Энтомофагтардың биологиясы


1. Тәжірибелік сабақ.
Сабақтың тақырыбы: Энтомофагтардың биологиясымен танысу.
Сабақтың мақсаты: Энтомофагтардың биологиясымен танысу.
Сабақта қарастырылатын сұрақтар:
1. Энтомофагтардың биологиясы.
Әдістемелік нұсқаулар:
1. Энтомофагтардың биологиясы. Ауыл шаруашылығы зиянкестерімен күресу шараларының жүйесіндегі биологиялық тәсіл зиянкестерге қарсы олардың табиғи жауларын - паразиттері мен жыртқыштарын пайдалануға негізделген. Пайдалы жәндіктердің бұл тобын бір сөзбен энтомофагтар деп атайды.
Паразиттер басқа жәндіктердің ішкі мүшелерінде немесе солардың аралықтарында ұлпаларды жеп немесе жасуша шырынын сорып тіршілік етеді. Олар иелерінің организімін тіршілік ету ортасы ретінде пайдаланылады және паразитизм кезінде олармен тығыз түрде биологиялық байланыста болады. Паразиттер мен жыртқыштардың арасындағы негізгі айырмашылық- жыртқыш өз құрбанын тікелей өлтіреді, ал паразит иесінің есебінде қоректеніп, оның тіршілік қабілетін әлсіретіп барып, өз даму кезеңінің соңғы сатысында ғана өлтіреді. Кейде паразиттің иесі өлмей тірі қалады.
Жеті нүктелі «қан қоңызы» деп аталатын жыртқыш қоңыз өсімдік биттерін, ал жыртқыш барылдақ қоңыздардың бір түрі қызыл денелі барылдақ қоңыз (Calosoma sycophanta L) жібек көбелектің (Porthetria dispar L) жас жұлдызқұрттарын бірден жеп қояды. Ал жарғақ қанатты паразит - апантелес қырыққабат ақ көбелегінде мүлде өзгеше түрде паразиттік тіршілік етеді. Бұл паразиттің аналықтары өзінің жұмыртқаларын 20-60 данадан топтап көбелектің бір-екі жастағы жұлдызқұрттарының денесіне салады.
Жұмыртқалардан шыққан паразиттің дернәсілдері жұлдызқұрттарының ішіне еніп, ішкі мүшелерімен қоректенеді. Бірақ бұдан жұлдызқұрттар қоректенуін және түлеу процесін тоқтатпай 5 жасқа дейін дамиды да тек паразиттер денесінен шығып кеткеннен кейін ғана өледі.
Кейбір паразиттер, мысалы, шегірткенің паразиті- блезоксифа деп аталатын паразит шыбын иесін тіпті өлтірмейді, тек қана оның өсімталдығын төмендетеді. Бөжектер паразиттерінің көпшілігі иелерінің тіршілік қабілетін бірте-бірте әлсіретіп барып, даму кезеңінің соңғы дамуы аяқталмай-ақ өлуге мәжбүр етеді.
Паразиттік тіршілік ететін бөжектер мен жыртқыш бөжектердің саны өте көп: 50 мыңнан асады. Олардың ішіндегі ең бастысы жарғақ қанатты бөжектер отрядының өкілдері мен паразиттік тіршілік ететін шыбындар , ал жырқыштардан басты орын алатындары- қоңыздар, тор қанаттылар, кандала мен трипсілер .
Бөжектердің көптеген отрядтары өкілдерінің денесінде паразиттік тіршілік ететін жарғақ қанаттылар түрлерінің жалпы саны қазіргі кезде оншақты мыңға жетеді. Олардың ішіндегі бірқатары мысалы: афелинус, трихограмма , псевдафикус және басқалары биологиялық күресте кең пайдаланылады.
Тахина деп аталатын паразит шыбындардың ішінде де ауыл щаруашылық зиянкестерінің мөлшерін едәуір азайтуда жоғары нәтиже беретін түрлері белгілі. Оларға жататындар: парсыз жібек көбелектің жұлдызқұрттарының паразиттері фороцера, қалқанды блефарипода , егеушілер дернәсілдерінің паразиті дрина , зауза қоңыздары дернәсілдерінің паразиттері- дексий шыбындары; өсімдік қандаласы паразиттері фазия шыбындары.
Дернәсілдері иесінің денесі ішінде қоректеніп, дамуын сонда өткізетін паразиттерді эндопаразиттер деп атайды. Оларға афелинус, псевдафикус және басқалары жатады. Дернәсілдері иесінің сыртында тіршілік етіп, оның денесін жарақаттап, сол жара арқылы қоректенетін паразиттерді эктопаразиттер дейді. Бұларға жататындар калифорния қалқаншасының паразиті- қысқа шашақты афитис, қоңыр қалқаншасының паразиті- алтын тәрізді афитис , қоңыр көбелектердің паразиті - панискус және басқалары.
Эндопаразиттер иесінің денесіне әртүрлі жолдармен енеді. Жарғақ қанатты паразиттердің еркін тіршілік ететін ұрғашылары жұмыртқа салғыш апараттарының көмегімен иесінің жұмыртқаларын, дернәсілдерін, қуыршақтарының немесе ересектерінің денесін тесіп, соған өздерінің жұмыртқаларын салады. Осындай тәсілдермен трихограммалар және теленоминдер көптеген бөжектердің жұмыртқаларын, псевдафикус комсток сымырының ұрғашылары мен дернәсілдерін, ал пимпла деп аталатын паразит алма жемірінің қуыршақтарын залалдайды.
Жарғақ қанатты эндопаразиттердің мысалы, хабробраконаның ұрғашылары ұн көбелегі жұлдызқұртының денесін жансыздандырады да, соның қасына өздерінің жұмыртқаларын орналастырады. Одан соң жұмыртқадан шыққан дернәсілдер өздері-ақ жұлдызқұрттың денесіне еніп, паразиттік тіршілік ете бастайды.
Әсіресе паразит шыбындар өздерінің жұмыртқаларын алуан түрлі жолдармен салады. Мысалы, компсилюра деп аталатын шыбын жұмыртқаларын парсыз жібек көбелектің жұлдызқұрттарының іш қуысына салады. Ал астық сұр көбелегінің паразиті блефарипода жұмыртқаларын иесінің жұлдызқұрттары қоректенетін өсімдік жапырақтарына орналастырады. Сонда жұлдызқұрттар жапырақтармен қоректенгенде жұмыртқаларды да жұтады. Одан соң олардан дернәсілдер шығып, жұлдызқұрттың ішек қуысынан дене қуысына өтеді.
Паразиттік тіршілік ететін шыбындардың көпшілігі иелерінің денесіне активті түрде енеді. Мысалға қырыққабат қоңыр көбелегінің паразиті эрнестияның дернәсілдерін алуға болады. Бұл шыбын дернәсілдерін тірідей туады. Одан соң дернәсілдер өсімдіктердің, жапырақтары мен сабақтарында өрмелеп жүріп, көбелектің жұлдызқұрттарын тауып алады да, олардың денесін тесіп ішкі қуысына енеді.
Паразиттердің кейбір түрлері иелерінің белгілі бір мүшелерінде немесе ұлпаларында ғана тіршілік етіп, дами алады. Мысалы, алма күйесі көбелегінің паразиті агениаспистің жұмыртқасы иесінің жұмыртқа ұрығына тура түссеғана дами алады, ал жұмыртқаның сары уызына түссе өліп қалады. Платигастера деп аталатын паразит жұмыртқаларын гессен шыбыны дернәсілдерің асқазанына, ал трихациса деп аталатын паразит сол шыбын дернәсілдерің нерв бағанасына салады.
Жарғақ қанатты эндопаразиттердің көпшілігі иесінің ішкі қуысында (немесе жұмыртқасының ішінде) қуыршақтанып, ересек бөжекке айналады да, одан соң оның тері қабын (немесе жұмыртқа қабығын) кеміріп, тесіп сыртқа шығады. Ал эндопаразиттердің кейбір түрлерінің дернәсілдері, мысалы, қырыққабат ақ көбелегінің паразиті апантелес қоректенуін және дамуын тоқтатқан соң иесінің тері қабын бұзып, сыртқа шығады да, соның маңайында қуыршаққа айналады. Дернәсіл ішінен шыққан соң паразиттің иесі өліп қалады.
Паразиттік тіршілік ететін тахин шыбындардың дернәсілдері иелерінің ішінде қуыршаққа айналады немесе олардың тері қабын бұзып, сыртқа шығады да топыраққа еніп, сонда қуыршақтанады. Паразиттердің ересектері еркін өмір сүреді. Олар гүл шырынын, өсімдіктердің шырынды сұйық заттарын, шық тамшыларын және иелерінің денесінен бөліп шығатын сұйық заттарды сорып қоректенеді. Ал кокцидтердің паразиттері коккофагустар мен афитистер углеводты шырындармен қоса иелерінің гемолимфасын жалап қоректенеді.
Паразиттердің ересектерінің тіршілігінде қосымша углеводты қоректенудің маңызы өте зор. Паразиттердің кейбір түрлерінің, мысалы, алма және жеміс күйелері көбелектерінің паразиті агениаспистің , алғаш ұшып шыққанда пісіп жетілетін жұмыртқаларының саны өте аз болады. Оларды екі-үш күн ішінде-ақ салып бітіреді. Бірақ шырынмен қоректенген соң оның өмірі 30-40 күнге дейін созылып, өсімталдығы арта түседі. Ал басқа бір паразиттердің, мысалы тахин шыбындарының кейбіреулерінің, қоректенбейінше жұмыртқалары пісіп жетілмейді олар гүлді өсімдіктердің шырындарымен қоректенуді керек етеді. Кейбір паразиттердің, мысалы, трихограмманың жыныс өнімі иесінің жұмыртқасын тесіп сыртқа шыққан кезде-ақ пісіп жетілген күйде болады. Сондықтан олар жұмыртқа қорының көпшілігін бірінші күні-ақ салып үлгереді. Бірақ қоректенген соң олардың өмірі ұзарады да, қоректенбей аш тұрғандарына қарағанда жұмыртқаны көбірек салады.
Паразиттердің ересектерінде өз иелерін тез іздеп тауып алу қасиеті үлкен рөл атқарады. Олардың аналықтары жұмыртқаларын салу үшін иесінің мүшелерін тез тауып алады. Онымен қоса кейбір паразиттер әуелі жасырын тіршілік ететін иелерін де тез тауып алады. Мысалы, астық сұр көбелегінің паразиті менискус дәндерінің ішінде көбелектің жұлдызқұрттар бар масақты сыртынан жұмыртқа салғыш аппаратымен түйреп, өзінің жұмыртқаларын жұлдызқұрттардың денесіне салады. Ал лариофагус деп аталатын паразит қамба бізтұмсық қоңызының (Calandra granaria L) дернәсілдерін астықтың қалың қабатынан іздеп тауып алып, оларды залалдайды. Паразиттік тіршілік ететін бөжектер алғашқы және үстеме немесе соңғы паразиттер болып екі топқа бөлінеді. Өсімдік қоректі бунақденелілерді мекендеп, олардың есебінде тіршілік ететін парзиттерді алғашқы паразиттер дейді. Ал осы алғашқы паразиттердің дернәсілдерін, қуыршақтарын (олар иесінің ішінде жатқан күйде де) мекендеп, солардың есебінде тіршілік ететін паразиттерді үстеме немесе соңғы паразиттер деп атайды.
Үстеме паразиттердің ұрғашысы жұмыртқа салғыш аппараты мен өсімдік қоректі дернәсілдің денесін түйреп, өзінің жұмыртқаларын іште жатқан алғашқы паразиттің дернәсіліне салады. Одан да үстеме паразиттің дернәсілдері алғашқы паразиттердің дернәсілдерімен қоректеніп, ақырында оларды бірте-бірте әлсіретіп барып өлтіреді. Мысалы, цераптероцерус деп аталатын үстеме паразит алқоры жалған қалқаншасының өте тиімді алғашқы паразиті қола түсті дискодесаның 70 пайызын залалдап құртады.
Осыған орай цераптероцерус көп болатын жерлерде алқоры жалған қалқаншасы ешбір кедергісіз өсіп-өнеді. Сондықтан алғашқы паразиттер қаншалықты пайдалы болса, үстеме паразиттер соншалықты зиянды болады. Үстеме паразиттерді жете білудің тәжірибеде маңызы өте зор. Биологиялық күресу тәсілін жүзеге асыру үшін алғашқы паразиттерді қоныстандыру кезінде олармен қоса үстеме паразиттерді апармаудың қамын жасау керек.
Тәжірибелік істе қосымша паразитизмнің де, яғни өсімдік қоректі бөжектердің біреуін бір мезгілде әр түрге жататын екі паразиттің залалдауының да маңызы өте зор. Қосымша паразитизм туралы көптеген мысалдар келтіруге болады. Біз солардың біреуі парсыз жібек көбелектің жұлдызқұрттардың басты паразиті - апантелес деген жарғақ қанатты бөжек. Сонымен қатар бұл көбелектің жұлдызқұрттарын апантелес залалданған кезде оларды тахина тұқымдасына жататын фороцера деген шыбын да залалдайды.
Қосымша паразитизм кезінде мынадай жағдайлар болуы мүмкін. Бір жағдайда бұрын шыққан дернәсіл соңғы дернәсілді құртады; екінші жағдайда ие-бөжек алғашқы паразиттің әрекеті салдарынан өледі, ал сонымен қоса соңғы паразит те құриды; үшінші бір жағдайда ие-бөжектің әлсіреуіне байланысты екі паразит те өледі. Кейбір жағдайда екеуі де тірі қалуы мүмкін.
Қосымша паразитизмде бір паразиттің екінші паразитті ығыстырып шығару оқиғасына мынадай бір мысал келтіруге болады. Калифорнияға цитрус ағашының қауіпті зиянкесі ақұнтақты сымырмен күресу үшін Аустралиядан тетракнемус және коккофагус деп аталатын екі паразитті әкелген болатын. Алғашында тетракнемус жақсы нәтиже берген, бірақ соңынан оны коккофугустың ығыстырып шығарғандағы байқалған.
Энтомофагтар өздерінің иелерін залалдауға мамандану дәрежесіне байланысты монофагтар, полифагтар және олигофагтар болып үш түрлі биологиялық топтарға бөлінеді. Монофагтар бір немесе екі түрге жататын бөжектерді, полифагтар бөжектердің әртүрлі отрядтарының өкілдерін, ал олигофагтар бір тұқымдасқа жататын бірнеше түрлерді залалдайды.
Энтомофагтардың иелеріне мамандану дәрежесі мына жағдайларға тәуелді болады:
1) негізгі иесінің даму кезеңіне энтомофагтың даму кезеңінің үйлесімді болып келуі;
2) энтомофаг пен оның иесінің сыртқы орта жағдайларына қоятын талаптарының ұқсас болуы; 3) энтомофагтың иесінің организмінде тіршілік етуге бейімделуі және т. б.
Энтомофагтардың тиімділігі олардың ие-бөжектерді залалдауға мамандалу дәрежесіне байланысты. Мысалы, алма ағашының аса қауіпті зиянкесі қан битінің өте жақсы мамандалған паразиті афелинус иесінің өсіп-өнуін басқа факторлардың көмегінсіз-ақ тежей алады. Энтомофагтардың ішінде олигофагтарда зиянкес бөжектердің сан мөлшерінің көбейіп кетуіне жол бермей, олардың қаулап өсіп-өнуін тежей алады.
Воронеж қорығында паразит бөжектер жапырақты орман ағаштарының қауіпті зиянкесі жібек көбелектің жаппай өсіп-өнуін дер кезінде тежеген болатын. Солардың ішінде негізгі рөл атқарғандар жарғақ қанаттылардан- апантелестер , ал паразит-шыбындардан орман фороцерасы мен қалқанша блефариподасы болды.
Қазақстанның солтүстік бөлімінде дәнді дақылдардың, әсіресе бидайдың, басты зиянкесі астық сұр көбелегінің жаппай өсіп-өнуін тежеуде де басты рөльді энтомофагтар атқарады. Олардың ішінде ең негізгілері мыналар: жарғақ қанаттылар отядынан менискус , қосқанаттылар отрядынан изомера мен тахина .
Краснодар өлкесінің оңтүстігінде кокцинеллида тұқымдасына жататын жыртқыш қоңыз хилокорус - Калифорния қалқаншасының 90-95 пайызын жойғаны мәлім. Энтомофагтардың осындай айтылған пайдалы әрекеттері туралы көптеген мысалдар келтіруге болады.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Бондаренко Н. В. Биологическая защита растений. 2-е изд. -М. :Агропром- издат, 1986.
2. Штерниш В. С. Биологическая защита растений. изд. -М. :Агропром- издат, 2004.
3. Матпаева Б. Б. Ауыл шаруашылық дақылдарының зиянкестерімен биологиялық күрес тәсілдері. -Алматы. :Қайнар, 1983.
4. Торыбаев Х. К. Энтомофаг насекомдар. -Алматы. : 2009.
5. Ашикбаев Н. Ж., Агибаев А. Ж., Прокофьев О. Н. Энтомофаги вредных насекомых и гербифаги сорных растений. -Алматы:Агроуниверситет, 1996.
6. Матпаева Б. Б., Тілменбаев Ә. Т. Ауыл шаруашылығына пайдалы жәндіктер. -Алматы:Қайнар, 1973.
2. Тәжірибелік сабақ.
Сабақтың тақырыбы: Жартылай қаттықанаттылар немесе қандалалар отрядының (Hemintera) негізгі топтарын анықтау және олардың сипаттамасы.
Сабақтың мақсаты: Жартылай қаттықанаттылардың негізгі топтарын анықтау және олардың сипаттамасымен танысу.
Сабақта қарастырылатын сұрақтар:
1. Жартылай қаттықанаттылардың негізгі топтары және олардың сипаттамасы.
Әдістемелік нұсқаулар:
1. Жартылай қаттықанаттылардың негізгі топтары және олардың сипаттамасы. Қандалалардың көптеген өкілдерінің ішінде зиянкес бөжектер мен кенелерді жеп, олардың сан мөлшерін азайтып отыратын жыртқыштары да кездеседі. Жыртқыш қандалалардың негізгі түрлері антокариде тұқымдасына жатады. Бұл қандалалар өте кішкентай, денелерінің ұзындығы 1, 5-3, 5 мм. Мұртшалары 3 буынды. Жыртқыш қандалалар өсімдік биттерін, сымырларды , трипсілерді, кенелерді жеп қоректенеді. Ең көп таралған түрі антокорис пилозус . Ол ересек бөжек сатысында қыстайды да, күзде және ерте көктемде жеміс кенелерін олардың қыстап жатқан жерлерінде жеп, сан мөлшерін едәуір азайтады. Ұрғашы қандалалар мамырдың бас кезінде жұмыртқалауға кіріседі, әрқайсысы 110 жұмыртқаға дейін салады. Бір жаздың ішінде қандалалар 5 ұрпаққа дейін береді. Ересек қандала бір тәуліктің ішінде өрмекші кенелердің 35-40, төменгі жастағы дернәсілдері 8-10 данасын, ал жоғарғы жастағы 25-35 данасын жейді.
Трипсілер отряды (Thysanoptera) . Көпшілік түрлері мәдени өсімдіктермен қоректеніп, ауыл шаруашылығына зиян келтіреді. Трипсілердің 20 шақты жыртқыш түрлері таралған 1-сурет. Солардың ішінде кене жегіш трипс-Орта Азияда, әсіресе Тәжікстанда мақта өсімдігіне зиян келтіретін өрмекші кенелерінің сан мөлшерін тежеп отыруда айтарлықтай орын алады. Жыртқыш трипсілердің ішіндегі Алматы жеміс аймағында көбірек тарағаны - жапырақ трипсі .
1-сурет. Алты дақты трипс (S. sexmakulatus) ; жолақты трипс (Aeolothrips fasiatus L. )
Мәдени және жабайы өсетін алма ағаштарында да көп кездеседі. Ересек бөжек фазасында әртүрлі жерлерде паналап қыстап шығады. Қыстаған жерлерінен алма ағашы бүршік атып, оларда жеміс кенелері пайда бола бастаған кезде шығады. Мамыр айында ұрғашы трипсілер жапырақтың астыңғы жағына негізгі жүйкені бойлап, жұмыртқаларын салады. Бір маусым ішінде 3-6 ұрпақ беріп өсіп-өнеді. Бірінші жастағы дернәсілі бір тәулік ішінде кененің 5-7 жұмыртқасын немесе 3-5 нимфасын, екінші жастағы дернәсілдер ересек кенелердің орта есеппен 6-7 данасын, ал трипсілердің өздері-15 шақты өрмекші кенелерді жеп құртады.
Акарифагтар. Кәдімгі өрмекші кене ауыл шаруашылығы дақылдарының көптеген түрлерін зақымдайды. Ол әсіресе жылыжайларда өсірілетін қиярға қатты зиянын тигізеді. Өрмекші кене акарифагтарының ішінде біздің елімізде бүгінгі таңда биологиялық әдісте кеңінен қолданылып жүргені- жыртқыш кене фитосейулюс- (Phytoseiulus perssimilis Ath. - Henr) .
Ересек ұрғашы кененің денесі сопақша келген, ұзындығы 0, 5 мм сарғыш немесе күрең қызыл түсті. Еркектері ұрғашыларынан кішірек болады. Оларды бір-бірінен тек қана микроскоп арқылы қарап ажыратуға болады.
Фитосейулюстің көбеюі гаммогенез жолымен, яғни екі жыныс особьтарының шағылысуы арқылы жүреді. Ұрықтанғаннан кейін бір екі тәуліктен соң ұрғашы кенелер жұмыртқалауға кіріседі. Ұрықтанбаған кенелер
2-сурет. Фитосейлуюс жұмыртқа салмайды. Жұмыртқаларын бір-бірлеп өсімдіктердің жапырағына, өрмекші кене топтарының арасына шашыратып салады. Жұмыртқалары өрмекші кенелердің жұмыртқаларынан ірі, сопақша келген ақшыл-жасыл түсті болады. Өсімталдығы әрбір ұрғашы кенеге орта есеппен 50-80 жұмыртқадан келеді. Жұмыртқалардан шыққан алты аяқты дернәсілдердің түсі сары, қоректенбейді. Көп кешікпей бұл дернәсілдер түлеп, сегіз аяқты нимфаға айналады. Ал осы нимфалар екі рет түлегеннен кейін барып, ересек кенелердің қатарына қосылады.
Тиімділігі: Бірінші екінші жастағы нимфа мен ересек фитосейлустер өрмекші кенелерді барлық даму сатысында жеп қоректенеді. Бір ұрғашы фитосейлус тәулігіне өрмекші кененің 24 ересегін немесе 30 жұмыртқасын жейді. Фитосейлус-өрмекші кенелердің бейімделген жыртқыш акарифагы, өрмекші кенелер жоқ жерде олар тіршілік ете алмайды.
Фитосейулюстің бір ұрпағының дамуы ауаның температурасына байланысты бес тәуліктен 40-50 тәулікке созылады. Жалпы алғанда фитосейулюсті өсіріп көбейтуге қолайлы жағдай 25-30 градус температурамен 70-80 пайыз шамасындағы ауаның салыстырмалы ылғалдылығы.
Фитосейулюсті өсіріп-өндіру . Фитосейулюстерді қолдап жаппай өсіріп өндіру үшін өрмекші кенелердің миллиондаған особы қажет болады. Жыртқыш кенеге қажетті мұндай мол азық қорын даярлау мақсатында зертханада өрмекші кенелерді де өсіріп өндіру керек. Ол үшін алдымен ие өсімдіктерді өсіру қажет. Сынақтан өткен өсімдіктердің ішінде өрмекші кенелер бұршақ тұқымдас өсімдіктерде тез қарқынмен өсіп өнеді. Бұлардың ішінде соны пайдалану өте тиімді. Себебі оның даму мерзімі қысқа және өрмекші кенелердің зақымдануына төзімді келеді.
Акарифагты тікелей жылыжайларда 70-80 пайыз ылғалдылық пен 25-28 0 С жағдайында өсіреді. Фитосейулюс пен кәдімгі өрмекші кененің екеуін екі бөлек жылыжайларда өсірген жөн. Мұндай жылыжайларды өндіргіш жылыжай деп атайды. Бұл жылыжайлардың көлемі шаруашылықтағы жылыжайлардың жалпы көлемінің 10 пайызындай болса жеткілікті. Өндіргіш жылыжайларды полиэтиленді пленкамен қапталған 7 бокске бөледі де, бір боксте өрмекші кененің тұрақты аналық қорын үздіксіз өсіріп сақтайды; екінші боксте фитосейулюстің аналық қорын үздіксіз өсіріп бейімдейді; Ал қалған бокстерді іс жүзінде қолданылатын фитосейулюстерді жаппай өсіп-өндіру үшен пайдаланады. Бұл бокстердің әрқайсысына бес-алты күн аралатып, сояның тұқымдарын сеуіп отырады. 15-18 күннен кейін көктеп шыққан өсімдіктерді кәдімгі өрмекші кенемен зақымдап, одан кейін 12-13 күн өткен соң бір өсімдікке орта есеппен 10 данадан келетіндей шамамен фитосейулюстеді жібереді.
Фитосейулюсті жинау мерзімдерін анықтаудың маңызы зор. Жыртқыштарды уақытына жетпей ерте жинаса, олардың сан мөлшері жобалағаннан азйып қалады, ал кешіктіріп жинаса, фитосейулюстер өрмекші кенелерді түгел жеп тауысып, қорек іздеп, өсімдіктерден кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан жыртқыштарды жинайтын уақыт жақындап қалды ау деген кезде, бинокуляр арқылы күнделікті бақылау жасап, өсімдіктің жапырақтарындағы фитосейулюс пен өрмекші кенелерді санап тұру керек. Екеуінің мөлшері бірдей болғанда, яғни жыртқыш пен құрбанының ара қатынасы 1:1 жуықтағанда фитосейулюстерді жинауға кіріседі. Ол үшін соя өсімдігін түгелдей қырқып алады да, онша тығындамай 3 литрлік шыныға салып тоңазытқышқа қойып сақтайды немесе қолма-қол пайдаланады.
Фитосейулюсті сақтау. Фитосейулюс ауаның температурасы төмен, ал ылғалдығы өте жоғары болған жағдайда ұзақ уақыт сақтауға болады. Ол үшін ең қолайлы жағдай 3 о С температурамен 90-98 пайыз ылғалдылық. Әсіресе ұрғашы особьтары жақсы сақталады. Ал жұмыртқаларымен жас кенелер тез өліп қалады. Дегенмен жыртқыш кенелер дамуының барлық стаысында 5-6 күн сақатуға шыдайды. Тоңазытқышта қолайлы жағдайда сақтағанда 30-35 күннен кейін фитосейулюстің ұрғашы особьтарының 80 пайыздан астамы тіршілік қабілетін жоймайды, ал сақтау мерзімі 45 күнге дейін созылғанда тек 35 пайызы ғана тірі қалады. Осыған орай, фитосейулюсті 10-20 күннен артық сақтаудың қажеті жоқ. Тоңазытқыштан алынған акарифагтарды қолдау алдында, олардың тірі қалғандарының санын білген жөн. Қажетіне қарай тоңазытқыштан жыртқыш кенелері бар сояның жапырақтарын біртіндеп алады да, фитосейлюстерді жаппай өндіріп-өсіретін жылыжайларға немесе өрмекші кенелермен күресу мақсатымен шаруашылық жылыжайларына жібереді. Тоңазытқыштан алынған жыртқыш кенелер +10 о С температурада белсенді қимылдап, өзінің қалыпты тіршілік жағдайына тез түседі. Фитосейулюсі бар өсімдіктердің жапырағына күн сәулесінің тіке түспегені дұрыс.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz