Айтыстың жанрлық ерекшелігі


Айтыстың жанрлық ерекшелігі
Мазмұны
І. Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім
1 тарау
1. 1 Айтыс жанрының шығу тарихы, зерттелуі.
1. 2Қазіргі айтыс тілінің түрі мен ұлттық мәдени сипаты
2 тарау
2. 1 Қазіргі айтысы тіліндегі мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер
2. 2 Қазіргі айтыс тіліндегі метафоралық қолданыстар
2. 3 Қазіргі айтыс тіліндегі теңеудің қолданылу сипаты
2. 4 Қазіргі айтыс тіліндегі эпитеттік қолданыс ерекшелігі
2. 5 Қазіргі айтыстың көркемдік негіздері.
ІІІ. Қорытынды
ІV. Пайданылған әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Айтыс - «айт» етістігінен туған зат есім, өз мағынасымен алғанда, «айтыс» екі кісінің сөйлесуі. Бұл сөйлесу - қазақ арасында көп ұшырасады. «айтыс» кейде «талас» мағынасында ұғылып, біреу мен біреу таласса, жанжалдасса «пәленше мен түгенше айтысып қалыпты» деп те айтады. Айтыстың мағынасы осындай кең болғанымен, «айтыс» ұғымындағы сөздердің ішіндегі ең басымы - өлеңмен айтысу. Қазақ тілінің сөздігінде айтысқа мынадай анықтама берілген: айтыс - бірінші мағынасы - зат есім, суырып салма ақындардың ауызша өлең түріндегі сөз жарысы, екінші мағынасы - етістік, яғни ортақ етіс, өлеңмен сөз жарысына түсу, сайысу. Ежелден «өнер алды - қызыл тіл» деп сөз өнерін аса жоғары бағалаған халық айшықты сөз бедері мол ақындар айтысына ерекше мән беріп, ұрпақтан - ұрпаққа жалғастырып отырған. Айтыскер ақындар сөз сайысы кезінде қарсыласының ұрымтал жерін аңдып, жеңіске жетудің жолын іздеп, бұлтартпайтын дәлелдермен тұсап, тұқыртып, жалтаруға ерік бермей, жырмен желкесін қиып, дауласуға келтірмейтіндейғып сөзбен жығады. Ақындардың жеңілуі сөз таба алмай қалғандықтан емес, бәрі де орынды уәжге, жүйелі сөзге тоқтап, дау сөздің логикалық жағынан ұтылып барып жеңіледі. Шаршы топта сөз додасына түскен ақындардың айтысына әділ төрелік айтушы да көпшілік, сөз құдіретін түсінетін би, шешендер болған. Сондай-ақ, айтыс ежелден ел тұрмысында ақынның бірде-бір ақын аталатын өнер мектебі саналып келген. Қазіргі ақындар айтысы күні кешегідей «халықты коммунизм рухында тәрбиелеу, осы жөніндегі жақсылығын мадақтап, кемшілігін» сынау емес, яғни үгіт - насихат, өзара сын құралы емес, ой мен сөздің жарасымы, адам бойындағы таланттың көрінісі, білім - танымның бір бұлағы тәрізді. Айтыс дегеніміз - әсерлі сөз (поэтикалық тіл) бен әсем саздың жарасымы болғандықтан, қазақ үшін бұл екеуі де жанына жылы, сезіміне әсерлі дүниелер. Сонау алыс бабалар заманынан бері келе жатқан айтыс дәстүрі - өлеңмен (поэзиялық), үнмен, сазбен (музыкалық), отырыс - тұрысы, көрік - көркемдігімен (театрлық) келген синкреттік құбылыс, ол, зертеушілердің сөзіне қарағанда, біздің кезімізде санаулы-ақ халықтарда сақталып келе жатқан дәстүр екен. Айтыстағы жеңістің негізгі шарты - ақындардың поэтикалық дарыны, сөз көркемдігі болып есептеледі. Әрине, айтыста импровизация (суырып салмалық), ой қисыны (логика) мен дәлелінің күштілігі анық байқалуы тиіс.
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Айтыс - қазақтың ауыз әдебиетінің үлкен бір саласы, тарих керуенімен бізге жеткен тапқырлық пен шешендікке, терең ой мен өткір сынға, әншілік пен әуенге, ең бастысы ұлттық мүдде мен ұлттық идеяға құрылған сахналық сұлу өнері. «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ұлттық моральдік кодекстің алтын діңгегіне сүйенетін айтыс, қай заманда болса да, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің қай-қай саласындағы қалтарыстар мен бұлтарыстарды, қоғамның көлеңкелі тұстарын өткір де өзекті ой-пікірімен, көркем де бейнелі, поэтикалық кестелі тілімен өрнектеген ұлттық рухани құндылықтың бірегейі.
Айтыс қазақ халқының маңдайына біткен біртуар бағы, төл өнері сөз өнерінің озық үлгісі, синкретті жанр. Синкретті болуы - оның аттаныс нүктесі эпостық шығармалармен төркіндес, тамырлас болып, ертедегі тұрмыс-салт өлеңдерінен бастау алып, әуен, мәтін, мақам, қимыл бірге жүретін философиялық, психологиялық, прагматикалық қасиеттерді бойына жинақтаған әмбебап кешенді құрылымдығында, әлеуметттік мәселелерді замана шындығына сай жырлайтын поэтикалық туынды.
Тәуелсіздікке қолымыз жетіп, ұлттық арман-аңсарымыздың (идеологиямыздың) беделі мен болашағын дамытуға тарихи мүмкіндік туған бүгінгі тұста, төл өнеріміз айтыс та қайта жанданып, заманауи жаһандану көшіне өз үлесін қосып жаңа сатыға көтерілу үстінде. Қазіргі айтыс өнерінің идеялық-мазмұнымен қатар, тілдік ресурстарын өлең құрылымының мағыналық-стильдік реңктері мен көркем поэтикалық образдар тұрғысынан, тілдік қатысым мен прагма-психологиялық тұрғыдан жүйелі де ұтымды зерттеуге мүмкіндік туып отыр. Осыған орай, ұлттық феномендік төл өнерімізді сан-салалы ғылым салаларымен сабақтастыра отырып кешенді зерттеу - бүгінгі күннің талабы.
Зерттеу жұмысымда қазіргі қазақ айтысының тілдік ерекшеліктеріне толығырақ тоқталдым. Қазіргі айтыс тілінің ұлттық мәдени сипаты мен лексика-семантикалық ерекшелігі кеңінен талқыланды. Қазіргі айтыс тілінің көркемдік ерекшеліктері оның ішінде метафоралық қолданыстар, теңеулер, эпитеттердің қолданыс ерекшеліктеріне сипаттама берілді. Бұл зерттеу жұмысында айтыскерлер тілін талдай отырып, мысалдар келтірілді.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Халық ауыз әдебиетінің сан ғасырлық тарихының айнасы іспетті асыл қазыналарының бірі болып саналатын айтыс өнерінің қазіргі тілдік ерекшеліктерін әдебиетте жеке тақырып ретінде алғаш рет зерттеу нысанына айналдыру осы жұмыстың басты өзектілігін танытады.
Сөз өнерінің, көркем сөз тігісінің, образдың, көркем ойлардың, сөз шешендігі мен шеберлігінің тілдік көрінісін айтыс өлеңдерінен байқаймыз. Айтыстарда көркемдік бейнелеу, көріктеу тілі өз алдына, түлеп ұшқан тың өткір, ұтқыр тіркес аса мол болды. Айтысқа қатысқан екі ақынның қайсысы болса, халықтың тіл байлығын молынан пайдалана отырып, неше түрлі әдемі теңеу, сөз образдарын жасайды, айтайын деген ойын әрі ашық, әрі терең мағыналы етіп жеткізеді. Қазіргі кезеңде кемеліне келген әдеби тіліміздің ілгері басып, дамуына ақындық теңізі сияқты айтыс өлеңдерінің орны ерекше. Айтыс - өлеңді қолма-қол суырып салып айтатын өнер сайысы, синкреттік сипаты басым жанр. Айтыс тілінің көркемдік әлемі - оның бүкіл болмысын танытады.
Айтыс, соның ішінде қазіргі айтыс әдеби тұрғыда жан-жақты зерттелгенімен, тілдік ерекшеліктері тұрғысынан ішінара болмаса, толыққанды түрде зерттелмей келеді. Тіл білімі саласында үзік-үзік ойлар айтылғаны болмаса, тікелей әрі жан-жақты ой қозғап, қалам тербеген ғалымдардың қарасы өте аз десе де болады. Сөз өнерінің, көркем сөз тігісінің, образды, көркем ойлардың, сөз шешендігі мен шеберлігінің тілдік көрінісін айтыс өлеңдерінен көреміз. Ол тілдік ерекшеліктердің деңгейін анықтау қазіргі айтыстардың сан қырлы табиғатына тікелей байланысты. Біз осы еңбегімізде алдыңғы зерттеулерге жүгіне отырып, айтыс өлеңдеріндегі тілдік ерекшеліктерді танып қалуға талпыныс жасадық. Сол себепті де қазіргі айтыс өнерінің көркемдік деңгейі ақындардың ұстанып жүрген бағыттары жайлы сөз қозғауды жөн көрдік. Қарастырып отырған тақырыбымыздың ең бір өзекті тұсы да осында.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: зерттеудің негізгі мақсаты - ұлттық рухани мәдениетіміздің сүбелі қабатын құрайтын, бабалар тілінің қайнар бұлағы мен асыл қазынасындағы жауһар дүниелерінің бірі болып табылатын айтыс өнерінің қазіргі лингвомәдени және поэтикалық ерекшеліктеріне кешенді талдау жүргізу.
Қазіргі айтыс ақындар тілінің лексикалық ерекшеліктерін, яғни стильдік-семантикалық, құрылымдық жағын, көркемдік амал-тәсілдердің экспрессивті, эмоциялық бояуын, фразеологизмдердің сөз саптауда әр түрлі семантикалық, тұлғалық, өзгеріске ұшырап жаңаруын, сондай-ақ басқа да тілдік ерекшеліктерді және өлеңнің құрылысын анықтай отырып, ақындар айтысының әдеби тілдің нормаларының дамуындағы рөлін көрсету. Аталған мақсатқа байланысты мынадай міндеттерді жүзеге асыру көзделді:
- Айтыс жанрының шығу тарихы мен зерттелуіне тоқталу;
- Айтыс түрлерін көрсету;
- Қазіргі айтыс тіліндегі мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердің әр ақынның өзіндік қолтаңбасы мен шеберлігін анықтау;
- Қазіргі айтыс ақындары тіліндегі көріктеуіш тәсілдердің қолданылу ерекшелігін көрсету;
Зерттеу жұмысының нысаны. Жұмыстың зерттеу нысаны ретінде - айтыс ақындардың көркемдік тәсіл ерекшеліктері алынды. Ақындардың кейбір сөз қолданысындағы ерекшеліктерді анықтауда олардың қағысулары мен қайымдасулары, басқа да айтыс ақындарымен салыстырылды. Қазіргі айтыс тілінің ұлттық мәдени, лексика - семантикалық сипаты, тілдік ерекшелігі қарастырылады.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Қазіргі айтыс өнерінің көркемдік деңгейіне өзімізше баға беріп, табысты жақтарын ашып көрсетіп, жағымсыз жақтарына ғылыми түрде тоқталып, айтыс өнерінің көркемдік тұрғыдан ілгерілеуіне титтей де болсын өз үлесімізді қосу - жұмыстың жаңашылдығы болмақ.
- айтыс ақындарының тілімізде бұрыннан бар фразеологизмдерді, мақал-мәтелдерді қолдана отырып, тұрақты тіркестердің орнын ауыстыру, компоненттер арасына сөз сыналату, бір тіркестің бойына бірнеше тіркестің мағынасын сыйғызу, лексикалық құрамын жаймалап қолдану, бір компонентін синоним немесе басқа сөзбен алмастыру, я болмаса олардың бір сыңарын түсіріп қолдану, болымды мәндегі тіркестер мен мақал-мәтелдерді болымсыз мағынада немесе керісінше қолдану арқылы әдеби тілді байытатын жаңа сөз қолдану үлгілеріне талдау жасалуы;
Ғылыми болжамы, нәтижелігі. Айыстың түрлері, олардың өзіне тән көркемдік ерекшеліктерін әдебиет теориясы тарауы бойынша сұрыптау, нақтылы анықтау.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысында А. Байтұрсыновтың «тіл тағылымы» (1992) ; «айтыс» І том (1988) ; айтыс» ІІ том (1988) ; қазіргі айтыс. Астана: «күлтегін» 2004. 1-кітап; қазіргі айтыс. Астана: «күлтегін» 2004. 2-кітап; қазақ баспасөз беттерінде жарияланған «қазіргі айтыс мәтіндері» т. б.
Жұмыстың зерттеу әдістері: зерттеудің негізгі әдіс-тәсілдері - әдебиеттануда қалыптасқан негізгі принциптер мен ғылыми әдіс-тәсілдер қолданылды. Яғни, баяндау және талдау, салыстыру, сараптау, жинақтау, семантикалық талдау әдістері қолданылды. Сондай-ақ, жалпы тіл білімінде қолданылатын лингво-стилистикалық әдістер басшылыққа алынады.
Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Айтыс ақындарының әдеби тіл нормасына үлес қосуына, эстетикалық көркемдік принциптерінің саралануына байланысты диплом жұмысының кейбір нәтижелері мен тұжырымдары кейінгі айтыс өнерін діттеп келе жатқан жас өрендерге айтыс өнері жайындағы білімдерін толықтыру мақсатында септігін тигізеді. Сондай-ақ, орта мектептерде қосымша сабақтар, арнаулы курстар мен семинар сабақтарын ұйымдастырып, онда сөз өнерінің құдіреттілігін танытуда, адамгершілік - эстетикалық тәрбие беруде бұл жұмыстың теориялық әрі практикалық мәні бар.
Зерттеу осы сала бойынша жүргізілетін лингвомәдениеттану, лексикология, көркем мәтін поэтикасы, стилистика, мәтін семантикасына қатысты еңбектерге теориялық, ұстанымдық негіз ретінде қызмет етеді. Еңбектің нәтижелері іргелі ғылыми пайымдаулардың дамуына жол ашады.
Зерттеу нәтижелерін этнолингвистика, көркем мәтін поэтикасы, стилистика, семантика, фольклор сияқты арнаулы курстарда және фразеологиялық, түсіндірме сөздіктер құрастыруға пайдалануға болады.
Зерттеудің құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.
1. 1 Айтыс жанрының шығу тарихы, зерттелуі
Қазақ ауыз әдебиетінің үлкен саласының бірі - айтыс өлеңдерінің де өзіне лайық үлесі, алатын орны, өсу, даму тарихы бар. Әлем әдебиет тарихына үңілсек, революцияға дейінгі айтыс дәстүрінің әр халықта әр түрлі дәрежеде дамығанын байқаймыз. Көне Шығыс (Араб, Үнді, Иран) елдерінде, Орта Азия халықтарында және ортағасырлық Европа (француз, герман, славян) мемлекеттерінде өзіндік айтыс ділмарлық (шешендік) бәсекесі болғаны мәлім. Айтыстыңөткендігі эволюциялық ұзақ сүрлеу жолын іздеу, оның даму процесін зерттеу өз алдында үлкен бір мәселе. Ол жөнінде нақтылы пікір айту, ой түю топшылау, талдау жасау бір күннің, не бір жылдың жұмысы емес. Біздің айтайық деп отырғанымыз айтыстың қазіргі даму жайы туралы қысқаша шолу ғана.
Айтыс - көшпелі өмір кешкен елдердің бәріне тән өнер, бірақ ол бірінде аз, енді бірінде мейлінше мол дамыған. Бұл кездегі жазу - сызудың жоқтығынан, ауызекі дәстүрінің мейлінше кең етек алуынан туған қажеттілік еді. Айталық, өмір салты мен әдет - ғұрып, салт - санасы бізбен егіз кешегі көшпелі қырғыз, қарақалпақ алтай елдерінде де айтыс өнері болған, алайда бұл жанр оларда дәл біздегідей жетіліп, кемелдене қоймаған.
Айтыстың қазіргі даму дәрежесі барлық елде бірдей емес. Мәселенің мән-жайы Азия континентінің шеберінен алып қарағанда ашыла түседі. Сұрақ-жауап түріндегі Индияда қазір де қолданылады. Қырқыздарда айтыс үлгісі әлі бар, бірақ кең көлемде өріс ала амай келеді. Қарақалпақтарда айтыс үлгісі 1928 жылдан кейін кездеспейді. Ал өзбек пен ұйғырларда айтыс дәстүрі революцияға дейінгі дәуірдің өзінде-ақ тоқыраған көрінеді. Өзбектер айтыстың жазба түрі - «мұшайраны» дамыту мәселесін енді-енді көтеріп жүр. Әрине, «мүшайраның» импровизациялық айтыс үлгісіне жатпайтыны белгілі. 14. 3 бет. 14. Айтыс. - Алматы: Жазушы, 1966 3 том
Айтыс жазба тілі дамып, тарихы әріден келе жатқан, мәдениетке ерте суарылған елдерде (грек, рим т. б. ) ұшыраспайды. Тек ескі мәдениетті елдерде кездеседі. Сурылып салмалық дәстүр мен айтыс өнері ерте кездерде бір ғана қазақ елінде емес, көптеген елдердің өмірінде болған тәрізді. Қазақтың ірі ғалымы М. Әуезов өзінің «Айтыс өлеңдері» атты көлемді зерттеуінде (Қазақ әдебиетінің тарихы. 1 том, бірінші кітап. Алматы, 1960. ) Батыс Европаның орта ғасырындағы келтерде фильдердің, терістік Францияда труверлердің, орталық Европадағы мейстензингерлердің, Скандинавия еліндегі скальділердің, орыс еліндегі скоморохтардың, ертегі Иран, Үнді елдеріндегі «мұшайра» мен Аравиядағы «мұғаллақатқа» қатысқан ақындардың бәрініңде суырып салма айтысқа өрендігін, бұл өнердің қазақтағы айтысқа барынша ұқсас екенін ғылыми дәлелдеп бергенді. Көшпелі монғол, түрікмен, араб тәрізді елдерде айтыс жанрының мол болғанын кезінде С. Мұқанов та атап айтқан еді. (Айтыс. Алматы, 1965, 12 бет. ) шынында, қазақ айтыстарына өзінің түрі, мазмұн-сипаты жағынан өте жақын қарақалпақ, қырғыз еліндегі айтыс жанрын әзірге былай қоя тұрғанда, басқа ел әдебиетіндегі суырып салма айтыс өнерінен бізге үндес, ұқсас келетіні сол арабтағы «мұғаллақат» деп аталатын өлеңдер. «Айтыс» бар ел - араб елі. Арапта біздің «айтыстағыдай» өлеңмен сөйлесу «мұғалақат» көбінесе көшпенділер арасында ұшырасатын көрінеді.
«Мұғаллақат» арабша тізбектеу, жинақтау деген ұғымды білдіреді. Ислам дәуіріне дейінгі араб әдебиетінде (VIII ғ. ) суырып салма рауи (шайыр) Хаммад деген кісі тұңғыш рет өзінен бұрынғы араб ақындарының атақты жеті «қасидасын» бір жинақ етіп тізіп, оны «мағаллақат» деп атаған. «Мағаллақат» негізінен дәстүрлі «қасида» (өлең жанры) түрінде келеді. Ал, «қасида» араб лирикасындағы ең бір көне, әрі тұрақты жанр. Мұның түп мағынасы «бір мақсатқа бет алу» деген сөз. Мұнда ақын өз руын, оның басшы көсемдерін дәріптеп екінші бір руды, оның басшыларын аяусыз сынау арқылы мақтаған кісісінің ретін тауып сыйлық алуды көздейді. Осы тектес «қасидаларды» араб әдебиетіндегі исламға дейінгі дәуір деп аталатын VII ғасырда өмір сүрген шайырлар (ақын-абыздар), олардың жолын қуған рауилер (шәкірт ақындар) туғызған. Мал бағумен шұғылданушы көшпелі араб руларынан шыққан сол шайыр-рауилер суырып салма өнер мен ақындықты кәсіп етіп, ел арқалап жыр айтуды дәстүрге айналдырса керек. Рауилер ел аралау сапарында өз ұстаздарынан жыр үйреніп, суырып салма айтысқа да машықтанады екен. Ел ішінде олардың ықпал билігінің күштілігі сондай, әрі беріден соң халық бар жамандық-бәлекет пен жақсылық-берекет те ақыннан, оның қарғысы мен мақтау шарапатынан болады деп ұққан. Өмірді болжап, өлгенді жоқтаушылар да, өз руының намысын қорғап дәріптеушілер де солар. Осыған орай шайыр-рауилер екінші бір рудың шайырларымен қиян-кескі айтыстарға да түсіп отырған. Бұл суырып салма айтысты арабтар «муфахар» деп атаған. (Литературная энциклопедия, т. т. І. V. М., 1931, 151 бет) Ірі арабист Х. А. Гибб араб рауилерінің суырып салма ақындығымен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жатқа айтатын жыршы да болғанын, бас қосқан жиында бір рауидің 2900 жолдық жырды мүдірмей жатқа айтқанын келтірсе, (Х. А. Гибб. Арабская литература. М., 1960, 19 бет) акад. И. Ю. Крачковский араб әдебиеті туралы зерттеуінде арабтың ауыз әдебиеті нұсқаларын таратудағы рауи, рапсодтардың рөлін жоғары бағалай келіп, Хаммад деген рауидің («Мұғаллақатты» тұңғыш құрастырушы кісі) араб алфавитінің әрбір әріпіне ұйқасатын әрқайсысы 1000 жолдық жырды жатқа білетінін дәлел ретінде айтады. (И. Ю. Крачковский. Избранный сочинения, т. ІІ. М. - Л., 1956, 247 бет. )
Айтыс жанры кәсіп-тіршілігі ұқсас көршілес қырғыз, қарақалпақ әдебиетінде де бар. Қырғыз әдебиетіндегі айтыс «Сермерден» (екі кісінің бетпе-бет қағысуы), «Алымсабақ» (әлденеше кісінің айтысы) деп аталатын негізгі екі түрден тұрады. Бұл айтыстар да қазақ дәстүріндегі сияқты жұрт бас қосқан ас-той, үлкен жиындарда туып отырған. «Сермерден» үлгісіндегі айтыстың мазмұны кең, шығармашылық мүмкіндігі сан алуан болып келсе, ал «Алымсабақ» айтысы белгілі бір дәстүрлі тақырып аумағында ғана айтылатын көрінеді. (М. Богданова. Киргизская литература. М., 1947, 29-30 бет) . Әрине, екі ел әдебиетіндегі айтыс нұсқаларының өзіндік ерекшеліктерімен қатар, өзара ұқсас, ортақ белгілері де мол. Алайда қырғыз әдебиетіндегі бұл жанр дәл біздегідей тамырын терең жайып, жан-жақты дами қоймаған тәрізді. Дәл осы жәйт қарақалпақ айтыстарында да тән.
Қарақалпақ елінде ойын-сауық, кештерде айтылатын қыз бен жігіттің әзіл сықақ үлгісіндегі сұрақ-жауап айтыстары айрықша көп таралған. Мұнда өлеңді тұжырымдылықпен қысқа қайырып, тапқырлықпен аз сөзге көп мағына сыйғызу, сөйтіп негізінен бас қосуды жастардың жарасымдыәзіл күлкісіне айналдыру мақсаты көзделеді. (Н. Давкараев. Очерки по истории дореволюционной каракалпакской литературы. Ташкент, 1959, 38-39 бет. ) Сықақ-юморлық сипаты жағынан бұл түр қазақтағы қыз бен жігіттің қайымдасу айтысына көп ұқсас. Жастар арасында кеңтараған осы сұрақ-жауап үлгісіндегі әзіл-қағысулардан тыс қарақалпақ елінде ақындардың келелі де кесек айтыстары өте сирек ұшырасады. Рас, біз әңгімелеп отырған айтыс өнері қазақ тұрмысындағы секілді қырғыз, қарақалпақ халқымен де ертеден бірге жасап, етене болып кеткен көне жанр. Әйтсе де айтыс жанры бұл екі ел әдебиетінде де дәл біздегідей кең өріс алып, көптік сипатқа ие бола қоймаған. Бұған дәлел ретінде айтыс жанрының бізде күні бүгінге дейін өз мәнін жоймай, жаңа социалистік қоғамдағы сәулетті өмірімізді жырлау саласында да пәрменді үлес қосып отырғанын айтса да жеткілікті. (М. Жармұханов «Айтыстың даму жолдары» Алматы. Ғалым. 1976 ж. 6-9 бет. )
Монғолия қазақтарының күн көрісі, тіршілігі, шаруашылығы төрт түлік малға байланысты еті мен сүтін азыққа, жүні мен терісін киім-кешекке, жыбдыққа, баспанаға пайдаланады. Айтыс өнерінде де осы төрт түлік малдың айтысы ерекше орын алады.
Қожеке ұлы Мешел ақынның қағытпа айтыстарының ішінде «Мешел мен бұзаудың айтысы», «Мешел мен саяқ қойдың айтысы» деген айтыстары бар. «Бұзаудың айтысында» көшкен жұртқа қашып кеткен қызыл бұзауды жаяу әзер барып тауып алған Мешел онымен айтысады.
Мешел:
Қу бұзау, бұл сөзіңе сенейін бе.
Кеш болды енді үйіме жүрейін де.
Алыстан жаяу шаршап әрең жеттім,
Бір кезек енді өзіңе мінейін бе?
Бұзау:
Мойынымды арықтықтан бұра алмаймын,
Орнымнан әлім аз ғой тұра алмаймын.
Орнымнан ұмтылып тұрсамдағы,
Көтеріп сені үйіңе бара алмаймын.
Бұдан ақын жас ұрпағына малды өсіргің келсе, оны баға ал, ит-құсқа жем болдырма, сақ бол, «Арық малды асырасаң, аузы-мұрынды май етер» - деген тәлім береді. (Қабидаш Қалисқарұлы «Монғолиядағы қазақ әдебиеті» Алматы. Арыс. 2009 ж. 68-69 бет. )
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz