Тәуелсіздік толғауы Медет етсек бір мезет


Тәуелсіздік толғауы Медет етсек бір мезет
Адамзат қашанда алдағыны әрі аңсай, әрі абыржи тосқан ғой. Әсіресе, ғасыр, мыңжылдық сынды межелі кезеңдер таянғанда қатты қобалжыпты. Үшінші мыңжылдыққа да бір ғасыр бойы әзірленіп, әр қилы милленаристік қозғалыстарды қоздатыпты. Сарыуайымшылдар: «Киелі кітапта айтылатын қиямет-қайым орнаса, осы жолы орнайды. Жасаған күнәміз шашымыздан да асып кетті. Ол үшін күллі адамзат болып жауап беретін кезіміз енді келді», - деп қорқыпты. Қиялшылдар: «Жаратқанның жердегі үмбетін тегіс жарылқайтын заманы енді орнайды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқаласа, енді жұмыртқалайды», - деп қуаныпты.
Сөйткен жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдық міне, келді. Сәуегейлер қанша құйқылжытқанмен, әзір бәрі бәз-баяғысынша. Таң орынынан атып тұр. Күн орынынан батып тұр. Қиямет-қайым болған жоқ. Жерден Мәді шыққан жоқ. Көктен Ғайса түскен жоқ. Мыңжылдықтар тоғысының біреуінде алты қат аспанды тастап, жерге келіп қонады-мыс «пейіш қала» да әзір көзге шалына қоймады. Ескендір Зұлқарнайынның Макарей аралдарынан, Рим папасы III Александр, Ұрым падишасы Мануил Комнин, француз королі VІІ Людовик Алтай жақтағы қайдағы бір «Иоан патшалығынан», көне орыс абыздары «бал құйылып, қаймақ ағатын» Ақсудан, мұсылмандар Қап тауынан, келттер батыс теңізіндегі шөлмек аралдан, махаяндар Шамбалдан, эзотеристер Тибет пен Бұланай тауларынан, біздің қазақтар біресе іргедегі Жиделі Байсыннан, біресе тескен таудың ар жағынан ат сабылтып іздеп келген жерұйық та әзір табыла қойған жоқ. Ондай ұшпақты қолдан жасамақ дәмеден де күдер үзіле түскендей. Ғасыр басында әлемдік төңкеріс жариялап, дүниені дүрліктіріп баққандар ғасыр аяғында жыны ауған бақсыдай жым-жырт бола қалысты. Қырқыншы жылдары Солтүстік Американың байырғы тұрғындары да біраз дүрлігіскен көрінеді. Орталарынан өз «пайғамбарларын» шығарып, осы ғасырда қайтып оралатын «әзелгі теңдік» заманына бай, кедейге бөлінбей, бірдей болып барамыз десіпті. Джон Фрам қандастарын қалталарындағы еуропалықтар әкелген көк қағаздардың көзін құртуға шақырыпты. Дүкендерде ештеңе тастамай, үптей сатып ап, ішіп-жеп, артын тоят тойына айналдырып, біраз думандатып бағыпты. Джек деген «жаңа пайғамбар» адамдардың біреуін бай, біреуін кедей көрсететін үстегі лыпа, одан арылсақ, теңсіздіктен арыламыз деп, «жаппай тыржалаңаштануға» үндепті. Соғыстан соңғы бес жыл бойы үстеріне шүберек жолатпай, мәз-мәйрам болған дүрмектерді қарудың күшімен қуалап жүріп таратыпты. Жігіт жағын әскерге алып, желіктерін әзер басыпты. Бірақ, армандаған жаңа теңдік те орнай қоймаған. Көксеген «баяғы теңдік» те орала қоймаған. Ешкім ауырмайтын, өлмейтін, ашықпайтын, масықпайтын, екіаяқтының бәрі теп-тегіс періштеге айналып шыға келетін жұмақ қоғам бүгіндері шындық түгілі қиял болудан да қалып бара жатқандай.
Иә, адамзат жиырмасыншы ғасырға неше түрлі әлеуметтік алақызбалыққа ұрынып, еліре аттапты. Енді соның бәрі су сепкендей басылып, біртүрлі есеңгіреп қалған секілді. Тәңірім, жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдық табалдырығынан аттап отырған біздерді де қай-қайдағы әулекіліктерге ұрындырмай, етек жиып, ес түгендеп алуымызға мұрша бергізгей.
Төңірегімізге осы тұрғыдан көз тастасақ, көкте бір Тәңірге, жерде бір өзіңе ғана сеніп, көреміс жарықты көріп, бұйырмыс ырзықты татып, сүйгізген ұрпағын сүйіп, өлшеулі ғұмырға пейіл болудан басқаның бәрі күпірлік екендігіне көзіміз тегіс жете бастағандай. Оған да «шүкір» дейміз. Көңілге медет қыларымыз тек бір бұл емес. Ең бастысы, жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдыққа егемен ел, тәуелсіз ұлт болып аттадық. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Өйтіп, біреуді көріп шүкір етіп, біреуді көріп пікір ету үшін де өткенге ой, бүгінге көз жіберуге тура келді. Ол үшін, ең алдымен, бір сауалға - бұл күнге қалай жеттік? - деген сауалға жауап іздеуіміз қажет сияқты.
Азаттық төркіні алыста
Бұл - ешкімді ешқашан енжар қалдырмаған сауал. Оған жауап іздеген халықтық космогониялық аңыздар да, ежелгі заман манускриптері де, Зәбүр, Таурат, Інжіл, Құран сынды аспаннан түскен «пайғамбар кітаптары» да, көпғасырлық ғылыми ізденістер де аттың басын сонау әлімсаққа апарып бір-ақ тірейді. Бір сарасына құлақ ассаңыз: әзелгі рух ғаламшарды да, тіршілікті де, адамзатты да бір уақытта, тіпті бір мезетте жаратқан. Әр ықылымда сондай жаңа пәрмен жаратылған болмысқа разы болмай, жер кіндігін орынынан ауыстырып жіберіп отырған. Соның салдарынан өмір сүріп жатқан нәсіл жойылып кетіп, орынына жаңа нәсіл пайда болып отырған. Біз әрқайсысы ғаламшардағы жеті планетаның біреуінің ықпалында болуға тиісті жеті ықылымның бесеуін бастан кешіппіз. Әлі екеуін бастан кешпегіміз керек көрінеді. Екінші бір сарасын тыңдасаңыз: біз - Жаратқан Иенің қолынан шыққан алғашқы нәсілміз. Жаралмай жатып ренжітіп, пейіштен қуылып кетсек те, біржолата түңілдіре қоймаппыз. Түпкі анамыздың аңқаулығынан ағат басқан әзелгі күнәмізге жаңа күнәлар жамап ап, талай көңілін қалдырсақ та, бір топаннан соң бір топанға ұрындырып, тәубеге келтіріп, бір пайғамбардан соң бір пайғамбарын жіберіп, жөнге түсіріп келеді екен. Ал біржолата күдерін үздірсек, қиямет-қайым орнатып, орынымызға жаңа адамзат жаратуы әбден ықтимал көрінеді. Осыған орай, адамзаттың жаралуы мен таралуын біреулер миллиардтаған, тіпті триллиондаған жылдарға ұзартса, біреулер миллиондаған, тіпті мыңдаған жылдармен ғана шектейді.
Ғылым да қарап жатпаған сыңайлы. Ол тіршіліктің пайда болуы мен дамуын үш кезеңге: ғарыштық эволюция, табиғи эволюция, тарихи немесе мәдени эволюция дәуірлеріне бөледі. Ғарыштық эволюция осыдан 10-15 миллиард жыл бұрын ғалам төрінде болған үлкен қопарылыстан басталыпты. Сонда пайда болған шоғырлардан бес миллиардтай жыл бұрын жұлдыздар жаратылыпты. Соның сөнбеген біреуі - Күн де, сөнген біреуі - Жер көрінеді. Жердің жасы 4, 5 - 5 миллиард жыл деп есептеледі екен. Ол бұдан үш жарым миллиард жыл бұрын суынып, бір бөлігі құрғаққа, бір бөлігі мұхитқа айналыпты. Тіршілік белгісі әуелі мұхитта бой көрсетіпті. Табиғи эволюция сол арадан басталса керек. Қазақ ақыны Қашаған: «Дүниенің басы әуелде меруерт тас саналған; меруерт еріп су болған; судан түтін бу болған; аспан, жер содан жаралған; адам, лаухы, ғалам, абзал болып таралған он сегіз мың бұл ғалам: алтауы екен жәмәдат, алтауы екен нәбәдат, алтауы екен аюанат, үш алтыны қоса ғой - он сегіз мың жан болар, білмеген адам таң қалар», - десе, бүгінгі ғылым, биологиялық эволюция нәтижесінде, жер бетінде, ең кем дегенде, екі миллиондай түр өрбіген дейді. Соның бірі - адам көрінеді. Нобель сыйлығының лауреаты Жак Мононың пайымдауынша, жер бетіндегі тіршілік енді қайталанбайтындай боп, бір-ақ мезетте пайда болса керек; ғаламшар тіршілікті, биосфераны, адамды әлденеше уақыт бойы құрсағында тербеткен жоқ секілді; бәрін де кенеттен жарата салғанға ұқсайды. Сөйтіп, біздің керемет бір ұтыс ойынында ойда жоқтан қолымыз шыққан тәрізді.
Жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарында адам хромосомын зерттеген америкалық генетиктер, әуелі, бүгінгі адамзаттың ар жағы бір әйелден тарағанын, артынша-ақ, сол әйелмен осыдан 188 мың жыл бұрын қатынаста болған бір еркектің түп атамыз екенін анықтапты. Иель университетінің оқымыстылары һомо sapiens (саналы адам) осыдан 270 мың жыл бұрын өмір сүрген азғантай топтан өніп-өрбіген деген қорытындыға келіпті. («Нью-Йорк Таймс», 23 қазан 1995 жыл) .
Адамзаттың шығу төркінін жерден емес, ғарыштан іздейтін панспермистердің бір тобы әлгі деректі «жеті ықылым», «жеті кезең» қисынымен орайластырып, қазіргі бесінші кезеңде өмір сүріп жатқан адамзат, Інжілдің меңзеуінше, енді мың жылдан кейін ақырзаманға ұшырайды десе, екінші тобы әлі де екі нәсіл келуі керек, жер бетіндегі тіршілік әлі де 17, 5 мың жылға созылуы керек деп жұбатады екен. Көңілді көп көншіте қоймайтын тұжырым екені рас. Бірақ, Дарвинге дейін жұрт, оның ішінде ұлы ғалым Ньютон да, Ашер деген епископтың есептеуінше, дүние Ғайса туғанға дейінгі 4004 жылы жаратылған дегенге сеніп келгенін ескерсек, алдымыздағы 17, 5 мың жыл, тап анау айтқандай, қорқынышты көрсеткіш емес сияқты. Оның үстіне, жиырмасыншы ғасырдағы ғылыми зерттеулер адамдар мен қоршаған орта арасында жарастықты қарым-қатынас қалыптасса, дүние, ең кем дегенде, бұған дейін қанша тұрған болса, әлі де сонша уақыт тұра алатындығын айғақтайды. Адамдар мен қоршаған ортаның арасында ондай жарастық қалыптасуы үшін әуелі адамдардың өз арасындағы этникалық-әлеуметтік қарым-қатынас жарастыққа құрылуы қажет екендігі түсінікті.
Бір өкініштісі, бүгінгі таңда тіршіліктің тағдырына адамзаттың өз даму эволюциясында әлгіндей шешуші кезең келіп тұрғанын толық түсініп болмағандығымыз ең үлкен қауіп туғызып тұрғандай. Панспермистердің және бір тобы жер бетіндегі нәсілдерді енді дәуірлейтіндер мен дәурені біткендер деп екіге жіктейді. Эволюционистердің де кейбіреулері әр нәсілді әртүрлі приматтардан таратуға пейіл. Мәселен, 1939 жылы Қытайда археология қазбаларын зерттеген неміс антропологы Франс Вайденрайхтың шығарған полицентризм (көптектілік) қисыны бойынша, еуропалықтар неандерталь адамдарының еуропалық бұтағынан, негрлер африкалық бұтағынан, ал моңғол нәсілділер синантроптардан таралды-мыс. Бұл - әлгіндей жарастықтың жолына кедергі қойғысы келетін қисындар. Өйткені, олардың көмекейлерінде не тұрғаны белгілі. Бір кездегі терімшілерге тән жабайылық, көшпелілерге тән жаугершілік, егіншілерге тән өркениет барлық нәсілге де тән ортақ даму сатылары емес еді; әрқайсысы әр нәсілдің маңдайына жазылған мәңгілік сыбағасы еді; сондықтан біреулер дәйім ержете бермек те, біреулер дәйім кер кете бермек дегілері келеді.
Ал бүгінгі адамзаттың басым көпшілігі мойынұсынып отырған гуманистік ақыл-ой бұнымен келісе алмайды. Ол әу баста Інжілде де, Құранда да бар, өзара өзектес космогониялық кескіндемеден өрбіген-ді. Ол бойынша, бүгінгі адамзат бір ата, бір анадан тараған. Адам ата мен Хауа ананың тұңғыш ұлы Қабыл өз бауырына қол жұмсағаны үшін қарғысқа ұшырап, өсіп-өне қоймаған. Екінші ұлы Абыл ұрпақ көріп үлгермей дүние ауған. Жаратушы жер жүзін түгел басқан топаннан ол екеуінен кейін туған Сафи (Сиф) дейтін үшінші ұлдарынан тарайтын Нұх әулетін ғана аман алып қалған. Олардан бүгінгі адамзат өрбіген. Ендеше, адамзатқа әуелден де жаратушы жаппар иенің шарапаты тиген. Сондықтан, бірінің қолынан келген екіншісінің де қолынан келмекші. Бірінің жеткеніне екіншісі де жете алмақшы.
Жиырмасыншы ғасырдың ғылыми зерттеулері, негізінен, бұл қисынды белгілі мөлшерде қуаттап шыққандай. Олардың пайымдауында да, адамзат әуелден тектес, төркіндес. Олардың физиологиялық, этологиялық мінездемелері, негізінен, биологиялық эволюция сатысында қалыптасқан. Өйткені, оған алғашқы дүниеде миллиондаған биологиялық түрлердің арасынан табиғаттың дайын қорегін иемдену арқылы тірлік кешетін өз экологиялық аясын жасақтау қажет болған. Оны өзі тектестермен бірлесе отырып, қорғап, кеңейтуге тура келген. Соның арқасында келесі мәдени эволюция кезеңіне көше алған. Оған қоршаған ортадағы тек күшпен ғана еңсере алмайтын тосын құбылыстар мен алапат өзгерістер мәжбүр еткен. Олар тірі қала білуге, ол үшін құбылмалы жағдайға уақтылы икемделе білуге баулыған. Сол қабілет - мәдени эволюцияның бірден бір тетігі ретінде дамып шыңдалған. Адамзат соның арқасында ғана қалған жан иелерінен шығандай озып жетілген. Тіпті қалған жануарлардан ғана емес, бір-бірінен де озып кетер мүмкіндіктерге ие болған.
Адамзат өніп-өсе келе бастапқы мекендерін тарсынған. Жан-жаққа бытыраған. Барған жерлерінде қорек айыру мүмкіндігі азайған кезде жаңа өрістерге аяқ басқан. Ол кездегі әр қауым, М. Коэннің есептеуінше, қырық кісіден аспаған. Сонша адамға ырзық айыру үшін жүз шаршы шақырымдай жерді кезіп шығу керек болған. Осылай шарлай-шарлай жүріп, басқа құрлықтарға да аяқ басқан. Археологиялық деректерге қарағанда, алғашқы адамдар үш миллион жыл бұрын Африкада пайда болған. Палеостатик Ж. Н. Биробанның есептеуінше, бір миллион жыл бұрын саны жүз мыңға жетіп, Таяу Шығыс арқылы Еуропа мен Азияға өткен. Содан бір миллион жыл бойына сандары бір миллионға жете қоймаған. Осыдан елу мың жыл бұрын осы заманғы адам - һомо sapiens пайда болған. Қырық мың жыл бұрын sapiens neanderthalensis әлі ғылым анықтай қоймаған себеппен жойылып кеткенде жер бетінде тек һомо sapiens-тер ғана қалған. Олар бар болғаны 500 мыңдай жан болған. Негізінен Африка мен Еуразияны мекендеген. Осыдан 70 мың және 13 мың жыл бұрын қазіргі Беринг бұғазы арқылы екі дүркін Америка құрлығына асқан, жиырма мың жылдай бұрын Австралияға аяқ басқан. Осыдан 30 мың жыл бұрын сандары 5 миллионға жетіп, тағы да 20 мың жыл бойында сол қалпында тұрып қалған. Сонда ол кездегі жер бетінде бар болғаны қазіргі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындарының санымен шамалас халық мекендеген болып шығады. Ежелгі терімшілер мен аңшылар бүкіл жер жүзіне тегіс тарап, кейбіреулері табиғаттың дайын ризығын иемденуді місе тұтпей, жабайы аңды қолға үйретіп, жабайы дақылды қолдан егіп, ауыл шаруашылығы мәдениетіне көшкен соң ғана төрт мың жыл ішінде, осыдан 6 мың жыл бұрын, адамдардың саны бұрын-соңды болмаған көрсеткішке - 90 миллионға барған. Ауыл шаруашылығы дәуірлеген он екі мың жыл бойына жер бетіндегі халықтың саны 200 миллионнан аса алмады. Содан ХV ғасырда ғана демографиялық шарықтау байқала бастапты.
Бұл екі ортада адамзат мәдени эволюцияның терімшілік, аңшылық және ауыл шаруашылығы сатысынан өтіп, өркениет сатысына аяқ басыпты. Бірақ, барлық жердегі жағдай бірдей емес еді. Үйреншікті дағдымен-ақ күнкөріс айыруға толық жағдай бар аймақтарда эволюциялық тоқырау байқалса, тұрғындар санының көбеюіне байланысты, күнкөріс үрдісін түбегейлі өзгертуге мәжбүр болған аймақтарда эволюциялық шарықтау бой көрсетіпті. Ол тек адамдардың күнкөріс айыру тәсілдерін ғана өзгертіп қоймай, болмысқа деген көзқарасын да түбегейлі өзгерткен. Үйреншікті дағдымен де күнкөріс айыруға жағдайы жеткілікті жерлерде қанағатшылдық, бәсіктік, дәстүрге құрмет үстемдік құрса, ал әлгіндей төтен өзгеріс керек аймақтарда белсенділік, жаңалыққа құштарлық, әрекетшілдік идеологиясы қанат жайыпты. Сөйтіп, адамзат технологиялық әрдеңгейлілік, идеологиялық әрұдайылық, жалпы алғанда, эволюциялық әрқилылық кезеңіне ұшырайды. Бұл қауымдардың әлеуметтік ұжымдасу деңгейінде де анық көрінеді. Қанағат кеңістігінде көпшілдік, қауымшылдық үрдістер тамыр тартса, әрекетшіл аймақтарда әр адамның жеке мүддесі басым маңызға ие болатын өзімшілдік өрістепті. Бірінші кеңістіктегі саяси салиқалылық үшін қалыптасқан дәстүр жеткілікті болса, екінші кеңістікте пәрменді ықпалға ие өктем билікті керек етіпті.
Халықтың көптігінен күнкөріс тәсілдерін жетілдіруге мәжбүр болған аймақтар ауыл шаруашылығына алдымен көшіпті. Астық пен ет өзін өндіруге кететін күштен қырық есе көп күш бітіреді екен. Күштің артуы ырзықты да молайтады. Күнделікті ішіп-жемнен артылып қалатын қосымша өнімді қордаландырады. Бұл дәулет көбейту мен игілік бөлісуді үйлестіретін мемлекетті туғызады. Ондай аймақтарға Жерорта теңізі мен Парсы шығанағы маңы, Индонезия аралдары, Қытайдың белгілі бір бөліктері мен Мексика жатыпты. Жер шарының қалған бөліктерін ұзақ уақытқа дейін терімшілер, аңшылар, балықшылар мекендепті. Алғашқы аймақтардың көпшілігі, осы заманғы тарихтанудың айтуынша, біздің дәуірімізге дейінгі 8000 жылдан 3500 жылға дейін ұсақ мемлекеттілікке, біздің дәуірімізге дейінгі 3500 жылдан 600 жылға дейін империялық, біздің дәуірімізге дейінгі 600 жылдан біздің дәуіріміздің 500 жылына дейін антикалық, біздің дәуіріміздің 500 жылынан 1750 жылға дейін Еуропалық үрдістегі, ал эволюциялық даму өндірістік мәдениетке көшкен 1750 жылдан бастап осы заманғы үрдістегі мемлекеттілікке ие болыпты.
Бұл процесс біртіндеп әлемнің қалған бөліктеріне де өріс жаяды. Бірақ, барлығында да әлгіндей реттілікпен жүзеге аса қоймайды. Әсіресе, көшпелілер әлемінің мемлекеттенуі қалған дүниеден ерекшелеу болды. Сондықтан да батыс тарихшылары оларды көп уақытқа дейін алғашқы қауымдар дәрежесінде қабылдап келген.
Елдіктің ежелгі сүрлеуі
Теріскей Еуразия тым беріде игерілді. Оған әлденеше рет жер бетін мұз басып кеткені кедергі келтірді. Жерорта теңізі, Алдыңғы Азия, Қиыр Шығыстан санаулы географиялық дәліздер арқылы Еуразияға келген ата-бабаларымыз осыдан төрт мың жылдай бұрын жылқыны қолға үйретіп, үш мың жылдай бұрын көшпелі одақтар құра бастады. Олар көп ұзамай қос құрлықты баса көктей дамыған далалық империяларға айналды. Климаттық құбылулардан туындайтын экологиялық өзгерістер ұлан-ғайыр кеңістіктегі геосаяси ахуалды да құйқылжыта құбылтып отырыпты. Мал шаруашылығымен қорек айырып, жаугершілікпен қоныс иемденетін көшпелі мемлекеттер ұдайы соғыс жағдайында өмір сүрді. Ондай ел үшін ең басты иерархиялық көрсеткіш- күш еді. Сондықтан да батырларды ардақ тұтты. Ең мықты қолбасшы шығарған топ ең үстем ықпалға ие болды. Тіпті мемлекеттің аты да әлгіндей этникалық топтың немесе ол шығарған қолбасшының атымен аталатын.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz