Патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулауы: әскери-отарлық әкімшілік пен жергілікті халық арасындағы қатынас


Патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулауы: әскери-отарлық әкімшілік пен жергілікті халық арасындағы қатынас
(ХІХ ғ. ІІ ж - ХХ ғ. бас кезі) .
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынас тарихнамасы мен деректік негіздері талданып, патша өкіметінің Оңтүстік өңірге енуі барысындағы жергілікті халықпен байланысы, жергілікті халықтың сеніміне кіру мақсатында әскери-отарлық әкімшіліктің атқарған іс-шаралары, өлкедегі отаршылдық билік жүйесінің құрылуы және оның жергілікті халықпен өзара қатынасының ерекшеліктері, патша өкіметі жүргізген саяси-әкімшілік реформалары және өңірдегі халықтың өміріне тигізген әсері, жергілікті халықтың түрлі наразылық шаралары, отаршыл басқару жүйесінің сипаты және жергілікті халықтың жағдайына байланысты мәселелер қарастырылады.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Ұлт-азаттық күрестің нәтижесінде тәуелсіздігімізді алып, жас мемлекетіміздің ірге тасын қалаған қазіргі таңда еліміздің тарихшылары қазақ халқының өткен жолын жаңаша көзқараспен жазып, онда орын алған мәселелерге талдау жүргізіп, ғылыми тұрғыдан баға беріп, көптеген ғылыми еңбектерді дүниеге әкелуде. Ол еңбектерден бұрындары қозғалмаған немесе біржақты қарастырылған тарихи оқиғаларға және тарихи тұлғалардың атқарған қызметіне объективті түрде баға беруге деген талпынушылық айқын аңғарылады.
Мұндай бағыттағы ғылыми еңбектердің нәтижелері тарихи сананы қалыптастыруға және өскелең жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге қызмет етері сөзсіз. Соған орай еліміздің тарихына көптеген деректік материалдарды ғылыми айналымға тарта отырып, одан әрі тереңдете зерттеу жұмыстарын жүргізгеніміз абзал. Соның ішінде Қазақстанның саяси-әлеуметтік ахуалын терең түсінуде патшалық Ресейдің үстемдігі тұсындағы жекелеген аймақтардағы ерекшеліктерді нақтылы материалдар негізінде зерттеудің маңызы зор.
Осы себепті, біз Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынасты зерттеуді жұмысымыздың объектісі етіп алдық. Тарих ғылымында бұл мәселенің арнайы зерттелуі Ресейлік отарлаудың ғылыми негізде тура және терең түсінуге жол ашпақ. Өйткені елімізді өз билігіне енгізген Ресей империясы қазақ қоғамының дәстүрлi құрылымын күйретудi мақсат етіп, қазақ даласын бөліске салып, мемлекетілік сананы жоюға тырысты.
Нәтижесiнде патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынаста қайшылықтар шиеленiсе түсiп, үнемi қақтығыстарға соқтырып отырды. Дегенмен халқымыз есін жинап өз тәуелсіздігін қалпына келтіріп, Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев жазғандай: «Сонау алыс-жақын ғасырлардың өн бойында дала билеушілері аса қуатты империялардың қысымына және ішкі алауыздықтың дүмпуіне төтеп бере жүріп, ең басты байлығымызды-ұлттық тұтастық пен ұлттық жер аумағын сақтап қала алды» [1] .
Қазақ хандарының билігін жойғаннан кейін Ресей өзіне бағынышты аймақтарында Ресейдің әскери - әкімшілік жүйесін енгізуге нақты мүмкіндік алып, оны іске асырады. Олардың міндетіне қазақ даласындағы әскери-полициялық және азаматтық істерді жүргізу тапсырылып, шексіз биліктің иелеріне айналды. «Қазақстандағы патша әкімшілігі, - деп жазды академик С. З. Зиманов, - үлкен дербес саяси билікке ие болды. Бұл мекемелердің іс-әрекеттерін жоғарғы сатыда тұрған билік орындары қолдады немесе үнсіз ғана келісіп отырды» [2, с. 25] .
Әскери күшке сүйенген патша әкімшілігі өлкеде отарлық тәртіпті орната отырып, қарапайым бұқара халық пен оның билеушілерін нақты билiктен шеттеттi. Олар осы мақсатқа жету үшін жергілікті тұрғындарға қарсы қанды жазалаулар жүргізді. «Азиаттардың орыс аты аталғанда үрейі ұшатындығына қол жеткізу оңайға түскен жоқ, - деп жазады Е. Марков өзінің «Ресей Орта Азияда» деген еңбегінде, - сәл ғана жасалған орысқа деген қарсылық әрекет үшін бұратаналарды қанға бөктіріп, аяусыз жазалау қажет болды. Жақын маңнан табылған орыстың өлі денесі үшін бүкіл ауылдар тұрғындарымен өртеліп, күлі ғана қалатын» [3, с. 16] .
Қарап отырсақ, қазақ жеріндегі Ресей үстемдігінің тарихы қазақ халқы үшін қасіретке толы болғанын байқаймыз. Ресей империясының Азия елдерінде жүргізген саясатын жан-жақты зерттеген ағылшын тарихшысы А. Краусс мынадай тұжырымға келеді: «Ресейдің азиялық отарларындағы жүргізіп отырған саясаты - барып тұрған агрессиялық империализм саясаты. Басқару жүйесі толықтай әскери шенеуніктерге жүктелген және өлкенің барлық қаражаты әскери округтарды ұйымдастыруға, оларды жабдықтауға жұмсалады. Саясаттың негізгі бағыты елдің ішкі мүддесін ескеруге, халық сұранысын өтеуге емес, патша иеліктерінің шекарасын кеңейте түсуге бағытталған. Басқаша айтқанда, Ресей - басқа елдерді жаулап алып, халқын құртып, орыстандырып жіберуді мақсат тұтқан империя…» [4, с. 27] .
Патша өкіметінің жүргізіп отырған саясатының түпкі мақсаты отарланған елдердің жерін басып алғаннан кейін, онда мекендеген халықты басыбайлыққа салуды көздегенін ағылшын тарихшыларымен қатар дерек көздеріне сүйенген орыс зерттеушілерінің еңбектері де растайды, әрі толықтыра түседі. Мәселен, осы ретте мынадай бір пікірге көңіл аударған орынды сияқты. «Бәрінен де жағымды құбылыс, - дейді А. П. Хорошихин, - барлық жерде жаңа өлкені отарлауға және бақыт пен жақсы тұрмыс іздеп келген орыс халқы көбейіпті. Яғни, Түркістан өлкесі бізге керек және өте пайдалы. Ал оның жабайы халқын құртып жіберу біздің адамзат алдындағы парызымыз болып табылады» [5, с. 38] .
Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынасты зерттеу нәтижесінде жергілікті басқару органдарының және онда қызмет еткен шенеуніктердің ұстанымын талдау мүмкіндігі туады. Сондай-ақ сол тарихи кезеңде жер мәселесінің күрделене түсуінің, халық ағарту ісі саласындағы бүркемеленген орыстандыру ісі мен жергілікті халықты шоқындыру бағытындағы іс-шаралардың астарын, өңірдегі діни ахуалдың және шаруашылық пен өндіріс салаларындағы жай-күйді терең түсінуге мүмкіндік аламыз. Осының өзі зерттеп отырған тақырыбымыздың ғылыми өзекті мәселеге арналғанын және ғылыми сұранысқа ие екенін аңғарта түседі. Сол себептен де зерттеліп отырған Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынасын деректер негізінде ашып көрсету өзекті мәселенің бірі болып табылады.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі. Диссертациялық жұмыстың теориялық-методологиялық негізін тарих, философия және тағы басқа да қоғамдық ғылымдардың қалыптастырған жаңа бағыттағы ғылыми тұжырымдары құрады. Сонымен қатар тарихтың методологиялық мәселелерін зерттеуші шетелдік және отандық жетекші ғалымдардың еңбектеріндегі қарастырылып отырған тақырыпты жаңа көзқарас тұрғысынан жазуға мүмкіндік беретін ой-пікірлері басшылыққа алынды. Соның нәтижесінде ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынас тарихын зерттеу өркениеттілік ұстаным, тарихилық принцип пен гуманизм, ынтымақтастық және мәдени-тарихи тұжырымдамалары аясында жүргізілді. Зерттеу жұмысын жүргізуде анализ, синтез, ретроспективалық, салыстырмалы-тарихи және сипаттап баяндау әдістері қолданылды. Осы әдістер негізінде жасалынған тұжырымдар мен қорытындылардың өзара логикалық тұрғыда үйлесімді болуы басты назарда ұсталды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастың деректік материалдар негізінде, жаңа көзқарастар тұрғысында талдай отырып зерттеу, оны объективті түрде ашып көрсету диссертацияда басты мақсат етіліп қойылды. Осыған байланысты мынадай міндеттерді шешу назарға алынды:
- Өңірді иелену жолындағы Ресей, Қытай және Орталық Азия хандықтарының арасындағы өзара тайталасы мен күрес жолдарын ашу;
- Орыс жаулаушылығына қарсы жергілікті халықтың бастапқы кездегі қарсыластығы және сұлтандар мен ру басшыларының патша билігіне байланысты ұстанымын ашып көрсету;
- Жергілікті халықты Ресей билігіне тарту бағытындағы әскери-отарлық әкімшіліктің атқарған іс-шараларына ғылыми баға беру;
- Өңірдің жаулануы барысындағы жергілікті халықтың ахуалындағы өзгерістерді ғылыми тұрғыда негіздеу;
- Оңтүстік Қазақстанды жаулаудың аяқталу барысындағы жергілікті халық өкілдерінің отаршыл әкімшіліктің қызметіне тартылуы себептерін түсіндіру;
- ХІХ ғасырдың 60-жылдарындағы патша өкіметі жүргізген саяси-әкімшілік реформалары және оның өңірдегі халықтың өміріне тигізген әсерін зерделеу;
- Түркістан генерал-губернаторлығының құрылымы мен қызметі және өлке халқына жүргізген ықпалын нақтылы мәліметтер негізінде баяндау;
- Өлкедегі отарлық билік жүйесінің күшеюі және жергілікті халықтың наразылығын ғылыми саралау;
- Әскери-отарлық жүйенің күйреуі және жергілікті халық өкілдерінің жаңа билікке қатынасына талдау жасау;
Зерттеу жұмысының нысаны - жаңа деректер негізінде Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастарының ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі аралықтағы даму үрдісін қарастыру.
Зерттеу жұмысының пәні - тақырыпта атап көрсетілгеніндей, диссертация мазмұны Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастарының тарихын қарастырып, талдаулар жасайды.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі. Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезін қамтиды. Қазақ хандығы жойылғаннан кейінгі ХІХ ғасырдың 50 жылдарынан бастап, кеңестік билік орнағанға дейінгі аралықты қамтитын тарихи кезеңдегі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастары отандық тарих ғылымында арнайы зерттелінбеген. Мұның өзі зерттеу жұмысының хронологиялық шегінің дұрыс таңдалғанын айғақтайды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Кең көлемдегі деректік материалдар негізінде ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастарының тарихы тұтастай қарастырылуы зерттеу жұмысының негізгі жаңалығы болып табылады. Нақтылай айтқанда диссертацияда төмендегідей жаңалықтар бар:
- ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастарының тарихнамасы сараланып, мәселенің деректік негізіне талдау жасалынған;
- Ресей империясының сыртқы саясатында өлкенің стратегиялық маңызы бар аймаққа айналуы және оның дүниежүзілік саяси аренадағы орны анықталған;
- Патша өкіметінің өлкені иелену үшін Орталық Азия және Қытай мемлекеттерімен тайталасы және оларды ығыстырып шығаруы, сондай-ақ Жетісу мен Сырдария қазақтарын Қоқан және Хиуа хандықтарының ықпалынан айыру жолындағы айла-әрекеттері мен амалдары жайындағы ойлар түйінделген;
- Орыс жаулаушылығына қарсы жергілікті халықты басқарған сұлтандар мен рубасылардың және билер мен батырлардың бастапқы кездегі қарсыластығы мен олардың патша билігіне байланысты ұстанған саясатына объективті ғылыми баға берілген;
- Ресей билігінің тұсында өлкедегі жер дауының күрт шиеленісуі және патшалық әскери-әкімшілік орындарының араласуымен қазақ жүздерінің арасында болған қарама-қайшылықтардың себептері мен салдарлары, сондай-ақ жергілікті халықты Ресей билігіне тарту бағытындағы әскери-отарлық әкімшіліктің басқа да атқарған іс-шаралары мұрағат деректері негізінде баяндалған;
- Өңірдің жаулануы барысындағы патшалы Ресейдің билігінің жергілікті халықтың саяси-қоғамдық және шаруашылық байланыстары мен тұрмыстық өмір салтына тигізген өзгерістері ашылып көрсетілген;
- Оңтүстік Қазақстанды жаулаудың аяқталу барысындағы амалы қалмаған жергілікті халық өкілдерінің отаршыл әкімшіліктің қызметіне тартылу себептері зерделенген;
- ХІХ ғасырдың 60 жылдарындағы патша өкіметі жүргізген саяси-әкімшілік реформалар және оның өңірдегі халықтың өміріне тигізген әсері жаңа көзқарас тұрғысынан пайымдалған;
- Түркістан генерал-губернаторлығының құрылымы мен қызметі және өлке халқына жүргізген ықпалы ғылыми негізде сараланған;
- Өлкедегі отарлық билік жүйесінің күшеюі мен жергілікті халықтың наразылығы нақтылы мәліметтермен негізделген.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастарын зерттеу нәтижесінде қорғауға мынандай тұжырымдар ұсынылады:
1. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастары патшалық билік тарапынан күштеуге, зорлық-зомбылыққа негізделіп, жергілікті халықтың құқы мен ұлттық мүддесі ескерілмеді.
2. Патша өкіметі өлкені иелену кезінде Орталық Азия және Қытай мемлекеттерімен тайталасқа түсуге мәжбүр болды. Өйткені мемлекеттілік тәуелсіздігінен айрылған қазақтар осы мемлекеттерден пана іздеп, тәуелсіздік жолындағы күресте арқа сүйеп, үміт артты.
3. Патшалық Ресей тарапынан зор қауіп төнгенін түсінген Хиуа, Қоқан сияқты мұсылман хандықтары өлкедегі жергілікті халықпен бірге басқыншыларға қарсы біртұтас майдан құруға тырысты.
4. Орыс басқыншыларымен болған күресте қазақтар барынша қарсыласып бақты. Бұл қарсылық өлкедегі жергілікті халық өкілдерінің арасынан азаттық күресті бастаған Есет, Жаңғазы, Тойшыбек, Байсейіт, Жаңқожа, Сыздық және тағы басқа да көптеген тұлғаларды тарих сахнасына шығарды. Сонымен қатар қазақтың басқа рубасылары мен сұлтандары азаттық қозғалысқа тікелей араласпаса да халықтың мұң-мұқтажы үшін патша әкімшілігімен байланысқа түсті.
5. Жергілікті халықты ешбір шығынсыз және қарсылықсыз өз билігіне кіргізуді мақсат тұтқан патша әкімшілігі қазақ жүздері мен рулардың арасындағы жер, жесір, барымта және басқа да көптеген дауларды мақсатты түрде күшейтіп, руаралық жанжалдарды ұйымдастырды. Оларды басқарған билеушілерді бір-біріне айдап салған. Осы мақсатты жүргізген патша өкіметінің әскери-отарлық әкімшілігі жергілікті халықты аса үлкен шығынсыз өзіне бағындыруға күш салған.
6. Өңірді бағындырған патшалы Ресей сұлтандардың билігін империялық басқару жүйесімен алмастырып, жергілікті халықтың ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрлі шаруашылығын күйзеліске ұшыратты және өздерінің заңдары мен «тәртіптерін» енгізе отырып көшпелілердің әдет-ғұрыптарға негізделген билер сотын өзгерістерге ұшыратты.
7. Оңтүстік Қазақстанды түпкілікті Ресейдің билігіне бағындыру үшін патша өкіметі өзінің әскерлерін өңірге аттандырған кезде жергілікті халықтың билеуші топтары елін жазалаудан аман алып қалу мақсатында отаршыл әкімшіліктің қызметіне жаппай кіре бастайды.
8. ХІХ ғасырдың 60 жылдарындағы патша өкіметі жүргізген саяси-әкімшілік реформалары Қазақстанның оңтүстік өлкесін отарлық жүйеге толығымен тартты және түпкілікті өзгерістерге ұшыратты.
9. Түркістан генерал-губернаторлығының құрылымы мен қызметі өлкедегі отарлық саясатты нығайтты және жергілікті халықты қанауды күшейтті.
10. Өлкедегі күшейген патша билігі жергілікті халыққа ауыр зардаптар алып келді. Нәтижесінде жергілікті халықтың зиялы қауым өкілдері азаттық қозғалысты басқарып, патша үкіметіне петиция жазып, бүкілресейлік мұсылман съездеріне қатысып, Думадағы мұсылман фракциясының жұмысына белсене қолдау көрсетті.
Зерттеудің қолданыстық маңызы. Диссертацияда жасалынған тұжырымдар мен қорытындыларды жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәні бойынша жүргізілетін арнаулы курстар мен семинар сабақтарын өткізуде пайдалануға болады.
Сонымен бірге зерттеу жұмысының тұжырымдарын ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы тарихи кезеңді зерттеуге арналған ғылыми зерттеу еңбектерінде, оқу құралдары мен оқулықтарда қолдануға болады. Сондай-ақ зерттеу жұмысының тұжырымдары Орталық Азия халықтарының өзара байланыстары тарихын және түркі халықтарының тарихын әзірлеуге септігін тигізе алады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері мен қорытындылары Қазақстанда өткен халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Зерттеу жұмысының мазмұнына сәйкес 30 мақала Қазақстан және Қырғызстанда шығатын ғылыми басылымдарда жарияланды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған тізімге енген 12 басылымда 20 мақала, шетелдік басылымдарда 3 мақала, әртүрлі республикалық басылымдар мен республикалық және халықаралық ғылыми конференция материалдарының жинағында 7 мақала жарық көрді.
Диссертацияның құрылымы: Алға қойған мақсаты мен міндеттеріне байланысты диссертациялық жұмыстың құрылымын кіріспе, 6 тарау және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімі құрайды.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертациялық жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі негізделіп, жұмыстың зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, методологиялық негіздері, хронологиялық ауқымы, практикалық маңызы және қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар көрсетілген.
«ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің жаулауы: әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынас мәселесінің теориялық-методолгиялық негіздемесі, тарихнамасы мен дерек көздері» деп аталатын бірінші тарауда тақырыптың теориялық-методологиялық мәселелері мен тарихнамасы қарастырылып, мәселенің дерек көздеріне талдау жасалды.
«Мәселенің теориялық-методологиялық негіздемесі» атты бөлімде зерттеу жұмысына қатысты методологиялық ұстанымдар, тұжырымдамалар баяндалды. Зерттеу жұмысын ғылыми негізде және жүйелі түрде баяндауда тарихи таным әдістерінің орны ерекше.
Зерттеу әдістері талдау обекті ретінде алынған тарихи процестің табиғатынан, ішкі ерекшеліктерінен туындап, мәселенің құрылымы мен қайталанбас өзіндік болмысын ашуға лайық келіп, осы мақсатқа қызмет жасай алғанда ғана нәтиже бере алады. Ғылыми танымның жетілуімен бірге жаңа білімге жетуге жол көрсететін ұстанымдар, тұжырымдар мен теориялыр қалыптасады немесе оларға деген көзқарас өзгеріске түседі. Өткен дәуірдегі тарихи құбылыстарды бір қалыпқа салған маркстік-лениндік ілімге негізделген методология зерттеушілерге қандай да бір елдің және халықтың тарихи дамуындағы өзгешеліктерге баса назар аударттырмай, тап күресіне басымдылық беріп, революциялық дамуды абсолюттендіріп, дамудағы эволюциялық үрдістің маңызын екінші кезекке ығыстырды. Соған сәйкес ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі Оңтүстік Қазақстанды мекендеген жергілікті халықтың 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін қалыптасқан ахуалға орай «капитализмге соқпай, социалистік құрылысқа көшуі» барынша дәріптеліп, маркстік-лениндік методологияға сүйенген кеңестік тарихшылар патша өкіметінің отаршылдық саясатын көпе-көрнеу бұрмалап, қазақ халқына жасалынған зорлық-зомбылықтарды ұмыттырып, Ресейдің «басқыншылық саясаты» деген терминдерді алып тастап, оның орнына «өз еркімен қосылу» сияқты терминдерді қолданысқа енгізді. Кеңес тарихшыларының мұндай тұжырымы коммунистік жүйе жойылғанға дейін үстемдік құрып келді.
Соңғы екі он жылдықта қоғамда қалыптасқан жаңа жағдайда еліміздегі тарих ғылым бұрын байқалмаған мүмкіндіктерге ие болып отыр. Қазіргі таңда тарихи зерттеу жұмыстарына ешқандай да идеологиялық шектеулер жоқ. Зерттеу методологиясы мен әдістерін игерген тарихшы маман нақты тарихи фактілерге сүйене отырып, ғылыми жұмыспен айналысу мүмкіндігі зор. Соңғы жылдары жемісті жүргізілген мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы ғылымға жасалынған мемлекеттік қолдаудың нақты айғағы. Міне бұл жағдайлар өз ретінде отандық тарихтың жаңа сапаға өтуіне қажет методологиялық ұстанымдар мен зерттеу әдістерінің қалыптасуына жасалынған алғышарт болып табылады.
Бұл арада біз басшылыққа алатын тарихи ғылымының іргелі принциптерінің бірі тарихилық принципі (принцип историзма) . Оның негізгі талабы уақыт ағымындағы кідіргіссіз өзгерісте болатын обьективті тарихи шындықтың аса маңызды байланыстарын жан-жақты және адекватты қалпында көрсету. Ал егер бұл талдау принципін біздің тақырыбымызға байланысты қарастырар болсақ, онда мәселенің мынадай қырларына баса назар аударған жөн. Біріншіден, патшалық билік пен қазақ қоғамы қандай жағдайда неге байланысты өзара қатынас орнатты, екіншіден, бұл тарихи қатынас қандай даму және өзгеру кезендерінен өтті және үшіншіден, бұл екі субьектінің өзара қатынасы қандай нәтижелермен аяқталды (1917 жылғы революциялық өзгерістерге дейін) .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz