«Әбіш Кекілбаев – жазушы, қоғам қайраткері»


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасы
«Қорғауға жіберілді»
Кафедра меңгерушісі:
С. О. Қуаныш
«» 2017 ж.
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: «Әбіш Кекілбаев - жазушы, қоғам қайраткері»
5В011400- «Тарих» мамандығы бойынша
Орындаған: Сатымова Қ. Қ.
Ғылыми жетекшісі: т. ғ. д., профессор Ахмет А. Қ.
Атырау-2017
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
I ТАРАУ: ӘБІШ КЕКІЛБАЕВТЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ
1. 1. Әбіш Кекілбаевтың өскен ортасы мен еңбек жолының басталуы . . . 8
1. 2. Әбіш Кекілбаевтың қоғамдық-саяси қызметі . . . 17
II ТАРАУ: ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ - ЗАҢҒАР ЖАЗУШЫ
2. 1. Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы . . . 29
2. 2 Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлғалар . . . 44
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 63
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ . . . 66
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі: Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігін алған жылдан бастап елге елеулі, халыққа қалаулы жазушыларымыз бен ақындарымыз мемлекеттік билік жадына тартыла бастады. Сол азаматтардың арасында көрнекті қаламгер, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері, философ Әбіш Кекілбайұлы Кекілбаевтың алар орны ерекше. Оның еңбектерінің барлығы дерлік ел мен жер, Отан тағдырына арналған. Әлеуметтік және экономикалық мәселелерді тереңінен қарай отырып, ел болашағы мен көп ұлтты мемлекетіміздің әл-ауқаты оның жадынан тыс қалған емес. Осындай еліміздің біртуар ақыны, жазушы әрі саясаткер ел қалаулысының мемлекеттік және қоғамдық қызметімен, оның қаламгерлік шығармаларынан тысқары қалу қателік деп білемін.
Оның шығармаларымен, мемлекеттік және қоғамдық қызметтерімен таныса отырып, Әбіш Кекілбайұлының біз білмейтұғын қырлары мен сырларының әлі де көп екендігін ұғамыз. Оның әрбір шығармаларының мағынасы өте тереңде.
Әбіш Кекілбайұлы көптеген сыйлықтардың иегері және лауреаты. Тағайындалған сыйлықтары мен лауреат атақтары тек қазақ жерінде ғана емес, шетелдерде де ерекше құметпен тапсырылған болатын. Оны тек қазақ елі ғана емес, сонымен қоса орыс, неміс, түрік және т. б. елдерде сүйікті жазушы, көрнекті қаламгер әрі бірден-бір саясаткер деп таныды. Әбіш Кекілбайұлының мемлекеттік және қоғамдық-саяси белсенділігінің рөлі ерекше бағаланды.
Қазақстанның дамуы үшін өз еңбегін еш аямаған Әбіш Кекілбаев еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси, экологиялық, ұлтаралық, дипломатиялық, халықаралық т. б. мәселелерінде белсенділік танытты. Тіл мәселесі де оның жадынан ешқашан тысқары қалған емес. Қазақстанның даму жолын саралап, халық тағдырына жанашырлықпен қарап, азаттық жолында, ұлттық мүдде мен ұлттық сананың өрбуіне өз үлесін қосқан бірден-бір азамат.
Ел жағдайы ушығып тұрған сәтте дүниеге келген Әбіш Кекілбайұлының балалық шағы жан аярлықтай өтсе де ешқашан өз арман-мақсатынан алыс қалмаған. Әкесінен алыс болса да, анасының қолғабысы бола білді. Арманның асқарында өссе де сол арманның жүзеге асатынына сенімі мол болатын. Жастайынан елім деп, жерім деп соққан жас жүрегінің сыры тереңде еді. Туған жері Маңғыстау өңірі Кекілбайұлы үшін арманмен құралған, ерекше сипатқа ие болған сағымдай еді. Сол арманның жетегінде
жүре отырып елдің әл-ауқатын өз шығармаларында әсерлей жеткізе білді.
1962 жылдары Қазақ мемлекеттік университетін жақсымен бітіріп, сол жылдан бастап «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» секілді газет редакциясында әдеби қызметкер және бөлім меңгерушісі қызметімен жұмыс атқара бастайды. Бұдан кейінгі жылдары да өз жұмысын қоғам төрінен алады.
1964-1968 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде репертуарлық-редакциялық коллегия мүшесі қызметін атқарады. 1970-1975 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында бас редакторы болып қызмет жасайды. 1975-1984 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі болып тағайындалады. Бұл жылдар атқарған жұмысы аз емес болатын. Ел ішіндегі ұлтаралық байланыстардың дұрыс жолға қойылуы, экономикалық және әлеуметтік мәселелер, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам мәселесі Әбіш Кекілбаевты толғандырды. Осы салада көп еңбек ете отырып, елді дұрыс жолға, даму жолына салуда ұсыныстар жасаған болатын. 1984-1986 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасары қызметін атқарады. 1986-1988 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы, 1988-1990 жылдары Қазақ КСР тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық Кеңесі президиумының төрағасы болып тағайындалады. Бұл жылдары Әбіш Кекілбайұлы көптеген тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайта жаңғыруына және олардың ерекше құметке ие болуына өз үлесін қосты. 1990 жылдан 1991 жылға дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Жоғарға Кеңесінің мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы қызметін атқарған болатын. 1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметін атқарады. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалады. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, 2002 жылдың ақпанынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланады. Осы жылдардың барлығында Әбіш Кекілбайұлының атқарған қызметі аз емес. Олардың барлығы дерлік мемлекет пен оның даму жолына арналған. Осы аралықта жарық көрген еңбектерінің өзі отансүйгіштік, ықпалдастақ пен тәуелсіздік тақырыптарына арналып жазылған.
Әбіш Кекілбаев қазақ әдебиетінің шымылдырығын алғаш «Алтын шуақ» атты өлеңдер жинағымен ашса, одан кейін 1966 жылы «Бір шөкім бұлт» өлеңдер жинағы, 1968 жылы «Дала балладалары» әңгімелер жинағы, 1973 жылы «Тырау тырау тырналар», 1974 жылы «Бір уыс топырақ», «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-93 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1996 жылы «Заманмен сұхбат», 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. 2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Сонымен қоса осы еңбектері немістің «Фольк унд Вельт» кітап баспасы жүргізген сауалнама хаттамасында оның есімі Лев Толстой, Мұхтар Әуезов, Федор Достоевский, Антон Чехов, Габриэль Гарсиа Маркес, Эрнест Хэмингуей, Хорхе Луис Борхес, Константин Паустовский, Константин Федин, Шыңғыс Айтматов, Расул Ғамзатов, тағы басқа даңқтылар бар «XX ғасырдың таңдаулы жазушылары» тізіміне енгізді. Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Еліміздің біртуар азаматы Әбіш Кекілбаевтың шебер саясаткерлігін, қоғамдағы орны мен мемлекет көлеміндегі атқарған жұмыстарын анықтап, оның шығармашылығына, ғылыми еңбектеріне шолу жасап, ондағы кейіпкерлердің болмысын, тарихтағы орнын саралап беруді мақсат етіп отырмыз. Осы мақсаттарды жүзеге асыру жолында төмендегідей міндеттер қойылды:
- Қоғам және мемлекет қайраткері, қаламгер, драматург, философ, сыншы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен қызметін зерттеу;
- Әбіш Кекілбаевтың шығармаларына талдау жасау;
- Әбіш Кекілбаевтың шығармаларында тарихи тұлғалар туралы мағлұматтар жинақтау
- Еліміздің тәуелсіздігіне дейінгі жылдардағы Әбіш Кекілбайұлының қоғамдық-саяси қызметтерін қарастыру;
- Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы Әбіш Кекілбайұлының саяси қызметтерімен танысу;
- Әбіш Кекілбайұлының қоғамдық-саяси көзқарастарын анықтау;
- Қазақстан Республикасы және шетел көлеміндегі Әбіш Кекілбайұлының қоғам және мемлекет қайраткері, көрнекті қаламгер ретінде алатын орнын айқындау.
Зерттеу нысаны: Көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбайұлының (1939-2015 жж. ) қоғамдық-саяси көзқарастары мен ойы, қоғамдық қызметтері, еңбектері мен шығармашылығындағы тарихи тұлғалар және олардың Қазақ тарихындағы орны.
Тақырыптың зерттелу деңгейі: Әбіш Кекібайұлының қоғамдық-саяси қызметі өте ауқымды, қоғамдық алатын орны өте ерекше. Кекілбаев өмірі мен шығармашылығы, мемлекеттік қызметтерін, атқарған еңбектері ерекше құрметке ие. Бұл тұрғыда көптеген еліміздің және шет елдік азаматтардың бірнеше көлемді еңбектері жариялаған болатын. Атап айтқанда: М. Кемел, С. Бәйішев, Ө. Оралбайұлы, Қ. Сұлтанов, С. Қирабаев, С. Өтениязов, Қ. Жүсіп, Ж. Дүйсенбаева, А. Тұрысбекова, Қ. Есенова, А. Бейсенбай және т. б.
Әбіш Кекілбайұлы шығармалары көптеген тақырыптарға арналған. Шығармаларының көпшілігінде қазақ халқының тарихы, қиын-қыстау кезеңдердегі әл-ауқаты жайында баяндалады. ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан басталған қазақ тарихына деген бетбұрыс ұлт тағдырын ойлаған қаламгерлердің ешқайсысын енжар қалдырған жоқ. Олардың қатарына І. Есенберлин, Т. Ахтанов, С. Сыматаев, Ә. Әлімжанов, Қ. Жұмаділов сынды жазушыларымызды ерекше атап өтсе болады. Қазақ халқының өткені мен бүгінгісі, тарихтың ұзақ тартыстарында елдігін, ұлттық намысын сақтап қалған халықтың ерлік күресі көп шығармаларға арқау болғаны белгілі. Солардың ішінде Әбіш Кекілбаевтың романдары өз биігімен әдебиет тарихына кірді.
Әбіш Кекілбаевтың шығармалары әлемнің 14 тіліне аударылып, бірнеше мақалалар басылып шыққан болатын. Оның ішінде орыс тіліндегі, түрік және неміс тілдеріндегі еңбектері жарық көрген. Түркияда Әбіш Кекілбайұлы құрметіне арналған жеке пошталық марка қолданысқа енгізілген. Тек қазақ елінің ғана емес, бірнеше шетелдік мемлекеттердің де сүйікті қаламгері әрі қоғам қайраткері ретінде танылған Әбіш Кекілбайұлының қоғамымызда алар орны ерекше.
Ғылыми жаңалығы: Бұл тақырыпты зеттей келе, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, философ, жазушы, қаламгер, сыншы, драматург, қазақ елінің ерекше тұлғаларының бірі Әбіш Кекілбайұлы туралы жаңа деректер мен мәліметтер жинақталып, төмендегі мәселелер анықталды:
- Әбіш Кекілбайұлы халықаралық интеллектуалдық әлеумет бойынша әлемнің ең ойшыл 100 адамы санатында;
- Немістің «Фуль унд Вельт» баспасының дүниежүзіне танымал 200 үздік қаламгердің ең таңдаулы 50-нің қатарында;
- Әбіш Кекілбаев еңбектері тек қазақ тілінде ғана емес, әлемнің 14 тілінде жарық көріп, бірнеше мың данамен тараған;
- Егемендік алған жылдардан бері Әбіш Кекілбайұлының көптеген ғылыми-танымдық, тарихи зерттеу еңбектері жарық көрді;
- Саясат, мәдениет пен тарихтың өзекті мәселелерінен көптеген мақалалары жарыққа шықты;
- Қырғыз Республикасының қайраткері, неміс және түрік ұлттарының көрнекті қаламгері;
- Әбіш Кекілбаев құрметіне арналған Түркия Республикасының пошталық марка айналымы;
- Көптеген мемлекеттік сыйлықтардың иегері;
- Кекілбаев еңбектері жан-жақты зерттеле келе, қоғам қайраткері ретінде және көрнекті қаламгер ретінде танылған саяси тұлға екендігі сараланып бір тұжырымға келтірілді.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні: «Әбіш Кекілбаев - жазушы, қоғам қайраткері» атты бұл ғылыми зерттеуді жоғары оқу орындарының тарих, филология, журналистика факультеттеріне оқылатын дәрістерде, практикалық сабақтарда, білімгерлердің өз беттерімен жұмыс істеуіне берілетін тапсырмаларға қосымша ұсынуға болады.
Зерттеудің құрылымы: «Әбіш Кекілбаев - жазушы, қоғам қайраткері» атты жұмыс екі тараудан, әр тарау екі бөлімнен және кіріспе мен қорытындыдан тұрады.
I ТАРАУ ӘБІШ КЕКІЛБАЕВТЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ
1. 1 Әбіш Кекілбаевтың өскен ортасы мен еңбек жолының басталуы
Қазақстан Халық Жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Бейбітшілік және рухани келісім, «Тарлан» сыйлықтарының иегері, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Маңғыстау және Атырау облыстарының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі», «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев», «Отан» ордендерінің иегері - Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы (бұрынғы Гурьев облысы), Маңғыстау ауданы Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған.
Жазушы өз өмірбаянын сөз еткенде: - Мен қыр баласымын, 1939 жылы Маңғыстауда тудым, ата-бабаларымыз көшпелілер, олардың ішінде байы да кедейі де болған көрінеді, -дейді[1] .
Әбіш Кекілбаевтің арғы атасы Жаңайұлы Қожаназар қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген, беделді, дәулетті адам болған. Ата шаңырағын ұстап қалған ұрпағы Жаманқұл немересі Кекілбайды үйлендірген соң, 1924 жылы Оңдыда қайтыс болған. 1928-1931 жылдары әкесі Кекілбай Түркіменстанның Красноводск портында жүкші, Бекташ химия кәсіпорнында біраз жыл жұмысшы болып істеп, елге 1937 жылы Баку мен Макачкала арқылы оралған. Оралған соң Оңдыдағы колхозда, одан кейін Таушық кенішінде шахтер болды. 1942 жылы соғысқа алынып, Сталинград шайқасында қайтыс болады.
Әбіш Кекілбайұлының анасы Айсәуле Жұмабайқызы дәулетті, ел ішінде аты шыққан бидің отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген. 1936 жылы әуелі Оңдыда колхозшы, Таушықта 1942-45 жылдар аралығында стахановшы шахтер, 1945-62 жылдары «Екпінді» колхозында жұмыс істеген.
Белгілі қаламгер Шерхан Мұртаза Айсәуле ана жөнінде былай деп жазды: - Анасы Айсәуленің бірер жиында сөйлегенін естідім. Той-томалақта. Басқалардың үйреншікті, жаттау-таптаурынды, ноқталы сөздерінен бөтен екен. Сонау Қазтуған заманынан әлдеқалай аман қалған көненің көсем сөздеріндей естілді. Соған қарап іштей толқып қойдым: «Әбіштің айбыны асқақ, құдіретті, айтқан лебізін «ала өгіздей мөңіреткен» қызыл тілдің шешені болуы - анасының құрсақ мектебінен екен-ау» [2], - деп,
тағы бір замандасы Қуаныш Сұлтанов:
«Қырынан қарасаң, дүрдік еріндері Қажымұқанның суретін еске түсіретін палуан пішіндес Әбекеңнің адам таңғалатындай нәзік сезімталдығы мен кейде жоқтан өзгеге шыр-пыр болып мазасызданып қалатыны да болады. Шөл мен аптапқа сыр бермес төзімді, Үстірттің қара нарындай кейпінде арқаның құрық тимеген асауындай тарпаңдық та, Алатаудың қарағай мүйізді Арқарының маңғаздығы да менмұндалап тұрады. Осының бәрі түп нағашысы - Қара Боқан мен бағзы бабасы - Қожаназардан өрбіп келе жатқан өшпес мұра, бай мінезі болса, шешендігі мен тапқырлығы, зиялылығы мен дархандығы - көзіміз көріп, мейір шапағатынан ғибрат алған ұлы ана - Айсәуледен дарыған асыл қасиеттері дерсің» [3] - деп суреттейді.
Ал қаламгердің жұбайы Клара Кекілбайкеліні өз анасын: «Қырық жыл келін болып, қас-қабағына қарадым. Айтса, тікесін айтатын, бос сөйлеген кезін көрмей, білмей кеттім. Қайратты, айбатты, омыраулы кісі еді. Біреудің сыртынан әңгіме айтқанын да естімедім. Көп үйрендім. Қызметіме риза болып аттанды. Соңғы сәтте «Саған ризамын» деп қолымды қысты. «Әбішімді ренжітпеңдер» деген ақтық аманат сөзін де қалдырды», - деп еске алады [4] .
Әбіш Кекілбайұлы 1947 жылы Таушықтағы мектептің 1 сыныбына барып, 1948-1954 жылдары Оңдыдағы орта мектепте, 1956-1957 жылдары Үштағандағы орта мектепте оқиды.
Жазушының анасы, Айсәуле Жұмабайқызы ұлының балалық шағы туралы:
«Оқуға, мектепке бармай жатып, қолына кітап алды. Соғыс бітісімен біздің жаққа орыстар, жер қарайтын, су қарайтын, көне орындарды көргісі келетін кісілер көп келе бастады. Әбіш жаз шықты бітті, соларға тілмаш болып, құм кезіп кететін.
Кітапты, бұрынғының кітаптарын көп оқитын. Бала болып алысып-жұлысу дегенді, бұрқырап беталды жүру, темекі тарту дегенді білмейтін. Балалардан гөрі үлкен кісілерге үйір еді. Олар да бетінен қақпайтын. Оныншы класты бітіргесін ауылдан да, ауданнан да қызмет ұсынды. Мен оған «былай бол» деп бір ауыз сөз, ақыл айтқан емеспін. Қызметке тұрып, ауылда қалайын деп жатқан жерінде жалғыз немере ағасы «Жас та болсаң, бассың оқы. Қызмет қайда қашады? Алматыға бар» деді. Алматыға да жалғыз кетті. Дәм айдап келген ғой, оқуын бітірген соң, осында қалды»- деген болатын [5] .
Мектептегі кезінде аудан орталығында танысқан досы Максим қайтыс болады, сол оқиғадан бірер ай өткенде Максимнің анасы Орал жаққа бармақ
болып, ұшаққа билет алады. Бірақ, ұшаққа отырарда, қаралы жағдайын қарамастан, билеті бола тұра ұшқыш оның орнына өзінің бір танысын отырғызып, бұл кісіні қалдырып кетеді. Алтыншы сыныпта оқитын бала Әбіш қайтыс болған досының анасына жаны ашып, «Комсомольская правда» газетіне хат жазып, әлгі ұшқышты айыптайды, қаралы анадан кешірім сұрауды талап етеді. Ұшқыш кешірім сұрайды, облыстық әуе тобының басшылығы ол ұшқышты әдепсіздігі үшін бір жылға ұшу құқығынан айырады. Бұл қоғам қайраткерінің жасынан қиянатқа, озбырлыққа жаны қас болып өскенінің белгісі [1] .
Әдебиетке құмарлығы мектеп қабырғасында басталады. Бесінші класта оқып жүргенде аудандық газетке «Екпінді егін екпей ме?» деген мақаласы шығады. Ол колхоз басқармасында талқыланады. Мәжіліске Әбіш Кекілбаевты шақырады. Басқарма мүшелері «Кекілбаев жолдастың мақаласында көрсетілген кемшіліктерді» түгел мойындап, оны жоюдың шараларын қабылдайды. Әбіш Кекілбаевтың қаламгерлігі осылай басталған еді.
Сегізінші сыныпта жүргенде бір жазушының романын оқыған ол басқа бір орыс жазушысының кітабымен мағынасы өте ұксас екенін байқап, өзінің досына көрсетеді, екеуі «Лениншіл жас» газетіне осы туралы мақала жолдайды. Ол мақала Жазушылар одағында арнайы қаралады.
«Әлі есімде, 1954 жыл еді. Мәскеудегі оқу орны мені Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасына практикаға жіберді. Баспа директоры Б. Балтағожин деген кісі еді. Партия функционері. Бір күні директор бүкіл ұжымды шұғыл жиналысқа шақырды. «Не боп қалды?» деп бәріміз кабинетке үркектей кірдік. Балтағожин жарықтық, шағын ғана домалақ, қара торы кісі еді. Басынан буы бұрқырап, түтігіп кетіпті. - Масқара болдық! - деп алдында жатқан газетті жоғары көтеріп сілкіп-сілкіп қойды. Ол «Лениншіл жас» екен. (қазіргі «Жас Алаш») . Баспадағы проза бөлімінің бастығы сұлуша келген, аққұбаша, тым сыпайы егде кісі еді. Сол Украинаның Леньков деген жазушысының бір повесін қазақшаға аударған екен. Артынша өзі төл повесін жазыпты. «Лениншіл жас» етектей мақалада сол аударма мен төл повестің бір-бірінен аумаған егіз екенін әшкерелеп жазыпты. Мұндайды әдебиет ғылымында «плагиат» дейді. Директор түтіндеп тұрып осыны айтты. - Үлкен ЦК-дан звондап жатыр, масқара болдық! - деді.
- Авторы кім? Кім жазыпты? - деген дауыс шықты. Директор қолы дірілдеп, көзілдірігін әрең киіп алып, мақаланың аяғына үңілді.
- Ә - Әбіш Ке-Кекілбаев, Маңғыстау, Онды аулы. Сегізінші класс оқушысы.
- Ойбай-ау сегізінші класс оқушысы не біледі?
- Әбес айтылған шығар, - деп әр тұстан бірі елірген, бірі жуас үндер шықты» деп еске алады Шерхан Мұртаза [2] .
Жазушының өзі: «Содан қайтып тек өзім ұнаткан шығармалар туралы ғана жазуды әдетке айналдырдым. Әдебиеттегі келелсіз сарындар мен ағымдар, жағымсыз құбылыстар туралы ой толғағанмен, нақты авторлар мен шығармалардың қотырын қасымауға тырыстым. Өмірде ненің жаман екенін білсек те жеткілікті, кімнің жаман екенін қазбалау - қазымырлық. Жамандыққа жаратылған ешкім жоқ. Жаңсақ кетсе, түзеледі. Кемшілігі болса, арылады. Сондыктан нақты біреуді жамандыққа қию, әсіресе, әдебиетші үшін кешірместей қатыгездік болар еді» [1], - дейді.
Осылайша Әбіш Кекілбаев шығармашылық жолын сыншы ретінде бастады.
Аталған оқығадан соң, сол жылы оны Қазақстан Жазушылар одағының пленумына шақыртады. Көргендердің әңгімесі: «Жазушылар одағының фойесінде ығы-жығы жазушылар, Одақтың пленумы болғалы жатыр. Ішінде бір бұйрабас қара бала да жүр. Пленумды ұйымдастырып жүрген қызметкерлердің бірі балаға жақындап: «Әй бала, мұнда неге жүрсің, қазір бұл жерде жиналыс болғалы жатыр», - деп оны шығарып жібергісі келіпті. «Мені пленумға шақырған, міне, қағазым», - деп қолындағы мөр басылған шақыру қағазын көрсетіпті. «Ә. Кекілбаев сенбісің, жарайды, кіре бер», - деп ескерту жасаған кісі ұялғаннан кері айналып жүре береді» [1] .
Мырзатай Жолдасбеков өз естеліктерінде былай дейді:
«Мен Әбішті ең алғаш Алматыда «Лениншіл жас» газетінің 25 жылдығында көріп ем. Газеттің белсенді жас тілшілері қатарында Алматыға сонау Маңғыстаудан шақырылыпты. Бұйра шашты, ай маңдайы жарқыраған баланың топ жарып сөйлегені әлі күнге жадымда. Сонда жұрт: «Мына бала болайын деп тұр екен» - десіп еді. Жұрттың айтқаны дәл келді» [6, 7 б. ] .
1957 жылы 5 мамырда Әбіш Кекілбаев «Лениншіл жастың» белсенді ауылдық тілшісі ретінде Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің мақтау қағазымен марапатталады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz