Оралхан Бөкейхан әңгімемелрі


Құм мінезі
Оралхан өз кейіпкерлерін аяусыз тағдыр талқысына салады. Адамдар
бойындағы қаталдық пен мейірімді қатал қыс пен мамыражай жаздай қатар келтіріп өз шығармасының соңына шейін бір-бірімен арпалысқа түсіреді. Бір-бірімен өлердей өш жақсылық пен жамандық қулық пен сұмдық, әділдік пен әділетсіздік арасындағы бітіспес күресті әр қырынан алып аша түсуге тырысады. « Құм мінезі повесінде » де қырықтың бесеуіне келсе де, ертеден қара кешке дейін тыным таппай еңбек ететін бейнетқор Бархан мен қолды аяққа тұрмайтын жылпос Сейітқұлдың күйбең тіршілігі суреттеледі. Ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешіп келе жатқан, қой аузынан шөп алмас момын шаруа Барханның он бес жыл бойы еткен еңбегінің бағаланбай, құмға сіңген судай еленбей келе жатқандығы керісінше қу жағымпаз Сейітқұлдың «озат шопан» атанып наградаға ұсынылуы әділетсіздік еді. Алайда Бархан осыншалықты әділетсіздікті көре тұра оларға бетпе-бет қарсы келе алмады. Бар қолынан келгені алдындағы малы мен отбасының амандығыны шүкіршілік етіп, бір бедеу үмітпен өмір сүру ғана еді.
Оралхан бұл шығармасында ар мен азаматтық алдындағы жауапкершілік бейнесін Бархан мен оның адал ниетті ақ көңіл жары Жұмагүл арқылы берсе, ал қулық пен айлакерлік бейнесін Сейітқұл мен « Талды» совхозының директоры, бас зоотехнигі, бөлімше басқарушысы Әліқұл образы арқылы көрсетеді.
Айналасы ат аунағандай ғана ойпаңда бірге, бір мақсатпен өмір сүріп жатқан екі қойшының арасындағы осыншалық кереғарлық пен қарама қайшылықтың сыры неде? Бұл сұрақтың жауабын жазушы әділетсіздік жайлаған мына қоғамда деп біледі. Осылайша ол өз кейіпкерлерінің характерлерін сол қоғамдағы әділетсіздіктермен күрестіре отырып ашуға тырысады.
Сейітқұл үшін атақ пендаңқ, абырой маңызды болса, ал Бархан үшін атақ пен даңқтың, аяққа тұсау арқаға артық жүк болар байлықтың да, тіпті аспандағы жұлдыздай түрде бар күндіз жоқ алдамшы бақыттың да керегі шамалы-ақ еді. Ол бар болғаны өз еңбегінің еленбегеніне іштей налып, өз ойымен арпалысып ғұмыр кешіп жатты.
Қулық пен сұмдық, арамдық пен әділетсіздік жайлаған мына қоғамда Бархан секілді адал еңбекқорлардың емес, Сейітқұл сияқты әккі, қулардың асығының алшысынан тұрып, айы оңынан туатындығын жазушы совхоз басшысы Әліқұлдың « Колхоздың қара өгізіндей жұмысты мұрының пысылдап істейсің келіп, жарқыным-ау қазір бізге өгіз адам емес, түлкі адам керек » деген сөзі арқылы айта кеткен секілді. Шындығында, Барханның он бес жылдан бергі еленбей келе жатқан еңбегінің сыры оның жұртты алдап, қулық-сұмдықпен өмір сүретін түлкі мінезді адам емес, еңбегіне адал бейнетқор өгіз секілді адам болғандығында сияқты.
Жалпы, Оралхан шығармаларында кейіпкерлер табиғатпен бірге туып, бірге жасап, бірге өмір сүреді. Бұл да жазушының өзіндік ерекшелігі болып табылады. «Құм мінезі повесінде» де автор жансыз табиғат пен адамды өзара үндестіреді. Бұрын сусылдап қоныс таппай көшіп-қонып жүретін сусылдақ, ұшқалақ Қызылқұмның ұзақ уақыт бойы тапжылмай, бір орында жатып алуы табиғаттың адамдарға көрсеткен қырсық мінезі деп түсінеді « Қызылқұмның сексеуілі мен түзгені есен сау шақта бүл өңірден аң-құстан аяқ алып жүргісіз жер жоқ еді. Қоймен бірге жусап, қоймен бірге өретін аң екеш аңның да тұқымы құрып азып барады-ау», -деп адамдардың табиғатқа жасаған зиянды әрекеттерінің салдарының неге әкеліп соқтырғанын да айта кетеді.
« Осы санасыз тіршіліктің сырын саналылардан тек Бархан ғана түсініп, ұғынатын секілді. Тарихтың бар шежіресін қойныны тығып, бүк түсіп жатқан Қызылқұмның сыңсып шығарған аянышты үнін, демігіп сырылдағанын тек Бархан ғана ести алады. Жалғыздықтан жаны жабырқап, көңіліне қаяу мұң түскен сәттерде тірі жан иесіне айта алмаған сырларын құммен бөліседі. Себебі Бархан осы құмның бауырында бала күнінен бері өсіп келеді. Бархан үшін Қызылқұмның бауырындағы, әрбір аң құсы, төсіндегі әрбір сексеуілі мен түзгені қымбат. » Оралхан шебер жазушы. Ол санасыз табиғатты да мына бес күндік жалғанда пендешілік тіршілігімен әуре-сарсаңда жүрген адамдарды да, табиғаттың баурайында тіршілік етіп жүрген әрбір жан -жануарын да тамаша суреттей біледі.
Ол тіпті тілсіз табиғатты да сөйлете алады, жылатады, адамша күлдіреді. Адам мен табиғатты салыстыра отырып, оларды егіз ұғымдай қатар қолданады. Оралхан Бөкей адамды табиғаттан бөле жара қарамайды. Солай бола тұрса да, жазушы қашанда саналы адамдардан санасыз табиғатты жоғары қояды. Біз мұны шығармада Барханның өз өмірін Қызылқұмның өмірімен салыстырған тұсынан байқауымызға болады. « Менен гөрі Қызылқұмның тірлігі озық. Қыста сұп-сұр болып, қанын ішіне тартып, кетеуі кетіп жатқанымен, көктем шыға құлпырып, қып-қызыл қызғалдақтан көйлек киіп, сексеуілі мен түзгені, жыңғылы мен изені, азын аулақ адасып жүрген аң-құсымен ойнап, қуанышы келте болса да мәз-мейрам. Ал, менің түрім мынау; ес біліп етек жапқалы көрген қызық кешкен ғүмыр, қараша үйдің түтінін түтетіп, арқандаған аттай қотаннан ұзап шыға алмаймын»-дейді тағдырына налыған Бархан.
Келер күннен үмітін үзбей, көлеңкедей көлеңдеп, қайда барса соңынан еріп қалмайтын өз пікірі, өз мақсаты, өз иманымен әуре-сарсаңда жүрген еңбекқор Бархан мен адамдардың өзіне жасаған қиянатына налып бір орында тапжылмай мінез көрсетіп жатқан Қызылқұмның арасында рухани бір ұқсастық бар секілді . . .
Шындығында, Бархан табиғат жанашыры. Оның өзге пенделерден өзгешелігі де осында. Ол қалың орманның ішінде оқ тиіп жараланып жатқан қарақұйрықты айлар бойы емдеп, Сейітқұлдың итінен торып асырағандығы, одан соң оны қыстақтан аулақ паң далаға ұзатып салғандығы Барханның шын мәнінде табиғат жанашыры екендігін дәлелдей түскендей.
Ерлікті табан ет маңдай термен абыройлы атқарған жұмыс деп түсінетін Барханның адал еңбегін әйтеуір бір совхоз басшылары ескермей-ақ келеді. Сейітқұлдың шөбін жер қара күн жылыда тартып береді, ал Барханға ат ізін салмайды да. Сейітқұлды екі күннің бірінде ауданға, одан қалды облысқа машина жібертіп шақыртып алады да, мал-жанын Барханға қалдырып кетеді. Совхоз басшыларының осындай әділетсіз әрекеттеріне налығанда әйелі Жұмагүл «Еруліге қарулы болып қайтеміз, Сейітқұлдың басына қонған баққа таласқандай болмайық» деп Барханды жұбатады.
Барқан осылай Әліқұл мен Сейітқұлдан көрген қорлығына көніп, бар сырын ішіне бүгіп жүре берер ме екен . . . Қызылқұм ше, ол да ұзақ уақыт бойы тапжылмай бір орында жата бермек пе? Жоқ! Оралхан жасаған кейіпкерлер қасық қаны қалғанша, соңғы демі таусылғанша күресе алатындай қайсар, жақсылыққа жаны құштар кейіпкерлер. Тіпті олар өліммен де бетпе-бет айқаса алатындай жігерлі.
Жылдар бойы сіресіп жатқан Қызылқұм айдаһардай ысқырып, өз-өзінен буырқанып өзгеше мінез көрсете алды. Тіпті ақ жүрек, қара қылды қақ жарған адал шопан Барханның да отарын ала қашты. Ал Бархан болса, балаша зыр жүгіріп, құмның артынан отарын қайтарып алмаққа қуа жөнелді.
Оралхан қашанда өз кейіпкерлерінің басынан небір қиын күндерді, азапты сәттерді өткізе отырып, оларды өмір сүруге құштар етеді. Бархан да құм құйынмен бірге ықтап кеткен қойларын тауып аман-есен өз отарына оралды.
Жазушы Барханды жан-жақты қырынан ашуға тырысады. Оны тек адал, момын, ешкімнің ала жібін аттамайтын жуас шаруа қылып қана көрсетпей, ақылды, қу етіп те көрсете біледі. Мұны біз шығарманың Қызылқұм көшкен күні Сейітқұлдың жиырма бес қойы қырылып, совхоз басшысы не істерін білмей, Барханнан ақыл сұрап келген сәтінен байқауымызға болады. Бархан олардан көмек қолын аямады. Қу, әккі Сейітқұл мен совхоз басшысының өздеріне лайық жол көрсетті.
Шығарманың төл алу науқаны аяқталып Барханға көмекке келген үш сақманшы қыздың ауылдарына қайтатын тұсын жазушы: «Құм теңіздің ортасында адасып келген үш аққу ұшатын болды, аспаннан құлап түскен үш құс үш жұлдыз секілді жапан түзде жетімсіреп, жаһанның көп-көп қызығынан қаға беріс қалған қыстақты базарға айналдырған, суынғандай, ұмытылғандай жүдеу тарта беретін көңілдің көк тоңын жібіткен үш тотыдан айырылатын болды»-деп үш қызды аққуға, бұлаққа, тотыға теңей отырып суреттейді.
Оралхан адам және адам өмірін өз шығармаларына өзек ете біледі. «Құм мінезі» повесінде де жазушы: « Пенде жалғыз аяқ жолмен жүреді, сосын әлденені тауып алады, бәлкім ол күніне жүз рет көрген заты шығар, бұрын елеп ескермеген шығар, бірақ осыншалық қадір-қасиетін енді аңғарып, қуанышынды шек қалмай айқайлайды. Ол не сонда? Ол өмірдің өзі екен. Дүниедегі ең құнды да, құнсыз да сол адамның өз өмірі екен-ау»-деп адам баласына берілген азды-көпті өмірдің бағасын бере кетеді. Содан соң, өмірдің әділетсіз тұстарын Барханның монологы арқылы сынай кетеді. «Табиғаттан әділетсіз не бар, бір жерге бар байлығын: суын, ағашын, тау тасын, аң-құс, орман-тоғайын төгіп бере салады; енді бір жерді бір жұтым суға, тіс шұқыр ағашқа зарықтырып қояды; бір адамдарға көрікті де талантты да аямай сыйлайды, енді біреулерді . . . енді біреулердің басын таз, аяғын ақсақ қылып қойдың соңына салады, қойманың күзетіне қояды. Әділетсіздіктердің өзі табиғаттан жұққан екен-ау»-дейді әділетсіз тағдырына налыған Бархан. Солай бола тұрса да, Бархан алда атар таң мен келер күннен күдерін үзбейді. Бақыты мен қуанышы мәңгі араласып отырар ертеңгі мазасыз күндеріне үміт артады. Бүкіл ғұмырын ертеден қара кешке дейін адал еңбек етумен өткізген Бархан өз еңбегінің әйтеурі бір ескерілетіне сенді.
Бархан жылдар бойы тамшыдай жиналып қалған ащу-ызасын ішіне бүгіп жүре алмады. Себебі, жазушының өзі айтқандай Барханның бойында Қызылқұмның өр мінезі бар. Жылдар бойы өлі тыныштықты орнатып, бүк түсіп, бір орнында қозғалмай жатып алып, аяқ астынан бұрқан-талқан болып мінез көрсеткен Қызылқұм секілді Бархан да өзгеше мінез көрсете алды.
Сейітқұлдың иті өзі емдеп жазған қарақұйрықты жеп жатқанын көргенде табиғат жанашыры Бархан шыдап тұра алмады. Сол ашумен: « Өз асыраған күшігім өз басыма қарғыды деген осы. Быртиып алып ішің толған арамдық пен қулық»-деп тұңғыш рет Сейітқұлдың оспадар қылығын бетіне басты. Омырауындағы медальдары мен наградаларын жұлып алып: « Мына орден менікі. Маған тиесілі сый-құрмет! Сен менен ұрлап алдың. Анау упр ағаң менен саған тартып әперді. Енді мен сенен тартып аламын» деді. Иә, шындығында мұның бәрі Барханға тиесілі еді. Сейітқұл өз жазасын алды.
Жалпы Оралхан Бөкей бұл повесте Бархан секілді еңбекқор шаруаның қиямет қиыншылыққа толы өмірі мен тағдырын, қайшылыққа толы ғұмырын суреттейді.
ӨЛІАРА
Оралхан Бөкейдің қайсібір туындысын алып қарасақ та өр Алтайдың тыныс тіршілігінен хабар береді. Алтайдың табиғатын, мамыражай жазы мен суық қысын, тауларын, өзенін, сылдырап аққан бұлағын, жусаны мен изенін шебер суреттейді. «Өліара повесінде » де Алтайдың баурайында ғұмыр кешіп жатқан қойшы мен оның әйелінің тағдыр талқысына түскен өмірі баяндалады. Автордың шығармада кейіпкерлердің есімін нақты атамай оларды «Қойшы», «Әйелі», «Тұңғышы», «Мұғалима» немесе «Шығайбай» секілді лақап аттармен атауы шығарманың өзіндік ерекшелігін танытады.
Жалпы, «Өліара» повесінде күреске толы өмір, білімге құштар жандардың орындалмаған арманы, сараңдық пен дүниеқоңыздық, адалдық пен опасыздық мәселелері сөз болады. Оралхан бұл шығармада адалдық бейнесін-Қойшы, опасыздық бейнесін-Қойшының әйелі мен Зоотехник арқылы, ал сараңдық пен дүниеқоңыздық бейнесін Шығайбай образы арқылы бейнелейді.
Қойшы адал да ойшыл, сабырлы кейіпкер. Әйелі қанша ұрысып, жер жебіріне жетсе де, үндемей көніп жүре беретін көнбіс адам. Ал әйелі ұрысқа бір табан жақын тұратын шатақ мінезді кейіпкер.
Шығарма Қойшының күнделікті тіршілігін суреттеумен басталады. Содан соң, автор: «Ежелден жайбасар, саспас адамның жоқтан өзгеге қоқшаңдап, алдың-дұлдың ұшқалақтана беруі өзгеше оғаш көрінетін, қалай да осы қылығы өзіне аққа қара басқандай үйлеспей тұратын. Дәл биыл болған бөлекше мінездің салдарын таба алмай әйелі «ес кірейін» дегені шығар деп жорыды. Бірақ ерінің есі бұрыннан барын, ежелден ақылды, бірақ сол ақылды рәсуәламай, тізгіндеп ұстарын он жыл отасса да сезген емес»-деп автор деталь арқылы келер күннен хабар бере кетеді.
Шығармада табиғат бейнелері ерекше суреттеледі. Жазушы бұл орайда кейіптеу тәсілдерін жиі қолданады. Мәселен, Қойшының өткен жылғы қысты есіне алар тұсын автор: «Буылдыр дүние, маужыраған тыныштық. Әне: дала, ауыл, өзен, орман, тау, күреңсе, қой, өзінің жарбиған қосы. Былтыр да сол, ертең де сол . . . Сосын қыс келеді қылышын сүйретіп, ағаштар қуарып, орман жалаңаш қалады, өзен суалып көк мұздың астында ыңырсиды, тау ақ сұр бұлттың, аппақ қардың астынды іштей егіледі; ал дала ақ тонды айқара жамылады да, өлі ұйқыға кетеді » деп санасыз табиғатқа саналылардың іс- әрекетін жасатады.
Сонымен қатар шығармада Оралхан Бөкей өз кейіпкерлерінің характерін ашуда шегініс тәсілдерін кеңінен қолданылады. Шығарма барысында, басты кейіпкерлер Қойшы мен оның әйелі өткен өмірлерін жиі еске алады. Жазушы бұл тұстарды көбіне шегініс тәсілдері арқылы беріп отырады. Мысалы: «Көмескі болса да әлі есінде, мектепте оқып жүрген шағында тамам баладан мұның ала бөтен ерекшелігі-байқағыштығы еді. Әр нәрсені тез аңғарып, көрген білгенін ұмытпай жадына түйетін. Бертін келе сурет салуға әуестенді. Бір күні әдебиеттен сабақ беретін мұғалім балаларға «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жаздырды. Қойшы сонда бас қатырып көп ойланбай-ақ қолына қалам алып еді. Бірақ не жазарын білмеді, парақтың басына «суретші болам» деп жазды да, жарты сағат ойланып отырды. Бұл бір-ақ сөз, ал шығармаға кемінде үш-төрт парақ жазу керек. Тек мұғалім «жазып болсаңдар тапсырыңдар» тапсырыңдар дегенде ғана есін жиып, қиялын жинақтаған. Сосын ол ақ бетке бір-біріне иек сүйеген шоқтықты таулар, сол таудың ар жағында күлгін тартып батар күн, сол таудың етегінде тігілген жалғыз киіз уй, жалғыз ат, жалғыз еркектің суретін асығыс салып шықты да тапсыра салды мұғалімге. Мұғалім екі қоймапты. Мұның бетіне қадала қарап тұрып: «Мынау суретші боламын дегенің шығар деп ұқтым да, төрт қойдым. Бірақ суретің тым мұңдылау ма қалай. Әсіресе, жалғыздыққа әуес екнсің. Жалғыздың аты, жаяудың шаңы шықпас деген қалқам», -деді. Бала түсінген жоқ, шын талант жетекшісіз-ақ мұратына жетер болар» деп жазушы суретшілікті армандаған Қойшының балалық шағына шолу жасай кетеді. Бұл жерден біз Қойшының қиялшыл, арманшыл кейіпкер екендігін аңғарамыз.
Иә, Қойшы шынында арманына жете алмады. Арман қуып қалаға кетемін деген ойы жайына қалды. Оның не себепті суретші бола алмағандығын да жазушы өткенге көз жүгірту арқылы оқырманына түсіндіре кетеді: « Он жылдықты әйелі екеуі бірге бітірді, бірге бітірді де екеуі бірдей жұмысқа қалды. Қойшының жұмысқа қалғысы келмеген еді. Класс бойынша бастама көтергізіп дабырлады-ай. Сонсоң тайлы-таяғы қалмай, жеке бригада құрып, пішен дайындауға кірісті. Ұл-қыз аралас отыз оқушы тауда қос тігіп, аралас-құралас, мәре-сәре болып, қойындаса жатты. Не керек шөбін де үйді армансыз ойнап күлді де. Жуастау Қойшының икеміне көніп, үлесіне тигені осы әйелі болды. Бір күні жеңінен тартып, былайырақ шығарып алды да, бетіне бақырайып қарап тұрып: «Сен әкесің» дегенде, не күлерін, не жыларын білмей сасқалақтады. Міне сол себептен де Қойшы суретші боламын деген, ал әйелі дәрігер боламын деген арманына жете алмады. Солай бола тұрса да, Қойшы келер күннен үмітін үзбеді, менің жете алмаған шыңыма ұлым жетер, менің аса алмаған асуымды ұлым асар деп тұңғышына үміт артты.
Бір кездегі озат оқушы, ақынжанды, дарынды жас өз көкірегіндегі ізгі талап, жақсы арманының соңына түптеп түспей, жігерсіздік көрсеткен еді. Өзінің рухани мұратының алдында опасыздық жасады. Сонысы ақыры өзін қапы соқтырды. Қаншалықты еңбекқор, табанды, адал, әділ, өзгелерге рақымды, кеңпейіл болғанымен о да түптеп келгенде, өмірден өз орнын өз бақытын таба алмады. Ойлап қарасақ, Қойшының бағын жандырмай жүрген орынсыз төзімділік, көксеген мақсатының жолында бел шешіп шығуға тәуекелі бармаған жігерсіздік, күнделікті күйбеңнің ағынынан бой асыра алмаған психология екендігі даусыз.
Өмірден баз кешіп, ит өмірдің қорлыған шаршаған күндердің бірінде өз-өзіне қол жұмсамақ та болды. Тек болашақ үмітін жалғар, артындағы тұяғы ұлдары үшін ғана ажалға басын қимады. Жүрегіндегі сенімі ғана Қойшыны әйелі мен ұлдарына жалғап тұрды. «Күндердің күні осы екеуі де болымсыз үміт, болымсыз сенім жоғалса қайтер едім . . . мүмкін көнетін шығармын, мүмкін өлетін шығармын. Егер мен шынында да, осы екеуінен айырылсам, онда . . . білмеймін-ай, білмеймін . . . екі қолымды төбеме қойып, безіп кетермін де. Қайда? Барар жер басар тауым бар ма?!» деп қойшы оңаша қалған сәттерінде болашағына шошына қарайтын еді.
Оралхан Бөкей кейіпкерлерін азапқа, қиыншылыққа толы сындарлы шақтардан өткізе отырып, олардың мінез-құлқын жан-жақты ашуға тырысады. Жалғыздық шарасыздық Оралханның көпшілік кейіпкерлеріне тән қасиет. Солай бола тұрса да, жазушы олардың үмітін келер күннен үздірмей, қайта оларды өмір сүруге құштар ете түседі. « Өліара» повесінде де Қойшы жүрегіндегі сенімінен әлдеқашан, ол ауруханада жатып, құрдасы Зоотехник үйіне келіп түнеген күні-ақ айырылған еді. Алайда, ол мұны сезсе де мойындағысы келмеді. Өзін-өзі алдап, өзін-өзі жұбатып, ұлдарын алданыш етумен ғана өмір сүріп жатты.
Нөсер төгіп, жел тұрып дауыл болған Өліараның бұршақты күні Қойшының әйелі төртінші ұлын дүниеге әкелді. Толғатып, ықылық атып жатқан әйелінің ернінен тұңғыш рет сүйді де: «Мен саған сенемін, менің екі-ақ асыл дүнием бар, үшіншісінің тағдыры соған байланысты. Бірі -сенім, ол сен, екіншісі- үміт, ол тұңғыш - ұлым; үшіншісі - төзім, алғашқының бірі жоғалса, төзімім де жоғалмақ » деген еді.
Иә, Қойшы үмітінен де, сенімінен де, төзімінен де айырылды. Себебі, сүйенішім деп сенген әйелі оған опасыздық жасады. Күндіз-түні жалғыз қалғанда, ащы іздеп ауылға кеткенде, ауырып ауруханаға түскенінде көлденең көк аттының арбауына түсіп жанына жара салды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz