлейгер Г. Ф., Чуланов Г., Познанский В., Малышева М. П., Жұртбай Т. сынды ғалымдарымыздың еңбектерінде алғашқы ашаршылық мәселелері көрініс тапқан. Бірақ бұл зерттеулер ашаршылықтың барысы мен ауыр зардаптарын арнайы қарастырмайды. Дей тұрғанмен де, тарихи таным тәжірибесі дәлелдегендей, Семей губерниясындағы жерге орналастыру барысындағы жеңілдіктер тек ашаршылыққа ұшыраған ішкі Ресейден қоныс аударушыларға берілді.
Ұлт зиялылары арасында алғашқы ашаршылық жылдарында ашаршылықтың салдары мен халыққа зиянын жеткізуге негізделген әдеби шығармалар да дүниеге келді. Мысалы, С. Сейфуллиннің «Аштықтың рухы», А. Сегізбаевтың «Аш балаға» (1922) шығармалары ел ішін жайлаған ашаршылыққа қарсы күреске, аш-арыққа қол ұшын беруге шақырды [3] .
Ә. Б. Тұрсынбаевтың «Казахской аул в трех революциях» [1] зерттеуiнде қазақ ауылындағы әлеуметтік-саяси мәселелерге сипаттама жасалып, ХХ ғасырдың басындағы ашаршылықтың себебін анықтауға негіз болған бірден бір еңбек. Г. Ф. Дахшлейгер 1921-1922 жылдардағы қазақ ауылдарындағы әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар туралы пайымдамалар жасады [1] . Кеңестік дәуірде жарық көрген еңбек бола тұрса да, қазіргі ғылым үшін маңызын жоғалтпағанын көреміз.
Көрнекті ғалым М. Қ. Қозыбаевтың Қазақстан тарихындағы «ақтаңдақтарға» байланысты зерттеулері бұл мәселені саралауға көп септігін тигізді. Атап айтатын болсақ, ғалымның 1990 ж. зерттеушілер Ж. Әбілхожин және М. Тәтімовпен бірігіп жазған «Казахстанская трагедия» атты мақаласы «Вопросы истории» журналы арқылы Мәскеуде жарияланып, 30-жылдардағы алапат ашаршылық мәселесін көтеріп, алғаш рет ғылыми айналымға енгізді [6] .
К. Нұрпейісовтың «Қазақстандағы шаруалар советтері (1917-1929 жылдар) » атты монографиясында Кеңес өкіметінің ашаршылықпен күрес жүргізуінің негізі мәні, ашаршылықтың салдарын жоюдағы кеңестік биліктің қызметіне талдау жасалынған [1] . Бірақ еңбекте Семей губерниясына қатысты мәселе өзіндік зерттеуді қажет ететіндігін көрсетеді.
Зерттеуші М. Қ. Қозыбаевтың «Ақтаңдақтар ақиқаты» еңбегінде сол кезеңде Батыс Сібірге қараған Ақмола, Семей облыстарының Қазақстанға қосылу мәселелері губернияның әлеуметтік-экономикалық жағдайының көлеңке тұстары жөнінде мәселелер қарастырылады. Сонымен қатар, автордың «Проблемы методологии, историографии и источниковедения истории Казахстана» [2] атты таңдамалы еңбектерінде Қазақстандағы демография мәселелеріне көңіл бөліп, губерниядағы 1921-1922 жылдар аралығындағы демографиялық ахуал жөнінде құнды мәліметтер бере отырып, губернияның этнодемографиялық жағдайларға автор өзіндік көзқарасын білдірген.
20-30 жылдардағы Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық үрдістерін жан-жақты және ашаршылық мәселесін жүйелі түде зерттеп жүрген ғалым Т. Омарбековтың «Зобалаң», «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан қасіреті» зерттеулерінде және Т. Омарбековпен Ш. Омарбековтердің «Қазақстан тарихына және тарихнамасына көзқарас» атты зерттеу еңбектерінде сталиндік-кеңестік кезеңнің қайшылықты көлеңкелі тұстарын айшықтып, тарихымызда ұзақ жылдар «жабық» болып келген мәселелерді жаңа, егемен елдің тарихы тұрғысынан қарастырып, партия тарихын халық тарихына айналдырған [2] . Зерттеуші кеңестендіру саясатының салдарларын көрсете келе, жаңадан бой көтеріп келе жатқан тоталитарлық қоғамға халық бұқарасына жанашыр, қамқоршы болатын ұйымдардан гөрі, әркез бас шұлғып қолдаумен қанағаттанатын рухта тәрбиелейтін мемлекеттік органдардың қажет болғандығын баса көрсеткен. Бұл еңбектерде біз талдап отырған мәселенің кейбір тұстары көрсетілген.
Белгiлi алаштанушы, Алаш қозғалысының табиғатына обьективті талдау жасаған ғалым М. Қойгелдиев идеологиялық шектеулерге қарамастан әлеуметтік-экономикалық шараларды, қателіктерді ашып көрсеткен. Ғалым М. К. Қойгелдиев 1920-1930 жылдарда «ұлтшылдықпен» айыпталған қазақ қайраткерлерінің мемлекеттік-саяси қызметінің «ұлтшылдығының» мәнін талдап, тың тұжырымдар жасаған. Автордың «Алаш қозғалысы» [2] атты еңбегінде 1917 жылдың шілде айындағы Орынбор қаласында болған қазақ съезі, ондағы қазақ зиялы қауым азаматтарының қазақ халқы, қазақ ұлты үшін игі қызметтері зерделенген. Сонымен қатар осы съезд барысында құрылған Алаш партиясы, оның маңдай алды мүшелері жайындағы мәліметтер топтастырылған. Алаш партиясының қызметі негізіндегі ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының қалыптасу барысы сипатталған. Бұл еңбектің маңыздылығы қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси өмірінің жарқын беттерін нақты ғылыми дәлелдермен көрсетілуі болды.
Белгілі ғалымдар М. Қойгелдиев пен Т. Омарбековтың «Тарих тағлымы не дейді?» еңбегінде Қазақстанның 20-30 жылдарындағы экономикалық жағдайының төмен болуы және алғашқы ашаршылықтың алғышарттары, билік басына келген жаңа өкіметтің мәселені шешуге дәрменсіздігі айтылады [2] . Сонымен бірге губерниялық атқару комитетін таратып, оның орнына губерниялық революциялық комитетті құрған Смағұл Садуақасовтың саяси міндетті өз қолына алғандығы туралы мәліметтерді кездестіруге болады. Бұл зерттеу Алаш зиялы қауымының өз заманындағы ашаршылық сияқты халық басына төнген нәубет оқиғаларға атсалысқан қызметтері мен жазған еңбектеріне талдау жасағанымен құнды.
Зерттеуші, ғалым Ғ. Х. Халидуллиннің кеңес замандағы жер мәселесі жөніндегі «Кеңестік биліктің қазақ шаруаларына қатысты аграрлық саясаты (1917-1940 гг. ) » [2] атты көлемді зерттеу еңбегінде Кеңес мемлекетінің аграрлық саясатына, оның ішінде қазақ шаруаларына тікелей қатысты оқиғалар мұрағаттық деректер негізінде баяндалған. Автор қазақ даласындағы азық-түлік диктатурасы және жаңа экономикалық саясат жылдарындағы қазақ шаруаларының саяси-әлеуметтік жағдайын, аграрлық реформалар барысын Қазақстан бойынша зерттеген. Тақырыпқа қатысты автордың бұл зерттеу еңбегінен мол мағлұмат алуға болады.
Ғалымдар Е. Б. Сыдықовпен М. П. Малышеваның авторлығымен жарық көрген «Сибир и Казахстан (Национальное-территориальное размежевание Сибир и Казахстана 1919-1922гг. ) [2] атты еңбегі жергілікті халықтардың жерге орналасуымен халық шаруашылығына байланысты деректерді саралауда үлкен маңызға ие.
Жергілікті өлкетанушы В. Н. Кашляк «Семипалатинск. Три века истории» [2] атты еңбегінде Семей губерниясының қалыптасу негізіне, 20 жылдардағы аласапыран кезеңінде шіркеу мен діни мекемелердегі құнды заттарды ашыққандарға көмек қорына өткізу мәселесі жөнінде деректер келтіріп, бұл жиналған қымбат бұйымдарды, тағы басқа заттарды Орталық комитетке, Мәскеу территориясына жіберу мәселесі талданған. Сонымен бірге автор жергілікті халықтың мүддесі ескерілмегендігі айтылады.
Губерния халқының этнодемографиялық даму сипатына арналған мәліметтерді Қазақстан бойынша салыстыра зерттеген Н. В. Алексеенконың «История демография Казахстана», А. Н. Алексеенконың «Население Казахстана 1920 - 1990 гг. » және Н. В. Алексеенкомен А. Н. Алексеенконың бірігіп жазған «Население Казахстана за 100 лет (1897-1997 гг. » [2] еңбегінің статистикалық мәліметтері ашаршылықтың демографиялық салдарын сандық деректермен айқындауда маңызды ролге ие.
Алғашқы ашаршылықтың демографиялық дамуға тигізген әсері жөнінде М. Б. Тәтімов «Социальная обусловленность демографических процессов» еңбегі [2] ғылыми зерттеуінде қазақтар санының артуы Қазақстандағы көпұлтты халықтың өсуіне ықпал ететін үрдістер қарастырылып, ашаршылық кезеңіндегі этнодемографиялық жағдай жөнінде мағлұмат береді. Еңбектегі Семей губерниясы жөніндегі статистикалық мәліметтердің маңызы өте зор.
Асылбеков М. Х., Ә. Б. Ғалиевтардың «Соцально-демографические процессы в Казахстане (1917-1980 гг) » атты еңбегінде Қазақстанның ашаршылыққа ұшыраған губернияларынан Ақмола, Семей аймақтарына қоныс аударғандар туралы мәліметтер келтірілген [2] . Аштықтың әлеуметтік зардаптарын қарастыруда еңбектің материалдары негізге алынды.
«Переписи население как источник для изучения народонаселение Казахстана (1897 - 1926 гг. ) » деп аталатын К. С. Калиеваның ғылыми зерттеу жұмысында ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы Қазақстандағы ашаршылық мәселелеріне талдау жасалынған. «Великий джут» кітабының авторы Валерий Михайлов «неге біз далалық ашаршылық туралы айтқанда, бірден 30 жылғы ашаршылыққа тоқталамыз. Бұл Қазақстандағы екінші ашаршылық ғой, біріншісі 1921-1922 жылдары болған. Сондықтан да зерттеушілер бұл мәселемен айналысқан кезде оны бірінші және екінші деп бөліп қарастыруы керек» [2] - дейді.
ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы ашаршылық Қазақстан территориясы мен бірге Ресейдің ішкі аудандарын қамтыған. Сондықтан да болар, шетел тарихнамасындағы ашаршылық мәселесі Г. Я. Тарле, В. И. Белокопытов, М. П. Ким, Э. Б. Генкина, М. И. Бахтин сынды тағы басқа ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан [4] . Алманиялық ғалым Владимир Шмид (Регенсбург-ФРГ) «1921-1924 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық және оның салдары» атты зерттеуінде статистикалық мәліметтер келтіріп, оған жан-жақты талдау жасаған.
Тақырыпқа қатысты кандидаттық диссертациялар қорғалып, ғылыми айналымға енгізілуде. Б. А. Мұсаевтың кандидаттық диссертациясы аталған мәселе бойынша алғашқы зерттеу болып табылады [5] . Диссертациялық зерттеуде 1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық, оның негізгі себептері, ашаршылықтың қамтыған ауқымы және оның әлеуметтік-демографиялық салдарына талдау жасалынған. Бұл зерттеуде ашаршылыққа ұшыраған Қазақстандағы сол кездегі бес ірі губерниялардың ахуалы жан-жақты зерттелгенімен, Семей губерниясы туралы деректер салыстырмалы түрде жалпы қамтылған. Зерттеуші М. П. Малышеваның, З. Қ. Мұқатаеваның, З. Ә. Сабданбекованың, Г. Б. Сүгірәлімованың, Р. К. Нұрбекованың, Ш. Т. Нұрманның [5] және тағы басқалардың диссертациялық зерттеулерін ерекше атап өткен жөн. М. П. Малышеваның «Казахи в Сибири в период демографических кризисов (1919-1934гг. ) » тақырыбындағы докторлық диссертациясында Семей губерниясындағы ашаршылық жылдарындағы азық-түлік өнімінің едәуір бөлігін Сібір арқылы Ресейдің ашыққан аудандарына жөнелтіліп отырғандығы баяндалады. Зерттеуші З. Қ. Мұқатаеваның ғылыми зерттеу жұмысы Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағдайын басты назарда ұстаған. Сондай-ақ, автор мәселені тек Семей қаласы шеңберінде ғана қарастырған. Дегенмен, зерттеуші еңбегінде ашаршылық мәселесі негізгі зерттеу нысанына жатпағандықтан, бұл мәселе нақтылауды қажет ететіндігін көрсетеді. З. Ә. Сабданбекова қарастырып отырған кезеңге байланысты Павлодар өңірі жөнінде нақты мәліметтерді әлеуметтік және демографиялық тұрғыдан сараптаған. Сонымен бірге Г. Б. Сүгірәлімованың зерттеуінен ашаршылық заманындағы панасыз балалардың хал ахуалы жөнінде губернияға қатысты мәліметтер қарастырылған. Шығыс Қазақстан өңірінің саяси жағдайын ғылыми негізде жүйелеген Р. К. Нұрбекованың «ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Шығыс Қазақстан өңіріндегі жергілікті кеңестердің тарихы атты» атты кандидаттық диссертациясы губерниядағы саяси жағдай жөнінде мол мағлұмат бере отырып, және ашаршылық зардаптарын жоюдағы билік өкілдерінің қызметін сараптаған. Сонымен қатар, Ш. Т. Нұрманның «Кеңестік биліктің Қазақстандағы қоныс аудару саясатының тарихы (1920-1941) » атты ғылыми зерттеуінде қоныс аудару саясаты және оның жергілікті халықтың әлеуметтік-демографиялық дамуына тигізген зардаптары қарастырылған.
Т. Жұртбайдың «Талқы» [2] монографиясында Семей губерниясындағы алғашқы ашаршылықтың алғышарттары, оның қазақ халқына тигізген қасіреті жөнінде деректерге талдау жасалынған. Сонымен бірге осы автордың «Ұраным -Алаш!. . » атты еңбегінде Қазақстан бойынша 1921-1922 жылдары 1 миллионнан астам халық ашаршылыққа ұшырап, оның салдары елде жаппай сипат алғанын, оған қазақтың зиялы қауымының көзқарасын жан-жақты сараптаған [2] .
Т. Омарбековтің «Ашаршылық ақиқаты» мақаласында Қазақстандағы 1921 -1922 жылдардағы ашаршылықтың шындығына келсек ауа-райы, құрғақшылық емес, өздері өкіметті бір түнде басып алған соң, көп кешікпей азамат соғысы тұтанатынын, ал одан шаруашылық күйзеліп, халық ашаршылықтан қырылуы мүмкін екенін біле тұра, қатерлі бағыттардан қайытпай қойған большевиктер және олардың партиясының бір жақты саясаты кінәлі деген тұжырымдар айтылады [6] .
1921 жылғы Украина және Еділ бойы жерлеріндегі сұмдық ашаршылық туралы онымен күресуге РСФСР-дың барлық күші және халықаралық көмектің жұмылдырылғандығын айғақтайтын деректер береді [7] .
Қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси ойының көшбасшысы болған «Қазақ» газеті арада сексен жылға таяу уақыт өткен соң, екінің бірінің қолы жете бермейтін мұрағат қапасынан жарыққа шығып, жеке жинақ түрінде қалың оқырман қауымымен қайта қауышты. Жинақта «Қазақ» газетінің тарихи және танымдық құндылығын әлі күнге дейін жоғалтпаған мақалалары сол қалпы тұтас жарияланған. Ашаршылық жылдарындағы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын сипаттайтын мақалалар ғылыми айналымға қосуда негізге алынды.
Тарихнамалық шолуды қортындылай келе, Семей губерниясындағы ашаршылық мәселесін зерттеу нысанына ала отырып, ғылыми тұрғыда алғашқы ашаршылық мәселесін талдауға талпыныс жасалды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Семей губерниясындағы алғашқы 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа байланысты тарихи құбылыстарды талдауда жалпы сипаттама беріп, сол кезеңдегі саясаттағы керағар пікірлерді көрсетіп қана қоймай, белгілі бір жүйе негізінде оның себептерін ашу арқылы ашаршылықтың халық шаруашылығына, әлеуметтік және демографиялық дамуына тигізген зардаптарының шындығын губерниялық негізде тарихи тұрғыда көрсету басты мақсат етіп қойылды.
Зерттеу жұмысының міндеттері :
- губернияның саяси-экономикалық және әлеуметтік дамуын зерттей отырып, ХХ ғасыр басындағы Семей губерниясындағы ашаршылықтың алғы шарттары мен себеп - салдарын деректік негізде айқындау;
- жоспарланған кезеңдегі губерниядағы халық шаруашылығының сипатын талдай отырып, астық мәселесіндегі жергілікті билік өкілдерінің іс-әрекеттері мен қызметтеріне салыстырмалы талдау жасау, бүгінігі күн тұрғысынан баға беру;
- губерниядағы азық-түлік диктатурасының мәнін, халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізген әсерін ашып көрсету;
- алғашқы ашаршылық жылдарындағы Семей губерниясындағы Кеңес өкіметінің ашаршылыққа көмек жөніндегі үгіт-насихатын саралау;
-губерниядағы ашаршылықтың белең алуы мен губерниядағы эпидемиологиялық ахуалды ғылыми тұрғыда жүйелеп, негіздеу;
- Кеңес өкіметінің жүргізіп отырған саясатына тарихи талдау жасап, оның халық шаруашылығына тигізген әсерін анықтау;
- губернияның экономикалық-әлеуметтік және саяси даму жағдайына ықпал еткен қоғамдық құбылыстарға талдау жасау арқылы ашаршылықтың халық демографиясына тигізген әсерін нақты статистикалық мәліметтер негізінде зерттеу;
- Семей губерниясындағы ашаршылық ел тарихындағы шиеленісті тұстардың бірі болғандықтан, мұндай мәселелерге байланысты мұрағаттағы құпия деректерді жарыққа шығару, мәселелерге жаңа, объективті ғылыми баға беру.
Зерттеу нысаны. Семей губерниясындағы 1921-1922 жылдардағы ашаршылық және оның салдарын айқындау болып табылады.
Зерттеудің пәні. ХХ ғасырдың 1920 жылдарындағы өкіметтің жүргізген саясатына талдау жасай отырып, Семей губерниясындағы ашаршылықтың негізгі себебін айқындау және оның салдарын жоюдағы іс әрекеттерді ашып көрсету.
Зерттеу жұмысының деректік негізін мұрағат деректері және тақырыпқа қатысты зерттеу еңбектер, статистикалық есептер, құжаттық жинақтар құрайды. Зерттеу жұмысындағы пайдаланылған деректерді төрт топқа топтауға болады.
Деректердің бірінші тобына орталық және жергілікті мұрағаттардан алынған деректерді жатқызамыз. Диссертацияны дайындау барысында Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатының (ҚР ОММ), Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының (ШҚО ММ), және Шығыс Қазақстан облысы қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы мұрағатының (ШҚО ҚЗТҚО) деректері сараптамадан өтіп ғылыми айналымға енгізілді.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік мұрағатының 244-қорынан Кеңестік биліктің жүргізген азық түлік саясаты, Қазақстандағы әскери коммунизм саясатының жүзеге асырылуы және Халық Комиссарлар Кеңесі декреттері жөнінде құнды ақпарат алдынды. Қырғыз революциялық комитетінің азық-түлік бөлімі аталатын қорда (1193 қор) азық-түлік саясатын орындау мақсатындағы кеңестік биліктің негізгі саясаты туралы деректер берілген. Зерттеу жұмысының деректік негізін артыратын 30-қорда ҚАССР Халық Комиссарлар Кеңесі, 509-қорда ҚазССР ОАК-ның жанындағы өлкелік балалар комиссиясы, ашаршылыққа халықаралық ұйымдардың көмегі және 578, 1235 -қорларында Шығыс Қазақстан облысына қатысты деректерді атай аламыз.
1921-1922 жылдардағы өлкедегі ашаршылық жөніндегі материалдар жиналған 320-қордан Қазақ Орталық Атқару Комитеті жанындағы ашыққандарға көмек Комиссияның орталығы мәлімдемелерінен, есепті баяндамаларынан ашаршылық себептері, басталуы, барысы, ашыққандар саны және ашаршылықты жою шараларына қатысты мәліметтер алынды.
Шығыс Қазақтан облысы мемлекеттік мұрағатының 212-қоры Өскемен уезінің азық-түлік комитеті, 265-қоры Бұқтырма уезінің азық-түлік комитеті, 247-қоры Зайсан уезіндегі ашаршылықтың салдарын жою жөніндегі комиссияның деректері ғылыми айналымға енгізілді.
Шығыс Қазақстан Облыстық қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы мұрағатының деректері губерниядағы ашаршылықтың сипатын айқындауда үлкен маңызға ие.
Ең маңызды және үнемі пайдаланылатын қорларға мемлекеттік билік және басқару, бақылау, жоспарлау, статистика, халықтық шаруашылығы бөлімінің деректері жатады: 3-қор Семей губерниялық денсаулық сақтау бөлімі; 72-қор Губерниялық төңкерістік комитет; 73-қор Губерниялық атқарушы комитет; 74-қор Аймақтық атқарушы комитет; 75-қор қызыл армия депутаттары және жұмысшы, шаруалар кеңесінің атқару комитеті құрамындағы ашыққандарға Семей губерниялық комитеті; 126-қор Губерниялық жоспарлау бөлімі; 583-қор Губерниялық статистика бөлімі; 1928- қор Бүкілодақтық халық санағы бойынша статистикалық мәліметтер; 424-қор Семей губерниялық «сүзекке» қарсы күрес комиссиясы; 600-қор Семей губерниялық панасыз балалармен күрес комиссиясымен т. б. қорлардан қарастырып отырған мәселеге қатысты деректер алынып, диссертацияда кеңінен қолданысқа ие болды. Бұл деректер арқылы жұт, қуаңшылық және соның нәтижесінде орын алған ашаршылықтың салдары, уездерде орын алған әлеуметтік санитарлық - эпидемиологиялық ахуал және өкіметтің халықтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету шаралары талданды.
Екінші топқа отандық тарихтағы әртүрлі өзекті мәселелерге арналған құжаттық жинақтар жатады. Онда Қазақстанның қазан төңкерісі және одан кейінгі кезеңдегі саяси тарихы, қазақ даласының ақ пен қызылға бөлініп, билікке таласуы, жаңа билікті қолына алған большевиктер өкіметінің саясатына қатысты құжаттар қамтылған. Мысалы, «Материалы по истории политического строя Казахстана» еңбегі, «Советы и ревкомы в Казахстане (октябрь 1917-1920 жылдар) », «Новейшая история Казахстана (1917-1939 жылдар) » материалдар және құжаттар топтамасы, «Социалистическое строительство в Казахстане в восстановительный период (1921-1925 гг. ) » деген жинақта және «Неизвестные страницы Семипалатинского Прииртышья», «Восточная отделение Правительства Алашорды», «Гонимые голодом» мұрағаттық деректер топтамасы осы тақырыпты зерттеуде негіз болып табылды [8] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz