Ұлтым деп асқақтаған ұланым


Ұлтым деп асқақтаған ұланым.
Асылы, ата-баба салтынан жаңылыспаған, тәлімді де тәрбиелі ұл-қыз өсіріп отырған, “асылың қайсы?” десе, “мынау” деп көрсетуге тұрарлық ел ағасы болар. Ағамыз жанын жегідей жеп, маза бермей, көптен көңілінде жүрген ойларын лақ еткізе бір төгіп, көпшіліктің назарына ұсынған екен . . . Қоғам не дейді екен? деп жауап күтіп жүрген жағдай да бар шығар. Әсіресе, “әйел” заты . . . Менің бір байқағаным - бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріліп жатқан қандай мәселе болмасын, көпшілік соған өз ойын айтып, ат салыспайды. Әлде шынымен жаны ашып, ауырмай ма екен? Әлде біздің қоғамда “намыс” сөзінің құнсызданып кетуінен бе екен?
Ал Қ. Тәукенов көтеріп отырған мәселе сөз жоқ, қоғамымыздың дертіне айналған, болашағымызға балта шабатын, жастарымыз бен жасамыстарымыздың қатарын меңдеп алған ұятсыз да ұлғайған дерт.
Не десек те ащы да болса шындықтың шырмауы бір ағытылыпты . . . Қасым ағамыз сияқты ұлтына, еліне, жеріне деген жанашыр ағаларымыздың сирек те болса, бар екеніне шүкіршілік етіп, тәубе дестік . . . Тепсе - темір үзетін, намысшыл да ер мінезді азаматтарымыз көп болса, мүмкін автор жазғандағыдай “қыздарымыз” қазіргі қоғамда аз болатын ба еді?!.
Не де болса, көш жүріп кетті, өркениеттің көк шыбығы біздің елімізді де шарпып өтіп, ұлтымыздың ұлт болып қалуы қазіргі жаһандану заманында тек өзімізге байланысты болмақ. Ата-баба жолымен жетілген, тәрбиелі, былайша айтқанда “дұрыс жүріп, дұрыс тұратын” қыздарымыздың азайып бара жатқаны жасырын емес. Тез арада дабыл қақпасақ, жастарымыздың қазіргі тірлігінің кейінгі ұрпақ үшін қасіреті мол болмақ. “Сиқы” кеткен сұлудан салиқалы ұрпақ өсіп - өнері неғайбыл.
Қазақтың қыздары үйде алған тәрбиесін түзде көрсете білген. Көпшіліктің алдында көзін көтермейтін, иіліп сәлем беріп, дауысын шығара сөйлемейтін, шаңырағының беделін аспандата білетін, қадірлі де қасиетті, ерке де назды, сыпайы да сүйкімді болушы еді . . .
Сонда “қыздарымыздан” қасиет кеткенше көріп-білмеген кім кінәлі? Енді “оларды” емдеп, көздерін тырнап ашып, “сен қазақсың, ал қазақ деген мынадай халық!” деп жөн сілтесек тыңдайтын біреу табыла ма?
Автор айтқан шындықтың ішінде “ұлтым менің”, “менің ұрпағым” немесе “өнеге, білгенім - ұрпақ үшін, қазағым деген менің ұлтым үшін” деген қыран неге жоқ?! “Қазағымның асыл мұрасы - қазақ қыздары еді” деп ұлтын ұлықтаған қасиетті ұлдар неге жоқ?! “Сенің қадір-қасиетің мен үшін менің қадір-қасиетім” деген асыл азаматтар неге жоқ?! Бар болса да, мүлдем аз, неге “Қызды” жөндеп алуға болатын болса, соларды дұрыс жолға салатын ер-азаматтарымыз қане, қайсы?! Қысқасы, азаматтарымыз ұсақталып, қыздарымыз қым-қиғаш түрге енгендей ме, қалай? Менің ойымша, бізде адами құндылықтардың барлығы аяқасты етілуде. Қазіргі қоғамымызда етек ала түскен дерттің бірден-бірі - ұлттық санамыздың солғын тартып, ата-бабамыздан қалған асыл мұра - салт-дәстүр үрдісінен жаңылып бара жатқанымызға әр адам өзі кінәлі секілді. Қыздарымыз да, ұлдарымыз да осы өзі өмір сүріп отырған ортада “мен идеалмын, мен қажетпін, кейінгі жас менен үлгі алады” деп сезінбейді. Ойлары жеңіл, жүрісі жеңіл, күлкісі жеңіл, сыйластық, намыс, борыш сияқты парасатты ұғымдардан ада. Бұл жерде тағы да айтамын, ұл, қыз деп бөлудің қажеті жоқ. Жалпыға ортақ, күнделікті көріп жүрсек те көзіміз әлі шықпаған, естісек те естімеген адамның күйін кешкен заман. Адамның Адам болып қалуына, ең алдымен, рухани құндылықтардан - әдебиет пен мәдениеттен сусындауы, тұрақты түрде өзін-өзі дамытып, өсіп-өркендеп отыруы керек деп ойлаймын. Көркем әдебиет оқып, “маңайымдағының бәрі сиқырға толы ғажайып дүние” деп қарамау, әрине, қорқынышты нәрсе! Міне, соның артында үлкенді - үлкен, кішіні - кіші деп білмейтін, мәдениеттен жұрдай, табиғи байсалдылық, әдемі сезім дегендеріңіз ол үшін жат жастар жетіле бермек.
Еліміз енді-енді етек-жеңін жинап, қадым алға жылжып, дамыған елу елдің қатарына қосыламыз деп талпыныс жасап жатқан кезде “Мынау - қыз бала, ол - ана. Біз олардың өмірі үшін жауаптымыз. Аялап, қадірлейік” деген азаматтарымыздың әлі де болса бар екеніне сенгіміз келеді. Ал қыздарымыздың “қарындас” деген жып-жылы, тек қазақтың өзіне ғана тән әдемі сөзіне тұрарлықтай аяулы да нәзік, сезімтал да көргенді, Қазақ елінің қадірлісі болып өсуіне қоғамдағы барлық адамдардың ықпалы зор болуы керек дегім келеді.
Димаш аға ұтымды сӨз табуға тапқыр еді
Жалпы, көзкөрген адамдардың ішінде ұтымды сөз сөйлеуден тосылмайтындардың бірі Димекең еді. Біз ол кісіден көп нәрсені үйрендік. Бірде Брежнев басқосқан үлкен жиын болды. Қазақстандық біраз лауазымды адамдар ол кісінің тарапына марапат сөздерін айтып жатты. Бір мезетте сөз Димекеңе берілді. Ол кісі Президиумнан тым алыс отырып қалыпты. Мінбеге жеткенше халық тосып қалды. Ол мінбеге келді де «Брежневке марапат» деп халықтан шапалақ сұрады да сөзін әрі қарай жалғастырмады. Димекең кейін қайтып бара жатқанда, Брежнев оны шақырып алып, бірдеңе сұрады, түрі жақтырмаған адамның келбеті. Содан оған Димаш аға жауап беріп еді, ол кісі шаттанып тұрып күлді. Артынан білгеніміздей, Брежнев Димекеңнен «Сен неге сонау алыстан келіп, аз сөйледің?» деп сұрапты. Сонда Димекең «мен сіз туралы бір ауыз сөз айту үшін, бәленбай мың шақырымдық жерден келуге де бармын» депті. Ал оның орнында басқа біреу болса, «Сіз осыған да риза болсаңызшы» десе, не болар еді. Міне, осы жағдайды өз арамызда біраз талқылап, басқосудан кейін күліп алған кездеріміз де болған.
Тағамды талғап ішпегенмен, тойға таңдап барамын
Негізінде, өз басым тағамға аса талғампаз емеспін. Бірақ тойға таңдап барамын. Және өзіндік жөн-жоралғымен барғанды жөн санаймын. Осыдан ба, барған жерімде ұлтым күрд болғанымен, қазақтың бас табағы менің алдыма тартылады. Бұл жағдайды үлкен мақтанышпен айта аламын. Тіпті лауазымды адамдардың өзі де тойына барғанымда, сыйлы қонаққа тартылатын қойдың басын менің қолыма ұстатады. Міне, осындай ықыластан соң, қазақтың еті мен қымызын өзге тағамдардан жоғары қоямын. Ал бүгін «Айқынның» мейрамханасына қойдың өкпе-бауырынан жасалған бәліш ұсынамын. Бұл тағамды дайындау үшін алдымен сары майын салып, қамыр илеп аласыз. Осыдан кейін өкпе-бауырды ет тартқыштан өткізіп, фарш дайындайсыз. Фарштың үстіне шала қуырылған пияз салып, май араластырасыз. Одан кейін біртіндеп бәлішті майға қуырып, пісіре бастайсыз. Міне, бұл тағам «Айқынның» оқырмандарының тәбетін ашады деп ойлаймын.
Аспаздан кеңес
. Дастарқаныңыздағы қаймақтың дәмі қышқылтым тарта бастаса, онда оны одан әрі сақтаудың қажеті жоқ. Қаймақтың қышқылтым тартуы оның дәрумендік дәрежесі азая бастағанын көрсетеді.
. Егер отқа қойған сүтіңіз тасып бара жатса, бетіне салқын су бүрке қойыңыз.
. Сары майдан тамақ істегіңіз келсе, алдымен табаға өсімдік майын жағып алыңыз. Сонда май қараймайды. Бәлішті капустадан пісіргіңіз келсе, капустаға аздап қант қосыңыз. Сонда оның қышқыл дәмі білінбей қалады.
. Есіңізде болсын, ашытқыны ұзақ сақтау үшін ұнға тығып қоюға болады
Қазақ тілі - мемлекеттік тілі
Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің өз тілдерін сақтауына, дамытуына жасалып жатқан қамқорлық баршылық, бұл - жақсы. Менің қанағаттанбаушылығым қазақ тіліне, мемлекеттік тілге байланысты. Жалпы, біздегі тіл мәселесі дегенде, әңгіме тек қазақ тілі туралы болуы керек қой.
Тілші ғалымдардың айтуына қарағанда, жыл сайын дүние жүзінде шамамен 25 тіл жойылады екен. Әрине, қазақ тіліне ондай қауіп әзірге төніп тұрған жоқ. Сондай-ақ бір миллион адам сөйлейтін тіл өлмейді дейтін тағы бір пікір бар. Бірақ, солай екен деп қол қусырып немесе көпірме сөзді малданып отыра беруге болмайды.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту тұрғысында айтсақ, бұл жерде алдымен намыс жетпейді, жеті атасынан бері қазақ болып келе жатқандардың, Қазақстанды мекен етушілердің қазақша білмеуі - сол намыссыздықтан. Ал мемлекетке қызмет ететін, қызмет етуге тиіс қызметкерлер мен шенеуніктердің сол мемлекеттің тілін білмеуі - ниеттің жоқтығынан. Президент “Ана тілі” газетінде айтты ғой, мына әкімқаралар мен министрлер сол айтылғандарды асыра орындамаса да, жетеғабыл етсінші. Жетіп жатыр. Бірақ соған ниет жоқ. Ең бастысы, көзқарасты өзгерту қажет: намысты оятып, ниетті түзеу керек.
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
- “Тілдер туралы” 1989, 1997 жылдарда қабылданған заңдар және 2001-2010 жылдарға арналған Тілдерді дамыту жөніндегі бағдарламаның орындалу барысы, жалпы алғанда, қанағаттанарлық емес. Бұл екі заңның екеуінде де мемлекеттік тілдің қазақ тілі екені көрсетілгенімен, іс жүзінде баяғы отарлық жылдардағыдай, қазақ тілі әлі де қалтарыста қалып, орыс тілінің айдарынан жел есіп тұр. Орыс тілі тәуелсіз Қазақстанның негізгі мемлекеттік тілі рөлін әлі де атқарып келеді. Бұл деген сөз - Қазақстан мемлекетінің тарихи иесі қазақ ұлты рухани тәуелсіздікке тәуелсіздіктің 15-ші жылында да толық ие бола алмай отыр деген сөз. Әрине, бұл - талай қазақтың екінші ана тіліне айналып кеткен орыс тілін шеттетейік, одан бас тартайық деген сөз емес. Орыс тілі посткеңестік кеңістікте, оның ішінде де Қазақстан тәрізді Ресеймен мәңгі дос елде ешқашан қағажу көрмек емес. Өйткені, бұл тіл - посткеңестік кеңістікте ауадай қажеттілікке айналған тіл. Сондықтан менің кейбір саясаткер орыс отандастарымның Қазақстан түстігінде орыс тілі құрып бара жатыр деген байбаламы тапсырыстан туған негізсіз, орынсыз байбалам.
Жасыратыны жоқ, тіл туралы заңдарымыздың жалтақ болуы, оның орындалуының одан да жалтақ болуы республикадағы қазақтан кейінгі көпшілік орыс тілді ағайынның көңіліне қараудан туған құбылыс еді. Мүмкін 90-шы жылдар ортасында ондай саясат та қажет болған шығар. Бірақ бүгінде бір нәрсе пісіп-жетілді. Қазақстан жері мен мемлекетінің тарихи иесі, ғасырлап ұлт азаттығы жолында “мың өліп, мың тірілген” қазақ ұлты енді бүгінде сол тарихи арманы - тәуелсіздікке қолы жеткен кезде кешегі бодан заманда аяқ асты болған, тапталған өзінің басты ұлттық рухани киесі - Тіл туын жерден іліп алып, төбесіне көтере алмауы ешқандай қисынға сыймайтын құбылысқа айналды. Бұл келеңсіздік қазақтардың ұлттық намысын шабақтайтын негізгі фактор екенін ашық айтатын мезгіл жетті. Тіл саласында санадағы отарсыздану үдерісі басталуы керек. Бұл - тарих талабы.
Асылы ОСМАН, “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысы төрағасының орынбасары, Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі:
- Қазақ тілінің мәртебесі мен меңгеру туралы әңгіменің айтылып келе жатқанына, қарап отырсаң, 20 жылдай болып қалыпты. Түк жоқ деуден аулақпын, бірақ көпшілік құлшына меңгеріп, мойындап, мәртебесін биіктетіп жатыр деп айта алмаймын.
Ел тәуелсіздігін тіл тәуелсіздігімен ұштастыра отырып, жалғыз ғана Отаны бар қазақ тілінің - тұрған еліміздің тілін, мемлекеттік тілдің тұғырын биіктету, оны үйретуді жүйелі жолға қоя алмай келгеніміз көңіл көншітпейді. Тілді меңгеру үшін бұйрықтарды аудармашыға беріп қазақшалап, аптасына 1-2 рет қазақ тілі сабағына барып қоюмен шектелуге болмайды. Ол - аз. Бұрын Мәскеуді сылтау етуші едік, енді кімге қарап отырмыз. Тіл - қоғамдық қызметімен тіл. Тілдің мәні де, сәні де қолданыспен кіреді. Тілді үйрену жүйелі түрде жүргізілетін үздіксіз үдеріс болуға тиісті.
Ең қиын шет тілді студенттер бір жылда үйреніп, келесі жылы оқытушының аузынан конспекті жазады. Өзара сол шет тілінде сөйлейді. Мұнда мәселе ниетте, соның қаншалықты керек екендігінде, қажеттілігінде.
Бүгінде кейбіреулерге қазақтың өзі де, сөзі де аса керек болмай тұр-ау шамасы. Керегі, сірә, қазақтың жерінен табылып жатқан байлығы болар.
Меніңше, осы уақытқа дейін тілге деген басымдықты орыс тіліне беріп, өзге ұлт өкілдерінің тіліне жағдай жасап, сақталуы мен дамуына қамқорлық қолын созып, мүмкіндікті барынша баянды етіп келеміз. Ендігі басымдықты қазақ тіліне беріп, қанатын кең жайғызып, өрістете дамытуымыз ауадай қажет. Өйткені, қазақ тілі Қазақстаннан басқа жерде қолданылмайды, басқа елі, жері жоқ. Бұл оңай іс емес, оны жақсы ұғамын, бірақ оң іс.
Тілді алға жылжытудың қиындығы бар. Біріншіден, тілдің ілгері жылжуын бәріміз бірдей қаламаймыз. Тілді білуге деген ынта, ықылас, ниет керек. Екіншіден, қалай іске асыруды, не істеу керектігін білмейміз. Жалтақтығымыз басым. Жұмысқа қабылданатын әрбір маманнан мемлекеттік тілді білуін талап ету орынды деп санаймын. Үшіншіден, тіл жанашырлары мен қарсыластардың ара салмағының айырмашылығы көп, кедергісі зор, бөлінуіміз мол болып тұр.
“Қазақстанның келешегі - қазақ тілінде” деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатымен қазақ тілін өз тұғырына қондырайық.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Болат ЖАНАСАЕВ:
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz