Дәнді дақылдардың аурулары


Пән: Биология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 66 бет
Таңдаулыға:   

1 ДӘРІС

АСТЫҚ ДАҚЫЛДАРЫНЫҢ ҚАРА КҮЙЕ АУРУЛАРЫ

Дәріс мақсаты: Қара күйе ауруларының негізгі түрлерінің біліну белгілері, қоздырғыштардың биологиялық ерекшеліктері, таралу жолдары, инфекция қоры және оларға қарсы қорғау шараларымен танысу

Дәрісте қаралатын сұрақтар:

1 Бидайдың қара күйелері (қатты, тозаңды, ергежейлі, сабақ) д

2 Арпаның тас қара күйесі

3 Жүгерінің қара күйелері

4 Қара күйе ауруларынан қорғау шараларының жүйесі

Қара күйе ауруларының қоздырғыштары астық тұқымдастарына жататын барлық мәдени және жабайы өсімдіктерді залалдайды.

Олар Basidiomycetes класы, Ustilaginales қатары, Tilletiaecae және Ustilaginaceae тұқымдастарының облигатты паразиттері. Қара күйе ауруларын қоздыратын саңырауқұлақтар белгілі өсімдіктерге бейімделіп, жіпшумақтары мүшелер мен ұлпаларда дамып, диффузды таралады.

Қоздырғыштар көбінесе астық дақылдарының дәнін, кейде жапырағын, сабағын, гүлін, гүл шоғырын және т. б. залалдап, аталған мүшелерде қара күйелі қапшықтар немесе түйіршіктер, ісіктер мен бұлтықтар, жолақтар сияқты белгілер түзіледі.

Қара күйе ауруларының телиоспоралары саңырауқұлақтың тынышталған кезеңі болып табылып тұқымда, өсімдік қалдықтарында және топырақта сақталады. Кейбір қара күйе түрлері жіпше түрінде дән ішінде қыстайды.

Вегетация кезеңінде саңырауқұлақ тек бір ұрпақ беріп, инфекциялық үрдіс әрқашан телиоспора түзілумен аяқталады. Телиоспоролар базидия мен базидиоспороларға өніп, соңғысы жұптасып қосылып, өсімдікті залалдайтын инфекциялық жіпше түзеді.

Астық дақылдарының қара күйе аурулары егін өнімінің төмендеуіне едәуір ықпалын тигізеді. Мысалы, ауру 0, 5-1% дамығанда, өнім 6-12%, ал ауру жаппай дамығанда өнім шығыны 30-40% кемиді.

Бидайдың қатты қара күйесі

Кесел республиканың барлық аудандарында кездеседі, әсіресе шығыс және оңтүстік-шығыс облыстарында жаздық бидайды қатты залалдап, оның өнімін төмендетеді.

Аурудың белгісі дәннің сүттене бастаған кезеңінде білінеді. Залалданған масақтар иілмей тік тұрады, қабығы мен мұртшалары тікірейіп, масақ жуандау болып көрінеді, түсі сұрғылт күлгін. Егер осындай дәнді жаншыса, одан сұрғылт иісті сұйық ағады. Ауру масақта дән орнында қара спора массасына толған қалташықтар түзіледі.

Ауру қоздырғышы - Tilletia caries Tul., T. levis Kuehn. саңырауқұлақтары. қоздырғыштардың өзара морфоло-гиялық айырмашылықтары бар. Қазақстанның оңтүстік облыстарында T. сaries саңырауқұлағы кең таралған, ал екіншісі - солтүстікте кездеседі. Телиоспоралар бір-бірінен морфологиялық ерекшеліктеріне байланысты ажыратылады. T. Сaries саңырауқұлағының споралары шар тәрізді, қабығы торлы, түсі қара-қоңыр, диаметрі 14-22 мкм. T. levis саңырауқұлағының споралары бұрыс пішінді, қабығы тегіс, ашық қоңыр түсті, диаметрі 15-23 мкм.

Егінді бастыру кезінде залалданған дәндер жарылып, телиоспоралары шашылып, сау дәндердің бетіне түседі. Сол дәндермен бірге топыраққа түскен телиоспоралар көктемде базидияға өніп, одан бүршіктенген 4-12 базидиоспоралар түзіледі. Соңғылар бір-бірімен қосылып, инфекциялық жіпшеге айналып, өскінді залалдайды. Жіпшумақ өсімдікте диффузды таралып өсу нүктесіне жетіп, өсімдіктің барлық мүшелеріне (жапырақ, сабақ, масақ) тарайды. Сырттай бұл үрдіс білінбейді. Өсімдіктің дәні түзіле бастағанда жіпшумақ қарқынды дамып дәнді бұзады. Жіпшумақ кейін қара спора массасына айналады.

Саңырауқұлақ споралары дән бетінде, өсімдік қалдықтарында, топырақта қыстайды, бірақ топырақтағы споралар түрлі микроорганизм әсерінен ыдырап, ұзақ сақталмайды. Сондықтан да телиоспоралар жаздық бидайдың артынша себілген күздікті залалдайды. Сонымен қатар тұқым себетін машиналар, қолданылған құралдар және т. б. инфекция қоры болуы мүмкін.

Телиоспоралардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай - 7-13 0 С температура мен 40-60% ылғалдылық. Сондықтан кеш егілген күздік және ерте себілген жаздық бидай ауруға қатты шалдығады. Тұқымның себу тереңдігін дұрыс сақтамау да өсімдіктің ауруға төзімділігін төмендетеді.

Қатты қара күйенің әсерінен өсімдіктің дамуы мен суыққа төзімділігі төмендеп, егістік сирейді, масақта дән орнына қара күйе қалташықтары түзіледі.

Бидайдың тозаңды қара күйесі .

Ауру бидай өсірілетін барлық аудандарда кең таралып, әсіресе республиканың солтүстік, шығыс және батыс облыстарында дақылды қатты залалдайды.

Кеселді белгісі өсімдіктің масақтану кезеңінде білінеді. Масақтың өзегінен басқа бөліктері түгел залалданады. Масақ соңғы жапырақ қабатынан шыға бастағанда оның орнына қара, тозаңды спора массасы көрінеді.

Ауру қоздырғышы - Ustilago tririci Pers. саңырауқұлағы. Телиоспоралары шар, кейде сопақша немесе бұрышты, түсі зәйтүн-қоңыр, ұсақ, қабығы тікенекті. Телиоспоралар ауа арқылы бидай гүлінің аналығына түсіп фрагмобазидияларға өніп, екі-екіден қосылған диплоидты жіпшелер ұрыққа еніп, тұқым ішінде, тұқым қабығының перикарпийінде немесе эндоспермінде сақталады. Залалданған тұқымның сау тұқымнан сырттай айырмашылығы болмайды. Сонымен бидайдың тозаңды қара күйе қоздырғышымен алғашқы (бірінші) залалдануы гүлі арқылы өтіп, тұқым ішінде саңырауқұлақ тіршілігін 3 жылдан аса сақтайды. Көктемде саңырауқұлақ жіпшелері активтеніп, тұқымнан өнген бидай өскінін қайталап (екінші) залалдайды. Қоздырғыш жіпшелері өсімдіктің барлық бөлігіне (сабағына кейде жапырағына) таралады. Өсімдіктің масағы құрыла бастағанда жіпшумақ қатты дамып, жуандап пішінсіз массаға айналып, кейін одан телиоспоралар түзіледі.

Өсімдіктің гүлдеу кезеңіндегі жауын-шашын ауаның жоғары ылғалдылығы (60-80%) және қолайлы температура (20-25 0 С) залалдану интенсивтілігін арттырады. Саңырауқұлақтың дамуы 7-8 0 С температурада тежеледі, сондықтан қар астына егілген күздік пен жаздық бидай ауруға аз шалдығады.

Тозаңды қара күйе өте зиянды ауру. Залалданған өсімдіктің өсуі саябырлап, аз түптенеді, ал масағы түгел жойылады. Кейбір өсімдіктер аурудан жойылмайды, бірақ олардан түскен өнімнің сапасы мен саны төмендеп, басқа ауруларға төзімсіз келеді.

Ергежейлі қара күйе

Ауру республиканың оңтүстік шығысындағы таулы аудандарда бидайды залалдайды. Кесел көбінесе теңіз деңгейінен 1000 м биіктіктегі құрғақ, тығыз топырақта шоғырланып кездеседі.

Залалданған өсімдіктер аса түптеніп, көптеген сабақ (5-50 дана) түзеді. Кеселге шалдыққан өсімдіктердің биіктігі сауларынан 2-4 есе аласа болады. Залалданған масақтар тығыздау, сәл қысқалау, иректеліп орналасады. Үрпиген масақшалардағы тығыз, қатты, қара күйелі дәндері масақта терең орнығып, кейде жапырақ пішінді екі қосымшалары болады.

Ауру қоздырғышы - Tilletia controversa Kuehn. саңырауқұлағы. Телиоспоралары шар тәрізді, қабығы торланған, сыртында түссіз шырышты қабаты бар, диаметрі 19-28 мкм. Түсі қара-қоңыр, ал жиынтығы қарайып көрінеді. Телиоспоралар топырақта 2-9 жылға дейін сақталады. Саңырауқұлақ телиоспоралары жеткілікті жарық, ауа, жоғары ылғалдылық және төмен температурада (2-15 0 С) топырақтың беткі қабатында өне бастап, бидай өскінін залалдайды. Сондықтан тұқым таяз себілген жағдайда өсімдік қатты залалданады. Телиоспоралар тұқымда, өсімдік қалдықтарында, топырақта, бидайық тамырларында сақталады.

Өсімдік аурумен әдетте 3-8%, ал кейбір жылдары 20-25% дейін залалданады. Ергежейлі қара күйе күздік бидайдың аса зиянды ауруларының бірі болып табылады.

Бидай сабағының қара күйесі

Ауру Шымкент, Қызылорда облыстары жағдайында күздік бидайды қатты залалдайды.

Өсімдіктің сабағы мен жапырақ қынабында ұзындығы 2 миллиметрден бірнеше сантиметрге дейін жолақты дөңестер пайда болады. Сау ұлпаларға (ткандерге) қарағанда олардың түсі ақшылдау болып, кейін қорғасын-сұр түске айналады. Эпидермис шытынап жарылғанда телиоспоралардың қара массасы көрінеді. Өсімдіктің өсуі саябырлап, масақ орнына залалданған ұлпа тобы пайда болып, масақ қисаяды.

Ауру қоздырғышы - Urocytis tritici Koern. саңырауқұлағы. Телиоспоралары топтасып түйін құрады. Түйіннің ортасында 1-5 жетілген, ал шет жағында 15-20 жетілмеген споралар тобы орналасады. Споралар пішіні шар тәрізді, диаметрі 7-10 мкм, жетілгендері - қоңыр, ал жетілмегендері ашық-сары түсті. Түзілген телиоспоралар бір айдан кейін өнеді. Олар бір клеткалы базидияға өніп, төбесінде 2-4 цилиндр тәрізді споралар түзіледі. Базидияспоралар базидиядан бөлінбестен инфекциялық жіпшеге өніп, бидай өскінін залалдайды. Телиоспоралар 18-24 0 С температурада, 60% ылғалдылықта өніп, залалдану үрдісі өскіннің бірінші жапырағы пайда болғанға дейін өтеді. Топырақта телиоспоралар бір жылдан аса, ал тұқымда 5 жылға дейін тіршілігін жоймайды. Ауру қоры - спораланған тұқым және топырақ.

Ауруға шалдыққан өсімдіктің өсуі саябырлап, жапырақ саны аз түзіліп, майдаланып, өнімі едәуір төмендейді.

Арпаның тас қара күйесі

Ауру республиканың арпа егілетін барлық аймақтарында кездеседі.

Кеселдің белгісі масақтану кезеңінде білініп, масақ пішінін сақтайды, бірақ сырттай үш тісті болып көрінеді. Залалданған өсімдіктің масағында дәннің орнына жұқа қабықпен көмкерілген қатты, қара күйе түйірлері түзіледі, сондықтан оны қатты немесе тасты қара күйе деп атайды.

Ауру қоздырғышы - Ustilago hordei Kell. et Swing. саңырауқұлағы Телиоспоралары шар тәрізді, кейде бұрышты, ашық-қоңыр немесе зәйтүн түсті, тегіс қабықты, диаметрі 5, 5-7, 5 мкм.

Егінді жинаған кезде телиоспоралар дән бетіне жұғады. Себілген тұқым топырақта өне бастағанда телиоспоралар да төрт клеткалы базидияға өніп, инфекциялық жіпшеге айналады да, жас өскінді залалдайды. Саңырауқұлақ өсімдіктің барлық бөліктеріне таралғанымен, тек масақты бұзады.

Қоздырғыштың дамуына қажетті қолайлы жағдай 20 0 С температура, 60-70% ылғалдылық. Қатты қара күйе зардабынан тұқымның өнгіштігі кеміп, өсімдіктің өнімі 10-15% төмендейді.

Көптеген зерттеушілердің мәліметтері бойынша жемдік арпаның құрамында 0, 4% қара күйелі дәндер болған жағдайда сиырлардың жүрегінің қабынуы, ақсауы, сүтінің төмендеуі т. б. ал қойлардың уланып, өлуі байқалған.

Жүгерінің көпіршік қара күйесі

Ауру республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс бөлігінде кездеседі.

Бұл кесел өсімдіктің жер үсті бөліктерін барлық өсу кезеңдерінде залалдайды. Ауруға шалдыққан бөліктерде ақшыл дақтар пайда болып, олар өсе келе көлемі мен пішіні әртүрлі бұлтықтар түзеді. Бұлтықтардың іші алғаш ақшыл, кейін қызғылт немесе сұрғылт түсті болып, етті бөлігі қарайып, зәйтүн-қара түсті тозаңды телиоспора массасына айналады.

Залалданған сабақтағы бұлтықтар шар тәрізді, жапырақ бетіндегілері ұзынша, жүйке бойымен орналасады. Собық пен сұлтанның жеке бөліктері ауруға шалдығады.

Өскіннің кеселі аса зиянды, себебі өсу бүршігі залалданғанда, оның ұлпалары түгел қара күйелі ісіктерге айналады. Дамуының ерте кезеңінде ауруға шалдыққан өсімдік мүлдем собық түзбейді.

Жүгерінің тозаңды қара күйесі - өсімдіктің шашағы мен собығы залалданып, қара спора массасына айналады да қабықтармен қапталады. Жүгерінің сұлтаны қара күйе телиоспора массасына айналып, кейде басқа жеке гүлдері де залалданады. Ауруға шалдыққан өсімдіктердің өсуі саябырлап, жапырақтары шамадан тыс үлкейіп өседі. Споралар шамалы ылғалдылық пен 25-30 0 С температурада өне бастайды.

Қара күйе ауруларынан қорғау шараларының жүйесі

Астық дақылдарын қара күйе ауруларынан қорғау жүйесі агротехникалық, шаруашылықты ұйымдастыру және тұқымды алдын-ала өңдеу шараларынан тұрады.

Агротехникалық және шаруашылықты ұйымдастыру шаралары топырақ пен өсімдік қалдықтарында сақталатын инфекцияларды жоюға бағытталған - егістікті барлық өсімдік қалдықтарынан тазарту; сүдігер жырту; ауыспалы егістікті сақтап, дақылды танапқа үш жылдан ерте екпеу; тұқымдықты азықтық егістен және қара күйенің осы түрімен залалданатын дақылдардан оқшау орналастыру; қолайлы мерзімде себу; егінді себуді қоздырғыштың дамуына қолайсыз мерзімге ауыстыру және т. б. ауруды едәуір бәсеңдетеді немесе толық жояды. Мысалы, қатты қара күйемен бидай өскіндері 7-13 0 С температура аралығында залалданады, егер себу мерзімі 15-20 мамырға ауыстырылса, яғни ауа температурасы 20-25 0 С жоғарылағанда залалдану үрдісі жүрмейді.

Аурумен залалдануда тұқымды себу тереңдігінің маңызы зор. Тұқым терең себілгенде бидайдың қатты, арпаның тасты қара күйелермен залалдану мүмкіндігі артады, ал ол таяз егілгенде, ергежейлі қара күйеге шалдығады. Топараққа енгізілген минералды тыңайтқыштар, әсіресе суперфосфат күйе ауруларына өсімдіктің төзімділігін жоғарылатады.

Тұқымда сақталатын инфекцияны жою үшін қолданылатын негізгі шара - тұқымды фунгицидтермен: жүгеріні - 34% витавакс 200 ф. ф., с. с. к. - 2-3 л/т; дивиденд 030 к. с. - 2 л/т; басқа астық дақылдарын - 34% витавакс 200 ф. ф., с. с. к. - 2 -2, 5 л/т; дивиденд 030 к. с. - 2 л/т; дивиденд стар 036 а. к. с. - 1 л/т; дивиденд экстрим - 0, 4-0, 5 л/т; винцит к. с. - 1, 5 л/т; 2% суми - 8 ФЛО - 1, 5 л/т нұсқауда ұсынылған мерзімде өңдеу.

2 ДӘРІС

ДӘНДІ ДАҚЫЛДАРДЫҢ ТАТ АУРУЛАРЫ

Дәріс мақсаты: Тат ауруларының негізгі түрлерінің біліну белгілері, қоздырғыштардың биологиялық ерекшеліктері, таралу жолдары, инфекция қоры және оларға қарсы қорғау шараларымен танысу

Дәрісте қаралатын сұрақтар:

1 Астықтың сызықты (сабақ) таты

2 Бидайдың қоңыр таты

3 Дәнді дақылдардың сары таты

4 Сұлының тәжді таты

5 Тат ауруларынан қорғау шараларының жүйесі

Тат аурулары астық дақылдарының кең таралған, аса зиянды кеселдері болып табылады. Аурудың қоздырғыштары Basidiomycetes класы Uredinales қатары Puccinia туысына жататын облигатты саңырауқұлақтар. Олардың өсіп, дамуы тірі субстратта жүреді.

Астықтың сызықты (сабақ) таты

Ауру республиканың барлық аймақтарында кездеседі, бірақ солтүстік бөлігінде - Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Көкшетау және Ақмола облыстарында оның қаупі зор.

Бұл ауру ерте себілген күздік немесе кеш егілген жаздық бидайда кездеседі. Өсімдіктің сабағында, жапырағында, оның қынабында, масақша қабыршағында, мұртшаларында сопақтау қоңыр татты бөртпелер пайда болады.

Ауру қоздырғышы - Puccinia graminis Pers. f. tritici Eriks. саңырауқұлағы паразит әр иелі, толық циклды дамиды. Аралық иесі - бөріқарақат және магония. Бөріқарақат жапырағының үстінде қоңыр дақ пайда болып, оның бетінде сары-қоңыр түсті спермагонийлер, ал дақтың астыңғы жағында түсі ақшыл-сары диаметрі 2-5 мм цилиндр немесе кесе тәрізді эцийлер түзіледі. Эциоспоралар шар тәрізді, қабығы түссіз, ұсақ-сүйелді, жоғарғы бөлігі қалыңдау. Бұл споралар дәнді дақылдардың сабағын залалдайды. Залалданған бөлікте жергілікті жіпшумақ дамып, оның үстінде урединий мен урединоспоралары түзіледі. Урединийлер қоңыр-қызыл түсті, пішіні сопақша (кейде 10 мм) көбінесе буын аралығында қатарласқан сызықшалар түрінде орналасады. Урединиоспоралары сопақтау, түсі сары-қоңыр, көлемі 26 -40 х 11-13 мкм, қабығы қоңырлау, қалың (1-3 мкм), беті тікенекті. Ол су тамшысы мен 3-30 0 С температура аралығында (қолайлы 20 0 С) өнеді. Вегетация кезеңінде саңырауқұлақ урединоспора-лардың бірнеше ұрпағын береді. Алғашқы бір урединоспорадан миллиондаған споралар түзілуі мүмкін. Вегетация соңында урединийлердің орнында телиоспораларымен телий бөртпелер пайда болады. Телиспоралары ұзын сабақты, екі клеткалы, ұзынша шоқпар тәрізді, көлемі 25-78 х 10-24 мкм. Жоғарғы бөлігі сопақтау, кейде тегіс, жуандау, қабығы жылтыр, түсі сары-қоңыр немесе қоңыр.

Телиоспоралар өсімдік қалдықтарында қыстап, көктемде жетіліп 9-29 0 С температурада (қолайлы 18-22 0 С) және 95-100% ылғалдылықта өнеді. Пісіп жетілген телиоспоралар ылғалды ортада 3-4 сағатта базидия мен базидиоспораларға айналады. Базидиоспоралар бөріқарақат пен магонияны залалдайды. Олардың жапырағында спермагоний мен эцийлер түзіледі. Бұл саңырауқұлақ көп жылдық дәнді арам шөптердің тамырында урединий жіпшесі түрінде қыстап, көктемде урединиоспоралар беруі мүмкін.

P. graminis саңырауқұлағының арнайы бейімделген 11 формасы бар. Әр формасы көптеген расалардан тұрып, белгілі сорттарды ғана залалдайды. Мысалы, P. graminis f. tritici саңырауқұлағының 30 расасы, ал f. secalis - 20-дан аса расалары бар.

Қазақстанда сабақ таты бидайда, қара бидайда, сұлыда, арпада, атқонақта, қоңырбаста, арпабаста және т. б. дәнді дақылдарда кездеседі.

Ауру дамығанда эпидермис көп жерден (1500) жарылып өсімдіктің су алмасу процесі бұзылып, сабақ мерзімінен ерте қурайды. Сабақ таты қатты дамығанда астық жапырылып, өнім 6, 8-50% кемиді.

Бидайдың қоңыр таты

Ауру республикада кең таралған.

Бидайдың жапырағында, оның қынабында шашыраңқы орналасқан қоңыр бөртпелер пайда болып, кейін урединийлердің орнында жылтыр, қара телий бөртпелер түзіледі.

Ауру қоздырғышы - Puccinia triticina Eriks саңырауқұлағы. Қоздырғыштың дамуы толық циклды, эций кезеңі аралық өсімдік - маралотында дамып, онда спермагонийлер мен эцийлер түзіледі. Спермагоний жапырақтың үстіңгі бетінде, ал түссіз сүйел тәрізді эцийлер топтанып алдыңғы бетінде түзіледі де жаздың бас кезеңінде дамып, эциоспоралары негізгі дақылды залалдайды. Өсімдіктің ауруға шалдыққан мүшелерінде урединийлер түзіледі. Вегетациялық кезеңде урединиоспоралар бірнеше (5-6), ал Қазақстанның солтүстігінде 10 ұрпаққа дейін береді. Саңырауқұлақтың урединиоспоралары домалақ немесе эллипс тәрізді, көлемі 18-29 х 17-22 мкм, қабығы ашық-қоңыр, сәл тікенекті, 8-10 өнгіш саңылаулары бар. Урединиоспоралар қолайлы жағдайда, су тамшысы және 18-20 0 С температурада өнеді.

Вегетацияның соңында урединийлердің орнында телий бөртпелер түзіледі. Телиоспоралары ұзынша шоқпар тәрізді, төбесі тегіс, көлемі 30-42, х 14-17 мкм, төменгі клеткасы жоғарғысына қарағанда ұзындау және жіңішкелеу, сабағы мен пердесінің түсі қоңырлау, өнгіш саңылауы білінбейді.

Саңырауқұлақ жіпшелері залалданған күздік бидай жапырақтарында және жабайы өсімдіктерде қыстайды немесе споралары ауа ағыны арқылы өсімдікті залалдайды. Саңырауқұлақ жартылай циклмен дамып, эций кезеңі болмауы да мүмкін. Қоңыр тат кеселімен бидай, арпа, қара бидай және астық тұқымдас жабайы өсімдіктер залалданады.

Ауруға шалдыққан өсімдік жапырағының ассимиляциялық көлемі кішірейіп, су алмасу процесі бұзылып, жапырақ ерте қурап, суыққа төзімділігі төмендеп, өнім шығымы кемиді.

Дәнді дақылдардың сары таты

Кесел республиканың көптеген аймақтарында кең таралған, әсіресе оңтүстік, оңтүстік-шығыс облыстардың тау және тау бөктері алқаптарында астықты қатты залалдайды.

Аурудың белгісі өсімдіктердің масақтану кезеңінде кейде ертерек білінеді. Өсімдік жапырағында майда қызыл-сары немесе ашық-сары ұнтақты бөртпелер қатарласып, ретпен, кейде тізбектелген сызықша тәрізді орналасады. Жапырақтан басқа өсімдіктің жапырақ қынабы, кейде сабағы, қылтанағы, масақ қабыршақтары және дәндері ауруға шалдығады. Залалданған ұлпалар түссізденіп, жапырақ қурап, кейін эпидермис астында қара бөртпелер (телий бөртпелер) пайда болады.

Ауру қоздырғышы - Puccinia striiformis West. саңырауқұлағы. Қоздырғыштың дамуы жартылай циклмен өтеді. Аралық иесі белгісіз. Вегетация кезеңінде саңырауқұлақ урединиоспораларының бірнеше ұрпағы түзіледі. Урединиоспоралары бір клеткалы, түсі қызыл-сары, шар тәрізді немесе сопақша, көлемі 18-32 х 14-25 мкм, қабығы түссіз, ұсақ тікенекті.

Телий бөртпелер жапырақтың астыңғы бетінде және жапырақ қынабында майда, түсі қара-қоңыр, сызықша орналасқан эпидермиспен жабылған дақ түрінде пайда болдаы. Телиоспоралары екі клеткалы, ұзынша, шоқпар тәрізді, көлемі 26-56 х 13-24 мкм, төбесі тегіс, түсі қоңыр, сабағы қысқа, түссіз.

Күзде саңырауқұлақ жіпшесі күздік бидайды залалдап, оның жапырағында сақталады да, көктемде түзілген урединиоспоралар жаздыққа көшеді. Жаздық пен күздік аралығында саңырауқұлақ жерге түскен бидай тұқымынан өз бетінше өнген өскінде сақталады.

Тау және тау бөктеріндегі аймақтарда астық тұқымдас жабайы өсімдіктерде саңырауқұлақ жіпшумақ түрінде сақталады. Қоздырғыштың қолайлы даму температурасы 15-17 0 С. Өсімдіктің залалдануы су тамшысы (ылғал) болған жағдайда өтеді.

Бидайдан басқа сары тат ауруымен сұлы, арпа, қара бидай және көп жылдық астық тұқымдас жабайы өсімдіктер залалданады.

Сары тат ауруының қоздырғышы физиологиялық расалар мен биотиптерге жіктеледі. Қырғыз және Өзбек республикаларының Қазақстанмен шектес аймақтарында сары таттың 30 физиологиялық расалары тіркелген.

Бұл кеселдің салдарынан өсімдіктің жапырағы қурап, дәндері семіп, залалданған тұқымның өнуі 20%, ал егін өнімі 18-30% кемиді.

Сұлының тәжді таты

Бұл ауру сұлы егілетін барлық аудандарында кездесіп, республиканың солтүстігінде Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында жаппай дамиды.

Ауру белгісі сұлының шашақтану кезеңінде түсі қызыл-сары пішіні дөңгелек бөртпелер жапырақтың екі бетінде, кейде жапырақ қынабында және масақ қабықшаларында білінеді. Вегетацияның соңында урединийлердің айналасын-да қара, жылтыр эпидермиспен жабылған телий бөртпелер түзіледі.

Ауру қоздырғышы - Puccinia coronifera Kleb. саңырауқұлағы. Қоздырғыш толық циклды дамиды, аралық иесі итшомырт. Урединийоспоралары сопақтау, көлемі 28-37х15-28мкм, бір клеткалы, түсі сары, ұсақ тікенекті, қабығы қалың. Телиоспоралардың көлемі мен пішіні әр түрлі 34-56х13-20мкм, түсі қара-қоңыр, көбінесе олар шоқпар тәрізді, екі клеткалы, сабағы қысқалау, жоғарғы бөлігінде 1-8 тәжі тәрізді өскіндері бар, сондықтан да оны «тәжді» тат деп атайды.

Республиканың солтүстігінде саңырауқұлақ вегетация-лық кезеңде 5-6 урединий ұрпағын береді. Бұл аурумен негізінен сұлы, сонымен қатар қара сұлы залалданады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Пісетін түрі бойынша бидай сорттары
Экологияның техникалық дақылдарға (қант қызылшасы, қартоп) тигізетін әсері
Дәнді дақылдардың химиялық құрамы, ассортименті және сапасына қойылатын талаптар
Дән микроорганизмдері
Балауызды жүгері
«Жалпы фитопатология» пәнінен оқу – әдістемелік кешені
Сұлы дақылының аурулары
Азық – түлікті дақылдармен пен жеміс – жидекті дақылдардың биологисы
Астық-ұн тауарлары
Жаздық бидай дақылының ауылшаруашылығы аурулары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz