Бөжектердің сыртқы құрылысы


Пән: Биология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 40 бет
Таңдаулыға:   

ДӘРІСТІК КЕШЕН

1-ші ДӘРІС

ТАҚЫРЫБЫ: Бөжектердің сыртқы құрылысы

МАҚСАТЫ: Бөжектердің сыртқы құрылысымен танысу

ТҮЙІН СӨЗДЕР: бас, мұртшалар, кеуде, тергит, стернит, плейрит, қанаты, аяғы, құрсақ, тері.

ДӘРІСТЕ ҚАРАСТЫРЫЛАТЫН НЕГІЗГІ СҰРАҚТАР:

  1. Бөжектердің басы және оның қосалқы мүшелері.
  2. Бөжектердің кеудесі.
  3. Бөжектердің құрсағы.
  4. Бөжектердің тері жамылғысы.

Бөжектердің денесі бас, кеуде және құрсақ, - деп аталатын 3 бөлімнен, ал олардың әрқайсысы әр түрлі қосалқы мүшелермен жабдықталған бірнеше бунақтардан тұрады.

1. Бас және оның қосалқы мүшелері. Бас - ұлпалары(ткандері) тығыздалған және мидың сауаты болып есептеледі. Онда симметриялы орналасқан 1 жұп күрделі көз, қарапайым көздер (1-3) және қозғалмалы мұртшалар мен ауыз мүшелері болады.

Бас сауытының өзі бір-бірімен тігіс арқылы ажырайтын бірнеше бөлшектерден құралады. Бастың алдыңғы жағындағы кеңірек келген маңдай бөлігі үстіңгі жағына қарай төбе, одан соң желке (шүйде), - деп аталатын бөлімдерден жалғасады. Бет жоғарғы жақпен жалғасады.

Мұртшалар немесе антенналар. Мұртшалар маңдайдың екі жағында, көз аралығында орналасқан бірнеше буыннан тұрады. Иіс және сезім мүшелерінің қызметін атқарады. Бөжектер мұртшаларының құрылысы қандай түрлерге немесе топтарға жататынына байланысты әр түрлі болады. Сондықтан бұл белгі бөжек түрлерін анықтау үшін кең пайдаланылады. Аталық бөжектердің мұртшалары ұрғашыларына қарағанда жақсы жетілген және құрылысы жағынан өзгешелеу болады.

Қоректік заттардың түрлеріне және қоректену тәсілдеріне байланысты әр түрлі топқа жататын бөжектердің ауыз мүшелері құрылысы әр түрлі болып келеді. Ауыз мүшесі негізінен кеміргіш, сорғыш және шаншып сорғыш болып негізгі үш топқа бөлінеді. Кеміргіш ауыз өсімдіктердің жапырақтарымен, тұқымдарымен, ткандерімен және де басқа органикалық заттардың қатты түрлерімен қоректенуге бейімделген. Ол шығу тегі жағынан ең байырғысы және сорғыш ауыз аппаратына қарағанда ауыз аппараттарының алғашқы түрі.

Бөжектердің жеке бір топтарының сұйық қорекпен (гүл шырыны, өсімдік ұлпасының шырыны, жануарлардың қаны) қоректенуге көшуіне байланысты сорғыш ауыз мүшелері типінің түрленген өзгерістері пайда болған.

Кеміргіш ауыз бунақталмаған бір жұп жоғары жақтан, бунақталған бір жұп төменгі жақтан және бунақталған төменгі еріннен тұрады. Ауыз мүшелерінің мұндай түрі тарақандарға, тура қанаттыларға, қоңыздарға, тор қанаттылар мен жарғақ қанаттылардың кейбіреулеріне, көбелектердің жұлдыз құрттарына және көптеген басқа бөжектердің дернәсілдеріне тән.

Сорғыш ауыз мүшелері едәуір өзгерістерге ұшыраған, бірақ соған қарамастан көпшілік жағдайларда кеміргіш ауыз мүшелері типіне тән жалпы белгілер оларда сақталып қалған. Мысалы, жалап-кеміргіш ауыз мүшелерінің (бал арасы, жабайы ара) төменгі жақтары және төменгі еріні ұзын тұмсыққа айналған. Олардың жеке бөлшектері өте ұзарған. Қандалалар мен масаларда шаншып-сорғыш ауыз мүшелерінің жоғарғы және төменгі жақ бөлімдері өте жіңішке және ұзын шаншығыш кездіктердге айналған. Олар көп бунақталған ұзын тұмсықтың ішінде орналасады.

Ауыз мүшелерінің сыртқы шығыңқы бөліктерінің орналасуына қарай бөжектердің басын үш типке бөледі: гипогнаттық бас , прогнаттық бас және опистогнаттық бас.

Гипогнаттық баста ауыз бөлімшелері төмен қарай бағытталған (шегіртке, қандала, қоңыздардың көптеген түрлері), прогнаттық баста ауыз бөліктері алдына қарай бағытталған (барылдақ қоңыздар, алтын көзділердің дернәсілдері), опистогнаттық баста ауыз бөліктері төмен және артқа қарай бағытталған (бітелер, бүрге, шіркей, секіртпелер(цикада) .

2. Кеуде. Бөжектердің кеуде бөлімі - алдыңғы, ортаңғы, артқы кеуде, - деп, аталатын 3 бөліктен тұрады. Бөліктердің әрқайсысы арқа , немесе тергит - деп, аталатын жоғарғы жарты сақинадан, төс, немесе стернит - деп, аталатын төменгі жарты сақинадан және плейрит - деп, аталатын бүйір жағындағы бөліктерден тұрады.

Кеудесінің әрбір бөлігінде бір жұп аяқ (барлығы 3 жұп аяқ), ал ортаңғы және артқы бөлікте тергит пен плейрит қосылған жерінде бір жұптан (барлығы 2 жұп) қанат болады.

Бөжектердің аяғы: жамбас (төспен жалғасқан), ұршық, сан, жіліншік (сирақ), табан деп аталатын бірнеше буындардан тұрады. Табан бунақтарының саны қандай түрге, топқа жататынына байланысты 1-5 дейін болады. Табанның ең соңғы бунағы арасында 1-3 төмпешік орналасқан, ол көбінесе бір немесе екі тырнақшамен бітеді.

Тіршілік ету жағдайларына және жеке топтардың мамандану дәрежесіне байланысты бөжектердің аяқтарын бірнеше типке бөледі: жүгіргіш, жүргіш, секіргіш, қазғыш, қармалаушы, жүзгіш және тозаң жинағыш. Мысалы, тарақан, барылдақ қоңыз, қандала сияқты жылдам жүгіретін бөжектерге жіңішкерген ұзын сирақты аяқ тән. Тіршілік жағдайларына немесе қозғалу тәсілдеріне бейімделу алдыңғы немесе артқы аяқтардың мамандануына себеп болған. Мысалы, бұзаубастың, зауза қоңыздың жетіліп дамуы ұзақ уақыт топырақ арасында өтуіне байланысты алдыңғы аяғы жерді қазуға, дәуіттің алдыңғы аяғы құрбанын шап беріп ұстауға, шегірткенің артқы аяғы секіруге, суды мекендейтін бөжектердің (жүзгіш қоңыз т. б. ) артқы аяғы жүзуге, араның артқы аяғы гүл тозаңдарын жинауға бейімделген. Осы айтылғандарға сәйкес бөжектерде қазғыш, ұстағыш, секіргіш, жинағыш аяқ түрлері пайда болған.

Бөжектерде әдетте 2 жұп қанат болады. Алайда кейбіреулерінде тек қана алдыңғы жұп қанаты (қос қанаттылар немесе шыбындар, кокцидтердің біраз түрлерінде) кейде артқы жұп қанаты (желпіуіш қанаттылардың еркегінде) дамыған.

3. Құрсақ. Құрсақ бөжектердің денесінің үшінші бөлігі, ол азды-көпті өзара ұқсас бірқатар бунақты сақиналардан тұрады. Ересек бөжектің құрсағында аяқ болмайды. Ең қарапайым бөжектердің құрсағы ІІ бунақтан тұрады (протуралар) . Жойылып немесе жекеленген сақиналарының қосылып кетуіне байланысты, көзге көрінетін сақина саны 9-10 (тура қанаттыларда) немесе 4-6 (жарғақ қанаттыларда, қос қанаттыларда) шамасына дейін қысқарған. Көптеген бөжектердің құрсағындағы соңғы сақиналарында қосалқы мүшелер болады. Жыныс қосалқы мүшелері VІІІ және ІХ құрсақ сегменттерінде орналасқандықтан, оларды гениталдық бунақтар деп, І-VІІІ бунақтарды прегениталдық , ал Х-ХІ бунақтарды постгениталдық сегментер немесе сақиналар деп атайды. Прегениталдық сегменттерде қосалқы мүшелердің болуы тек алғашқы қанатсыздар класс тармағының өкілдеріне ғана тән. Мысалы, құрсақ аяқтарының қалдығы протуралардың І-VІІІ бунақтарында сақталған: аяқ құйрықтылардың І - бунағында құрсақ түтігі, ІІІ - бунағында ілгек және ІV бунағында секіргіш айыр болады.

Жыныстық қосалқы мүшелеріне: аналық бөжектің - жұмыртқа қынабы ; аталық бөжекте - ұрықтандыру жыныс мүшелері болады. Жұмыртқа қынабы тура қанаттылар (әсіресе шекшектер мен шілделіктерде өте ұзын) мен жарғақ қанаттыларда (шаншарларда) жақсы жетілген. Ара және басқа да шағып алатын бөжектердің жұмыртқа салғышы бізгекке айналған. Аталық бөжектің сыртқы жыныс құралы копулятивті мүшеден және әр түрлі құрылысты бірнеше қосалқы мүшелерден тұрады.

Постгенитальдық қосалқы мүшесі бар бөжектердің кейбір топтарында церкі және грифель деп аталатын қосалқы мүшелер жақсы жетілген. Мысалы, тарақандікі - бунақталған жұпты. Грифельдер жоғары сатылы бөжектердің ішінде тек қана шекшектер мен тарақандардың аталықтарында сақталған.

Құрсақ артқы көкірекпен тұтаса жалғасады. Құрсақтың мұндай түрін қ ондырма құрсақ дейді. Жарғақ қанаттылардың көптеген түрлерінің құрсағы көкірек пен түрі өзгерген ІІ және ІІІ құрсақ бунақтары болып саналатын сабақша арқылы жалғасады. Бұл жағдайда сабақша қысқа болса, онда аспа құрсақ (арада, түкті арада) ал ұзын болса сабақшалы құрсақ (құмырсқада, шаншарда) деп аталады.

4. Бөжектердің терісі. Бөжектердің тіршілігі үшін терісінің маңызы зор. Ол, сыртқы скелет рөлін атқара отырып, бұлшық ет жүйесінің тірегі және дененің қызуы мен ылғал режимін реттеуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тыныс алу, зәр шығару, денені механикалық зақымданудан және зиянды заттардың енуінен қорғау қызметтерін де атқарады. Бөжектердің түсінің де әр түрлі болуы осы тері жамылғысына байланысты. Тері қабатының туындылары болып есептелінетін сыртқы қосалқы мүшелер немесе экзосклеттік (түк, қылшық, қабыршақ), ішкі немесе эндоскелеттік, өсінділер және әр түрлі бездері (балауыз шығаратын, лак беретін, иіс шығаратын және тағы басқалар) маңызды қызмет атқарады.

Тері жамылғысы кутикула , гиподерма және өте жұқа базалді жарғақ -деп, аталатын 3 компоненттен тұрады.

Кутикула тері жамылғысының ең сыртқы бөлігі клетка құрылысты емес. Кутикуланың өзі екі қабаттан тұрады: сыртқы және ішкі қабаттар. Сыртқы қабат немесе эпикутикула өте жұқа. Бірақ эпикутикула табиғаты липоидтық болу себебінен, майда еритін улар үшін тосқауылдық қызмет атқара алмайды. Протикуланың , әсіресе оның үстіңгі қабаты - экзакутикуланың түсі қара-қоңыр және ол, құрамында дубилді (тері илеуге пайдаланатын) заттар және қосылыс түзетін хитин мен белоктардың мол болуынан әжептеуір қатыңқы келеді. Эндокутикула да (прокутикуланың астыңғы қабаты) өте серпімді келеді де, бөжектердің тері жамылғысының созылғыштығын қамтамасыз етеді.

Гиподерма цилиндр немесе текше пішінді эпителия клеткаларының қабатынан тұрады. Гиподерма клеткалары кутикуланы жасайтын заттарды, сонымен қатар бөжектердің әрбір түлеуі алдында кутикуланың астыңғы қабатын ерітетін заттарды бөліп шығарады.

Базалді жарғақ гиподерма клеткаларының төсенші ретінде тері жамылғысы мен дене қуысының арасындағы шекара қызметін атқарады. Онда клеткалық құрылым болмайды.

ҰСЫНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Тілменбаев Ә. Т., Жармұхамедова Г. Ә. Энтомология. Оқу құралы. «Қайнар», 1994, Бет 11-20.
  2. Бей-Биенко Г. Я. Общая энтомология. М., «Высшая школа», 1980, С. 15-44.

2-ші ДӘРІС

ТАҚЫРЫБЫ: Бөжектердің ішкі құрылысы

МАҚСАТЫ: Бөжектердің ішкі құрылысымен танысу

ТҮЙІН СӨЗДЕР: бұлшық ет, ас қорыту, қан айналу, алдыңғы ішек, өңеш, жемсау, қарын, ортаңғы ішек, артқы ішек; жүйке жүйесі, жүйке тізбегі, сезім мүшелері, қарапайым көздер, көбею мүшелері, аталық бездер, аналық бездер.

ДӘРІСТЕ ҚАРАСТЫРЫЛАТЫН НЕГІЗГІ СҰРАҚТАР:

  1. Бұлшық ет жүйесі.
  2. Ас қорыту жүйесі.
  3. Қан айналу жүйесі.
  4. Тыныстану жүйесі.
  5. Зәр шығару жүйесі.
  6. Жүйке жүйесі.
  7. Сезім мүшелері.
  8. Көбею мүшелері.

1. Бұлшық ет жүйесі . Бөжектердің бұлшық еттері жақсы жетіліп, барынша жетіліп бөлінген. Мысалы, кейбір көбелектердің жұлдызқұрттарындағы бұлшық еттер саны 2000-ға жетеді. Жетілген бұлшық ет бөжектердің кеуде бөлігінде орналасқан. Бұл жақсы ұшатын бөжектерге тән. Мұндай бұлшық ет бөжектердің ұшу жылдамдығын ұлғайтады, қанат қағу жиілігін арттыруға мүмкіндік туғызады. Мысалы, бал арасы қанатын секундына 450 рет, шыбындардың кейбір түрлері шамасы 1000 ретке дейін қағады, ал инеліктердің кейбір түрлері сағатына 144 км жылдамдықпен ұша алады. Салыстырмалы күші өте зор. Мысалы, қи қоңызы өз салмағынан 90 есе артық жүкті қозғалтып жылжыта алады, ал бүрге өз денесінің ұзындығынан 80 есе ұзын қашықтыққа секіре алатындығы белгілі.

2. Ас қорыту жүйесі. Бөжектердің ас қорыту жүйесі ішектен және қызметі жағынан сонымен байланысты сілекей бездерінен тұрады. Ішек ауыз қуысынан басталып, дене бойымен өтеді де құрсақ соңындағы артқы тесікпен аяқталады. Ішек үш бөлімнен тұрады: алдыңғы ішек, ортаңғы ішек және артқы ішек. Алдыңғы ішек пен артқы ішек ұрықтың дамуы кезеңінде сыртқы ұрық жапырағынан ( эктодермадан ) пайда болған. Ортаңғы ішек ішкі ұрық жапырағынан (эндодермадан ) пайда болған. Алдыңғы және артқы ішектерден тағы бір айырмашылығы оның етінің қабаты сақиналы еттерден, ал сыртқысы салалы еттерден тұрады.

Алдыңғы ішек жұтқыншақ, өңеш, жемсау және алдыңғы қарын немесе етті қарын деп аталатын 4 бөлікке бөлінеді. Өңеш - айқын шекарасыз едәуір көлемі жемсаумен ұштасатын ұзын түтікше. Жемсауда тамақ уақытша жиналып, алдын ала қорытыла бастайыды. Бірақ, ішектің бұл бөлімінде тамақтың сіңірілу процессі жүрмейді. Етті қарында (егер ол жақсы жетілген болса) күшті бұлшық еттер бар және оның ішкі керегелері хитинді тістермен жабдықталған.

Ортаңғы ішек - ас қорыту жүйесінің ең негізгі бөлімі. Ол қи қоңызы және өлексе шыбыны сияқты қиынырақ қорытылатын заттарымен қоректенетін бөжектерде өте ұзын болады да, иіріліп орналасады. Сонымен қатар ортаңғы ішектің сіңіру аумағы ұштары бітеу қосымша тармақтар мен қатпарлар есебінен де ұлғая түседі. Азды-көпті қант ерітіндісі бар артқы ішекке өтіп, одан жабысқақ тәтті шырын немесе «бал шығы» түрінде сыртқа шығарылады. Ал белоктар және басқа жоғары молекулалы қосылыстар осында тоқталып жиналады да одан ортаңғы ішекке өтеді.

Ортаңғы ішекте ас қорыту ферменттері бөлініп шығады және қорытылған тамақ сіңіріледі.

Артқы ішек - мальпиги түтікшелері келіп қиылысатын, қысқа бөліктен және аш ішек пен тура ішектен тұрады. Артқы ішекте тамақ қалдықтарында болатын судың сорылу процесі жүреді. Оған кейбір бөжектердің тура ішегінде болатын «ректал» бездері де көмектеседі. Экскременттің біржола қалыптасуы және оның сыртқа шығарылуы артқы аналді тесік арқылы іске асырылады.

Бөжектердің 3-4 жұп, кейде одан да көп, сілекей бездері болады. Олар әдетте жоғарғы ерінмен және жоғарғы жақпен, төменгі жақпен байланысты болады да түтікшелер арқылы алдыңғы ауыз қуысына ашылады. Сілекей бездеріндегі ферментердің көмегімен ортаңғы ішекте ас қорыту жүреді. Ферменттер тамақтың қорытылуы үшін өте қажет.

Қоректік заттардың әуелі ішекке түсуінен бұрынырақ ферменттердің көмегімен қорытыла бастауы жиі байқалады. Мұны ішектен тыс қорытылу дейді. Мысалы, бақашық қандала астықтың дәнін тұмсығымен шаншыған кезде оған сілекей ферменттері өсімдіктің ұлпасына (тканіне) құйылады. Ферменттер дән ішінде биохимиялық өзгерістер жасап және сұйылтып, оны соруды жеңілдетеді. Ішектен тыс қорытылу әсіресе жыртқыш бөжектерде өте айқын байқалады.

3. Қан айналу жүйесі . Бөжектердің қан айналу жүйесі ашық. Ол құрсақтың үстіңгі жағына орналасқан арқа тамырдан немесе жүректен , одан алға қарай барып, бас қуысына ашылатын қолқадан тұрады. Жүрек бірнеше камераға (қуысқа) бөлінеді. Әр камерада бір жұптан бүйір тесіктері жасушалар (устицалар) бар. Камера кеңейген кезде олар арқылы қан ішке сорылады. Жүректің камералары кезекпен бірінен соң бірі жиырылып қанды алға қарай (қолқаға) айдайды. Қолқадан шыққан қан бас қуысына, одан соң ішкі дене қуысына құйылады. Құрсақтағы қан өкпе қапшықтарын және трахея жүйесін аралап өтіп, оттегімен қанығып, одан соң қайтадан жүрекке барады. Қанның дене қуыстарын және ондағы ішкі мүшелерді аралап айналып шығуына белгілі дәрежеде арқа және құрсақ диафрагмалары көмектеседі. Жүректің соғу саны (камералардың ауық-ауық жиырылуы) бөжектің қандай түрге жататындығына, оның физиологиялық күйіне және сыртқы орта жағдайларына байланысты минутына 15-30 шамасынан 150 аралығында құбылып тұрады.

Бөжектердің қаны сұйық фазадан (немесе гемолимфадан) және қан клеткаларынан (немесе гемоцидтерден) тұрады. Гемолимфа құрамы омыртқалылардың гемоглобиніне жақын заттың болуынан қызыл түске боялады. Қан қоректік заттарды тасымалдайды, олармен дене ұлпаларын қамтамасыз етеді, зат алмасу процессінде пайда болған сұйық заттарды сіңіріп мальпиги түтікшелеріне жеткізеді, көптеген физиологиялық процесстерді реттейтін гормондарды тасымалдайды.

Гемолимфада денеге енген микроорганизмдерді құртуға көмектесетін клеткалар - фагоциттер де болады. Гемоглобиннің жоқтығынан гемолимфаның сыйымдылығы онша зор емес және онда еріген оттегінің мөлшері өте аз, сондықтан қанның тыныс алу қызметіне қатысы шамалы ғана.

4. Тыныстану жүйесі. Бөжектердің тыныстануы денесінің өн бойына жеткізетін диаметрі 1 мкм-ден де кіші өте ұсақ капиллярларға-трахеолдарға тармақталған. Трахеялар сыртқы дененің екі жақ бүйіріне орналасқан жұпты тыныс тесіктері арқылы ашылады. Әдетте 10 жұп тыныс тесігі болады. Оның 2 жұбы дененің кеуде бөлігінде және 8 жұбы құрсақта орналасады. Кейде олардың оннан аз болуы немесе біржола жоқ болуы мүмкін (алғашқы қанатсыздарда, суда және паразиттік тіршілік ететін бөжектердің дернәсілдерінде) . Ауа трахея жүйесіне құрсақтың қимылдау әрекеті нәтижесінде қарқынды түрде енеді. Осы кезде тыныс тесіктерінің біреуі ашылып, екіншісі жабылып тұрады да дем алу немесе дем шығару қызметі орындалады.

Тыныстану дегеніміз - ауадағы оттегін пайдалану және сонымен бірге көмір қышқыл газын бөліп шығару түрінде жүретін табиғи процесс. Қосылыстардың ыдырауының ең соңында көмір қышқыл газы мен судың түзілуімен, ал белоктар ыдырап, организм үшін қауіпсіз «мочевина» және оның тұздары тектес қосылыстардың, яғни ыдырау өнімдерінің түзілуімен аяқталады. Сөйтіп тыныс алу газ алмасумен бірге жүреді.

5. Шығару жүйесі . Зәр шығару экскреция, секреция және инкреция (немесе ішкі секреция) деп аталатын 3 түрлі процесстен тұрады.

Экскреция - зат алмасу кезінде ас қорыту жүйесі организм үшін зиянды және керексіз заттарды - экскреттерді денеден шығару процессі. Экскреттерге несеп қышқылы және оның тұздары, сонымен қатар калий, натрий, кальций, магний катиондары, қымыздық қышқылы мен фосфор қышқылы және басқа азот алмасуының ерітінді түріндегі өнімдері жатады. Экскреттерді бөліп шығаратын мүшелерге мальпиги түтікшелері, алғашқы қанатсыздардың төменгі ерін бездері және майлы дененің клеткалары жатады.

Мальпиги түтікшелері - зәр шығару жүйесінің негізгі мүшесі. Түтікшелердің бос жатқан бір ұшы болады да, екінші ұшы ішекпен жалғасады. Олардың саны 2 шамасынан (сымыларда) 150 шамасына дейін (араларда) құбылып тұрады.

Мальпиги түтікшелері атқараратын қызметі жағынан омыртқалы жануарлардың бүйрегіне ұқсас. Несеп қышқылды кальций және натрий тұздарының судағы ерітіндісі (ураттар) түтікшенің ішін шайып өтетін гемолимфадан бөлінеді де, түтікшенің ақырғы бөлімінің қуысына өтеді. Сол кезде түтікшедегі бос көмір қышқылы ураттардан несеп қышқылын ығыстырады. Осының нәтижесінде көмір қышқылының сілтісі және бос несеп қышқылы түзіледі. Несеп қышқылы концентрацияның көтерілуіне орай ұсақ кристалдарға айналады да түтікшеден ішекке, одан соң артқы ішектегі экскременттермен бірге артқы (аналді) тесігі арқылы сыртқа шығарылады. Оңай еритін көмір қышқылының сілтілері сумен түтікшенің керегесі арқылы қайтадан қанға өтеді, онда несеп қышқылмен кездесіп, қайтадан түтікше қуысына өтетін ураттарды түзеді. Ылғалды ортада тіршілік ететін немесе суы көп қоректік заттармен қоректенетін бөжектердің мальпиги түтікшелері гемолимфадан артық суды да бөліп шығарады. Кейде бұл процесс өте жылдам жүреді.

Секреция-организмге қажетті заттардың, яғни секреттердің шығу процессі. Секреттерді экзокрин деп атайтын әр түрлі бездер шығарады. Оларға ас қорыту ферменттерін бөліп шығаратын сілекей бездері мен ортаңғы ішектің бездері, сонымен қатар денені механикалық зақымданудан қорғайтын заттарды бөліп шығаратын бездер жатады.

Кейбір бездер басқа жануарларға химиялық жолмен әсер ететін телергон деп аталатын активті заттарды бөліп шығарады. Олар жануарлардың басқа түрлеріне әсер ететін гетеротелергон және бір түрдің аналық немесе аталықтарына әсер ететін гомотелергон немесе феромон деп аталатын екі топқа бөлінеді.

Феромондардың практикалық маңызы зор. Әсіресе жыныс феромоны немесе жыныс аттрактанты жақсы зерттелген. Олар өте аз мөлшерде, бірақ басқа жынысты бөжекті, яғни еркегін өзіне тарта алатындай дәрежеде бөлінеді. Мысалы, бір ұрғашы бөжектің беретін секреті одан ондаған, кейде жүздеген метр қашықтықта орналасқан, сол түрдің еркектерін өзіне тартып жинау үшін жеткілікті. Феромондардың кейбіреулері синтезделіп, зиянкес бөжектермен күресу және олардың сан мөлшерін есепке алу үшін пайдаланылады.

Инкреция өткізгіш түтікшелері жоқ эндокриндік бездердің секреттерінің тікелей бірден қанға өту процессі. Ондай секреттерді гормондар деп атайды. Олар қан мен дененің барлық бөлімдеріне таралып, зат алмасу процессі мен бөжектердің биологиялық дамуын реттейді. Әсіресе, бас миының нейросекретор клеткалары, алдыңғы көкірек немесе проторокал бездері және « жақын денелер» (прилежащие) деп аталатын 3 жұп без өте жақсы дамыған.

Мидың нейросекретор клеткалары эндокрин бездерінің әрекетін күшейтетін активті гормон бөледі. Бұл гормонның бөлінуі тоқталса бөжектердің дернәсілдері мен қуыршақтары дамуын тоқтатып, диапаузаға кетеді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жалпы энтомология пәні
Бөжектер
Бөжектердің анатомиясы
Фазия шыбындары
Гүл шыбындары
Нағыз күйелер - (Tineidae)
Өсімдіктердің мүшелерін зақымдау белгілері
Жыртқыш саңырауқұлақтар
Бөжектердің саңырауқұлақ аурулары
Мамықжегіштер тобына жалпы сипаттама
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz