Педагогиканың жалпы мәселелері. Педагогика пәні, оның әдіснамалық негіздері


Педагогиканың жалпы мәселелері
Педагогика пәні, оның әдіснамалық негіздері
- Педагогика пәні жайлы ұғым
Педагогика әуел бастан-ақ балалар тәрбиесі жайындағы ғылым болып қалыптасқан. Тәрбие жайындағы белгілі мәліметтер адам баласының тәрбиесіне сүйенеді. Алғашқы қоғамдағы адамдардың тәрбие жөніндегі таным-мағлұматтары, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары заман ағымына орай бір буыннан екінші буынға ауысып отырды. Адамзат қоғамының, ғылым-білімінің дамуына байланысты тәрбиенің шығуын, оның даму заңдылықтарын ғылыми жолмен түсіндірудің қажеттігі туды. Осындай өмір, ғылым елегінен өткен мәліметтерді пайдаланып, педагогика адам тәрбиесіне қатысты мәселелерді жан-жақты түсіндірудің ғылыми және әдіснамалық жолдарын қарастырады.
Кейінгі кезде педагогиканы тек қана мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды зерттейтін пән деген ұғым шеңберінен шыға алмаушылық та бар. Оның себебі, педагогика орта және жоғары дәрежелі білім беретін, кәсіптік оқу орындарының жұмысы мен жұртшылық арасындағы тәрбие мәселелерін зерттеумен айналысқан жоқ. Ал педагогика пәні жайындағы талас пікірлер оның тәрбиелік мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында болмай, тек қана терминологиялық тұрғыда айтылып келеді. Өйткені, оқулықтар мен оқу құралдарындағы педагогика пәніне берілген әр түрлі анықтамалардың өзі авторлар арасында бірыңғай көзқарастың жоқ екенін көрсетеді. Әрине, термин жөніндегі мұндай талас пікірлер педагогика ғылымының дамуына игі әсерін тигізбейді.
Қазіргі кезеңде тәрбиенің ықпал жасау өрісі орасан кеңейе түсуде. Осыған орай, педагогиканы тек қана балалар тәрбиесі жайындағы ғылым деп шек қою дұрыс болмайды. Педагогиканың ғылыми таным саласы - тәрбие . Педагогика қоғамдық өмірдегі тәрбиенің мәні мен рөлін анықтайды. Сондықтан педагогика жалпы адам тәрбиесі жайындағы ғылым. Ал тәрбие - жастарды әлеуметтік өмірге және еңбекке даярлау, оларға қоғамдық-тарихи тәжірибені үйрету процесі.
Педагогика пәнін және оның зерттейтін салаларын толық түсіну үшін ең алдымен негізгі педагогикалық ұғымдарды қарастырайық. .
Әрбір ғылымның өзіне тән тану саласы және ғылыми ұғымдары бар. Мысалы, философияда мұндай ұғымдарды болмыс, материя, қозғалыс, экономикалық теорияларда - қоғамның өндіргіш күштері мен өндірістік қатынастары, ал педагогикада - тәрбие, білім беру, оқыту жатады.
Ұғымдар (категориялар) - объективтік құбылыстарды, қасеттерді және қатынастарды бейнелейтін ойлау формасы. Осымен бірге ұғымдар біздің санамыздың сатылары.
Педагогикалық ұғымдар арқылы педагогикалық құбылыстарды, олардың өзара байланысын танимыз. Педагогикада «мақсат», «құрал», «тәсіл», «даму» және «қалыптасу» сияқты ұғымдар да кездеседі. Бірақ, олар барлық ғылымдарға ортақ ұғымдар.
Педагогикалық ұғымдардың бірі - тәрбие. Тәрбие жайында осы уақытқа дейін әр түрлі теориялар мен пікірлер айтылып келеді. Тәрбиені ересек адамдардың балаларға ықпал жасауы деп түсіндірушілер де бар. Бұл жағдайда бала пассивті объект түрінде қарастырылады. Ол педагогикалық процестің субъектісі бола алмайды, яғни өздігінен ойланып, белсенді іс-әрекет жасау рөлін атқармайды. Бұдан тәрбиеге бір жақты анықтама беру байқалады.
Тәрбие баланың өздігінен табиғи және еркін дамуы үшін жасалатын жағдай деп анықтама берушілер де кездеседі. Бұл жерде балаға толық ерік беру мәселесіне ерекше көңіл аударылып, ал тәрбиенің рөлі бүркемеленіп елеусіз қалып отыр.
Кейбіреулер тәрбиені практикалық тұрғыдан бір жақты жалаң тәжірибеге сүйеніп түсіндірмекші. Мұндай пікірді қуаттаушылар прагматистер. Олардың айтуынша, тәрбие баланы тұрмыс қалпына бейімдейді, сондықтан ол өзінің күнін көруге пайдасы бар білімді, іскерлікті және дағдыны меңгеруі қажет. Осы жағдайда бала жеке басының қамын ойлап, өзімшілдік мүддесін қанағаттандырады деп дәлелдейді.
Педагогика ғылымы тәрбиені қоғамдық құбылыс, қоғамдық категория тәрбиесіз өмір сүре алмайтындығын философия тұрғысынан қарастырып түсіндіреді. Егер қоғам тәрбиеден қол үзсе, онда адамзаттың мол тәжірибесі мәңгілік елеусіз қалып, тәрбие ілгері баспай, бір жерде тұра берген болар еді деді В. И. Ленин. Сондықтан да Ленин тәрбиені жалпы және мәңгілік категория деп тұжырымдайды.
Тәрбие жайында К. Д. Ушинский: « . . . мектеп, тәрбиеші және ұстаздар адамның тіпті жалғыз ғана тәрбиешілері емес, оның сонша күшті, ал мүмкін және әлдеқайда күшті тәрбиешілері табиғат, үйелмен, қоғам, халық . . . және оның тілі болады», - деді.
Ушинскийдің түсінуі бойынша бұл факторлардың әсері педагогикалық талаптардан басқа (әр түрлі дәстүр, үйелмен ішіндегі қарым-қатынас және т. б. ) себептерге де байланысты.
«Тәрбие» терминін әрдайым тар мағынада, «тәрбиеші тәрбиелейді, кең мағынада өмір тәрбиелейді» деп қолданады. Мұның тәрбие жайындағы жалпы ұғымды анықтауда зор мәні бар.
Тар мағынада, тәрбие деп мұғалімнің және тәрбиешінің ата-аналармен бірігіп, мақсатты түрде жүргізетін тәрбие жұмыстарын айтады. Әрине, тәрбие жұмыстарымен бір ғана мұғалім және ата-аналар шұғылданып қоймайды. Тәрбие - көптің ісі. Сондықтан тәрбие мәселелерімен кәсіподақ ұйымдары, қоғамдық мекемелер, еңбек ұжымдары және бүкіл жұртшылық болып айналысады. Олай болса, тәрбиені кең мағынада, табиғат және әлеуметтік ортаның, мектеп пен ата-аналардың, бүкіл бұқараның тұлғаның дамуы мен қалыптасуына ететін ықпалы деп түсіну керек.
Тәрбие арқылы жеке адамның дүниеге ғылыми-материалистік көзқарасы, мінез-құлықтық, эстетикалық және осы сияқты қасиеттері қалыптасады, ол еңбек етуге ынталы қоғамның белсенді мүшесіне айналады.
Қоғам дамуының белгілі сатыларында тәрбиенің құрамды бөліктері - білім беру мен оқыту ұғымдары бөлшектеніп, жеке мағына бере бастайды.
Білім беру ұғымын ең алғашқы рет педагогикаға енгізген Иоганн Генрих Песталоции.
Білім беру деп - табиғат және қоғам жайында ғылымда жинақталған білім жүйесін жеке адамның меңгеруін және оны өмірде тиімді етіп қолдана білуін айтады. Білім беру мәселесі әрбір қоғамның даму дәрежесіне байланысты. Мысалы, орта ғасырларда санай және оқи білетін адамды білімі бар деп есептеді. Қазіргі атом, космос және халық шаруашылығын автоматтандыру дәуірінде білім беру ғылыми-техникалық үдеудің құдіретті факторы болып отыр. Білім беру өте күрделі ұғым, оны педагогикалық ғылым тұрғысынан түсіндірудің әр түрлі мәні бар. Егер әңгіме білім берудің сатылары жөнінде айтылса, онда бастауыш, тоғыз жылдық, орта және жоғары білім беру ұғымдары пайдаланылады. Ал білім беру мамандыққа байланысты сөз етілсе, онда педагогикалық, медициналық, ауыл шаруашылық т. б. осы сияқты ұғымдар қолданылады. Бұл ұғымдардың бір жағынан, өзара айырмашылығы, ал екінші жағынан, бір-бірімен ұштасып жататын табиғи байланысы болады. Халыққа білім беру ісінің негізі - жалпы орта білім. Білім беру барысында жеке адамның таным іс-әрекеттері дамиды, ой-өрісі кеңіп, еңбекке дұрыс көзқарасы және мәдени деңгейі артады. Жастардың орта және жоғары дәрежелі мамандыққа ие болуы немесе өндірісте нәтижелі еңбек етуі орта білім алуға байланысты.
Оқыту - білім берудің негізгі жолы. Оқыту оқытушы мен оқушылардың біріккен іс-әрекеттері, сондықтан да ол екі жақты, біртекті процесс: біріншіден, оқытушы оқушыларға білім беріп, іскерлікке, дағдыға үйретеді, екіншіден, оқушы таным міндеттерін жете түсініп, дағдыны игереді және оларды өмірде қолданады.
Педагогикада тәрбие, білім беру ұғымдары бірыңғай және тұтас процесс болып қарастырылады. Оқыту барысында білім беру мақсаты іске асырылады. Олай болса, оқытудың білім беру және тәрбиелік мәні бар. Оқыту барысында оқушыларға теориялық білім мен тәрбие беру бір-бірімен ұштастырыла жүргізіледі. Мысалы, әдебиет сабағында шығарма кейіпкерлерінің патриоттық ерлігін мазмұндау арқылы білім бере отырып, мұғалім оқушыларды фашизмге қарсы өшпенділікке тәрбиелейді. Химия сабақтарында оқушылар химиялық заңдар, фактылар, теориялар жөнінде ғылымның негізімен қаруланады. Халық шаруашылығының маңызды салаларында химияны қолданумен танысады. Осыған орай, мұғалім оқушылардың ғылыми-материалистік көзқарастарын қалыптастырады, халқына берілгендік рухында тәрбиелеуге көмектеседі.
Негзгі педагогикалық ұғымдар - тәрбие, білім беру, оқыту біріне-бірі тәуелді, табиғи байланысты. Бұл ұғымдар жастарды өмірге, практикаға дайындаудың басты құралдары.
2. Педагогика ғылымының дамуы және оның қазіргі кезеңдегі міндеттері
Педагогика ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан ірі ғалым-педагог Н. К. Крупская. Ол Ұлы Қазан төңкерісінен кейін А. В. Луначарский, М. Н. Покровский сияқты халық ағарту ісінің белгілі қайраткерлерімен бірге қызмет істей отырып, педагогика ғылымын дамытуда татымды еңбек етті. «На путях к новой школе» журналының беттерінде маңызды педагогикалық мәселелерді үнемі жариялаумен қатар, оны әлеуметтік-педагогикалық ойлардың органына айналдырады.
Н. К. Крупская еңбектері оның 10 томдық педагогикалық шығармаларында жинақталған. Ол педагогика ғылымының барлық салаларына көңіл бөлді. Әсіресе, ересек адамдар арасындағы сауатсыздықты жою, мектепке дейінгі тәрбие, үйелмен тәрбиесі, политехникалық білім, балалар ұжымының рөлі, оқушылардың өзін-өзі басқарушылығы, мінез-құлық, еңбек, эстетикалық және интернационалдық тәрбие мәселелерін ерекше зерттеп, құнды педагогикалық мұра қалдырды. Бұл Н. К. Крупскаяның 20 жылдан астам істеген қызметінің нәтижесі. Оның басты еңбектері: «Халыққа білім беру және демократия», «Семья және мектеп», «Неміс мұғалімдерінің Берлин конгресіндегі еңбек мектебі туралы мәселе» т. б.
Педагогикалық тақырыптарға жазылған бірсыпыра құнды еңбектер педагогика ғылымының дамуына игі әсерін тигізді. Олар: «Советская педагогика за десять лет (1917-1927) », авторы А. П. Пинкевич, А. Г. Калашниовтың редакциясымен дайындалған үш томдық «Педагогикалық энциклопедия» (1927-1928) ; И. АКаировтың (Москва, 1939) және П. Н. Груздеваның (Ленинград, 1940) редакциясымен жазылған педагогика оқулықтары т. б.
Ірі педагог Антон Семенович Макаренко (1888-1939) педагогика ғылымына үлкен үлес қосты. Ол жастарды қайта тәрбиелеудегі өзінің бай тәжірибесіне сүйеніп, оқу-тәрбие жұмысын жүргізудің жүйелі теориясы мен әдістемесін құрды.
А. С. Макаренконың тәрбие мен оқу жайлы еңбектері, оның 1983-1986 жылдары жазылып баспадан шыққан сегіз томдық педагогикалық шығармаларында жинақталған. Олар: «Ата-аналар үшін кітап», «Балаларды тәрбиелеу жайлы лекциялар», «Тәрбие жұмысын ұйымдастыру әдістемесі», «Советтік мектеп тәрбиесінің проблемалары», «Ұстаздық дастан», «Мұнара үстіндегі таулар» тағы да көптеген педагогикалық және әдеби тақырыптарға жазылған повесть, мақалалар, әңгімелер мен очерктер. Бұл еңбектерінде Макаренко тәрбиенің мақсаттары мен міндеттерін, әдістемесі мен негізгі принциптерін, балалар ұжымын, оқушыларға қойылатын бірыңғай педагогикалық талаптарды зерттеп, жинақтады.
А. С. Макаренко педагогиканың үздік шыққан жаңашыл қайраткері, оның идеяларын меңгеру - педагогикалық ғылымды дамытудың маңызды факторы.
Қазіргі жағдайда педагогика ғылымының жетістіктері жан-жақты пайдаланылмайынша, жастарды барлық жағынан бірдей үйлесімді етіп дамыту мүмкін емес. Өйткені, жас ұрпақ халқымыздың мұраттарын сөз жүзінде біліп қоймай, оларды күнделікті істермен тығыз байланыстыра білуі қажет. Міне, осы тұрғыдан педагогика ғылым мен техниканың өскелең дәрежесіне сай тәрбие мен оқытудың ғылыми негізін жасайды.
Педагогика жаңа идеяларды басшылыққа ала отырып, оқушыларды терең және баянды біліммен қаруландырудың, оларды өмірге, мамандықты сапалылықпен алуға әзірлеудің бұдан былай да тиімді тәсілдері мен әдістерін анықтап дамыта береді.
Педагогика ғылымының дамуына қазақтың белгілі философтары, ағартушы-педагогтары, психологтары айтарлықтай үлес қосты. Олардың ой-пікірлерін қысқаша байымдау, еске түсіру, ғылыми және әдеби еңбектерін жастарға білім беру саласында, әсіресе, өскелең өмір жағдайында кең түрде қолданудың қажет екендігі сөзсіз.
Қазақстанда ағартушылық идеяны көтергендердің бірі - Уәлиханов Шоқан Шыңғысұлы (1835-1865) . Шоқанның өзіндік педагогикалық көзқарастары болды. Ағартушы-ғалым қазақ даласындағы оқу мектеп ісін ғылыми негізінде құрып, оқу-білімнің табиғат сырларын ашуға бағытталуын, туған халқының алдыңғы қатарлы мәдениетті елдерді қуып жетуін аңсады. Діни бағыттағы медреселер мен ел билеуші әкімдер, тілмаштар дайындайтын мектептердің мақсатын сынай келіп, жалпы білім беретін мектептердің ашылуын көздеді. Тек ақиқат білім ғана адамға күдік туғызбайды, ол өмірді бағалауға, тұрмыс құруға үйретеді - деді Шоқан. Оның еңбектерінде білім жалпы халыққа блыққа бірдей ортақ болсын деген озық идея басым. Шоқанның ағартушы-ғалым, демократ ретінде көздеген ой-пікірі, негізгі мақсаты - халқына қайткенде де білім беру, оқыту, оны дүние тануға жетелеу, сондай-ақ бұл мәселелерді реформа арқылы іске асыру еді.
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) . Алтынсариннің демократиялық-ағартушылық бағыты оның педагогикалық көзқарастарынан айқын көрінеді. Бүкіл өмір жолын мектеп ашуға, қазақ балаларын оқуға тартуға, дүние ғылымдарын үйретуге, оқу құралдарын жазуға, тәлімгер-ұстаз дайындауға, оларға ғылыми әдістемелік басшылық жасауға, өз кезеңіндегі қазақ халқының қоғамдық өміріндегі саяси-әлеуметтік мәселелерді жан-жақты қамтып, жазуға жұмсады.
Ы. Алтынсарин қазақ жастарының кәсіптік мамандық алуына жол ашты. Торғайда қолөнер, Қостанайда ауыл шаруашылығы училищелері, Ырғызда қазақ қыздарына арнап мектеп-интернаттың ашылуына зор ықпал жасады. Кейінірек қыздар училищелері өмірге келді.
Қазақ халқының ұлы ойшыл - ақыны Абай Құнанбаевтың (1845-1904) поэтикалық шығармалары мен «ғақлия» сөздері педагогикалық ой-пікірлерге толы. Табиғаттың санадан тыс, тәуелсіз өмір сүруі, өмір ақиқатын түйсікпен қабылдануы, адамдар жаратылысының бірдей еместігі, ғылымның ақылымен, жан құмарымен алынатындығы, қоғамдық қатынастар тұрғысындағы пікірлері, жастарды халқының әдет-ғұрпы, салт-санасы, дәстүрінен тәлім-тәрбие алуға шақыруы - оның педагогикалық көзқарасының дүниежүзілік педагогика классиктерінің ой-пікірлерімен терең қабысып жатқандығының айғағы.
«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуды» көксеген ағартушы-педагог Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920) артына педагогикалық ой-пікірдің өшпес мұрасын қалдырды. Өзінің қысқа өмірінде ол қоғамдағы әділетсіздікті, теңсіздікті көре біліп, бұларды оқу-ағарту, тәлім-тәрбие ісімен жөндеуге болады деген пікірді насихаттап, ағартушы-демократ деңгейіне көтерілді.
Сұлтанмахмұт халықты, жастарды дүниетану оқуына, өнеркәсіп үйренуге, мәдениетке жетуге, өнерлі, прогресшіл елдерден үлгі алуға, ілгері өрлеуге, басқа елдермен теңесуге шақырды. Өмірді өзгертуші, адам мінезін қалыптастырушы ұлы күш саналы тәрбие деп түйіндеді. «Ары тазаның жаны таза» деген қорытындыға келді.
Ұлттық тәлім-тәрбиенің көрнекті өкілдерінің бірі - Шәкәрім Құдайбердиев (1858-1931) . Шоқан, Абай, Ыбырайлар салған ағартушылық арна - дәстүрді әрі қарай жалғастырды. Шәкәрімнің жастарға ұсынған адамгершілік жолы - адалдық және ғылымды меңгеру. Ол үшін жастарды адал еңбек етуге, өз мінін өзі көріп, түзете білуге шақырды, бар білімнің түп атасы - ақыл деп қорытындылады.
Ағартушы-педагог Ахмет Байтұрсынов (1873-1937) бай педагогикалық мұра қалдырды. А. Байтұрсынов өзінің барлық саналы өмірін қазақ қоғамында білім-ғылымның дамуына, мектеп ісінің жанданып, кемелденуіне бағыштады. Ол ауыл мектебінде бала оқытты, оқу-тәрбие жұмыстарын жетілдіру саласында көп ізденді.
А. Байтұрсынов қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалады. «Баяншы» (1920 ж. ) деген атпен әдістемелік кітапша шығарды. Мұнда мұғалімдерге «Әліппені» пайдаланудың, сауат ашу әдістерінің жол-жобасын көрсетіп берді. А. Байтұрсыновтың қазақ ғылымы мен мәдениетіне, тәлім-тәрбие мен оқу ісіне сіңірген орасан зор еңбегінің тарихтан өшпес орын алатынын бүгінгі демократия мен әділеттілік салтанат құрған дәуірде өмір шындығы дәлелдеп отыр.
Міржақып Дулатов (1885-1935), Ы. Алтынсариннің ұстаздық идеяларын әрі қарай дамытып, А. Байтұрсынов сияқты оқу-тәрбие мәселелерін ғылыми тұрғыдан қараған, шәкірттердің жаңа бағдарламалар арқылы білім алуына, ғылыми дидактикалық қағидаларға сәйкес сабақ жүргізуге ерекше мән берген педагогтардың бірі. Өзінің «Қирағат» атты кітабында (1924ж. ) « . . . ол балаларды оқыту өз алдына бір ғылым. Ғылым - педагогика . . . Мектеп программасында бірінші орын алған нәрсе қирағат, баяндап оқыту . . . Қирағаттың мақсатын түсінбеген мұғалім үміт еткен пайданы бере алмайды . . . Баланы оқыған нәрсесін бір-біріне ұйқастырып ойлануына, оқып шыққаннан кейін ретті һәм толық мағынасымен қалдыруға әрекеттендіру керек», - дейді.
Мектепке дейінгі тәрбие мәселесіне қозғау салып, оның негізін қалауға қатысқан педагог - Нәзипа Құлжанова (1887-1934) . Оның «Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу» атты педагогикалық жинақ, нұсқау кітабы 1924 жылы жарық көрді. Құлжанованың еңбегінде мектепке дейінгі тәрбиенің мазмұны, мақсаты баяндалып, баланың қимыл-қозғалысын, сезім мүшелерін, сөйлеу, ойлау, ерік-жігерін жетілдіру жолдары қарастырылған. Ол сондай-ақ ересектер мен сәби-бөбектер арасындағы қарым-қатынас мәселелеріне ерекше көңіл бөлген.
Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) педагогика, психология саласындағы құнды ғылыми-зерттеу еңбектерімен қатар, бірнеше оқулықтар, оқу құралдарының авторы болған ірі тұлғалардың бірі. Оның «Тәрбие» атты көлемді мақаласындағы (1918ж . ) тәлім-тәрбиелік ой-пікірлері ғылыми тұрғыдан терең баяндалған. Бұл бағыттағы ой-пікірлері «Тәрбиеге жетекші» атты еңбегінде (1924 ж. ) жинақталған. Бұл еңбегінде педагогиканың дидактика саласын ғылыми негіздеген. Сондай-ақ Ж. Аймауытов «Комплексті оқыту жолдары» (1929 ж. ) атты оқу кітабында.
Қазан төңкерісінен кейін тәлім-тәрбие ғылымына терең үңілгендердің бірі - Мағжан Жұмабаев (1893-1938) . Оның «Педагогика» атты еңбегі сол кезеңдегі ана тілімізде жазылып, ғылыми әлемді елең еткізген туынды болды. Мұнда ол педагогиканың жалпы мәселелерімен қатар, адамның жан дүниесінің әр түрлі жақтарын сипаттайды. М. Жұмабаевтың әдістемелік еңбектері де көңіл аударарлық . Мәселен: «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз» (1921 ж. ) оқу құралдарын қандай етіп жазу қажеттігін баяндаса, «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жолы» (1925 ж. ) , «Сауатты бол» (1926 ж. ), ересектерге арналған «Әліппе» (1929 ж. ) атты еңбектері әдістемелік мәселелерді қозғайды.
Қазақ педагогика ғылымыныңтұңғыш профессоры Шәрәпи Әлжановтың (1901-1938) тәлім-тәрбие саласында әр түрлі тақырыптың төңірегінде жазған жиырмадан астам еңбегі жарық көрді.
Ш. Әлжанов педагогиканың теориясы мен тарихына, сондай-ақ педагогикалық психологияның мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Педагогика мен психология проблемаларын сабақтастыра зерттеп, мұғалімдер мен тәрбиешілер үшін ғылыми ұсыныстар жасап отырды. Оның «Ес және есте сақтау мәселелері», «Ой мәселелері», «Дағдылану мәселелері» атты еңбектерінде (1936 ж. ) шәкірт психологиясының жас және дара ерекшеліктері жайлы сөз болады, сол салада жүргізілген эксперименттік зерттеулердің нәтижесі оқырман назарына ұсынылады.
Қазақтың белгілі педагогы Әбдіхамит Сембаев (1905-1989) қаламынан сексеннен астам қомақты ғылыми-педагогикалық еңбектері туды. Оның «Қазақстанда Советтік мектептің даму тарихы» (1962 ж. ) атты монографиялық еңбегінде мектептердің көптеп ашылуы, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жасау жолдары, мұғалім кадрларын даярлау ісіндегі қол жеткен табыстар нақтылы деректермен ғылыми тұрғыда дәлелденді.
Сұлтанбек Қожахметов (1910-1945) дидактика мәселелерімен жан-жақты айналысқан педагогтардың бірі. Өзінің «Педагогика мәселелері» (1940 ж. ) деген атпен шыққан кітабында шәкірт меңгеретін білімнің саналылығы мен жинақтылығының өлшемдері, баланың өз бетімен кітап оқу дағдысын қалыптастыру, оның алған білімі мен дағдысын, іскерлігін бағалай білудің ғылыми негіздерін қарастырады.
Қартбай Бержанов (1924-1976) - педагогика ғылымдарының докторы, профессор, педагогика ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан ғалым-ұстаз. Қ. Бержанов көптеген монографиялық еңбектердің авторы. Олардың ішінде «Қазақстан мұғалімдерінің қоғамдық және мәдени ағартушылық қызметі» (1951 ж. ), «Халық ағарту саласындағы орыс-қазақ ынтымағы» (1966 ж. ), С. Мусинмен бірге жазған ана тіліндегі тұңғыш оқулық - «Педагогика тарихы» (1971 ж. ), «Тәрбие мен білім берудің бірлігі» (1973 ж. ), «Қазіргі педагогиканың актуальды мәселелері» (1974 ж. ) атты ғылыми еңбектерін ерекше атауға болады.
Қорыта айтқанда, біз Қазақстанда педагогика ғылымының ХХ ғасырдың басынан бері қарайғы дамуына үлес қосқан аға ұрпақтың кейбір өкілдеріне ғана шолу ретінде тоқталдық.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz