Махамбетті жырлау – халықтың рухын жырлау


Махамбетті жырлау - халықтың рухын жырлау
А. Тәжіғалиева
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Алматы қ.
Заулауында киіктің
Кеңдігі бар даламның, -
деп толғаған ақын Ғ. Қайырбеков енді бір өлеңінде:
Бұл даланы ер Махамбет жырлаған,
Ақ нажағай ат үстінде тулаған,
- дейді(1) .
Мәні терең осы өлең жолдарында Ғ. Қайырбеков қазақ даласының шексіз-шетсіз екенін тіліне тиек етіп, кеңдігін айтса, “Махамбет даласы” өлеңінде Махамбеттей рухы биік тұлғаны тудырған қазақ даласын жырға қосады. Өлең қазынасында ерекше орны, алмас жыры мен өткір семсері бар, бітімі бөлек “ақ нажағай” Махамбет тұлғасын жырға қосуы арқылы дала тақырыбын даралай көрсетеді.
Ғафу ақынның осы өлеңдерін оқи отырып, О. Сүлейменовтың небәрі 24 жолдық “Арғымақ” өлеңі есіңе еріксіз оралады.
Профессор М. Базарбаев айтқандай, шынында да қазақ ақындары үшін “бейнелеу құралдарының бар арсеналы - қазақтың кең даласы” (2; 54) ұлттық тақырыптың сүбесі болып келген.
Ғафу өлеңінің өзекті арнасы - қазақтың дарқан даласын дүбірлете өткен Махамбеттің тағдыр тарихы. Елдің елдігін ойлаған ердің ерлігі, азаматтық ар мен опасыздық - ақын өзегін өртеп жыр боп құйылады. Ақындарына ерекше шабыт беретін қасиет те өмір жалынына шарпылған шын өмір мен шынайы сенім екені ақиқат.
“Дұшпанда кеткен сол көптің
Ежелден бергі кегі үшін”,
“Ереуіл атқа ер салып,
Егеулі найза қолға алып,
Еңку-еңку жер шалып”,
түз даланы жортқан Махамбетті жырлауда Ғафудың дауылпаз ақын жүрген даланы обьекті етіп алуының мәні ерекше. Өйткені, Дала - халықтың құтты ордасы, елінің атамекені. Халық үшін Дала - тіршіліктің тынысы, күрестің бел ортасы.
Бұл өлеңнің шығу тарихы туралы атыраулық жазушы Берік Қорқытов былайша ой өрбітеді:“Қонақтар Махамбет атасы жортқан даладан үлкен әсер алып келеді. Ғафу қаламын тағы қолға алды, ақын атасы туралы толғап келе жатқан сияқты. … Ғафуға сөз берілді. Ақын жол бойында туған “Махамбет даласында” деген өлеңін тебіреніп оқып берді”(3) . Демек Махамбет жортқан несібелі байтақ дала Ғафу ақынның қиялына қанат бітіріп, көкірегінен жыр бұлағын тасқындатқан екен. Бұл - 1966-жылдың қыркүйегі болатын.
Ғ. Қайырбековтің ақындығы, ой-ізденісі хақында әдебиет сыншысы Ш. Елеукеновтың: ”Жеке адамның рухани дүниесі жайындағы лирикалық шағын да мөлдір өлеңдерден бастап, өмірдің ерен биік құбылыстарының парасат-парқын пайымдай, жинақтап айтуға дейінгі екі ара - оның ақындық өресін анықтайды, (4; 176) -деп жоғары бағалағанындай, қазақ халқы үшін, дала, жер мәселелері қашанда көкейкестілігін жоймайтындығы да ақын шығармашылығынан тыс қалмаған. Өйткені “ Ердің сойы Махамбет сынды тұлғалардың сөзі де жан дүние тебіренісі де ел, жер тағдырымен тамыры тұтас, қан соғысы бір” (А. Егеубай) екенін Ғафу ақын жақсы ұғынды. Сосында, өзінің “ Махамбет даласы”өлеңін:
Бұл даланы ер Махамбет жырлаған
Ақ нажағай ат үстінде тулаған,
-деп өзі ат басын тіреп, аяқ басып тұрған киелі жер - Махамбеттің “Еділ үшін егескен, Тептер үшін тебіскен, Жайық үшін жандасқан, Қиғаш үшін қырылған, ” даласы осы екенін аңғартудан бастайды.
Асылы, қазақ поэзиясында ұлттық тарихтан сыр шертіп,, ұлттық мінезді беруде және тарихи тұлғаны сомдауда дала тақырыбын қозғаудың мән - маңызы зор. Осы орайда академик З. Қабдолов: “Алыс ғасырлар түкпірінде мұнартқан арғы тауарихқа қарасақ, сонау Асан Қайғы мен Қазтуған, Доспамбет пен Махамбет жырға қосқан жері бұл!” (5), -десе, ғалым, сыншы А. Егеубай:” Жер! Жер тағдыры, Ел тағдыры туралы әдебиет. Жер! Жер! Жер! Оған сол Байтоқтан да, сол Жанұзақтан да, Доспамбет, Махамбеттен де, әрісі Асан қайғы тағдырынан да мысалды келтіре беру қиынға түспейді. Сол тұстағы қазақ әдебиетінің ұлылығы да қуаттылығы да төл тақырыбын ашық жырлағаны, өз ауруын ашық айтқаны. Жер! Ел! Бұған әдеби шығармалар да, енді-енді қолға тие бастаған құжатты деректер де толық куә(6), -деп пайымдайды.
Міне, Махамбеттің ақындық құдіреті де осы туған жерінің туын көтеріп, жері мен малының талауға салынуына көнбеуінде. Сондықтан да батыр ақынның ел қорыған, жер қорыған өлеңдері барша қазақ жүрегіне ыстық.
Ақын Ғ. Қайырбеков “Махамбет даласы” өлеңінде:
Сол даланың көзі болған шырақты
Жаны сорлы өшіріпті бір надан(1; 28), -
деп кейіптеу тәсілі арқылы Махамбетті “ат үстінде тулаған бір нажағай“, ”сол даланың көзі болған шырақ”, - деп, найжағайға, шыраққа баласа, шырақты өшірген жанды сорлы қылып, надан етіп суреттейді. Ғ. Қайырбеков меңзеген сол қатал заманның надандығын сыншы, ақын С. Ақсұңқарұлы былайша бағамдайды: “Жәңгір хан айтақтап, Баймағанбет сұлтандар үре түрегеліп, Ықылас хорунжий құшақтап тұрып, пышақтап салған …дейді бір білгіштер. Түр-түсі, түпкі төркін жұрты тарихқа атам заманнан белгілі осы үш типтің жалпы аты, жаһан таныған ныспысы Надандық болатын!” (7) .
Махамбеттің мәңгі жаңғырар есімі мен өшпес жырлары, ұлы тұлғасы хақында ақын:
Оның сөзі оңдырмайтын ақ алмас
Ол тірлікке екі қайтып оралмас
Сонда-дағы бұл дүниеден ол сабаз Көк аспанның күйіндей боп жоғалмас, -
деп, оның алмастай өткір жырларының мәңгі жасайтынына, батыр бабамыздың есімі көк аспанның күйіндей мәңгі жоғалмасына нық сенеді.
Ақынның Махамбет бейнесін жырмен шынайы айшықтап, барынша суреткерлігін әбден танытқан тұсы, біздіңше, мына жолдар:
Ол сар садақ ер қасында шіренген,
Ол құйылған отты қайрат-жігерден.
Құдай өзі әдейі көктен түсіріп,
Елдің жасын бір тиюға жіберген.
Ол да кетті, қайтсе де адам болғасын,
Зорлап қиды зор кеудеден зор басын. (1; 93)
Белгілі ғалым А. Егеубай: “Поэзияны өнер етіп тұрған алтын арна-уақыт, замандас рухын тікелей қабылдап, бірге тебіренуі”(8, 81), -дегеніндей Ғ. Қайырбеков бұл өлеңінде батыр ақынның “Ханнан қырық туғанша, қарадан бір-ақ тусайшы, халықтың кегін қусайшы”-деп өзі толғағандай, халық мұңын мұңдап, ханға қарсы көтерілген ер жүрек ақынның:
Бұ заманның шағында
Махамбеттей зарығып,
Мұңды болған қайда бар?-
деп, көздеген мақсатына жете алмай, ақыры “зор кеудеден зор басы зорлықпен түскенін” тебірене жырға қосады.
Ақын жырында батыр ақынның тұла бойын отты, қызулы қайрат-жігерден құйылған алып етіп сипаттаумен қатар, Махамбетті елдің көз жасын құрғатарға құдай өзі көктен түсірді деп жер бетіндегі көптің бірі емес көктен түскен дара да дана екенін топшылайды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz