Туризм – мүмкіндігі мол сала әрі қаржы көзі


Туризм - мүмкіндігі мол сала әрі қаржы көзі
“Біздерде мынадай бар . . . ”
Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде туризм саласы дамудың басым бағыттары ретінде экономиканың тірегі, қаржы көзі болып саналады. Сондықтан да отандастарымыз жылына бір келетін демалыстарында Қара теңіз жағалауындағы демалыс орындары мен Ыстықкөлге аттанып, таза ауада тынығып, мөлдір суына шомылып, жан рахатын бастарынан өткереді. Қарап отырсақ, туризмді дамытуға, оның игілігін көруге елімізде, оның ішінде Алматы облысында мүмкіндік бар. Осыдан да болар Қазақстандағы туризм кластерін дамытуға ең қолайлы аймақ ретінде жерұйығы Жетісу таңдап алынғаны.
Дамудың басым бағыттарының бірі - бәсекелестікке қабілетті туристік индустрияны қалыптастыру мақсатында елімізде 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірленсе, облыс көлемінде осыған орай атқарылатын іс-шара жоспары жасалған. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында биылғы жылы жергілікті бюджеттен 18 млн. теңге қаржы бөлінсе, 2007-2009 жылдарға облыстық бюджеттен жалпы 59 млн. теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Облыс экономикасына тигізер мүмкіндігі мол саланы дамыту мақсатында өткен жылы атқарылған игі істер қатарына - ақпараттық-жарнамалық өнім шығару, халықаралық, республикалық туристік шараларға қатысу арқылы облыстың туристік имиджін қалыптастыру бағытындағы ұйымдастыру жұмыстарын жатқызуға болады. Мәселен, 2001 жылдан бастап Қазақстан қатысқан халықаралық туристік шаралардың бәрінде, яғни Берлин (Германия), Утрехт (Нидерланд), Мадрид (Испания), Мәскеу (Ресей), Лондон (Ұлыбритания), Шанхай (Қытай) және Сеул (Корея) қалаларында облыстың туристік әлеуеті көрсетілсе, биылғы жылы Берлин, Шанхай қалаларында өткен биржаларда Қазақстанның стенді арнайы номинациялар бойынша бірінші жүлдеге ие болған. Онда Алматы облысының сапалы туристік өнімдерінің орын алуы да үлкен іске өзіндік септігін тигізгенін айтқан жөн.
Туған өлкенің таңғажайып тамашасын алыс-жақынға жеткізу, жарнамалау бағытында Алматы және Астана қалаларында өтетін халықаралық, республикалық туристік көрмелер саланың дамуына берік негіз қалауда.
Отандық және әлемдік туристік қызмет көрсету рыноктарында облыстың туристік мүмкіндіктерімен таныстыратын жолсілтеме, облыстың туристік және инвестициялық мүмкіндіктері туралы буклеттер, плакаттар, өзгеше табиғат нысандары мен көруге тұратын орындардың көріністері бар ашық хаттар және тағы басқа жарнамалық-ақпараттық өнімдер жарнамалануда. Осының барысында облыс бойынша арнайы туристік карта жарық көріп, болашағынан көп үміт күтетін жайлар жасалуда.
Жетісуды өзен-көлдер өрнектеп, аспан таулар асқақтатса, орман-тоғайы көздің жауын алады. Осы орайда шағын және орта бизнес өкілдеріне әдістемелік жәрдем көрсету арқылы туристік инфрақұрылымды дамыту, оның мониторингін және талдауын жүргізу мақсатында Орталық Азия университеті, облыстық спорттық туризм федерациясы, “Тұран” университетімен бірлесіп, туризм саласындағы мамандарды дайындау мен кәсіби біліктілігін арттыру жөнінде бірқатар жұмыс атқарылса, кәсіпкерлерді әдістемелік-құралдармен қамтамасыз ету мақсатында нормативтік-құқықтық актілердің жинағы жарық көріп, оң бастамаға жан-жақты қолдау жасалған.
Аймақтағы туризмнің жай-күйін көрсететін материалдар 2003 жылдан бастап жинақталған. Жұмыс қорытындысы бойынша облыс аудандары мен қалаларындағы туризмді дамытудың басым бағыттары анықталып, туристік маршруттардың реестрі дайындалған. Оның ішінде танымдық, экологиялық, орнитологиялық, саяжай-сауықтыру, этнографиялық туризм түрлерін қамтитын жүзге тарта маршруттар енгізілген.
Биылғы жылы облыста осы бағыттағы 351 инфрақұрылым объектілері бар болса, өткен жылы 4, 7 млрд. теңгені құрайтын 34 жаңа нысанның іске қосылғаны саладағы оң өзгеріс пен оның өміршеңдігін дәлелдейді. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста туристік-сауықтырудағы ақылы қызмет көлемі 1453, 1 млн. теңгені құраған.
Алматы облыстық статистика басқармасының мәліметтері бойынша аталған салада 2005 жылы 153 527 келушіге қызмет көрсетілсе, бұл ішкі туризм көлемі 32, 7 есеге артқанын дәлелдейді. Жалпылама айтқанда, осы жылы облыстағы әрбір оныншы тұрғын туристік сапарға шықса, өткен жылы бұл цифр 6 адамға жеткен.
Туризм саласының балалар мен жасөспірімдерді саламатты өмір салтын қалыптастыруға баулудағы маңызы да ерекше. Жыл сайын балалар мен жасөспірімдер арасында туған өлкеге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатында экскурсиялардың, сонымен қатар, балалар мен жастардың арасында туризмнің белсенді түрлерін дамытуға арналған облыстық ашық чемпионаттың өткізілуі осының дәлелі.
Ішкі туризмді дамыту мақсатында сайыстар, слеттер, экспедиция жорықтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар - Дүниежүзілік Туризм күніне арналған облыстық туристер слеті, авторлық (бардтық) ән фестивальдері, “Джунгария” туриадасы, “Бұрқан-Бұлақ” туристік фестивалі, туристік көпсайыс, жаяу, тау туризмі бойынша сайыстар, ақпараттық және тұсаукесер турларының да әр адамның өмірінде қалдырар әсері мол екенін атап айтқан ләзім.
Шетелде тұратын қазақ диаспорасы үшін “Ата жұртқа саяхат” атты туристік бағыт әзірленсе, Ш. Уәлиханов экспедициясының бағыты бойынша ұйымдастырылатын туристік саяхаттардың берері мол. Ал облыста Орталық Азияда теңдесі жоқ экологиялық туризм жөніндегі халықаралық жоба - Іле-Балқаш регатасы жыл сайын жалау көтеріп, оның тәрбиелік, тағылымдық мән-маңызы тереңдей түсуде.
Облыстық мәслихаттың 2006 жылғы 12 желтоқсандағы №34-258 шешімімен туристік кластерді құру мен дамыту бағдарламасы бекітіліп, іс-шаралар жоспарын орындау толығымен қолға алынған.
Орталық Азия университетімен бірігіп, 2006 жылы аудандық және қалалық әкімдік мамандары “Экологиялық туризм - Алматы облысының туристік кластері буындарының бірі” деген тақырыпта өткізілген семинарды да осы бағыттағы игі істердің қатарына жатқызуға болады.
Мемлекеттік ұлттық парктер мен қорықтарды кластерлік дамыту мәселесі бойынша “Алтынемел” ұлттық табиғи паркінде кеңес өткізілсе, қазіргі кезде оның пилоттық жобасы әзірлену үстінде екен.
Қапшағай су қоймасы, Балқаш және Алакөл көлдерінің жағалауында демалыс орындарын ашудың негізгі жоспарын әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, іске асыру мақсатында ұйымдастыру жұмыстары басталған.
Аймақтағы туризмнің дамуын тежейтін негізгі мәселе - тартымды туристік объектілерге және әдемі ландшафтарға апаратын автокөлік жолдарының нашарлығы. Дегенмен, туристік нысандарға апаратын жергілікті маңызы бар жолдар біраз жөндеуден өткен.
Жетісудың қай аймағын алып қарасаңыз да тұнып тұрған әсем табиғатымен, мәдени-тарихи орындарымен құнды. Іле және Жоңғар Алатауы, Алакөл, Балқаш көлдері, Қапшағай су қоймасы, Іле өзені және басқа көптеген сулы, таулы, сондай-ақ тегістік жерлердің артериялары, минералдық су және балшық көздері, табиғат ескерткіштері, атап айтқанда қайталанбайтын флорасы мен фаунасы, соның ішінде эндемикалық және реликталық, қорған кешендері, петроглифтер (тастағы суреттер), мұражайлар (тақырыптық және атақты адамдардың), мавзолейлер, мазарлар және бұрынғы кездегі сәулет (архитектура) ғимараттары туристердің қызыға қарап, таңданыс білдіретін жәдігерлері. Осы ресурстар облыстың туристік инфрақұрылымының негізгі құрамдас бөлігі екенін көрсетеді.
Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи ашық аспан астындағы “Тамғалы” қорық мұражайы, бір спорт-көңіл көтеру кешені, үш мавзолей, екі аквапарк та туристік әлеуеттің бағалы нысаны. Экологиялық туризмнің негізін “Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі”, “Алтынемел”, “Шарын”, “Алакөл және Алматы мемлекеттік табиғи қорықтары” сияқты экологиялық жүйелерді сақтаудың аса маңызды дәрежесіне ие ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрайды. Сонымен бірге облыстағы туристік саяхаттардың мақсаттарына қарай туристерге курорттық-емдеу, соның ішінде климаттық ем, бальнеологиялық ем, балшықпен емдеу, экологиялық туризм, соның ішінде оның мамандандырылған флора мен фауна өкілдерін бақылауға негізделген түрлері, спорт-сауықтыру туризмінің (жаяу жүру, тауға шығу, шаңғы тебу, жағажайда суға шомылу, судағы спорт, мотоциклмен жарысу, желкенесу, альпинизм түрлері, мәдени-танымдық), соның ішінде табиғи, мәдени-тарихи көрікті жерлермен танысу, діни, этникалық мамандандырылған туризм, сонымен қатар аңшылық-кәсіпқойлық, белгілі жағдайларға байланысты экскурсиялар уақытын мәнді өткізем деген демалушының талап-талғамына жол ашады.
Сонымен бірге жаз-күз, қыс айларында “Алтынемел”, “Іле-Алатау”, “Шарын”, “Көлсай көлдері” ұлттық табиғи парктеріне экскурсиялық турлар, Тамғалы тасқа, Аңырақай шатқалына, Іле өзеніндегі Тамғалыға, Жаркент мешітіне және басқа жерлерге экскурсия, Іле және Жоңғар Алатауының таулы өзендері бойынша рафтинг, тауға жаяу шығу турлары; облыс аумағында орналасқан курорттарда (“Алатау”, “Қапал-Арасан”, “Аққайың”, “Жаркент-Арасан”, “Керімағаш”) тынығу және емделу, Алакөл көліне ұйымдастырылған сауықтыру турлары, Қапшағай су қоймасында тынығу туристердің көңілінен шығып, денсаулығын түзеп, күш беретініне, рухани жан рахатына бөлейтініне еш күмән жоқ.
Алакөл - қорықты аймақ
Жоғарыда аталған туристік бағыттардың өзіндік орны, саяхатшыға сыйлар қызығы болатыны түсінікті. Соның бірі -
“Алакөл” мемлекеттік табиғат қорығы - Жетісудағы ғана емес, еліміздегі ең жас қорықтардың бірі. Алғашқы құжаттары рәсімделіп, қазығы қағылғаннан бергі тоғыз жылда мұнда оқымыстылар мен инспекторлардың білікті ұжымы қалыптасты деуге болады. Бүгінде үлкен ғылыми жұмыстар атқарылып, экотуризм саласы бойынша бірқатар бағдарламалар батыл іске асырылуда.
Халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз іскерлік байланыстар орнап, өзара түсіністіктегі қарым-қатынас қалыптасқан. Болашаққа болжанған жұмыстардың барлығы қайталанбас сұлулығымен және аса бай флора және фауна әлемімен ерекшеленетін Алакөл аймағындағы кереметтерді келер ұрпақ үшін сақтау және тиімді түрде пайдалану мақсатында қолға алынып жатыр.
Алакөл қорығының жалпы аумағы 20743 гектар болса, оның кейбір аймағын пайдалануға қатаң тыйым салынған. Қорық қызметкерлері өздерінің күнделікті жұмыстарын Орман және аңшылық шаруашылығы комитетімен бекітілген айрықша қорғалатын табиғи аймақтарды басқару жоспарына сәйкес жүзеге асыруда. Өткен жылдармен салыстырғанда, қорықтағы күзет қызметінің техникалық жағынан жабдықталуы едәуір жақсарған. Сонымен бірге күзет қызметіне екі автокөлік, бес моторлы қайық пен осыншама мотоциклдер және қысқы мерзімге арналған қармен жүретін арнайы көлік бекітілген.
Қорықтың барлық аймағы әрқайсысы 1360 гектардан 3854 гектарға дейінгі алқаптарды құрайтын жеті телімге бөлінген. Биылғы жылы жүзеге асырылатын жұмыстар қатарында Тоғызтүбек және Қарамойын шатқалдарында күзет бекеттерінің құрылысын қолға алу да жоспарланған.
Қорықтық аймақта заң ережелерін бұзушылардың кездесетінін де жоққа шығаруға болмайды. Аудан тұрғындары тарапынан орын алған заңсыздықтарға байланысты өткен жылы ондайларға 607, 8 мың теңгенің талаптары толтырылып, 58 мың теңге айыппұл салыныпты.
Былтыр жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары жайлы айтсақ, жеті тақырыптағы жобалардың дүниеге келгеніне айрықша тоқталған жөн. Оның біріншісі, қорық басшысы мен ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасардың жетекшілігімен, ұжым қызметкерлерімен дайындалатын жыл сайынғы “Табиғат жылнамасы”. Өткен жылы тек қана реликтік шағаланың нақты санын анықтау мақсатында аралға үш мәрте арнайы сапар ұйымдастырылыпты. Зоология институымен тығыз қарым-қатынас орнатудың арқасында 2006 жылы қорық аумағында екі бірдей ғылыми-зерттеу ұйымдары өздерінің ғылыми жұмыстарын жүзеге асырған, Сонымен бірге осынау іскерлік байланыс барысында болашақ табиғат қорғаушылар мен зерттеушілер бүгінгі студенттер аталмыш қорық базасында өндірістік тәжірибеден өтіп, алып жатқан білімдерін іс жүзінде сынақтан өткізуге мүмкіндік алған.
Халықты экологиялық тұрғыда сауаттандыру бағытындағы жұмыстардың да маңыздылығы ескерілген. 2000 жылдан бері “Табиғат мұражайы” халыққа қызмет көрсетеді. Оған келіп, туған өлкенің табиғат ерекшеліктерімен, онда мекендейтін жан-жануарлармен танысқысы, тереңірек білгісі келетіндердің саны да артып отыр. Демалушылар Алакөлдің оңтүстік жағалауында орналасқан Ақши және Көктұма ауылдарының маңайындағы сауықтыру орындарында уақыттарын мәнді өткізуде. Биылдың өзінде осында 1000-нан астам адам демалып үлгерген. Болашақта қорықтың орталық кеңсесі жанынан қонақтарға арналған орталық салу көзделуде. Жыл сайын “Бақтар шеруі” халықаралық табиғат қорғау акциясы аясында күзет бекеттері мен аудандағы саябақтарды көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жойылып бара жатқан ағаштар мен талдардың, бұталардың түрлері де көбейе түсуде. Сонымен бірге алдағы уақытта қорық аумағын 115973 гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Туған өлкенің тамашасы
Жетісу Алатауындағы туризмді дамытуға аса қолайлы маңызды аймақтардың қатарына Қапал-Құрымбел ойысы мен Бүркітті Бүйен өзені бастау алатын Қора, Жаманкөл, Қаратау жоталарының солтүстік беткейін жатқызуға толық негіз бар. Аталған аумақта ғылыми-танымдық, экологиялық және тау туризмін дамытудың тамаша мүмкіндіктері жетерлік, - дейді саланы зерттеп, зерделеумен айналысқан І. Жансүгіров атындағы университеттің оқытушысы К. Жүзжасаров. Оның айтуынша, Мұздыбұлақ таулы алқабы мен Құрымбел ойысында қазіргі кезде қазба жұмыстары жұргізіліп жатқан қола, сақ-ғұн, түркі кезеңдеріне жататындығымен ерекшеленетін тарихи-экологиялық ескерткіштер, Қапал ойысында шипажайлық-сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік беретін тектоникалық жарықшақты минералды су көздерінің қоры кездеседі екен. Қаратау, Қора, Жаманкөл жоталарының солтүстік беткейлерінің абсолютті биіктігі мен жер бетінің жалпы кескіні, көлбеулігі сияқты жер бедерінің морфометриялық көрсеткіштері рекреанттардың жекелеген топтары үшін альпинизм, спорттық-сауықтыру, оқу-танымдық және тау шаңғысы туризмдерін дамытуға айтарлықтай мүмкіндік бар.
Тау беткейлері микроклиматының адамның мінезі мен сезіміне, денсаулығына тигізетін әсері мол. Сонымен бірге тау беткейінің теңіз деңгейінен біртіндеп биіктеуіне байланысты Бүркітті Бүйен өзенінің жоғарғы ағысына дейін автокөлікпен баруға болатындығы да туристік инфрақұрылымдарды дамытуға аса қолайлы екенін дәлелдейді.
Табиғи алғышарттар бірнеше күндік туристік саяхаттар ұйымдастырып, Бүркітті Бүйен өзенінің бастауында альпинистік лагерьлер құруға таптырмайтын орын.
Қора, Жаманкөл, Қаратау жоталарының солтүстік беткейінің, Қапал, Құрымбел ойыстарының гисометриялық, гидроклиматтық ландшафтық-эстетикалық жағдайлары мен тарихи және әлеуметтік-экономикалық алғышарттарын ескеріп, ғылыми-танымдық, бұқаралық сипаттағы серуендік-сауықтыру, шипажайлық-емдік және тау туризмін дамытуға болады.
Бүйен өзені бастау алатын субендік және ендік бағытқа созылып жатқан Жетісу Алатауының солтүстік-орталық жотасының орталық бөлігін қамтитын, батыстан шығысқа бағытталып созылып жатқан абсалюттік биіктігі 3878 метрге жететін Қора, Қаратау (3289м) жоталары солтүстігінде теңіз деңгейінен биіктіктері 1200-2300 метр аралығында ауытқитын үш деңгейлі Қапал, Құрымбел, Мұздыбұлақ тауаралық ойыстарына ұласады. Жоғарыда аталған жоталардың эстетикалық тартымдылығымен ерекшеленетін табиғат көрсеткіштеріне өте бай болуы туристерді ежелгі мұзбасулары мен сел әрекетінен түзілген жер бедерінің морфомүсіндік пішіндерімен таныстыруға қолайлы.
Бүркітті Бүйен өзенінің аңғары мен теріскей беткейлердегі таулы орман топырағында талды-шетенді және шыршалы ормандар тараған. Қылқан жапырақты ормандардың жапырағынан бөлінетін эфир майларының хош иісі мен озонға бай салқын таза ауасы адамның физикалық күш қуатын қалпына келтіріп, мінез-құлыққа қолайлы әсер ететінін ерекше еске алуға болады.
Мұздықтардың бетінде ауа температурасының төмендігіне байланысты орта биіктіктегі таулы белдеуге қарағанда, желдің жылдамдығы артады. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы, ашық күндердің саны, инсоляцияның мәнінің жоғарылығы сияқты рекреациялық ресурстардың жеткілікті болуы туризм мен демалысты дамытуға, келушілердің ынтызарлығын арттыруға ерекше мүмкіндік береді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz