Қазақ тілі стилистикасы пәнінен дәрістер


Лекция тезистері
№1
1. Лекция тақырыбы: Стилистиканың ғылым және пән ретінде қалыптасуы
2. Лекция жоспары: 1. Стилистиканың даму тарихы.
2. Стилистиканың негізгі бағыттары мен аспектілері
3. Лекция мақсаты: Жалпы лингвистикалық стилистика туралы мәлімет беру
4. Қысқаша теориялық мәлімет:
Барлық ғылымдардың зерттеу нысаны өзінің күрделілігімен даму эволюциясының тарихынан сан алуан процесімен ерекше көзге түседі. Стилистика ғылымы да осындай даму тарихын бастан кешірген. Стилистика ғылымының даму бағыты басқа ғылымдармен сабақтас. Қазіргі стилистиканың негізгі кезеңдері ертедегі антикалық риторика және поэтика, шешендік өнер ғылымдарымен өзара байланысып жатыр.
Жалпы тіл ғылымында стилистика белгілі тарихи дәуірді бастан кешіргенмен, ол өзінің алғашқы мағынасын айтарлықтай өзгертілген жоқ. Ресейде стилистиканы ғылыми тұрғыдан зерттеу мәселесі ХҮІІІ ғасырда басталды.
ХХ ғасырдың басында стилистика таза ғылымның нысаны ретінде қарастырыла бастады, тілдің функциональдық қызметін жан-жақты зерттеу нәтижесінде функциональдық стилистиканың негізі қаланды. Оған тілдің әдіс-тәсілдері туралы ХХ ғасырдың аяғында қаланған ғылыми-тұжырымдар негіз болды. Жалпы лингвистикалық ғылымның және жеке ғылымдардың әдіс-тәсілінен стилистикалық талдау әдістері қолдана бастаған болатын.
Стилистикалық талдау әдістерінің (орыс тілі ғылымындағы орны бойынша) негізі-тіл мен ойлау, тіл мен қоғам, тілдің әлеуметтік мәні мен қызметі. Стилистикалық талдау әдістерінің негізі қалануына осыған бйаланысты жазылған В. Гумбольдт, А. А. Потебня, Ф. де Соссюр, Б. Д. Куртэнэ, М. М. Бахтин т. б. еңбектерінің ықпалы болды. Әлемдік тіл білімінде, орыс тіл ғылымындағы стилистикалық зерттеу еңбектері негізінде қазақ тілі стилистикасы ғылыми тұрғыдан зерттелді.
Еліміздің егемендік алуы және тіл заңының шығуы қазақ тілі функциональдық, ресурстар стилистикасын зерттеу бағыттарын жаңа мазмұнда қайта қарауға тікелей ықпал етті.
Стилистика (лингвистикалық стилистика, лингвостилистика, жалпы стилистика) -тіл білімінің бір саласы. Стилистика тілдің көркемдегіш амал тәсілдерін, тілдің жұмсалу аясының түрлі қоғамдық салаларда қолданылуын, қатысымдық әрекетінің функциясын атқарады.
Филология ғылымында стилистика, стиль сөздері ертеден қолданысқа ие. Ресейде 19, тіпті 18 ғасырдан стилистиканың жекелеген аспектілеріне арналған зерттеулер шықты (мысалы, әртүрлі көркем шығармалардың не жазушылардың тілі, стилі туралы), теориялық сипаттағы еңбектер де жарық көрді. Алайда, ғылыми пән ретінде стилистика 20 ғасырдың 20-30 жылдарынан қалыптаса бастайды, ал оның бір тармағы болып саналатын функционалды стилистика 50 жылдардан бастап белсенді түрде зерттеу объектісіне айналады.
Стилистика, стиль ұғымының мәні тілдің коммуникативтік аспектісімен, тілдің қолданысымен, қызмет ету жағдайымен тығыз байланысты. Бұл мәселеге көңіл бөлу 19 ғасырдың аяғы 20 ғасыр басындағы тілші ғалымдардың еңбектерінен бастау алады: В. Гумбольд, Ф. де Соссюр, А. А. Потебня, И. А. Бодуэн де Куртенэ, Е. Д. Поливанов, Л. П. Якубинский, Р. О. Якобсон, В. В. Виноградов, Г. О. Винокур т. б.
Функционалдық-стилистикалық зерттеулер, әсіресе, өткен ғасырдың 60 жылдарынан, тіл ғылымының тілдің құрылымын зерттеуден оның қызметін (тілдің тұрақты күйінен даму жағдайын) зерттеуге ауысуынан бастап белсенді жүргізіледі. Стилистиканың қалыптасуы әдеби тіл нормасы мәселелерін зерттей бастауға да тығыз байланысты (чех ғалымдары: В. Матезиус, В. Гаверенек, Э. Косериу, және орыс ғалымдары В. В. Виноградов, Г. О. Винокур т. б. еңбектері) .
Стилистиканың қалыптасуына тіл ғылымының «ұсақ» бірліктерді зерттеуден «ірі» бірліктерге ден қоюы да (дыбыстардан-мәтінге қарай) әсерін тигізді.
Стилистиканың дамуына әдеби тіл, тіл мәдениеті мәселелерін зерттеу де өзіндік үлес қосты.
Бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына байланысты стиль, сөз мәдениеті мәселелері одан әрі өзекті бола түседі.
Мәтін лингвистикасы, прагматика стилистикалық зерттеулердің кейбір жаңа бағыттарын туғызды. Ю. С. Степанов: «Қазіргі уақытта ұлттық мәдениетті, тілді және психологияны зерттеу стилистиканың (тіл ғылымының бір саласы ретінде) пайда болуымен одан әрі нақтылана, айқындала түсті», -дейді [4, 21] .
Стилистика, сонымен, өзінің сипаты, мәні жағынан-функционалды сипатқа ие (оның даму тарихы соны дәлелдейді) . Бұл теориялық ғылым бола тұра, оның қолданбалы, тәжірибелік маңызын жоққа шығармайды. Керісінше стилистиканың дамуы (функционалды стилистиканың) тілді оқыту әдістемесіне, басқа қолданбалы салалардың дамуына ықпалын тигізді. Лингвостилистика тілдік теорияның іргелі мәселелерін зерттейді (мыс., тілдің әлеуметтік табиғаты, оның құрылымдық және функционалдық аспектілерінің байланысы, қызмет ету заңдылықтары, тіл мен ойлаудың байланысы) .
Тіл ғылымы тарихындағы ұлы жаңалықтарының бірі-тілдің қос қырлылығының (жүйелілігі мен қызмет ететіндігі, қозғалмалылығы)
ашылуы болды. Тіл осы екеуінің бірлігінен тұрады. Мұның бір жағы-құрылымдық-жүйелік жағы, жеткілікті дәрежеде зерттелсе, функционалдық жағы (сөз тудырушылық аспектісі) енді ғана зерттеле бастады.
Стилистика- әдеби тілдер жүйесін талдап, тілдік құралдарды қолдану заңдылықтарын түсіндіретін лингвистикалық пән.
Стилистика "стиль" деген сөзден шыққан. Ал стиль дегеніміздің өзі латынша "Styles - жазу құралы" деген сөз. Латын тілінде кейіннен "жазу мәнері" деген мағынада қолданылған және осы мағынада Европа білімпаздарының арасына көп тараған. Орта ғасырларда Греция мен Римде стиль-сөзге сендіру тәсілі, ал стилистика- риторика (шешендік өнері) делінген.
Стилистика тәрізді сөздің қазіргі мән-мағынасы көпшілікке түсінікті. Ол - «ұшталған таяқша» деген мағынаны білдіреді. Ол кезде балауыз жағылған тақтайша жазу-сызу үшін пайдаланылған. Ойды дәлірек жеткізу үшін таяқша арқылы тақтайдағы жазуды әлденеше өшіріп, қайта жазуға, түзетіп отыруға да тура келген. Таяқшаны (стильді) пайдалана білу өнері кейіннен сөз шеберлігін, тіл мәдениетін арттыра түсу деген мағынада ұғыныла келіп пән атауы ретінде қалыптасқан.
Стилистиканың дамып, қалыптасуы ертеректен бастау алып, қазақ тіл білімінде де ол жан-жақты қарастырылып келеді. Қазіргі кезде арнайы пән ретінде жоғарғы оқу орындарында оқытылып, оның мәні мен мақсаты түсіндіріліп, ол туралы ғылыми еңбектер, оқу құралдары, оқулықтар және кейбір шығарма тілінің стильдік ерекшеліктері жайлы талдау кітаптары мен мақалаларда тіліміздің кейбір стильдік құбылыстары туралы көптеген пікірлерді кездестіруге болады. Қазақ тілінің стилистикасын зерттеуде М. Балақаев, Б. Манасбаев, Томанов, Жанпейісов, Р. Әміров, А. Ысқақов, Ф. Мұсабекова, Р. Сыздықова, М. Серғалиев, Д. Әлкебаева, Ә. Хасеновтің және соңғы жылдары А. Мырзахметқызы, О. Бүркітов, С. Қоянбекова т. б. ғалымдар мен ізденушілерді айтуымызға болады. Орыс тіл білімінде стилистика мәселелерінің зерттелуі көптен бері қолға алынған. Бұл жөніндегі еңбектер де жарияланып келеді. Әсіресе осы салада өнімді еңбек етушілер деп А. М. Пешковский, Л. В. Щерба, В. Виноградов, Г. В Винокур, А. И. Ефимев, В. П. Мурат сияқты ғалымдарды атауға болады.
Тіл білімінде стилистиканың жалпыға бірдей қалыптасқан анықтамасы жоқ. Мұның бір себебі өзінің қалыптасуы барысында тіл білімінің бұл саласы әр түрлі бағыттардың құрамында дамыды. Алғашқы кезде көркем тілді зерттеу аясында дамыса, соңғы кездері оның зерттеу нысаны әлдеқайда кеңейіп, тармақтала түсті.
Жалпы алсақ, стилистика тілдің мәнерлі құралдары туралы, сонымен қоса тілдік құралдарды сөйлеудің мазмұнына, қарым-қатынастың мақсатына, жағдайы мен саласына сәйкес қолдану, яғни тілдің қызмет ету заңдылықтары туралы ілім деп анықтауға болады. Қарым-қатынастың анағұрлым жинақталған, әлеуметтік мәнге ие болған ондай салаларына ғылыми, көркем, публицистикалық, ресми және тұрмыстық салалар жатады. Функционалды стильдер осы салаларға сәйкес ажыратылады.
Кейде стилистиканы тілдің мәнерлегіш құралдары туралы ілім деп те анықтайды. Ондай жағдайда стилистиканың функционалдық жағы ескерілмей, ол тек тілдің стилистикалық боямалы құралдарын зерттейтін болып шығады. Сонымен қатар, стилистиканы функционалды стильдер туралы ғылым деп қана қарау жеткіліксіз, өйткені стилистика ілімі тілдің стилистикалық қорын зерттеуден бестау алады, әрі стилистикалық қор функционалды стильдерді қалыптастыруға да уақыт өте келе белсенді қатысады.
Сонымен, жоғарыдағы анықтаманы жалпы стилистикаға тән анықтама деуге болады. Жалпы стилистика зерттеу бағыттарына қарай іштей былай тармақталады:
1. Контекстен тыс түрде тілдің стилистикалық қорын зерттейтін саласы-құрылымдық стилистика.
2. Тілдің әр түрлі қарым-қатынас саласында қолдану заңдылықтары туралы ілім-функционалды немесе қолданымдық стилистика.
3. Көркем әдебиет стилистикасы.
4. Нормативті, практикалық стилистика.
Құрылымдық стилистика тілдік құралдардың стилистикалық сапа-қасиеттерін олардың нақты қолдану жағдайына қатыссыз тұрғыда зерттесе, қолданымдық стилистика, керісінше, тілдік құрылымдардың қызмет ету ерекшеліктерін олардың белгілі бір жағдайларда (мысалы, белгілі бір жанрлық ерекшелікте, ауызша, жазбаша т. б. ) қолдануымен байланысты қарастырады. Көркем әдебиет стилистикасы тілдік құралдардың ерекше салада, ерекше жағдайдағы қолданысын: көркем шығармада өнер тудырушы, өнер құбылысы ретіндегі қолданысын, яғни көркем шығармадағы өмірін зерттейді. Ал, практикалық стилистиканың міндеті-стилистикалық тілдік мәдениетті қалыптастыру. Бұған негіз болатын тілдің стилистикалық қорын және оның қызмет ету заңдылықтарын меңгеру, мұның өзі сөз қолданудың стилистикалық нормаға сәйкес дағдысын қалыптастырады.
Бұлардың ішінде тілдің стилистикалық қорын зерттейтін құрылымдық стилистика саласы-әріден келе жатқан дәстүрлі сала. Оны сипаттама стилистика десе де болады. Ол тілдің стилистикалық бояуға ие құралдарын, тілдік тұлғалардың (дыбыстан мәтінге дейінгі) мәнерлегіш мүмкіндіктерін, мағыналық-қолданымдық реңктерін зерттейді. Жазушы тілінде қолданылатын көріктеуіш-бейнелеуіш құралдар да осы стилистиканың қарамағына жатады. Тілдің стилистикалық синонимдік қатары-оның негізгі зерттеу аймағын құрайды. Бір сөзбен айтқанда, жалпыхалықтық тілдік қордың (байлықтың) стилистикалық құрамын зерттейді, ал ол стилистиканың негізгі базасын құрайды.
Тіліміздегі лексикалық, фонетикалық, грамматикалық тәсілдерді қолдану принциптерін ретке келтіретін лингвистикалық стилистиканың орны ерекше маңызды. Лингвистикалық стилистиканы түрлерге бөліп жүйелеудегі негізгі принцип - оның негізгі зерттеу бағыттары болуға тиіс. Олардың бірі - мәтіннен тысқары стилистикалық ресурстар (мүмкіндіктер) . Бұл аспектіні тіл ресурстары стилистикасы деп те атайды. Ал екінші-қоғамның әртүрлі аяларында тілдің қолданысқа түсу заңдылықтары. Бұл аспектіні функциональдық стилистика деп атайды.
Қазіргі тіл білімінде стилистика тармақтарының жіктелуіне байланысты, салыстырмалы-салғастырмалы (контрастивтік) стилистика, дара (индивидуальдық), функциональдық стилистика, зерттеу әдістемесіне байланысты синхронды стилистика және диахрондық стилистика, материалдардың ғылыми тереңдігі мен нақтылы шығарманы талдау үстіндегі деректерді сипаттауға байланысты теориялық стилистика және практикалық стилистика деп жүйеленеді.
Лингвистикалық стилистиканың тіл білімінің басқа салаларымен байланысына келетін болсақ, олар бір-бірімен тығыз байланыста. Әр түрлі стильдік сапа, мәнерлегіштік сипат тілдік единицалардың барлығында да болады. Сондықтан стилистиканың зерттеу объектісі - лексикология, семасиология, грамматика және фонетика зерттейтін единицалар.
Лексикология және стилистика. Лексикология сөздердің шығу тегін, сөз құрамын, оның баю жолдарын қарастырса, стилистика сөздердің қолданылу заңдылықтарын, сөздер мен сөз тіркестерін экспрессивтік тұрғыдан дұрыс пайдаланылу принциптерін зерттейді.
Семасиология және стилистика. Семасиология - тіліміздегі бейнелегіш тәсілдердің мағынасын, оның өзгеру заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Семасиологиялық стилистиканың міндеті - тіліміздегі бейнелегіш құрамдарды топтастырып, олардың стильдік қызметін, қолданылу заңдылықтарын көрсету.
Грамматика және стилистика. Стилистика грамматиканы да өзінің зерттеу нысаны ете алады. Стилистика грамматикалық құбылыстарға стильдік талдау жасайды.
Морфология сөздердің тұлғалық көрінісін және грамматикалық мағынасын, сөздердің құрылысын, өзгерілуін және құрамын талдап топтастырады. Стилистика ойды мәнерлі жеткізу үшін морфологиялық формаларды қандай жағдайда қалай қолдануға болатындығын қарастырады. Демек, морфологиялық тұлғадағы сөздердің, олардың варианттарының ішінен сөйлеу не жазу арқылы жеткізілетін ойдың эмоциональды-экспрессивті реңін білдіре алатындарын сұрыптап қолдану принциптерін зерттейді.
Синтаксис сөйлемнің құрылысын, сөздердің тіркесу заңдылықтарын қарастырады. Ал ойды білдіретін сөйлемдердің айтылуына, қолдану тәсіліне қарай әр түрлі реңдері болады. Ол қосымша мағыналар көбінесе сөздердің орын тәртібі мен сөйлемнің құрылысы арқылы беріледі. Яғни ойды мәнерлі жеткізуде синтаксистік тәсілдердің маңызы зор. Демек, стилистика синтаксистік құралдардың мәнерлілігін, оны дұрыс пайдалану заңдылықтарын зерттейді.
Фонетика және стилистика. Фонетика тілдегі дыбыстардың жасалуын, жүйеленуін зерттесе, стилистика дыбыстарды, оларға тән белгі, интонация, қайталау, дыбыс үйлесімділігі сияқты фонетикалық ерекшеліктерді белгілі бір мақсатқа икемдеп және оларды мәнерлі құрал ретінде пайдалануды қарастырады.
Стилистика-тіл білімінің тілдік тәсілдер жүйесін синхрондық және диахрондық жағдайда зерттейтін тіл ғылымының саласы.
Стилистиканың қарастыратын мәселелері әр түрлі деңгейдегі тілдік құралдардың мәнерлегіштік мүмкіндіктері, олардың стилистикалық мәні мен бояулары, сондай-ақ қарым-қатынастың сан алуан аялары мен жағдайларындағы сөздердің қолданылу заңдылықтары, әр аяға байланысты қолданыс тілін пайдалану, ең бастысы тілдің қолданылуының комуникативтік заңды мәселелері болып табылады. Стилистикада тіл деңгейлерінің барлық салаларындағы құралдар жұмсалады.
5. Лекция тақырыбына сәйкес бақылау сұрақтары:
1. Стилистиканың даму тарихы
2. Тіл ярустары стилистикасы?
3. Лингвистикалық стилистиканың басқа ғылым салаларымен байланысы?
4. Лингвистикалық стилистиканың зерттеу объектісі?
6. СӨЖ тапсырмалары:
1. Стилистика, тіл мәдениеті, әдеби тіл теориясы, ұқсастықтары мен айырмашылықтары (Реферат) .
7. Лекция тақырыбына сәйкес әдебиеттер тізімі:
1. Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б.
«Қазақ тілінің стилистикасы» Алматы, 1974, 2005.
2. А. Жапбаров «Қазақ тілі стилистикасын оқыту методикасының негіздері»
Алматы, 1991.
3. Хасанова С., Жексембаева Ғ. «Қазақ тілінің стилистикасы» (жаттығулар жинағы)
Алматы, 1999.
4. М. Балақаев, М. Серғалиев «Қазақ тілінің мәдениеті» Алматы, 2004.
5. М. Балақаев «Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері» Алматы, 1965.
6. Н. Уәлиев «Сөз мәдениеті» Алматы, 1984.
7. Б. Адамбаев «Халық даналығы» Алматы, 1976.
8. Мұсабекова Ф. «Қазақ тіліндегі зат есім стилистикасы» Алматы, 1979.
9. Мұсабекова Ф. «Қазақ тілінің практикалық стилистикасы» Алматы, 1974.
№2
1. Лекция тақырыбы: Стилистиканың негізгі ұғым-категориялары
2. Лекцияның жоспары: 1. Тілдің стилистикалық құрылымы
2. Функционалды стиль туралы ұғым
3. Стиль - стилистиканың негізгі ұғымы
4. «Стиль» терминінің әртүрлі түсініктері, оның себептері
3. Лекцияның мақсаты: Студенттерге стилистиканың негізгі ұғым категориялары
жайында түсінік беру.
4. Қысқаша теориялық мәлімет:
Тіл ғылымының басқа салалары сияқты стилистика ғылымының да өзіне тән категориялары бар. Стилистикалық категориялар стильдік белгілерден шығады. Функциональдық стильдердің өздеріне лайық стильдік ерекшеліктері болады. Публицистикалық стильге тән образдылық, ғылыми стильде жалпы қорытындылар мен дерексіздік, ресми стильге тән нақтылық, міндеттілік болу т. б. Осы стильдік белгілеріне қарай әр стиль туралы толық мәлімет алуға болады. Ол туралы мәтін құрастырылып, осының бәрі функциональдық семантикалық-стилистикалық категорияның моделі әр мәтіннің өрістік жүйесінен көріне алады, әр түрлі дәрежедегі тілдік және мәтіндік тәсілдер орталық және шеткі болып бөлінеді, олар жиынтығы арқылы ажыратылады.
Стилистикалық категориялардың қатарына бағалау категориясы, акценттік категориясы, гипотезиялық категория, диалогтық категория, «автор бейнесі» категориясы, мәтін категориясы жатады.
Акценттік категория-мәтіндік категориялардың бірі. Акценттік категория концептуалды тілдік бірліктердің мағыналық жақтан көңіл аударуын қажет етеді, адресат автордың көзқарасына көз жеткізу сенімділігін көрсетеді, сол арқылы қабылдаушы мен тыңдаушының ортақ түсінікке ие болуын қамтамасыз етеді.
Ғылыми стильде кездесетін стилистикалық категориялардың бірі-гипотезиялық категория. Гипотезиялық категория әр түрлі тілдік тәсілдерді оның ішінде белгілі болжамға негізделген жүйелілікті көрсетеді, мәтіннің белгіленген жазықтығындағы жалпы функциясы және семантикасының қалыптасқан сөз гипотездері немесе гипотезиялық құбылыс болып саналады.
Стилистикалық категорияның тағы бір саласы-бағалалау категориясы.
Кез-келген ғылыми мәтін оқырманның атынан бағалау тұрғысынан қаралмаса, оның мамандықты керек ететін ғылыми білімі негізделмейді. Оқырманның объектіге қарым-қатынасы белгілі бағалау тұрғысынан айқындалады. Егер ғылыми стильде автор өзінің зерттеуіне сенімді болса, онда тыңдаушы тұрғысынан толық баға алады.
Стилистикалық категориялардың қатарына автор бейнесі категориясы жатады. «Автор бейнесі» категориясы жазушының өз дәуірінің әдеби тіліне, оны түсініп сезінуіне, поэтикалық сөз өрнектеріне деген қарым-қатынасына тікелей қатысты. Қазіргі қазақ стилистикасында автор бейнесі категориясын келешекте жаһандану үрдісімен жан-жақты талдап оқытуды талап етеді.
«Функционалды стиль» ұғымы-қазіргі стилистикадағы негізгі ұғым. Функционалды стильдер тілдің қолданысымен, қызмет етуімен тікелей байланысты, яғни шынайы сөйлеуде, мәтінде көрінеді. Функционалды стильдерде әртүрлі тілдік деңгейлердің тұлға-бірліктері мен олардың стильдік бояуға ие түрлері белгілі бір қатынас саласында қызмет ету міндеттеріне сәйкесті түрде бірігеді. Функционалды стильді В. В. Виноградов: «Стиль-бұл жалпыхалықтық, жалпыұлттық тілдің белгілі бір саласында тілдік қарым-қатынас құралдарының сұрыпталып тіркесу, қолдану тәсілдерінің қоғамдық тұрғыдан қабылданған, функционалдық тұрғыдан шартталған, іштей біріккен жиынтығы. Ол басқа мақсатқа қызмет ететін, басқалай қызмет атқаратын өзі сияқты бейнелеу тәсілдерімен бір қатарда тұрады».
Функционалды стильдердің қалыптасуына әсер ететін факторлар тілден тысқары (экстралингвистикалық) және таза тілдік болып екі топқа бөлінеді. Функционалды стильдерді сипаттауда олардың екеуі де ескеріледі.
Тілден тысқары стиль құраушы әсерлерге қоғамдық сана формасы және соған тән ойлау түрі, сөздің ауызша не жазбаша көрінісі, сөздің жанрлық ерекшелігі, қарым-қатынастың түрі (көпшілік не жекелік), баяндау түрі (әңгімелеу, суреттеу, ойталқы), жағдаяттық-қоғамдық факторлар (сөздің тоны, сөйлеу актісінің түрі, тыңдаушы ерекшелігі) т. б. жатады. Бұлар объективті факторларды құраса, автор ұстанымы, оның даралығы сияқты субъективті факторлар да болады.
Бұл факторлардың барлығы да сөз сипатына тікелей әсер етеді, бірақ олардың стиль құраушылық дәрежелері бірдей емес.
Тілдің негізгі қатысымдық (коммуникативтік) қызметінен өзге де қызметтері бар екені белгілі. В. В. Виноградов функционалды стильдерді топтастыруда осы қызметтерін басшылыққа алады. «При выделении таких важнейжих общественных функций языка, как общение, сообщение и воздейтвие, могли бы быть в общем плане структуры языка разграничены такие стили: обиходно-бытовой стиль (функция общения) ; обиходно-деловой, официально-документальный и научный (функция сообщения) ; публицистический и художественно-беллетристический (функция воздействия) » [11, 6] . Алайда, тіл қызметтерін бұлай бөлу өте жалпылама және стиль түрлері де олардың ауқымына сыя бермейді.
Негізгі стиль құраушы факторлар функционалды стильдердің жүйелілігін қамтамасыз етеді. Стиль жүйелілігінің негізіне оны құрайтын тілдік бірліктердің бір мақсат негізінде өзара тығыз байланысып бірігуі жатады. Мысалы, ғылыми стильде жалпылама, дерексіз мәнге ие бірліктер белсенді рөл атқарса, көркем стильде керісінше, көркем-бейнелі тілдік нақтылыққа ие бірліктер маңызды болады.
Тілдің өзінде, бір жағынан, стильдік тармақтарға жіктеліп дамыған сайын белгілі бір функционалды стильге тән тілдік құралдар тұрақтала түседі. Екінші жағынан, функционалды стильде оны құраушы факторлардың әсерімен тілдік бірліктердің белгілі дәрежедегі өзгерісі, ауысуы жүзеге асады. Соның нәтижесінде бір тілдік бірліктің өзі қай стильде қолданылуына қарай мағынасы жағынан функционалдық сипатқа ие болады.
Қазіргі кезде стилистика ғылымында функционалды белгісі жағынан стильдердің бес түрі ажыратылады. Олар: ғылыми, ресми, публицистикалық, көркем сөз және ауызекі тұрмыстық сөйлеу стильдері. Функционалды стильдердің әрқайсысы стилішілік тармақтарға жіктеледі. Мысалы, ғылыми стильдің таза ғылыми, ғылыми-оқулық, ғылыми-көпшілк сияқты тармақтары болса, ресми, іс қағаздары стилінің де ұйымдық, өкілеттік, анықтамалық-ақпараттық сияқты тармақтары бар, сол сияқты публицистикалық стиль де іштей жанрлық ерекшеліктеріне қарай көптеген түрге жіктеледі.
Тілдік қолданыста функционалды стильдердің әр түрінің элементтері араласа жұмсалып, көп қабатты стильдік құбылыстар да пайда болады. Бұл жағдай стильдердің өзара әсері және олардың ішінде ұсақ жанрларға жіктеу нәтижесінде жүзеге асады.
1. Бақылау сұрақтары
1. Стилистикалық категориялардың түрлері?
2. Акценттєгі категория?
3. Бағалау категериясы?
6. Лекция тақырыбына сәйкес әдебиеттер тізімі:
1. Балақаев М., Томанов М., Манасбаев Б.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz