«Алпамыс батыр» жырының лексика-грамматикалық ерекшеліктері


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 67 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

«Алпамыс батыр» жырының лексика-грамматикалық ерекшеліктері

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

5В011700 - «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы

Астана 2017

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

«Қорғауға жіберілді»

Қазақ тіл білімі кафедрасының

меңгерушісі, ф. ғ. к., доцент

«___» 2017 ж.

5В011700 - «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша

«Алпамыс батыр» жырының лексика-грамматикалық ерекшеліктері тақырыбындағы

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

Орындаған:

Ғылыми жетекші

ф. ғ. к., профессор

Астана 2017

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . 7

1 Эпостық жырлар тілі, зерттелуі, лексикасы . . . 11

1. 1 «Алпамыс батыр» жырының зерттелуі . . . 16

1. 2 «Алпамыс батыр» жырының лексикалық қабаты . . . 25

1. 3 «Алпамыс батыр» жырының өзге эпостық жырлармен ұқсастығы . . . 32

2 «Алпамыс батыр» жырының лексика-грамматикалық ерекшеліктері . . . 39

2. 1 Антонимдік және синонимдік қатарлардың стильдік сипаты . . . 39

2. 2 Кірме, көнерген сөздердің қолданысы . . . 44

2. 3 Көріктеу құралдарының қызметі . . . 52

2. 4 «Алпамыс батыр» жырының грамматикалық сипаты . . . 61

Қорытынды . . . 65

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 70

КІРІСПЕ

Халық ауыз әдебиеті үлгілеріндегі сөз қолдану машығын талдау, таразылау - бүгінгі күндегі жалғасын тауып келе жатқан маңызды мәселелер қатарын құрайды. Қазақ әдеби тілінің қалыптасу кезеңдерінде халықтың рухани дамуына өз үлесін қосқан батырлар жырының тілін тереңдеп зерттеу, стильдік дәстүрлерін саралау, қорыту арқылы стильдік байлықты молайтуға олардың қосқан үлестерін ашып көрсетудің мәні зор. Көркем сөз зергерлері қалыптастырған стильдік дәстүр мен өнеге, олардың қазіргі әдеби тілімізде игеріліп, дамытылуы қандай дәрежеде деген мәселелер де осыдан келіп туындайды.

Халық ауыз әдебиеті үлгілері қазақ әдеби тілінің негізі арналарының бірі болып табылады. Қазақ әдеби тілінің дамуының негізгі қайнар көзі - фольклор деп танитын болсақ, ұлттық фольклордың басты салаларының бірі - батырлар жыры. Қазақ батырлар жырларының аса елеулілерінің бірі «Алпамыс батыр» жырының тарихилығы мен оның көптеген нұсқаларының сюжеттік ерекшелігін танытуға қоса, оның лексикка-грамматикалық ерекшеліктерін талдау әлі де тың тақырыптардың қатарында.

Ұлт тілі тарихын сипаттайтын жазба деректер мен әдеби ескерткіштер халық мәдениетінің тарихи даму сатыларын, ойы мен дүниетанымдық біртұтас болмысын айғақтайтын дереккөздер ретінде бағаланатындығы - әлем тілдерінің тарихы мен болмысында қалыптасқан дәстүр, қабылданған қағида. Бұл негіз - тілдің ұлттық табиғатын ұлт тілінің болмыс-бітімі арқылы немесе, керісінше, ұлт тілінің табиғатындағы тілдік ерекшеліктер арқылы сөз қолдану шеберлігін, ойлау жүйесін, сөз жасау мүмкіндігін айқындап, ұғымға сөз тұлғасын жасап берудегі тәсілдердің табиғатын қарастыруға, сол арқылы сөз мағынасының түп-төркінін зерделеуге ықпал етпек.

Диплом тақырыбы жұмысының өзектілігі. Тіл мен мәдениеттің өзара қарым-қатынасы, әсіресе мәдениеттің тілге ықпалы, мәдениеттің тілдегі көрінісі ғылым үшін жаңалық емес. Әр халықтың дүниетанымы мен мәдениетінде ерекшелік бар; бұл ерекшелік тілге сіңіріледі дегеннің бастапқы негізі Э. Сепир мен Б. Уорфтың «лингвистиканың ықтималдылық теориясында» (теория лингвистической относительности) қаланған болатын.

Бұл дипломдық жұмыс «Алпамыс батыр» жырының тілін, соның ішінде лексика-грамматикалық ерекшеліктерін зерттеп, сол арқылы ұлттық дүниетаным көрінісін ашуға арналған. Әрбір шығарманың өзіндік ерекшелігі, кейіпкерлері мен образдары, тақырыбы мен идеясы - барлығы да оның тілі арқылы көрінетіні сөзсіз. Көркем шығарманың лексикалық ерекшеліктерін зерттеушілер шығарманың мазмұны мен түрін бірдей қарастырып, жазушының халық тіліндегі өзінен бұрынғы сөз байлығын, сөз өрнегін қаншалықты, қалай пайдаланғанын, өзі халықтың тіл мәдениетін ілгері дамытуда не істегенін айқындайды.

Көркем әдебиеттің стильдік ерекшелігі жалпыхалықтық тіл байлығын молынан пайдаланудан құралады. Сондықтан көркем шығармаларда әдеби нормамен қатар ауызекі тіл элементтері де, диалектизмдер мен архаизмдер де, жаңа қолданыстар мен варваризмдер де қолданылуы заңды. Дипломдық жұмысты жазу барысында негізге алғанымыз «Алпамыс батыр» жырының жалпыхалықтық тілдің негізгі сөздік қорын, негізгі сөздік құрамын, тілдегі көріктеу құралдарын қалай пайдаланды, оларды қалай байытты және олары қаншалықты заңды, жарастықты шыққанын қарастыру. Сонымен бірге қазақ фольклорының көркемдік қасиетін танытатын, кейіпкерлерінің ұлттық нақыш-сипатын барынша айқын көрсете алатын, ана тілі байлығын айшықты пайдалана білетін образдарды сомдаудағы көріктеуіш тілдік-стильдік тәсілдер ерекшелігін ашып көрсетуге арналып отыр. «Алпамыс батыр» жыры көркем әдебиет тіліне қандай жаңалық қосты, кейіпкерлер бейнесін қандай тәсілдермен жасады, сөздік қорды қалай жұмсағанын анықтау - дипломдық жұмыс тақырыбының өзектілігін танытады.

Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы. Дипломдық жұмыс барысында төмендегі мәселелерге айырықша көңіл аударылды және барынша шешілді. Ең бастысы, «Алпамыс батыр» жырының тілі әдеби тілмен салыстырыла отырып стилистикалық талдауға түсті. Әсіресе, жырдың лексика-грамматикалық ерекшеліктерін саралауға басты назар аударылды.

Шығармалар тіліндегі синонимдер орынсыз сөз қайталанбауы үшін, белгілі бір оқиғаны көркемдеп, асыра суреттеу мен сөйлем мазмұнын байыту үшін қолданылса, лексикалық және фразалық антонимдер қарама-қарсы құбылыстарды салыстыру мен шендестіруде және сол арқылы ойды нақты, тұжырымды, бейнелі беруде қолданылатыны анықталды;

«Алпамыс батыр» жырының тіліндегі кірме элементтер мен көнерген сөздердің жұмсалуы кейіпкер бейнесін сомдаумен қатар қоғамның келбетін танытатын тілдік бірліктер ретінде қызмет атқарғаны айқындалды;

Ажарлау мен құбылту сияқты көркемдеу тәсілдері ұтымды қолданылған және оларды қолдануда қазақ тіліне тән ұлттық белгі көрсетілген.

Диплом жұмысының теориялық және практикалық мәні. Зерттеу барысында алынған тұжырымдар мен нәтижелерді лингвомәдениеттану жайында жазылған ғылыми зерттеу еңбектерге жалпы шолу, талдау жасау барысында пайдалануға мүмкіндік береді. Оған қоса бұл зерттеу жұмысы болашақ ғылыми ізденістерге негіз бола алады. Жұмыста ұсынылған кейбір зерттеулік тұжырымдар жақын келешекте «Алпамыс батыр» жыры тілінің жаңаша зерделенуіне итермелейді. Араб-парсы және қазақ тілдері арасындағы тілдік байланысты нығайтуға және екі ел мәдениетінің ынтымақтастығына үлес қосады. Сондай-ақ, тілдегі дәстүрлілік мәселелерін сақтаудың алғы шарттарын ұстануды қолдап, қазіргі қазақ тіл білімінің фонетикалық қағидаларын толықтыруға мүмкіндік береді. Диплом жұмысында қамтылған араб-парсы лексикалық тобы мен олардың семантикалық сипаттамасы қазақша-арабша, арабша-қазақша сөздіктерді түзуге әкелген, ал батырлар жыры тілінің сөздігін құрастыру әлі қолға алынған жоқ. Сондықтан жұмыста қамтылған тиянақтаулар сөздік жасауға негіз бола алады.

Димлом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қазақ фольклорының дамуында өзіндік орны бар «Алпамыс батыр» жырының лексика-грамматикалық ерекшеліктерін стилистикалық тұрғыдан талдай отыра ұлттық дүниетаным көрінісін сипаттау. Халықтың сөз байлығын қолданудағы жырдың өзіндік дара ерекшелігін анықтау. Осы мақсатты орындауда төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:

«Алпамыс батыр» жырының тіліне қатысты зерттеулерге шолу;

  • «Алпамыс батыр» жырындағы синонимдер мен антонимдердің мақсатты қолданылуын анықтау;
  • жырдың құрамында кездесетін кірме сөздер мен көнерген сөздердің шығарма тіліндегі атқаратын қызметін көрсету;
  • жырда жиі қолданылған сөз құбылту мен ажарлау тәсілдерін көрсету;
  • жырдың грамматикалық ерекшеліктеріне тоқталу.

Диплом жұмысының әдістері. Жұмыстың жазылуы әрі теориялық, әрі әдістемелік талдамды қажет етті. Ең алдымен, ғылыми әдебиеттер тізімін жинастыру қажет болды. Бұл қатар сөздікпен жұмыс жүргізумен толыға түсті. Демек, қажетті әдебиеттер сараланып, оларға талдау жүргізілді. Екіншіден, жеке тілдік талдаулар аздық етті. Яғни, батырлар жырының әдебиеттегі, тілдегі және тарихтағы белгілерін анықтау қажет болды. Бұл тарихи-этимологиялық, диахронды-салыстырмалы әдісті талап етті. Үшіншіден, жинақталған картотекалық мысал-деректер сараптауға түсті. Бұл тұрғыда статистикалық әдіс пен салыстырмалы-тарихи әдісті қатар жүргізу үрдісін пайдаландық.

Диплом жұмысының нысаны. Фольклорлық шығармалардың шеберлігін айқындау мақсатындағы талдау жасауға негіз болған материалдар «Алпамыс батыр» жырынан алынды. Дипломдық жұмысты жазу барысында отандық ғалымдар А. Байтұрсынов, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, Е. Жанпейісов, Р. Сыздық, Ә. Болғанбаев, Ғ. Қалиев, С. Исаевтың лингвистикалық еңбектеріне сүйендік.

Диплом жұмысының әдістемелік және теориялық негіздері. Диплом жұмысын жазуда тіл білімінде байсалды зерттеулер жүргізген Қ. Жұбанов, Р. Бердібаев, К. Аханов, Р. Сыздықова, З. Ахметов, Т. Қордабаев, Қ. Жұмалиев, Л. Рүстемов, Б. Хасанов секілді жетекші ғалымдардың теориялық тұжырымдары басшылыққа алынды. Сонымен қатар бүгінгі күні тіл білімінің дамуына еңбектеніп жүрген Ж. Ж. Есеналиева, В. А. Шнайдер, Г. Мұхамеджанованың пікірлері тартылып отырды. Әсіресе, тақырыпқа қатысты құрастырылған сөздіктердің құнды да дайын материал екенін айта кеткен жөн. Жұмыстың ғылыми тұрғыдан безендірілуіне әдебиеттер тізіміндегі авторлардың еңбектері барынша әсер етті.

Диплом жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысында алға қойылған мақсат пен міндеттерді жүзеге асыру үшін диплом жұмысының дерек көздері ретінде жырдың Қазақстанда сақталған, жарияланған нұсқалары, кітаптар мен мерзімді баспасөз өнімдері, ғалымдардың зерттеу еңбектері мен түрлі сипаттағы мағлұматтары пайдаланылды. Теориялық тұжырымдар мен тәжірибелік ұсыныстар жасау үшін тілтанушы ғалымдардың еңбектері жинақталды.

Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспе мен негізгі мәселелерді қамтитын екі тараудан, қорытындыдан тұрады. Еңбек соңында сілтеме жасалған әдебиеттер тізімі берілген.

1 ЭПОСТЫҚ ЖЫРЛАР ТІЛІ, ЗЕРТТЕЛУІ, ЛЕКСИКАСЫ

Фольклор туындыларының өзіне ғана тән біршама ерекшеліктері болатыны белгілі. Шығармалардың ауызша айтылатын, ел есінде ауызша сақталып, айтушының ой-қиялына орай түрлі өзгеріске ұшырап, көп вариантты болатыны, тұрақты, дәстүрлі тіркестердің жиі кездесетіні де ауыз әдебиетіне тән, ортақ нышан. Сонымен бірге фольклор туындыларының тарихи шындық негізінде қорытылып, суреттелуі өзгеше болады.

Қазақ ауыз әдебиетінің ертеден келе жатқан күрделі саласының бірі - батырлар жыры болып табылады. Бұл жырлардың көпшілігі халықтың елін сүю, сыртқы жаудан елін қорғау, халық үшін ерлік еңбек ету идеясынан туындаған. Шабуыл, шайқаста көзге түскен, жұртын қорғаған батырлардың ерлік істерін өз халқы аңыз-әңгіме, жырына қосқан. Әрине, мұндай жырлар бір ғасырдың ғана жемісі емес екені айдан анық. Ол халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық өміріне сәйкес көптеген өзгерістерге ұшырап, әрбір тарихи кезеңнің, қоғамдық ой-сананың, түрлі көзқарастардың алуан әсерін бойына жинай отырып, біздің заманымызға жеткен жыр.

Кеңестік дәуірге дейін, онан кейін де фольклористика ғылымы тарихында эпостық шығармалардың қыры мен сыры кеңінен қарастырылды деп айтуымызға болады. Бұған мысал ретінде Ш. Уәлихановтың, В. Радловтың, Н. Ильминскийдің, Г. Потаниннің, Ә. Диваевтің және т. б. зерттеуші-ғалымдардың жинап, бастырған батырлар жыры мен осы негіздегі зерттеулері дәлел бола алады. Ғалымдар өз еңбектерінде эпостың халықтығын айқындау, эпосты тарихи оқиғаның нақтылы көшірмесі ретінде қарастыруға болмайтындығы, жалпы эпосқа тарихи ескерткіш деп қана қарамай оны халықтың көркемсөз өнерінің озық үлгісі деп қарау басты орынға қойылған болатын. 20-жылдардың соңы мен 30-жылдардың ішінде эпосты зерттеуде С. Сейфуллин, М. Әуезовтің еңбектері зор болса, кейіннен олардың ізімен С. Мұқанов, Ә. Марғұлан, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, М. Ғабдуллиндердің тұжырымды ой-пікірлеріне ұласты. Қазақ эпосының тарихпен байланысы, шығу жолдары, көркемдік ерекшелігі, халықтық сипаты мен белгілері осы ғалымдардың еңбегінде жан-жақты қарастырылды. М. Әуезов қазақ эпосының тұрмыс-салт жырларымен (жоқтау, естірту, қоштасу т. б. ) байланысты екендігін, жалпы қазақ эпосының қалыптасуына осы жырлардың негіз болуы мүмкін екендігін айтқан.

«Бізде ең ежелгі мұра санатына жататын, ертедегі заманның аңыз-әңгімелерінен туған жыр-дастандар жетерлік. Әдебиетіміздің төркінін тым әріге монғол, Алтын Орда, ноғай-қыпшақ, қалмақтар заманына жеткізер ескерткіштер де осылар. Атап айтатын болсақ, «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» және т. б. » [2, 19-б. ] .

«Өткен заман жайын шертетін өлмес, өшпес, дана шежіреші - эпос бізге ғасырлар тынысын жеткізгендей, сол кездегі жандар бейне бір тіріліп келіп сыр-сезімін, ойы мен шынын, үзілмес арманы мен бақыт аңсаған тілегін алдымызға жайып салғандай болар еді» [3, 190-192-б. ] .

Эпостық жырларды кезеңіне, жанрлық ерекшеліктеріне қарай бөлудің бірнеше типтері кездеседі. М. Әуезов қазақ эпосын былай бөледі:

1. Батырлық эпос

2. Лиро-эпос

3. Тарихи эпос

4. Реальды-тарихи эпос

Қазақ эпосын жинақтау және зерттеу мәселесіне сандаған ғалымдар ат салысып, түрлі тұжырымдар жасаған болатын. Олардың еселі еңбектері ғылымда қалыпты бағаланып келе жатқаны мәлім. Біздің алып отырған тақырыбымыз «Алпамыс батыр» жыры болғандықтан, эпостық мұраларымыздың жанрлық сипатына да тоқталып өтуді жөн көрдік. Қазақ эпосына қатысты зерттеу еңбектерде, эпикалық жырларды жанрлық тұрғыдан жіктеудегі тәжірибелерге тоқтала отырып, белгілі эпостанушы ғалымдар Ә. Х. Марғұлан мен Ә. Қоңыратбаевтың классификацияларын басшылыққа алатындығы басымдылық танытады. Ең алдымен Ә. Х. Марғұланның ұсынған жіктеуіне назар аударайық:

1) Ең көне замандағы эпостық жырлар. Бұған «Ер Төстік», «Ақ Көбек», «Құламерген», «Шолпан мерген» сияқты жыр-аңыздар жатады.

2) Оғыз-қыпшақ заманында пайда болған эпостар (ХІ-ХІІ ғғ) . Бұл кезеңнің өзі іштей екі салаға бөлінген.

3) Қазақ даласында Жошы ұлысының құрылуы, оның ішкі қақтығыстарын («Қобыланды», «Ер Тарғын») және сол ұлыстың ыдырауын көрсететін жырларға («Қамбар», «Қазтуған» т. б. ) жатқызылған. Дәуірлік бөлуге жүгінсек бұларды ноғайлы жырлары деп те атайды.

4) Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті (ХҮІІ-ХҮІІІ ғғ. ) суреттейтін эпос. Бұған Қабанбай, Бөгембай, Олжабай, Есімхан т. б. туралы жырлар енгізілген. Тарихи өлеңдер туралы пікірлер айтылған.

5) ХІХ ғасырдағы патша езушілігіне, хандар зорлығына қарсы күрес хикаяларын беретін эпос жеке дәуір жаратындысы деп сипатталған. Мұнда тарихта болған Исатай, Махамбет, Бекет, Жанқожа туралы шығармалардың жанрлық өзгешелігі барлығы ескертілген.

6) Совет заманында туған эпос.

Қазақ эпосының жоғардағы топтастыруларында Ә. Марғұлан негізінен тарихи принципті ұстанғаны байқалады. Мұндай жіктеудің бастамасы ХІХ ғасырдағы Ш. Уәлиханов, Г. Н. Потанин, В. В. Радловтың ой-пікірлерінде де аңғарылған. Қазақ эпосына қатысты Ш. Уәлихановтың пікірлері анағұрлым маңызды болатын. Тарихи мектептің өкілі ретінде Шоқанның эпостың шығу тегіне тереңдеуі сандаған зерттеушілерді таң қалдырған еді. Оған қоса Шоқан эпикалық мұралардың ішіндегі тарихи жырлардағы өзгешелікті бірден байқап, «тарихи жыр» деген термин атауды алғаш рет ұсынған еді. [4, 197-б. ] .

Қазақ эпикалық жырларын түрге жіктеу тәжірбиесі Ә. Диваев, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедұлы еңбектерінен көрінді. Рухани мұраға тарихи тұрғыдан қарап, соны дәлелдеу мақсатына этнография, археология ғылымдарының тамаша жетістіктерімен ұштастыра отырып жүргізген Ә. Х. Марғұланның эпостық мұраларды жіктеуі дәуірлік тұрғыдан дұрыс болып есептеледі. Алайда мұны таза жанрға қатысты деп қараудан гөрі эпостық шығу тегі мен жасалуына байланысты жіктеу дегеніміз қисынды болар.

Қазақ эпосын тегімен жанры жағынан бөліп көрсеткен ендігі бір еңбек

Ә. Қоңыратбаевтікі болатын. Ғалым эпосты он салаға бөліп қарастырады:

1) . Ертегілік эпос («Ер Төстік», «Құламерген», «Таласбай мерген», «Дотан», «Мұңлық-Зарлық») .

2) Түрік Қағанаты дәуірінде туған жылнамалық эпос. (Орхон жазулары, «Күлтегін» жырлары) .

3) Оғыз эпосы («Кітаби дадам Қорқыт» жырлары) .

4) Тайпалық эпос («Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар») .

5) Ноғайлы эпосы («Ер Тарғын», Мұрын Сеңгірбаев жырлайтын «Қырымның қырық батыры» т. б. ) .

6) Тарихи эпос («Бекет», «Досан батыр», 1961 жыл поэзиясы) .

7) Лиро-эпос («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман- Шолпан») .

8) Шығыс дастандары («Рүстем-Дастан», қиссалар) .

9) . Авторлық эпос («Еспембет», «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Нарқыз») .

10) . Совет эпосы (Аманкелді, Мәлік, Төлеген жайындағы жырлар) . [5, 98-б. ]

Сандаған жылдар мен ғасырлардан мүдірмей өтіп, халықтың дүниетанымдық түрлі көзқарастарын жинақтап, дәуірлік және дәстүр негізінде өзіндік арнасын қалыптастырған эпосты тегі мен түрлері жағынан топтастыру жеңіл жұмыс емес екені анық. Айталық мұндағы оғыз эпосы, тайпалық эпос, ноғайлы эпосы ретіндегі бөліп көрсетілген жырлардың бәрі - «батырлық жырлар» деп аталады. Тегі жағынан болмаса, жанрлық тұрғыдан батырлық жырлар екендігіне талас жоқ. Ал, авторы бар эпикалық шығармаларды ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің байланысын көрсетеді демесек таза фольклордың үлгісі деудің қисыны да келмейді. Ауыз әдебиетінің мүлкі болатын болса, сол әдебиеттің заңдылығына сай екендігі де дәлелденуі қажет. Анығына келер болсақ, жақындағы ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде пайда болған эпикалық шығармалардың авторлары бар, дегенмен де, жасалу жағынан көп нұсқалы болып келетіндігі, халықтың арман-тілегін жинақтаулары эпосқа тән белгілерді толық көрсететіндігін зерттеуші ғалымдар нақтылай түсіндірген болатын. Бұл орайда тарихи жырларға қатысты ой-пікірлермен арнайы зерттеу еңбектерінің қорытындысын айтсақ та жеткілікті.

Біздің ойымызша, қазақ эпосын жанрлық және стадиялық жағынан, эпостағы жүйе, деңгей, жинақтарға қатысты, поэтикалық еңбектердегі қорытындыларға назар аударып, эпосты жанрлық тұрғыдан жіктеуді бір негізге келтіру керек.

Эпос саласындағы М. Әуезов, М. Ғабдуллин, Т. Сыдықов, С. Садырбаев, Р. Бердібаев, О. Нұрмағанбетов, Б. Әзібаева, Ш. Ыбыраев т. б. еңбектердің түйіні эпосты жанрлық тұрғыдан жіктеудің белгілі бір құптауға тұрарлық нәтижесін көрсететіндей. Сонымен ендігі кезекте қазақ эпосын былайша жанрлық тұрғыдан жіктеуді жөн санадық:

1. Көне эпос

2. Батырлық эпос

3. Лиро эпос

4. Қисса-дастандар

5. Тарихи эпос

6. Реальды-тарихи эпос.

Эпостық мұраларымыздың жанрлық тұрғыдан осылайша жіктелуі жоғарыдағы жырлардың шығу тегі мен дамуы, дәуірлік жағынан тақырыптарға бөлінуден қалыс қалдырылмайды. Жанрлық түрлерге бұл жіктеу мәселесінде, жанр мен жанрдың шекарасының өзгермеуі, эпикалық жырлардың табиғатындағы өзгерістердің болуы дәуірлік ықпалдарға қарай міндетті түрде айтылады.

Батырлық эпостардың шығу тегі мен қалыптасу заңдылығы қалайда бүгінгі оқырманды ертегілер әлеміне апара алады. Эпостың бұрынғы тыңдаушысы мен бүгінгі оқырман аралығында жер мен көктей айырмашылықтар бары сөзсіз. Ерлікті дәріптеу ертегілерден басталғаны. Сол ертегілердің қарасөзбен қатар, келе-келе поэзиялық тұрғыдан көлемді эпос болып жырлағандығын «Ер Төстік», «Желім батыр», «Құла мерген» т. б. ертегілердің жырға айналуы түсіндіреді. Батырлар жыры өмірдегі болған істің ертегілер болмысымен баяндалуы. Егер батырлық жырлар дәл сол әдіс-тәсілдермен жырланып, жеңілмес қаһарман ретінде сомдалмаса, онда тыңдарманға оның ешбір қадір-қасиеті де жоқ болған болар еді. Осы орайда эпос мәселесінде, көбіне оның айтушыларына қатысты тексерулер жүргізу керек. Айтушыларды іздеу эпостың версияларын, варианттарын, көп нұсқалы болу себептерін анықтау болып табылады. Фольклордағы осы бір заңдылықты ескермей, көбінесе эпостың тарихи негіздерін ашуға ұмтылу жалаң теорияға ұшыратып келеді. Ең алдымен эпос қалай пайда болды, кімдерден жетті дегеннің өзін анықтау тарихқа қатысты екенін түйсіну қажет. Ерлік туралы дәріптеулер тек тайпалық дәуірлерде туған деген пікір мүлде қисынсыз. Егер бұлай қарасақ, онда бүкіл ертегілердегі ерліктің құны көк тиын болмақ. Себебі, онда отбасы бар, тайпа жоқ. Ондағы адамға қастық жасайтындар жабайы адам өкілдері. Адамдар соған қарсы тұрады. жеңеді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Батырлар жырындағы етістіктер семантикасы
Қазақ эпостарының лингвомәдениеттанымдық, лингвокогнитивтік тұрғыда зерттелу жайттары
Ноғайлы дәуіріндегі жырлардың тілдік ерекшеліктері
Қырымның қырық батыры жыры және Мұрын жырау
Қобыланды - батыр Қазақ эпосы
Қыз Жібектің аулы
«Қыз Жібек» жырындағы сын есімдердің танымдық сипаты
Қоңқаева Салтанат Қазақ эпосының көркемдік шеберлігі
«МУЛАН» ЖЫРЫ - ХАЛЫҚ МҰРАСЫ
Қазақ тіліндегі антропонимдер
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz