Оқулық - Қылмысты квалификациялаудың ғылыми негіздері



КІРІСПЕ
І тарау
ҚЫЛМЫСТЫ КВАЛИФИКАЦИЯЛАУДЫҢ ҰҒЫМЫ, МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ ОРНЫ
§1. Қылмысты квалификациялаудың ұғымы
§2. Қылмысты квалификациялаудың маңызы
§ 3. Қылмысты квалификациялаудың қылмыстық құқықтағы орны
§ 4. Қылмысты квалификациялау сатылары
Сіздер бұл кітапты оқи отырып, жекелеген қылмыс түрлері орын алғанда оны жасаған адамдарға жауаптылық қолдану үшін қылмыстық заң нормаларын қолданудың тәртібі мен ережелерін үйренесіздер. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда зиянды, қоғамға қауіптілік дәрежесі бойынша қылмыс деп танылатын құбылысқа құқықтық бағалау беруді қылмыс-тық құқық қарастырады және қылмысты іс-әрекеттерге құқықтық бағалау жүргізудің негізі немесе заңды моделі ретінде қылмыстық заң алынады. Сондықтан қылмыстық құқық жекелеген қылмыстардың түрлерін, олардың түсінігі мен белгілерін анықтаумен айналысады. Осы белгілерге қарай қылмыстар бір-бірінен ажыратылып, жеке сапа ретінде қылмыстық құқықтық мағынаға ие болады. Сонымен қатар қылмыстылық деген құбылыспен қатар қылмыстық заң деген ұғымда өмір сүре оты¬рып, ол негізгі мақсаты ретінде қоғамға қауіптілігі бойынша жеке қылмыстың түрі деп тануға болатын іс-әрекеттерді анықтаумен және оларға жауаптылық көрсетумен айналысады. Қылмысқа квалификация жасау барысында осы екі ұғымның, яғни қылмыспен қылмыстық заң нормаларының арасындағы ұқсастық, бір-біріне сәйкестік анықталады және осындай бағыттағы құқық қорғау органдарының қызметі заң нормаларын өмірге енгізудің көрінісін білдіреді. Сондықтан қылмысқа квали¬фикация жасау қызметі қылмыстық заңның басты мақсаттарының, оның арналуының бірі ретінде бағаланатын, қылмысты әрекеттерді заңда қылмысты деп танып, оларды жасауға құқықтық шектеу қойылуына қарамай жекелеген адамдардың қолданымен жасалғанда оны жасаған адамға жауапкершілік қолдану болып табылады.
Қылмыстық құқық өзінің негізгі міндеттері ретінде қылмыс ретінде заң нормаларында белгіленген әрекеттердің обьективтік және субьективтік белгілерін анықтаумен және ол қылмыстарға жазаның түрі мен көлемін белгілеумен айналысады. Сонымен қатар қылмыстың қоғамға қауіптілігін ауырлататын немесе жеңілдететін құрамдарын келтіре оты¬рып, оларға құқықтық талдау береді және белгілі бір қылмыс құрамының өзіне ұқсас қылмыстармен ара қатынасын қарастырады. Осы айтылғандарды меңгере отырып нақты қылмыс түрлерінің түсінігін және оның белгілерін толық түсінуге болады. Бірақ қылмыстық заң нормаларын сот-тергеу қызметінде дұрыс қолдана білу үшін мұнымен қатар заң нормаларын қолдану барысында кездесетін өзге де ережелерді меңгеру қажет. Мысалы Жалпы бөлім нормаларына сілетеме жасау, нормалар бәсекелестігі, қауіптілігі жеңілірек белгілерді қауіптілігі одан ауыры-рақ белгілердің қамтуы сияқты т.б. Бұл ережелер қылмыстық құқықта келтірілгенмен, оларға арнайы тоқталып, жеке тақырып ретінде қарастырылмайды.
Қылмысқа квалификация жасауды құқық қорғау органдарының қызметінде аса жауаптылықпен қарайтын жұмыс ретінде бағалау керек. Өйткені қылмыс жасады деп айыпталған адамдарға қылмыстық заңның баптарын дұрыс қолданбағанда, адамның іс-әрекеттері басқа қылмыс ретінде бағаланып, жауаптылық дұрыс белгіленбейді және мұның салдары жаза тағайындау кезінде байқалып қылмыскер өзі жасағаннан жеңіл немесе ауыр қылмыс үшін жауаптылыққа тартылған болып шығады. Сонымен қатар қылмыстың қауіптілік дәрежелері мен сипаты әр түрлі болуына байланысты олардың құқықтық салдары да әр түрлі болып, жазадан шартты түрде ерте босау, соттылық мерзімдерінің аяқталуына да әсер етеді.

Пән: Құқық, Криминалистика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 38 бет
Таңдаулыға:   
Әпенов С. М.

ҚЫЛМЫСТЫ КВАЛИФИКАЦИЯЛАУДЫҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕРІ

Оқулық

Алматы 2006



ББК 67.0 Ә 67

Қазақ гуманитарлық Заң Университетінің Алматы заң Академиясының Ғылыми кеңесі баспаға ұсынған

ПІКІР ЖАЗҒАНДАР:

заң ғылымдарының докторы, профессор - Нұртаев Р.Т. заң ғылымдарының докторы, профессор - Молдабаев С.С.

Ә 67 Әпенов С.М.

Қылмысты квалификациялаудың ғылыми негіздері.

Оқулық. Алматы: - Щф-пресс, 2006.-332 бет.

ISBN 9965-620-99-7

Оқулықта қылмысты квалификациялаудың негізгі ережелері қарастырылған және ол туралы қылмыстық құқық теориясында орын алған бағыттар келтірілген. Қажетті тақырыптар қамтылып, осы тақырыптар бойынша қылмысты квалификациялаудың жалпы теориясы ұсынылған.

Оқулық жоғарғы заң оқу орындарының студенттеріне, қылмыстық істер бойынша жұмыс істейтін сот, прокуратура және тергеу органдарының қызметкерлеріне арналған.

ББК 67.0

1202000000 00(05)-06



ISBN 9965-620-99-7

© Әпенов С.М., 2006. © Нұр-пресс, 2006.

КІРІСПЕ

Сіздер бұл кітапты оқи отырып, жекелеген қылмыс түрлері орын алғанда оны жасаған адамдарға жауаптылық қолдану үшін қылмыстық заң нормаларын қолданудың тәртібі мен ережелерін үйренесіздер. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда зиянды, қоғамға қауіптілік дәрежесі бойынша қылмыс деп танылатын құбылысқа құқықтық бағалау беруді қылмыс-тық құқық қарастырады және қылмысты іс-әрекеттерге құқықтық бағалау жүргізудің негізі немесе заңды моделі ретінде қылмыстық заң алынады. Сондықтан қылмыстық құқық жекелеген қылмыстардың түрлерін, олардың түсінігі мен белгілерін анықтаумен айналысады. Осы белгілерге қарай қылмыстар бір-бірінен ажыратылып, жеке сапа ретінде қылмыстық құқықтық мағынаға ие болады. Сонымен қатар қылмыстылық деген құбылыспен қатар қылмыстық заң деген ұғымда өмір сүре отырып, ол негізгі мақсаты ретінде қоғамға қауіптілігі бойынша жеке қылмыстың түрі деп тануға болатын іс-әрекеттерді анықтаумен және оларға жауаптылық көрсетумен айналысады. Қылмысқа квалификация жасау барысында осы екі ұғымның, яғни қылмыспен қылмыстық заң нормаларының арасындағы ұқсастық, бір-біріне сәйкестік анықталады және осындай бағыттағы құқық қорғау органдарының қызметі заң нормаларын өмірге енгізудің көрінісін білдіреді. Сондықтан қылмысқа квалификация жасау қызметі қылмыстық заңның басты мақсаттарының, оның арналуының бірі ретінде бағаланатын, қылмысты әрекеттерді заңда қылмысты деп танып, оларды жасауға құқықтық шектеу қойылуына қарамай жекелеген адамдардың қолданымен жасалғанда оны жасаған адамға жауапкершілік қолдану болып табылады.

Қылмыстық құқық өзінің негізгі міндеттері ретінде қылмыс ретінде заң нормаларында белгіленген әрекеттердің обьективтік және субьективтік белгілерін анықтаумен және ол қылмыстарға жазаның түрі мен көлемін белгілеумен айналысады. Сонымен қатар қылмыстың қоғамға қауіптілігін ауырлататын немесе жеңілдететін құрамдарын келтіре отырып, оларға құқықтық талдау береді және белгілі бір қылмыс құрамының өзіне ұқсас қылмыстармен ара қатынасын қарастырады. Осы айтылғандарды меңгере отырып нақты қылмыс түрлерінің түсінігін және оның белгілерін толық түсінуге болады. Бірақ қылмыстық заң нормаларын сот-тергеу қызметінде дұрыс қолдана білу үшін мұнымен қатар заң нормаларын қолдану барысында кездесетін өзге де ережелерді меңгеру қажет. Мысалы Жалпы бөлім нормаларына сілетеме жасау, нормалар бәсекелестігі, қауіптілігі жеңілірек белгілерді қауіптілігі одан ауыры-рақ белгілердің қамтуы сияқты т.б. Бұл ережелер қылмыстық құқықта келтірілгенмен, оларға арнайы тоқталып, жеке тақырып ретінде қарастырылмайды.

Қылмысқа квалификация жасауды құқық қорғау органдарының қызметінде аса жауаптылықпен қарайтын жұмыс ретінде бағалау керек. Өйткені қылмыс жасады деп айыпталған адамдарға қылмыстық заңның баптарын дұрыс қолданбағанда, адамның іс-әрекеттері басқа қылмыс ретінде бағаланып, жауаптылық дұрыс белгіленбейді және мұның салдары жаза тағайындау кезінде байқалып қылмыскер өзі жасағаннан жеңіл немесе ауыр қылмыс үшін жауаптылыққа тартылған болып шығады. Сонымен қатар қылмыстың қауіптілік дәрежелері мен сипаты әр түрлі болуына байланысты олардың құқықтық салдары да әр түрлі болып, жазадан шартты түрде ерте босау, соттылық мерзімдерінің аяқталуына да әсер етеді.

Қылмысты квалификациялау курсы жазаның қылмыстық құқықтық мәселелерін қарастырмайды, себебі жасалған қылмысқа заң баптары дұрыс қолдану-алғашқы кезектегі міндет деп танылады, ал жасалған қылмыстарға заң баптары дұрыс қолданылғанда осы баптың санкциясы көлемінде жаза қолданылады, демек қылмыс дұрыс квалификацияланғанда жаза белгілеуді осы баптың көлемінде тағайындау аса қиындық тудырмайды.

Қазақстан Республикасы өзін құқықтық мемлекет ретінде қалыптастыруды мақсат тұтады. Құқықтық мемлекет қашанда қоғамдағы елеулі деп танылатын қоғамдық қатынастарды заң жүзінде реттеумен айналысып ғана қоймай, ол сонымен бірге құқықтық қатынас субьектілерінің міндеттері мен құқықтарын белгілеп, заң нормаларын дұрыс, әрі тиімді қолдану жолдарын арттыруы қажет және олардың бұзылмай сақталуын қамтамасыз етуі керек. Құқықтық мемлекеттің мұндай қағидалары әсіресе қылмыс жасады деген себеппен жауаптылыққа тартылған адамдарға қатысты ерекше мағынаға ие болады. Өйткені Қазақстан Республикасы да әлемдік өркениеттердің қатарына қосылу және адамгершілік қағидаға басымдық беру үшін азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және оны қамтамасыз етуді мақсат етеді. Мұндай қағиданың сақталмауы ауыр салдарға соқтыратын және адамның тағдырына әсер ете алатын болмыс, қылмыстық заң номаларын дұрыс қолданбау болып табылады. Міне осы саладағы мемлекеттік қызметті сауатты және дұрыс жүргізуге әсер ету үшін қылмысты квалификациялаудың ережелері мен талаптары қарастырылған осы оқулық дайындалды.

І тарау

ҚЫЛМЫСТЫ КВАЛИФИКАЦИЯЛАУДЫҢ ҰҒЫМЫ, МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ ОРНЫ

§1. Қылмысты квалификациялаудың ұғымы

Қылмыстық құқықтың негізгі міндеттерінің бірі қылмыс болып табылатын қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді анықтау, оларға жазаның түрі мен көлемін белгілеу болып табылады. Бірақ қылмыстық құқық осы міндеттерді іске асырып ғана қоймай, қылмыстардың қоғамға қауіптілік дәрежесін, кінәні ауырлататын немесе жеңілдететін жағдайларды, жаза тағайындау және жазадан босату кезінде ескерілуге тиісті қажеттілік-терді т.б. анықтаумен айналысады. Сонымен бірге қылмыстық құқық ғылымының көлемінде әр түрлі іс-әрекеттерге әлеуметтік-құқықтық бағалау жасалып, олардың қоғамға қауіптілігі байқалғанда қылмыс қата-рына жатқызылып, ал қауіптілік дәрежесі елеусіз деп бағаланғанда қылмыс қатарынан шығарылу мәселесі де қарастырылады. Қылмыстық құқық мамандардың жеткілікті білім деңгейінде даярлануы, практика қызметкерлерінің дұрыс, әрі сапалы жұмыс істеуі үшін, өз міндетінің шеңберінде қылмыстық заңдағы өзара ұқсас қылмыстардың бір-бірінен айырмашылығын және заң нормаларын практикада қолдану тәртібін ұсынады. Қылмыстық заң нормаларын практикада, яғни сот-тергеу қызметінде қолдану тәртібі туралы сөз қозғалғанда және оны іске асырғанда қылмысты квалификациялау туралы мәселе орын алады.

Қылмыстық заң нормаларын іс жүзінде қолдану немесе қылмысты іс-әрекеттерді бағалау, ол қылмыстық заңның міндеттерінен туындайды деп түсіну керек. ҚР ҚК 2 бабының мағынасы екі қызметті іске асыруға бағытталған. Біріншісі, қауіптілігі жоғары деп танылған іс-әрекеттерді заңда қылмысты деп жариялау арқылы азаматтардың мұндай әрекеттерді алдағы уақытта жасауына немесе заң нормаларында міндеттер білгіленгенде әрекетсіздік танытуына шектеу қою, тиым салу болып табылады. Екіншісі, қылмыстық заңның тиым салуына қарамай, қылмысты іс-әрекеттерді жасаған жағдайда оларға жауаптылықты белгілеу үшін заң нормаларын қолдану болып табылады. Қылмыстық заң осы екі міндетті іске асыру үшін өмір сүреді. Қылмысты квалификациялау мәселесі осы екінші міндетті дұрыс, әрі қылмыстық құқықта белгіленген ережелерге сәйкес іске асыруға арналған. Сондықтан қылмысты квалификациялау қылмыстық құқық ғылымының маңызды және жиі қолданылатын ұғымның бірі болып табылады. Квалификациялау ұғымы латын тілінің qualis деген сөзінен шығады және мағынасы сапа деген сөзді білдіреді.

Квалификация кезінде болған уақиғаға құқықтық баға беріледі, ал қылмысты квалификациялау кезінде заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастарға, заңды мүдделерге, құқықтарға және қоғамның құндылықтарына қауіп төндірген, саналы түрде жасалған іс-әрекетке құқықтық бағалау жасалады. Қылмыстық құқықтық бағалау кезінде болған қылмыстық уақиғаны басқа құқық бұзушылықтардан ажыратып, онда қылмыстық құрамы бар немесе жоқтығын анықтап, бар болған жағдайда оны ҚК Ерекше бөлімінің белгілі бір бабына сәйкестігін табу керек. Қылмысты квалификациялауда жасалған қылмысты іс-әрекетке құқық шеңберінде бағалау жасалып, ол бағалау қылмыстық құқықтың бүкіл көлемін қамтиды деуге болады, себебі іс-әрекетке бағалау берілгенде осы заң қорғайтын обьектілерге зиян келтіргендігі, яғни қоғамға қауіптілігі, кінәлілігі тәрізді елеулі белгілері алдымен анықталып, мұнан кейін ғана қылмысты іс-әрекетті белгілі-бір қылмыстық-құқықтық норма көлемінде талдау жүргізіледі.

Қылмысты квалифициялау кезінде екі маңызды категорияның арақатынасы, яғни ұғыстық дәрежесі өлшенеді. Біріншісі, қоғамның мүдде-сіне қайшы жасалған әрекет назарға ілігіп, оған қарсы шара қолдану қажеттілігі туындайды. Мұндай әрекеттер қоғамға қарсы сипатымен, әдетте сол ортадағы әлеуметтің назарлығын тудырып, жалпы адамгершілік тұрғысынан бағалауға алынады. Адамгершілік бағалау мұндай әрекеттерге тиым салу бағытын ұстанғанда ғана, оны қылмыстық заңда қылмыс ретінде бағалау қажеттілігі пайда болады. Демек әлеуметтік-қоғамдық ортада адамгершілікке жатпайтындығына байланысты құқық тұрғысынан қылмыс деп бағаланған құбылыстар өмір сүреді.

Екінші категория, ол заң шығарушының ой жұмысының жемісі емес, әлеуметтік-қоғамдық ортада, сол қоғамда кездесе алатын зиянды іс-әрекеттерді анықтаудың нәтижесінде дүниеге келген қылмыстық заң. Заң шығарушының зиянды іс-әрекеттерді қылмысты деп белгілеуінде де адамгершілік бағалау жатыр. Ол бағалау әлеуметтік ортаның бағалауына, яғни сол қоғамдағы адамзаттың ортақ бағалауына негізделген болуы немесе сәйкес болуы қажет. Міне осындай себептен қылмыстық құқық өмір сүріп, өзінің өмір сүру себептеріне байланысты басты міндетін, яғни қылмыстық құрамдарды анықтаумен және оларға жазаның түрі мен көлемін белгілеумен айналысады.

Қылмысты квалификациялау кезінде жасалған қауіпті іс-әрекеттердің белгілері мен қылмыстық құқық нормаларымен қарастырылған қылмыс құрамдарының арасындағы сәйкестік анықталады. Жасалған қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мен заңда белгіленген қылмыс құрамының элементтері мен белгілері дәл келгенде, яғни қылмыс құрамының объектісін, объективтік жағын, субъективтік жағын және субъектісін сипаттайтын белгілері дәл келгенде сәйкес деп танылады.

Сонымен, қылмысты квалификациялау дегеніміз, жасалған қылмысты іс-әрекеттердің белгілері мен қылмыстық құқық нормаларымен қарастырылған қылмыс құрамдары белгілерінің бір-біріне сәйкестігін анықтау болып табылады.

Қылмысты квалификациялаудың түсінігі туралы оқулық әдебиеттерде бір-біріне ұқсас, бірақ өзара айырмашылығын да байқауға болатын бірнеше анықтамалар кездеседі. Мысалы, Б.А.Куринов Қылмысты квалификациялау - бұл жасалған қылмыстың белгілері мен қылмыстық заң нормаларының арасындағы ұқсастықты табу болып табылады, - дейді. Ал В.Н.Кудрявцев Қылмысты квалификациялау ретінде, қылмыстық құқық нормасымен қарастырылған қылмыс құрамының белгілерімен жасалған іс-әрекет белгілерінің арасындағы дәл сәйкестікті табу және ресми құжаттарда бекіту алынады дейді. Осы анықтамаға ұқсас түрде қылмысты квалификациялауды Л.Д. Гаухман былай анықтайды. "Қылмысты квалификациялауды жасалған іс-әрекеттің нақты белгілері мен қылмыстық заңмен қарастырылған қылмыс құрамы белгілерінің, сонымен қатар басқа да заңдармен және РФ ҚК Ерекше бөлімі бабтарының бланкеттік диспозициялары сілтеме жасайтын өзге де нормативтік құқықтық актілердің арасындағы дәл сәйкестікті табу және заң құжаттарында бекіту ретінде түсіну керек", - дейді.

1. Б.А.Куринов. Научные Основы квалификации преступлений. - М. 1984. С.12.

2. В.Н.Кудрявцев. Общая теория квалификации преступлений. - М. 2001 с 5.

3. Л. Д.Гаухман. Квалификация преступлений М., с 21

4. В.А. Сергиевский, С.М. Рахметов. Квалификация апреступлений. -Алматы,

1999. С.10.

Бұл анықтамаларға ұқсас анықтаманы В.А. Сергиевский және С.М.Рахметов Квалификация-бұл жасалған іс-әрекеттің нақты белгілерімен Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінде қарастырылған қылмыс құрамдарының белгілерімен дәл және толық сәйкестігін анықтау және ресми түрде бекіту дейді.

Бұл анықталмалардың өз-ара айырмашылықтарына көңіл аударсақ, алғашқы келтіріп отырған Б.А.Куриновтың анықтамасындағы "жасалған қылмыстың белгілері мен қылмыстық заң нормаларының арасындағы ұқсастықты табу" деген сөзде ұқсастық ретінде бұл жерде "аналогияны" қолдану туралы сөз болып отырған жоқ. "Ұқсастықты табу" ретінде Б.А.Куринов жасалған іс-әрекетке заңдағы қылмыстық құрам элементтерінің толық сәйкес келуін ұсынады. Оның "Ұқсастықты табу" деген ұғымды қолдану себебі, заңдағы бір қылмыстық құрамға жататын қылмысты іс-әрекеттер өмірде әр түрлі жағдайда, орында, уақытта жасалып, әр қылмыстық өзіндік ерекшеліктері болатынын ескерген. Бірақ бұл ерекшеліктер қылмыстық заңның бір бабы бойынша квалификациялау жүргізуге кедергі жасай алмайды. Мысалы жасалған бірнеше ұрлық қылмысының әрқайсысының басқа ұрлыққа сәйкес келмейтін ерекшеліктері болуы мүмкін. Бірақ заң нормасы мұндай елеусіз ерекшеліктерді өзіне қамтый алады және барлық меншікке тікелей бағытталған ұрлық әрекеттері Қылмыстық кодекстің 175 бабы бойынша квалификацияланады. "Ұқсастықты табу" және "дәл сәйкестігін табу" ұғымдарының бұл жерде айырмашылығы жоқ, бұл ұғымдарды синоним ретінде қабылдау керек.

В.Н.Кудрявцевтің, Л.Д.Гаухманның анықтамаларындағы "дәл сәйкестікті табу және оны заң құжаттарында бекіту" деген ұғымдардың қолданылу себебі, ол бұл авторлардың қылмысты квалификациялауды екі мағынада қолдануына байланысты. Олар қылмысты квалификациялауды процесс және нәтиже мағыналарында анықтап, процесс ретінде адамның әрекеттерінен белгілі бір қылмыстың белгілерін табуды және Қ.К Ерекше бөлімінің нормаларын қолдануды, сонымен қатар қылмысты квалификациялау субъектілерінің ой жұмысы түрінде анықтайды. Ал нәтиже ретінде қылмыстық істі практикада жүргізетін қызметкерлердің, яғни тергеуші, сот, прокуратураға органдарының ресми құжаттарда (тергеу қаулыларында, айыптау қорытындыларында, сот үкімдерінде) заңға негізделген өз квалификациясын көрсетуін келтіреді.

Заң қызметі туралы құжаттарда қылмысты квалификациялауды ресми түрде көрсету - бұл қылмысты квалификациялау жұмысының барлық қолданылатын жерін білдіре бермейді. Қылмысты әрекеттерге құқықтық баға беру немесе квалификация жүргізу тергеу, сот қызметтерін іске асыруда ғана емес, басқа салаларда да, мысалы қылмыс туралы және қылмысты әрекеттер бойынша заң бабатарын қолдану туралы ой, ұсыныс келтіретін заң ғылымы саласында да кездеседі. Сонымен қатар қылмысты квалификациялауды ресми құжаттарда бекіту кезеңіне дейін, оны іс жүзінде қолданатын субъектілер алдын-ала ол туралы білім алуы керек. Демек, қылмысты квалификациялау мәселесі тек ресми сипатқа ғана емес, сонымен бірге ғылыми сипатқа да ие.

С.М.Рахметовпен В.А.Сергиевскийдің қылмысты квалификациялауды жасалған қылмысты әрекетпен Ерекше бөлім баптарының арасындағы сәйкестікті анықтау ретінде қарастыруы, ол бұл бағыттың жоғарыда аталған ғалымдардың түсінігіне мағынасы жағынан ұқсас болып табылатынын көрсетеді. Себебі жасалған қылмысқа қылмыстық заңды қолдана отырып баға беруде іс-әрекеттің қылмысты немесе қылмысты емес екендігі, қылмыс болса қандай қылмыстық құрамға жататындығы анықталады немесе құқықтық баға беру осы бағытта жүргізіледі. Қылмысты квалификациялаудың жоғарыда келтірілген анықтамалары да осындай мағынада келтірілген. Бұл жерде мынадай сұрақ туындайды. Қылмысты квалификациялау және жасалған қылмысқа құқықтық баға беру ұғымдары бір ұғым ба, әлде олардың айырмашылығы бар ма?

Құқықтық бағалау мағынасы кең, әр салада қолданылатын жалпы ұғым болып табылады. Себебі құқықтық бағалау-құқық салаларында кездесетін құқықтық құбылыстық бір түріне жатады. Демек, әр құқық саласының өз ерекшелігіне қарай заң нормаларын қолдана отырып, болып өткен белгілі бір уақиғаға баға беруі және оның нәтижесі әр құқықтың өзіндік сипатына, қарастыратын қоғамдық қатынасының саласына байланысты болып табылады. Өзге құқық салалары бойынша бағалау адамның, ұйым, мекеме, кәсіпорынның, сонымен қатар мемлекеттің жасаған әрекеттеріне беріледі. Ал қылмысты іс-әрекетке құқықтық баға беру, ол қылмыстық құқықтың өз ішінде жүргізіледі деп түсіну керек. Іс-әрекеттерге құқықтық баға бергенде сол құқықтың өз ерекшелігіне байланысты қалыптасқан, үлгі ретінде қолданылатын арнайы тәсілдері қолданылады. Қылмысты іс-әрекеттерге де құқықтық бағалау жүргізілгенде қылмыстық құқық саласында қолданылатын тәсілдер қолданылып, ол тәсілдер жасалған қоғамға қауіпті іс-әрекетті басқа құқық бұзушылықтардан айыру, заңмен қорғалатын объектілердің қай саласына бағытталғанын анықтау, нақты қылмыс құрамының элементтерін табу, жауапкершілікті белгілеуде ескерілетін жағдайларға көңіл аудару түрінде белгіленген. Бұл тәсілдер қылмысты квалификациялауда да қолданылады. Демек қылмысты квалификациялау және қылмысты әрекетке құқықтық баға беру ұғымдарының айырмашылығы, ол ұғымдардың қолданылу көлемінде болып жатады. Іс-әрекетті құқықтық бағалау кең, ал квалификациялау тар немесе нақты ұғым ретінде қолданылады.

Қылмысты әрекеттерге құқықтық бағалау жүргізгенде қылмысты квалификациялаудың бүкіл кезеңі қамтылады және қолданылуға жататын заң бабын табу міндетінен асып, жауаптылықты белгілеуге қатысты жақтарына да назар аударылады. Ал қылмысты квалификациялау ұғымын қолданғанда біз алға бір ғана мақсат қойып, ол қылмысты іс-әрекетті қамтитын немесе толық сәйкестігін білдіретін заң нормасын табуды көздейміз. Яғни жасалған қылмысты іс-әрекетпен, заң нормасы белгілерінің арасындағы сәйкестікті анықтауды міндет тұтамыз.

Жалпы, қылмысқа құқықтық баға беру-қылмысты квалификациялау ұғымдарының арасында елеулі айырмашылық жоқ. Тек қылмысты квалификациялау құқықтық бағалау арқылы іске асырылады деп түсінуіміз керек.

Жасалған іс-әрекеттерге қылмыстық заң нормаларын қолданып баға беруге тек қылмысты квалификациялау ғана жүргізілмейді, сонымен бірге қылмыстық-құқықтық квалификация да жүргізіледі. Қылмыстық-құқықтық квалификациялау ұғымына тек қылмысты деп танылған іс-әрекеттерге қылмыстық заң нормаларын қолданып баға беру ғана емес, қылмыс құрамы жоқ деп танылатын жағдайларға баға беруде жатады. Бұл да қылмыстық құқықтық нормалардың қолдану аясын көрсетеді. Практикада заңмен қорғалатын мүдделерге зиян келу уақиғасының орын алуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, бірақ тергеу немесе сотта іс қарау кезінде қылмыс құрамының жоқтығына немесе адамның әрекетінде қоғамға қауіптіліктің, сол сияқты кінәнің болмауына байланысты қылмыстық іс қысқартылатын кездер болады. Мұндай жағдайлар қылмысты квалификациялау ұғымына емес, жасалған іс-әрекетке қылмыстық-құқықтық баға беру арқылы іске асырылатын қылмыстық құқықтық квалификациялау ұғымына сәйкес келеді. Яғни қылмысты квалификациялауға қарағанда қылмыстық-құқықтық квалификациялау ұғымы кең мағынаға ие. Анығырақ айтқанда қылмысты квалификациялау қылмыстық-құқықтық квалификацияның бір түрі болып табылады. Бұл пәнде тек қылмысты іс-әрекеттерді квалификациялау мәселесі қарастырылады. Себебі іс-әрекетте қылмыс құрамы жоқ жағдайларды анықтау үшін бір ғана тәсіл қолданылады. Ол қылмыс құрамы элементтерінің түгел емес екендігін анықтау. Іс-әрекетте қылмыс құрамының түгел болмайтын жағдайларын анықтау және ондай кездерде заң нормаларын қолдану көп түсіндіруді қажет етпейді.

Сондықтан іс-әрекетке квалификация бергенде немесе қылмыстық-құқықтық квалификацияда барысында, қылмыстық кодесктің Ерекше бөлімінің нормаларына сілтеме жасау міндетті емес. Мысалы, шектен шықпаған қажетті қорғануда, қылмыскерді ұстау шаралары шегінен шықпай зиян келтіруде тек Жалпы бөлім нормаларына сілтеме жасалына отырып, іс-әрекет квалификацияланады. Мұндай Жалпы бөлім нор-маларын қолданумен шектелетін жағдайларды да құқық нормаларын қолдану қызметіне жатқызуға болады.

Жоғарыда келтірілген анықтама қылмысты квалификациялаудың құқықтық құбылыс екендігін білдіреді, яғни іс жүзінде қолданылу арқылы көрініс табатын және қолдану үшін арнайы ілімі бар құқықтық құбылыс болып табылады. Бірақ қылмыстық заң нормаларын қылмыс-ты іс-әрекеттерге қолдану, яғни қылмысты квалификациялау-құқықтық құбылыстың тек бір түрі ғана болып есептеледі.

Бұл пән бойынша шығарылған оқулықтар негізінен "қылмысты ква-лификациялаудың ғылыми негіздері" және "қылмысты квалификациялаудың жалпы теориясы" деп аталады. Қылмысты квалификациялау-дың ғылыми негіздері немесе жалпы теориясы деген атаулардың бір-бірінен елеусіз айырмашылықтары бар. Қылмысты квалификациялаудың ғылыми негіздері деген атаудың мағынасы, ол квалификация жүргізу тек практикалық ғана емес, сонымен бірге, теориялық немесе ғылыми жұмыс екендігін білдіреді. Практикада жүргізген сот, тергеу, прокуратура органдарының қылмысты квалификациялау жұмысы ғылыми тұрғыдан негізделген, дәлелденген түрде болуы керек. Сонда ғана қылмысты әрекеттерге құқықтық бағалауда қателіктер кету азаяды.

Қылмыстық заңды практикада дұрыс, тиімді қолдау және қателіктерді азайту үшін қылмыстық құқық ғылымында қылмысты квалификациялау мәселесі де зерттеледі. Сонымен бұл курстың қылмысты квалификациялаудың ғылыми негіздері деп аталу есебі, квалификациялау жұмысын ғылыми тұрғыда ойластырылған, негізделген түрде қолдану керектігін білдіреді.

Ал қылмысты квалификациялаудың жалпы теориясы деген атау, ол қылмысты әрекеттердің қоғамдық өмірде және қылмыстық заңда да көп болуына байланысты, олардың әрқайсысына жеке-жеке теориялық тұрғыдан үлгі көрсетпей, тек ғылыми тұрғыдан негізделген жалпы ережелерді қолдауды білдіреді. Яғни қылмыстың топтарына аяқталмағандығына, бірнеше адамдардың қатысып қылмыс жасауына, қылмыстың жиынтығына, бірнеше рет қайталануына т. б. ерекшеліктеріне қарай заңды қолдануда бір келкі ереже немесе жалпы теория ұсынады. Бұл екі атаудың, яғни қылмысты квалификациялаудың жалпы теориясы мен ғылыми негіздері деген ұғымдардың өзара үлкен айырмашылығы жоқ, біз бұл курста қылмысты квалификациялаудың жалпы теориясын көрсете отырып, оның ғылыми тұрғыда негізделген түрде ұсынуымыз керек.

Қылмыстарды квалификациялау кезінде қылмыстық құқықтың көптеген мәселелері қамтылып, кейбір кезде анық квалификациялау жүргізуге қиындық кездеседі, оның ішінде қылмыстық заңның қалып кеткен тұстары және теориялық концепциялардың көмескілігі, ал кейде мәселенің даулылығы әсер етеді. Сондықтан практикада квалификация жүргізу кезінде қылмыстық құқық ғылымында әлі бір жақты шешілмеген мәселелер бойынша қиындық кездесіп, нәтижесінде әр тергеу, сот ісін жүргізуде мәселелерінде әр қилы квалификациялау кездеседі. Мұндай әр қилылықты жою үшін ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер бойынша нормативтік қаулылары шығып, олар тергеу, сот органдарына міндетті күші бар нормативтік актілер ретінде қолданылады. Жоғарғы Соттың қылмыстық істер бойынша қаулыларында сот-тергеу практикасында даулы болып, біркелкі шешілмеген істер ескеріліп, ондай жағдайларды бір келкі түрде шешу жолдарын ұсынады. Қылмысты квалификациялауды дұрыс жүргізуге кедергі жасайтын жағдайдың бірі, ол кейде заңның өзінде қылмысты әрекеттердің анық бейнеленбеуі болып табылады. Заң баптары анық және толық болғанда, ол сот-тергеу қызметінде қолдауға да жеңіл және анық, дәл квалификация жүргізуге жағдай жасайды.

Қылмысты квалификациялай отырып, оған құқықтық бағаны көрсеткенде әлеуметтік-саяси және адамгершілік бағалар берілуі үшін қылмыстық заң дұрыс, сапалы, толық жасалып және іс-әрекетті квалификациялау жұмысы да заңдылықты сақтай отырып іске асырылуы керек. Сондықтан квалификациялау мәселелерін шешу құқықтық ғана емес, ол әлеуметтік-саяси мағынаға да ие.

Қылмысты квалификациялау ұғымының қолданылуы, осы салада ғана пайда болатын құқықтық қатынастың пайда болғанын көрсетеді. Дәлірек айтқанда қылмыстық- құқықтық қатынас қылмыс жасалған кезден басталады. Ал квалификация кезінде бұл құқықтық қатынас ресми түрде көрінеді. Қылмыстық-құқықтық қатынас кінәлі деп танылған адамға осы қылмыс үшін жауаптылықты өтеуді, ал мемлекет ол адамға қылмыстық-құқықтық шараларды қолдануды көздейді. Бұл құқықтық қатынас іске асырылғанда кінәлі адамға қылмыстық заңның тиісті нормасы қолданылып, сол норма көлемінде жауаптылығы белгіленеді. Қылмыстық жасалу уақиғасына қарай басталатын құқықтық қатынас ұзақ процессті білдіреді. Бұл құқықтық қатынас мазмұнында тек қылмыстық-құқықтық қатынас ғана емес, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық атқару құқықта-рынан туындайтын қатынастарда кездеседі. Қылмысты квалификациялау процессі тек қылмыстық-құқықтық қатынастың бір түрін білдіреді.

Қылмыстық квалификациялау кезінде жасалған қылмысты іс-әрекеттің белгілерімен Қ.К Ерекше бөліміндегі қылмыс құрамдары элементтерінің сәйкестігі ғана анықталып қоймайды, сонымен бірге қылмысты квалификациялауда ҚК Жалпы бөлімінің де бабтары қолданылатын кездер болады. Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің де барлық бабтары жекелеген қылмыс түрлерін білдіре бермейді. Мысалы, Қ.К. 366 бабы әскери қылмыстардың жалпы түсінігіне арналған. Бұл бабта жеке қылмыс түрі келтірелмеген, сондықтан 366 бабқа сілтеме жасалынбайды. Ал Ерекше бөлімде қарастырылған қылмыстарды жасау кезінде Жалпы бөлімде қарастырылған жағдайлар орын алса, онда Жалпы бөлімнің нормаларына және оның бөлімдеріне сілтеме жасау арқылы квалификацияланады. Бірақ Жалпы бөлімнің барлық нормаларына сілтеме жасалынбайды, оның ішінде тек аяқталмаған қылмыстар, қылмысқа қатысушылардың әрекеттерін қарастыратын нормаларға ғана сілтеме жасауға болады. Қылмыстық заңның Ерекше бөлімінде тек қылмысты орындаушының әрекеттері және аяқталған қылмыстардың белгілері бейнеленген.

Жалпы бөлімнің басқа нормалары қылмысты квалификациялауда мүлдем қолданылмайды деп айтуға болмайды, оларға тікелей сілтеме жасалынбаса да іс-әрекетте қылмыстың құрамы бар немесе жоқ екендігін анықтау кезінде атқаратын ролі бар. Мысалы кінә нысанының, қылмысқа қатысу ұғымының, қылмыс жиынтығының, қылмыстың бір неше рет жасалауының т.б. ұғымдары Жалпы бөлімде қарастырылған және қылмысты квалификациялау барысында ескерілетін ережелер болып табылады. Сонымен бірге қылмысты квалификациялау кезінде қылмыстық заңға жатпайтын өзге де ведомсталық заңдар, жарғылар, ережелер, инструкциялар ескеріледі. Бұл өзге ведомствалық актілердің квалификациялау кезінде қолданылу себебі, ол ҚК Ерекше бөлімінің кейбір бабтарының бланкетті диспозиция түрінде болуына байланысты. Заң нормаларының диспозициясы бланкетті болғанда, белгілі бір қылмыс құрамы бар немесе жоқ екенін анықтау үшін, сол тиісті заңдарды қарау керек. Ол заңдарда, жарғыларда формальды түрде құқық бұзушылық болып саналатын іс-әрекеттер, қылмыстық құқықта көбінесе материалдық құрамдар ретінде белгіленген. Мысалы 152 бап - еңбекті қорғау ережелерін бұзу, 256 бап - өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, 267 бап -санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзу. Сол сияқты өзге ве-домстволық ережелерді, инструкцияларды, заңдарды бұзу бірден қылмыс ретінде бағаланады. Мысалы, 146, 147 - сайлау жүргізу саласындағы қылмыстар, 244 бап - атом энергетикасы объектілерінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, т.б. Сот-тергеу қызметінде мұндай қылмыстар бойынша квалификация жүргізілгенде ҚК Ерекше бөлімінің тиісті бабы қолданылады, бірақ іс қозғау туралы қаулыда немесе сезікті, айыпкер ретінде тарту туралы қаулыларда міндетті түрде өзге салалық нормативтік актілердің яғни жарғы, ереже, инстукциялардың тиісті бөлімі келтіріліп, қылмыскердің кінәсі негізделеді.

Қылмысты квалификациялаудың екі түрі бар: ресми және ғылыми. Ресми квалификация-қылмыстық заңның іс жүзінде қоланы-луын білдіреді және көрінісі бойынша міндетті түрде ҚК Ерекше бөлімінің бабтарына сілтеме жасау түрінде іске асырылады. Ресми квалификациялау қылмыстық істі жүргізу қызметін атқаратын органдар-дың, яғни сот, тергеу, прокуратура қызметкерлерінің шығарған сот-тер-геу құжаттарында көрініс табады. Сонымен бірге квалификацияның бұл түрінің тергеуде және сотта қаралып жатқан қылмыстық істер бойынша міндетті күші болады.

Ал ғылыми квалификация-қылмыстық істер немесе қылмыстық құқық ғылымына жататын кейбір мәселелер бойынша квалификация жүргізу туралы ғалымдардың оқулықтарда немесе басқа да басылымдарда ұсынған пікірлері болып табылады. Ғылыми квалификациялау ұғымына қылмыстық істер бойынша жұмыс істемейтін немесе оның ғылымына қатысы жоқ жекелеген азаматтардың жасаған квалификаци-ялауы жатпайды. Себебі, жекелеген азаматтардың өз бетінше жасаған қылмыстық іс-әрекетке бағалауы қылмыстық құқық ғылымының дәрежесінде бола алмайды.

Бұл екі квалификациялау түрінің бір-бірінен айырмашылығы ол, біріншіден, қолданылу орнына және міндеттілігіне байланысты, яғни ресми квалификациялаудың қылмыстық істер бойынша міндетті күші болады және тек құқық қорғау органдары қызметкерлерімен жүргізіледі. Екіншіден, ресми квалификациялау ғылыми квалификацияға негізделген болуы керек. Яғни ғылыми тұрғыда қылмысты квалификациялауда қылмыстық құқықтың қағидалары, ережелері ескеріле отырып талдан-ған, жан-жақты зерттелген, квалификациялау тәртібі ұсынылады. Сондықтан ғылыми квалификацияда қателіктер аз кездеседі. Практика қызметкерлерінің қылмысты әрекеттерге квалификация жүргізуінің моделі, қылмыстық құқық ғылымының дұрыс шешімдерін қолдану болып табылады.

§2. Қылмысты квалификациялаудың маңызы

Қылмысты дұрыс квалификациялауда немесе қылмыстық заң нор-маларын дұрыс қолданылғанда заңдылық қағидасы сақталады. Демократиялық және құқықтық бағыттағы дамушы мемлекеттер үшін заңды дұрыс, әрі дәл қолдану Конституциялық қағида болып табылады. Заңдылық қағидасы қылмыстық құқық саласында заңды дұрыс түсініп, дұрыс қолдана білуді міндет етеді. Мұнан басқа, бұл қағида заңда көрсетілмеген іс-әрекеттер қылмыс ретінде бағаланбайтынын, яғни барлық қылмыс деп танылған іс-әрекеттер тек қылмыстық заң арқылы анықталатынын білдіреді.

Заң нормалары кейде өмір шындығына сәйкес келмейтін немесе ескіре бастаған түрде, сонымен қатар қылмыс деп танылған кейбір әрекеттердің қылмыстылығына әлеуметтік тұрғыдан күмэн болуыда мүмкін. Бірақ өмір сүріп отырған қылмыстық заңның сапасыз тұстары болса да, оның жалпыға міндетті күші болғандықтан сақталуға тиісті болып табылады. Бұл да заңдылықтың сақталуын білдіреді. Демек, жасалған қылмысты дұрыс квалификациялау, ол кінәлінің әрекеттеріне дұрыс баға беретін және қоғамның, жеке адамдардың мүддесі мен құқықтарын қорғайтын заң бабын қолдануды білдіреді. Мұндай талапты сақтаудың маңызы зор, себебі қылмысты іс-әрекетке дұрыс құқықтық бағалау бергенде әділ сот іске асырылып, қылмыскер басқа қылмыс үшін емес, өзі жасаған қылмыс түрі бойынша жауапты болады. Нәтижесінде қылмыс жасаған адамның қоғамға қауіптілігі дәрежесіне сай келетін жауаптылықтың түрі мен көлемі белгіленеді, себебі әр қылмыстың қоғамға қауіптілігінің дәрежесіне қарай қылмыстық заңның Ерекше бөлімінің бабтарында жазалар келтірілген. Қылмысқа дұрыс, әрі толық квалификация беру-жазаны дұрыс белгілеуге жағдай жасайды және қылмыстық жауаптылықтың салдары да дұрыс шешіледі, яғни жаза өтеу мекемесінің түрі, жазадан шартты түрде ерте босату, сотталған адамға түзеу құралдарының түрлерін қолдану, соттылық мерзімінің аяқталуы дұрыс қолданылады.

Қылмысты дұрыс квалификациялаудың келесі маңыздылығы, ол елдегі қылмыстылық туралы статистикалық ақпараттың ддоыс берілуіне әсер етеді. Егер құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмысқа дұрыс баға бермей және қате квалификация жасаса, онда қылмыстылық туралы статистикалық мәліметтер бұрмаланып беріледі, нәтиже-сінде қылмыстардың ауырлығы, түрлері бойынша объективтік өмірдің шындығына сәйкес келмейтін, қате ақпараттар жарияланады.

Қылмысты дұрыс квалификациялаудың келесі маңыздылығы - мемлекеттің қылмыстылықпен күрес шараларын жүргізуіне байланысты болып табылады. Практика қызметкері қылмыстың түрін дұрыс анықтамаса, онда ол қылмыс өз тобына жатқызылмай, басқа қылмыстың көбеюін білдіруі мүмкін. Мемлекет қылмыстылықтың түрінің көрсеткіштеріне қарай онымен күрес шараларын белгілейді.

Сот-тергеу практикасының материалдарына назар аударсақ, өкінішке орай қылмысты квалификациялау субъектілерінің қате жұмыс істеуі жиі кездеседі. Құқық қорғау органдарының жұмысына баға бергенде "құқықтық нигилизм" деген ұғым кейде қолданылады. Мағынасы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жағымсыз әрекеттер жасауын, салдыр-салақ, қате жұмыс істеуін білдіреді. Құқықтық нигилистік әрекеттер сот-тергеу органдары қызметкерлерінің құқықтық сауатсыздығына, жеткілікті деңгейде білімінің болмауына байланысты абайсыздықта қате жіберуіне немесе өздері қылмыстық іске мүдделі болғанда қасақана да құқық нормаларын дұрыс қолданбауына байланысты кездеседі.

Заңды қолдануда қателіктер жіберу әділсоттың іске асырылуына кедергі жасап ғана қоймайды, ол сонымен бірге халықтың арасында құқық қорғау органдары қызметі туралы теріс пікір қалыптасуына және сенімсіздік танытуына әкеле алады. Нәтижесінде сот-тергеу, прокуратура органдары қызметінің беделіне щіқсан келеді және олардың қызметтерінің негізгі мақсаты іске асырылмайды. Мысалы ауыр қылмыс жасаған адамның әрекетін жеңіл қылмыс түрі бойынша бағалағанда, ол қылмыскерге жаза жеткілікті деңгейде белгіленбейді, нәтижесінде жаза қылмыскерге әсер етпейді. Ал жеңіл қылмыс жасаған адамның әрекетін ауыр қылмыс деп белгілегенде, ол қылмыскер өзінің қауіптілік деңгейіне сәйкес келмейтін құқықтық жазаға тартылады және жаза керісінше, яғни адамды түзеу мағынасында емес, бұзу мағынасында көрініс беруі мүмкін. Нәтижесінде ол адамда құқық қорғау органдарының қызметі туралы теріс пікір қалыптасады және оның болашақ өміріне түпкілікті әсер етуі мүмкін. Осындай нигилистік әрекеттердің алдын-алу үшін қылмыстық заң 52 бабтың барлық бөлімдерінде соттарға жаза тағайындау кезінде ескерілуге тиісті талаптарды келтіреді.

Жаза тағайындау кезіндегі бұл талаптардың сақталуын ҚР Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 19 қазандағы "Бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаудың кейбір мәселелері туралы" нормативтік қаулысы талап етеді. Бұл қаулының 1 пунктінде "Әр бір қылмыс бойынша ҚК 52 бабында белгіленген жазаны тағайындаудың жалпы негіздерінің сөзсіз сақталуын соттар ескеріп, тым қатал немесе тым жеңіл белгіленген әділетсіз жазалар жазаның мақсатына жетуге жағдай жасай алмайтынына көңіл аудару керек" деп сот қызметіне талап қояды.

Тергеу органдары қызметкерлерінің қылмыстық заңның барынша ауыр қылмыс түрімен квалификация жасайтындығын кездестіруге болады. Мұндай кезде тергеушілер жауаптылықтың жоғарғы көрсеткішіне есеп жасап, оны жеңіл қылмысқа ауыстыруды соттардың еншісіне қалдырады. Тергеу органының қызметкерлері осылайша жұмыс істей отырып, максималдық деңгейде іс-әрекетті бағалау саясатын ұстанады және осындай қызметімен сезікті немесе айыпкер адамдардың заңды мүдделері мен құқықтарын бұзады және заңдылық қағидасын естен шығарады.

Сот-тергеу практикасының материалдарынан қылмыстық жиынтығын қолдан жасауды жиі кездестіруге болады. Тергеушілер қылмысты квалификациялау кезінде жасалған қылмысқа ұқсас өзге де қылмыстарды қоса отырып квалификациялайды. Мысалы бір бандитизм қылмысын квалификациялау кезінде оған ұқсас қылмыстарды, мысалы ұйымдасқан топпен жасалған қарақшылықты, атылатын қару-жарақты алып жүру немесе сақтауды, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауым-дастықты құру және оған қатысу тәрізді қылмыстарды қосып, жиынтық түрінде бағалайды. Осылай ете отырып, сот-тергеу қызметкерлері қылмыстық құқықта кейде бір қылмыстың белгілері бірнеше қылмыстар-дың қосындысынан құралатынын, яғни күрделі қылмыстық құрамдардың ерекшелігін немесе мұндай қылмыстарды квалификациялау ережесін естен шығарады. Бірнеше қылмыстардың қосындысы бір қылмыс түрінде заңда бейнеленгенде, оның жауаптылығы да басқа қылмыстармен салыстырғанда ауыр болып белгіленеді. Тергеушілер қылмысқа осындай қате квалификациялау жүргізе отырып, оның қателерін соттардың қайта квалификация жүргізу мүмкіндіктеріне қалдырады, яғни бұл кезде де тергеушілер максималдық мөлшерде бағалау жүргізу саясатын ұстанады. Ал аудандық, қалалық соттарда бұл қателіктер көбінесе соттардың жеткілікті дейгейде білімді болмауына байланысты түзелмей, сотталушы, адвокат т. б. тарапынан аппеляциялық арыздың болуына байланысты Жоғағы соттың қылмыстық істер туралы алқа мәжілісінде түзеліп жатады. Мұндай кезде Жоғарғы соттың алқасы артық тағылған айыптауларды алып тастап, оның себебін өз анықтамаларында келтіреді. Іс-әрекетте қылмыстық жиынтығы жоқ жерде сауатсыздықпен қылмыстар жиынтығы түрінде квалификациялау, сот-тергеу қызметінің ең ауыр қателігі болып табылады. Себебі мұның нәтижесі қылмыстар жиынтығы бойынша жаза тағайындауға әкеледі.

Тергеушілердің, соттардың өз квалификациясын негіздеп келтіруін, яғни неге осы бабты қолданып отырғанын түсіндіре кетуін Жоғарғы Сот Пленумдарының қаулылары ертеден талап етуде. Мысалы " Сот үкімі туралы" 1969 ж. 30 маусымдағы КСРО Жоғарғы Соты Пленумының қаулысында "қылмыстық заңның белгілі бір бабы немесе бабтың бөлімдері, пункттері бойынша қылмысты квалификациялауы үкімде түсіндіріліп көрсетіле кетуі керек" дейді.

Сол сияқты 2001 жылғы 19 қазандағы "Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындаудың кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Нормативтік қаулысы 5 пункте "Соттар жаза тағайындау кезінде қылмыстық іс жүргізу кезеңінің 379 бабының 2 бөліміне сәйкес, қылмыс жасағандығы үшін кінәлі деп танылған адамға үнім шығарғанда жазаның түрін, көлемін немесе мерзімін белгілеу себебін көрсетуге міндетті. Мұндай кезде соттар жазаны белгілеуге әсер еткен жағдайларды ғана тізбелеумен шектелмей, сонымен бірге қылмыстық қоғамға қауіптілігін дәрежесі мен сипатын және қылмысты жасаған адамның және басының қауіптілік дәрежесін қалай бейнелейтінін көрсетуі керек", - дейді. Бірақ бұл талап әлі күнге дейін сот-тергеу қызметінде көпшілік жағдайда сақталмауда.

Қылмысты дұрыс квалификациялау үшін заң талаптарын дұрыс түсінетін, біліктілігі жоғары, сауатты тергеушілер, соттар, прокурорлар жұмыс істеуі керек және олар заңды тек құқықтық мағынада түсініп ғана қоймай, оның әлеуметтік мағынасын да түсіне алатындай деңгейде болуы керек. Қылмысты дұрыс квалификациялауды іске асырудағы бір кедергі, ол сот-тергеу органдары қызметкерлерінің жаттанды жұмыс істеуі болып табылады. Тергеу қызметінде бұрын болған қылмысқа ұқсас уақиға болғанда, дәл сол бабтарды қайта қолдану да жиі кездеседі. Осылай ете отырып, әр бір жасалған қылмыстың өз ерекшелігі болаты-нын ескермейді. Тергеу жұмысы, оның ішінде қылмысты іс-әрекеттерге заң бабтарын қолдану творчестволық тұрғыдан қарауды қажет ететін қызмет. Яғни қылмысты квалификациялауда қолданылатын қағидалар мен ережелерді ескере отырып, тергеуші квалификация жүргізгенде, қылмысты іс-әрекеттің заң бабтарымен толық қамтылуын, заңмен қорғалатын қоғамдық қатынасқа сәйкес келуін, қолданған заң нормасы кінәлінің қауіптілік деңгейіне сәйкес келуін, бір әрекет үшін бірнеше қылмыс ретінде құқықтық шараға тартылмауын т.б. талаптарды сақтауы қажет. Бірақ бұл жұмыс қылмыстық құқықтық талаптарын ескере оты-рып іске асырылуы тиіс, олай болмағанда әр тергеушінің, соттың қылмысты әрекеттерге жасаған квалификациясы, оның жеке пікірін, ұстанымын білдіріп, қылмысты квалификациялауға белгіленген ережелерге сәйкес жүргізу талабын бұзуы мүмкін. Қылмыстық заң және оны түсіндіру мақсатында шығарылатын өзге нормативтік актілер жауаптылық шарасын дұрыс, әрі мемлекет аумағында бір келкі қолдану үшін шығарылады. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қылмысты квалификациялаудың қылмыстық құқықтағы орны
Қылмыстың субъектісінің ұғымы, белгілері және квалификациялаудағы маңызы
Қылмысты квалификациялаудың ғылыми негіздері. Оқулық
Қылмысты квалификациялаудың ғылыми негіздері
Қылмысты саралаудың ұғымы, маңызы және қылмыстық құқықтағы орны
Қылмыс құрамының субъективтік жағын талдау
Жазаның мақсаттары мынадай
Қылмыстың обьективтік жағы және саралау мәселелрі
Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлері
Қылмыстың субъектісі бойынша саралау
Пәндер