Қылует және оның мәні


Қылует және оның мәні
Қылует жер асты мешіті және Ясауи ілімі аясында Қылует, шілханалардағы тақуалықты арттыру үшін атқарылған ғұрыптар өзара байланыстырыла сипаталады. Түркістан қаласындағы «Қылует» жер асты мешіті ерекше рухани тәрбиелік мәнге ие, терең тарихы бар ортағасырлық сәулет ескерткіштерінің бірі. Кезінде он сегіз бөлмеден тұрған бұл жартылай жер асты құрылысы жан-жақты діни, рухани, мәдени қызмет атқарған кешен болуымен назар аудартады. Құрылыста адам өмір сүруіне, құлшылық-ғибадатын атқаруға қолайлы жағдай жан-жақты қарастырылған. Мұнда жер астындағы Қожа Ахмет Ясауи салдырған бір адамдық «Ғар» бөлмесіне қоса «Мешіт» бөлмесі, «Жамағатхана» залы, шәкірттерге арналған «Құжыра» бөлмелері, ыстық су дайындайтын, жуынатын, дәрет алатын бөлмелер де ескерілген. Деректерде «Қылует» мешітінің қонақ үйлері мен жылқы байлайтын ат қоралары да болғандығы жазылады. «Қылует» сөзі арабша «Халуәтун» - жалғыз, оңашаланып өмір сүруге ұмтылу деген мағына береді. «Қалыпты (жүректі) бұрыс, сенімдерден, жаман әдеттерден арылтуды, құтқаруды - “Қылует” дейді. Атақты суфи Қушайри муридтің бүкіл болмысын Аллаға арнап, Алладан басқа барлық нәрседен қол үзуін яғни, рухани жалғыздықты, қоғамнан жырақ жеке дара өмір сүру, тәнімен “халық арасында, рухымен хақпен бірге болуды да Қылует дейді” деп түсінік береді зерттеуші Досай Кенжетай. Қылуеттің рухани кемелдену жолы ретінде тариқат әдебінде маңызды орын алғанын баяндай келіп: «Ясауи тариқатында (жолында) “Қылуеттің” өзіндік маңызы мен өзіне тән әдебі (қағида ережелері) бар. Қылует кезінде нәпсіге, шайтанға тиесілі ләззаттар, қалаулар, ниеттер жанып жоқ болады. Адамзатқа тән қараңғылық және басқа да қайғы-мұң жойылады, ішкі рухани дүниесі нұрланып тазарады, және тағы да осы сияқты көп нәрселерге қол жеткізеді» дейді түрік зерттеушісі М. Ф. Көпрүлү. Ясауи тариқатындағы Қылует рәсімі жайлы “Жауахайрул әбрәр” атты дерек көзіне сүйене отырып, былай жазады: “Қылуетті қалаған адам халықтың аманшылығынан қорғану үшін емес, өз жаманшылығынан қорғану үшін бұл әрекетті таңдап алдым деп ойлауы керек. Өйткені керісінше болған жағдайда өркөкіректік пен тәкәппарлыққа жол береді”. Қылуеттің ұстаздың ұйғарымымен және оның бақылауында өтетін Ясауи тариқатының әдебіндегі ерекше әдістердің бірі екенін баяндалады. Қылует қырық күнге созылатын, күні-түні ұйқы мен тамақтан шектеліп, тәкбір, алқа зікір, “истифғар” (кешірім дұғасы) оқылып, Құдайға құлшылықпен өтетін ғибадат мерзімі ретінде сипатталады. «Әзірет Сұлтан қабіріне үнемі зиярат етсе де, жылда бір реет зұлхиджа айының алдында үлкен рәсімді түрде сопылар қылуетханаға кіреді. Соңғы жылдарға дейін бес-алты мың адам тек қана осы мақсатпен жиналатын» деп жазылған 1914 жылғы «Шура меджмуасындағы» мақалада. Ахмет Ясауидің жақын туысы Мәулана Сайфуддин Орын Қойлақы қолынан туған «Насабнама» шежіресінде Ахметтің әкесі Ибраһим шайықтың отызға жуық «Қылует» мешіттеріне билік жүргізгені айтылады. Ясауидің ата- бабаларының ең сенімді шежіресі саналатын бұл еңбекте Ахметтің өзіне де елуден аса «Қылуеттің» бағынышты болғандығын, олардың жұмысына басшылық жасауға Ясауи өз мүридтерін жіберіп отырғандығын келтірген. Бұл мысал «Қылует» мешіттерінің Ясауиден бұрын пайда болып, оның тұсында нағыз шарықтау кезеңіне аяқ басқандығын көрсетеді. Қаламызда «Қылует» мешіттерінің міндеттерін атқарған «кіші Қылует» «Әулие Құмшық Ата», «Шілдехана» құрылыстарының қалдығы осы күнге дейін сақталған. Бұлардың соңғы екеуі қазіргі күні қалпына келтірілген, ал «Кіші Қылует» «Үлкен Қылует» сияқты 1942 жылы бұзылып, кірпіштері Май заводын («Ан- тибиотик») салуға жұмсалған, ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің батыс жағында 50-60 метрдей жерде орналасқан болатын. Қылует (Үлкен Қылует) мешіті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 150 м қашықтықта орналасқан. 1940 жылы Май заводын салуға кірпіштерін бұзып алмас бұрын, скульптор А. Л. Шмидтің жанашырлығымен Қылует мешітінің макетінің жобасы жасап қалдырылды. Соның негізінде және археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде Қылуеттің (Үлкен Қылуеттің) ХV-ХVІ ғасырларда салынған бөлігінің орыны анықталып, қайта қалпына келтіріліп, мұражайға айналдырылды. Қылует өз заманында қабырғалары топырақпен сыланған, оңтүстік фасадында негізгі есігі және батысында шаруашылық есігі бар жартылай жер асты ғимараты болған. Зерттеулер нәтижесінде бірнеше кезеңдерде салынғаны анықталған құрылыстың, ең көнесі Ғар бөлмесі (ХІІ ғ. ) . Ғар баспалдақ арқылы Мешіт бөлмесіне шығады. Мешіт бөлмесі (өлшемдері - 5х5 м) шаршы бөлме, қабырғалары кірпіш. Жабындысы «уассы» түрінде белағаштар арқылы жабылған. Батыс қабырғасында михрабы бар. Еденіне шаршы кірпіштер төселген. Мешіт бөлмесіне шығыстан батысқа бағытталып, созылыңқы, төртбұрышты қылып салынған үлкен Жамағатхана бөлмесі арқылы кіреді. Кірпіштен салынған Жамағатхананың төбесі ағаш белағаштардан құрастырылып жабылған, бірнеше қатар ағаш діңгек ұстындармен тірелген, желдеткіш тесіктері, бөлменің орта тұсында ағаш күмбезі бар. Ғимараттың ұстындары аса құнды сәндік және символдық мән-мағынаға толы өрнектермен безендірілген еді. Бірақ, олар бүгінде Ташкент қаласының өнер мұражайында көрмеге қойылған, қалпына келтірілген ғимаратта сақталмаған. Қабырғаларды бойлай кірпіш суфалар және шырағдандарға арналған ойықтар бар. Қылует мешітінің негізгі құрылымы жер астындағы «Ғар» және оның үстіне салынған «Мешіт» немесе «Шілдехана» бөлмелерінен тұратындығын, «Шілдеханасы» жартылай жер астына орналасатындығын «Әулие Құмшық Ата», «Кіші Қылует» мешіттерінің құрылысынан да байқаймыз. Шілдеханалар» мен мешіттер салуда «қасиетті» саналатын жерлер таңдап алынған. Ел аузындағы аңызда - Қожа Ахмет Ясауидің өзі де жер асты жолы арқылы «Әулие Құмшық Ата» мешітіне барып мінәжат етіп отырған. Әзірет Сұлтан дүниеден өткен соң шәкірттері Ғардың жанына дөңгелек бөлме «Шілдехана» салған сияқты, кейіннен ол тарлық ете бастаған кезде бұзылып, қазіргі көріністегі «Қылует» салынған. Бұған дәлел - «Шілдехананың» жанына салынған «Мешіт» бөлмесінің «Ғармен» қабырғаларының сәйкес келмеуі. Жаңа құрылыс салу кезінде «Мешіттің» оңтүстік-шығыс қабырғасы «Ғардың» үстінен түсіп кеткен және «Ғарға» түсетін ойық мешіттің сыртында - бұзылып кеткен «Шілдехананың» ішінде қалып қойған. «Шілдехананың» орнына үлкен «Жамағатхана» салынған. «Шілдехана» парсының «чеһл» - қырық деген сөзінен шыққан, мұнда Ясауидің жолын ұстаушылар қысқы «қырық күн шілдеде» жиылып зікір салып, діни жоралғылар өткізетін болған. Орын Қойлақының «Насаб-намасында» мұндай мешіттер Отырарда және Сырдың батыс бетіндегі Зернұқ (Уәсидыс) қаласында да болғандығы айтылған. Ахмет Ясауи кесенесінің солтүстік-батыс бетіндегі 22 м қашықтықтағы «Шілдехана» құрылысы да ХІІ-ХІІІ ғасырларда салынған жартылай жерасты ғимараты, кейіннен қалпына келтірілген. «Құмшық ата» қылуеті (ХІІ ғ. ) Қожа Ахмет кесенесінен оңтүстікке қарай 1 шақырымдай қашықтықта орналасқан жерасты құрылысы. «Құмшық ата» қылуеті екі бөлмеден тұратын күйдірілген кірпіштен салынған құрылыс. Түпкі бөлмесі қабырғалары - 2 м, биіктігі - 1, 6 м, күмбезді әдіспен жабылған шаршы бөлме. Онымен жалғасқан диаметрі - 2, 5 м, биіктігі - 2 м, күмбезді бөлмеге 10 метрден артық ұзын дәліз арқылы кіреді. Бөлмелердің қабырғаларында шырағдандарға арналған ойықтар, иретілген ұзын дәліздің орта тұсында жарық түсетін ойық бар. «Ғар» сияқты жеке адамның өмір сүруіне арналған бөлмелер Самарқандағы шах-и Зинда құрылысында, Ташкенттегі Зайнутдин-баба мавзолейінде және Құсам ибн-Аббас дүбелерінде кездеседі. Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген «Ғар» бөлмесінің қабырғаларының ұзындығы 135 х 135 см., биіктігі 175 см., «балх» әдісімен қаланған төрт қырлы күмбезбен жабылған. Құрылыс 25 х 25 см. кірпіштерден бір жарым қатар қалыңдықпен қаланған, қабырғаларында шырағдан қоюға арналған “Әулие Құмшық Ата” жер асты мешіті құрылысының сызбасы (XII ғасыр) шұңғыл ойықтар бар. Археологиялық қазба негізінде «Ғар» бөлмесінің Ахмет Ясауи өмір сүрген ХІІ ғасырда салынғандығы анықталып, қазба материалдарымен дәлелденді. Жер бетінен 4 - 4, 5 метр тереңдіктегі қабірді еске түсіретін, тар, сыз бөлмеде өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың Алланы зікір еткен кезде тізелері кеудесіне үйкеле-үйкеле киімі тесіліп қалған екен деген, жәй көзге сондай тар болып көрінген мен Құдайдың Рахым шапағатының көрінісі ретінде қылуеттің шексіз кең екендігі және басқа да кереметтері туралы аңыздар бар. 1929 жылы ғалым В. А. Гордлевскийдің жариялаған дерегіне сүйенсек, Ахмет Ясауи пайғамбар жасына жеткен соң «жер бетінде қанша өмір сүрсем, жер астында да сонша жасаймын» деп «Ғарға» түскен. Ғалымның жазуынша ХХ ғасырдың бірінші ширегінің өзінде жыл сайын «Халуатқа» қысқы күн мен түн теңелер мезгілде жиналып зікір салатындардың саны жиырма мыңға жетіп отырған. Ислам дінінің ойшыл кемеңгерлері, шайырлары жазып кеткен кітаптарда, тарихи шығармаларда Қылуетке түсіп, қырық күндік ілім игеру сатыларынан өткен жандар туралы айтылады. Мәселен, «Рияз ус-Саяха», Абдуррахман Жәмийдің «Нафақат ул-Унс», Әлішер Науайдың «Мажалис ун-Нафанс» кітаптарында осыған қатысты оқиғалар тереңірек баян етілген. Хз. Аббастың баласынан («Әзһар ал-хаққ» кітабының 31-бетінен алынған) рауаят болған тағы бір хадисінде Хазіреті Пайғамбар (с. ғ. с. ) : Қазақ тіліндегі мағынасы: «Бір адам Ұлық Аллаға шын ықылас қылып, қырық күн ғибадат қылса жүрегінің көзі ашылып, даналық жүрегінен тіліне бұлақша ағады» дейді. Бұл Пайғамбар (с. ғ. с. ) хадисі Мұса Кәлимоллаға қатысты Құран Кәрімнің аяттына негізделе тұрып, тақуалықтың мәнін ашады. Халқымыздың қырық санының мезгілдік, мекендік, сандық, қасиет-киесіне ден қоюының өзі Құран аңыздарындағы ақиқатқа негізделгенін көреміз. Ахмет Ясауидің хикметтерінде 63 жасында жер астына Қылуетке түсіп, тағы да сонша өмірін бұл дүниенің ләззәттарынан бас тартып, нәпсімен толассыз күрес жүргізе отырып, Қылуетте өткізумен байланысты Қылует тағы бір жаңа мән-мағынаға ие болады. “Өлмес бұрын жан бермектің дертін тарттым” деген Ғұламаның “Өлім алдындағы өлуі”, яки өлімді, нәпсі-һәуаны жеңуі жайлы хикметтерінде Пайғамбар (с. ғ. с. ) хадистерінің мән-мағынасын былайша ашып баяндайды: 81-хикметте «Муту қабла ан тамута» аяты бар. Ғашық жандар өлмес бұрын өлер-дүр. Махаббаттан хабар білген ғашық жандар Алла десе тоғыз аспан күйер-дүр. Көк үйінде күркіресе шындық үні. Періштелер әзіз жаннан түңілер-дүр». “Жер астына Мұстафаға аза тұтып кірген” Әулиелердің Сұлтаны Пайғамбарға (с. ғ. с. ) құрмет пен Оның сүннетіне адалдықтың үлгісін көрсетеді. «Алпыс үште нида (хабар) келді «Құлым, жерге кір, - деген, - Жаныңменен жананыңмен шыбын жанды бер, - деген. “Һу” (зікірін) семсерін қолға алып нәпсіні қыр, - деген. Бір және Барым дидарыңды көрермін бе?!» дейтін хикмет жолдары Хақ дидарына ғашық болған сопының бұл әрекетке ерекше хабар ілһам алған себепті барғанын ескертеді. Ол түп мақсаты дидар талапқа осылай жеттім дейді. “Алпыс екі жаста мені Алла жерге тартты, Бастан-аяқ надандықтан азат етті” деуі арқылы Қылуетке хақиқат ілімді иеленген, рухани-интеллектуалдық кемелдікке жеткен, жоғары рухани мақамға ие болған шағында барғанын мәлімдейді. «Мират ул-қулб» кітабында «Муту қабла ан тамута» жайлы хадиске - «физикалық өлімнен бұрын нәпсіні арылту, жеңу деген мағынаны береді. Көңілде, Алладан басқа барлық қалау талаптарды жою, өлтіру деген сөз. Осылайша өз еркімен бойындағы құмарлықты өлтіргендер руханият әлемінде жаңа бір өмірге қадам басады” деп түсінік береді. Жалпы өлім тақырыбының Әзірет Сұлтан хикметтерінде жырлануы мен оның Қылуетке түсуі жайлы толғаныстарының өзара ортақ және жеке сөз қыларлық тұстары бар. “Диуани Хикметте” “Алпыс үште жер астына кірдім мен”, “Естіп оқып жер астына кірдім мен” деген қайталанып, әр шумақтың соңында келіп отыратын жолдармен түйінделген хикметтерде жер астына кіру мақсатын, себебін, халін, күйін, алған тәлім ғибратын баяндайды. Алпыс үш жастың рәміздік мағынасы да үлкен. Пайғамбардың бұл дүниеден бақиға өткен жасын нақты нысан қылып белгілеген Әзірет Сұлтан «Сүндеттерін бекем ұстап, үмбет болдым, Жер астына жалғыз кіріп, нұрға толдым» дейді. «Өлімді өліммен жеңуімен” байланысты пайғамбар ұлағатын дәл осы 63 жасында рухани деңгейде жүзеге асыру арқылы Пайғамбар өсиетіне адалдығын дәләлдейді. Демек, Қожа Ахмет Ясауидің 63 жасында Қылуетке түсуі “Өлім алдындағы өлу” деп аталғанымен астарлы мағынасы нәпсіні жүгендеп, рухани жеңіске, мәңгі тірілікке жетуге меңзейді. Осы жер астында өмір сүрген уақытында Алла Тағаланың шексіз Рахым-шапағатын және Құдайдың сүйген құлдарына қайғы-мұң жоқ екендігін дәлелдейтін көптеген кереметтер көрсетеді. «Диуани Хикмет» сияқты даналық дастанын болашақ ұрпаққа мұралап, хикмет дәстүрін қалыптастырады. «Ақылға ерсең көрстаннан
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz