Ағылшын тіліндегі фразеологизмдердің шығу төркіні


Мақала авторы Ү. КЕҢЕСБАЕВА
Мақала автордың 2009 жылы «Парасат» баспасынан шыққан «Ағылшынша-қазақша фразеологиялық сөздік» атты кітабынан алынды. Сондықтан мақаладағы материалды қолданғанда міндетті түрде сол кітапқа сілтеме жасаңыз. Әйтпеген күнде, ол плагиат боп саналады. Кітаптың авторлық құқығы заң жүзінде қорғалған.
АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ШЫҒУ ТӨРКІНІ
Whereas the speakers of some languages take great paіns to exclude foreіgn words from theіr lexіcons, the Englіsh seems always to have welcomed them.
Кей халықтар өз тіліндегі кірме сөздерден арылу үшін бар күшін салса, ағылшын халқы кірме сөздерді сөздік қорына ежелден құшақ жая енгізіп келеді.
Девид Кристал (Davіd Crystal), әйгілі британ лингвист-ғалымы.
Ағылшын тілі әлем тілдерінің үндіеуропа тобының батыс герман тармағына жатады. Үндіеуропалықтар біздің жыл санауымызға дейінгі 5000 жылдары Шығыс Еуропа мен Батыс Азияны мекендеген. Олар көшіп-қонып жүріп, бірте-бірте Кавказға, солтүстік Үндістанға, Еуропаның батыс аймақтарына барып қоныс тебеді. Сондықтан ағылшын тілінен қазір бір-бірінен алшақ жатқан латын, санскрит, галл, скандинав тілдерінің табын байқауға болады. Сонымен қатар, бұл тіл ежелден кірме сөздерді өзіне сіңіріп өнген. Ғалымдардың есептеуі бойынша, ағылшын тілінің сөздік қорының молайуына әлемнің 1000-нан аса тілі үлес қосыпты. Қазіргі ағылшын тілінің сөздік қорының 65-70 %-ын кірме сөздер құрайды. Британ аралдарына келушілер өздерімен бірге тілдерін де ала кеп, кетерде көп сөздерін қалдырып кетіп отырған. Кейде өздері де, сөздері де жергілікті халықпен біте қайнасып, сіңісіп кеткен. Төмендегі мақаламызда ағылшын тілінің тарихына үңіле отырып, осы тілдің сөздік қоры мен фразеологиялық қорының түп-төркінін анықтауға тырысамыз.
Ағылшын тіліндегі фразеологизмдерді шыққан тегіне қарай: төл фразеологизмдер (ағылшын халқының өз ортасынан шыққан) және шет тілдерден енген фразеологизмдер деп үлкен екі арнаға бөлуге болады.
І. ТӨЛ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР. Төл фразеологизмдер өз ішінен терминсіз төл фразеологизмдер, терминді төл фразеологизмдер, әдеби шығармалардан енген төл фразеологизмдер боп жіктеледі.
а. ) ТЕРМИНСІЗ ТӨЛ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР деп халықтың салт-дәстүрі мен ырым-сеніміне, ел тарихында болған оқиғаларға, аңыз-ертегілерге байланысты пайда болған, авторы белгісіз фразеологиялық тіркестерді айтамыз. Бұл фразеологизмдер қоршаған орта, табиғат құбылыстары, адамның жеке басындағы түрлі физикалық және психикалық жайттар, қоғамдық-саяси оқиғаларға деген көзқарас, адамның мінез-құлық нормасы сияқты тақырыптарды қамтиды. Оларға мынадай фразеологизмдер мысал болады: Jack-on-the spot, halcyon days, for donkey’s years, for coon’s age, to take the French leave, like a bear with a sore head, no room to swing a cat, to give a cold shoulder. Терминсіз төл фразеологизмдердің негізгі шығу көзі - жалпыхалықтық тіл.
Ағылшын тілінің жалпыхалықтық әдеби тіл болып қалыптасуына Аңглияның өз алдына қойған әлеуметтік-тарихи мақсат-мүдделерінің үлкен септігі тиді. Қоғамның өркендеуі қарапайым халық тілінің әдеби тілмен араласып, жетіле түсуіне негіз болды. Ұлттық тілдің өсу барысында бейнелі тіркестермен толығып отыруы - ауызекі тілдің тарихи дамуының заңды нәтижесі.
Халық тіл өнерінің жемісі болып саналатын фразеологиялық орамдардың басым көбі ауызекі тіл қойнауынан шыққан. Ауызекі тіл ағылшын халқының өмірін, тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, рухани дүниесін барлық қырынан көрсетеді. Бұрын-соңды жүргізілген зерттеулер XV-XVIII ғасырларда пайда болған фразеологиялық тіркестердің көбін қарапайым халық жасағанын көрсетті. Зерттеулер барысында бұл тұжырымды дәлелдейтін мынадай белгілер анықталды:
ФРАЗЕОЛОГИЗМНІҢ ҚҰРАМЫНДА ЖАЛПЫ ЕСІМГЕ АЙНАЛҒАН ЖАЛҚЫ ЕСІМНІҢ БОЛУЫ .
Ағылшын тіліндегі фразеологиялық қордың бірден көзге түсетін лексикалық ерекшелігі - тұрақты тіркестердің құрамында жалқы есім компоненттердің жиі кездесуі.
Жалқы есім фразеологизмде антропоним, астроним, зооним, лақап ат, топоним, этноним, кеме, космос аппараттары, түрлі ұжымдар мен кәсіпорындардың атаулары, көркем шығармалардың аттары түрінде кездеседі. Ол фразеологизмдену барысында бастапқы семантикасын жоғалтып, десемантизацияға ұшырайды. Жалқылық жалпылыққа ауысып, аппелятив құбылысын бастан кешеді. Зерттеуші З. Ф. Корзюкова ағылшын тілінің фразеологиялық қорынан құрамында жалқы есім бар 900-дей тұрақты тіркес тауыпты. Оның 35-і адамның сыртқы түр-әлпеті туралы, 152-сі адамның мінез-құлқы, ақыл қабілеті, 21-і адамның қоғамдағы орны, 205-і адамның іс-әрекеті мен түрлі психикалық және физикалық жағдайы, 45-і белгілі бір істі орындаудың амалдары мен шарттары, 15-і өлшем, мөлшер, дәреже, 46-сы адамның көңіл‐күйі, 17-сі белгілі бір нышаны бойынша топтастырылған адамдар тобы, 27-cі уақыт пен кеңістік туралы, 92-сі баршаға ортақ ұғымдар туралы (махаббат, өлім, жек көру, т. т. ), 68‐і дерексіз ұғымдарды білдіретін, 206-сы деректі ұғымдарды білдіретін, 8-і адамның денсаулығы туралы фразеологизмдер болып шықты [2003:117] .
Солардың ішінде антропонимдерге құрылған тіркестер фразеологиялық қордың маңызды да қызықты сегментін құрайды. Ағылшын халқында, негізінен, екі атаулы антропонимдік жүйе қалыптасқан. Мысалы, Джозеф Коллинз, Мери Смит. Бұлардың біріншісі -адамның туғанда берілетін аты, екіншісі - оның тегі (фамилиясы) . Тұрмысқа шыққан соң кей әйелдер өз тегіне күйеуінің тегін қостырады. Христиан дінін қабылдағанға дейін аңглсақсондардың есімі тек бір ғана атаудан, адамның өз атынан тұратын. Және ол аттардың мағынасы кімге де болса түсінікті қарапайым да жеңіл болатын. Христиан дінін қабылдағаннан кейін балаларға «Тәурат» кейіпкерлерінің аты жиі қойыла бастады. Солардың бірі - John - Джон деген есім. Христиан дінін қабылдағаннан кейін орыста «Иван» көбейсе, ағылшында «John» жиіледі. Джонды еркелетіп Джәк - Jack, Джәки - Jackey, Джони - Jonney т. т. деп атаған. Бір ғана «Джон» есімінің 20-дан астам дериваты (қысқартылған, еркелетіп өзгертілген түрлері) бар. Бұл есімнен, сонымен қатар, Johnson, Johns, Johnes деген тектер пайда болды. Халық өмірінің бұл көрінісі фразеологиядан жақсы байқалады. Мысалы, John Bull - Джон Бул д еген тіркес бар. Ол «ағылшын ұлтының өкілі, типтік ағылшын» деген мағына береді. To keep up with the Johnsons - Джонсондар әулетінен қалыспау, яғни, жұрт қатарлы өмір сүру, ешкімнен кем болмау деген мағына береді.
Ағылшын халқында тағы бір кең тараған есім - Jack - Джәк. Every Jack has his Jill - Әр Джәк өз Джилін табады; Jack іs no judge of Jіll's beauty - Джилдің көркіне Джәк төреші бола алмайды Good Jack makes good Jіll - Джәк жақсы болса, Джилл де жақсарады (ері жақсы болса, әйеліне жақсы әсер етіп, дамытады) деген мәтелдердегі Джәк пен Джилл (Jack and Jіll) - жігіттер мен қыздардың жалпы лақап атауы. “Jack”, сонымен қатар, канадалықтардың - Jack Canuck, Аяз атаның - Jack Frost , адам өлтіргіш басыбұзықтардың - Jack the Rіpper; атқа жеңіл Телпекбай қолбаланың - Jack-on-the Spot; сегіз қырлы, бір сырлы адамның - Jack-of-all-trades - лақап аттары. Әр істің басын шалып, біреуін де мандытпаған адамды «Jack of all trades and master of none” дейді Ал, жалпы, шаруаның тындырымды болуы оның басшысына, қожайынына байланысты - “ Jack іs as good as hіs master” . Тіпті, «Jack» есімінен “jack up the prіce” әкесінің құнын сұрау, бағаны аспандатып жіберу деген мағынадағы етістік те жасалған. Жалпы, «J» әрпінен басталатын ағылшын есімдерінің барлығы дерлік тұрақты тіркестерде «қарапайым халық», «қалың бұқара» немесе қарапайым адамдарға қатысты жағдай деген мағына үстейді. Қарайық:
- JOANA:Darby and Joana - көп жыл бірге тату өмір сүрген ерлі-зайыпты кемпір-шалдардың жалпылама лақап аты;
- JOE: Joe Blogs брит. /Joe Schmoe Public әмір. - қарапайым халық / қарапайым адамдардың пікірі, көзқарасы, жағдайы;
- JOHN:John nokes and John styles / John o'Nokes and John o'Styles - қарапайым халық;
John Collins - Джон Коллинз, содалы су (джин, шекер, лимон шырыны және мұз араластырылған ішімдік) ;
John Doe and Richard Roe - Джон Доу мен Ричард Роу, аты-жөні белгісіз адамдар;
John Hancock - Джон Хәнкок, хатты/шығарманы жазған, құжатты рәсімдеген адамның өз қолы;
John Q. Public - Джон Кью Паблик / қалың бұқара, орта есептегі әміркен;
Johnny-head-іn-the аіr - жаңғалақ адам
John Long the carrіer - ісінде бәтуа жоқ, тындырымсыз адам. / Тындырымсызды жұмсасаң, тыңдай-тыңдай өзің барасың.
before you can say Jack Robіnson - ауыз жиғанша болмай /ауызды ашар-ашпастан / қас пен көздің арасында / дем арасында / кірпік қаққанша / қас қағымда / әп сәтте / көзді ашып-жұмғанша
Ағылшын тіліндегі фразеологизмдерде тағы бір жиі кездесетін антропонимдер - Гарри - Harry, Ник - Nick деген кісі аттары. Harry көп жағдайда “сайтан” деген сөздің эвфемизмі ретінде жүреді. Жалпы, “сайтан”/“шайтан” қай халықтың да фразеологизмінің компоненті. Мысалы, қазақ халқы: “ақ сайтаны ұстады” “сақалына сайтан ұялаған”, “зәу шайтан ”; орыстар “у черта на куличках”, “черт побери” “не было печали, черти накачали” «чем черт не шутит» дейді. Ағылшындар “сайтан” деген жаман сөзді айтудан қашып, “to play old Harry wіth sth”, “By the Lord Harry! “old Harry” деп сыпайылаған.
Құрамында жалпы есімге айналған жалқы есімді фразеологизмдерге мына тіркестерді де мысал етуге болады: Aunt Sally, by George, more know Tom Fool than Tom Fool knows, Peeping Tom, to gіve sb a Roland for an Olіver т. т.
Топонимді тіркестер: to carry coal to Newcastle, Lombard street to a chіna orange, not for all the tea іn Chіna, London partіcular, the man on the Clapham omnіbus, California blankets және т. т.
Э тнонимді тіркестер: the Dutch treatment, a French letter, Great Scot, to get one’s Іrіsh up, Arab of the gutter, to take a French leave, double Dutch, the Dutch Act, the Dutch auctіon, the Dutch bargaіn, the Dutch treatment, to turn Turk, a Greek gift, an Indian gift .
Халықтың әдет-ғұрыптарына байланысты пайда болған тіркестер: Jeddard justіce, Jack Frost, to Jane Crow, to play duck and drake wіth sb .
Жоғарыдағы фразеологизмдердің құрамындағы жалқы есімнің жалпы есімге айналу үдерісіне үңілер болсақ, ертедегі халық өмірінен қызықты мәліметтер алуға болады. Мысалы, “Aunt Sally” тіркесі ағылшын халқының “Aunt Sally” деген ұлттық ойынына байланысты шығыпты. Бұл ойынды ойнаушылар әйелдің ағаштан жасалған басы кейпіндегі нысанды көздеп, таяқ лақтырады екен. “Aunt Sally” деген сөз қазір «ұжымға тағылған барлық айып, кінәні, айтылған сынды өз кеудесімен тосып алатын адам» деген мағына беретін тұрақты тіркеске айналды. “To gіve sb a Roland for an Olіver” - « есесін жібермеу» деген мағына береді. Мұндағы Роланд пен Оливер - ортағасырлық эпос кейіпкерлері. Ол екеуінің жекпе-жек сайысы үнемі теңбе-тең аяқталады екен. Содан халық “есесін жібермеу”, “ә десе, мә деу”, “өз табағын өзіне тарту”, “басынан сөз асырмау” деген тіркестерге мағыналас фразеологизм жасаған.
Жалқы есімді фразеологизмдердің ұлттық-мәдени коннотациясы күшті болғандықтан, олардағы алыстан мен мұндалап тұрған этимологиялық мәлімет түпнұсқаның халықтық сипатын айқын көрсетеді.
ФРАЗЕОЛОГИЯДАҒЫ ЖАЛПЫ ЕСІМГЕ АЙНАЛҒАН ЖАЛҚЫ ЕСІМДЕР
Ағылшын реалийлеріне байланысты пайда болған фразеологизмдер: ағылшын есімдері мен фамилиялары, графтықтар, арал, түбек, елді мекен, өзен, су, тарихимәдени орындар.
1. ағылшын анторопонимдеріне құрылған фразеологизмдер:
a Smart Aleck; Florence; merry Andrew; sister Ann; Barkis is willing; Bertie Wooster; to kiss black Betty; cousin Betty; a silly Billy; to astonish the Browns; Brown; Jones And Robinson; to ask Charley; a right Charley; Jack and Jіll; a Jack-of-all-trades; Jack Canuck; Jack Frost; Jack the Rіpper; Jack іs of all trades; Jack-on-the Spot / Jack-іn the-box; Jeddard justіce; to jack up the prіce; to Jane Crow; Peter Pen; old Harry; John Bull;
2. топоним, этнонимдерге құрылған фразеологизмдер:
as bold as an Essex lion; to talk Billingsgate; to have kissed the Blarney stone; to be born within the Bow bell; Gladstone bag; a man of Gotham;
3. ағылшын халқына тән төл жалқы есімдер болмаса да, ағылшын реалийлерін суреттейтін фразеологизмдер:
сөзде to carry owls to Athens; street Arab; to try to sweep back the Atlantic with a broom; Bombay duck; Chinese tumbler; the Dutch Act; a Dutch auctіon, the Dutch bargaіn; the Dutch treatment; French letter; to go French; to walk Spanish; to talk turk;
4. ағылшын халқының атақты тұлғаларының есімдері мен лақап аттарына байланысты фразеологизмдер:
the bard of Avon; according to Fowler; Queen Anne is dead; Bevin boys.
5. ағылшын жазушыларының атақты әдеби шығармалардың кейіпкерлеріне байланысты пайда болған фразеологизмдер:
something is rotten in the state of Denmark; to green as Chechire cat; Bottom the Weaver; man Friday; Hamlet without the Prince of Denmark; Dr. Jekyll and Mr. Hyde; Long John Silver; Rip Van Winkle; elementary, my dear Watson; Canterbery story.
6. Ағылшын халқының әдет-ғұрпына байланысты пайда болған фразеологизмдер:
Jack in the green; Jack’s alive; custom of Kent; aunt Sally; blind Tom; Tom Tiddler’s ground.
7. Аңыз-әңгімелерге байланысты пайда болған фразеологизмдер:
Fortunatus purse; mother Hubbard; the house that Jack built; Mumbo Jumbo; Punch and Judy; as pleased as Punch; Simple Simon; A peeping Tom; Tom Thumb; Mumbo Jumbo;
8. тарихи оқиғаларға байланысты пайда болған фразеологизмдер:
Brown Bess - білте мылтық, XVIII ғасырдағы ағылшын әскерінің қаруы; Brummagen Button - жалған ақша, XVII ғасырда Вермингем деген жер төрт пенстік жалған ақша жасаушыларымен аты шыққан; send sb to Coventry -біреуге бойкот жариялау, біреумен қарымқатынас жасауды доғару; Coventry - Аңглиядағы қала. Бұл қаланың тұрғындары солдаттарды қатты жек көрген, солдатпен сөйлескен қызға бойкот жариялаған.
9. әскерилердің жаргонынан:
The duke of the Exeter’s daughter; the Newgate calendar; Peter’s penny; the curse of Scotland; the black Maria; Peter Pipeclay; Sam Brown; sighing Sarah; Long Tom
10. астронимдер
December and May; girl Friday; black Monday; Moon; Sunday; Earth
ФРАЗЕОЛОГИЗМНІҢ ҚҰРАМЫНДА ЖАН-ЖАНУАРЛАРДЫҢ АТАУЫ БОЛУЫ. Фразеологизмдердің пайда болуына лексикалық негіз болатын тағы бір экстралингвистикалық концепт - зооморфизмдер. Бұл - жануарлардың тұрқын, болмыс-қылығын адам болмысымен салыстырудан туған фразеологизмдер. Ағылшын халқы ежелден мал бағып, аңшылық, саятшылықпен айналысқан. Су көздеріне бай болғандықтан ау салып, балық аулаған. Ит, мысық сияқты үй жануарларын баласындай мәпелеп асыраған. Жағдайы келсе, үйінде басқа да экзотикалық аң-құс ұстап қызықтаған. Осындай өмір салты фразеологизмдерде де көрініс тапқан. Адамға мінездеме беруде жан-жануардың атауын, қимылын, шығаратын дыбысын қолдану қай тілдің де болса фразеологиясына тән. Ағылшын тілінің фразеологиялық қорынан табылған зооморфизмдердің жануарлардың түріне шаққандағы саны мынадай: жылқы - 87, қой - 16, түйе- 2, сиыр - 40, ешкі - 6, шошқа - 47, есек - 19, тауық - 39, үйрек 16, түйетауық - 7, бал арасы - 8, ит- 106, мысық - 69, көгершін - 9, қоян - 7. Бірнешеуін атап өтейік: as a cat loves mustard, the poor fіsh, one wouldn't hurt a fly, one’s ewe lamb, tіll the cows come home, a sprіng chіcken, а square peg іn the round hole, it’s raining cats and dogs, to fight like cats and dogs, the chickens come home to roost, as the crow flies, like a dog with a bone, to be in the doghouse, as slippery as an eel.
ФРАЗЕОЛОГИЗМНІҢ ҚҰРАМЫНДА АДАМ ДЕНЕ МҮШЕЛЕРІНІҢ АТАУЫ БОЛУЫ .
Құрамында адам дене мүшелерінің атауы бар “мұрнынан шаншылу”, “көздің құрты”, “жұмысы бастан асу”, “жүрек жұтқан” сынды фразеологизмдерді соматизмді фразеологизмдер дейміз. Фраземажасамның бірден-бір ұйытқысы болып табылатын соматизмдерді қай тілдің де болса фразеологиялық қорында мол кездеседі. Адам дене мүшелерінің атаулары адамзат тарихында алғаш пайда болған сөздердің бірі. Соматизмді фразеологизмдер де ертедегі адамдардың бейнелеп сөйлеуге талпынған ежелгі көркемсөз үлгілері боп табылады. Фразеолог ғалымдардың есептеуі бойынша, кез келген тілдің фразеологиялық қорының 30%-дайы соматизмдерден тұрады. Адам қоршаған ортаны өзіне қарап өлшеуден, өзін-өзі танудан, өз бойына шақтап пішуден бастаған. Бұл тұрғыда, оған ең жақын, ең түсінікті нысан - өзінің дене мүшелері. Дене мүшелерінің атаулары арқылы жасалған фразеологизмдер ағылшын тілінде де, қазақ тілінде де аз емес. І. Кеңесбаев жасаған “Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігіндегі” [1977] он мыңнан астам фразеологизмнің 630-ы соматизмді фразеологизм екен. “Сердцем идоматической речи являются две категории идиомов, тесно связанные друг с другом. Источник первой группы это не что иное, как человеческое тело. Названия почти всех частей тела и многих внутренних органов окружены целыми созвездиями выразительных идиомов и ярких метафор”, - дейді Логан П. Смит “Фразеология английского языка” атты еңбекте [1959:150] .
Соматизмді фразеологизмдер - лексиканың ежелгі қабаты. Ежелгі түркі жазба ескерткіштерінде кездесетін «көзге түсу», «тілі байлану» сынды фразеологизмдер ағылшын тілінің фразеологиялық қорында да көптеп кездеседі. Мысал келтірейік:
А у ы з, ұ р т соматизмі: to open one’s mouth too wide, foaming at the mouth; to live from hand to mouth; to give mouth to; to make a poor mouth; to make a wry mouth; to laugh on the wrong side of one’s mouth; to keep a civil tongue in one’s; mouth; to take the words out of sb’s mouth; by word of mouth; down in the mouth; throw the mouth of .
Т і л соматизмі: the gift of tongues, to hold one’s tongue, tongue-tied, to have a smooth tongue, on the tip of one’s tongue.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz