Қазақстанның әлем шаруашылығына енуі


Мазмұны
Кіріспе . . . 2
І-тарау. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының
кезеңдері
1. 1 Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы (ХІХ ғасырдың
екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы) . . . 12
1. 2 Қазақстанның 1941-1980 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық
жағдайы . . . 20
1. 3 Қазақстан экономикасының қайта құру жылдарындағы дамуы . . . 28
ІІ-тарау. Қазақстан Республикасында нарықтық
қатынастардың қалыптасуы
2. 1 Нарықтық экономиканың мәні және қағидалары . . . 34
2. 2 Нарыққа өту кезеңіндегі Қазақстандағы экономикалық және
әлеуметтік жағдай . . . 40
2. 3 Нарық қатынастары жағдайында халықты әлеуметтік қорғау . . . 48
ІІІ-тарау. Қазақстанның әлем шаруашылығына енуі
3. 1 Қазақстанда сыртқы экономикалық байланыстың қалыптасуы
және дамуы . . . 51
3. 2 Қазақстан Республикасында сыртқы сауданың дамуы . . . 53
3. 3 Қазақстанның орталық Азия және Европа одақтарына
интеграциялануы . . . 56
Қорытынды . . . 63
Пайдаланылған әдебиеттер . . . 68
Кіріспе
Қазақстан экономикасы көне заманнан бастап Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде көшпелі мал шаруашылығына негізделді. Мал жыл бойы өрісте бағылады. Жер көшпелі қауымның ортақ меншігі болып саналып, қазақ шаруалары оны қауымдасып пайдаланды. Мал жеке меншікте болды. Шын мәнінде малдың иесі жайылымға да иелік етті. Қазақстан Ресейге қосылған, одан мемлекеттілігі жойылған кезеңнен бастап, әсіресе, 1891 ж. Дала ережесі өмірге енгізілгеннен кейін, көшпелі шаруашылықтың сипаты өзгерді. Тауар-ақша қатынастарының дамуы көшпелілердің едәуір бөлігін жерсіз қалдырды, ал шұрайлы жайылымдық алқаптар ауқаттылардың қолына шоғырланды. Көшу ұзақтығы едәуір қысқарып, табынның құрылымы және малды бағып-күту жағдайлары өзгерді. Тұрақты тұрғын үйлер мен мал қоралары пайда болды. Болыстар мен ауылдарға бөлінген жерлердің шекарасы айқыңдала бастады. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында көшпелі шаруашылықты дағдарыс шарпыды. Бұқараның кедей топтары қайыршылыққа ұшырап, мал басы кеміп кетті. Көшпелілердің кедейленген бөлігі отырықшыға айналды. Дағдарыстың тереңдей түсуіне патша өкіметінің ең шұрайлы жерлерді тартып алып, қоныс аударушыларға берген отаршылдық саясаты қатты әсерін тигізді. Шын мәнінде бұл байырғы халықты ата мекендерінен күшпен ығыстырып, құнарсыз жерлерге қуу болды. 1917 жылға дейін патша үкіметі қазақтардан 45 млн. гектардан астам жерді тартып алып, ішкі Ресейден келген жаңа қоныс тебушілерге алып берді. Патша үкіметінің қоныс аудару саясаты жергілікті халықтың экономикалық мүдделеріне нұқсан келтірді.
Қазақстанда әрқилы табиғи-географиялық және тарихи жағдайларға байланысты шаруашылықтың көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы сияқты үш түрі қалыптасты. Соңғы екеуінде шөп шабу мен егіншілікті дамыту нәтижесінде ауыл шаруашылығы машиналары пайдаланыла бастады. Қазақ ауылдарында бұл машиналарды алдымен бірлесіп, кейінірек жекелеген адамдар несиеге сатып алды. 1908 ж. тек Ақмола облысының қазақтарында 6160 шөп шабатын машина болды.
Тауар-ақша қатынастары қазақ ауылына дендеп еніп, бір жағынан, шаруалардың шаруашылық қызметінің ауқымын кеңейтті, екінші жағынан, өсімқорлық сауда-саттықтың дамуына жол ашты. Дәулеттілер бүкіл малды, қауымдық жерлерді өз қолдарына шоғырландырып, барлық су көздерін, қыстақтар мен жайлауларды иемденіп алды. Қазақ қоғамының көпшілігі іс жүзінде өндіріс құрал-жабдығы жоқ кедейлер еді. Сауда-саттықты кәсіп етушілер мен өз шаруашылығында жалдама еңбекті пайдаланушылардың қатары молайып, саудагерлік-кәсіпкерлік өріс алды. Сөйтіп, қазақ жеріндегі нарықтық қатынастардың алғашқы нышандарының шаруашылыққа, шаруаның жеке тұтыну қажетіне ықпалы күшейді. Тауар-ақша қатынастарының дамуына, қазақ ауылының экономикасындағы басқа да өзгерістерге байланысты, жер жекелеген адамдардың жеке меншігіне айнала бастады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында Қазақстан экономикасында әр түрлі экономикалық ұстындардың астасуы байқалды. Столипиннің аграрлық реформасы Қазақстанға қоныс аударушылардың шаруашылығында жеке меншікті қалыптастыруға негізделді. Қоныс аударушылар жаңа қоныстарда жерді қауымдасып пайдаланды, көптеген жұмыстарды бірлесіп атқарды. Орыс кулактары хуторлық шаруашылық жүргізді. Шұрайлы жерлерді кесіп алып, тағылықпен пайдаланды. Қоныс аударғандардың анағұрлым жетілген еңбек құралдары және егіншілік мәдениетінде жинақтаған едәуір тәжірибесі болды.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қоғамдық-саяси және экономикалық-әлеуметтік қатынастарда түбірлі өзгерістер жүзеге асырылды. Барлық жерді мемлекет меншігіне алу, помещиктер жерлерін тәркілеу, жерді шаруаларға тегін беру туралы декрет жарияланды. Кеңестік дәуірдің алғашқы кезеңдерінде өндіріс құрал-жабдықтарын мемлекет меншігіне айналдыру, қоғамдастыру ісіне басшылық жасау мақсатымен социалистік мемлекеттер органдар, оның ішінде халық шаруашылығы органдары құрылды. Банктер, ірі өнеркәсіп орындары, көлік, т. б. шаруашылықтың шешуші салалары мемлекет меншігіне көшті. Сөйтіп, өндіріс құрал-жабдығына социалистік меншікті орнату, халық шаруашылығын жоспарлы дамыту, аймақтардың экономикасын КСРО халық шаруашылық кешенінің бір бөлігі ретінде өркендету, т. б. негіздерінде социалистік экономика жүйесі қалыптаса бастады. Қазақ өлкесінде өндіріс құрал-жабдықтарын мемлекет меншігіне алу, жерді тәркілеу үдерісі саяси, экономикалық, әлеуметтік өзіндік ерекшеліктерге байланысты 20-жылдардың бас кезіне дейін созылды. Бұл кезеңде өлкеде халық шаруашылығының барлық салалары бойынша мемлекет меншігіне алынған кәсіпорындар саны 1 мыңға жуықтады.
Қазақ халқы Азамат соғысына (1918-1920) жаппай қатыспағанымен, еріксіз араласуға мәжбүр болды. Қазақ жері ақтар мен қызылдардың майдан шебіне айналды. Бұған қоса қазақтарға қарсы азық түлік майданы, «Азық-түлік армиясының» және «Соғыс коммунизм саясатының» шабуылы салдарынан халық үркіншілік кезеңді бастан кешірді. Шаруашылығы күйреп, шаңырағы шайқалған қазақтар 20-жылдардың басында ашаршылыққа ұшырады. Азамат соғысынан кейінгі кезеңде Қазақстанда күйзелген халық шаруашылығын Жаңа экономикалық саясат (НЭП) негізінде шаруашылықтарды қалпына келтіру жұмыстары өрістетілді. Ең алдымен, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің маңызды түрлерін өндіруді Қазан төңкерісіне дейінгі деңгейге жеткізу көзделді. Жер-су, т. б. реформалар жүргізілді. Орта Азия республикалары мен Қазақстанның мемлекеттік-аумақтық жігі межеленді. Қазақстанның аумағы 2. 7 млн. км 2 болып белгіленді, халқы 5. 4 млн. адамға жетті. 1926-28 ж. қазақ аудандарында 1370 мың га шабындық, 1250 га егіндік жер қайта бөлінді. 1927-28 ж. республикада халық шаруашылығын қалпына келтіру аяқталып, өнеркәсіпті индустрияландыру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезеңіне аяқ басты. Экономиканың аграрлы бөлімі Кеңес мемлекетінің экономикалық дамуындағы ең басты мақсат - индустрияландырудың жылдамдатылуын демеуге тиіс болды. 20-жылдардың аяғында басталған ұжымдастыру шаруаларды өнеркәсіптен мүлдем алшақтатты. Ірі социалистік егін шаруашылығын құруға ұмтылу «тәрбиелік маңызға» ие болды. Қазақстанда ұжымдастыру 1932 жылдың көктемінде аяқталады деп ұйғарылды. Жосықсыз жылдамдатылған үдеріс 1925-32 ж. ел басқарған Ф. И. Голощекиннің арандатушылық тәжірибесіне айналды. Ұжымдастырудың ең ауыр зардаптарының бірі байларды тәркілеу болды. «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» деген ұранмен басталған ұжымдастыру кезінде қазақтардың малы тігерге тұяқ қалдырылмай сыпырып алынды. 1930 жылғы 15 наурызға дейін Қазақстанда 3113 адам сотталып, қамауға алынды, 2450 шаруа қоныс аударды. Қазақстан аумағы Кеңес мемлекетінің басқа аймақтарындағы «кулактардың жер аударылатын» мекеніне айналды. Шаруалардың басына түскен жазалаудың алдында астық дайындау науқаны жүргізіліп, астық қоры, тұқымдық қоры тәркіленді. Мұның арты күнкөрістік ішіп-жемінен айрылған қазақ халқын жоңғар шапқыншылығы кезіндегі «ақтабан шұбырындымен» салыстыруға болатын алапат ашаршылыққа соқтырды. Ашаршылық пен оның ауыр зардабы құрбандарының саны 1 млн. 750 мын адамға, яки бүкіл казақ халқының 40%-на жетті. 1 010 мың қазақ тарихи отанын тастап үдере көшуге мәжбүр болды. Үкіметтің солақай белсенділікпен малды қырғынға ұшыратуы салдарынан қазақ қоғамының негізгі азық-түлік қоры болып табылатын дәстүрлі мал шаруашылығы қатты күйзеліске ұшырады. Малшы көшпенділерді сәтсіз отырықшыландыру ұжымшарларға соққы болып тиді. 1-бесжылдық (1929- 32) тұсында Қазақстанда 40 өнеркәсіп іске қосылды, өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 3. 2 есе артты. Оның жеке салалары: түсті металлургия өнімі - 6, 1 есе, құрылыс материалдары - 6, 9, химия - 5, 3, металл өңдеу - 4, отын - 3, 1 есе өсті. 2-бесжылдық (1933-37) кезінде Қазақстанның табиғи қорларын қарқынды игеру ісі жалғастырылды. Шымкент қорғасын зауыты, Балқаш мыс қорыту, Ащысай полиметалл, Ақтөбе химия комбинаттары, Қарағанды көмір алқабының шахталары, Ембі мұнай кәсіпшіліктері, т. б. барлығы 120 өнеркәсіп пайдалануға берілді.
Жалпы алғанда республиканың өнеркәсіп өнімі Қазан төңкерісіне дейінгі деңгейден 13 есе, ал ауыр өнеркәсіп бойынша 20 есеге жуық артты. Халық шаруашылығының жалпы өнімінде өнеркәсіптің үлес салмағы 60% болды (1940) . 2-дүниежүзілік соғыс жылдары (1941-45) республика алдына айрықша қиын, кезек күттірмейтін және бір-бірімен байланысты міндеттер қойылды. Бұл КСРО-ның батыс аудандарынан көшірілген өнеркәсіп орындарын қабылдау, оларды тиісті жерлерге тездетіп орналастыру, өнім өндіруді кідіріссіз жолға қою болатын. Экономиканы түгелдей соғыс жағдайына бейімдеу, өндіріс қуаттарын үнемі арттыру, майданды барлық керекті заттармен қамтамасыз ету қажет болды. Республика бұл мәселелерді ойдағыдай шешті. 1941 жылдың 4-тоқсанында және 1942 жылдың басында Орта Азия мен Қазақстанға көшірілген 250 кәсіпорынның жартысынан астамы (142) Қазақстанға орналастырылды. Көшірілген және жаңадан салынған зауыттар мен фабрикаларды іске қосу нәтижесінде жұмыс істеп тұрған негізгі қорлардың өндірістік қуаты біршама артты. Жаңа өнеркәсіп салалары пайда болды, олар: қара металлургия, мұнай өндіру, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, станок жасау, кен және шахта жабдықтарын өндіру, сығымдағыш-автомат шығару, шағын литражды моторлар, прокат, құбырлар, сымдар, жасанды талшық жасау, т. б. Мата, жүн иіру, тоқыма заттар, шұлық, метиз-фурнитура, айна, кондитер, жеміс-консерві, темекі және шай өлшейтін өндірістер жұмыс істеді. Соғыс жылдарында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Қазақ металлургия зауыты, Текелі полиметалл комбинаты, Қарағанды көмір шахталары, Ембі мұнай кәсіпшіліктері, Гурьев (қазіргі Атырау) мұнай айыру зауыты, кен байыту фабрикалары, кеніштер, Қаратау кен-химия комбинаты, электр станциялары, жеңіл және тамақ өнеркәсібі орындары, жүздеген км темір жол желілері іске қосылды. Түсті металлургия өнімдерінің маңызы артты, мыс өнімдерін өндіру 1, 5 есе өсті. Қазақстан ел қорғанысына аса қажетті қорғасын беретін негізгі базаға айналды. Қысқа мерзім ішінде мыс пен қорғасын қақтамаларын өндіру игерілді. Балқаш жұмысшылары мыс өндіруді 10 есе, молибденді 20 есе, түсті металл қақтамасын 2 есе арттырды. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Жезді марганец кеніші ел қара металлургиясының қажеттерін едәуір дәрежеде қанағаттандырып отырды. Қазақ металлургия зауыты 1944 ж. желтоқсанда тұңғыш рет болат берді. Республика майдан мен тылды көмірмен, мұнаймен, түсті және қара металдармен жабдықгау жөніндегі жетекші базалардың біріне айналды.
1945 ж. өнеркәсіп өндірісінде істейтіндердің саны 255, 4 мың адамға жетті. Соғыстың алғашқы жылында қорғаныс қорына республика халқынан түскен ақша мөлшері 700 млн. сомнан асты. Соғыс кезіндегі қиындықтарға қарамастан 1945 ж. мұнай өндіру 1940 жылмен салыстырғанда 1. 3 есе, көмір - 1, 7, электр энергиясын өндіру 1, 8 есе артты. Соғыс жылдарында республикада ауыл шаруашылығы салалары тез дамыды. 1942-43 ж. ауыл шаруашылық дақылдарының егіс көлемі 1 млн. га-дан астам ұлғайды. Қазақстан ауылдары мен деревнялары зор жігермен еңбек етті. Республика шаруашылықтары мемлекетке 5839 мың т астық, оның ішінде 3568 мың т бидай, 241 мың т картоп, 174 мың т көкөніс, 1389 мың т қант қызылшасы. 323 мың т мақта, 738 мың т мал мен құс етін, 1146 мың т сүт, 64 мың т жүн өткізді. Көлік пен байланыс жүйесін дамыту жөнінде қыруар жұмыстар жүргізілді. Республика аумағында темір жолдың пайдалану ұзындығы 1631 км-ге, жүк тасымалы 5, 7 млн. т-ға жетті. Уралды көмірмен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған Қарталы - Ақмола (Астана) темір жол желісі қатарға қосылды. Гурьев (Атырау) - Қандағаш, Жамбыл (Тараз) - Шолақтау темір жол желілері пайдалануға берілді. Күрделі құрылыс көлемі ұлғайды. 2-бесжылдықта барлық салалар бойынша 721 млн. сом күрделі қаржы игерілсе, 4 жарым жыл ішінде (1941-46) 981 млн. сом игерілді. Соғыстан кейінгі бесжылдықтарда (1946-60) Қазақстан экономикасы бейбіт жағдайға көшіріліп, қандай да болсын халық шаруашылығы мәселелерін шеше алатын, одақтың негізгі ауыл шаруашылығы базаларының біріне айналды. Жаудың басып алуынан (оккупациядан) зардап шеккен және өнеркәсіптің соғысқа дейінгі дәрежесіне 1949 жылдың аяғында ғана жеткен аудандардан Қазақстан халық шаруашылығының өзгешелігі сонда, ол қалпына келтіру кезеңіне соқпай, бұрынғысынан ұдайы өндіріс негізінде дамыды. Қазақстан бұл аудандарға металл, отын, шикізат қорларын, құрылыс материалдарын, жабдық, азық-түлік, асыл тұқымды мал, т. б. жәнелтіп тұрды. 4-бесжылдықта (1946-50) өнеркәсіптің «А» тобы салаларын және ауыл шаруашылығын өркендету үшін республикада барлық күрделі қаржының тиісінше 40, 2%-ы және 14, 2%-ы пайдаланылды. Одақтық өнеркәсіптің жалпы өнімінің 1940-50 ж. өсу қарқыны 173% болса, Қазақстан өнеркәсібінің өсу қарқыны 232%-ға жетті. Кәсіпорындардың саны 4 мыңға жетті. Осы жылдары Қазақ металлургия, Балқаш мыс қорыту, Балқаш кен-металлургия зауыттары, Лениногор (Риддер) қорғасын комбинаты, Шымкент қорғасын, Өскемен қорғасын-мырыш, Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары мен Ақтөбе химия комбинаты, Жамбыл (Тараз) суперфосфат зауыты, мұнай өндіретін Қаратон және Мұнайлы кәсіпшіліктері, т. б. кәсіпорындар салынып, өндірістік қуаттары кеңейтілді. Машина жасау және метал өңдеу өнеркәсібі негізінен қайта құрылды. Темір жолдың пайдаланылатын бөлігінің ұзындығы Қазақстан аумағында 1940 ж. 6. 6 мың км болса, 1945 ж. 8. 2 мың км-ге, 1950 ж. 8. 4 мың км-ге, 1960 ж. 11, 5 мың км-ге жетті. Өзен және автомобиль көлігі жедел дамыды.
Жүк тасымалы 1950 ж. 1945 жылмен салыстырғанда 1, 9 есе артты. Республиканың 21 қаласында автомобиль қатынасы орнады. 1950 ж. мемлекет және кооператив бөлшек сауда тауар айналымы 1940 ж. деңгейінен 48% өсті. Тұрғын үй құрылысының қарқыны жеделдетілді. Қала мен жұмысшы қыстақтарының тұрғын үй қоры 5 млн. м 2 -ден астам өсті, ауылдық жерлерде 100 мың м 2 үй салынды. 1946 ж. оқу-ағарту, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыруға бөлінген қаржы 1013, 2 млн. сом болса, 1950 ж. 1734, 9 млн. сомға жетті, яки 70%-дай көбейді.
1960-85 ж. Жалпы КСРО-да халық шаруашылығын біртұтас кешенге айналдыру бағдарламасы жасалып, одақтас республикалардың экономикасын жалпы одақтық көлемде орталықтандырылған басқарумен ұштастыру, республикалар арасындағы еңбек бөлінісін тереңдету көзделді. Осыған орай республикада өнеркәсіптік өндірісті аумақтық жағынан ұйымдастыру, аймақтардағы өндіргіш күштерді кешенді түрде дамытуға ден қойылды. Сан алуан табиғи байлықтарды қарқынды түрде халық шаруашылығы айналымына қосу, өндіріс құрал жабдықтары өндірісін басымырақ дамыту, республиканың жергілікті жағдайлары мен ерекшеліктерін ескере отырып жалпы одақтық және аймақтық мүдделерге сай келетін өнімдер өндіруге мамандандыру міндеті алға қойылды. 1985 ж. республиканың қоғамдық, жалпы өнімі 1960 жылмен салыстырғанда 3, 9 есе артты. Материалдық өндірістің басқа салаларының да даму деңгейі жоғары болды. Өнім өндірудің жалпы көлемі өнеркәсіпте 5 есе, ауыл шаруашылығында 1, 7 есе, материалдық-техникалық жабдықтауда - 2, 9, құрылыста - 3, 4, көлік пен байланыста - 4, 6, сауда мен қоғамдық тамақтандыруда - 4, 5, өнім дайындауда - 2, 4 есе өсті. Аса бай табиғат қорлары негізінде өнеркәсіп халық шаруашылық кешенінде жетекші орынға ие болды. Ірі кәсіпорындар, жаңа шахталар пайда болды. Мұнай, болат, минераллы тыңайтқыштар, көмір, т. б. табиғат қорларын ашудың көлемі көбейді.
1970-85 ж. республика тұрғындарының көпшілігінің тұрмыс деңгейі, жалпы алғанда, көтерілгендігі байқалады. Отбасының көбінде теледидар, тоңазытқыш, кір жуу машиналары пайда болды, азаматтардың жеке меншік автокөліктері мен ұзақ мерзімді сұраныс тауарларының саны көбейді. Алайда әлеуметтік салада, жалпы алғанда, жағымсыз процестер тез шешілудің орнына үдей түсті. Қаржыландырудағы қалдықтық қағиданың салдарынан медициналық қызмет көрсету, білім беру, мектепке дейінгі тәрбие беру істері артта қалды. Ауылдар мен селолардың жартысынан көбінде денсаулық сақтау мекемелері болмады. Үй, мәдени-тұрмыс нысандарының құрылысы, қызмет ету түрлерінің дамуы тұрғындардың қажеттілігінен көп төмендеді. Бұл жылдары ірі өнеркәсіптік және энергетикалық кешендерді салатын мекемелердің үлкен ауқымды индустриялы экспансиясы өрістеді. Мұның бәрі қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына үлкен зиян келтіреді. 90-жылдардың басында экономиканың тежелуі экономикалық дағдарыстың ушығуы, соның салдарынан тұрмыс деңгейінің төмендеп кетуі одақтас республикаларды тәуелсіздік жолындағы белсенді қимылға бастады. Саяси саланы демократияландыру күшейген сайын экономикалық жағдай күрделілене түсті. Қоғамды демократияландыру социалистік теңгермешілікпен жарасым таба алмады. Экономиканы түбірімен реформалау - мемлекеттік меншікке негізделген социалистік жоспарлы экономикадан нарықтық көп меншікті экономикаға көшу қажеттігі туды. Мұның өзі бір сәттік іс емес және қиындықсыз болмайтын үдеріс еді. Одақтас республикалардың егемендігін кеңейтуге байланысты бірнеше экономикалық маңызды заңдар қабылданды. «Қазақ КСР-індегі меншік туралы» Заң социалистік экономикадан нарықтық экономикаға көшудің негізін салды. Осы заңға сәйкес өндіріс құрал-жабдықтарын меншіктенудің мемлекеттік меншіктен басқа түрлерінің де болуына рұқсат етілді. Сөйтіп, әлемдік экономика кеңістіктін 1/3-іне жарты ғасырдан артық уақыт бойы үстемдік еткен социалистік өндіріс тәсілі біржола күйреді. Қазақстан экономикасында, басқа одақтас республикалардағы сияқты, нарықтық қатынастар орнай бастады, әр түрлі кооперативтер, жеке меншік фирмалар мен шағын кәсіпорындар пайда болды. 80-жылдардың аяғына қарай орталықтың республиканы бақылауының әлсіреуі салдарынан, шет елдермен тікелей экономика және сауда байланыстарын орнатуға мүмкіндік туды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz